Осы апта Ереван Арменияның Еуропалық Одаққа мүше болуға дайын екенін мәлімдеді. Мәлімдеменің артынан Армания Әзірбайжанның әскери позицияларына оқ жаудырғаны белгілі болды. Ал Израиль ХАМАС, Иран және Хизбола өзіне шабуыл жасайтынын, тұтқындар қайтарылмаса Рафахты атқылайтынын хабарлаған. Жағдайдың қиындауына қарамастан АҚШ Израильден Газадағы гуманитарлық заңды сақтауға кепілдік беруін талап етеді. Оған қоса Ресей Батысқа қарсы соққы беруге дайын екенін мәлімдеді. Осы және өзгеде әлемдегі саяси жаңалықтарға апталық шолу. 

Армения ЕО мүшелігіне үміткер болуға дайын 

Фото: euneighbours.eu

Армения Еуропалық Одақпен қарым-қатынасты тереңдетуге және ЕО мүшелігіне үміткер болуға дайын, деп мәлімдеді республика парламентінің спикері Ален Симонян.

“Біз ЕО мүшелігіне үміткер мәртебесін алуға дайынбыз. Көрсеткіштерге қарайтын болсақ, Арменияда демократия деңгейі ЕО-ға мүше кейбір елдерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Біз бұл мәселеге қатысты ойланғанымыз жөн, асығыс қадам жасаудың қажеті жоқ”, – деді ол. 

Оның айтуынша, Армения қауіпсідігін қамтамассыз ететін ең тиімді бағытты таңдайды.

“Қазір демократиялық ел болу – қауіпсіздікті қамтамассыз етудің басты жолы. Біз демократиялық жүйемен тығыз жұмыс жасауды көздейміз", – деді Симонян.

Симонян Армениядан Ресей әскери базасын шығару туралы сөз болмағанын айтты. Алайда ол бұл жүйенің жұмыс жасамайтынын алға тартқан. 

“Әскери база туралы сөз болған жоқ. Алайда біз бұл жүйенің жұмыс істемейтініне көз жеткіздік. Бұл қауіпсіздік жүйесінің жұмыс істемейтінін дәлелдеу үшін таға не істеуіміз керек?” – деді ол. 

Симонян Ресейді Түркия және Әзірбайжанмен бірге Арменияға қарсы процесске ат салысты деп айыптады

"Иә, біз физикалық тұрғыдан Түркия мен Әзірбайжаннан күшті емеспіз. Бізді қорғауға тиіс болған Ресей көмекке келмесе, қарсы тұра алмайтынымыз белгілі. Алайда Ресей біздің қауіпсіздігімізді қамтамассыз етіп отырған жоқ. Мен ұзақ уақыт бойы бірлескен жұмыс жүргізіліпп жатқанына сенімдімін. Мәселен Әзірбайжан қазір Ресей газын өз құбырлары арқылы Еуропаға сатып отыр", –дейді Симонян.

Симонян Таулы Қарабақтағы соғыс мәселесі бойынша Ресей мен Әзірбайжан немесе Ресей мен Түркия арасында келісім болғанын жоққа шығармады.

"Қазір Арменияның өз тәуелсіздігін сақтауға тырысып жатқанына таң қалудың қажеті жоқ. Біз шабуыл қай жақтан болады деп алаңдаулымыз. Соққының Әзірбайжан тарапынан жасалып, егемендігімізге қарсы бағытталатыны анық", – деп түйіндеді ол.

Армения Әзірбайжанның әскери позицияларына оқ жаудырды

Фото: iravaban.net

"Армения қарулы күштерінің бөлімшелері Басаркечяр облысының Юхари Шоржа елді мекені бағытында орналасқан позициялардан әзірбайжандықтардың позицияларына оқ атты. Шабуыл Келбажар облысы Еллиджа елді мекені бағытында болған", –  делінген Әзірбайжан таратқан хабарламада.

Әзірбайжан тарапы "жағдайды ушықтырмау және екі елдің шартты шекарасында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін” шабуылға жауап берілмегенін хабарлады. 

"Біз Арменияның әскери басшылығын соңғы бес айда шартты шекарада орнаған тұрақтылықты бұзуға және жағдайдың қайтадан бақылаудан шығуына бағытталған мұндай арандатушылықтарға жол бермеуге шақырамыз", – деп атап өтті Әзірбайжанның қорғаныс министрлігі.

Ал, армян тарапы, 24 ақпанда шамамен сағат 12:30-да Верин Шоржа ауданында армян позицияларына оқ атылғанын алға тартады. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.

Арменияның бұрынғы құқық қорғаушысы Арман Татоянның айтуынша, шабуыл Арменияның егеменді аумағында орналасқан Әзірбайжан позицияларынан жасалған.

Израиль Рамазан айында ХАМАС, Иран және Хизболланың өзіне шабуыл жасайтынын айтты

Фото: theaustralian.com

Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант рамазан айында ХАМАС тобы, Иран және "Хезболла" Израильге қарсы шабуыл жасайтыны туралы ақпарат алғанын мәлімдеді. 

"ХАМАС-тың басты мақсаты – Ғибадатхана тауы мен Иерусалимдегі жағдайға назар аудара отырып, 7 қазан басталған шабуылдардың екінші кезеңіне аяқ басу. ХАМАС-тың бұл әрекетін Иран мен Хизболла қолдайды”, – деді Галлат мәлімдемесінде. 

Ол ХAMAC-қа шабуыл басталғалы бері қол жеткізе алмай жүрген күшке қол жеткізуіне жол бермеу керектігін айтты. 

Осыған дейін АҚШ президенті Джо Байден Газа секторында атысты тоқтату туралы келісімге келесі аптаға дейін қол жеткізілетініне үмітті екенін айтқан болатын. 

Израиль Рафах пен Газа секторының орталығында операцияға дайындалуда

Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант бейсенбі күні Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласына жақын жерде және Газаның орталық бөлігінде операцияға дайындалып жатқанын хабарлады. 

"Біз ХAMAC-тың айналасындағы шеңберді жауып жатырмыз. Біз Рафахта, сондай-ақ орталық аймақтардағы босқындар лагерінде операцияның келесі кезеңіне өтуге дайындалып жатырмыз”, – делінген хабарламада.

Оның атап өтуінше, Израиль армиясы ХAMAC-тың жер асты тунельдерінің орналасуы бойынша ақпараттарға ие және оны жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.  

Сонымен бірге, министр бұл сектордағы шайқас ХAMAC-ты жеңгенше аяқталмайтынын мәлімдеді. Израиль тарабы ХАМАС тұтқынға алғандарды босатса ғана жеңілдік жасайтынын жеткізген. 

Бейсенбі күні кешке Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху армия Рафах пен Газаның орталығында ХАМАС әскерін жоюға күш салатынын айтты.

Нетаньяху бейбіт тұрғындар эвакуацияланады, гуманитарлық көмек жеткізіледі және халықаралық құқық сақталады деп уәде берді.

Нетаньяху Газа секторындағы әскери операцияны тоқтату туралы үндеулерді қабылдамайтынын атап өтті.

Батыс елдері, сондай-ақ Сауд Арабиясы, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт және Иордания Израильдің Рафахқа шабуыл жасау жоспарын сынға алды.

АҚШ Израильден Газадағы гуманитарлық заңды сақтауға кепілдік беруін талап етті

Фото: Anadolu Ajansı

Америка Құрама Штаттары Израильден Газа секторында американдық қаруды қолдану барысында халықаралық заңдарды сақтайтынына жазбаша кепілдік беруді талап етті.

Байден әкімшілігі Израильге наурыз айының ортасына дейін американдық қаруды қолданғанда халықаралық құқықты сақтайтынына және Газаға гуманитарлық көмектің жеткізілуіне рұқсат беретініне кепілдік беретін хатқа қол қою керегін айтты.

Америкалық қаруды қолданатын басқа да бірнеше елдерге осындай хаттар жіберілген.

АҚШ президенті Джо Байден 8 ақпанда ұлттық қауіпсіздік туралы меморандум шығарды. Онда ел Вашингтонға АҚШ қаруын жеткізбес бұрын халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес қаруды қолданатыны туралы “кепілдік" беруін талап еткен.

Егер белгіленген мерзімде кепілдіктер берілмесе, АҚШ қару-жарақ жеткізуді тоқтатады.

Израиль сияқты қақтығыстарға қатысқан елдер меморандум жарияланған күннен бастап 45 күн ішінде жазбаша кепілдік беріп, мемлекеттік департаменттің басшысымен растауы керек. Басқа елдерге 180 күн берілген. 

Газада халық гуманитарлық көмекке таласқан: 110-нан астам палестиналық қаза тапты

Фото: ВВС

Гуманитарлық көмек тиелген жүк көлігі Газа секторының аймағына кірген. Көмекті күтіп отырған халық, жүк көлігіне қарай жүгірген. Израиль әскері қауіп төндірді деген желеумен кейбір палестиналықтарға оқ жаудырыпты.

“Палестиналықтардың кейбірі гуманитрлық жүктерге таласып, бір-бірін итере бастаған. Оқиға салдарынан ондаған Газа тұрғын жарақат алып, қаза тапты”, – делінген хабарламада. 

Израиль әскері оқ ату арқылы бірнеше ескерту жасаған. Алайда жағдай бақылаудан шығып кеткен көрінеді. 

Тәртіпсіздік кезінде жүк көлігі алға жылжуға тырысқан. Куәгерлердің айтуынша, қаза тапқандардың басым бөлігін көлік басып кеткен.  Израиль билігінің өкілі Ави Хайман жағдайға қайғылы оқиға деп баға берді.

Ал Иордания әскери-әуе күштерінің ұшақтары Газа секторына гуманитарлық көмек тиелген жүкті парашютпен ұшырған.

Гуманитарлық көмектің ішінде азық-түлік, оның ішінде құндылығы жоғары дайын тағамдар болған. Көмек король II Абдалланың нұсқауымен Израиль шабуылдарынан Газа тұрғындарының азабын жеңілдету үшін жеткізілді делінген хабарламада. Иордания бұған дейін Газаға 13 рет әуеден көмек жіберген.

Мысыр президенті: Газа мен Израиль арасындағы қақтығыс жақын арада бітеді

Мысыр президенті Әбдел Фаттах ас-Сиси атысты тоқтату туралы келісім болатынын мәлімдеді. 

"Алдағы бірнеше күнде атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткіземіз", – деді ас-Сиси.

Мысыр басшысы Каир "палестиналықтарға көмек көрсетуді жалғастырады" деп қосты.

Макрон Украинаны зымырандар мен бомбалармен қамтамасыз ету үшін коалиция құруды көздеп отыр

Фото: Reuters

Эммануэль Макрон Франция өзінің серіктестерімен  бірлесе отырып, Украинаға ракеталар мен бомбалар беру үшін коалиция құратынын мәлімдеді. 

"Біз осындай коалиция құрамыз", – деді ол Парижде ұйымдастырылған Украина бойынша конференциядан кейін журналистерге.

Макронның айтуынша, коалиция Киевке ұзақ қашықтықты еңсере алатын зымырандарды жеткізуге көмектеседі.

Макрон осы уақытқа дейін батыс елдерінің Киевке әртүрлі қару түрлерін тасымалдауға қатысқан сегіз "коалиция" болғанын еске салды.

Макрон "Ресейдің бұл соғыста жеңіске жетпеуі үшін бәрін жасаймыз" деп қосты.

Еске салсақ, Франция Украинаға британдық "Storm Shadows" зымырандарының баламасы болып табылатын ұзақ қашықтықтағы SCALP зымырандарын жеткізген болатын.

НАТО Украинаға әскер жібермейді

НАТО Украинаға жауынгерлік бөлімшелер жіберуді жоспарлап отырмағанын айтты НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг.

"НАТО одақтастары Украинаға бұрын-соңды болмаған көмек көрсетуде. Біз мұны 2014 жылдан бері жасап келеміз. Бірақ Украинада НАТО-ның жауынгерлік бөлімшелерін орналастыру жоспарда жоқ", – деп мәлімдеді ол.

Бір күн бұрын Словакияның премьер-министрі Роберт Фико Еуроодақ басшыларының Париждегі кездесуі алдында НАТО елдерінің бірнешеуі Украинаға өз сарбаздарын жіберу идеясын қарастырып жатқанын хабарлаған болатын. 

Еске салсақ, жақында Германия, Франция, Италия және Канада сияқты бірнеше ел Украинамен қауіпсіздік туралы екіжақты келісімдер жасады.

Путин: Ресей Батысқа қарсы соққы беруге дайын

Фото: РИА Новости

Владимир Путин Ресей территориясына шабуыл жасаған жағдайда Батыс елдеріне жауап қайтарып, соққы жасауға дайын екенін айтты.

"Олар өздері біздің аумаққа соққы беру үшін нысандарды таңдап қойып, Украинаға НАТО контингентін жіберу мүмкіндігі туралы айта бастады. Кезінде еліміздің аумағына өз контингенттерін жібергендердің жағдайы не болғаны есімізде. Енді интервенттердің жағдайы одан да қиын болмақ. Олар бізде де нысанаға дәл көздейтін қауіпті қару бар екенін түсінуі керек", – деді Путин.

Ол өзінің жолдауында стратегиялық ядролық күштері толық дайын екенін мәлімдеген.

"Стратегиялық ядролық күштер кепілдік берілген пайдалануға толық дайын күйде. Мен 2018 жылғы жолдауымда айтқан қару-жарақ саласында жоспарлаған нәрсенің бәрі орындалды", – деді Путин.

Путиннің айтуынша, Батыс елдері Украинадағы, Таяу Шығыстағы қақтығысты қоздырған. Сонымен қатар ол Батысты "Ресей Еуропаға шабуыл жасауды көздеп отыр” деген жалған ақпарат таратуда деп айыптады.

2024 жылдың ақпан айының ортасында АҚШ билігі Ресейдің ядролық қаруға негізделуі мүмкін спутникке қарсы қару-жарақ жасап жатқанын хабарлады. Путин Ресейдің ғарышқа ядролық қаруды орналастыру жоспары туралы Америка Құрама Штаттары таратқан ақпаратты жоққа шығарды.

Сонымен қатар Путин Ресей Украинаға қарсы соғыста "гиперсоникалық" "Кинжал" және "Циркон" зымырандарын қолданып жатқанын растады.

Мойындалмаған Приднестровье республикасы Ресейден көмек сұрады

Мойындалмаған Приднестровье республикасы Молдованың экономикалық блокадасына байланысты Ресейден көмек сұрады.

Молдовадан бөлініп шыққан Приднестровье аймағы сәрсенбі күні "бұрын-соңды болмаған қауіп-қатер" жағдайында Ресейді "қорғаныс шараларын" жүзеге асыру арқылы көмекке шақырды.

Анклав 1990 жылдардың басынан бері ресейшіл сепаратистер бақылауында болды. Бірақ халықаралық деңгейде Молдованың бір бөлігі деп танылған.

Тирасполь қаласында өткен арнайы конгрессте депутаттар Ресей парламентінен "Молдова қысымының күшеюі" аясында Приднестровьені "қорғауды" сұрайтын қарар қабылдады.

Сондай-ақ ол халықаралық қауымдастықты шиеленістің артуына жол бермеуге шақырып, өтініш БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына, Еуропалық Парламентке, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына және қатысушыларға жіберілетінін айтты.

Ресей Приднестровье тұрғындарын қолдайтынын жеткізді. 

"Приднестровье тұрғындарының, біздің отандастарымыздың мүдделерін қорғау басым бағыттарымыздың бірі. Барлық өтініштерді Ресейдің тиісті органдары мұқият қарайды", – делінген Ресейдің сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Молдова бұған қалай жауап берді?

Молдова үкіметінің баспасөз хатшысы Даниэль Вода Приднестровьедегі шиеленістің ушықпайтынын мәлімдеді. Ол мойындалмаған республикадағы депутаттар съезін "насихаттық акция" деп атады.

Вода Приднестровье аймағында қазіргі уақытта шиеленісу мен тұрақсыздық қаупінің жоқтығын хабарлады. Оның сөзінше, Приднестровье аймағының да мақсаты – Молдова Республикасының бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау. Сонымен қатар бұл жағдай назар аударуды қажет етпейтінін жеткізген. 

Молдова мен  Приднестровье Арасындағы жағдай 2020 жылы Молдова президентігіне Майя Санду сайланған соң шиелініскен. Молдова президенті Тираспольге бірқатар қатал мәлімдемелер жасап, Приднестровье басшысы Вадим Красносельскиймен кездесуден бас тартқан. 

Жағдай 2024 жылдың басынан бері Молдова билігінің Приднестровьеге республика аумағы арқылы өтетін тауарларға баж салығын алу туралы шешімінен кейін қайтадан қиындай түсті.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.