Қалың көпшілікке "Төреғали Төреәлінің адвокаты" деп танылған Тілеужан Кішкенебаевтың басы дауға қалды. Әлеуметтік желіде Марал есімді келіншек дәл сол заңгерге 6 миллион теңге беріп, кейін алданғанын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ашуға булыққан әлгі әйел дәл осы тақырып төңірегінде өзінің инстаграм, тикток парақшалары арқылы арнайы видеоүндеу жолдап, Тілеужан Кішкенебаев туралы ашық айтыпты.    

"Төреғали Төреәлінің атышулы адвокаты Тілеужан Кішкенебаев "бір жапырақ қағаз жасап берем" деп, мені 6 миллион теңгеге алдап кетті. Сондағы сол бір жапырақ қағазының өзі жалған болып шықты. "Ұлы сөзде ұят жоқ" дейді ғой, тергеушінің өзі "мына қағазды ал да, көтеніңе сүрт" деді. Адвокаттың көмегіне зәру болған мен секілді жандар Тілеужан Кішкенебаевтан айналып қашатындай болсын деп, ескерту ретінде сіздерге айтып жатырмын. Тілеужан Кішкенебаевқа жоламаңыздар", – деді видеоның авторы Марал есімді әйел.

Әлеуметтік желідегі жұрттың назарына іліккен бейнежазбаны заңгер Тілеужан Кішкенебаев та көріпті. Ол өзін айыптап, ғаламторды шулатқан келіншектің кім екенін айтып, екіжақты даудың қалай басталғанын бүкпесіз баяндап берді.

"Марал мен Ұлбала деген апалы-сіңілілер. Олар сауда-саттықпен айналысады. Олардың айтуынша, Несібелі деген азаматша Қытайдан тікелей тауар жеткізуші болған, бұлар содан алған тауарды халыққа тарататын болған. Яғни бұлар халықтан ақша жинаушылар. Қаншама мың адам осы апалы-сіңлілерге ақша береді, бұл екеуі ақшаны Несібеліге береді. Марал деген әйел 800 миллион теңге халықтан алған, сіңлісі 180-200 миллион теңге алған. Сонда барлығын қосқанда бір миллиардқа жуық ақшаны бұлар халықтан жинап алған. Бірақ әлгі Несібелі ақшаны алғанда жоқ боп кеткен. Содан кейін халық ақшасын немесе тауарын осы Марал мен сіңлісінен талап етіп, арыз жазған. Сол кезде бұлар, яғни Марал мен сіңлісі шырылдап, көмек сұрап маған келеді. Өздерінің де шардап шегуші екенін, Несібеліге алданғанын айтады. Ақшаны аударған сәттегі бүкіл түбіректері бар екен. Соның бәрін көргеннен кейін біз Несібеліге қатысты қылмыстық іс қозғау жөнінде Алматы қалалық полиция департаментіне арыз түсірдік", – дейді Тілеужан Кішкенебаев.

Адвокаттың айтуынша, әлгі Несібелі деген азаматша ұсталып, қамауға алынған екен. Содан кейін Марал мен Ұлбала жәбірленуші ретінде танылған. Бірақ сол сәтте апалы-сіңлі атышулы істі сотқа жедел жеткізуді талап етіп, Тілеужан Кішкенебаевқа қысым көрсете бастаған көрінеді. 

"Бұл іс бойынша біз ары қарай Алматы қалалық полиция департаментіне хабарласып, бұл істің сотқа қашан жететінін сұрадық. Сол кезде Несібеліге жазылған арыздардың көп екенін айтып, әлі де өзге жәбірленушілерден жауап алу процесі жүріп жатқанын жеткізді. Ал Марал мен сіңлісі бізден талап ете бастады. Енді оның өзінің тәртібі бар, уақыты бар ғой. Бірақ апалы-сіңлілер бізге сенбей, "дұрыс жұмыс істемей жатырсыңдар, ақшамызды қайтарыңдар" деді. Яғни Несібеліні қамату миссиясына жетіп алды, өзін "жәбірленуші" деп танытып алды. Енді бізге уәж айта бастады. Бірақ бізбен келісімшартқа отырғаннан кейін, біз жұмысымызды атқардық, атқарып та келе жатырмыз. Содан кейін "егер сіз келісімшартты бұзатын болсаңыз, онда сіз азаматтық тәртіппен сот арқылы даулайсыз" деп түсіндірдік", – дейді адвокат. 

Дәл қазір қос тарап өзара соттасуға кіріскен. Алдағы уақытта бұл мәселені заңды түрде шешпекші. Сонымен қатар Тілеужан Кішкенебев бұл сұхбатта құны 6 миллион теңгеге бағаланған бір жапырақ қағаздың қандай құжат екенін де айтты. 
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз. 

 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.