Алматыда жер сілкінісінің жиілеуінен қала тұрғындары жер үйлерге қызығып, көше бастады. Себебі көп адамдар көпқабатты үйлерде тұрудан қорқады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Stock

Жылжымайтын мүлік нарығында коттедждерге сұраныс артты. Жер сілкінісінен кейін тұрғын үй кешендері босап қалды. 4 наурыздағы дүмпуден кейін алматылықтардың дені қаладан кетіп қалған. Негізінен жер үйлердің тұрғындары қалыпты. Кешке қарай қалада көлік қозғалысы аз болды, тіпті кептеліп тұратын Әл-Фараби даңғылында көлік аз еді.

“Дабыл сөмкесін дайындап қойдық, бұған дейін мән бермеп едік. Суымызды құйып, оттықтарды алып, құжаттар мен азық-түліктерді салып алдық. Алматыдағы жер сілкіністері – объективті шындық және оны қабылдап, дайындалу керек”, – деді тұрғын.

“Кеше 15-қабатта жер сілкінгенін сездім. Бірдеңе жарылғандай болды. Төменнен бір соққы болғандай сезілді. Осыдан кейін үй қатты шайқалған жоқ. Яғни, ілулі тұрған заттарға қарағанда теңселмеді”, – деді алматылық тұрғын.

Алматының көпқабатты үйлердегі тұрғындарының көбі жеке үйге көшуді ойлап жүр. Сәулетші Жанна Спунер жер сілкінісі кезінде ғимараттардың төменгі қабаттарында тербеліс амплитудасы азырақ, ал жоғарғы қабаттарда тербеліс күші көбірек сезілетінін түсіндірді. Бірақ құрылыстың сейсмикалық төзімділігі ғимараттың биіктігіне байланысты емес, дейді сарапшы.

“Адамдарға “қорықпаңыздар” дегенге олар қорықпай қалмайды. Кеңес үкіметі кезінде мен өзім 16-қабатта тұрып, сонда талай жер сілкінісін бастан өткердім. Мен мұның бәрі қалай болатынын білемін. Адамдар қорқады, өйткені оларға жоғарыда үлкен масса бар сияқты көрінеді, бірақ шын мәнінде, егер сіз 9 баллдық сейсмикалық ғимаратта болсаңыз және елімізде негізінен барлық ғимараттар 7-9 баллға есептелген болса, онда бұл жеке үйге қарағанда қауіпсіздеу”, – деді сәулетші Жанна Спунер.

Жер сілкінісі кезінде жеке тұрғын үйлердің артықшылығы – көшеге жылдам шығуға болатындығы, дейді мамандар. Бірақ жеке тұрғын үй құрылыс нормаларына сәйкес салынуы керек.

“Қандай да бір тұрғын үй қазіргі стандарт талаптарына сай салынбаса, қатты зақымданып, тіпті құлауы мүмкін. Сондықтан жеке тұрғын үй салып жатқан азаматтарға үйді жер сілкінісіне төзімді құрылыс талаптарына сай тұрғызыңыз дегім келеді. Антисейсмикалық белдіктер орнатылуы керек, ал қабырғалардың арасында әрбір екі метр сайын темірбетонды қосындылары болуы керек”, – "ҚазҚСҒЗИ" АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқпаров.

Бір қабатты ғимараттың бәрін сейсмикалық қауіпсіз деуге болмайды. Жергілікті материалдан салынған, тозығы жеткен, саман үйлерді мамандар қауіпті деп санайды. Мұндай құрылымдарды қаланың шалғай аудандарында кездестіруге болады. Алматыда бір қабатты үйлерді ағаш жақтаумен салған тиімді екен. Ол тербеліс кезінде құлап кетпейді.

Айта кетейік, 6 наурызда Алматыда Қытайдағы тағы бір жерасты дүмпуінің күші сезілді. Оны 2 балл деп тіркеді.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.