Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров әлеуметтік желісінде өңірдегі боран жөнінде бейнежазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: aqtobe_akimat

Әкімнің айтуынша, 8 ақпандағы жағдай бойынша 7 республикалық және 7 облыстық маңызы бар автожолдар жабық.

"Апаттық-құтқару жұмыстарына 46 полиция жасағы, төтенше жағдай, әскери бөлімдер мен жергілікті атқарушы органдардан 81 бірлік техника, 211 жеке құрам тартылды. Облыстың 8 ауданының орталығында, яғни Қарғалы, Қобда, Әйтеке би, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Байғанин, Мәртөк аудандарында 11 жылыту пункті ашылды, онда 427 адам, оның ішінде 18 әйел және 20 бала орналастырылды. 8 автобус қар құрсауынан шығарылып, 157 адам, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды және жақын жердегі жылыту пункттеріне жеткізілді.  Полиция трассалардағы 50-ден астам автокөлікті құтқарды", – деді әкім Асхат Шахаров.

Сонымен қатар ол өңірдегі жарық беру мәселесіне тоқталып, бригадалардың түнімен жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

"Облыстағы 56 ауылдың 27-сі жарыққа қосылды. Ол – 2 700 абонент. Ақтөбе қаласында да жарық сөнді. Қала және аудандарда жарық беру жұмыстары түнімен жүргізіледі", – деп атап өтті облыс әкімі.

  • Ақтөбеде қатты бораннан 3 мыңнан астам үй жарықсыз, сусыз қалды
  • Ауа райына байланысты Ақтөбе әуежайы жабылды

Ал сумен қамту бойынша "Төменгі Қарғалы" және "Тамды" бастоғандары, сонымен бірге қаланың су тазарту нысандарының жұмысы қалпына келтірілген.

Бейнежазба соңында өңір басшысы сын сағатта күндіз-түні қолдау көрсетіп, жолдағы азаматтарға барынша қол ұшын созып жатқан мейірімді жандарға, волонтерларға алғыс айтып, баршаны орын алған жағдайларға түсіністік танытып, сабыр сақтауға шақырған.

"Біз әрқашан біргеміз. Амандықта болайық", – деп сөзін түйіндеді Асхат Шахаров.

Еске салайық, Ақтөбе облысында қарлы бораннан кейін 20-дан астам ауыл жарықсыз қалды. Ақтөбелік құтқарушылар науқасты ауруханаға жеткізу үшін 18 км бойы жол талғамайтын көліктің алдында ақтүтек боранда жаяу жүрді. 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.