Абайдельдинов Е



жүктеу 4.25 Mb.
бет3/17
Дата09.09.2017
өлшемі4.25 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

-ұлттық заң жобасы жоспарлары мен заңға сәйкес актілерді дайындау мен қабылдау жоспарларын үйлестіру;

-Үкімет басшыларының Кеңесі мен Мемлекетаралық Кеңес ұсынған үйлестірілген заңнамалық және заңға сәйкес актілерді қатар іске қосу;

-жасалған халықаралық шарттарың ережелері негізінде ұлттық заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу;

б) Парламентаралық Комитет қабылдаған үлгі заңнамалық актілерді заңшығармашылығында пайдалану;

в) заңнама жағдайы туралы өзара мәліметтер беру, заңнамалық, статистикалық және әлеуметтік экономикалық ақпараттардың базасын құру;

Заңда ұлттық заңнамасы мен жасалған халықаралық шарттардың, интеграцияны басқарушы органдардың шешімдері арасында қарама қайшылықтар болған жағдайда (мұндай қарама қайшылықтар өзара тиімді мүдделерді іске асыруға кері әсерін тигізуі мүмкін) аумақтық бірлестіктер мемлекеттерінің жауапкершілігі қарастырылмаған. Тек қана 7-бапта тараптар мұндай жағдайда ұлттық заңнаманы үйлестіру (жақындату мен унификациялау) жолымен немесе шешімдер мазмұнын өзгерту жолымен қарама қайшылықтарды жою үшін кеңес алмасулар немесе келіссөздер жүргізетіндігі жазылған.

Бұл жерде мемлекеттен жоғары ұлтүстілік органдарға көп өкілеттіліктер беру туралы мәселе туындайды, бірақ бұл сұрақ бөлек қаралады.

Унификация (лат. uni+facereбір жүйеге келтіру)ұлттық құқықтық жүйелердің нақтыланған жақындауы, соның нәтижесінде біртұтас жүйені құрауы. Неғұрлым толық құқықтың унификациялануы біртұтас федеративтік мемлекеттің аясында жүзеге асырылады, мысалы, мұны Ресей Федерациясында қазір РФ Президенті В.В.Путиннің басшылығымен федерация субъектілерінің құқықтарын федералдық Конституцияға сәйкестендіру процесінен көруге болады. Заңнаманы, құқықтық жүйенің басқа да элементтерін бір жүйеге келтіру Қазақстан мен Ресей тарихында да кездеседі. ХІХ ғасырда Ресей империясы 1864 жылы жүргізген Сот реформасынан кейін Қазақстанда 1898 жылы соттық құқықтық реформа нәтижесінде басқару жүйесі мен сот жүйесін унификациялау жүзеге асырылды. Бұл реформаның мақсаты болып сотты әкімшіліктен ажырату, сот процесінің жариялылығы мен жарыспалылығын енгізу, округтық соттар жүйесін ұйымдастыру мен 1909 жылы алқабилер сотын енгізу табылды. Жазылған ережелер негізінен декларация деңгейінде ғана қалғанымен, колониялық әкімшіліктің қысым көрсетуі өзгеріссіз жалғаса бергенімен, унификацияның туындауы еуропаланған (романо германдық жүйе сияқты) құқық жүйесінің қалыптасуына алып келді. Унификация процесінің жарқын мысалы болып бұрынғы Кеңес Одағының заңнамасы табылады. Ол кезде одақтас республикалардың Конституциялары еш өзгеріссіз Одақтық Конституцияның негізінде қабылданды. Ұлттық заңнама да дәл солай қалыптасты. Гармонизациялау және унификациялау процесі әр түрлі деңгейде және әр түрлі нысанда жүзеге асады. Қазір аймақтағы, мысалы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ұлттық құқықтық жүйелерінің унификациялануы үлгі кодекстер мен басқа да нормативтік құқықтық актілер негізінде жүзеге асуда. Бұл процестің маңыздылығы сондай, посткеңестік елдердің ұлттық құқықтық жүйелерінің унификациялануы мен гармонизациялануы процесіндегі үлгілі заңнаманың рөлі туралы бұл кітапта жеке тоқталамыз.

Контаминация (лат. contaminatio – араласу, қосылу) – бұл құқық субъектілерінің салыстырмалы теңдігі арақатынасында екі және көпжақты өзара әсер ету процесі.

Бұл процесс ең алдымен халықаралық құқық нормаларының, жаңадан құрылған мемлекеттерде, саяси құқықтық режимдерде, мысалы, қазіргі Ауғаныстанда ұлттық құқықтың қалыптасуын сипаттайды. Мұнда мемлекеттің құрылуы өзара қақтығысушы топтардың, тайпалардың, халықаралық ұйымдар мен Америка Құрама Штаттары, Англия, Ресей Федерациясы сияқты ірі державалардың контаминациясы жолымен жүргізілуде. Бірақ егер жекелеген тараптардың құқығы бұзылса немесе ауған мемлекеті мен құқығын қалыптастыру процесінен шығарылса, онда мемлекеттілік пен елдің қоғамдық өмірін бекітетін құқықтық нормалардың контаминациялық қалыптастырылуы жоққа шығарылады. Құқығы шектелген тарап үшін жаңа ауған мемлекеті жау, Солтүстік немесе басқа альянс пен шетел мемлекеттері трансплантациялаған мемлекет нұсқасы болады. Сондықтан кез келген ұлттық мемлекет пен құқықты құру кезінде халықаралық құқықты жасаудың басты негізгі тәсілі – «еріктердің келісімі» жоғары тұруы қажет. Бұл барлық саяси субъектілердің – осы кезде басым тұрғандардың да, бәсекелестердің де, ашық оппозициялық немесе конфронтациялық субъектілердің жалпы ұлттық диалогында көрінуі тиіс. Тек осы жағдай да елге халықаралық құқықтың толыққанды субъектісі болуға мүмкіндік беретін халықаралық құқық пен ұлттық құқық арақатынасының тиімді нысаны табылады. Құқықтың контаминациялық пайда болуы оны жасаушы этностар саны жағынан бірдей болғанда ғана мүмкін және бұл өте сирек кездесетін жағдай, құқық тарихында көбіне құқықтың алғаш қалыптасуы кезіндегі оқиға ретінде ғана кездеседі.

Ұлттық құқықтық жүйелердің өзара байланысын зерттеу өзекті болуда, өйткені ол болашақта адамзаттың бейбіт, үйлесімді қатар өмір сүруіне негіз болатын құқықтың жаңа түрінің, яғни метақұқықтың пайда болуына алып келуі тиіс. Метақұқық түсінігі ғылымға жақында ғана енді және шетелдер ғылымында (Америка Құрама Штаттарында, Ресейде) кеңінен қолданылуда. Қазақстандық ғалымдар ішінде метақұқық мәселелерін қарастыру бойынша даусыз басымдылық атақты құқық теоретигі, ғалым С.Ф.Ударцевқа тиесілі, ол «құқықтық эволюцияның жаңа кезеңінде құқықты түсінудің концепциясына мағыналық және құндылық түзету қажеттілігін» негіздеп, метақұқық деп аталатын құқық эволюциясының сатысын көрсетеді. Бұл жерде ғалым «құқықтық дамудың планеталыққа дейінгі деңгейінен кейінгісі ретінде метақұқықтың екі деңгейін: а) планетарлық немесе планеталық (нақтырақ өркениеттік) және б) гипотеттік өркениетаралық» бөледі. С.Ф. Ударцевтың пікірінше, «метақұқық – құқықтың терең табиғаты мен масштабын планеталық және ғарыштық деңгейде ашатын, құқық эволюциясы фазасының заңды және аяқтаушы құқықтық даму циклі» /29/.

Метақұқық туралы ғылымның дамуы ХХ ғасырдың басында «ноосфера» туралы идеяның пайда болуының заңды жалғасы болып табылады. В.И.Вернадский қазіргі адамзат Л. Агассистің (1807-1873) идеясын қайта жаңғыртқан А.П. Павлов (1854-1929) антропогендік (антропологиялық) эра деп атаған эрада өмір сүріп жатыр деп көрсетеді. Павловпен қатар, бірақ одан тәуелсіз Калифорниядағы Le Conte мен Жаңа Англиядағы К. Шухерт қазіргі эраны «психозойлық» деп атады. Мұны В.И. Вернадский ноосфераның (бұл сөзді ғылыми айналымға ХХ ғасырдың басында Леруа енгізді және гректің «ноос» - сана, «сфера»-жердің сыртқы қабаты деген сөзінен шыққан «сана патшалығы» деген мағынаны береді) пайда болуын білдіретін дәл анықтама деп санайды. Және тарих адамзатты бірігуіне, ноосфераға – біртұтас планеталық құрылым ретіндегі адамзат ұйымының болашақ бірлігіне алып келе жатыр дейді. А.Тойнби В.И. Вернадскийдің биосфераны ноосфера алмастырады деген гипотезасы түріндегі әлеуметтік эволюция идеясын қолдайды. Шынында да, ХХ және ХХI ғасырларда қатты белең алған жаһандану процестері осы ойшылдардың болжамын нақтылайды. Адамзат неше рет, өткір түрде дилеммаға жолықты: не ол жойылады, не әлемнің еш мемлекеті шет қалмай жалпы планеталық мәселелерді бірігіп, келісіп, контаминациялық шешу жолын табу. Сондықтан адамзат болашағы бізге жаһандық мәселелерді бірлесе шешетін әлемдік қауымдастықтың халықаралық құқықтың нормалары мен қағидалары негізінде үйлесімді, қатар өмір сүруі түрінде көрінеді.

Солай, кез келген ұлттық мәдениет басқалармен байланысты екен, олар тікелей қатынасқа түседі, әр түрлі нысандағы өзара әсері жүреді екен. Н.М. Карамзин былай деп жазады: «Халықтар үшін білім немесе ағарту жолы біреу; олардың барлығы ол жолмен бір бірінің артынан жүреді... Қандай халық екіншісінен қабылдамады? Асып түсу үшін қатарласуы керек емес пе?» /30/.

Қазіргі заманда басқа халықтардың «асып түсуі» өзектілігін жойды. Ол халықаралық қатынастарда ұлттық құқықтың жоғары болуы кезіне, халықаралық қатынастар күш арқылы шешілетін кезге тән болатын. Қазір халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидалары мен нормаларына негізделген әлемдік қауымдастықты құру міндеті тұр. Сондықтан халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың арақатынасы нысандары – тәжірибелік қызмет процесінде үнемі дамудағы, жетілудегі құбылыс.


1.3 Салыстырмалы құқықтанудың салыстырмалы әдісі мен әдістемесі

Ұлттар, халық, өркениет арасындағы байланыстың дамуымен салыстыру және салыстырмалы әдіс ғылымдағы өнімді әдіс ретінде қарқынды дамып келеді. Құқықтану да осындай сипатқа ие. М.Т. Баймаханов «салыстырмалы құқықтану мен мемлекеттану тек жеке ғылыми ғана емес, жалпы ғылыми әдістермен және көптеген зерттеу құралдарының жиынтығымен толықтырыла отырып жеке (салыстырмалы) әдіс шеңберінен асып, заң ғылымына бағытталған кең бөлімдердің біріне айналып отыр» деп жазады /31/.

Салыстыру арқылы құқықтағы даралық, ерекшелік және жалпылылық танылады, құқықтық құбылыстардың генезисі мен динамикасы танылады, салыстырылатын объектілердің жіктелуі мен жүйеленуі жүргізіледі. Құқықтық құбылыстарға салысырмалы тәсіл мәнісі құқық қолдануға бағытталған салалық құқықтанудың прагматикалық сипаттамасына қол жеткізуге және жеке заң институттарының ғылыми зерттеуге мүмкіндік беретін түсініктер мен категориялар деңгейіне көтерілуге жол беруінде жатыр. Салыстырмалы құқықтану кең етек жайып жатыр, өйткені қазіргі әлемде құқыққа талап өсіп келеді, мемлекетішілік және халықаралық сияқты қоғамдық процестердің жалпы танылған реттеушісі болып табылады. Құқықтың жалпы әдістері түрлі елдердің құқықтық жүйелері сипатымен ерекшеленеді, олардың мәні әлемдік интерграциялық процестер жағдайында төмендемейді. Жалпы және ерекше құқықты зерттеу мен білу, құқықтық жүйелерді салыстыру, ұлттық заңнамаларды жақындату жолын талдау тәжірибиелік маңызы арта түсуде.

Компаративистика Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында оқу пәні ретінде дайындалып жатыр. Бұл баяғы тарихи дәстүрмен байланысты. Англия және басқа да батыс еуропалық университеттерге қарама қарсы Ресейде құқықты зерттеу мен оқыту XVІІІғ бастап (одан кейінірек Қазақстанда да) салыстырмалы әдіс басымдылығымен негізделген. Өйткені Петр І құрған Ғылым академиясында 1758 ж құқықты зерттеу ғылым ретінде ресми түрде басталды, заң факультеті ашылды. Онда неміс ғалымдары шақыртылып, курстар оқыды: Бекенштейн – рим құқығы, Штубе – құқық теориясы және халық құқығы. Барлық ресейлік университеттерде (Мәскеу, Казань, Харьков) рим және батыс еуропалық құқықты неміс профессорлары латын, неміс, итальян тілдерінде оқыды, сондықтан ол жергілікті студенттерге түсінікті болмады. Тек 1768 жылы. неміс профессоры Дилтей мен Германияда білім алған оның шәкірті, алғашқы ресейлік құқық профессоры С.Е. Десницкий дәрістерді орыс тілінде оқи бастады.

Тарихи шындықтарға көз салсақ Ресей және басында Ресей империясы құрамына енген, кейін Кеңес Одағында болған жаңа мемлекеттер құқық жағынан дамыған батыс елдерін «қуалаушы» жағдайында болды. Бұл салыстырмалы құқықтанудың қарқынды даму қажеттілігіне әкелді және классикалық рим құқығы мен шет елдер құқығын зерттеу отандық заңнамалармен салыстыру үшін материал ретінде қызмет етті.

Кеңестік уақытта бұл айрықша сақтықпен және ыждағарлықпен жүзеге асты. Шетелдік мамандардың табысты жетістіктерін ескере отырып, кеңестік заңгерлер «салыстырмалы құқықтанудың басты мақсаты дамыған капиталистік мемлекеттердің құқық жүйесін тарату екенін буржуазиялық компаративистер жасырмайды» деп көрсетті және атақты француз ғалымы Р.Давидтің «Қазіргі кездің негізгі құқықтық жүйесі» кітабын сынай отырып, ол зерттеген құқықтық жүйелер классификациясын «эклектикалық», тіпті «ғылыми қалыптаспаған» деп атаған. (33, 150 б.). Бақытымызға орай, ол кезеңдер аяқталып, қазіргі кезде салыстырмалы құқықтану посткеңестік мемлекеттерде қарқынды дамып келеді, яғни қазіргі құқықтанудың және сол мемлекеттердің өзіндерінің құқық жүйесінің қалыптасуына әсер етуде. «Қазіргі құқық» ұғымы анықтамасы және мағынасы тұрғысынан диахроникалық аспектіні қамтиды: ол «қазіргі емес» (бұрынғы, алдыңғы) құқықтың диалектикалық дамуының нәтижесі болып табылады және «болашақ» құқықты қалыптастыратын негіз болып табылады.

Салыстырмалы құқықтанудың маңызды ерекшелігі оның ұлтішілік емес, ұлтаралық сипаты, ол жүйе ішіндегі (әр ұлттық құқық жүйе ішіндегі) мәселелерді зерттеуге және әр түрлі құқық жүйесінің салыстырмалы анализі тұрғысындағы ұлтаралық мәселелер анализіне бағытталған. /35, 81-84 б./.

Халықаралық және ұлттық құқық арақатынасын талдауда басым әдіс болып салыстырмалы құқықтану үшін негізгі болып табылатын салыстырмалы әдіс табылады. Сонымен қатар салыстырмалы-құқықтық материя мен ғылыми әдісті көрсету үшін бірқатар терминдер қолданылады. Мысалы, И.Я.Киселев «салыстырмалы құқық», А.Х.Саидов және К.Цвайгерт және Х.Кетц сияқты белгілі неміс ғалымдары «салыстырмалы құқықтануды» қолданады. Басқа да анықтамалар кездеседі: «салыстырмалы заңтану», «құқықты салыстырмалы зерттеу», «құқықтық актілер мен жүйелердің салыстырмалы анализі», «заңнаманы салыстырмалы зерттеу» және т.б. Ю.А.Тихомировтың айтуынша, «салыстырмалы құқықтану» термині «салыстырмалы құқық» терминімен салыстырғанда бай және мазмұны бойынша көлемді және кешенді сипатқа ие, ал ғылыми көзқарас бойынша «салыстырмалы құқықтану» термині мен түсінігіне «компаративистика» термині жақын. М.Н.Марченконың пікірінше, салыстырмалы-құқықтық материя мен процестер атауына аса келісімді, шындықты барабар көрсететін «салыстырмалы құқық», және «салыстырмалы құқықтану» терминдері. Сонымен қатар, оқулық атауына қарағанда, ғалым «салыстырмалы құқықтану» терминін артық көреді.

Біздің ойымызша, құқықты салыстырмалы зерттеу мазмұнына сәйкес келетін екі термин: «салыстырмалы құқықтану» және «компаративистика». Компаративистика зерттеу бағыты ретінде барлық ғылым салаларында дамитындығын ескере отырып, біз «құқықтанушылық компаративистика» сөз тіркесінің орын ала алатынын мойындаймыз, дегенмен ғылымда тұрақты қолданылатын «салыстырмалы құқықтану» терминін жоғарырақ бағалаймыз. Құқықтық құбылыстарды салыстыру процесі кезінде ұлттық құқықтық жүйелердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарының терең себептерін түсінуге мүмкіндік беретін қоғамдық өмірдің бірқатар аспектілеріне салыстырмалы анализ жасалады, нақтырақ айтатын болсақ, өркениеттік фактор – құқықтың тарихи, этникалық, географиялық және әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері, геосаяси фактор –жаhандық және аумақтық саяси-құқықтық процестер. Осындай кең анализ нәтижесінде нормативті құқықтық актілер және бірқатар ұлттық, шетелдік, аумақтық және халықаралық құқықтың жекелеген нормаларын салыстырмалы зерттеуге мүмкіндік туады.

Салыстырмалы құқықтану табиғаты мен мәртебесін анықтау мәселелерін шеше отырып, М.Н.Марченко: «ол өзіндік әлеуметтік мақсаты,өзінің жеке пәні, әдісі, қолдану аясы бар, заңи білім және заңи білім алу жүйесінде өзінің жеке ролі бар құрылымдық және функционалды тұрғыда басқа гуманитарлық ғылымдардан бөлек және оқшауланған заңи, ғылыми және оқу пәні» деп жазады.

Ю.А.Тихомировтың айтуы бойынша, салыстырмалы құқықтану ғылыми заң білімін саласын кеңейтеді және құқық жүйесіндегі теориялық-әдістемелік пәнмен қатар қолданбалы заңнаманың әдістемесін білдіреді.

В.С.Нерсесянц айтуы бойынша, жеке заң ғылымының әдісі (сонымен қатар салыстырмалы құқықтану әдісі) – бұл осы ғылым объектілеріне жататын мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды түсіндіруге қатысты қолданылатын жалпы заңдық әдіс. Салыстырмалы құқықтану объектісі – кез-келген бір-бірімен салыстырылатын мемлекеттік-құқықтық құбылыстар. Бұл жерде заң ғылымы объектілеріне жататын кез-келген құбылыс туралы айтылған. Салыстырмалы құқықтану пәні – салыстырылып отырған мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың түсіндірмелі-құқықтық қасиеті және мағынасы және формалды теңдік қағидасының нысаны ретінде олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары. Салыстырмалы құқықтану әдісі - формалды теңдік қағидасын білдіретін әр түрлі нысандар ретінде бір бірімен салыстырылатын әр түрлі мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды түсіндірмелі-құқықтық тануға қатысты қолданылатын жалпы заңдық әдіс. басқа заңды пәндердегіндей салыстырмалы құқықтанудың екі негізгі құрылымдық бөлігі, яғни жалпы және ерекше бөлімдері болады. Жалпы бөлімінде салыстырмалы құқықтанудың тарихы, теориясы, пәні және әдістемесінің мәселелері, жоғары білім және заң ғылымы жүйесіндегі салыстырмалы құқықтанудың орны мен ролі көрсетіледі, сонымен қатар отандық құқық жүйесінің салыстырмалы құқықтық зерттеулерінің негізгі бағыттары мен өзекті ғылыми міндеттерін олардың әлемдік құқықтық картадағы, шетелдік заң компаративистикасының жетістіктері, тенденциялары мен тәжірибесінде алатын орнын ескере отырып қарастырады. Ерекше бөліміне әртүрлі құқықтық (мемлекеттік-құқықтық) құбылыстардың нақты салыстырмалы-құқықтық зерттеулерінің барлық тақырыптары жатады, отандық және шетелдік құқықтың жеке нормаларын салыстырмалы (синхрондық немесе диахроникалық) талдаудан бастап ұлттық құқықтың бұрынғы және қазіргі негізгі жүйелерінің барлығын салыстырмалы-құқықтық зерттеулерге дейін және құқықтың жекелеген салаларын салыстырмалы-құқықтық зерттеуіне дейін (мысалы, конституциялық құқықтың, еңбек құқығыныңң жеке құқықтың салыстырмалы-құқықты зерттеуі) және т.б жатады. Қазіргі салыстырмалы құқықтану орбитасына жаңа обьектілер тартылуда. Салыстырмалы құқықтанудан шетелдік және халықаралық тәжірибе туралы ақпарат көруге болады, құқықтың жеке нормаларымен бірге құқықтық институттардың, салалардың және құқықтық жүйелердің жақындасуына (гармонизация, унификация, синхронизация) алып келуде. М.В.Погудинаның “Халықаралық құқықтың және ұлттық қылмыстық заңнаманың өзара әрекеттесуін зерттеудегі салыстырмалы әдісі” атты кандидаттық диссертациясында халықаралық құқық нормаларының ұлттық заңнама нормаларынан басым екендігін тануымен салыстырмалы әдістің мазмұны ашылады. Зерттеуші халықаралық құқықта салыстырмалы әдістің қолдану мақсаты тек қана айырмашылықтар мен ұқсастықтарды табумен ғана байланысты емес, сонымен қатар халықаралық құқықтың қағидалары, нормалары және институттарының қолданылуының әмбебаптылығы мен тиімділігіне байланысты деген Д.И.Фельдманның пікірін қолдайды және дамытады.

Бұл өте маңызды пайымдауды біз де қолдаймыз және зерттеу барысында толығырақ тоқтаймыз.

Құқық теориясының жаңа әдістемесі адамзаттың дүниені меңгерудегі әр түрлі және бай философиялық-әдістеме тәжірибесінің негізінде қарқынды дамуда. Әр бір философиялық-әдістеме мектебінің өзіндік бітіспейтін қарама-қайшылық тарихы бар (біреулері осы уақытқа дейін сақталған). Айтыстың өткірлігі уақыт өткенде жоғалады, бірақ әдістемелік қойнауында ғылымға сәйкестігі уақыт сынағымен тексерілген, яғни алалықсыздықты, жан-жақтылықты және зерттеудiң объективтiгін білдіретін тек қана маңыздысы қалады.

Құқық әдістемесі осы ғылым құқықтың пайда болуы, қызмет етуі, дамуын қандай әдістер мен тәсілдердің көмегімен және құқықты зерттеу негізінде қандай қағидалар мен әдістер жатқанын зерттеумен айналысады. Бұл жерде кез-келген әдістер мен құралдар жиыны болмайды, ол нақты ғылыми зерттеудің мақсаты және міндеттерімен анықталады.

Ғылыми зерттеудің әдістемесін анықтау ғылыми зерттеудің маңызды шарты болып табылады. Негізінен абсолютті ғылыми тұрғыда жасалуы тиіс бұл процедура Кеңес Одағы кезінде идеологиялық және саяси тұрғыдан жасалды. Сол себепті 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін кеңес заңгерлері марксизм-ленинизмнен бастау алатын, іргесі диалектика мен тарихи материализмге негізделген құқық ғылымының жаңа теориясын ұсынды. Сол кезден бастап әдістеме тек қана ғылыми зерттеулер әдістерінің жиынтығы ғана емес, қолданылатын әдiстердiң саяси негізі ретінде айқындалды. Осыдан бастап кеңестік құқықтану әдістемесінің «марксистік-лениндік дүниетануды қолдану туралы және оның теориясының, ұғымдарының гносеологиялық және идеялық қағидаларына негізделген, танудың әдіс-тәсілдеріне сай келетін ғылым» деген анықтамасы таралды /38, 17б/.

Осыған ұқсас анықтамалар тіпті 1980 жылдардың аяғында, «қайта құру» дәуірінде саяси жағынан өте ұстамды прибалтика заңгерлері мен кейбір шетел ғалымдарының еңбектерінде көрініс тапқан. Құқық туралды ғылымда кең тараған, идеологияға бағынбаған анықтаманы В.П.Казимирчук берген: «Ғылым әдістемесін құқықтық құбылыстарды зерттеуде логикалық әдістер мен арнайы құралдарды жүйенің материалистік диалектиканың теориялық қағидаларына негіздеп қолдану деп анықтауға болады».

Кеңес кезінде әдістеме түсінігі екі мағынаны білдірген десе де болады: 1. Зерттеушінің саяси ұстанымын білдіру; 2. Ғылыми зерттеудің жолдары мен тәсілдері.

Дегенмен біздің көзқарасымыз бойынша және посткеңестік ғылымның даму кезеңінде де осы екі жағдай өзінің ерекшелігін сақтаған. Ғалымдар көп жағдайда маркстік-лениндік бағыттағы өз көзқарастарын білдіреді (әдетте, жағымсыз, бірақ та осы ғалымдардың көбі осы бағытта ғалым ретінде қалыптасқанына қарамастан), өздерінің ғылымға, ғылыми мектепке және т.б. бағытқа ұстанымдарын нақтылайды. Бұл түсінікті де, себебі адамзат объективтік шындықты жан-жақты түсіну кезінде әр түрлі әдістер ойлап тапты және әлі де зерттеудің нәтижелі әдістерін іздестіруде. Сол себепті әр ғалым өзінің зерттеу объектісі мен бірге оны зерттеудің әдістерін көрсетеді.

Марксистік бағытқа қарсы батыс және бұрыңғы кеңес ғалымдары іргетасы ағылшын ғалымы А.Дж.Тойнбидің еңбектерінде қаланған өркениеттік бағыттағы мемлекет типологиясына сүйенеді. С.Ю Кашкиннің жазуы бойынша, қазіргі конституция мәні мен оның эволюциялық болашағына көзқарас ең алдымен тар «формациялық» емес, керісінше қазіргі әлем бірлігі мен даму динамикасын толық қамтитын кең және кешенді жалпы өркениеттік тұрғыдан шығуы керек.

Мемлекет типологиясын өркениеттік тұрғыдан қарастыру мемлекет пен құқықтың қызмет етуінің ішкі ерекшелігіне негізделген және ондағы басты зерттеудің объектісі болып мемлекет пен жеке тұлғаның арақатынасы табылады. Өркениет (цивилизация) сөзінің өзі (лат.тілінен civilis-азаматтық,мемлекеттік), көп жағдайда мәдениет синонимін білдіреді. Өркениеттік тұрғыдан қарастырудың жақтастарының айтуы бойынша, мемлекеттердің типологиясын қарастырудың ең объективті жолы дейді, өйткені ол қоғамдық өмірдің әр алуандылығын ескереді: адам өміріне оның халқының, мемлекетінің тарихы, ұлттық мәдениет (тілі, әдебиеті, ғылымы, діні, өнері) көп әсер етеді. Мемлекеттің географиялық орналасқан жері мен халықтардың бір-бірімен байланысы көп мазмұнға ие. Құқықтанудағы өркениеттік тұрғыдан қарастырудың нәтижелілігін мойындай келе біздің зерттеу мақсаттарымызға Дж. Тойнбидің негізгі әдістемелік қағидасы сай келетіндігін айта кетеміз. Оның ойынша, табысты зерттеу үшін зерттелетін алаң кез келген жеке өркениет облысынан кең болуы тиіс. Бұл екі немесе одан да көп өркениеттер кездесуі, өзара әрекеттесуі тиіс аумақ болуы қажет.

Географиялық және саяси-құқықтық тұрғыдан еуразиялық мемлекет болып табылатын Қазақстанға көп ұлттық мәдениеттің кездесуі, өзара әрекеттесуі, үйлесуі тән. Қазақстан үшін өткеннің тәжірибесі жүздеген жылдар қалыптасып, әрекет еткен мемлекеттілік пен құқықты тікелей қайта қалпына келтірумен емес, керісінше мемлекет пен құқықтың ұзақ тарихи даму кезеңін, басым этностың ділін, қазіргі полиэтникалық, экономикалық, геосаяси, құқықтық және басқа да жағдайларға бейімделген әдет-ғұрыптарын, дәстүрлерін көрсететін мемлекеттілік пен құқықтық жүйе құрумен оралуда.

Құқық қоғамдық қатынастар субьектілерінің теңсіздігі жоқтығынан дамиды және адамдардың өз құқықтары үшін күресуі (индивидтің қорғалуы ғана емес, оның басқа индивидтерден оқшаулануына алып келген) нәтижесі болып табылады. Сол себепті қоғамды ұйымдастырудың қауымдық нысанына ие халықтар құқықты қоғамдық қатынастардың басым реттеушісі ретінде әрдайым танымайды, бұл халықтарда айтарлықтай рөлге басқа әлеуметтік құндылықтар ие: мораль, салт-дәстүр, дін. Қоғамдық қатынастардың еуропалық түсініктегі құқықтық емес реттеушілерінің тиімділігі төмен және жұмсағырақ болады деуге де болмайды. Керісінше, мысалы, қазақ халқының әдет-ғұрыптық құқығында орын алған санкциялар ішінде өлім жазасы жиі қарастырылған, бірақ та жазалау түрі ретінде түрмеге қамау мүлдем кездеспеді, себебі көшпенділердің түсінігінше, жазалаудың мұндай түрі ең қатал болып есептелген.

Қазіргі қазақ халқының, тіпті көпұлтты Қазақстанның бар халқының діліне ұлттық өзгешелікке, Азияда және кішкене болса да бір бөлігі Еуропада жатқан біздің еліміздің дәстүрі, тарихи қалыптасқан өмір салтына, сонымен қатар еуропалық және жалпы әлемдік мәдени, оның ішінде құқықтық құндылықтарға сүйену қасиеті тән. Бұл дәстүр Әл-Фараби және кейінгі көрнекті қайраткерлердің ғылыми еңбектерінде жарқын көрініс тапты. Сол себепті жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақтың ұлттық зиялы қауымының ең көрнекті өкілі, «Алаш-Орда» партиясы көшбасшыларының бірі Ә.Бөкейханов, дәл сол уақытта кеңестік идеология берік бекітіліп, онымен қоса ғылыми зерттеулердің марксистік-лениндік әдістемесі басым бола бастағанына қарамастан, өзінің партиясының негізгі саяси көзқарастарын түсіндіре отырып, былай тікелей мәлімдеген болатын: «Біз - батысшылдармыз» /42, 39б./.

Егер де қазіргі уақыттағы ғалымдар марксистік-лениндік әдіснаманы «жалғыз ғылыми» ретінде мойындамаса да, бұл оның ғылыми әдіснамалардың бірі болып табылмайтындығын білдірмейді. Оның да барлық оң және жемісті жақтарын алу қажет. Бірінші кезекте – диалектико-материалистік әдіс, ол конъюнктуралық сынға қарамастан, әлі де өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді. Бұл ғылыми танудың жалпы тәсілі, ол барлық ғылымдарда, ғылыми танудың барлық сатыларында қолданылады. Диалектико-материалистік әдістің мазмұнын диалектикалық логиканың қағидалары құрайды: танудың жанжақтылығына және әділдігіне, тарихи және нақты тарихи тұрғысына және т.б. талап.

Диалектика ғылыми зерттеу әдісі ретінде дамудың тарихи үрдістерін логикалық түсіндіру тәсілі болып табылады. Логикалықтың және тарихилықтың байланыс диалектикалық концепциясы өзіне эмпирикалық құбылыстардың теориялық пайымдауын (өткеннің, қазіргі шақтың және болашақтың) белгілі бір арнайы бүтін – тарихи процестің өзара заңдық байланысқан сәттері ретінде енгізеді. Тарихтың ерекше теориясы ретінде, диалектика тарихылықты, әлемге тарихи көзқарасты (оның ішінде саяси және құқықтық құбылыстар әлеміне де), жалпы адамның өмір сүруі мен оның дамуының қажетті нысаны ретінде тарихты білдіреді.

Объективтілік қағидасы тану процесі барысында зерттелуші құбылыстар мен фактілердің объективті шынайылығынан, олардың әрекеттерінен,байланыстарынан және қарым-қатынастарынан бастау алу керектігін білдіреді. Ғылыми зерттеу кезінде танудың жан-жақты болу керектігі туралы талаптың маңызы орын аларлық. Егер объектінің қандай да бір байланысы және қарым-қатынасы зерттелмей қалса, онда бұндай жағдай өз артынан зерттелуші объектінің негізінің толық емес және нақты емес түсінілуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Қазіргі таңда диалектикалық логиканың түрлі амалдары көптеген құбылыстар мен оқиғаларға жан бере алады.

Мемлекеттің типологиясын формациялық және өркениеттік тұрғыда қарастыруды салыстырудың қажеттілігі бар ма? Мүмкін, жоқ шығар. Егер «Жапония – өзіне тән мәдениеті бар жоғары дәрежеде дамыған капиталистік мемлекет» деген сөзсіз түсінікті және даусыз түйін-ой төңірегінде ортақ сөзге келе алмайтын дау туындап, онда бір тарап «Жапония – жоғары дәрежеде дамыған капиталистік мемлекет» деген «ең дұрыс және ғылыми негізделген» тезисті дәлелдеп, ал екінші тарап мұндай дәлелді жоққа шығара отырып, «Жоқ, керісінше, Жапония – өзіне тән мәдениеті бар мемлекет» деген пікірді айтса, бұндай жағдай дау тараптарының екеуінің де мәселеге қатысты біржақты қатынастарының айқын көрінісі болады. Біздің пайымдауымызша, адамзаттың дамуын түсіну үшін бағытталған марксизмдік көзқарас та, өркениеттік көзқарас та бір-біріне қайшы келмейді, керісінше, бір объектіні әр түрлі тұрғыдан қарастырып, олар бірін-бірі толықтырып тұрады.

А.Б.Венгеров қазіргі таңдағы құқықтанудың даму жолдары туралы ойлай отырып, былай деп жазған: « ....көрініп отырғандай, диалектика XX ғасырдың соңындағы жаңа білімнің және жаңа тарихи тәжірибенің әсерімен өзінің әлеуметтік саладағы танымдық және болжамдық қабілетін жойып алды» /44, 328 б./. Шынында да, әлемде болып жатқан қоғамдық-саяси күрделі өзгерістердің, оқиғалардың, саяси-құқықтық жағдайлардың, экономиканың және т.б. дамуын болжау мүмкін еместігі ғалымдардың ғылыми тану диалектикасының түкке тұрмастығын, керісінше кездейсоқ процестердің салтанат құруы туралы, сонымен қатар мемлекеттің құқықтық жүйесінің ұлттық ерекшелігі білгілі бір объективті және заңды жағдайлармен айқындалғаны жөнінде айтуына мәжбүр етуде.

XX ғасырдың соңындағы орыс тілінің сөздігінде «синергетика (грек тілінен Synergetikos-ортақ) – синергизм құбылыстарын зерттейтін ғылым» деген анықтама берілген. «Синергизм» өзін-өзі ұйымдастырған жүйе компоненттерінің бірлескен әрекеттері деп түсіндіріледі; сонымен қатар әлемді және жекелеген жүйелерді біртұтас қабылдаудың ғылыми тұжырымдамасы ретінде қарастырылады. Штуттгар университетінің профессоры Г.Хаттен «синергетика» сөзімен тұрақты құрылымдар мен күрделі жүйелердің өзін-өзі ұйымдастыруына әкеліп соқтыратын көптеген жүйеішілік жүйелердің өзара әрекеттесуінің жиынтық және ұжымдық әсерін белгілеуді ұсынды /4, 702 б./.

Қазіргі таңдағы батыс ғалымдарының санауынша, өзара әрекеттесу,өзара әсерлесу алыс та, жақын да кезеңге егжей-тегжейлі болжамдалуы мүмкін емес өзара байланысқан объектілердің белгілі бір әсерлесуін білдіреді. Жеке тұлғадан бастап қоғамда, мемлекеттерде, әлемдік қоғамдастықта, Жерде және Әлемде жағдайды күні бұрын болжап айту жайында мәселе туындайды. Осы мәселе бойынша француз әлеуметтанушысы Эдгар Мореннің болжап айтуынша табиғатта болып жатқан барлық құбылысты айырмашылықсыз тұрақты басқарып келе жатқан жоғары заңдардың орнына "өзара байланыс туралы заңдар жайында көзқарас келді... Бірақ бұл әлі барлығы емес: детерменизм мәселесі Әлемдегі тәртіптің мәселесіне айналды. Тәртіп түсінігі қоршаған ортадағы тек қана "заңдардың" болуына қатысты емес, сонымен бірге тағы да: қандайда бір реттеудегі шектеулерді, инварианттылықтарды, белгілі қатынастардың тұрақтылығын білдіреді... Қандай болмасын айырмашылықтарды жоққа шығарушы ескі детерменизм түсінігі айырмашылықтарды анықтаушы детерминацияны қолдануға негізделген эволюциялық көзқараспен ауыстырылды "/45, 28 б./.

Нобель сыйлығының лауреаты И. Пригожин мен И. Стенгерс өздерінің әйгілі "Хаостан тәртіп " атты зерттеулерінде, Э. Мореннің ойын дамыта келе қоршаған ортада детерменизм де, кездейсоқтылықта бар екенін, сөйте тұра олар бір бірінен бөлек емес, керісінше, келісіп, бірін бірі толықтыратынын дәлелдейді. Зерттеушілер өздерінің жүргізген эксперименттерінің нәтижесінде өте тұрақсыз күйдегі жүйеге оның құрылымына, флуктуациясына қауіп төндіре әсер еткенде критикалық сәт келеді- жүйе бифуркация деңгейіне жетеді. Пригожин мен Стенгерс бифуркация деңгейінде жүйенің қандай күйге ауысып кететінін болжау мүмкін емес деп есептейді. Кездейсоқтылық жүйеден қалған жаңа даму жолына итермелейді, ал жол (көптеген болуы мүмкін жолдардың біреуі) таңдалғаннан соң, қайтадан детерменизм күшіне келеді- осылайша келесі бифуркация деңгейіне шейін болады /45, 28-29б/.

А.Б. Венгеров барлық ғылыми саладағы "шыни революциялық үзілістер" жайлы айта келе, диалектика- материалистік көзқарастар кейде "синергетикалық әлемқабылдаудың жеке жағдайына" кіретініне сілтейді және өзінің мемлекет және құқық теориясы оқулығында Пригожиннің цитатасымен синергетика сипаттайтын кәдімгі жағдайды келтіреді. Жүйе (саяси, құқықтық, экономикалық) әртүрлі әрекеттерге шалдығады (флуктуацияларға- ауытқуларға, қозуларға). Және егер жүйе тұрақсыз, дағдарыстық жағдайда болса өзара қатынас процесі (флуктуация) критикалық деңгейге жетеді-жүйенің жағдайы максималды түрде белгісіз, индетерминисттік, кездейсоқ бифуркация деңгейіне жетеді. Бұл халде- жағдайдың өзі жүйені белгісіз, кездейсоқ бағытқа итермелейді. Бұл жерде мүлдем мардымсыз кішкентай ғана тіпті байқаусыз әсердің өзі барлық құрылымда жүйе тудыруы мүмкін және барлық жүйеге айтарлықтай өзгерістер енгізуі мүмкін. Жүйе жаңа таңдау жасайды, және тек қана жаңа сапада, жаңа мазмұнда детерменизм қағидасына бағынады... Синергетика жаңа әлемдік көзқарас, әлемдік қабылдау сипатында қажетті (заңдылық, детерменирленген) және әлемдік құрылымның негізінің өзінде кездейсоқ түсінікті түпкіліктей өзгертуші әлемге көзқарас ретінде танылады /44/.

Шынында да, АҚШ-та 2001 жылы 11 қыркүйекте болған әлемдегі соңғы жағдайды «жаңа әлемді тану» саясаты деп дәлелдеуімізге болады, синергетикалық тенденция яғни адамзат дамуының алдын-ала болжап болмайтын сипаты және халықаралық құқықтық тәртіпте дәлелденген кездейсоқ процестердің болуы түгелдей әлемнің саяси және құқықтық даму бейнесін өзгертеді. Осыған қарағанда әр мемлекеттің аумағындағы халықаралық құқықтық нормалардың әрекет етуі проблемаларын дербес шешеді, өйткені халықаралық құқық міндеттемелерін орындау әдістерін қамтамасыз ету нысандары мемлекеттердің егеменді құқығына жатады деген құқықтанушылардың ұстанымдары өткенге кететін сияқты.

Сол кезде, бір күннің ішінде, адамзат шиеленіс пен саясатта халықаралық құқықтың рөлін күшейту дәуірінен басқаға, яғни бүкіләлемге бір мемлекеттің ықпалын жүргізу дәуіріне өтті. «Континент» (№39) журналының хабарлауынша 2001жылы 21 қыркүйекте АҚШ Президенті кіші Д.Бушты «қарқынды түрде қол шапалақтап қарсы алған сенаторлар мен конгрессмендердің алдында, барлығына қарсы соғыстың басталғандығы туралы мәлімдеді және басқа мемлекеттердің басшыларына қатысты Буш: «Сіздер бізбен, әлде террористермен біргесіндер ме және осы сәттен бастап террористерді жасырған мемлекеттер біздің жауымыз болады» -деп мәлімдеді. Лукадан Евангелияның: «Кім саған қарсы емес, сол сені қолдайды» деген сөзі кеңес дәуірінде былай бұрмаланып, «Кім бізбен бірге емес, сол бізге қарсы» деген ұранға айналды. 1930 жылдардан бастап Кеңес Үкіметінде күшейген тоталитарлық режимді көрсеткен және қазіргі бірден-бір ұлы державаның президенті қайталаған бұл ұран қазіргі таңда халықаралық және ұлттық құқықтың, халықаралық қатынастардың дамуы алдын-ала болжанбайтындығы туралы ойлануға алып келеді.

Бірақ Ауғаныстанда дамуы мүмкін жағымсыз оқиғалар туралы болса да, 2001жылы 11 қыркүйегіндегі трагедиялық жағдайдан екі жыл бұрын көптеген саясаткерлер және ғалымдар, соның ішінде Түркияда болған ЕҚЫҰ саммитінде және БҰҰ мерейтой саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев та осы туралы жеке көзқарасын айтқан болатын. Президенттің Қазақстан халқына «Жаңа жүзжылдықтағы мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі» деген Жолдауында «экстремизмнің барлық түрін күтпеген қастық деп қарамау керек. Оның өзінің пайда болуы мен себебі болады. Күш көрсетумен мәселе шешілмейді. Оның үстіне ол жауап қайтарады». Бұл «болжауды» әлемде орын алуы мүмкін және нақты орын алған оқиғаны материалдық тұрғыдан түсіндіру деп айтуымызға болады. Қазір Америкадағы трагедиялық оқиғадан кейін және жауап ретінде Ауғаныстанды бомбылау мен Ирактағы соғыстан кейін көпшілік бұның барлығына әр түрлі және сенімді түсінік береді.

Келтірілген мысал материалдық-диалектикалық ойлаудың жоғарлылығын және онда кездейсоқтық (синергетика) қосымша рөл атқаратындығын дәлелдей түседі. Кездейсоқтық - бұл адамзат әлі танылмаған заңдылық.

Өз кезегінде табиғат пен қоғамның даму заңдылығын бұрын танылмағаннан рационалдылықты түбірімен жоя алатын диалектік-материалистік әдіс әлде қайда тиімді анықтай алады. Осы бағыттың негізін қалаушы И. Пригожин өзінің атақты кітабын «Порядок из Хаоса» деп атауы бекер емес. Ескерте кете болсақ, танылатынның шекарасы бар екенін есте сақтаған дұрыс, дегенмен принципиалды танылмағанның бар екені осы уақытқа дейін ешкім дәлелдемеген. Жоғарыда талданған барлық үш әдістемелік көзқарастар: материалистік, өркениеттік, синергетикалық бір-бірін толықтырады және құқық пен ғылыми құқықтық теориялар мен құқық пайда болған кезден бастап дамыған салыстырмалы құқықтанудың негізінде жатыр.

Ғылыми әдістеменің көпқырлылығын уақыт талап етеді: әрдайым дамып жатқан әлемде құқықтың жаңа субъектілері пайда болуда және басты рөлді иеленуде. Соның ішінде жеке тұлғаның рөлі артуда, ол ХХ-ХХІ ғ. халықаралық құқық субъектілеріне айналып, ұлттық заңнаманың нормалары бұзған құқықтарын халықаралық сот инстанцияларында қорғау мүмкіндігін алуда. Ұлттық және халықаралық құқық нормаларының қалыптасуының маңызды факторына бюджеті көп жағдайда бір мемлекеттің бюджетінен асып түсетін трансұлттық компаниялар айналуда. Халықаралық құқық субъектісі ретінде ұлттар, нәсілдер және өз мемлекеттілігі үшін күресушілер де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Қазіргі таңда халықаралық қатынастарда басты рөлде мемлекет, бірақ олармен бірге бәсекелестікке трансұлттық компаниялар және мемлекеттің, нәсілдің немесе өз елінде басшылыққа үміткер топтар символына айналған жеке тұлғалар да түсуде.

Сонымен, қазіргі ғылым әдістемесі диалектік-материалистік, өркениеттік және синергетикалық әдістемелік тәсілді синкретистік қолдануға негізделген. Зерттеудің салыстырмалы әдісі барлық ғылымдармен шектеусіз қолдануда, соның ішінде заңды ғылым да бар. Сондықтан бұл әдісті тар мағынадағы арнайы әдістерден гөрі жалпы ғылыми топқа жатқызған дұрыс. Қазақстан Республикасында жасалатын нормативтік құқықтық актілердің бірде-біреуі тек қана қазақстандық заңнамаға сүйеніп жасалмайды. Әрқашан алдын ала осындай нормативтік құқықтық актілер жасалып жатқан немесе қабылданған елдің тәжірибесі зерттеледі. Сондықтан салыстырмалы құқықтанудың ішінен тар мағынадағы арнайы әдіс ретінде «салыстырмалы құқықтануды» бөліп көрсетуге болады. Салыстырмалы әдіс халықаралық шарттарды дайындау процесінде, мемлекеттің ұлттық заңнамасындағы кемшіліктерді анықтау процесінде, халықаралық, аумақтық және ұлттық нормалардың айырмашылығы мен ұқсастықтарын анықтауда, ұлттық нормалардың тиімділігі мен халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидаларының жүзеге асу деңгейін бағалауда маңызды рөл атқарады. Ұлттық және халықаралық құқықтың арақатынасы мәселелерін дайындау қазіргі құқықтануда өзекті болуда. Сонымен қоса салыстырмалы құқықтану ғылымда дамушы бағытқа ие, ал ондағы салыстырмалы әдіс ақырындап жалпы ғылыми әдіске айналуда.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет