Бүгін үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Астана агломерациясында 2 қалашық құрылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

Министрлік Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдіктерімен бірлесіп, Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын әзірлеген.

“Қазіргі уақытта Астана агломерациясы аумағына Астана қаласы және облыс халқының 40 пайыздан астамы тұратын Ақмола облысының Қосшы қаласын қоса алғанда Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандарының 46 елді мекені кіреді. Кейінгі 10 жылда Астана қаласының халқы 46 пайызға өсті. Ал болжамды деректер бойынша 2035 жылға қарай 2,3 млн адамға жетеді. Агломерация елді мекендерінен Астанаға күнделікті маятниктік көші-қон 200 мыңнан астам адамды және 30 мың автокөлікті қамтиды", — деді министр. 

Премьер-министр орынбасары осыған байланысты елорда инфрақұрылымының барлық түрлеріне жүктеме артып, қаланың шет аймақтарының кеңеюіне, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауына және әлеуметтік нысандар тапшылығына алып келетін бірқатар проблема бар екенін айтты. 

"Жоғарыда айтылған мәселелерді шешу үшін әзірленген кешенді жоспарда жүйелі шаралар көзделген. Жалпы, қала құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңартуға, сондай-ақ экологиялық тұрақтылықты, қоғамдық қауіпсіздікті және төтенше жағдайлардың алдын алуды қамтамасыз етуге бағытталған жалпы сомасы 1,13 трлн теңгеге 329 іс-шараны іске асыру көзделген. Агломерацияны аумақтық дамыту мақсатында елорда мен Ақмола облысының даму жоспарларын үндестіруге мүмкіндік беретін бірыңғай қала құрылысы саясатын әзірлеу жоспарланған. Сонымен қатар осы бағытта агломерация құрамындағы елдімекендердің әкімшілік шекараларын белгілеу жоспарланған. Бұл қала маңы аймағындағы жер қатынастарын дамытуға оң әсер етеді. Жалпы ауданы 940 гектардан асатын 2 қалашық құру көзделіп отыр. Олардың аумағында шағын бизнес жүргізуге арналған үй-жайлары бар тұрғын үйлер салынады", — деді Нұрлан Байбазаров.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев сарапшылардың болжамынша Астана тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 2 миллионға жететінін айтқан. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.