Парламент мәжілісінің отырысы аяқталғаннан кейін кулуарда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев журналистердің бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты сұрағына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Бүгін Парламент мәжілісінде тілшілер министрден Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының көбісі уақыт белдеуін ауыстыруға наразылық танытып отырғанын айтып, осы мәселе ескеріле ме деп сұрады. 

Арман Шаққалиев Шығыс Қазақстан тұрғындары үшін қабылданған шешім қайта қаралмайтынын айтты. 

"Қаулы қабылданды және бірінші наурыздан бастап бәріміз бір уақыт белдеуінде боламыз. Шығыс Қазақстан облысындағы азаматтарымыздың мәлімдемелері мен ұстанымдарына келер болсақ, жақында барлық аудан мен елдімекенде тұрғындармен кездестік. Дәлелді базасы бар ғалымдар тобы нақты деректерге сүйеніп, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу қажет екенін түсіндірді", — деді Арман Шаққалиев.

Министр бірыңғай уақыт белдеуіне көшу қосымша шығындарға әкеп соқпайтынын жеткізді.

Сонымен қатар ол ел халқы пайдаланып жүрген барлық гаджеттерде уақыт белдеуі автоматты түрде ауысатынын атап өтті.

Еске сала кетейік, Қазақстан үкіметі бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу жайлы қаулы қабылдады. 

"Өзгерістерге сәйкес, 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылады. Осылайша, Қазақстанның бүкіл аумағына 5-уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылады.

Ал Өскеменде тұрғындар жиналып, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің атына жергілікті уақытты бір сағатқа артқа аудармау туралы өтініш дайындаған еді.

 

 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.