2011 жылғы 26 тамыздағы №94



жүктеу 0.56 Mb.
бет1/2
Дата02.05.2019
өлшемі0.56 Mb.
  1   2


2011 жылғы 26 тамыздағы № 94




Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын ерікті тарату ережесін бекіту туралы

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын ерікті тарату тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:

1. Қоса беріліп отырған Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын ерікті тарату ережесі бекітілсін.

2. Осы қаулы қолданысқа енгізілген күннен бастап Қазақстан Республикасының мына нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын:

1) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын ерікті тарату ережесін бекіту туралы» 2007 жылғы 30 наурыздағы № 61 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4772 тіркелген);

2) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын ерікті тарату ережесін бекіту туралы» 2007 жылғы 30 наурыздағы № 61 қаулысына толықтыру мен өзгеріс енгізу туралы» 2008 жылғы 28 қарашадағы № 189 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5413 тіркелген).

3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Ұлттық Банк

Төрағасы Г. Марченко

КЕЛІСІЛДІ

Қазақстан Республикасы

Байланыс және ақпарат министрлігінің

Ақпарат және мұрағат комитеті

Төраға Б.Т. Берсебаев

2011 жылғы «___» _________ _____________________

(қолы, күні, елтаңбалық мөр)







Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2011 жылғы 26 тамыздағы № 94 қаулысымен бекітілді



Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын

ерікті тарату ережесі
Осы Ереже «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Заңының (бұдан әрі – Сақтандыру қызметі туралы заң) 66, 67, 73-баптарына сәйкес әзірленді және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті таратуға рұқсат беру тәртібін, ерікті таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы жұмысының, ерікті таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторлар комитетін қалыптастырудың және қызметінің ерекшеліктерін, тарату шығыстарының сметасын қалыптастыру мен бекіту тәртібін, тарату комиссиясының кассалық тәртіпті сақтау талаптарын айқындайды.

Осы Ережеде пайдаланылатын ұғымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мәндерде қолданылады.

1-тарау. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын

ерікті таратуға рұқсат беру тәртібі


1. Ерікті таратуға рұқсат беру туралы өтініш Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетіне (бұдан әрі – уәкілетті орган) беріледі.

Ерікті таратуға рұқсат беру туралы өтінішке мынадай құжаттар қоса ұсынылады:

1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акционерлерінің жалпы жиналысының ерікті тарату туралы шешімі;

2) тарату комиссиясының, оның ішінде филиалдарда не өкілдіктерде құрылған оның бөлімшелеріндегі мүшелікке кандидаттардың тізімі;

3) аудиторлық есеппен расталған, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының міндеттемелерін толық орындауы үшін меншікті қаражатының жеткіліктілігін куәландыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті тарату туралы шешімді акционерлердің жалпы жиналысы қабылдаған күнге барлық шоттарының талдамасы бар баланстық есеп;

4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті тарату туралы шешімді акционерлердің жалпы жиналысы қабылдаған күні жасалған, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы міндеттемелерінің сомасы туралы мәлімет енгізілген сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы кредиторларының тізімі;

5) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының басқа сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен жасаған сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының міндеттемелерінен тұратын сақтандыру портфелін қабылдау-өткізу актісі (осындай өткізу болған кезде);

6) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша міндеттемелері жоқ болған жағдайда, оны тиісінше растайтын құжаттар;

7) акционерлердің жалпы жиналысы бекіткен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз қызметін тоқтатуға дайындығының мерзімдері мен кезеңдері туралы іс-шаралар тізбесі (жоспар және кесте).

2. Ерікті таратуға рұқсат беру туралы өтініште сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының барлық кредиторларының талаптарын толық қанағаттандыруды қамтамасыз ету туралы міндеттеме көрсетіледі.

3. Уәкілетті орган ерікті таратуға рұқсат беру туралы өтінішті барлық қажетті құжаттар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.

4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті таратуға рұқсат беру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қабылдайды және ол өтініш берушінің оны алған күнінен бастап күшіне енеді.

5. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті таратуға рұқсат беруден бас тартқан жағдайда бұл туралы уәкілетті орган өтініш берушіге жеткізетін дәлелді шешім шығарады.

6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті таратуға рұқсат беруден бас тартуды Сақтандыру қызметі туралы заңның 68-бабында көзделген негіздемелер бойынша жүргізеді.

2-тарау. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын

ерікті тарату үдерісінің басталуы


7. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ерікті таратуға рұқсатын алған кезден бастап осының алдында берілген лицензияларының түпнұсқаларын уәкілетті органға осы рұқсат күшіне енген күннен бастап бір апта мерзімінде қайтарады.

8. Ерікті тарату үдерісінің басталуы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының құрылған күні болып есептеледі.

9. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акционерлерінің жалпы жиналысы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалдары мен өкілдіктерін ескере отырып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті таратуға рұқсат беру туралы шешімі күшіне енген күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен кешіктірмей құрады.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының құрамын өзгерту сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акционерлерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша жүзеге асырылады.

10. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы құрылған күннен бастап сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату үдерісі аяқталғанға дейін:

1) ерікті таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акционерлерінің жалпы жиналысының, басқа органдарының және лауазымды тұлғаларының өкілеттіктері, оның ішінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлікке иелік ету және міндеттемелерін өтеу, сондай-ақ осы Ережеде көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын басқару бойынша құқықтары тоқтатылады;

2) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атынан немесе соның есебінен жүзеге асырылатын іс-әрекеттер, егер оны сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының төрағасы не төраға осы іс-әрекеттерді жасауға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде (Жалпы бөлім) (бұдан әрі – Азаматтық кодекс) белгіленген тәртіппен ресімделген сенімхат берген тұлға жасаған жағдайда ғана заңды күшке ие болады;

3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қатысты мүліктік сипаттағы барлық талаптар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы төрағасының атына ғана ұсынылады да, осы Ережеде және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен қарастырылады;

4) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторлық берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын және сыйақыны есептеу тоқтатылады;

5) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкіне шара қолдану туралы сұрату жасауға барлық заңнамалық белгіленген шектеулер алынып тасталады.

3-тарау. Тарату комиссиясы


11. Тарату комиссиясы құрылған күннен бастап оған таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының істерін және мүлкін басқару бойынша барлық өкілеттіктер беріледі.

Тарату комиссиясы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының істерін аяқтау үшін, соның ішінде оның кредиторларымен және акционерлерімен есеп айырысуды қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар қабылдайды.

Тарату комиссиясы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атынан әрекет етеді және өзінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешім қабылдау кезінде дербес жұмыс жасайды.

Тарату комиссиясының шешімі хаттамамен ресімделеді.

12. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының төрағасы тарату комиссиясының жұмысына басшылық жасайды, оның қызметінің жүзеге асырылуына дербес жауап береді. Тарату комиссиясының төрағасы болмаған кезде оның міндеттерін тарату комиссиясы мүшелерінің арасынан төраға тағайындаған орынбасар орындайды.

13. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалдары және (немесе) өкілдіктері болған жағдайда, оларды сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының жергілікті жерде құрылған бөлімшесі (бұдан әрі – бөлімше) таратады.

14. Бөлімшеге тарату комиссиясы мүшелерінің арасынан тарату комиссиясы төрағасының бұйрығымен тағайындалатын бөлімше басшысы (бұдан әрі – бөлімше басшысы) басшылық жасайды. Бөлімше басшысы өз қызметін оған тарату комиссиясының төрағасы берген сенімхат негізінде жүзеге асырады. Бөлімше басшысы мен бөлімше тарату комиссиясы төрағасының алдында есеп береді.

Бөлімше басшысы бөлімше қызметіне және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалын не өкілдігін таратуды жүзеге асыруға жауапты болады.

15. Тарату комиссиясы мүшесінің, бөлімше басшысының құқықтары мен міндеттері, еңбекке ақы төлеу талаптарын қоса алғанда, тарату комиссиясының төрағасымен жасалатын еңбек шартында белгіленеді.

Жұмысқа қабылдау сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы төрағасының бұйрығымен ресімделеді.

Жұмысқа тартылған қызметкердің құқықтары мен міндеттері еңбек шартында немесе ақылы қызмет көрсету шартында, сондай-ақ тарату комиссиясының төрағасы бекіткен әрбір қызметкердің лауазымдық нұсқаулығында айқындалады.

16. Тарату комиссиясының төрағасы қызметіне жедел басшылық жасауды жүзеге асырады, бөлімше басшыларының жұмысына және бөлімшелердің қызметіне бақылау жасайды.

17. Тарату комиссиясы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату рәсімін тарату комиссиясының төрағасы бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырады.

Жұмыс жоспары жарты жылдықтарға бөліне отырып, бір жылға жасалады және тарату комиссиясы тағайындалған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде және кейіннен жоспарланатын кезеңнің алдындағы айдың оныншы күнінен кешіктірмей уәкілетті органға мәлімет үшін ұсынылады.

Тарату комиссиясы жұмыс жоспарының орындалғаны туралы ақпаратты уәкілетті органға жарты жылдықтың нәтижелері бойынша ұсынады.

18. Тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда тарату комиссиясының төрағасы Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жауапкершілікте болады.

19. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акционерлері сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының құрамына «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы Заңының (бұдан әрі – Акционерлік қоғамдар туралы заң) 88-бабының 3-тармағына сәйкес енгізіледі.

20. Тарату комиссиясы:

1) тағайындалған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде кредиторлардың талап қою тәртібін, мерзімдерін және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы кредиторларының өз талаптарын ұсыну мекенжайын міндетті түрде көрсете отырып, Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті тарату туралы ақпаратты жариялайды;

2) тағайындалған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде мүлікті және онымен жасалатын мәмілелерді тіркеуді жүзеге асыратын органдарға, сондай-ақ бағалы қағаздарды тіркеушілерге сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті тарату туралы ақпарат береді және тарату комиссиясы жасамаған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкін иеліктен шығару мәмілелерін тіркеуге, сондай-ақ таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы кепіл ұстаушысы болып табылатын мүліктен ауыртпалық алуға тыйым салады;

3) салық органдарына сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті тарату туралы ақпарат береді;

4) тағайындалған күнінен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының банк шоттары бар банктерге қойылған қолы және мөр бедері бар жаңа құжаттарды ұсынады;

5) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының басшылығынан сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құқықтарын анықтайтын құжаттарды, мөрлерді, мөртабандарды, ақпараттың электронды тасымалдауыштарын, бағдарламалық қамтамасыз етуді, құжаттар мен құндылықтарды қабылдау-өткізу туралы қажетті актілерді жасай отырып, таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бланкілерін және барлық басқа да құжаттарын тез арада талап етеді;

6) қабылдау-өткізу актісі бойынша активтерді, оның ішінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкін қабылдайды, сақтандыру агенттеріндегі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы шарттарының (полистерінің) бланкілері мен қолма-қол ақша қалдықтарын алады;

7)  кассаға дереу түгендеу жүргізеді, осы Ереженің 58-тармағында көзделген кассадағы қолма-қол ақша қалдығының күнделікті лимитін қоспағанда, ақша қалдығын таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ағымдағы шоттарына аударады;

8) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының тағайындалған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының банк шоттарын салыстырып тексереді және оларды жабады, таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының теңгемен және/немесе шетел валютасымен ағымдағы шоттарын ашады;

9) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті таратуға рұқсат беру туралы шешімінің көшірмелерін, акционерлердің жалпы жиналысының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының тағайындалғаны туралы шешімін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының клиенттері қарауы үшін көрнекі жерге орналастырады;

10) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының активтерін анықтайды;

11) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының таратылу мақсаттарына сәйкес оның активтерін басқарады;

12) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атынан сотта талап қояды және оның мүддесін білдіреді;

13) тарату комиссиясы құрылған күнгі электрондық түрдегі қолда бар есептік-бухгалтерлік ақпаратты басып шығаруды жүзеге асырады. Мұндай ақпарат электрондық түрде жоқ болған жағдайда, көрсетілген күнге қағазға шығарылған ақпарат негізге алынады;

14) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының толық материалдық жауапкершілік алатын тұлғаларының аясын, оның ішінде бухгалтерлік есепті жүргізудің электрондық жүйесіне және қаржылық пен өзге де есептілікті өңдеуге рұқсаты бар тұлғаларды анықтайды;

15) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының істері мен құжаттарын қабылдағаннан кейін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құжаттарын сақтауды ұйымдастыратын жауапты тұлғаны тағайындайды;

16) бағдарламалық қамтамасыз етудің және ақпаратты электрондық тасымалдауыштардың, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының басқа да ақпараттарының сақталуын қамтамасыз етеді;

17) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының басшыларын, қажет болған жағдайда өзге де қызметкерлерін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан шығарады;

18) өз функциялары мен міндеттерін орындауды қамтамасыз ету үшін қызметкерлердің қажетті мөлшерін жалдайды;

19) кредиторлардың тізімін жасайды, қолда бар құжаттар бойынша олардың мекенжайын белгілейді және оны талдамалық есеп деректерімен салыстырып тексереді;

20) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының әрбір кредиторына сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ерікті таратылып отырғандығы туралы жазбаша хабар береді;

21) кредиторлар туралы мәліметтер болмаған жағдайда қолда бар деректемелерді және жазбаша хабарлама берудің мүмкін болмау себептерін көрсете отырып, акт жасайды;

22) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторлары талаптарының заңдылығын анықтайды және оларды сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бекітілген аралық таратылу балансына және кредиторлар талаптарының тізіліміне сәйкес қанағаттандырады;

23) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын таратудың барлық кезеңі ішінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құжаттары мен мүлкінің сақталуы бойынша шаралар қабылдайды;

24) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы дебиторларының берешегін алу, оның ішінде сақтандыру резервтерінің орналастырылған қаражатын қайтару шараларын қабылдайды;

25) жыл қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату өндірісінің барысы туралы ақпаратты есепті жылдан кейінгі жылдың 1 (бірінші) ақпанынан кешіктірмей жариялайды;

26) кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыру үшін мүліктің жеткіліксіздігі фактісі белгілі болған жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын банкрот деп тану туралы сотқа өтініш береді;

27) тарату, тарату балансы туралы есеп жасайды және оларды сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акционерлерінің жалпы жиналысына бекіту үшін ұсынады;

28) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату аяқталған кезде құжаттарды мұрағатқа сақтауға өткізеді және бұл жөнінде уәкілетті органға мәлімдейді;

29) осы Ережеге сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

21. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының теңгедегі және қажет болған жағдайда шетел валютасындағы ағымдағы шоты оның бас офисі тұрған жердегі банкте ашылады.

Осы Ереженің 58-тармағында көзделген касса лимитінен басқа, таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, оның ішінде филиалдары не өкілдіктерінің барлық ақшасы таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ағымдағы шотына есептеледі.

Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының алдында берешегі жоқ жеке немесе заңды тұлғалардың жазбаша талаптары бойынша тарату комиссиясы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті таратуға рұқсат алғаннан кейін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының банк шоттарына түскен ақшаны дереу (талап етуді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде) қайтарады.

22. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының мүшелері мен қызметкерлері (оны басқару органдары, басшы және өзге де қызметкерлері) тарапынан Қазақстан Республикасының заңнамасын теріс пайдалану немесе өзге де бұзу фактілері анықталған жағдайда тарату комиссиясының Төрағасы белгіленген тәртіппен құқық қорғау органдарына немесе сотқа өтініш береді, сондай-ақ бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды.

23. Жұмыс жоспарында белгіленген мерзімдер бұзылған жағдайда тарату комиссиясы күнтізбелік он күн ішінде уәкілетті органға тиісті құжаттардың көшірмелері қоса берілген тиісті жазбаша түсіндіруді, сондай-ақ акционерлердің жалпы жиналысы қайта бекіткен жұмыс жоспарын ұсынады.

24. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе уәкілетті орган белгілеген мерзімде ерікті таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы жасалынған жұмыс туралы есептерді, қажет болған жағдайда қосымша ақпаратты да ұсынады.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалдарындағы және өкілдіктеріндегі өз қызметтерін жүзеге асырып отырған тарату комиссиясының бөлімшелері жасаған жұмыстары туралы есепті тарату комиссиясының төрағасына ұсынады.



4-тарау. Тарату шығыстарының сметасын

қалыптастыру және бекіту
25. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті таратуға байланысты барлық шығыстар осы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаражаты есебінен ғана жасалады.

Тарату өндірісіне, оның ішінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының қызметін қамтамасыз етуге байланысты шығыстар, таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының негізгі функцияларын қамтамасыз ету қажеттілігінен пайда болатын шығыстар кезектен тыс және тұрақты түрде жұмсалады. Тарату массасын мақсатсыз жұмсауға, сондай-ақ тарату шығыстарына арналған қаражатты күнтізбелік тоқсан күннен астам мерзімге резервтеуге жол берілмейді.

26. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының шығыстарын тәртіпке келтіру мақсатында тарату комиссиясының қызмет ету кезеңінде осы Ереженің 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша тарату комиссиясының тарату шығыстарының сметасы жасалады.

27. Тарату комиссиясы, уәкілетті орган мен кредиторлар комитеті таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату шығыстарының сметасын қалыптастыру, келісу және бекіту кезінде тарату шығыстарының нақтылық, негізділік, мақсатқа сай болу және шынайылық қағидаттарын басшылыққа алады.

Тарату шығыстарының нақтылық қағидаты тарату шығыстарының сметасын қалыптастыру кезінде таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының нақты қаржылық жағдайын, оның ішінде кредиторлар алдындағы берешектер көлемін негізге алуды көздейді.

Тарату шығыстарының негізділік қағидатын тарату өндірісінің белгілі бір кезеңінде қажет болатын шығындардың объективті қажеттігі деп түсінген жөн.

Тарату шығыстарының мақсатқа сай болу қағидаты тарату комиссиясының жұмсап отырған шығындары алға қойылып отырған мақсатқа сәйкес келетіндігін, яғни тарату өндірісін аяқтауға және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторларымен және акционерлерімен есеп айырысуға бағытталғандығын білдіреді.

Тарату шығыстарының шынайылық қағидаты жұмсалған шығындарды тарату комиссиясының құжаттамалық растауы арқылы көрініс береді.

28. Тарату шығыстарының сметасында қажеттілігіне қарай шығынның мына баптары көзделеді:

1) қызметкердің еңбегіне ақы төлеуге арналған шығыстар;

2) ақылы қызмет көрсету шарттары бойынша ақы төлеуге арналған шығыстар;

3) бюджетке аударымдар;

4) әкімшілік шығыстар;

5) тарату өндірісін жүзеге асыруға қажетті тауар-материалдық құндылықтарды сатып алуға арналған шығыстар;

6) іссапар шығыстары;

7) болжанбаған шығыстар.

29. Қызметкердің еңбегіне ақы төлеу шығыстары мына шығындарды көздейді: тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу, таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бар филиалдары мен өкілдіктерін ескере отырып, еңбек шарттарының негізінде жұмыс істейтін тарату комиссиясына жұмысқа тартылған қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу.

Шығыстарда мына сомалар көрсетіледі:

1) лауазымды жалақы;

2) мемлекеттік бюджетке аударылатын табыс салығы;

3) міндетті зейнетақы жарналары.

30. Ақылы қызмет көрсету шарттары бойынша ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар ақылы қызмет көрсету шарттары бойынша қызмет көрсетуге тартылған қызметкерлердің қызметіне ақы төлеуге жұмсалған шығыстарды қамтиды.

Тарату шығыстарының сметасына ақылы қызмет көрсету шарттары бойынша ақы төлеуге жұмсалатын шығыстарды енгізу кезінде тарату комиссиясы ақылы қызмет көрсетудің жасалған шарттары негізінде есеп айырысады, ол шарт бойынша қызметтер күн сайын көрсетіліп, ақы ай сайын төленеді.

31. Еңбекке ақы төлеу бөлігіндегі тарату шығыстарының сметасын қалыптастыру кезінде есеп айырысулар жасалған еңбек шарттарына және жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарға негізделеді. Қызметкердің еңбегіне ақы төлеу шығыстарының бабы тарату комиссиясының төрағасы бекітетін штат кестесіне сәйкес қалыптасады.

32. Бюджетке төленетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша шығыстар Қазақстан Республикасының салық заңнамаларының талаптарына сәйкес жасалады.

33. Әкімшілік шығыстар мыналар үшін көзделеді:

1) қызметтік және шаруашылық қажеттіліктер үшін көлік жалдау қызметтері;

2) байланыс қызметтері (телекоммуникациялық шығыстар, телефонды, телеграфты пайдаланғаны үшін абоненттік төлем, қалааралық және халықаралық сөйлесулер, почта және анықтамалық қызмет бойынша шығыстар, интернет желілерін пайдаланғаны үшін жұмсалатын шығыстар);

3) үйлер мен ғимараттар (меншікті және кепіл мүлік) күзеті және сигнализациясы бойынша қызметтер;

4) көлікті күзету қызметтері;

5) көлікке арналған тұрақтарды ұсыну қызметтері;

6) көлікті тіркеу қызметтері;

7) көлікті техникалық тексеру бойынша қызметтер;

8) көлікті сақтандыру қызметтері;

9) коммуналдық қызметтер;

10) мердігерлік тәсілмен жүзеге асырылатын негізгі құрал-жабдықтарды ағымдағы жөндеу, оларға техникалық, сервистік қызмет көрсету (тексеру) жұмыстары;

11) үй-жайды жалдау;

12) тіркеу органдарында жылжымайтын мүлікті және тиісті құжаттаманы тіркеу қызметтері;

13) мүлікті бағалау қызметтері;

14) бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау қызметтері;

15) жылу жүйелерін іске қосуға дайындық жасау қызметтері;

16) сантехникалық жұмыстар;

17) мүлікті сақтау бойынша қызметтер;

18) мемлекеттік баж салығын төлеу;

19) нотариатта куәландыру бойынша қызметтер;

20) мүлікті тасымалдау, тиеу, түсіру бойынша қызметтер;

21) терезелерге, есіктерге арналған торларды дайындау және орнату жұмыстары;

22) аукциондар өткізу жөніндегі қызметтер;

23) сараптама жүргізу жөніндегі қызметтер;

24) аудит өткізу жөніндегі қызметтер;

25) құжаттарды аудару бойынша қызметтер;

26) телефон нөмірлерін орнату, ауыстыру немесе көшіру жөніндегі қызметтер;

27) акционерлер тізілімін маңызды жағдайда ұстап тұру үшін тіркеушінің қызметтері;

28) құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу және оларды мұрағатқа өткізу бойынша қызметтер;

29) таратуды тіркеу үшін алым төлеу қызметтері;

30) инкассация қызметтері;

31) банк шотына қызмет көрсету, банк шотын ашпай жатып жүзеге асырылған ақшаны аудару және төлеу қызметтері.

Жұмыстар мен қызметтерге ақы төлеу тұрақты және бір жолғы сипатта болады.

34. Ағымдағы қажеттіліктерді қанағаттандыруға және барынша жеткілікті қор құруға бағытталған тауар-материалдық құндылықтарды сатып алу шығыстары мыналарға:

1) офистік жабдықтарды жұмыс жағдайында ұстауға;

2) көлік құралдарын ұстауға;

3) үй-жайларды ұстауға;

4) қағаз және бланк өнімдерін сатып алуға;

5) кеңсе тауарларын сатып алуға;

6) жанар-жағар май материалдарын сатып алуға жұмсалады.

35. Тарату комиссиялары сатып алынатын әртүрлі қызметтер мен тауар-материалдық құндылықтарды шығыстар сметасына енгізу кезінде есептерді тиісті өңірде белгіленген тарифтік кестелер мен орта нарықтық бағалар негізінде жүргізеді.

36. Тарату комиссиясы қызметкерлерінің іссапарға шығу шығыстары тарату шығыстарының сметасында көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

Іссапарға жіберілген қызметкерге бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тәуліктік шығыстар төленеді, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларындағы айлық есептік көрсеткіштің бес еселік мөлшерінен, облыс орталықтарындағы айлық есептік көрсеткіштің төрт еселік мөлшерінен және аудан орталықтарындағы айлық есептік көрсеткіштің үш еселік мөлшерінен аспайтын тұрғын үйді жалға алу шығыстары, іссапар орны мен тұрақты жұмыс орнына қайта қайтуға жұмсалатын көлік шығыстары өтеледі.

37. Болжанбаған шығыстар тарату комиссиясының кезек күттірмейтін қажеттіліктеріне жұмсалатын, мөлшері жүз айлық есептік көрсеткіштерден аспайтын жоспарланбаған шығындарды құрайды.

«Болжанбаған шығыстар» шығындарының бабы бойынша шығыстардың басқа бабындағы артық шығындарға байланысты шығыстар, сондай-ақ келісілуі не бекітілуі осы Ережеде белгіленген тәртіпте көзделген қажеттіліктерге жұмсалатын шығыстар жүзеге асырылмайды.

38. Тарату комиссиясы жоспарланып отырған және жасалған шығыстарды шарттармен, шот-фактуралармен, чектермен және өзге де растаушы құжаттармен растайды.

39. Тарату комиссиясы тағайындалғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде тарату шығыстарының сметасын қалыптастырады және оны түсіндірме жазбасымен бірге уәкілетті органға келісу үшін ұсынады. Кредиторлар комитеті құрылғанға дейін тарату шығыстарының сметасын тарату комиссиясының төрағасы бекітеді.

Тарату комиссиясы жоспарланып отырған кезеңнің алдындағы айдың онынан кешіктірмей тарату шығыстарының сметасын кейіннен келісу үшін уәкілетті органға ұсынады.

Тарату комиссиясының төрағасы тарату шығыстарының сметасына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды уәкілетті органмен келіскеннен кейін ғана енгізеді.

40. Филиалдық желісі бар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымындағы тарату комиссиясының төрағасы тарату шығыстарының сметасын жасау бойынша тарату комиссиясы бөлімшелерінің қызметін оларды тарату шығыстарының шоғырландырылған сметасына енгізу үшін тарату комиссиясының бөлімшелері бөлігінде үйлестіреді. Тарату шығыстарының шоғырландырылған сметасы тарату комиссиясының бөлімшелері бойынша шығыстар бөлігінде жасалады.

41. Кредиторлар комитетінің құрамы бекітілген соң тарату комиссиясы тарату шығыстарының сметасын тоқсан сайын жоспарланып отырған кезеңнің алдындағы айдың бесінен кешіктірмей кредиторлар комитетіне бекітуге береді. Тарату шығыстарының сметасы тоқсан аясындағы әрбір ай бөлігінде жасалады.

42. Кредиторлар комитеті тарату комиссиясы ұсынған тарату шығыстарының сметасын жоспарланып отырған кезеңнің алдындағы айдың он бесінен кешіктірмейтін мерзімде қарастырады және бекітеді.

43. Тарату комиссиясы кредиторлар комитеті бекіткен тарату шығыстарының сметасын түсіндірме жазбасымен бірге оны бекіткен күннің ертеңіне уәкілетті органға ұсынады.

44. Тарату комиссиясының төрағасы кредиторлар комитеті бекіткен тарату шығыстарының сметасына міндетті түрде кредиторлар комитеті алдын ала бекітетін өзгерістер мен толықтыруларды енгізе алады.

45. Егер уәкілетті органмен келісілген немесе кредиторлар комитеті бекіткен тарату шығыстары алдыңғы кезеңде жүзеге асырылмаса және оларды жоспарланған кезеңде жүзеге асыру қажеттілігі туындаса, онда аталған шығыстар жоспарланған кезеңдегі тарату шығыстарының сметасына енгізілуі тиіс.

46. Тарату шығыстарының сметасын келіскен не бекіткен орган оның орындалуына бақылау жасайды.

47. Басқа бап бойынша үнемдеу есебінен бір баптың қаражатынан артық шығынды жұмсауға жол берілмейді.

48. Осы Ереженің 49-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тарату комиссиясының тарату шығыстарының сметасын уәкілетті органмен келіскенге дейін немесе оны кредиторлар комитеті бекіткенге дейін шығыстарды жұмсауына жол берілмейді.

49. Тарату шығыстарының сметасын уәкілетті органмен келіскенге дейін тарату комиссиясының бірінші кезектегі іс-шараларды өткізуіне байланысты шығындардың мына баптары бойынша шығыстарды жұмсауына жол беріледі:

1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті тарату туралы хабарландыруды жариялау қызметтері;

2) байланыс қызметтері (телекоммуникациялық шығыстар, телефонды, телеграфты пайдаланғаны үшін абоненттік төлем, қалааралық және халықаралық сөйлесулер, почта және анықтамалық қызмет бойынша шығыстар, интернет желілерін пайдаланғаны үшін жұмсалатын шығыстар);

3) коммуналдық қызметтер;

4) қойылған қолы және мөр бедері бар құжаттарды нотариатта куәландыру қызметтері.

50. Тарату шығыстарының сметасын уәкілетті органның келісуден (кредиторлар комитетінің бекітуден) бас тарту негіздемелері:

1) осы Ереженің 27-тармағында көзделген тарату шығыстарының сметасын қалыптастыру қағидаттарын тарату комиссиясының сақтауын көрсететін түсіндірме жазбаны;

2) жоспарланған (жұмсалған) шығыстарды растайтын құжаттарды ұсынбауы болып табылады.

51. Уәкілетті орган тарату шығыстарының сметасын келісу туралы немесе оны келісуден бас тарту туралы үш жұмыс күні ішінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясына жазбаша нысанда хабарлайды.

Кредиторлар комитетінің тарату шығыстарының сметасын бекіту туралы немесе оны бекітуден бас тарту туралы шешімі хаттамамен ресімделеді.

5-тарау. Тарату комиссиясының кассалық

тәртіпті сақтауына қойылатын талаптар
52. Тарату комиссиясының төрағасы, бас бухгалтері, кассирі, ал бөлімшелерде - бөлімше басшысы қолма-қол ақша мен құндылықтардың сақталуын, бухгалтерлік есептің дұрыс жүргізілуін қамтамасыз етеді, тарату комиссиясының кассасына түскен ақшаның уақтылы кіріске алынуына бақылауды жүзеге асырады.

53. Тарату комиссиясының төрағасы бухгалтерлік құжаттарға қол қою құқығы бар тұлғаларды бұйрықпен анықтайды.

Бір кассирі бар тарату комиссияларында оны ауыстыру қажет болған жағдайда кассирдің міндетін атқару тарату комиссиясы төрағасының жазбаша бұйрығымен басқа қызметкерге жүктеледі.

54. Қолма-қол ақша операцияларымен жұмысты орындап отырған, сондай-ақ өзге құндылықтарға рұқсаты бар тарату комиссиясының қызметкерімен толық материалдық жауапкершілік туралы шарт жасалады.

55. Қолма-қол ақшаны және құндылықтарды сақтау күзет, өрт және дабыл сигнализациясы құралдарымен бекітілген және жабдықталған, сейфтермен немесе жанбайтын металл шкафтармен жарақтандырылған үй-жайда жүзеге асырылады.

56. Тарату комиссиясы кассасының (бұдан әрі – касса) жұмысы аяқталған соң ақшаны және құндылықтарды сақтайтын үй-жай бір топтамасы кассирде, екіншісі - бас бухгалтерде не тарату комиссиясының төрағасында (бөлімше басшысында) болатын кілттермен жабылады және тарату комиссиясының мөрімен сүргі соғылады.

57. Кассада қолма-қол ақшамен жасалатын операциялардың есебі Қазақстан Республикасының заңнамасына және қаржылық есеп берудің халықаралық стандарттарына сәйкес жасалады.

58. Кассадағы қолма-қол ақша қалдығының күнделікті лимиті мына шектер бойынша анықталады:

1) тарату комиссиясының бас офисінде – 100 000 (жүз мың) теңге;

2) тарату комиссиясының бөлімшелерінде – 50 000 (елу мың) теңге.

59. Осы Ереженің 58-тармағында белгіленген күнделікті лимит сомасы жоғарылап кеткен кезде тарату комиссиясының кредиторлармен есеп айырысу мақсатында банктерден, мүлікті сатудан, дебиторлық берешекті өндіріп алудан алған қолма-қол ақшаны сақтауы қызмет көрсетуші банктен ақшаны алған күнді қоспағанда, үш жұмыс күнінен аспайтын мерзім ішінде жүзеге асырылады.

60. Қолма-қол ақшаны кассаға қабылдау тарату комиссиясының бас бухгалтері және кассирі қол қойған кассалық кіріс құжаттары бойынша (қолма-қол ақша жарнасына хабарлама және кассалық кіріс ордері) жасалады және кассалық кіріс кітабында бір күн ішіндегі жалпы сома ретінде көрсетіледі. Кассаға басқа құндылықтарды қабылдау баланстан тыс ордерлермен ресімделеді.

61. Кассаға қабылданған қолма-қол ақша (оның ішінде дебиторлық берешекті өтеу есебінен және мүлікті сатудан алынған ақша) кассаға сол күні кіріске алынады және осы Ереженің 58-тармағында көзделген кассадағы қолма-қол ақша қалдығының күн сайынғы лимитін қоспағанда, келесі жұмыс күнінен кешіктірмей тарату комиссиясының ағымдағы шотына аударылады.

62. Кассадан қолма-қол ақшаны беру кассалық шығыс ордерлері бойынша жасалады. Басқа құндылықтарды беру баланстан тыс ордерлер бойынша ресімделеді.

63. Ақшаны кассалық шығыс ордері бойынша беру кезінде кассир немесе оның орнындағы адам алушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуін талап етеді, құжаттың атауын және нөмірін, кім және қашан бергенін жазып алады.

64. Қолма-қол ақшаны кассир немесе оның орнындағы адам тек кассалық шығыс ордерінде көрсетілген адамға ғана береді.

65. Егер ақшаны беру Азаматтық кодексте белгіленген тәртіппен ресімделген сенімхат бойынша жасалса, онда кассир ордер мәтініндегі ақшаны алушының тегінен, атынан және бар болса - әкесінің атынан кейін ақшаны алуға сенім білдірілген адамның тегін, атын және бар болса - әкесінің атын көрсетеді.

Егер ақша тізімдеме бойынша берілген болса, онда ақшаны алу үшін қол қоятын орынның алдына кассир «Сенімхат бойынша» деген жазба жасайды. Сенімхат кассирде қалады және кассалық шығыс ордеріне немесе тізімдемеге қосылып тігіледі.

66. Кассалық операциялар нәтижесінде пайда болған және кассалық құжаттар бойынша ресімделмеген ақшаның және құндылықтардың артық болуы немесе кем шығуы тиісінше кіріске алынады немесе акт жасай отырып, кассирден өндіріп алынады.

67. Қолма-қол ақшаны беруге арналған құжаттарға тарату комиссиясының төрағасы, тарату комиссиясының бас бухгалтері және кассирі қол қояды, ал бөлімшелерде бөлімше басшысы қол қояды.

68. Тарату комиссиясы қызметкерлерінің және жұмысқа тартылған қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу әрбір алушыға кассалық шығыс ордері жасалмай-ақ төлем (есеп айырысу-төлем) тізімдемесі бойынша не қызметкердің банк шотына соманы аударым жасау арқылы жүргізіледі.

69. Төлем (есеп айырысу-төлем) тізімдемесінің титул (басқы) парағында қолма-қол ақшаны беру туралы тарату комиссиясы төрағасының және тарату комиссиясы бас бухгалтерінің қолы қойылған, қолма-қол ақшаны беру мерзімін және сомасын жазбаша көрсету жөніндегі рұқсат беру жазбасы жасалады.

70. Жалақы төлеудің белгіленген мерзімі өткен соң кассир:

1) төлем тізімдемесіндегі төлем жасалмаған адамның тегінің қарсы тұсына мөртабан басады немесе қолымен «Депонирленген» деген белгі қояды;

2) депонирленген сомалардың тізілімін жасайды;

3) тізімдеменің соңына жалақының нақты төленген сомасы мен депонирлеуге жататын жалақының алынбаған сомасы туралы жазба жасайды, осы сомаларды төлем тізімдемесінің жалпы жиынтық сомасымен салыстырып тексереді және өзінің қойылған қолымен бекітеді;

4) тізімдемеде нақты төленген соманы көрсетеді.

71. Тарату комиссиясының қызметкерлеріне қолма-қол ақша тарату өндірісіне байланысты мақсаттар үшін есепті түрде беріледі.

Ақшаны есепті түрде берудің негіздемесі тарату комиссиясының бас бухгалтері мен төрағасы қол қойған осы шығыстардың қажеттігін негіздейтін құжаттарды (тарату комиссиясының баянжазбасы, есептері, хаттамалары және басқалар) ресімдеу болып табылады.

72. Есепті тұлғалар есепті түрде берілген сомалар бойынша оларды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде, іссапарлық шығыстар бойынша іссапар мерзімі аяқталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде алынған сомалардың мақсатсыз жұмсалғанын растайтын құжаттарды (барлық растаушы құжаттар қоса берілген аванстық есептерді, тауарлардың немесе көрсетілген қызметтердің төлемі туралы чектерді) береді.

Есепті түрде берілген ақша мына жағдайларда:

1) мақсатсыз пайдаланылмағанда;

2) мақсатты пайдаланылғанын растайтын құжаттар болмағанда қайтарылуы тиіс.

Есепті түрде берілген ақша оларды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, ал іссапарлық шығыстар кезінде іссапар аяқталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей қайтарылуы тиіс.

73. Кассалық кіріс құжаттары, кассалық шығыс ордерлері мен баланстан тыс ордерлер нақты әрі түсінікті етіп толтырылады. Бұл құжаттарда ешқандай өшіру, түзету немесе жөндеу, тіпті келісілгендеріне де жол берілмейді.

Кассалық шығыс ордерлерінде оларды жасау негіздемелері көрсетіледі және оған қоса берілген құжаттарда тізбеленеді.

74. Кассалық кіріс және шығыс ордерлері қосымшаларымен бірге күні, айы және жылы көрсетіліп, кассирдің немесе оның орнындағы адамның «Алынды» немесе «Төленді» деген мөртабанымен немесе қол жазбасымен міндетті түрде жабылуы тиіс.

75. Жұмыс күнінің соңында кассир кассалық кіріс және шығыс ордерлері негізінде «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерiнде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда касса операцияларын және банкноталарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау операцияларын жүргiзу ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 3 наурыздағы № 58 қаулысының (Мемлекеттік нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 1482 тіркелген) талаптарына сәйкес бір күн ішіндегі кассалық айналымдар мен құндылықтардың қалдықтары туралы жиынтық анықтама жасайды және оның қорытындысын бухгалтерлік есептің деректерімен салыстырып тексереді. Салыстырып тексеру тарату комиссиясының кассирі мен бас бухгалтерінің қойылған қолдарымен расталады.

76. Тарату комиссиясы қолма-қол ақшаның қозғалысын және мақсатты пайдаланылуын есепке алу үшін осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес белгіленген нысан бойынша кассир қабылданған және берілген ақшаны (құндылықтарды) есепке алу кітабын (бұдан әрі – касса кітабы) жүргізеді, ол нөмірленуі, тігілуі және мөрмен жабылуы тиіс. Касса кітабындағы парақтар саны төрағаның (бөлімше басшысының), бас бухгалтердің және кассирдің қолдарымен расталады.

77. Касса кітабында өшіруге, келісілмеген түзетулерге жол берілмейді.

Қате түзетілген жағдайда «Түзетілді» деген жазба жасалады да, ол түзетілген күні көрсетіліп, тарату комиссиясы кассирінің және бас бухгалтерінің қолдарымен расталады.

Касса кітабын дұрыс және уақтылы жүргізуге бақылау жасау тарату комиссиясы төрағасының бұйрығымен бас бухгалтерге жүктеледі.

78. Күн сайын жұмыс күнінің соңында кассир бір күн ішіндегі операциялардың (кіріс және шығыс бойынша) қорытындысын есептейді, касса кітабындағы қолма-қол ақшаның қалдығын, сондай-ақ басқа да құндылықтардың келесі күнге қалған қалдығын шығарады, ол тарату комиссиясы кассирінің, бас бухгалтерінің және төрағасының (бөлімше басшысының) қолдарымен расталады.

79. Кассадағы қолма-қол ақша қалдығы мен бухгалтерлік есептің деректері арасында алшақтықтар болған жағдайда, бас бухгалтер бұл туралы алшақтық себептерін анықтау шараларын қолға алу үшін дереу тарату комиссиясының төрағасына (бөлімше басшысына) хабарлайды. Артық қалу немесе кем шығу расталған жағдайда акт жасалады.

80. Кассир касса жинақталған соң касса құжаттарын қалыптастырады және жинақтап тігеді. Кассалық құжаттарды қалыптастыру кезінде баланстық шоттар бойынша (нөмірлеудің өсу ретімен) кіріс және шығыс бойынша жеке-жеке іріктеледі. Мемориалдық құжаттар баланстан тыс шоттардың нөмірлері бойынша басында кіріс, содан соң шығыс құжаттары іріктеледі.

81. Касса құжаттары келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей әр күн үшін жеке папкаларға қалыптастырылады.

Жинақталып тігілген құжаттардың жинақталған деректері саналады және бір күн ішіндегі кассалық айналымдары туралы жиынтық анықтама деректермен салыстырылып тексеріледі.

Жауапты қызметкерлер қол қойған кассалық және мемориалдық кіріс және шығыс ордерлерінің бір күн ішіндегі кассалық айналымдары туралы анықтамалар кассалық құжаттардың алдындағы папканың басына орналастырылады.

82. Тарату комиссиясының төрағасы белгілеген мерзімде, бірақ тоқсанына кем дегенде бір рет қолма-қол ақшаны толық қайта санау (банкнотты - парақтап, монеталарды - топтамалар бойынша) және басқа құндылықтардың болуын тексеру арқылы кассаға ревизия жасалады. Кассаны ревизиялау өндірісі үшін төрағаның бұйрығымен акт жасайтын комиссия тағайындалады.

83. Ревизия барлық құндылықтарға тексеру жүргізеді және ақша мен құндылықтарды талан-таражға салу және кем шығу мүмкіндігін жасыра алмайтын жүйелілік бойынша жасалады.

Кассадағы құндылықтардың кем немесе артық шығуы анықталған жағдайда актіде кем шығу немесе артық қалу сомасы, олардың пайда болу жағдайлары көрсетіледі.

6-тарау. Активтерге иелік ету және

шағым-талаптарды қарау
84. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының активтері сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының меншікті мүлкін, бағалау құны бар мүліктік және жеке мүліктік емес игіліктері мен құқықтарын, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының басқа да талаптарын қамтиды және тарату массасын қалыптастыруға негіз болады.

Тарату массасына таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының меншік құқығына жатпайтын мүліктері енгізілмейді.

85. Тарату комиссиясы күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру ұйымының мүлкіне (активтеріне), жеке шоттарына, міндеттемелеріне, құжаттарына түгендеу жүргізеді, сондай-ақ таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уәкілетті қызметкерлерінің қатысуымен баланстық шоттар мен меморандум шоттарындағы барлық қалдықтарды салыстырады және қабылдау-өткізу актісі бойынша ұйымның мүлкі мен құжаттарын қабылдайды.

Болашақта бухгалтерлік есеп деректерінің дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында тарату комиссиясы жылына кем дегенде бір рет, сондай-ақ тарату комиссиясының төрағасы ауысқан жағдайда түгендеу жүргізеді.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының құрамы өзгерген (төрағасы ауысқан) жағдайда тарату комиссиясының жаңа құрамына (төрағасына) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкі мен құжаттарын қабылдау-өткізу күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде қабылдау-өткізу актісінің негізінде жүргізіледі.

86. Түгендеу жолымен анықталған таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының барлық активтері тарату массасына енгізілуі тиіс.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы тағайындалған күні сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының балансына енгізілмеген және түгендеу барысында анықталған активтері аралық тарату балансында көрсетілуі тиіс.

Осы Ереженің 85-тармағына сәйкес өткізілген түгендеу барысында анықталған мүліктің жетіспеушілігі аралық тарату балансына енгізіледі және жеке шотта есепке алынады.

87. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының барлық сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары, өзге де міндеттемелер жөніндегі шарттары қолда бар құжаттармен қоса беріліп, сипатталуы және кейіннен есепке алу-тіркеу құжаттарымен салыстырылуы тиіс. Алшақтықтар анықталған не құжаттар болмаған жағдайда акт жасалады.

88. Тарату комиссиясы мүлікке баға беру бойынша бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалаушыны тарта отырып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкіне (санаткерлік меншік объектілерін, материалдық емес активтердің құнын қоспағанда) баға береді.

89. Егер таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қолда бар ақшасы кредиторлардың және акционерлердің талаптарын қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болса, тарату комиссиясы Азаматтық кодексте белгіленген тәртіпте және кредиторлар комитеті бекіткен мүлікті сату жоспарына сәйкес жария сауда-саттық тәртібімен мүлікті сатады.

Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында кредиторлар комитеті болмаған жағдайда, мүлікті сату туралы шешімді, сондай-ақ Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкін сату жоспарын тарату комиссиясының төрағасы бекітеді және уәкілетті органға мәлімет үшін жібереді.

90. Тарату комиссиясы таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкін мына:

1) сатылатын мүлікке сол өңірдегі мүліктің ұқсас түрлеріне қойылған нарықтық бағасынан кем емес баға белгілеу;

2) мүлікті мүмкіндігінше неғұрлым жоғары бағамен сату;

3) мүліктің бағасын төмендетіп сатудан келетін шығындарды мүмкіндігінше азайту талаптары мен мақсаттарын ескере отырып сатады.

91. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дебиторлары берешекті өтеу есебіне, оның ішінде сот шешімін орындау есебіне мүлікті өткізу күніндегі мүліктің бағасы туралы есеп бар болғанда ғана мүлікті өткізуді жүзеге асырады.

92. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті тарату туралы шешім қабылдау нәтижесінде мүліктік құқығы мен заңды мүддесі бұзылған жеке және заңды тұлғалар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы арасындағы дауларды тікелей реттеу мақсатында оның тарату комиссиясына растаушы құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, жазбаша шағым-талаппен өтініш жасайды.

Кредиторлардың шағым-талаптарында талаптың мөлшері туралы (негізгі борыштың, сыйақының, тұрақсыздық айыбының және өзге де айыппұл санкцияларының, шығындардың мөлшері туралы жеке-жеке) мәліметтер қамтылады да, талаптың негіздемесі мен мөлшерін растайтын құжаттар (заңды күшіне енген сот шешімдері, шарттардың көшірмелері және басқа да құжаттар) қоса беріледі.

93. Тарату комиссиясы шағым-талапты алған күннен бастап оны күнтізбелік он төрт күн ішінде қарастыруы тиіс.

94. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы шағым-талапты қарастыру кезінде қойылған талаптың заңдылығын және оның негізділігін тексереді.

95. Шағым-талапты алған тарату комиссиясы өтініш иесінің негізделген талаптарын мойындайды және оған шағым-талапты қарау нәтижелері туралы жазбаша нысанда хабарлайды.

Шағым-талапқа берілген жауапта:

1) жеке тұлғаның тегі, аты және бар болса әкесінің аты, заңды тұлғаның толық атауы, шағым-талап берген өтініш иесінің және жауап жіберіліп отырған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының пошта деректемелері, жауап беріліп отырған шағым-талаптың жазылған күні мен нөмірі;

2) егер шағым-талап толық немесе ішінара заңды деп танылған жағдайда, орынды деп табылған сома, егер шағым-талап ақшалай бағалауға жатпайтын болса, оны қанағаттандыру мерзімі мен тәсілі көрсетіледі;

3) шағым-талап толық немесе ішінара қайтарылған жағдайда, шағым-талапты қабылдамауға негіз болған Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілеріне және құжаттарға жасалған сілтемесі бар қабылдамау негіздемесі көрсетіледі;

4) жауапқа қоса берілген құжаттар мен өзге дәлелдемелердің тізбесі көрсетіледі.

96. Егер шағым-талап толық немесе ішінара қабылданбаған жағдайда өтініш иесіне шағым-талаппен қоса алынған құжаттар қайтарылады, сондай-ақ шағым-талап берген өтініш иесінде олар жоқ болса, шағым-талаптың қайтарылуын негіздейтін құжаттар жіберіледі.

Тарату комиссиясының шағым-талапты кредитордың растаушы құжаттарды ұсынбауына байланысты қайтаруы кредитордың тарату комиссиясына шағым-талаппен және осы Ереженің 98-тармағында белгіленген шағым-талапты қабылдау мерзімі ішінде талап етілген құжаттарды қоса бере отырып, қайта өтініш жасауына кедергі келтірмейді.

97. Жауап арнайы немесе бағалы хатпен, оның жіберілуін белгілеуді қамтамасыз ететін басқа да байланыс құралдарымен жіберіледі.

98. Шағым-талапты беруге арналған мерзім сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ерікті таратылуы жөніндегі хабарландыру баспасөзде жарияланған күннен бастап есептеледі және кемінде күнтізбелік алпыс күнді құрайды.

99. Тарату комиссиясы шағым-талаптарды беруге, сондай-ақ барлық берілген шағым-талаптарды қарауға арналған мерзім өткеннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде активтер мен міндеттемелерге жүргізілген түгендеу нәтижелерін ескере отырып, аралық тарату балансын жасайды.

Филиалдары және (немесе) өкілдіктері бар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының аралық тарату балансы филиалдар мен өкілдіктердің аралық тарату баланстарын ескере отырып жасалады.

Аралық тарату балансы мен оның қосымшалары, оның ішінде кредиторлар талаптарының тізілімі акционерлердің жалпы жиналысында бекітіледі.

Тарату комиссиясы бекітілген аралық тарату балансының көшірмесін қосымшаларымен бірге уәкілетті органға ұсынады.

100. Тарату комиссиясы кредиторлар талаптарының тізілімін кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру, олардың мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында жасайды және Сақтандыру қызметі туралы заңның 72-бабында белгіленген кезектілікке сәйкес келуі тиіс.

Кредиторлар талаптарының тізіліміне даусыз болып табылатын және тарату комиссиясы мойындаған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы кредиторларының талаптары кіреді.

101. Егер шағым-талап берген кредитор бір уақытта таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының борышкері болып табылса, онда шағым-талапты қарау кезінде тарату комиссиясы ұсынылған құжаттарға сәйкес аралық тарату балансы бекітілгенге дейін кредитор мен борышкердің бір адам ретінде сәйкес келуін өзара талаптар сынағын өткізу туралы мәселені қарастырады және қалыптасқан айырма түріндегі соманы аралық тарату балансына қосады.

Өзара талаптар сынағы аралық тарату балансы бекітілгеннен кейін аталған кредитордың талаптарын қанағаттандырудың тиісті кезегі басталған кезде ғана жүргізіледі.

102. Соттардың шешімдері бойынша орындаушы құжаттар орынды деп танылған талаптар болып табылады және аралық тарату балансы мен орындалмаған сома мөлшерінде тиісті кезектілікпен кредиторлар талаптарының тізілімінде есепке алынады.

Ерікті таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ағымдағы шотына ұсынылған, заңды күшіне енген соттардың шешімдері бойынша атқарушы құжаттар кредиторлардың талаптарын есепке алу үшін тарату комиссиясының төрағасына беріледі.

7-тарау. Ерікті таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы кредиторларының талаптарын қанағаттандыру


103. Тарату комиссиясы аралық тарату балансы мен оның қосымшаларын бекіткен күннен бастап таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы кредиторларының талаптарын қанағаттандыруды жүзеге асырады.

104. Әр кезектің талаптары алдыңғы кезектің талаптары толық қанағаттандырғаннан кейін қанағаттандырылады.

105. Бір кезектің барлық орынды деп танылған талаптарын қанағаттандыру үшін таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкі жетпеген кезде таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ақшасы және (өзге) мүлкі осы кезектің кредиторлары арасында қанағаттандыруға жататын талаптар сомасына теңбе-тең бөлінеді.

106. Тиісті кезегі келген кезде кредитор талабы оның келісімімен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілдермен, оның ішінде ақша түрінде және (немесе) мүлікті оның бағалау құны, сондай-ақ баланстық және баланстан тыс шоттардағы дебиторлық борыштары бойынша заттай нысанда беру арқылы есеп айырысудың теңбе-тең қағидатын сақтай отырып қанағаттандырылады.

Шағым-талаптарды беру үшін тарату комиссиясы белгілеген мерзім өткеннен кейін, бірақ тарату балансын бекіткенге дейін қойылған кредиторлардың талаптары белгіленген мерзімде қойылған кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкінен қанағаттандырылады.

107. Тарату комиссиясы кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан не оларды қараудан жалтарған жағдайда, кредитор сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату балансы бекітілгенге дейін тарату комиссиясына арналған талап-арызбен сотқа жүгіне алады.

Белгіленген мерзімде берілген, бірақ тарату комиссиясы орынды деп танымаған, оларды қанағаттандыру туралы сот шешімі (атқару құжаты) бар кредиторлардың талаптары кредиторлармен есеп айырысу үшін белгіленген кезектілік тәртібімен орындалады.

Аталған талаптарды толық қанағаттандырғанға дейін есеп айырысқан кезектегі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру тоқтатыла тұрады.

108. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ерікті таратылған жағдайда шағым-талабы тарату комиссиясымен орынды деп танылған және кредитор талаптарының тізіліміне енгізілген кредитордың алдындағы міндеттемелерін нотариустың атына депозит талаптарында борышын енгізу арқылы орындау Азаматтық кодекстің 291-бабында белгіленген жағдайларда ғана мүмкін болады.

109. Тарату балансы бекітілгенге дейін ұсынылмаған кредиторлардың шағымдары өтелген болып саналады.

Сондай-ақ, егер кредитор сотқа талап-арызбен шағымданбаса, тарату комиссиясы орынды деп танымаған кредитордың талаптары және сот шешімімен кредиторға қанағаттандырудан бас тартылған талаптар да өтелген болып саналады.

110. Тарату комиссиясы кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкін Акционерлік қоғамдар туралы заңда белгіленген тәртіппен оның акционерлері арасында бөледі.

8-тарау. Ерікті таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру)

ұйымының кредиторлар комитетін қалыптастырудың

және қызметінің ерекшеліктері
111. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ерікті таратылған кезде кредиторлардың мүдделерін қамтамасыз ету және олардың қатысуымен шешімдер қабылдау мақсатында кредиторлар комитеті құрылады.

112. Тарату комиссиясы ерікті таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторлар комитеті құрамының тізімін аралық тарату балансы мен кредиторлар талаптарының тізілімі бекітілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қалыптастырады, оған тарату комиссиясының төрағасы қол қояды және екі жұмыс күні ішінде бекіту үшін уәкілетті органға жібереді. Тарату комиссиясы кредиторлар комитеті құрамының тізімін осы Ереженің 3-қосымшасына сәйкес белгіленген нысан бойынша жасайды.

113. Кредиторлар комитетінің құрамына кредиторлар талаптарының тізіміне енгізілген талаптардың ең көп сомасы бар кредиторлар Сақтандыру қызметі туралы заңның 72-бабында көзделген кредиторлардың әр санатынан бір-бір өкілден енгізіледі.

Тарату комиссиясы мұндай кредиторларға тарату өндірісіне қатысу үшін аталған кредиторларды кредиторлар комитетінің құрамына енгізу туралы ұсыныс жібереді.

Кредитордың жазбаша келісімі болған кезде ол кредиторлар комитетінің құрамына енгізіледі.

Кредиторлар комитетінің құрамына таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бұрынғы басшы қызметкерлері, сондай-ақ бұрын банктiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, жинақтаушы зейнетақы қорының тарату комиссиясының төрағасы немесе мүшесі болған, оларға қарсы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған, тарату рәсімдерін жүзеге асыру кезінде жүктелген міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған, жекелеген кредиторлардың мүдделеріне қысым жасайтын не басқаларға басымдық беретін іс-әрекеттерді орындаған фактінің(лердің) орын алуы белгіленген кредиторлардың өкілдері енгізілмейді.

114. Кредиторлар комитетіне енгізілген кредиторлардың саны кемінде үш адамды құрайды.

Кредитордың талаптары толық қанағаттандырылған жағдайда, ол кредиторлар комитетінің құрамынан шығарылады.

Мұндай жағдайда тарату комиссиясы кейіннен уәкілетті органға бекіту үшін кредиторлар комитетінің тізімін ұсына отырып, кредиторлар комитетінің құрамына өзгерту енгізеді.

115. Тарату комиссиясы комитеттің бірінші отырысын өткізу орны мен күні туралы кредиторлар комитетінің барлық мүшелеріне хабарлайды.

Кредиторлар комитетінің бірінші отырысы кредиторлар комитетінің құрамы бекітілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде өткізілуі тиіс. Кредиторлар комитеті бірінші отырыста дауыс беру рәсімінде дауыстар тең түскен кезде шешуші дауыс құқығы берілетін комитеттің төрағасын сайлайды. Кредиторлар комитетінің келесі отырыстары комитет анықтайтын тәртіпте және мерзімдерде шақырылады.

Кредиторлар комитетінің төрағасы комитеттің жұмыс жоспарын жасайды және бекітеді.

116. Кредиторлар комитеті:

1) тарату өндірісі барысында жасалатын барлық құжаттармен танысады;

2) кредиторлардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуы туралы шағымдарын қарауға қатысады;

 3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату өндірісі барысында кредиторлардың құқықтары мен мүдделерінің және Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуы туралы, оның ішінде тарату комиссиясы төрағасының және (немесе) мүшелерінің өз міндеттерін орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны туралы уәкілетті органға хабарлайды;

4) тарату комиссиясының іс-әрекеттері бойынша сотқа және уәкілетті органға шағымданады;

5) мүлікті сату саудасы мен тарату комиссиясының отырыстарын қоса алғанда, кез келген тарату рәсімдерін жүргізген кезде оған қатысатын кредиторлар комитетінің мүшелері арасынан кредиторлардың өкілдерін сайлайды;

6) тарату комиссиясынан таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жағдайы туралы ақпаратты беруін талап етеді;

7) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дебиторлық берешегін өндіріп алуға жатпайтын көлемді бекітеді;

8) тарату комиссиясы ұсынған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкін сату жоспарын бекітеді;

9) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жағдайын ескере отырып, тарату шығыстарының сметасын бекітеді;

10) жекелеген кредиторларды хабардар етудің мүмкін еместігі туралы тарату комиссиясының актісін бекітеді;

11) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының балансынан мүлікті есептен шығару туралы тарату комиссиясының актісін бекітеді.

Кредиторлар комитеті болмаған, сондай-ақ өзінің функцияларын орындамаған жағдайда, осы Ереженің 116-тармағының 7), 8), 9), 10, 11) тармақшаларында көзделген өкілеттіктерді тарату комиссиясының төрағасы жүзеге асырады.

117. Кредиторлар комитетінің отырысы хаттамамен ресімделеді.

Кредиторлар комитетінің шешімі «комитеттің бір мүшесі – бір дауыс» қағидаты бойынша отырысқа қатысушы кредиторлар комитеті мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады.

Кредиторлар комитетінің отырысы егер де онда құрамның кемінде 2/3 бөлігі қатысса, заңды болып табылады.

118. Кредиторлар комитетінің құрамына кірмей қалған кредиторлардың барлығы кредиторлар комитетінің құзыретіне кіретін мәселелер жөнінде кредиторлар комитетіне ұсынымдар беру құқығымен кредиторлар комитетінің отырысына қатысады.

9-тарау. Ерікті таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру)

ұйымының құжаттарын сақтауды және мұрағатқа

өткізуді ұйымдастыруға қойылатын талаптар


119. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына сақталуы тиіс құжаттарды есепке алуды, ресімдеуді және сақтауды қамтамасыз ету, оның ішінде мұрағаттарды және құжаттаманы басқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес тарату комиссиясының қызметіне байланысты мәселелер бойынша қойылатын барлық талаптардың орындалуын қамтамасыз етеді.

120. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының құрамы өзгерген жағдайда сақталуы тиіс істерді және құжаттарды тарату комиссиясының жаңа құрамына (оның жеке мүшелеріне) қабылдау-өткізуді ұйымдастыру таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының істерін және құжаттарын қабылдау-өткізу актісінің негізінде күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде жүргізіледі.

121. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметі нәтижесінде пайда болатын құжаттарының тізбесі сақтау мерзімін көрсете отырып, «Сақтандыру нарығының кәсіби қатысушыларының және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын сақтандыру агенттерінің құжаттарды сақтау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 27 желтоқсандағы № 182 қаулысында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6932 тіркелген) (бұдан әрі – Сақтандыру нарығының кәсіби қатысушыларының құжаттарды сақтау ережесі) белгіленеді.

122. Істер мен құжаттардың сақтау мерзімдерін есептеу іс жүргізу аяқталған жылдан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан бастап жүргізіледі.

123. Сақтауға жатпайтын құжаттарды жою мұрағаттарды және құжаттаманы басқару жөніндегі тиісті органның сараптамалық-тексеру комиссиясының келісімі бойынша тарату комиссиясының төрағасы бекітетін актімен ресімделеді.

124. Құжаттарды тиісінше ресімдемей және келіспей жоюға, сондай-ақ Сақтандыру нарығының кәсіби қатысушыларының құжаттарды сақтау ережесінде белгіленген құжаттарды сақтау мерзімдерін бұзуға жол берілмейді.

125. Таратылған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату толық аяқталған кезде де сақтау мерзімі өтпеген уақытша сақталуы тиіс құжаттары уәкілетті органның өңірлік өкілдіктеріне қабылдау-өткізу актісі бойынша беріледі.

126. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тұрақты сақталуы тиіс құжаттары тиісінше ресімделеді және тиісті мемлекеттік мұрағатқа сақтауға беріледі.

127. Істерді мұрағаттық сақтауға беруге дайындаған кезде құжаттардың есепке алынуын және сақталуын ұйымдастыруға жауапты тұлға тізімдемеге енгізілген істерді ресімдеудің, қалыптастырудың дұрыстығын және олардың санының таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының істер номенклатурасына сәйкес расталған істер санына сәйкестігін тексереді.

Құжаттарды беру тізімдемелер бойынша жүзеге асырылады және актімен ресімделеді.

Егер таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құжаттарын өңдеудің жай-күйі мен сапасы тиісті жағдайға сай болмаса, онда тарату комиссиясы оны ретке келтіруді ұйымдастырады.

Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құжаттарын сақтауды ұйымдастыру бойынша шығыстар таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаражаты есебінен жүргізіледі.

10-тарау. Таратуды аяқтау
128. Тарату комиссиясы таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторларымен және акционерлерімен есеп айырысқаннан кейін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акционерлерінің жалпы жиналысында бекітілетін тарату туралы есепті және тарату балансын жасайды.

129. Тарату комиссиясы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату балансы мен тарату туралы есебі бекітілгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оларды уәкілетті органға және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын әділет органына ұсынады.

130. Тарату комиссиясының өкілеттігі әділет органының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын таратуды тіркеу туралы, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құжаттарын мұрағатқа сақтау үшін өткізу туралы бұйрығын алған соң және осы туралы уәкілетті органға хабарлама жасағаннан кейін тоқтатылады.

11-тарау. Қорытынды ереже


131. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасы заңнамаларының нормаларына сәйкес шешілуі тиіс.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын ерікті тарату ережесіне
1-қосымша

__________________________________________________________

(таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атауы)

 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет