Адамгершілік – асыл қасиет



жүктеу 50.87 Kb.
Дата29.04.2019
өлшемі50.87 Kb.

Мақсаты: балаларға асыл қасиет ұғымын түсіндіру; оқушылардың адамгершілік қағидаларын басшылыққа алу, айналадағылармен рухани құндалықтар негізінде қарым – қатынас орнату қабілеттерін дамыту; адам бойында адамгершілік қабілетін, әдеп нормаларын сақтау әдетін үйрету, өзін - өзі ізгілікке тәрбиелеу дағдысын қалыптастыру.
І Кіріспе

Мұғалім: Әлемге аты әйгілі ғалым Платон «Біз ұл тәрбиелей отырып жер иесін тәрбиелейміз» деген екен. Демек, ұл – елдің қорғаны, қыз – болашақ ана. Адамның мәдениетті болмағы әдептен. Әдеп нормаларын білуге және сақтауға кез – келген адам талпынуы керек. Сыртқы келбет пен жүріс – тұрыс оның барлық әдептілігін көрсете бермейді. Адамның ішкі әлемі мен оның пайда болуын қосатын көпір әдептілік деп аталады. Адамның парасат деңгейі адамгершілік таразысында байқалмақ.

Адам бойындағы әдемілікті сезіну, қадірлі мен қадірсіздікті, ізгілік пен жауыздықты, сұлулық пен ұсқынсыздықты ажырата білу ақылдықтан. Менің ойымша жан – жақты әдептілік нормаларын білетін адам жолдастарының, достарының арасында сыпайы, беделді, сыйлы болады. Айналасында ұнамды іс - әрекеттерімен ықпалы басым келеді. Осының бәріне жету үшін көп еңбектену, іздену, күш – қуат, табандылық қажет.



ІІ Негізгі бөлім

«Ой қозғау»

(Оқушылар әдептілік, адам бойындағы асыл қасиеттер туралы өз ой – пікірлерін ортаға салады.)

1 – оқушы: Қарапайым талаптардың бірі - әдептілік, яғни сыпайылық. Алдымен бір – біріне көрсеткен әдептілігі өзгені сыйлаумен қатар, өзін де сыйлағаны. Өйткені «сыйластық екі кісіден бірдей». Жақсы сөздердің өзін дауыс ырғағын, үнін, екпінін әр түрлі қою арқылы кісіні ренжіту оп – оңай. «Халіңіз қалай?», «Рахмет!» деген сөздердің өзіне кекесінде үн беру арқылы – ақ жолдасыңның көңілін қалдыруға болады.

2 – оқушы: Біз қайда барсақ та үнемі адамдар арасында жүреміз. Көшеде, кинода, автобекеттерде, автобуста, вокзалда т.б. жерлерде кейбір мәдениетсіз қылықтардан ұяласың. Ол тұрғындарды да, өзін де сыйламау. Жасы үлкенге жол беру, орын беру, көмек көрсету кейбір оқушылар тарапынан өте сирек кездеседі. Менің ойымша бұл - әдепсіздік.

3 – оқушы: Сәлемдесу әдебі. Дәстүр бойынша жасы кішілер үлкендерге сәлем береді. Үйге кірген адам үлкен болсын, кіші болсын алдымен сәлемдеседі. Сәлем алмау – мәдениетсіздік. Менің ойымша оқушылардың жасы үлкен адаммен сәлемдескенде пысық боп тақылдап кетуі, қол ұсынуы жөнсіз. Тек сұраса ғана жауап беріп әдеп сақтауы керек. Мысалы, кей оқушылар өздеріне сабақ бермейтін мұғалімдермен сәлемдеспейді. Бұл да әдепсіздік, мәдениетсіздік деп ойлаймын.

4 – оқушы: Сөйлесу әдебі. Сөйлескен адамға үнемі ілтипат білдіріп, көңіл аударып тұрған жөн. Сөйлескен кезде жан – жағына қарау, теңселу, алаңдап жан – жағына қарау, сөзді шала тыңдау ұят болады. Сондай – ақ асығыс тез сөйлеу, мақтана сөйлеу, қатты сөйлеу, сөзді бұзу, аяғына дейін тыңдамау - әдепсіздіктің белгісі.

5 – оқушы: Әдемі, таза киіну әдебі. Киіне білу де адамның ішкі мәдениетіне, талғамына байланысты. Жүріс – тұрысымыз, сөзіміз, ісіміз, киіміміз рухани талғамды қажет етеді. Талғамы жоғары адам ғана өз бойына қонымды, жарасымды киімді таңдап, үнемі таза жүре алады.

6 – оқушы: Мен өз бойымда кемшіліктердің барын білемін. Әрдайым өз кемшіліктерімді жою үшін өзімді қадағалап отыруға тырысамын.

Оқушылардың әдеп нормаларын білуін тексеру.



(Оқушылар мына сұрақтарға өз ойларымен жауап береді.)

Адамға ар – ұят не үшін керек?

1) Пейіл білдіру қажет пе?

2) Сыпайыгершілік деген не?

3) Қандай адамды тәрбиелі адам дейді?

4) Жақсы әрекеттерді ата. ( салмақтылық, ұстамдылық, өзін - өзі басқара білуі, адамдармен жақсы қарым – қатынаста болу т. б.)

5) Әрдайым өзіңнің қимыл - әрекетіңді тексеріп қадағалайсың ба?

Брейн – ринг ( сұрақ – жауап)

( Әдеп түрлері жөнінде оқушылар өз ойларын ортаға салады.)

кеңейеді



Адамға ар – ұят керек пе?

Ар – намыс – адам бойындағы адамгершілік қасиеттің ең басты көрінісі. Бұл қасиеттер туралы түрлі тұжырымдар қалып-тасып, мақал – мәтелдің дүниеге келуі тегін емес. Мәселен, «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді», «Арыңды сатпа, теріңді сат», «Әдепті бала арлы бала, әдепсіз бала сорлы бала».

Әрбір адам бойындағы намыс болуы тиіс. Себебі барлық нәрсе осыған келіп тіреледі. Мысалы, кез – келген шешімді қабылдау үшін ар керек. Ар, намысы бар жан өмірде қиыншылықтардан сүрінбей өтуі үшін әрекет жасайды. Көшеде бара жатып аузына келген сөзді айтып бара жатқан адамды жиі көресің. Сол айтып бара жатқан сөзі үшін ол тіпті маңғаздана қарайтын сияқты. Керісінше намыстану керек емес пе? Имандылықтың, әдептіліктің, тәрбиеліктің бастауы – ол ар – намыс. «Арсыз» деген сөз өмірдегі ең ауыр сөз есептеймін. Қазіргі кезде қоғамдық көліктерде, көпшілік, орындарда жастарымыздың өзіне жараспайтын қылықтар, сөздер айтып келе жатқанын байқаймыз. Бұл әдептілікке жатпайды.
Пейіл білдіру қажет пе?

Мәдениеттің бір көрінісі – пейіл білдіру. Пейіл білдіру негізінен өте жақсы дүние, себебі ол адам мен адамның дұрыс қатынаста болуын қамтамасыз етеді. Егер біреуге пейіліңді білдірсең ол адамның қуанып қалғанын көреміз. Сондықтан әрдайым жан – жағыңдағыларға аз да болса көмек ретінде пейіл білдіру қажет. Мысалы, көңілсіз отырған адамға пейіл білдірсе, ол адамның көңіл – күйі аз да болса дұрысталады. Пейіл білдірудің көптеген түрі бар. Мысалы, адамның сыртқы келбетіне, сөйлеген

сөзіне, жүрген жүрісіне, ішкі сұлулығына байланысты айтылады.Пейіл білдірудің қалай әсер ететінін білу қиын емес.

Біреудің өзіңе пейіл білдіру сәтін еске түсіріп сезінсең болды.

Мен өзім пейіл білдіруді жақсы көрем.Сондықтан әрдайым

айналадағыларға, яғни туған-туысқандарыма, жора - жолдастарыма

пейіл білдіріп, мерейін көтеріп жүруге тырысамын.

Сыпайылық дегеніміз не?

Адам өмірде әдепті, ұқыпты болуы керек. Сыпайылық үлкенге құрмет, кішіге ізеттен басталады. Ұл ұятты, қыз инабатты болса, сыпайылық деген осы. Өзіне тән жұмсақ мінезіңмен әрдайым сыпайы бола білсең - әдептіліктің кепілі. Сәлемдесуден қоштасуға дейінгі әдептілік те сыпайылық болып табылады. Үлкенге де, кішіге де сыпайылық таныта білу әдептілікке жатады. Сыпайы болсаң өзіңе жақсы, айналаңа сыйлы боласың.



Қандай адамды тәрбиелі адам дейміз?

«Тәрбие тал бесіктен» демекші әрбір адам тәрбиелі, саналы болуы керек. Тәрбиені адам бойына жастайынан сіңіру керек. Тәрбиелі адам әрқашан дұрыс жүру, дұрыс сөйлеу әдебінен жаңылмақ емес. Әрқашан барлық жақсы нәрсе тәрбиеліліктен басталады. Көшеде кетіп бара жатып жаман сөз айтып айғайлап жүрген адамдарды көресің. Сонда бұл не нәрсе деген ой еріксіз санаңда жаңғырары анық. Өмірдегі ең жаман нәрсе «тәрбиесіз» деген сөз деп ойлаймын. Тәрбиесіз болсаң бірінші өзіңе, одан кейін ата – анаңа сын. Ата – ананы ренжітпеу олардан алған тәрбиені дұрыс қабылдағаның болып есептеледі.



Мұсылмандық әдеп

( Мамандар пікірі тыңдалады.)

Ең алдымен адамның әдептілігі мен мәдениеттілігі өзара сәлемдесуден, хал – жағдай сұраудан басталатындығы белгілі. Бұл жөнінде жаратушы иеміз: «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар». Шариғат бойынша сәлемдесуде 100 сауап болса, соның 99 сәлем бергенге, ал біреуі ғана сәлем алғанға жазылады екен. Кейде үлкен кісілердің өзіңнен бұрын сәлем беруінде де осындай мән бар екен.



ІІІ Қорытынды

Мұғалім: Сенің әрбір қылығың басқа адамдарға әсер етеді, қасыңда адам барын ұмытпа. Кісінің кім екені қиыншылықта және кедейлікте сыналады. Осы жағдайда өз бойыңнан екі байлықты табасың: ол сабыр еткен жүрек пен кішіпейілділік.

«Кішіпейілділіктен кішіреймесің» деген мақал бар.



Әрбір адам өзін - өзі тәрбиелеу үшін алдына мақсат қою керек. Ақыл адамды әдептілікке бастайды. Сыйлағанды сыйлай біл. Айтқан сөзді тыңдай біл. Ең негізгісі әркім тәрбиеленуге саналылықпен, төзімділікпен кіріссе екен деймін.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет