Ғылым және жоғары білім министрлігі қашықтықтан оқыту бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарға өзгеріс енгізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Атап айтқанда, білім беру ұйымдарына қойылатын талаптардан және қашықтан оқу процесін ұйымдастыру қағидаларынан, сонымен қатар жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларынан педагогтерді қашықтан даярлау нормасы алынып тасталады.

"Білім туралы" заңның 37-2-бабының 2-бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда (тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізу) педагогика ғылымы және денсаулық сақтау саласында кадрларды қашықтықтан оқытуға жол берілмейді", — делінген толықтыруда.

Кадрларды даярлаудың басқа бағыттары бойынша қашықтан оқыту бүкіл оқу кезеңінде пәндердің жалпы санының 50%-нан аспайды.

Қашықтықтан оқытылатын пәндерді зерделеу кезінде жаппай ашық онлайн курс қолдану арқылы игеру көзделетін пәндерді қоспағанда, сабақ синхрон форматта жүргізіледі.

Сонымен қатар құқық, хореография, музыкалық өнер, авиациялық техника және технологиялар, құрылыс, теңіз техникасы мен технологиялары, әскери іс, ветеринария саласында кадрларды қашықтан оқыту бүкіл оқу кезеңіндегі пәндердің 20%-нан аспайды.

Құжат 13 наурызға дейін қоғам талқылау үшін Ашық НҚА сайтына орналастырылған.

Бұған дейін Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру саласында қашықтан оқыту әдісі енгізілетінін хабарлаған едік. Енді колледж студенттері де онлайн оқуға мүмкіндік алады.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.