Абайдельдинов Е



жүктеу 4.25 Mb.
бет5/17
Дата09.09.2017
өлшемі4.25 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

2.2.Халықаралық құқық нормалары мен қағидаларының Қазақстан Республикасының қазіргі құқығы иерархиясындағы орны

Қазақстан Республикасының қазіргі құқығының иерархиясындағы халықаралық құқық нормалары мен қағидаларының орнын қарастыра отырып, біз теориялық және практикалық мағынадағы екі аспектіні көрсеттік:

1.теориялық аспект, саяси құқықтық сипатқа ие: жалпы мойындалған халықаралық құқық нормалары мен қағидалары және Қазақстан Республикасының Конституциясы арақатынасы мәселесі.

2.практикалық аспект, халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының қазіргі құқығының иерархиясындағы орны.

Бірінші мәселенің өзектілігі мына жағдаймен байланысты: посткеңестік елдерде құқықтық жүйе орнығып, ұлттық заңнама сәтті әрекет етуіне қарамастан, халықаралық құқық нормалары мен қағидаларының елдің ұлттық құқығының негізгі қайнар көзі  Конституция арақатынасына қатысты даулар жиі туындайды. Бұл мәселеге екі түрлі тұрғыдан қарастыру 1996 жылы Нижний Новгород қаласында өткен «Ресейлік құқықтық жүйе және халықаралық құқық: өзара қарым қатынастың қазіргі мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференцияда талқыланды. Бірінші аспектіге сәйкес, халықаралық құқық нормалары Ресей Федерациясының Конституциясынан және ұлттық заңнамадан басым болады. Екінші аспектіні жақтаушылар халықаралық құқық нормалары мен қағидаларына қатысты ұлттық құқықтың басымдылығы айқын деп санады. Конференция соңында қатысушылар Ресейдің қазіргі құқықтық жүйесінде халықаралық құқық нормалары мен Ресей Конституциясы және басқа да актілердің арақатынасын анықтайтын заңды әдіс тәсілдер жоқ деп көрсетті.

Қазақстанда Конституцияның 4 бабының 2 тармағына сәйкес, Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады делінгенмен, халықаралық құқық нормалары мен конституциялық нормалары арақатынасына қатысты ғалымдардың көзқарастары кереғар келеді.

А.А.Черняков Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады деп жазды /20, 47-60 б./, М.Т. Баймаханов керісінше, ұлттық құқықтық жүйеде бірінші орында республика бекіткен халықаралық актілер емес, Конституция тұру керек деп есептейді /21/. Халықаралық құқық пен ұлттық құқық арақатынасындағы Конституцияның үстемдігі туралы жаза отырып, А.К.Котов «Елдің Конституциясынан халықаралық шарттардың басымдығын көрсету мемлекеттер немесе халықаралық ұйымдардың ерікті келісімі негіз болатын халықаралық құқықтың өзіндік табиғатының беделін түсіру... Халықаралық құқық нормаларының абсолютті басымдығын әлемдегі бірде бір мемлекет мойындамайды» дейді /22/. Шынымен, Негізгі заң ережелеріне сәйкес, Қазақстан Республикасының Конституциясы ең жоғары заңды күшке ие, конституциялық нормалар халықаралық нормалардың басымдылық пайдасына қайта қаралмайды және ратификацияланған халықаралық шарттардың нормалары одан басым күшке ие бола алмайды.

Конституцияның басымдығы туралы ережелер посткеңестік елдердің Негізгі заңдарында да кездеседі. Өзбекстан Конституциясының «Конституция мен заңдардың басымдығы» атты ІІІ бөлімнің 15 бабында былай көрсетілген: «Өзбекстан Республикасында Өзбекстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының сөзсіз басымдығы мойындалады». Ал 16 бап осы ережені нақтылай түседі: «Бірде бір заң немесе нормативтік құқықтық акт Конституция қағидалары мен нормаларына қайшы келе алмайды».

Тәжікстан Конституциясының 10 бабына сәйкес, Конституция ең жоғары заңды күшке ие және оның нормалары тікелей әрекет етеді. Конституцияға қайшы келетін заңдар мен өзге де құқықтық актілердің заңды күші болмайды. Сонымен бірге, Тәжік Конституциясының «Тәжікстан мойындаған халықаралық құқықтық актілер республика құқықтық жүйесінің негізгі құрамдас бөлігі болып табылады және республика заңдары мен халықарлық құқықтық актілердің арасында сәйкессіздіктер туған жағдайда, халықаралық құқықтық актілердің нормалары қолданылады» делінген ережесін халықаралық шарттардың нормаларының Конституциядан емес, мемлекет заңнамасынан басымдығын мойындау деп бағалауға болады. Қырғыз Республикасы Конституциясы II бөлімінің 12 бабына сәйкес, Республика бекіткен мемлекетаралық шарттар мен басқа да халықаралық құқық нормалары Қырғыз Республикасы құқықтық жүйесінің негізгі және бөлінбес бөлігі болып табылады.

Ұлттық құқық пен жалпы мойындалған халықаралық құқық нормалары мен қағидаларының арақатынасы жеткілікті түрде Ресей Федерациясы Конституциясының 15 бабында бекітілген. Онда ел Конституциясы жоғары заңды күшке ие және мемлекеттік билік органдары, жергілікті өзін өзі басқару органдары, лауазымды тұлғалар, азаматтар және олардың бірлестіктері Ресей Федерациясы Конституциясы мен заңдарын сақтауға міндетті және сонымен бірге, жалпы мойындалған халықаралық құқық нормалары мен қағидалары, Ресей Федерациясының халықаралық шарттары оның құқықтық жүйесінің ажырамас бір бөлігі делінген.

Сонымен, егер ұлттық Конституцияның посткеңестік елдердің жаңа даму сатысында жалпы алғанда барлық нормалардан, соның ішінде ел бекіткен халықаралық шарттардан басымдығы айқын болса, Конституция мен жалпы мойындалған халықаралық құқық қағидалары арақатынасындағы басымдылық туралы сұрақтар туындайды және бұл олардың уақыт бойынша ерте пайда болуымен және кейбір халықаралық құжаттарда халықаралық құқық қағидаларының бекітілуімен байланысты. БҰҰ–ң 2000 жылы болған саммитінде қабылданған Декларацияда мемлекеттердің құқықтық жүйесін жалпы қабылданған халықаралық құқық нормалары мен қағидаларына сәйкес дамытуды басып айтылды.

Қазіргі кезде бұрынғы Кеңес Одағы елдері, соның ішінде Қазақстан Республикасы өздерінің құқықтық жүйесін жалпы мойындалған халықаралық құқық қағидаларына сәйкестендіруді қажет деп санайды.

«Жалпы мойындалған халықаралық құқық нормалары мен қағидалары» түсінігіне талдау жасаған кезде белгілі бір қиындықтар туындайды. А.И.Зыбайло «жалпы мойындалған халықаралық құқық қағидалары» түсінігіне анықтама беруде ғылыми әдебиеттерде де, соынмен қатар халықаралық және мемлекетішілік актілерде көзқарастардың бірлігі жоқтығынан, халықаралық құқық пен ұлттық құқық арақатынасын бағалауда елеулі қиындықтар туады деп көрсетті /23,23б./. Б.Л.Зимненко жалпы мойындалған халықаралық құқық нормалары мен қағидалары түсінігіне негізгі қайнар көздері халықаралық әдет ғұрып болатын көптеген мемлекеттер мойындаған жалпыға міндетті тәртіп ережелерін жатқызуды ұсынды /24/. Ю.А.Тихомиров «халықаралық құқық қағидалары оның нормалары болып табылады, және халықаралық құқықтың әдеттегі нормаларынан өзінің айрықша белгілерімен және халықаралық қатынастардың басты мәселелерін қозғауымен ерекшеленеді» деп есептейді /3/.

Жалпы қабылданған халықаралық құқықтық қағидалардың пайда болу тарихы олардың Еуропада, Азия кеңістігінде де қалыптасқанын көрсетіп отыр. 1954 жылы 29 сәуірде Үндістан мен Қытайдың Тибет ауданы арасындағы сауда және байланыс туралы келісімінде алғаш рет Джавахарлар Неру құрған «панча шиланың» бейбіт өмір сүруінің бес қағидасы атап көрсетілді: 1. аумақтық тұтастық пен егемендікті өзара құрметтеу 2. басып кірмеу 3. Бір бірінің ішкі істеріне араласпау 4. теңдік және өзара табыс 5. бейбіт өмір сүру/25, 353 б./.

Ең алғаш рет хинди тілінде айтылған осы бес қағида әлемде кең мойындалып, қолдауға ие болды және кейін халықаралық құқықтық негізгі қағидаларының қалыптасуына негіз болды. Халықаралық құқықтың осы қағидалары заңды түрде 1970 жылы 24 сәуірдегі БҰҰ-ң мемлекеттер арасындағы достық қатынастар және ынтымақтастыққа қатысты халықаралық құқық қағидалары туралы Декларациясында бекітілді. Декларацияда негізгі қағидалар қатарына мыналарды жатқызды: күш қолданбау, дауларды бейбіт жолдармен шешу, ішкі істерге араласпау, ынтымақтастық, ұлттардың өзін өзі билеу және тең құқықтылығы, егемендік теңдігі, халықаралық құқық бойынша міндеттерді адал орындау. 1975 жылы 1 тамызда Хельсинкиде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Кеңесінің Қорытынды Актісінде осылардан басқа үш қағида бекітілді: аумақтық тұтастық, шекаралар мызғымастығы, адам құқығы мен бостандығын құрметтеу. Сонымен қатар, қағидаларға БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарлары арналған.

Егер халықаралық құқықтың жалпы мойындалған қағидаларының негізі қайнар көзі БҰҰ Жарғысы болса, онда халықаралық құқықтың жалпы мойындалған нормаларының бөлінуі 1969 жылы қабылданған Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена Конвенциясының 53 бабына негізделуі керек. Бұл баптың қалыптасуына қарай халықаралық құқықтың жалпы міндетті нормасы болуы үшін ол барлық мемлекеттердің халықаралық қауымдастығында бірауыздан қабылданып, мойындалуы міндетті. Біздің елдің әдебиеттерінде, шет ел ғалымдарының еңбектерінде де «барлық» деген сөз әлемдегі барлық мемлекеттер дегенді білдірмейді, себебі 200 мемлекеттің барлығы және басқа субъектілер бірауыздан келісімге келу мүмкін емес. Халықаралық құқықтың осы қағидалары мен нормаларын халықаралық қауымдастықтың көпшілік бөлігі мойындауы, пайда болуы мен мәртебесіне қарамастан, осы қағидалар мен нормаларды жалпы мойындалған деп айтуға болады.

Халықаралық құқық қағидаларларының нақты санын айту қиын, мысалы, 1978 жылғы шарттарға қатысты мемлекеттердің құқықмирасқорлығы туралы Вена Конвенциясы жалпы мойындалған екі қағиданы көрсетті: ерікті келісім және адалдық және pasta sunt servanda (курсив біздікі -А.Е.). Бұл қағидалар жоғарыда аталған қағидаларға қайшы келмейді, керісінше оларды толықтыра түседі.

Халықаралық құқық ғылымындағы түсініктерді жинақтай келе, халықаралық құқық қағидалары мен нормаларына барлық мемлекеттерге міндетті болатын және императивті күшке ие қағидалар мен нормаларды жатқызуға болады.

Құқық қағидасының «мойындалуы» оны нақты сақтау мен орындаудан білінеді. Бұл жерде Қазақстан Республикасы Конституциясының 8 бабы біздің ойымызша сауатты емес сияқты. Ол бапта: «Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер арасында ынтымақтастық мен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір – бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартады» делінген.

Бұл конституциялық ереженің дамуы 2001 жылы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Конституциясының 6 бабының 1,3 тармақтарына, 8 бабына, 66 баптың 5 тармағына ресми түсінік беру туралы» №1/2 Қаулысында былай делінген: «Қазақстан Республикасы Конституциясы 8 бабының Республиканың халықаралық құқықтың нормалары мен принциптерін құрметтеу туралы нормасы мемлекеттің ішкі құқықты қалыптастыруда осыларды есепке алуға тырысуды білдіреді. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының әрекеттегі заңы Республика Конституциясының нормаларына сәйкес болуы міндетті және заңдардың алдында тек Республика ратификациялаған халықаралық шарттар ғана басымдыққа ие».

Біздің ойымызша, Қазақстан Республикасы Конституциясының 8 бабындағы дипломатиялық сипатқа ие «құрметтейді» (себебі «құрметтеп», бірақ орындамау мүмкін ғой) сөзінің орнына заңды нақты «ұстанады» немесе «сақтайды» деген сөздерді қолдану дұрыс болар еді. Өйткені 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық Заңның 2 бабында бекітілген: « Қазақстан Республикасы барлық мемлекеттермен өзінің қарым қатынасын халықаралық құқықтық қағидаларға сүйене отырып орнатады»; ал Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 1 бабында былай делінген: «осы Кодекс Қазақстан Республикасы Конституциясы мен халықаралық құқықтың жалпы мойындалған нормалары мен қағидаларына негізделеді».

Соңғы уақытта халықаралық құқық саласындағы ғалымдар халықаралық құқықтың қағидаларының жиынтығы жалпыадамзаттық конституцияны /26/ қалыптастырады, мемлекеттер оның нормаларын басшылыққа алуы тиіс және құқықтың қағидалары әмбебап мәнге ие болады, демек ол «жоғарғы құқық», әсіресе, адамның құқықтарын сақтау саласында болып табылады деп қарастырады. Ғалымдар жаһандық заң жүйесін қарастыра отырып, ұлттық заң жүйесі және мемлекетаралық заң жүйесі негізге алынатын жалпы құқықтың қағидаларын шығарады /27/.

Бұның барлығы ұлттық конституциялардың қалыптасуында көрінеді. Халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қағидалары көптеген елдерде конституциялық деңгейде бекітіледі. Сондықтан біз Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясының алдындағы басымдығы туралы емес, тек қана априорлық, халықаралық құқықтағы қағидалардың Конституцияға дейінгі пайда болуының біріншілігі туралы ғана айта аламыз.

1969 жылғы халықаралық шарттар құқығы туралы Вена Конвенциясының 46 бабында: «Мемлекет шарттың міндеттілігіне келісім беру кезінде халықаралық шарттарды жасауға қатысты ішкі құқық бұзылғандығын келісім берудің жарамсыздығына негіз деп сілтеме жасай алмайды» деп көрсетеді де, бұдан кейін дереу ескертпе жасайды: «...егер де бұл бұзылушылық анық болмаса және аса маңызды ішкі тәртіпті бұзбаса...». Әрбір елдің Конституциясы аса маңызды нормаларды қарастыратын құжатқа жататыны белгілі.

Қазақстан Республикасының Конституциясының негізінде, көптеген елдердің конституцияларындағыдай, халықаралық құқықтың жалпыға белгілі қағидалары мен нормалары бар, ал Конституцияның мәтініне халықаралық құқық қағидаларының «құрметтелуі» жайлы норма енгізілген. Сондықтан «жалпыадамзаттық конституцияны» ұлттық Конституцияға, мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы халық өз еркімен жалпыұлттық референдумда қабылдаған Конституцияға қарсы қою немесе одан жоғары қою дұрыс емес.

2005 жылдың жазында өткен ҚР Президентін сайлау күнін анықтау туралы сөз туған жағдайда Конституцияның нормалары бірдей заң күшіне тең еместігі және өзіндік ішкі сатылардан тұратыны анықталды. 2005 жылғы 19 тамыздағы Конституциялық Кеңестің №5 Қаулысы бұл дауға соңғы нүкте қойды, яғни бұл Қаулыда былай деп баяндалған: «Негізгі заң конституциялық тәртіпті бірнеше иерархияға бөлетін арнайы норманы мазмұнға алмайды. Бірақ, кейбір жағдайларда қандай да бір конституциялық нормаларға артық көңіл бөлінуі мүмкін». Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 29 қазандағы № 20/2 Қаулысы және 2000 жылғы 7 маусымдағы №4/2 Қаулысы бойынша конституциялық құрылымның және басқа да негізгі ұстанымдар жайлы І тарау «Жалпы ережелердің» нормалары басқа конституциялық нормаларға қарағанда артықшылыққа ие екендігі туралы айтылған. Конституциялық нормалардың талқылауы барысында олардың бір біріне деген бағыныштылығы туралы мәселе негізгі заңның барлық нормаларының жүйесі белгілі бір жағдайға байланысты қолданғанда шешіледі.

Ішкі иерархияға қарамастан Конституцияның барлық нормалары халықаралық құқықтағы жалпыға бірдей қағидаларына қарағанда артықшылыққа ие. Себебі, бұл халықаралық құқықтың нормалары елімізде оған Конституция рұқсат берген жағдайда ғана қолданылады.

Конституция халықаралық құқықтың қағидаларының және нормаларының бас трансформаторы ретінде қолданылады. Сондықтан заңгерлер мен саясаткерлер Қазақстанның Конституциясының әлі де жүзеге аспаған потенциалы бар екенін айтқанда, бұл пікірге қоғамның ұзақ дамуына арналған құқықтық қағидаларды, соның ішінде халықаралық құқықтық қағидаларды жүзеге асыру процесі дәлел бола алады.

Конституцияның халықаралық құқықтың нормаларына қарағандағы басымдығы алда Негізгі заңға енгізілетін толықтырулар мен өзгертулер енгізу арқылы және өзгеріп отырған объективтікті шындыққа сәйкес конституциялық түсіндіру негізінде жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының Парламентінің жанындағы арнайы ғылыми зерттеу институтының жалпыәлемдік процестер жағдайында мемлекет және қоғамның дамуына үздіксіз мониторинг жүргізуі қазақстан мемлекеттілігінің даму талаптарына сай келетін толықтырулар мен өзгертулер Конституцияға енгізуі туралы жан жақты негізді ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді.

Халықаралық құқықтың нормалары лттық нормативтік құқықтық актілердің нысанында құрылмайды. Хартиялар, декларациялар, пактілер және тағы да басқа халықаралық құжаттар мемлекеттің ішіндегі нормативтік құқықтық актілер қатарына жатпайды. Дегенмен, олар мемлекет мойындайтын құқықтық нормалардан құрастырылған. Сондықтан біз халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының қазіргі қолданыстағы құқығы иерархиясындағы орнын анықтаумен қатысты екінші аспектіні бөліп алдық. Бұл ең алдымен, елде соттардың құқыққолдануымен, «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңның 4 бабында көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің иерархиясын жетілдіруден туындаған, себебі аталған бапта Қазақстан Республикасындағы құқықтың барлық қайнар көздері, мысалы Конституция бойынша тікелей қолданылатын ратификацияланған халықаралық шарттар көрсетілмеген.

Сондықтан қазіргі таңдағы заңтануда халықаралық және ұлттық құқық табиғатының шектелген өзара байланысы мен бірлігі туралы түсінік қалыптасқан. В.Г. Буткевичтің ойынша бұл екі жүйенің (халықаралық және ұлттық құқық) арақатынасында әрбір жүйенің өзіне тән бөлек қасиеттері емес, керісінше екі жүйенің де ортақ қасиеттері бас мәнге ие, өйткені екеуінің арасыда жүйеаралық байланыстар пайда болып, дамиды.

Ал халықаралық және мемлекетішілік құқықтың жекеленуіне әрбір жүйенің өзіне тән арнайы қасиеттері мен байланыстары септігін тигізеді/28/. Е.Т. Усенко құқықтану аясында «Құқық туралы жалпы ілім» деп аталатын мүлдем жаңа ғылыми пәнді ашуды да ұсынған. Бұл пән екі жүйенің ортақ тұстарын қарастыруы тиіс болған еді/29,46б./. Ал А.М. Васильев керісінше, жалпы құқықтың теориясының кемшіліктері халықаралық құқықты оқуда өз зиянын тигізеді, ал бұның барлығы жаңа пәнді ұсынуға әлі ерте, оның орнына жалпы мемлекеттің құқық теориясында халықаралық құқықтың мәселелерін қарастыра отырып арнайы түзетушілік жұмыстарын жүргізу керектігін айтты/30/. Екі ғалым да халықаралық және ұлттық құқықтың дамыған жүйелерінің бір біріне жақындауы туралы дұрыс пікір айтты және де бұл екі жүйе қазіргі таңда екі бөлек жүйе ретінде қарастырылуы мүмкін емес. Демек, құқықтың жалпы теориясын құқықтың теориясы мен тарихы атты және халықаралық құқық теориясы атты екі пән құрайды.

1980 жылдардың ортасында Е.Т.Усенко кеңес ғылымдары кезіндегі құқық түсінігінің өзі халықаралық құқыққа сай келмейтіндігін айтты, яғни оның пайымдауы бойынша халықаралық және ұлттық құқықтарда ешқандай ортақ қасиеттер жоқ немесе жоқ дерлік /29/. Бұған халықаралық және ұлттық құқықтың арақатынасы бойынша танымал зерттеуші Г.В.Игнатенко қарсы пікірде болды. Оның айтуы бойынша «бұл пікір бір құқық жүйесіне тән жалпы құқықтық қасиеттерге диссонанс, яғни үндеспеушілік туғызады және тек арасында және құқық жүйелері ретіндегі халықаралық құқық пен ұлттық құқық арасындағы өзара әрекет туралы мәселені мүлдем жоққа шығарылуына алып келеді» /31/. Г.В.Игнатенконың ұстанымын А.М.Васильев қолдайды, оның ойы бойынша халықаралық шарттар және оның құқықтық нормалары мүше мемлекеттерге «бөтен», «жат» нормалар емес, керісінше, белгілі дәрежеде мемлекеттің қажеттіліктерін анықтайтын құқықшығармашылық құралы болып табылады.

Ғалым өзінің пікірін дамыта келіп, «реттеу пәніндегі айырмашылықтар, халықаралық және ұлттық құқықтың ерекшелігін түсіндіруде және талдаудағы басқа да тұстар халықаралық және ұлттық арасында шыңырау туғызбайды» деп жазады. Бұл айырмашылықтар тек бір ғана құбылыста /курсив біздікі –А.Е./. Демек, қарастырылып жатқан жүйелер құқықтың екі жағы болып келеді, бірақ олар бірдей деңгейде құқықтық қасиетін сақтайды. Сондықтан халықаралық және ұлттық құқық арасындағы айырмашылықтар олардың тектік ортақтығын жасырмайды. Зерттеуші бұл екі жүйенің ортақтығының мынадай тұстарын атап көрсеткен:

а) Мемлекеттік орнатылым және мемлекеттік мойындалу;

б) Нормативтік құқықтық табиғат;

в)Заңдық орнатылымдар мен мемлкеттік қызметтің қажетті байланысы;

г) Барлық заңгерлерге тән кәсіби құқықтық идеология /15/.

Біз сонымен қатар құқықтық жүйелердің өзара әрекеттестігі құқық шығармашылық және құқық қолданушылықта да көрінетіні туралы Г.В.Игнатенконың пікірімен келісеміз. Демек, бұл жерде үздіксіз әрекеттестік жүріп жатады. Құқықтық жүйелердің әрекеттестігінің құқық қолдану сатысы зерттеушілердің аса үлкен назарына ие болуы тиіс, себебі бұл сатыда халықаралық және мемлекетішілік құқық жүйесінің байланысы келісілген, мемлекет ішіндегі кең қатынастарды көбіне ортақ реттеуде көрінеді, алол бұл мәселенің практикалық маңызын алдын ала анықтайды /курсив біздікі –А.Е.//31/.

Мәселе қазіргі таңдағы қолданыстағы құқықты соттардағы қолдануы жайлы болмақ. Қазақстан Республикасында қазіргі таңдағы қолданыстағы заңдар болып Конституция нормалары, оған сәйкес заңдар, басқа да нормативтік құқықтық актілер, халықаралық шарттар мен өзге міндеттемелер, сонымен қатар Конституциялық Кеңестің пен Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары табылады.

1996 жылғы 28 қазандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Конституциясының 4 бабының 1 тармағы және 12 баптың 2 тармағына ресми түсінік беру туралы» Қаулысына сәйкес, 4 баптың 1 тармағында айтылғандай, қазіргі қолданыстағы заңдар болып нақты осы сәтте күші жойылмаған Конституцияның нормалары және осы баптағы көрсетілген басқа да нормативтік құқықтық актілер, сонымен қатар бұзылмаған халықаралық міндеттемелер табылады. Бұрыннан келе жатқан нормативтік құқықтық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізілген жағдайда және жаңадан қабылданған заңдар қосылған жағдайда олар аталған тізімге кірістіріледі, ал егер аталған тізілімдегі заңдар заңдық мәртебесін жоғалтса немесе жойылса, бұл тізімнен де жойылады».

Халықаралық шарттар, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулылары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары Негізі Заңда қазіргі таңдағы қолданыстағы құқыққа жатқызылғанымен, олар 1998 жылы 24 наурызда қабылданған «Нормативтік-құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының заңында нормативтік құқықтық актілердің иерархиясы қатарына қосылмаған.

Қазақстан Республикасын Жоғарғы Сотының бұрынғы төрағасы Қайрат Мамидың айтуы бойынша қазіргі таңдағы қолданыстағы құқықтың қолданылуы маңызды ұсыныс. Бұл бұрыннан қалыптасып қалған заңдық стереотиптерді қайта қарауға әкелуі тиіс. Қолданыстағы заңнаманы емес, қолданыстағы құқықты қолдану істерді шешу кезіндегі соттық қараудың ммүмкіндігін арттырады, себебі қолданыстағы заңнама мен қолданыстағы құқық түсініктері біркелкі түсініктер емес. Осыны мойындай отырып, біз соттық құқық қолданыстың жаңа белестеріне тап боламыз... /32/.

Құқықтық нормалардың иерархиясын құрудың практикалық маңыздылығын басшылыққа ала отырып, нормативтік құқықтық актілер болып ресми мойындалмаған құқықтың қайнар көздерін ескере отырып, біз мемлекеттің қолданыстағы құқығы қайнар көздерінің иерархиясының схемасын ұсынбақпыз. Ұсынылып жатқан иерархияға біз Конституцияның нормаларын, оған сәйкес заңдарды, басқа да нормативтік құқықтық актілерді, халықаралық шарттар мен Республиканың басқа да міндеттемелік құжаттарын, сонымен қатар Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын кірістірдік.:

1. Ең жоғарғы заңды күші бар және «халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қағидалары мен нормаларын құрметтейтін» Қазақстан Республикасының Конституциясы;

2. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізетін заңдар;

3. Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары;

4. Конституциялық заңдары мен конституциялық заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары;

5. Ратификацияланған халықаралық шарттар (заңдық күші жағынан конституциялық актілерден төмен, бірақ заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерден заңдық күші жоғары);

6. Қазақстан Республикасының Кодекстері;

7. Қазақстан Республикасының заңдары, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президентінің заң күші бар жарлықтары;

8. Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары;

9. Ратификациялауға жатпаған халықаралық шарттар (заңға сәйкес актілердің тізімін бастайды);

10. Қазақстан Республикасының Парламентінің және оның палаталарының нормативтік қаулылары;

11. Қазақстан Республикасының Президентінің нормативтік жарлықтары;

12. Қазақстан Республикасының Үкіметінің нормативтік қаулылары.

(Одан әрі Қазақстан Республикасының «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңының 4 бабының мәтініне сәйкес жалғасады)

Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары Конституцияда аталып өткендей, тек қана Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және ешқандай да басқа нормативтік құқықтық актілер оған қайшы келмеуі тиіс. 2001 жылдың 13 желтоқсандағы Конституциялық Кеңестің «Қазақстан Республикасының Конституциясының 52 бабының 1 және 5 тармағын, 72 баптың 1 тармағының 4) тармақшасы, 74 баптың 3 тармағын ресми талқылау туралы» №19/2 Қаулысында былай деп көрсетілген: «Конституцияның нормаларын ресми түсіндіруде Конституциялық Кеңес тәуелсіз және тек қана Конституцияға бағынады. Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме беру құқығының нәтижесінде шешімдер шығады, бұл шешімдердің заңдық күші түсіндірілген нормалармен тең болады. Конституциялық құқықтың нормалары Конституциялық Кеңестің қаулыларымен қатар қолданылады, ал бұлар Конституцияның 4 бабының 1 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасындағы қазіргі кездегі қолданыстағы құқығының қайнар көзі болып табылады. Конституциялық норманың тоқтата тұрылуы, жойылуы немесе өзгертілуі сәйкесінше Конституциялық Кеңестің Конституцияны ресми түсіндіру туралы Қаулысының тоқтата тұрылуына, жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соқтырады».

Сондықтан да Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары Конституцияның қызметін, өмірін қалыптастырады, демек, Конституциялық Кеңестің шешімдерінің заңдық күші конституциялық нормаларға тең болып табылады. Дегенмен, біздің ойымызша, Конституциялық Кеңес қаулыларының заңдық күші Қазақстан Республикасының Конституциясының нормаларына қарағанда төменірек. Бұның барлығы Конституциялық Кеңес қаулыларының кейбір уақытша, жеке ережелері Конституцияның нормаларына сәйкес болмай қалуы мүмкін екендігімен түсіндіріледі. Себебі, конституциялық нормалардың тоқтата тұрылуы, жойылуы немесе өзгертілуі Конституциялық Кеңес қаулыларының автоматты түрдегі тоқтата тұрылуын, жойылуын немесе өзгертілуін қамтамасыз етпейді, оның орнына жаңа қаулы шығуын талап етеді.

Сонымен 1997 жылғы 6 наурыздағы Конституциялық Кеңестің №3 қаулысының дәлелдеме бөлігінің 7 тармағы екінші және үшінші абзацтарында былай делінген: «Аталған жарлықтың 8 бабының 1 тармағында көзделгендей, бірінші инстанциядағы соттарда істің шешілуі судьяның жеке өзі арқылы, ал ерекше жағдайларда тұрақты үш судьяның құрамымен жүзеге асырылады.

Қолданыстағы заңнамада көзделген тұрақты судьялардан тұратын соттардан бұрынғы кездегі халық қосшы билерден тұратын соттар мен қазіргі уақытта басқа елдерде кездесетін алқа соттарының айырмашылығы соңғылар тұрақтылық және кәсібилік сияқты қасиеттерге ие емес»

Қаулы етуші бөлімнің 7 тармағына сәйкес: «7. Конституцияның 79 бабының 1 тармағы және сот құрылымы туралы заңнама кәсіби, тұрақты судьялардан соттарды құруды көздейді. Ал басқа құраммен соттарды құруға Республиканың қолданыстағы заңнамасы тыйым салған».

Аталған ресми түсіндірме 1998 жылғы 7 қазандағы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» №284 Конституциялық заңына дейін қабылданған. Бұл толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес Ата заңның 75 бабының 2 тармағы былай толықтырылған: «заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісі алқа заседательдерінің қатысуымен жүзеге асады», бірақ бұл қаулы Конституцияға қайшы келгеніне қарамастан өзгертілген жоқ. Конституциялық Кеңестің 1997 жылғы 6 наурыздағы №3 қаулысындағы 7 бөліктің жетінші екінші және үшінші абзацтары алты жыл бойы 2004 жылғы 18 маусымдағы №7 Қаулымен күші жойылғанға дейін 1998 жылғы 7 қазанда өзгертілген Қазақстан Республикасының Конституциясының 75 бабының 2 тармағына сәйкес болған жоқ.

Құқық нормаларының иерархиясын көрсететін тағы бір факт бар. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1996 жылғы 28 қазандағы Қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциясының 4 бабының 1 тармағын талдағанда, Конституциялық Кеңес нормативтік құқықтық актілерге Қазақстан Республикасында ратификацияланған халықаралық шарттарды, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларды жатқызады. Бірақ, бәрімізге белгілі, халықаралық шарттар, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары және Республика Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары нормативтік құқықтық актілерге жатпайды. Ал «өзге нормативтік құқықтық актілерге» 1997 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қаулысына сәйкес құқық нормаларынан құралған келесі актілер жатқызылады: республикалық референдумде қабылданған актілер, Қазақстан Республикасы Президентінің 1995, 1996 жылдары қабылданған заң күшіне, соның ішінде конституциялық заң күшіне ие жарлықтары, сонымен бірге Қазақстан Республикасы Конституциясының 61 бабының 2 тармағына сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің заң күшіне ие жарлықтары, Президент жарлықтары, Парламент пен оның палаталарының, Үкіметтің қаулылары, министрліктердің және мемлекеттік комитеттердің актілері, Қазақстан Республикасының Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың актілері, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Үкіметі туралы» конституциялық заң күшіне ие Жарлығының 23 және 24 баптарына сәйкес салааралық үйлестіруді, басқа да атқарушы және басқарушылық функциялар, арнайы атқарушы және бақылау мен қадағалау органдарының функцияларын жүзеге асыратын ведомстволардың актілері, жергілікті атқарушы органдардың шешімдері, жергілікті өзін өзі басқару органдарының шешімдері, сонымен қатар шығарылуы заңнамамен көзделген басқа да актілері жатады».

Республика ратификациялаған халықаралық шарттардың заңды күшін анықтау туралы мәселе де оңай емес. 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңына сәйкес келесі халықаралық шарттар ратификациялануға жатады: нысанасы адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтары болып табылатын; орындалуы қолданыстағы заңдарды өзгертудi немесе жаңа заңдарды қабылдауды талап ететiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен өзге ережелердi белгiлейтiн; Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасының өтуi туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ерекше экономикалық аймағын және құрлықтық қайраңын межелеп бөлу туралы халықаралық шарттарды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен аумақтық межелеп бөлiнуi туралы; мемлекетаралық қатынастардың негiздерi туралы, қарусыздану немесе қару-жараққа халықаралық бақылау жасау, халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi мәселелер бойынша, сондай-ақ бiтiмгершiлiк халықаралық шарттар мен ұжымдық қауiпсiздiк туралы халықаралық шарттар; Қазақстан Республикасының мемлекетаралық бiрлестiктер мен халықаралық ұйымдарға қатысуы туралы, егер мұндай халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының егемендiк құқықтарының бiр бөлiгiн жүзеге асыруды оларға берудi көздейтiн болса немесе олардың органдары шешiмдерiнiң Қазақстан Республикасы үшiн заңдық тұрғыдан мiндеттiлiгiн белгiлесе; мемлекеттiк қарыздар туралы; гуманитарлық көмектi қоспағанда, Қазақстан Республикасының экономикалық және өзге де көмектер көрсетуi туралы; қол қою кезiнде келiссөздерге қатысушы тараптардың кейiннен оларды ратификациялау туралы келiскен; егер халықаралық шарттарда мұндай келiсiм ратификациялау арқылы бiлдiрiлетiнi көзделсе, халықаралық шарттар;

Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың орнын қарастыра отырып, қазақстандық зерттеуші Б.Қадыров оларды нормативтік құқықтық актілердің иерархиясында Конституция мен республикалық референдумда қабылданған басқа да актілермен қатар бірінші қатарға қоюға бәсекелесе алады дейді/33/. Біз ратификацияланған халықаралық шарттарды конституциялық заңдардан кейін, ратификацияланған шарттардың ұлттық заңдардан басымдығы туралы конституциялық ережелерді ескеріп, кодекстер мен заңдардан бұрын орналастырдық. Мұндай реттілік барлық ТМД елдеріндегі конституцияларда бірдей емес.

Г.М.Даниленко Ресей Конституциясын талдай отырып былай дейді: «Өкінішке орай Конституцияның 15 бабында РФ ратификациялаған халықаралық шарттары туралы емес, РФ халықаралық шарттары туралы айтылған. Осыған байланысты мынадай мүмкіндік туады, Федералдық Жиналыс ратификацияламаған халықаралық шарттардың өздері де өкілетті заң шығарушы орган қабылдаған заңдардын басым болады. Мұндай тұрғыдан келу құқықшығармашылықтың демократиялыққағидаларына қайшы келеді, соның ішінде барлық заңдар мен басқа да жоғары деңгейдегі актілер құқықтық жүйеге тек парламентпен және оның бақылауымен ғана қабылданып, енгізілуі тиіс деген қағидаға қайшы келеді» /11,123б./. Осы себепті ресейлік зерттеуші А.Б.Панина еңбек құқығы қайнар көздерінің иерархиясын талдай отырып, бірінші орынға РФ Конституциясын, кейін халықаралық құқықтың жалпы мойындалған қағидалары мен нормаларын, РФ халықаралық шарттарын, одан кейін Федералдық конституциялық заңдарды, федералдық заңдарды, РФ субъектілерінің заңдарын (конституциялық және ағымдағы), Президент жарлықтары және т.б. қойды /34/. Зерттеуші шынымен ратификацияланған және ратификацияланбаған халықаралық шарттарды шектемейді. Халықаралық шарттардың өзіндік иерархиясы туралы мәселе бөлек үлкен зерттеуді қажет етеді, бұл біздің міндеттерімізге жатпайды. Кейбір жағдайларда ғана мемлекеттер басқа халықаралық шарттарға қарағанда басымдыққа ие қандай да бір шартты мойындау туралы өзара келісімге келуі мүмкін екендігін ғана айтамыз. Бұл жағдайды Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы 2003 жылы жасалып, 2004 жылы 4 қазанда Қазақстан ратификациялаған «Тұлғаларды Халықаралық қылмыстық сотқа беру туралы» Келісімді көрсетеді. Келісімде тараптар геноцид, адамзатқа қарсы қылмыстар, әскери қылмыстар жасаған тұлғаларды сотқа тарту маңыздылығын көрсете отырып, мынаған келісті: бір тараптың аумағында жүрген екінші тараптың азаматтары екінші тараптың жазбаша келісімінсіз Халықаралық қылмыстық сотқа кез келген тәсілмен берілмейді, немесе басқа халықаралық ұйымға, үшінші мемлекетке Халықаралық қылмыстық сотқа беру мақсатымен берілмейді, жіберілмейді. Осы келісімнің ережелерін қолдануда немесе талқылауда туындайтын даулар мен қайшылықтар тараптар арасындағы консультациялар жолымен шешіледі, бұларды реттеуде тараптар қандай да бір үшінші тарапқа немесе халықаралық сотқа жүгінбеулері керек.

Қазақстан Конституциясында ратификацияланған шарттар туралы ғана айтылған. Ратификацияланбаған шарттар туралы сөз жоқ, бірақ олардың мемлекет заңдарының алдында басымдыққа ие бола алмайтындары түсінікті жағдай. Қазақстан Республикасыынң салалық заңнамалары халықаралық шарттардың және халықаралық құқық нормаларының ішкі салалық иерархиядағы орны туралы сұрақтарды әр түрлі қарастырады. Мысалы, Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылы 21 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» заң күші бар Жарлығының 9 бабында ішкі істер органдары қызметінің құқықтық негізін мыналар құрайды:

1. Конституция және республика заңдары;

2. Осы Жарлық

3. Осы Жарлықпен реттелмейтін және қайшы келмейтін бөлікте Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілері;

4. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және басқа да міндеттемелері;

5. Қазақстан Республикасы Жоғары Соты мен Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулылары;

6. Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен Қазақстан Ресубликасы Ішкі Істер министрлігі және ҚР ішкі істер органдарының қатардағы және басқармадағы тұлғалардың қызметтен өту туралы ережелер.

Өзіміз көріп отырғанымыздай, бұл жерде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және басқа да міндеттемелері иерархияда тек 4 орында тұр.

Және керісінше, Қазақстан Республикасының 1999 жылы 1 шілдеде қабылданған Азаматтық Кодексінің (Ерекше бөлім) «Халықаралық жеке құқық» деген 7 бөлімінде халықаралық құқық нормаларының қолданылу аясы кеңейтілді. Шетел азаматтары және шетел заңды тұлғалары қатысатын азаматтық-құқықтық қатынастарға қолданылатын құқық осы кодекспен, басқа заңды актілермен, республика бекіткен халықаралық шарттармен және жалпы мойындалған халықаралық дәстүрлермен анықталады.

Қолданыстағы құқық иерархиясындағы ратификацияланған және ратификацияланбаған шарттардың орнын анықтауымыздың негізін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі 2000 жылы 11 қазанда қабылдаған «Қазақстан Республикасы Конституциясының 4 бабы, 3 тармағын ресми түсіндіру туралы» үлкен практикалық және теориялық маңызға ие Қаулысы құрады. Бұл Қаулының қабылдануы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Конституцияның 4 бабы, 3 тармағын ресми түсіндіру туралы өтінішімен байланысты болды. Конституцияның бұл тармағы бойынша республика ратификациялаған халықаралық шарттардың мемлекет заңдарынан басымдығы бар. Өтініш субъектісі мына сұраққа жауап беруді сұрайды: «Қазақстан Республикасы 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанға дейiн жасасып, бекiтiлмеген және олардың күшiне енуiнiң шарты ретінде бекiту көзделмеген, халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасы заңдарынан басымдығы бола ма?». Өтінішті қарастыру нәтижесінде Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі қаулы етті:



  1. Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының 3-тармағын, Республика Конституциясына сәйкес, заңда белгіленген тәртiппен жасалған және Республика Парламентi тиiстi заң қабылдау жолымен бекiткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басым заңи күшi бар деп тану және қолдану лазым.

2. 1995 жылғы Конституция қабылданғанға дейiн жасалған, күшiне енуiнің шарты ретiнде бекiту көзделмеген халықаралық шарттардың күшi бар болып табылады және Республиканың тиiстi құқықтық қатынастар саласын реттейтiн заңдарында осы халықаралық шарттар үшiн мұндай басымдық тiкелей көзделген болса, онда Республика заңдарынан басымдығы сақталады

Біздің ойымызша, Қаулының екі тармағы да өте дұрыс және ҚР Конституциясына қайшы келмейді. Бірақ біздің ойымызша, Конституциялық Кеңес емес, ҚР Парламенті Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Негізгі Заң қабылданбай тұрғандағы халықаралық келісім шарттардың заң күшінің деңгейін анықтауы тиіс еді. Бұл біріншіден, ҚР 1995 жылы 30 тамыздағы Негізгі Заңының 54 бабының 7 тармағына сәйкес, Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі - Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы - республиканың халықаралық шарттарын ратификациялайды және олардың күшін жоюдың айрықша құқығын берумен түсіндіріледі. Екіншіден, 1995 жылы 29 желтоқсандағы ҚР Президентінің «ҚР Конституциялық Кеңесі» конституциялық заң күші бар Жарлығының 17 бабының 2 тармағының 2) тармақшасы бекітеді: «Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларына сәйкес Республиканың халықаралық шарттары ратификацияланғанға дейiн олардың Конституцияға сәйкестiгiн қарайды». Үшіншіден, «Нормативтік-құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылы 24 наурыздағы № 213-1 Заңының 37-бабының 1-тармағы мынадай норманы бекітеді: нормативтік-құқықтық актілер күші олар күшіне енгенге дейін пайда болған қатынастарға таратылмайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет