Әлеуметтік желілердің пайда болуы әлемнің түкпір-түкпірінен қарым-қатынас орнатуды қамтамасыз ете отырып, сол арқылы алаяқтықтың бір түріне жол ашты. Енді ғашықпын деп құрбанының іші бауырына кіріп, артынша сан соқтыратын алаяқтар пайда болған. Қазақстандық қыз-келіншектер желі арқылы танысқан “сүйіктісінің” ақша алу үшін қандай әдіс-тәсілдерді қолданғанын айтып берді. 

Фото: Articlering.com

36 жастағы алматылық Динара (есімі өзгертілді) өз адамын жолықтыру үшін Tinder желісін пайдаланып, онда бірнеше жанмен танысқан. Бір күні Габриэль есімді италиялық ер адам оған танысуға көңіл білдіріп, арада байланыс орнаған көрінеді. Ол ұшқыш болып жұмыс істейтінін айтып, желілерге ұшақта түскен фотоларын, түрлі елде саяхаттаған видеоларды көрсетіпті. Алғашында шетелдік азаматпен жай қызығушылықтан ғана басталған диалог махаббатқа ұласқан.  

“Өте сауатты, байқампаз жігіт екені көрінді әрі сымбаты да келіскен, денелі еді. Екеуміз түрлі тақырыпта тілдесіп, қайда жүргенімізді фотоға түсіріп жіберетінбіз. Арамыз жақындай түсіп, тіпті бар сырымызды ақтардық. Аудиохабарламалар жолдап, видеоқоңырау арқылы сөйлесіп, көңілімді аулай бастағасын бауыр баса бастым. Онымен кездессем екен деген ниет те пайда болды. Ара-қатынасымыз 3-4 айға жалғасты”, – дейді ол.

Айтуынша, Габриэль Парижге қыдырып барғанын айтқан. Сол жерден Динара үшін қымбат сыйлық алдым депті.

“Габриэльдің қалталы жігіт екеніне сенімді болдым. Себебі бренд киімдер киіп, түрлі елдерде саяхаттайды. Мені де қуантпақ болып, Prada сөмкесі мен IPad сатып алғанын айтты. Қазақстанға салып жіберемін деп фотоға түсіріп жіберді. Бұлай көңіл бөлгеніне ыңғайсыздансам да, қуанышты болдым. Бір кезде сыйлықты жеткізу үшін кеден салығын төлеуім керек екенін айтты. 200 долларды бір реквизиттерге аударуымды өтінді. Тұрақты түрде фото жіберіп, хабарда болғаннан кейін еш күдіктенбей, ақшаны айтылған жерге жібердім”, – дейді қыз.

Осыдан кейін аталмыш сері жігіт хабарсыз кетіп, сыйлықтар да сол күйі иесіне жетпеген. Динара өзінің алданғанын сезгенімен, полицияға жүгіну нәтижесіз екенін түсініп, еш жерге шағымданбапты.

  • Маркетплейстерде адамдарды қалай алдайды: Алаяқтардың танымал схемалары мен олардың арбауына түсіп қалмау қағидалары айтылды
  • "Жеке мәліметтерді сататын топтар бар": Алаяқтар жеке шоттардан ақшаны қалай ұрлап жүр?

Ал 28 жастағы ақтөбелік Жангүл ағылшын деңгейін жақсартып, жаттығу үшін түрлі шетел азаматтарымен желіде сөйлеседі екен. Бір күні өзін дубайлық ханзадамын деп таныстырған жігітпен хат алмасқан. Мұндай таныстықты қыз жақсылыққа балап, онымен жақынырақ таныс болуды көздегенін айтады.

“Ол зәулім сарайын, күзетшілерін, үйіндегі қызметшілерді, сондай-ақ қымбат көлік мініп, көңіл көтеріп жүргенін көрсетіп, өмірі қаншалықты керемет екенін айтты. Десе де “жаныма жақын жанды кезіктіре алмағасын толық бақытқа қол жеткізе алмадым, мұндағы қыздарды тек менің байлығым қызықтырады” деп жиі айтатын. Сырын бөлісіп, мен туралы көбірек білгісі келді. Бір күні “сен өзгешесің, менің арманымдағы қызға ұқсайсың” деп сезімін білдіріп, үйленуге ұсыныс жасаймын деді. Ханзаданың жұбы болу ойыма келмеген нәрсе болғандықтан, қобалжыдым. Сезімнің жетегінде жүргесін күдіктену, сыни ойлау деген болмапты. Ол сезімін дәлелдеу үшін Ақтөбеге келіп, одан кейін мені алып кететінін айтты”, – дейді ақтөбелік қыз.

Сөзінше, бәрі өте сенімді, шынайы боп көрінген.

“Маған касса алдындағы фотосын, төлқұжатының фотосын жіберді, “қазір Қазақстанға билет аламын” деді. Арада 10-15 минуттан соң банк картасы істемей тұрғанын айтып, ақша жібере тұруымды өтінді. Алғашында 500 доллар сұрады, бірақ ондай суммада ақшам жоқ екенін айтқан соң, “ендеше 200 доллар бере тұр” деді. Бірақ осы кезде жүрегім бірдеңе сезгендей болып, ақшаны аудармадым. Ал ол біржола жоқ болып кетті. Кейін оның жіберген фотоларының кейбірі ашық дереккөзден алынғанын түсіндім де, осыған дейін бос қиялдап жүргенімді ұқтым”, –деді ол.

Психолог Қалампыр Оразымбетова “сезім алаяқтарына” көбінесе қыз-келіншектер алданып қалатынын айтады. Себебі қыздар сезімтал әрі нәзік келеді дейді ол.

“Әлі күнге дейін ертегіге сеніп, қиялдың жетегінде кететін қыздар бар. Әсіресе, тұрмыс құрмаған, махаббаттан жолы болмағандар интернетте мінсіз жанды кезіктірдім деп ойлап, бақыты үшін күресуге дайын тұрады. Сондықтан барын беруге де әзер болуы мүмкін. Оның үстіне алаяқтар аяушылық сезімін тудырады. Оның үстіне біздің менталитетте әйел еркектің жанында қуанышта да, қайғыда да болу керек деп айтылады. Сол үшін осылай қаржылық тұрғында қиындық көрдім деген жақыныма көмектесіп, махаббатымды дәлелдейін деген ниет болады”, – деді психолог. 

Маманның айтуынша, сезіммен ойнайтын алаяқтар құрбанының ақшасын алдап алумен қоса, жанын да жаралайды. Себебі осыдан кейін ғашық болған қыздардың сеніміне селкеу түсіп, күйзеліске ұшырайды. Алданып қалғанынан ұялып, өзін кінәлі сезінеді дейді.

Қалампыр Оразымбетова мұндай жағдайға тап болмас үшін “құрбан” позициясынан шығу керек дейді. 

"Құрбан позициясындағы адамдар шындықты қабылдамайды, олар әлемді өздері құрып, “қызғылт көзілдірікпен” қарайды. Мысалы әнші, актерларды ұнатып, олармен қарым-қатынас құруды армандайды. Сол үшін аңғал, аңқау қыздың кенет ханзаданы тауып, бақытты болып кеткен оқиғаға негізделген фильм мен сериалдарды көруге көп әуестенбеген жөн. Себебі ондай сюжетті көп қарайтындар оған сене бастап, соны іздейді және аталмыш алаяқтардың құрығына түсу қаупі де көбейеді”, – деді Оразымбетова.

Сондай-ақ фотолардың шынайылығын Google images іздеу жүйесіне енгізіп, қайда жарияланғанын анықтауға болады. Соның көмегімен фотоны адамның өзі түсірмегені анықталады.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.