Амазонка өзенінің бассейнінде мыңдаған жыл бойы жасыл өсімдіктердің астында жасырынған өте үлкен ежелгі қала табылды. Ғалымдардың пікірінше, бұл жаңалық осы аймақты мекендеген адамдар туралы ойды түбегейлі өзгертеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасапхабарлайды. 

Фото: ВВС

Археологтардың пайымдауынша, қала шамамен 2500 жыл бұрын салынған, яғни оның жасы Римнен сәл ғана кіші және оны мыңдаған жыл бойы адамдар мекендеген.

Қала Эквадордың шығысындағы үстінде жанартау орналасқан Упано алқабында орналасқан. Ғалымдар жанартау мыңжылдықтар бойы осында өмір сүрген қауымның өмірін бұзбағаны таңғаларлық жағдай екенін айтады.

Оңтүстік Американың таулы аймақтарындағы басқа ежелгі қоныстарды зерттеулерде бұл жерлерді бұрын көшпенділер мекендеген деп саналған. Ол қоныстардың бәрі, оның ішінде Перудағы әйгілі Мачу Пикчу де бұл қаламен салыстырғанда шағын және қарапайым салынған.

Ғалымдар Упадан табылған қала көшелері мен алаңдарын байланыстырған жолдар мен каналдар желісінің күрделі екеніне таңғалды.

Ғалымдардың сөзінше, мұнда бір уақытта қанша адам тұрғанын нақты айту қиын, бірақ 10 мың адамнан кем емес екені анық. 

Қазба жұмыстары 300 шаршы километр аумақта жүргізілді. Өсімдіктер тығыз өскеніне байланысты ауданның барлық бөлігінде бірдей жұмыс істеу қиын болды.

Содан кейін ұшаққа орнатылған лазерлік хабар бергіштер (датчик) – LIDAR технологиясының көмегімен бұл учаскелер біріктіріліп, ежелгі қала қирандыларының нобайы жасалды. 

"Бұл қаланың жасы Амазонияда бізге белгілі кез келген басқа жерден үлкен. Осы кезге дейін басқа мәдениет пен өркениеттердің дамуы туралы айтқанда біз еуропалық көзқарасты басшылыққа алатын едік, бірақ бұл жаңалық тәсілді өзгертуге мәжбүр етті", – дейді Эквадордағы экспедицияны басқарған ұлттық ғылыми зерттеулер орталығының (CNRS) зерттеу бөлімінің басшысы, профессор Стефан Ростейн.

"Көпшілік бұл аймақта жалаңаш жүрген, қысылып-қымтырылып өмір сүрген және жер өңдеумен айналысқан адамдар өмір сүрді деп ойлайды. Бірақ біз ежелгі адамдар күрделі қалалық қауымдастықта өмір сүргенін көріп тұрмыз", — деді зерттеу авторларының бірі Антуан Дорисон. 

Зерттеушілер қаланың бар екеніне дәлелдерді 1970 жылдары тапты. Жұмыс 40 жалдан астам уақытқа созылды. Оның аяқталуына кейінгі жылдары пайда болған жаңа технологиялар көп көмегін тигізді.

Ғалымдар бұл жерді өңір атауына қарай килампе және упано деп атайды. 

Олар, болжам бойынша, ауылшаруашылығымен айналысып, жүгері мен тәтті картоп жеп, тәтті сыраның бір түрі — "чичу" ішкен. 

Кей жерлерде шұңқыр мен ошақтар, құмыралар, өсімдіктерді ұсақтауға арналған тастар мен жанып кеткен астықтың қалдығы табылған. 

Зерттеу тобының жетекшісі профессор Ростейннің сөзінше, осы жұмысты бастағанда әріптестері оған бұл іске бас сұқпауды айтқан. Себебі бұл аймақта ежелгі халықтар өмір сүрмеген деп есептелген.

"Бірақ мен өте қырсықпын, дегенімді істедім. Осындай үлкен жаңалық ашқаныма қуанышты екенімді жасырмаймын", — деді ол. 

 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.