Бокстан Париж олимпиадасына ең көп жолдама жеңіп алған мемлекеттің спортшылары белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: REUTERS

Италияның Бусто-арсицио қаласында олимпиада жолдамасын сарапқа әлемдік лицензиялық турнир мәресіне жетіп, ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 лицензия сарапқа салынды. 6 салмақ дәрежесінде лицензия үшін жұдырықтасқан қазақстандық боксшылардың бесеуі жолдаманы иеленді. Осы орайда, Париж олимпиадасына ең көп жолдама жеңіп алған елдер туралы жазуды жөн көрдік.

Осы уақытқа дейін 248 лицензияның 188-ін спортшылар иелініп үлгерді. Париж олимпиадасына ең көп жолдама иеленген елдердің ішінде Австралия құрамасының боксшылары көш бастап тұр. Австралиялық боксшылар олимпиада жолдамасын сарапқа салатын “Тынық мұхиты ойындары” турнирінде 13 салмақтың он екісінен жолдама еншілеген. Ерлер арасында тек 92 келі салмақтағы Адриан Паолетти жолдама ала алмаған. Ол финалда қарсыласына есе жіберіп, күмісті місе тұтты. Ал Австралияның қыздар құрамасы 6 салмақта да жолдама жеңіп алған. Австралия құрамасында ең даңқты боксшы Токио олимпиадасында Закир Сафиуллинді жеңіп, қола жүлдегер атанған – Гаррисон Гарсайд.

Бразилиялық боксшылар 10 салмақта олимпиада жолдамасын жеңіп, екінші орында тұрса, үздік үштікті 9 салмақта лицензия иеленген өзбек боксшылары қорытындылап тұр. Бразилия құрамасы ерлер арасында 5 жолдама, әйелдер арасында 5 жолдамаға иелік етсе, өзбектердің ерлер құрамасында барлық салмақта Париж олимпиадасының лицензиясы бар. Өзбекстандық боксшылар Қазақстан құрамасы үшін әр салмақтағы басты қарсылас ретінде саналады. 

Франция мен Италия құрамасы Париж олимпиадасына 8 жолдамадан еншілеген. Италияның ерлер құрамы 3 салмақта ғана, (80, 92, +92) лицензияға иелік етсе, француздардың ерлері 4 салмақта жолдама жеңіп алған. Солардың ішіндегі ең атақтысы үш дүркін әлем чемпионы, Рио олимпиадасының күміс жүлдегері – Софьян Умиа. Одан бөлек екі дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері Биллаль Беннама да Франция құрамындағы аса мықты боксшылардың бірі. Умиа 63,5 келіде жұдырықтасса, Беннама 51 келіде сынға түседі. 

Қазақстан, АҚШ және Түркия құрамасы 7 жолдамадан иелік етіп, үздік бестікке кірген. Түріктер (51,71,80 кг) мен америкалықтардың (57, 71, +92 кг) ерлер құрамасы 3 жолдамадан иеленсе, Қазақстан ерлер құрамасының қоржынында 6 жолдама бар. Америкалық боксшылардың ішінде 2021 жылғы әлем чемпионы Джамал Харвиді аса қауіпті қарсылас ретінде қарастыруға болады. 

Айта кетейік, әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасында тек бір жолдама бар. Қалған жолдаманы боксшылар Тайландта өтетін әлемдік лицензиялық турнирде иеленуге тырысады.     


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.