2009 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында



жүктеу 77.58 Kb.
Дата20.02.2018
өлшемі77.58 Kb.


Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы « »

қаулысымен

мақұлданған

Жоба
2009 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында «Байқоңыр» ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама

Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,

2009 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында «Байқоңыр» ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім) 10-бабын басшылыққа ала отырып,

төмендегілер туралы келісті:

1-бап
1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«1-бап


  1. Тараптардың уәкілетті органдары болып табылады:

Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғам;

Ресей тарапынан – Федералдық медициналық-биологиялық агенттік.



  1. Осы Келісімді іске асыру мақсатында мынадай түсініктер қолданылады:

Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдары – Байқоңыр қаласында орналасқан және негізгі қызметі медициналық көмек көрсету болып табылатын денсаулық сақтау ұйымдары мен олардың филиалдары;

федералдық медициналық ұйымдар – Ресей тарапының уәкілетті органының медициналық ұйымдары, оның ішінде олардың «Байқоңыр» кешенінің аумағында орналасқан оқшауландырылған құрылымдық бөлімшелері;

жедел медициналық көмек (кезек күттірмейтін нысандағы) – пациенттің өмiрiне қауіп төндiретiн айқын белгілерсіз кенеттен болған жіті аурулар, жай-күй, созылмалы аурулардың асқынуы кезінде көрсетілетін медициналық қызметтердің кешені;

жедел медициналық көмек (шұғыл нысандағы) – жіті аурулар кезінде, жазатайым жағдайлар, жарақаттанулар, уланулар мен пациенттің өмiрiне қауіп төндiретiн басқа жағдайлар кезінде көрсетілетін медициналық қызметтердің кешені».



2-бап
2-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«2-бап


Медициналық ұйымдардың қызметін қаржылық қамтамасыз ету:

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Тарапы – Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдарына қатысты;

Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес Ресей Тарапы – федералдық медициналық ұйымдарға қатысты жүзеге асырылады».

3-бап
3-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«3-бап


  1. Ресей Федерациясының азаматтарына («Байқоңыр» ғарыш айлағының персоналы, «Байқоңыр» ғарыш айлағы персоналының отбасы мүшелері; «Байқоңыр» кешенінің Ресей ұйымдарында жұмыс істейтін азаматтары; Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің жұмыс істемейтін тұрғындары, «Байқоңыр» кешенінің, Төретам және Ақай кенттерінің аумағында уақытша тұратын азаматтар) медициналық көмекті Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес федералдық медициналық ұйымдар көрсетеді.

  2. Еңбек шартының негізінде «Байқоңыр» кешенінің Ресей ұйымдарында жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының азаматтары еңбек шартының қолданысы кезеңінде міндетті медициналық сақтандыруға жатады және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес федералдық медициналық ұйымдарда медициналық көмек алуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының көрсетілген азаматтары жұмыс істейтін «Байқоңыр» кешенінің ресей ұйымдары оларға сақтандырушылар және сақтандыру жарналарының төлеушілері болып табылады.

«Байқоңыр» ғарыш айлағының персоналына жататын Қазақстан Республикасының азаматтарына федералдық медициналық ұйымдарда еңбек жағдайлары аса қауіпті жекелеген өнеркәсіп салаларындағы ұйымдардың тізбесіне қосылған ұйымдардың жұмыскерлері үшін Ресей Федерациясының заңнамасында көзделген федералдық медициналық көмектің қосымша түрлері және көлемі ұсынылады.

«Байқоңыр» кешенінің Ресей ұйымдарында еңбек шартының негізінде жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі құқықтары мен міндеттері сақталады.



  1. Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің аумағында жұмыс істейтін, «Байқоңыр» кешенінің Ресей ұйымдарының жұмыскері болып табылмайтын Ресей Федерациясының азаматтары Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болып табылады. Көрсетілген азаматтарға медициналық көмек Қазақстан Республикасының заңнамасында кепілдік берілген тегін медициналық көмектің көлеміне сәйкес Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдарында көрсетіледі.

Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің аумағында жұмыс істейтін, «Байқоңыр» кешенінің Ресей ұйымдарының жұмыскері болып табылмайтын Ресей Федерациясының азаматтарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу үшін жарналар мен аударымдарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың жұмыс берушілері жүргізеді.

  1. Қазақстан Республикасының азаматтарына (Байқоңыр қаласында, Төретам және Ақай кенттерінде тұратындар, «Байқоңыр» кешенінің Ресей ұйымдарында жұмыс істемейтіндер, «Байқоңыр» кешенінің аумағында уақытша тұратындар) медициналық көмекті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдары көрсетеді.

  2. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдары көрсете алмайтын медициналық көмекті Ресей Федерациясының заңнамасымен кепілдік берілген тегін медициналық көмектің көлеміне сәйкес Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдарының жолдамасы бойынша федералдық медициналық ұйымдар көрсетеді.

  3. Осы баптың 5-тармағында көзделген, көрсетілген медициналық көмекке есеп айырысу Ресей тарапының уәкілетті органы, федералдық медициналық ұйымдар мен Қазақстан тарапының уәкілетті органының арасындағы шарттарға сәйкес тарифтер мен тәртіп бойынша жүзеге асырылады.

  4. Байқоңыр қаласының аумағында жедел медициналық көмек (шұғыл және кезек күттірмейтін нысандарда) федералдық медициналық ұйымдарда және Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдарында азаматтығына, тұратын жеріне және жұмыс орнына, сондай-ақ медициналық сақтандыру полисінің болуына қарамастан, барлық санаттағы адамдарға тегін және шұғыл түрде көрсетіледі».



4-бап

4-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«4-бап


  1. «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласындағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қадағалауды және санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес Ресей тарапының уәкілетті органы мен федералдық медициналық ұйымдары, осы баптың 2-тармағының
    1-абзацында көзделген жағдайларды қоспағанда, жүзеге асырады.

  2. Байқоңыр қаласындағы Қазақстан Республикасының медициналық және білім беру ұйымдарына қатысты санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды және бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары ведомстволарының тиісті аумақтық органдары мен ұйымдары жүзеге асырады.

Төретам және Ақай кенттерінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қадағалауды және бақылауды, санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары ведомстволарының тиісті аумақтық органдары мен ұйымдары жүзеге асырады».

5-бап
5-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«5-бап


Тараптардың уәкілетті органдары Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің халқына медициналық көмек көрсетуді жетілдіру және санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мәселелерін халық денсаулығын сақтау жөніндегі бағдарламаларға қосу үшін:

Қазақстан Тарапынан – денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі Қазақстан Республикасы бағдарламаларының шеңберінде»;

Ресей Тарапынан – Ресей Федерациясының денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаларының және өзге де бағдарламаларының шеңберінде шаралар қабылдайды».

6-бап
7-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«7-бап


Тараптардың уәкілетті органдары «Байқоңыр» кешенінің аумақтарында, Қызылорда облысының Қазалы және Қармақшы аудандарының аумақтарында санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауы, оның ішінде халықтың арасында жұқпалы аурулардың таралу жағдайлары, жануарлар мен адамдардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының жағдайлары, табиғи-ошақтық инфекциялар бойынша эпизоотикалық жағдайдың асқынуы туралы бірін-бірі хабардар етеді және төтенше жағдайлардың салдары мен жұқпалы аурулардың ошақтарын жою үшін қажетті медициналық көмек көрсету және санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды өткізу кезінде өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді».

7-бап
8-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«8-бап


Тараптардың уәкілетті органдары Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес федералдық медициналық ұйымдар мен Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз етуге жәрдемдеседі, Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының тиісті бейіндегі білім беру ұйымдарындағы медициналық кадрлардың біліктілігін арттыруға қажетті көмек көрсетеді».

8-бап
Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.

Осы Хаттама Келісімнің қолданысының тоқтатуымен бір мезгілде өзінің қолданысын тоқтатады.

_____________ қаласында 2017 жылғы _________ әрқайсысы қазақ және орыс тілдеріндегі екі данада жасалды әрі екі мәтіннің де бірдей күші бар.

Осы Хаттама мәтіндерінің арасында айырмашылық туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтініне жүгінетін болады.





Қазақстан Республикасының

Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының

Үкіметі үшін






Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет