1-ші бөлім. I. Құдайтанудың басқа бөліктерімен хамарталогияның өзара байланысы



жүктеу 262.63 Kb.
Дата10.10.2017
өлшемі262.63 Kb.

«Ақиқат сөзі» Киелі кітап мектебі. 2007ж.


«Ақиқат сөзі» Киелі кітап мектебі.

Хамартология. (Күнә туралы ілім)

1-ші бөлім.

I. Құдайтанудың басқа бөліктерімен хамарталогияның өзара байланысы.

1. Хамартологияның (күнә жөнінде іілім) теологиямен (Құдай туралы ілім) өзара байланысы .

Құдайдың киелілігі неғұрлым биік болса, соғүрлым күнә жөніндегі түсінік тереңдей береді. Сөйтіп, күнә жөніндегі шынайы түсінік Құдай туралы шынайы ілімге байланысты.




    • Құдай және Оның киелілігі туралы түсінігіміз биік болған сайын, адамның күнәкарлығы туралы түсінігіміз дұрыс тала береді , яғни, адам әбден бүлінген, үмітсіз рухани өлі пенде болып табылады.

    • Егерде Құдай және Оның киелілігі туралы түсінігіміз биік болмаса, онда адамның күнәкарлығына көзқарасымыз жалған болады, яғни, адам мүлдем бүлінген жоқ, оның рухани күйі аса жаман емес.

Сызба:

Егер Жаратқан Ие мінсіз киелі болса, онда Оның биік стандартынан тіпті кішкентай ауытқушылық та күнә деп есептеледі.



Хамартологияның (күнә жөнінде ілім) антропологиямен (адам туралы ілім) өзара байланысы.

Адамның жаратылысының мақсаты күнә деген түсінікті жақсы ашады. Яғни, егер Құдай адамды тек Өз атын мадақтау үшін ғана жаратса, онда осы мақсатты бұзатын адамның әр ойы және әр іс-әрекеті күнә деп есептеледі.



Мысал:

Анықтама: Адамның Құдайды мадақтамайтын әр ойы немесе әр іс-әрекеті – бұл Оның алдында күнә болып табылады.

  1. Хамартологияның (күнә жөніндегі ілім) сотериологиямен (адамның құтқарылуы туралы іліммен) өзара байланысы.

Адамның күнәкарлығы туралы түсінігі адамның құтқарылуы жөніндегі түсінікке әсер етеді.

    • Егер күнә адамды мүлдем жеңіп алмаса, яғни ол тек рухани науқас түрде ғана жүрсе, онда оны жақсы тәрбие мен білім немесе дұрыс үлгі арқылы емдеуге болады.

    • Егерде адам рухани науқас емес, қайта ол мүлдем рухани өлі болса, онда оған ешқандай жеңіл тәсілдер көмектесе алмайды. Өйткені оған міндетті түрде бір нақты өзгеріс керек, яғни, рухани қайта туылу.

Адамның өз күнәкарлығына көзқарасы қаншалықты түбегейлі болса, соншалықты ол өзінің құтқарылуы жөнінде Құдайдың құдіреттілігін түсінеді.

Адамның өз күнәкарлығына түсінігі неғұрлым терең болса, соғұрлым жанын құтқару үшін өз күшіне сүйене алмайды.



Мысал:

Құтқарылу мен алғашқы күнәға көзқарас.

Пелагийшілік (адамның күнәкарлығына ең төмен көзқарас).

Осы көзқарас бойынша адам бұ дүниеге не күнәсіз, не күнәлі емес, рухани бейтарап күйде келеді. Сөйтіп адам өз күшімен, яғни, Киелі Рухтың көмегінсіз немесе қайта туылусыз әділ өмір сүруге қабілетті.

Сөйтіп:


    • Құтқарылу – бұл Құдайдың кереметі емес, тек Оның өсиеттерін орындау нәтижесі.

    • Адамның құтқарылуға қатысуы: 100% істер арқылы.

Бұл адасуда алғашқы күнә жоқ. Сондықтан адамның құтқарылуы – тек оның жеке қызметі ғана. Яғни, адамға Құдайдың рақымы қажет емес.

Арминийшілік.

Бұл ілімде адамның күнәкарлығына көзқарасы ең жоғарғы көзқарасқа жақын, бірақ жоғарғы емес. Якоб Арминий бұл жөнінде тепе-теңдікті ұстаған, бірақ оның шәкірттері бұл тепе-теңдікті ұстай алмады.

Бұл теория бойынша, адам бұ дүниеге күнәкар болып келеді. Бірақ алдын ала берілген рақым адамның күнәкарлығын бейтараптандырады. Сөйтіп адам рухани азат болғандықтан, өз жанын құтқару үшін шешім қабылдауға қабілетті.

Сөйтіп:


    • Құтқарылу таңдап алуынудан басталса да, адамның шешіміне байланысты. Яғни, адамның құтқарылуы Құдайдың тәуелсіз таңдауына байланысты емес.

    • Адамның құтқарылуға қатысуы : адам қайта туылмай тұрып, Құдайға сенім арту үшін шешім қабылдауға қабілетті.

Бұл көзқарасқа сәйкес кейбір алдын ала берілген рақым (Киелі кітапта бұл жөнінде ештеңе жазылмаған) көбінесе адамның күнәкарлығын бейтараптантырады. Яғни, құтқарылу – бұл Құдайдың кереметі, бірақ адамның шешіміне байланысты.

Демек, құтқарылу біріншіден адамның шешіміне байланысты. Яғни, Құдайдың таңдап алуына байланысты емес.

Алғашқы күнә бар, бірақ ол алдын ала берілген рақыммен бейтараптандырылады.

Реформаланған (жаңартылған) құдайтану (Киелі кітаптың пікірі ).

Бұл адамның күнәкарлағына ең жоғарғы көзқарас.

Бұл көзқарас бойынша адам бұ дүниеге мүлдем рухани өлі болып келеді.


    • Құтқарылу – 100% Құдайдың қызметі. Өйткені өлі адам өзін-өзі құтқаруға қабілетті емес.

    • Адамның қызметі – ешқандай. Өйткені адамның құтқарылуын Құдай жасайды!

Адам 100% күнәлі тұлға. Алғашқы күнә бар.

Адамның өз күнәкарлығына көзқарасы неғұрлым терең болса, соғұрлым құтқарылу адамның өзіне байланысты емес.



Адам баласының күнәкарлығы жөніндегі шынайы түсінік Ізгі хабардың айтылуы мен қауымның уағызының мазмұнына міндетті түрде әсер етпек.

Егер адам мүлдем күнәлі тұлға емес деп есептесек, онда қауым кызметшілерінің берген тәлімдері адамның бүлінген табиғатына жағымды естілетін тәлімдер болмақ. Яғни, олар «ізгі» адамдарды игі істерді көбірек істеуге шақырады.

Бұл жайында Стив Лоусон былай деп дәл айтты:

«Өкінішке орай, қазіргі көптеген уағыздар негізсіз болып кеткен. Басқаша айтқанда, бір «ізгі» адам басқа «ізгі» адамдардың алдында тұрып сендер бұдан да көбірек ізгі бола беріңдер деп жалбарынып тұрғандай болады». («Жердің ыңқылы», Стив Лоусен, .«Рақым» баспасы 2004 ж., 75 бет).



  • Егерде, адам баласы мүлдем күнәлі деген түсінік болса, онда уағыздаушылар адамның күнәкарлығын әшкерелеп, тек қайта туылуға шақырады.

Иса, Жақия пайғамбар және елші Пауыл да уағыз арқылы адам баласының күнәкарлығының тереңдігін көрсетті.

Жақия пайғамбар.

«7 Сол рәсімнен өту үшін көптеген парызшылдар мен саддукейлер де келді. Бірақ Жақия оларды көргенде, қатаң ескертіп былай деді: — Ей, улы жыланның тұқымдары! Келешектегі қаһарлы жазадан құтылуды сендерге кім үйретті? 8 Егер шынымен теріс жолдарыңнан қайтып, Құдай жолына түссеңдер, соған лайықты іс істеңдер!» (Мат.3:7,8).



Иса Мәсіх.

«42 Иса оларға былай деді: «Рухани аталарың Құдай болса, сендер Мені жақсы көрер едіңдер. Өйткені Мен осында Құдайдан келдім. Өз бетіммен келген жоқпын, Мені Құдай жіберді.43 Менің айтып тұрғанымды неге түсінбейсіңдер? Себебі Менің сөзімді естіп тұра алмайсыңдар.44 Сендердің рухани аталарың — әзәзіл шайтан. Соның құмарлықтарын орындағыларың келеді. Ол әуел бастан-ақ кісі өлтіруші болып келеді, ақиқат жағында тұрған да емес, өйткені онда ақиқат жоқ. Әзәзіл өтірікті өз болмысына сай айта береді, себебі ол — өтірікші, өтіріктің бастауы. 45 Мен ақиқатты айтқандықтан Маған сенбейсіңдер»». (Жох.8:42-45).



Елші Пауыл.

«2 Құдайдың сөзін уағызда! Мұны адамдарға ұнауы, ұнамауына қарамастан әрдайым орындауға табандылықпен ұмтыл. Олардың қателерін әшкерелеп, тыйым сал, әрі жақсылыққа жігерлендіре тұрып, зор сабырлылықпен тәлім бер!3 Себебі адамдар дұрыс тәлімді еш қабылдамайтын уақыт та туады. Олар жеке құмарлықтарының жетегінде кетіп, құлақтарына жағатындарды ғана айтатын тәлім берушілерді көптеп шақырып, соларды тыңдайтын болады.4 Осылай олар шындыққа құлақ салмай, бос аңыздарға назар аудармақ» (Тім.2-х.4:2-4).

Егер уағыздаушылар адамның күнәкарлығын және қате ілімдерді ашық әшкерелемесе, онда өздері де, оларды тындаушылар да адам мүлдем бүлінген тұлға деген түсінікті білмей жүре береді. Сөйтіп шын мәнінде олар тыңдаушылардың құлақтарына жағатын сөздер айтуға ғана қабілетті.

Сонымен қатар адамның күнәкарлығы жөніндегі шынайы түсінік адамның қоғамдағы рөлі қандай деген түсінікке әсер етеді.


  • Егер адам рухани жағынан бейтарап тұлға болып есептелсе, онда ол бүкіл жамандықты қоғамнан көріп, үйренеді. Сөйтіп, егер адамды өзгерткің келсе, онда қоғамды өзгерту қажет.

  • Егерде адам рухани жағынан мүлдем бүлінген тұлға болып есептелсе, онда бүкіл қоғамдық мәселелер – оның ішкі күнәкарлығының салдары. Сөйтіп, Ізгі хабардың уағызы адамды ішінен жаңартып, қоғамды да өзгертеді.

Құдайтанудың 3 бөлігінің өзара байланысы.

Сызба:

Құдай туралы көзқарас неғұрлым биік болса, соғүрлым күнә жөніндегі түсінік тереңдей береді. Демек, адамның күнәкарлығы жөніндегі түсінігі неғұрлым терең болса, соғұрлым оның құтқарылу жөніндегі көзқарасы тереңдей береді.



II. Алғашқы күнә.

1. Алғашқы күнәнің теориялары.

Пелагийшілік (адамның күнәкарлығына ең төмен көзқарас).

Пелагий – бір британдық монах. Бұл кісі Иса дүниеге келгеннен кейін шамамен 400 жылдан соң Римде рухани сабақ берген.

Бұл ілім бойынша Пелагий Адам атаның күнәкар табиғаты келесі ұрпақтарына ауыспайды деп үйретті. Сондықтан осы дүниеге келген әр сәбидің рухани табиғаты Адам атаның күнәға батпай тұрған кездегі табиғатына ұқсайды. Жақсылық пен зұлымдық - бұл адамның тандауының нәтижесі. Сөйтіп адам баласының құтқарылуы – бұ дүниеге келгеннен кейін алғашқы берілген рухани күйін сақтау. Бұл 100 пайыз адамның қызметі. Яғни, адам істер арқылы құтқарылады дегенді білдіреді.

Жартылай пелагийшілік.

Пелагийшілікке Августин деген тәлімгер қарсы шыққан. Бұл кісі адам баласының құтқарылуы істер арқылы емес, керісінше тек Құдайдың рақымымен ғана мүмкін деп дәлелдеді. Сөйтіп Пелагийшілік пен Августиннің ілімінің арасын кейбір тәлімгерлер ымыраластыруға тырысты. Бұны жартылай пелагийшілік деп атайды.

Оның мәнісі мынада: Әр адамда рухани азаттықтың белгілі деңгейі бар. Осы деңгей адамға Құдайдың рақымымен «кызметтес» болуға мүмкіншілік береді. Күнә адамның еркін әлсіретті. Бұған қоса, күнә адамның табиғатын бүлдірді. Бірақ адам мүлдем бүлініп кеткен жоқ. Ол Құдайды таңдап алуға қабілетті. Яғни, адам Құдайды тандап алғаннан кейін, Иеміз оған тағы қосымша ретінде рақымын береді.

Арминийшілік.

Бұл көзқарастың жақтаушылары бүкіл адамзат Адам атаның күнәсімен арамдалған, бірақ кінәлі емес деп сендіреді. Яғни, біреу басқа біреудің жасаған күнәларына жауапты емес.

Күнә – бұл адамның күнәкар табиғатының емес, еркінің әрекеті.

2. Киелі жазбаның көзқарасы.

А. Күнәнің мұралануы.

Адам атаның күнакар табиғаты бізге ата-анадан ауысып келеді. Ал біздің ата-аналар оны ата-бабадан мұра етіп алған. Сондықтан адам осы дүниеге күнакар болмысымен келеді.

«12 Бұдан шығатын қорытынды мынау: бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді. Адамдардың бәрі де ажалды болды, өйткені барлығы күнә жасады» (Рим.5:12).

«18 Сонымен, бір кісінің күнәсі бүкіл адамзатқа өлім жазасын алып келді» (Рим.5:18а).

«19 Бір кісінің Құдайға мойынсұнбауы көптеген адамдарды күнәкар етті» (Рим.5:19а).

Кішкентай сәбилер киелі періштелер емес, қайта олар мүлдем бүлінген, қиқарлық және өзімшіл пенделер болып табылады.

«7 Мен күнәкар болып дүниеге келдім, құрсақта жатқанда-ақ күнәкар едім» (Забур жырлары 50:7).

«4 Зұлымдар туғаннан-ақ жолдан адасады, құрсақтан-ақ жаңылып, жалған айтады. 5-6 Айтқан сөздері зәрлі жыланның уындай, олар шебер арбаушының да даусын тыңдамай құлағы бітелген улы сұр жыландай» (Забур жырлары 57:4-6).

Бүкіл адамзат күнәкарлықты мұра етіп алған.

Егерде кейбіреулер күнәнің мұралануы мен адамның күнәкарлығы жөніндегі ілімді жұмсартуға ынталанса, онда сондайлар адамның рухани бүлінген табиғатының тереңдігін түсінбейді.

Ә. Күнәні мойынға арту

Біз тек ата-аналардың бүлінген табиғатын ғана мұра етіп алған жоқпыз, сонымен қатар Құдай Адам атаның күнәсінде мойнымызға артты.

Мойынға арту – айыптау мен міндет жүктеу дегенді білдіреді.

Құдай бүкіл адамзаттың күнәларын Иса Мәсіхтің мойнына артты:

«19 Құдай адамзатты Мәсіхтің арқасында Өзімен татуластырды, енді олардың күнәларын мойындарына артпай, татуласу туралы Ізгі хабарды жариялауды бізге тапсырды». (Қорынтт.2-х.5:19).

Иса Мәсіхтің әділдігі Онымен тығыз байланыста тұрған адамдарға сенім арқылы ауысты:

«21 Тәңір Ие біздің күнәларымызды ешқашан күнә жасамаған Мәсіхке артты. Онымен тығыз байланысқан біз осы арқылы Құдайдың алдында ақталдық» (Қорынтт.2-х.5:21).

Құдай Адам атаның күнәсін бүкіл адамзаттың мойнына артты:

«12 Бұдан шығатын қорытынды мынау: бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді. Адамдардың бәрі де ажалды болды, өйткені барлығы күнә жасады» (Рим.5:12).

«күнә жасады» деген сөз тіркесі етістіктің өткен шақ түріне (аорист) сай болып тұр. Бұл етістік бүкіл адамзат бір рет, бір кезеңде күнә жасады деген мағынаны білдіреді.

Яғни, алғашқы күнә жасағалғанда бүкіл адамзат баласы күнәкар болмысты иеленді. Құдай Адам атаны қалай айыптаса, бүкіл адамзатты да дәл солай айыптайды (Құдай біздің мойнымызға Адам атаның жеке жасаған күнәсін артпайды. Бірақ Ол Адам атаның жасаған алғашқы күнәларының салдарынан ие болған күнәкар болмыс үшін айыптайды).



Күнакар болмысты қалай біз мұра етіп алдық

Сызба:

Қалай күнә біздің мойнымызға артылады

Сызба:

Осы сызбалар жарияланған шындықтың екі қырын көрсететді: 1– Адам атаның бүлінген табиғатын ата-аналарымыз арқылы мұра етіп алдық, 2 – Адам атаның күнәсі біздің мойындарымызға жеке артылған, яғни, кәдімгі күнә жасаған адамдаймыз.



ІІІ. Жеке күнә.

Құдайдың алдында бұл күнәні адам ой, сөз немесе іс-әрекет арқылы өмір бойында жасайды.



2 БӨЛІК.

АДАМНЫҢ ТОЛЫҚТАЙ КҮНӘКАРЛЫҒЫ.

І. Адамның Құдайға келмес бұрынғы рухани күйі жөніндегі қате түсініктер.

1. Адам бейтарап тұлға (Яғни, адам не әділ, не күнәкар емес)

Бұл көзқарасты Пелагий шығарды. Бұл көзқарасты гуманистер мен католиктер де мойындайды.

Бұ адасудың мәнісі:


  1. Адамдар күнәларын жеке өздері ғана жасайды. Сөйтіп, олар Құдайдың алдында Адам атаның жасаған күнәсі үшін жауапты емес.

Бұл дұрыс емес! Өйткені Киелі жазба былай дейді: «Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлуге тиіс болғанындай» (Қор.1-х.15:22). Яғни, Адам атамен бірге бәріміз кінәліміз.

  1. Адам бұ дүниеге рухани бейтарап күйде келеді: Яғни, не әділ, не күнәкар емес, бейтарап және ерікті тұлға, сөйтіп, адам не күнәкар, не әділ болуды өзі таңдап алады.

Бұл дұрыс емес! Адам бұ дүниеге рухани бейтарап күйде келмейді. Керісінше, рухани өлі және күнәнің құлы болып келеді.

«Зұлымдар туғаннан-ақ жолдан адасады, құрсақтан-ақ жаңылып, жалған айтады. Айтқан сөздері зәрлі жыланның уындай, олар шебер арбаушының да даусын тыңдамай. Құлағы бітелген улы сұр жыландай. Уа, Құдай, олардың тістерін қиратшы. Ием, арыстандай жақтарын күйретші» (Забур жырлары 57:4-7).



  1. Егер адамзат рухани бейтарап және Құдайды тандап алуға қабілетті болса, онда адамның әділдігі - бұл оның жеке қызметі деген сөз.



  1. Адам бейтарап тұлға болғандықтан Жаратқан Иені қабыл алуға немесе қабыл алмауға қабілетті болса, онда Құдайдың тандап алуы Құдайға емес, адамға қатысты болғаны. Яғни, Құдай болашаққа көз салып, Оған сенген адамдарды көріп, тек осы себеп бойынша ғана оларды тандап алды.

Пелагийдің осындай көзқарасы, яғни адам бейтарап тұлға деген ілімді Иса дүниеге келгеннен кейінгі 431ж Эфесте болған жиналыста дінбұзарлық деп тапты. Бұл жиналыс Августин қайтыс болғаннан кейін болды. Августин деген тәлімгер осы дінбұзарлықты әшкерелеу үшін көп көмектесті.

2. Адам ізгі тұлға.

Бүгінгі кезде бұл көзқарас психологтар мен гуманистердің арасында өте әйгілі көзқарас болып табылады.

Бұл көзқарастың негізгі мәнісі мынада: Адам бұ дүниге рухани бейтарап түрде келмейді. Адам осы дүниеге рухани жағынан игі табиғатпен келеді. Бірақ, сыртқы жағдайлардың әсерінен жамандықты істеуді бастайды.

(Егерде адамдар бұ дүниеге игі табиғатпен келсе, онда зұлымдық қайдан келеді?)

Сөйтіп, бұл көзқарастың жақтастары былай деп есептейді: Адам ішкі дүниесінде игі тұлға болып табылады. Ал бүкіл жаман істерді адам сыртқы әсерлердің ықпалымен жасайды.

Бұл адасу. Өйткені бұндай көзқарас Исаның айтқан сөздеріне тікелей қарсы.

«Себебі жүректен шығатындар мыналар: жаман ойлар, кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық, ұрлық, өтірік, жамандау» (Мат.15:19).

Адамдардың күнәлары сырттан жаман әсер еткендіктен емес, керісінше жүректе туындап, ішкі дүниеден толассыз шыға береді.



«Қайта, адамды өзінің құмарлықтары еліктіріп, ол солардың жетегінде кеткенде сынақтан өтеді» (Жақ.1:14).

.

3.Адам рухани жағынан сау емес немесе өлердей ауру. Тіпті өлі де болып табылады, бірақ алдын ала берілген рақыммен тірілген.

(Бұл атау шарты түрде)

Бұл адасу жартылай пелагийшілік немесе арминийшілік деп аталады

Оның мәнісі мынада: Адам ізгі тұлға емес, яғни, бұ дүниеге жақсылыққа бейімделген түрде келмейді. Адам бейтарап тұлға да емес. Адам атаның күнәсі адамдардың табиғатын өте қатты бүлдірген. Адам зұлымдықты жасауға дайын. Бірақ, кейбір жағдай бойынша (алдын ала берілген рақым) Құдайды қабыл алуға немесе қабыл алмауға қабілетті.

Бұл көзқарас шынайы көзқарасқа жақын. Бірақ бұл түсінікте адамның күнәкарлығы жөнінде терең түсінік жетіспейді.



II. Адамның Құдайға келмес бұрынғы рухани күйі жөніндегі шынайы көзқарас.

Адам рухани жағынан не бейтарап, не ізгі, не есірік, не ауру тұлға емес. Оның рухани күйі анағұрлым нашар, яғни өлі болып табылады.

Елші Пауыл Ефестіктерге арналған хатта адамның Құдайға келмес бұрынғы рухани күйі өлі және олар Құдайдың каһарының астында жүргендер деп тікелей айтып тұр.

«Бұрын сендер Құдайдың бұйрығын бұзып, күнә жасай беріп, рухани өлі едіңдер» (Еф. 2:1).

«Басқаларға сияқты бізге де Құдайдың қаһарының төгілетіні табиғатымыздан белгілі еді». (Еф. 2:3).

«...рухани өлі болған бізді Құдай Мәсіхпен бірге тірілтіп алды» (Еф.2:5).

«...яғни күнәкар болмыстарыңа тәуелді болып, рухани тұрғыдан өлі едіңдер» (Қол.2:13).

Құдайға келмес бұрын сенушілердің барлығы рухани өлі болып жүрді. Рухани өлі адам өзінің өлі екенін түсінбейді. Өлі адам өзіне көмектесу де, өзін құтқаруға да қабілетті емес. Сондай адам осыны қаламайды да.



Адамның күнәкарлығының деңгейлері (өлшемдері).

  1. Ақыл-ойдың (сананың) күнәкарлығы.

А. Адамның ақыл-ойы (санасы) рухани мүлдем қараңғылықта.

«Иеміздің атынан сендерге мықтап айтып ескертемін: бұдан былай құдайсыз халықтардың түкке тұрғысыз ойларына сай өмір сүрмеңдер!18 Олардың санасын қараңғылық басып, жүректері шындықты білгілері келмей жақсылық атаулыға қарсы қасарысқан, сөйтіп Құдай беретін шынайы өмірден құр қалған» (Еф.4:17,18).



1) Құр бекершілікке ұмтылу: «түкке тұрғысыз ойларына сай өмір сүрмеңдер»

Сенбеушілердің Құдай, Киелі кітап, күнә жөніндегі түсініктері күнәмен бұрмаланған. Сол сбептен олардың түсініктерінің барлығы жалған болып табылады. Сенбеушілердің саналарын түкке тұрғысыз ойлар басты. Олардың ойы тек осы алдамшы дүниенің құндылықтарының төңірегінде ғана. Олар рахатты жалғандықтан іздеп жүр. Сондықтан не «шөлін» қандыра алмай, не «аштығын» баса алмай бақытсыз өмір сүре береді.



2) Қараңғылыққа бату: «Олардың санасын қараңғылық басып...»

«Қараңғылық басып» деген сөз тіркесі «сөну» немесе «өшу» деген мығынаны білдіреді.

Сенбеушілердің саналары мүлде рухани қараңғылықта болады. Сөйтіп олар құтқарылу жөніндегі ақиқатты қабылдауға қабілетті емес.

Ә. Тәннің құмарлықтарына жағу.

«Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Құдайдың өздеріңе кереметтер арқылы не білдіргенін түсінгілерің келмейді. Тек нан жеп тойып алғандықтан ғана Мені іздеп жүрсіңдер» (Жох.6:26).

Сырттай қарасан адамдар Құдайды іздейтіндей болып көрінуі мүмкін.

Елші Жохан 24-аят бойынша халық Исаны іздеді дейді. Бірақ, шынында адамдар Құдайды емес, керісінше тек тәннің құмарлықтарын қанағаттандыру үшін Оны іздеді.

Олар құтқарылуды емес, тамақ іздеді.

Сенбеушінің миында бірінші орында Құдай емес, тек ол өзі ғана болады.



Б. Сенбеушінің ақыл-ойы Құдайдың ақиқатына қарсы тұрады.

«Рас, сендер Киелі жазбаларды зерттеп, солар арқылы мәңгілік өмірге ие боламыз деп ойлайсыңдар. Ал олар Мен туралы куәлік етеді ғой!40 Алайда сендер шынайы өмірге ие болу үшін Маған келуден бас тартасыңдар» (Ин.5:39,40).

Осы жерде Иса парызшылдарды айыптайды. Себебі Киелі жазбалардың барлығы Иса жөнінде куәлік етеді. Парызшылдар соларды зерттеп оқыды, бірақ Оған келуден бәрібір бас тартты.

Киелі жазбада ешқандай мәселе жоқ! Өйткені оның мағынасы және Иса жөніндегі куәліктер барлығына түсінікті. Бірақ, барлық мәселе адамдардың бүлінген табиғатында. Өйткені адамның ақыл-ойы Құдайға әрқашан қарсы тұрады.



  1. Еріктің күнәкарлығы.

Алғашқы күнә жасағанша адамның еркі азат болды. Бірақ, күнәға батқаннан кейін адам азаттығынан айырылды. Енді қазір адамның еркі күнәнің кұлдығында.

«Күнәнің құлы болып жүргенде сендер әділдіктің билігінде болмадыңдар» (Рим.6:20).

Бүкіл адамдардың еркі, яғни, қылмыскерден бастап заңға бағынышты зиялы адамдарға дейін күнәнің құлдығында жүр. Адам тек күнәні (қандай, қалай, қаншалықты) ғана таңдап алуға қабілетті. Ал Құдайдың көмегінсіз ендігәрі күнә жасамаймын деген шешімді қабылдауға қабілетті емес.

Жақсылықты тандап алу, күнәні тастау, Құдайға бет бұру деген шешімдерді қабыл алуға адам қабілетті емес!



  1. Мақсаттардың күнәкарлығы

Адамның мақсаттарының барлығы теріс. Яғни, олар тек өзімшілдікті қанағаттандыруға бағытталған. Құдай бірінші орында емес.

«Сол кезде сендер осы күнәкар дүниенің дәстүріне сай өмір сүріп, бізді ауа іспетті қоршап тұрған зұлым күштердің әміршісінің, яғни Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтін рухтың жетегінде жүрдіңдер». (Еф.2:3).

Адамның қалауларының бәрі теріс. Өйткені күнә адамның рухани табиғатын мүлдем бүлдірген.


  1. Ар-ұжданның күнәкарлығы.

«Көңілі тазаларға бәрі де таза, ал күнәға былғанып, сенбейтіндер үшін еш нәрсе де таза емес, олар ақыл-естері де, ар-ұждандары да арамданғандар» (Тит.1:15).

Тіпті адамның ең жақсы жері, яғни ар-ұжданы да күнәмен арамдалды.



  1. Тәннің күнәкарлығы.

Құдайдың сөзі адамның тәніне «күнәкар болмыс» деп ат қояды.

«Мынаны білеміз ғой: бұрын өзіміз кім болсақ, сол күнәкар болмысымыз Мәсіхпен бірге айқышта өлді. Осылай біздің күнә билеген болмысымыз күшінен айырылды, сондықтан енді күнәнің құлы емеспіз!» (Рим.6:6).

Басқа жерде елші Пауыл адамның тәні жөнінде былай деп жазды:

«Дене мүшелеріңді күнә жасау үшін қолданып әділетсіздіктің құралы етпеңдер...» (Рим.6:13).

Қайта туылмаған адамның тәні мүлдем бүлінген. Оның ішінде ешқандай жақсылық жоқ. Адамның тәні – бұл күнәнің құралы. Адам өз тәнімен тек күнәға кызмет етуге ғана қабілетті.

Адамның толықтай күнәкарлығы туралы ақиқатты іс жүзінде қолданыстар.


  1. Адамның толықтай күнәкарлығы жөніндегі шынайы түсінік Құдай туралы дұрыс көзқарас береді.

Егер біз баяғыда кім болдық, ал Исада қазір кім екенімізді түсінсек, онда Құдайға тек төменнен жоғары ғана қарамай, Оның алдында міндетті түрде жығыламыз. Өйткені Құдай – бүкіл жаратылған дүниенің Иесі, ал сіз – түкке жарамайтын пенде.

    • Біз Құдайды іздеген жоқпыз, өйткені рухани өлі адам біреуді іздеуге қабілетті емес.

    • Біз Құдайды таңдап алған жоқпыз, өйткені өлі адам біреуді тандап алуға қабілетті емес.

    • Біз Құдайды түсінген жоқпыз, өйткені өлі адам біреуді түсініп алуға қабілетті емес.

Осындай түсінік адамға ешнәрсе бермей, тек Құдайға ғана даңқ береді.

Шынайы көзарас – барлық жағынан және бәрі үшін Құдайға 100 пайыз даңқ береді.



  1. Адамның толықтай күнәкарлығы жөніндегі шынайы түсінік сенбеушілерге де, бұ дүниеге де дұрыс көзқарас береді.

        • Бұ дүниені және оның фильмдерін өлеңдері мен кітаптарын сүймейсіз. Өйткені олардың барлығын сенбеушілер, яғни рухани жағынан өлі адамдар жасады.

        • Егер бұ дүниенің адамдары жөнінде шынайы түсінік болса, яғни олар толықтай күнәкар және рухани өлі адамдар деп сенсеңіздер, онда сондайларға (даңқты адамдар; кино мен эстрадалық жұлдыздар) сүйсінбейсіз.

  • Егер бұ дүниенің адамдары рухани өлі адамдар деп жақсы түсініп алсаңыз, онда олардың өміріне ешқашан қызықпайсыз.

  • Егер сенбеуші адамда ешқандай жақсылық жоқ деп білсеңіз, онда сондайлармен некелесу немесе бұл жөнінде басқа біреуге кеңес беру ойларыңызға келмейді.

  1. Адамның толықтай күнәкарлығы жөніндегі шынайы түсінік адамға өзі туралы дұрыс көзқарас береді.

Егер Құдайға бет бұрғанша өз рухани күйіңізді дұрыс, яғни мен рухани өлі және толықтай күнәкар пенде болдым деп білсеңіз, онда өзіңіз туралы көзқарасыңыз өте қарапайым болмақ. Осы түсінік шынайылықтың бетін ашады, яғни мен кешірілген қылмыскермін деген дұрыс түсінікте боласыз.

Құдай сізді қандай тұңғиықтан шығарып алғаны, ал сіздің шыға алмағаныңыз, тіпті шыққыңыз да келмегені есіңізде болсын.

«Шыққан ата-тектеріңе көз жүгіртіңдер: қандай жартастан қашалып, қай орыннан қазылып алынғандарыңа көңіл бөліңдер!» (Иш.51:1(ә)).

3-Бөлік.

Күнәнің салдары.

Күнәнің салдары (яғни, Құдайдың тілін алмау) жөнінде Оның ескертуі:

«Құдай Ие адамға бұйрық беріп: «Саған бақтағы күллі ағаштардың жемістерін жеуге болады.17 Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеме! Себебі одан жесең, сол күні өлесің», — деді». (Жар.бастау 2:16,17).


  1. Күнә Құдайдың адамға қарасты қарым-қатынасына әсер етті

Құдай күнәкарларға каһарын білдіреді (ашуланады):

«Құдай көктен адамдардың барлық азғындығы мен әділетсіздігіне қарсы өз қаһарын білдіреді. Себебі олар әділетсіз істері арқылы шындықты аяққа басады» (Рим.1:18).



«

Джонатан Эдвардс деген 18-ғасырдың бір ұлы уағыздаушысы «Күнәкарлар қаһарлы Құдайдың қолында тұр» деген уағызында былай деді:

«Сізді тозақтың тұңғиығының үстінде ұстап тұрған кездегі Құдайдың күйі аса жексұрын бір жәндікті өлтіргелі тұрған адам сияқты. Ол өте ашулы. Оның ашуы оттай лаулап тұр. Ол сізді отқа лақтырудан басқа ештеңеге де лайықты емес деп есептейді. Оның көздерінің тазалығы сонша, Ол тіпті сізге қарай да алмайды. Оның көз алдында сіз ең улы жыланнан да жексұрынсыз. Сіз Оны қожайынына үздіксіз қарсы шығатын бүлікшіден де бетер қорладыңыз. Дегенмен сізді Оның қолынан басқа ештеңе де сол тұңғиыққа құлатпай ұстап тұра алмайды.»


  • Күнә Құдайдың адамға қарасты қарым-қатынасын өзгертті.

  • Күнә Құдайды қорлайды.

  • Құдай күнәға да, күнәкарларға да қаһарын білдіреді.



  1. Құдай күнә жасаған адамдарды жазалайды.

«Күнәнің беретіні — (мәңгілік) өлім, ал Құдайдың беретін сыйы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы мәңгілік өмір» (Рим.6:23)..

Күнәнің ең ашық нәтижесі өлім.

Құдай күнәкарларды өліммен жазалайды


  1. Физикалық өлім (тәннің өлімі) – адамның тіршілігінің тоқтатылуы. Адамның рухын тәннен бөліп алу.

  2. Рухани өлім – адамның Құдайдан ажырауы.

  3. Мәңгілік өлім – рухани өлімнің мәңгілік жалғасы (егер жоғарыдан туылмаса).



  1. Күнә күнәкарлардың өзіне әсер етеді.

Осы әсерлердің 7 көрінісі:

  1. Күнәнің құлдығына түсу.

«Күнәнің құлы болып жүргенде сендер әділдіктің билігінде болмадыңдар» (Рим.6:20).

Бір жасаған күнә басқа күнәларды да өзіне тартады (туындатады).

Қабыл Әбілді өлтірген соң Құдайға өтірік айтуға мәжбүр болды; Дәуіт те неке адалдығын бұзғаннан кейін өлтіруге мәжбүр болды.

Күнә есірткі сияқты – бір рет дәмін татсаң міндетті түрде оның тәуелділігіне түсіп қаласың.

Бірақ, Иеміз Иса Мәсіх күнәнің тәуелділігінен босатады.

«Себебі Иса Мәсіхпен тығыз байланыстырып, жаңа өмір сыйлаған Киелі Рух мені күнәлі құмарлық пен рухани өлімнің күштеуінен азат етті» (Рим.8:2).



  1. Шынайылықтан адасып кету.

Күнә адамдарды шынайылықтан әкетеді.

Күнә жасаған адам шынайылықтың бетіне қарағысы келмейді:

«Себебі бұл — бас көтергіш халық, өтірікші балалар, Жаратқан Иенің тәлімін тыңдаудан бас тартатын перзенттер.10 Олар көріпкелдерге: «Аян көруші болмаңдар!» — дейді, пайғамбарларға да былай деп тыйым салады: «Ненің ақиқат екені туралы емес, бізге ұнамды жайттар туралы айтыңдар! Қиялдар көріп, соларды жеткізіңдер!» (Иш.30:9,10).

Адамдар күнә деген шынайылықтан жалтару үшін Құдайдың ақиқатын емес, керісінше өтірікті естігісі келеді.

Шынында, өлім бар. Бірақ, адамдар өлім жоқ сияқты өмір сүре береді.

Күнәкар өмірдің маскүнемдік, нашақорлық, ұятсыздық деген салдары адамның өмірінде бар, бірақ адам ақымақ болып бұл жөнінде ойламай жүре береді.

Сол себептен Құдайдың ақиқатынан гөрі қазіргі фильмдердің қиялын немесе өтірігін жақсы көреді.


  1. Күнәні мойындамау

Күнә адамды өз күнәкарлығын мойындамауға мәжбүр етеді.

«Азғын әйел жолы да таңдандырар: Ол ішіп-жеп, аузын сүртер, «еш жамандық істемедім» дер» (Нақыл сөздер 30:20).



Мысал:

Егер адам шынайылықтан қашса, онда сондай кісі міндетті түрде күнәні мойындамайды. Ал күнәні мойындамайтын кісі өзін-өзі алдайды.



  1. Өзін-өзі алдау.

    1. Күнәкарлар Құдай Өзі бізді еліктіреді деп өзін-өзі алдайды.

«Сүйікті бауырластарым, алданып қалмаңдар:17 көктегі Әкеміз берген қай нәрсе де игі. Нұр шашқан аспан денелерін жаратқан Ол бізге Өзінің мүлтіксіз жарылқауын жаудырады. Аспан денелерінің көлеңкелері қозғала бергенмен, Құдайда ешқандай тұрақсыздық жоқ» (Жақ.1:16,17).

    1. Күнәкарлар күнә жасап жүрсек те бәрібір жұмаққа барамыз деп өзін-өзі алдайды:

«Әділетсіздердің Құдайдың Патшалығынан орын алмайтынын білмейсіңдер ме? Алданбаңдар: азғындар, жалған тәңірлерге құлшылық етушілер, неке адалдығын бұзушылар, нәпсіқұмарлар, еркекжанды еркектер,10 ұрылар, дүниеқоңыздар, маскүнемдер, өсекшілер және тонаушылар үшін Құдайдың Патшалығында орын жоқ!» (1Кор.6:9,10).

    1. Тіпті мәсіхшілер де сенбеушілермен қарым-қатынас, бұ дүниенің фильмдері мен кітаптары бізге ешқандай зиян жасамайды деп ойлауы мүмкін.

«Мұндайды айтқандарға алданып қалмаңдар! (Былай делінген ғой:) «Араммен араласып жүрген жан айырылар адал салтынан»» (Қор.1-х.15:33).



  1. Ұяттан безу.

Күнә жасағанда адам ұяттан безеді.

«Мұндайлар ұяттан әбден безіп, жүгенсіздікке салынып, тойымсыз нәпсіқұмарлықпен әр түрлі азғындық істей береді» (Еф.4:19).

«ұяттан әбден безіп» деген сөз тіркесі «ауырғанды сезбеу» деген мағынаны білдіреді. Яғни, адам күнә жасағанда оның ар-ұжданы азап шекпейді.

Күнәкарлардың ар-ұжданы Құдайдың шақыруын, шындығын, әділдігін, киелілігін сезбейді. Адам неғұрлым көп күнә жасаған сайын, соғүрлым ұяттан безеді.



  1. Өзін бірінші орынға қою (өзімшіл).

Күнә Құдайды емес, керісінше адамды бірінші орынға қояды.

Күнә адамның бүкіл назарын Құдайға емес, керісінше өзіне ғана шоғырландырады.

Күнәкар адам Құдай үшін өмір сүрмейді. Яғни, адамның Оған қызмет еткісі де, Оның еркін орындағысы да келмейді. Керісінше өзімшіл адам тек өзі үшін өмір сүреді. Яғни, тек өзіне ғана қызмет етеді және тек өзінің еркін ғана орындайды.

Мұның бәрі күнәнің салдары: Жаратқан Иеге бас ұрып ғибадат етудің орнына жаратылған нәрсеге (өзіне) құлшылық етеді.



  1. Қанағаттанбаушылық.

«« Әділетсіздерде амандық пен тыныштық болмайды!» — деп ескертеді Құдайым» (Иш.57:21).

Күнәнің ащы салдарының бірі – адамның қанағаттанбаушылығы.

«Ажал мен тозақ тойымсыз, адамның көзі де тойымсыз» (Нақ.сөз.27:20).

Күнәкар адам уақытша қанағаттанып жүруі мүмкін. Бірақ, ақырында қанағаттану деген сезімнен бәрібір айырылады.

Құдайға жақын тұрған сенуші адам елші Пауыл сияқты былай деуге қабілетті:

«Жоқшылықта да, молшылықта да өмір сүре аламын. Мен не тоя тамақ жейін, не аш жүрейін, молшылықта немесе мұқтаждықта болайын, қай жағдайда да қанағат етудің құпиясымен жақсы танысып алдым» (Філ.4:12).



  1. Күнә адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасына әсер етті.

Осы әсерлердің 4 көрінісі.

  1. Бәсекелі күрес тудырды.

Бүл жөнінде Еврейлерге арналған хатта былай жазылды:

«Құдайға сенгендіктен Әбіл Оған арнап Қабылдікінен гөрі тиімді құрбандық жасады» (Евр.4:12).

Қабылда Әбілге деген қызғаныш туды. Құдай тек Әбілдің құрбандығын қабыл алғандықтан Қабыл оны өлтірді.

Бәсекелестік біреуді өлтіру, біреуге опасыздық жасау және біреуді сату деген нәтижеге әкеледі.



  1. Күнәкар адам біреуге шынайы аяныш көрсетуге қабілетті емес.

Өзімшіл адам тек өзіне ғана назар аударуға қабілетті. Яғни, бір ғана қызығушылық бар – «мен, өзім».

Осындай күйде болғандықтан, адам өзінен басқаға аяушылық көрсетуге қабілетті емес.

Бұл мәселе жөнінде елші Пауыл былай деп жазды:

«Жеке басының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кішіпейіл болып, басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар! Әрқайсың өз мүдделеріңді ғана емес, басқалардікін де ойлап жүріңдер! Иса Мәсіхтің мінез-құлқы сендердікі де болсын» (Філ.2:3-5).



  1. Ешкімді қастерлемеу.

Күнәкар өзімшіл адам ешкімді қастерлемейді. Тек бір ғана қастерлейтін нәрсе бар – ол, өзі.

Күнәкар адам Құдайды да, Киелі кітапты да, қауымды да бедел тұтпайды.

Күнәкар адам өзіне ғана табынып жүреді:

«Құдай сияқты боласыңдар! — деді» (Жар. бастау 3:5).



  1. Күнәкар адам біреуге сүйіспеншілік көрсетуге қабілетті емес.

«Адамдар өзімшіл, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар, өсекшіл болып, ата-аналарына бағынбайды. Олар алғысты білмей, қасиеттіні танымай, ешкімді сүймей,3 ымыраға келмейді. Адамдар, сондай-ақ, жалақор, ұстамсыз, қатыгез болып, жақсылықты жек көреді» (Тім.2-х.3:2,3).

Күнәкар адамдар Құдайды сүймейді, керісінше өзін және рақатқа батуды сүйеді. Күнәкар адам не Құдайды, не басқа адамдарды сүюге қабілетті емес.







Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет