Abstract graphic steppe view drawn in the technique of rough brush. Vector landscape in calm colors

Павлодар облысы Майқайың кентінінің бір бөлігін "жер жұтып қоюы" мүмкін деген қауіп бар. Жарқынбек Амантайұлы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжілісмен Майқайың кентіндегі апатқа тоқталып,  он күннен бері іздеу-құтқару жұмысы жүріп жатқанын айтты. 

"Жыл басында Баянауыл ауданы Майқайың кенті "Майқайың алтын" АҚ-да болған апат қабырғамызды қайыстырды. Автобуста отырған 4 адам кенеттен опырылған жер астына құлады. Олар кәсіпорында жұмыс істеген. Оның екеуі мерт болса, қалған 2 адамның тағдыры әлі де беймәлім. 10 күннен аса уақыт іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда автобустағы 2 адам әлі табылмады", — деді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутат пікірінше, қауіпсіздік шарасы сақталса, мұндай қайғылы оқиға болмас еді. Сондай-ақ құлаған жердің астында бұрын шахта болғанын ешкім ескертпеген деген дерек келтірді. 

"Тіпті үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген. Алайда техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті орын ретінде оқшаулап тастау керек еді. Дегенмен, бұл мәселенің басы ғана", — деді ол.

Жарқынбек Амантайұлы Майқайыңның бір бөлігін "жер жұтып қоюы" мүмкін деген қауіп барын айтты. Өйткені, бұрын онда шахтаның орны болған.  Бұл жағдайға кенттегі "Шанхай" шағын ауданының тұрғындары да алаңдап отыр.

"Олар шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен дейді. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кетеді екен. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан", — деп мәлімдеді депутат өз сауалында. 

Депутаттың айтуынша, кентте бүгінгі күні 10 мыңға жуық адам тұрады. Тек "Майқайың-Алтын" АҚ-да мыңнан аса жергілікті тұрғын жұмыс істейді.

"Майқайың алтын" компаниясының ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 миллион тонна кен өндірілген. Бұл – 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 миллион тоннадан аса кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген”,-деді ол. 

Алайда "Майқайың алтын" өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған. Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген.

“Енді осы акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипрда орналасқан Rence Enterprises LTD компаниясына тиесілі. Ол Милан Попович атты бизнесменге тиесілі. Қазақстан байлығына кенелген бұл байлардың ісін кім қадалауға алады?", — деді Жарқынбек Амантайұлы.

Осыған байланысты депутат премьер-министрдің бірінші орынбасары мен бас прокурорға өз ұсынысын жеткізді:

“Біріншіден, Майқайың кенішіндегі комиссияның жұмысын ашық әрі жұртшылықпен, жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып үйлестіру керек;

Екіншіден, барлық шахталық жұмыс жүргізілген аумақтарды анықтап, оларды қауіпсіздік ережелеріне сай оқшаулау керек;

Үшіншіден, шахтаның маңында орналасқан шағын ауылдың тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыру қажет;

Төртіншіден, еліміздің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетпей отырған шетелдік компанияларға заң бойынша қатаң шаралар қолданып, ескерту жасалуы керек;

Бесіншіден, апатқа және техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына түрткі болған жағдайға прокуратура әділетті бағасын беруі қажет”,-деп мәлімдеді Жарқынбек Амантайұлы.

Еске салайық, жұмысы тоқтатылған "Майқайың алтын" шахтасының маңында автобус жер астына құлап кеткен. Құтқарушылар шұңқырға құлаған автобустың бөлшектерін тапты. Екі адамның мәйіті табылды. Өзге адамдар іздестіріліп жатыр.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.