Адамзат өркениетіндегі ұлттық ҚҰндылықтар а. А. Баимбетова Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ



жүктеу 74.49 Kb.
Дата15.11.2017
өлшемі74.49 Kb.

АДАМЗАТ ӨРКЕНИЕТІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

А. А. Баимбетова

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.
Бүгінгі таңда Орта Азияны мекендеуші халықтардың тілін, ділін, дүниетанымын, рухани әлемін, тіршілік - тірлігінің көзін, экономикалық - әлеуметтік жағдай - жапсарын т.б. зерттеу ісінің айрықша жанданып отырғаны белгілі. Оның басты себебін ғаламның батыстық моделі негізінде XXI ғасырдың қауырт қарқыны жаһандану процесіне қарама - қарсы құбылыстың, атап айтқанда, өзді - өздерінің тілін, ділін, төлтума болмысын сақтауға деген Орталық Азиялық халықтардағы ұмтылыстың кең өріс алып отырғандығымен түсіндіруге болады. Түркі халықтары да ұлттық тарихын зерде «сүзгішінен» қайыра өткізіп, ұлттық құндылықтарын жаңғыртып, ұлттық мәдениетінің қайнар – көздерін іздестіруде.

Адамдар арасындағы қарым – қатынастың ғана емес, таным мен ойлаудың да құралы болатын тілдің көмегімен ой – санадағы ақиқат шындық болмыс әлем, дүние, ғалам туралы білімдер жиынтығы бекиді, материалдық тұрпат алады. Сондықтан да тілдік көркем бейнелердің әрқайсысын тіл иесінің образды ойлауының, күллі ғаламды, ақиқат шындық болмысты тұтастай және мүшелей тануының өзіндік ерекшеліктері, сондай – ақ қоршаған ортасын игеру барысында жинақтаған өмірлік тәжірибелерінің нәтиже – қорытындылары, әлем жайлы, сол әлемдегі өзі және өзгелер жайлы білімі бекіген ғалам бейнесінің тілдік фрагменттері, тілдік модельдері деуге болады. Таным процесі мен логикалық ойлау - жалпы адамзатқа ортақ қасиет, ал бүкіл адам баласы үшін ақиқат шындық болмыс біреу болғандықтан ғаламның біртұтас бейнесі де әр басқа тілде сөйлейтін халықтар үшін біреу – ақ. Сөйтсе де тіл иесінің ой - өресіне, концептуалды әлеміне байланысты әр тіл дүние – ғаламның фрагменттерін өзінше өреді, бөлшектеп атайды, бейнелеп суреттейді, ал тіл өкілі ойының желісін өз тілінде бекіген ғалам бейнесіне сай құрады. Осыған байланысты әр басқа халықтың (ұлттың, этностың) тілдеріндегі ғалам бейнесінің фрагменттерінде жалпы адамзатқа ортақ дүниеліктер де, тек тіл иесіне ғана тән ұлттық нақыш та кездесіп жатады. Ұлттық өмірдің айнасы іспетті болып табылатын халықтың болмыс-тіршілігінің, мәдениетінің көп құпия қырлары мен сырлары тіл арқылы ашылатыны тіл табиғатын зерттеудің жаңа бағыттарына сәйкес анықталып отыр. Осымен байланысты ұттық болмыс пен танымды бойына сіңірген тылсым дүние сырын бейнелейтін қазақ тіліндегі сөз маржандарының табиғатын тануда тіл байлығымыздың, ең өзекті саласының бірі ретінде этнографиялық лексика ерекше назар аударады. Осы орайда этнографиялық лексиканы тану жолындағы тиімді әдістердің бірі - соңғы жылдарда үрдіс алып келе жатқан антрополингвистикалық бағытпен тығыз байланысты этностың өзіндік болмысы мен бейнесін "тіл әлемі" арқылы ғана танытатын этнолингвистикалық зерттеу саласы.

Тіл білімінде тілдік бірліктердің этнолингвистикалық табиғатын зерттеу - бірнеше ғылым түрлерінің басын біріктіретін күрделі, ерекшелігі мол зерттеу салаларының бірі. Әр халықтың дәстүрлі ұлттық музыкалық аспаптары осы күнге дейін пайда болып, қалыптасуы жағынан, музыкалық ерекшеліктері мен дыбыстық мүмкіншілігі, сондай-ақ жасалу тәсілдері мен технологиясы, құрам-құрылымы тұрғысынан біршама зерттеліп, ғылыми бағасын алып келген болса да, бұл ұлттық феномен тілдік тұрғыдан, атап айтқанда, этнолингвистикалық, семасиологиялық, ономасиологиялық, этимологиялық, функциональдық қырынан арнайы қарастыруды қажет етеді. Негізгі бағыт - бағдарымыз заман талабынан туындап отырған, әлемдік ғылыми сұраныстың күн тәртібіндегі осындай мәселелермен өзектес болып келеді. Атаулар этнолингвистикалық аспектіден қазіргі таңда терең зерттеліп болды деуге әлі ерте. Түркілердің біртұтас географиялық кеңістікте сан ғасырлар бойы жасаған, көшпелі өмір салтына негізделген бір ғана мәдениеттің өкілі болып саналатын халықтардың дүниетанымындағы, дәстүрлі тұрмыс мәдениетіндегі, рухани әлеміндегі өзгешеліктердің табиғатын бейнелі сөз қазынасының этномәдени фондарын зерттеу арқылы тану басты мүдде. Бұл мүдде гуманитарлық ғылым жүйесіндегі алдыңғы қатарлы методологиялық позицияны иеленетін тіл біліміндегі жаңа бағыттардың бірі - «тіл мен ұлт біртұтас» деген қағиданы басшылыққа алатын, этнос болмысын оның тілі арқылы танып білу мақсатынан туындаған.

Ғасырлар бойы жер бетінде тіршілік етіп келе жатқан қай халықтың болмасын күнделікті тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, кәсібін ұлттық сана мен талғам негізінде қалыптасқан мәдениетін бейнелейтін өзіне тән материалдық дүниесі болатыны белгілі.Киім атауларына қатысты халық ауыз әдебиеті үлгілерінен, түрлі сөздіктерден, этнографиялық және ғылыми зерттеулерден және осы тақырыпқа қатысты мәлімет беретін көркем әдебиеттегі тілдік деректерді жинақтап, жүйелеу, киім атауларының этнолингвистикалық табиғатын этномәдени және этнопсихологиялық факторлар арқылы айқындай отырып, оның ұлттық сипатының қалыптасуы мен ұлттық мәдени-рухани өмірдегі орнын лингвомәдениеттану тұрғысынан көрсету маңызды. Лингвистика тарихында тіл мәселелерін сол тілді қолданушы қауымның мәдени өмірімен, салт-сана, әдет-ғұрпымен байланыстыра зерттеушілік те болды. Бұл жөніндегі алғашқы пікір XVIII ғасырдың соңғы жартысында өмір сүрген неміс жазушысы және әдебиетші Иоганн Бердердің (1744–1803) поэзияға байланысты зерттеулерінде, одан кейінгі кезде Вильгельм Гумбольдт еңбектерінде кездеседі. Бірақ тіл мәселелерін мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санамен байланыстыра зерттеуге ерекше көңіл бөлу, оны тіл білімінің күрделі проблемасы ретінде қарау XX ғасырдың 20 – 30 жылдарында белең алды.

Л.Вайсгербер тілдің дүниетанудағы әлеуметтік сипатына, творчестволық күшіне ерекше мән беріп, оны дүниені қайта жасаудың құралы десе, Э. Сепир тіл - әлеуметтік шындықты түсіндірудің құралы, адамдар, белгілі мөлшерде, өз тілінің ықпалында болады, тіл мінез-құлқы нормасына әсер етеді, халықтың мәдени дәрежесін оның тілін зерттемей тұрып түсіну мүмкін емес, тіл - әлеуметтік шындықты түсіндірудің жетекші құралы дейді. Дамудың жоғары сатысындағы халықтар мен түрлі тарихи себептерден кенжелеп дамыған халықтардың қоршаған әлемге көзқарасы, оның өзіндік заңы туралы түсінігі біркелкі болмайтыны табиғи нәрсе. Бірақ ол белгілі бір халықтардың жаратылысының ерекшелігінен, құдіреттілігінен, ал екінші бір халықтың кертартпалығынан, жаратылысының төмендігінен, жамандығынан болатын жайт емес, олардың бәрі де әр халықтың экономикалық тұрмыс жағдайларына, әр түрлі объективтік себептерге байланысты. Осылайша әрбір зат пен құбылысты жетер жеріне жеткізе, жіктеп-жіліктеп қарастыратын болсақ, біздің жалпы дүниетанымымыз артып, этнос ретінде өзіміз туралы білгеніміз көп болар еді.

“Алтайлық ортақтықтағы” элементтердің түркі, монғол, тұңғыс-маньчжұр, корей тілдерінің барлық тілдік қабаттарында кездесуін және олардың бәрі де белгілі бір заңдылықтар (фонетикалық, грамматикалық) бойынша қайталанып отыруын осы тілдердің генеологиялық туыстығымен түсіндіретін алтай теориясының көрнекті өкілдері Г. И. Рамстедт, Н. Н. Поппе, Н. А. Баскаков, Е. Д. Поливанов, Л. Лигети, О. П. Суник, Г. Д. Санжеев, В. И. т. б. ғалымдар өздерінің аса құнды еңбектерімен тарихи-салыстырмалы алтай тіл білімінің теориялық-метадологиялық негізін қалыптастырғаны белгілі. Қазіргі кездегі зерттеулерде ұйғыр, дүнген, кәріс тілдерінің түркі-монғол, тұңғыс-маньчжұр сияқты алтайлық тілдермен генетикалық туыстық байланысы мәселесіне айрықша ден қойылуда. Қытайда жасайтын түркі тілдес халықтардың бірі ұйғыр, дүнген, сары ұйғырлар болып табылады. Түркілердің ұзақ уақытқа созылған тарихи-мәдени қарым-қатынасы түркі және қарлұқ тілдерінде екі жақты кірмелікті тудырды. Егер түркі тілдерінен басқа тілдерге немесе керісінше, қарлұқ тілдерінен түркіге XIII ғасырдан кейін енген терминологиялық сипаттағы кірме анықтауға болатын болса, осы тілдердің негізгі сөздік қорына әбден сіңісіп кеткен, бірінен-біріне өте ерте заманаларда ауысқан кірме элементтерді айқындау тіл фактілерін тіл иелерінің салт-санасымен, рухани-мәдени өресімен, дүниетанымымен байланыстырған кешенді талданымдарды қажет етеді. Өйткені Азия құрлығында өте ертеден үзіліссіз жалғасып келген түркі-монғолдардың қоян-қастық аралас-құраластығы олардың тек тілдерінде ғана емес, материалдық және рухани мәдениетінде, этнографиялық әлемі мен этногезінде, тіптен антропологиялық типтестігінде өз із-таңбасын қалдырғаны даусыз.

Адамзаттың айналасын тануы, оны белгілі бір жүйеленген таңбамен белгілеуі бастапқы номинацияға атау берумен тікелей қатысты. Гносеология тұрғысынан қарағанда, қоршаған ортадағы құбылыстарды тікелей лексикалық номинациялау, оларды тілдік жүйеге енгізу, сол тілде сөйлеушілердің қоғамдық тәжірибесінен туындайды деп есептеледі. Адамның санасымен айқындалатын шындықтың барлық заттанушы элементтері тілдік таңбалау арқылы көрініс табады. Яғни, этностың ақиқат өмірдегі заттар мен құбылыстар туралы аялық білімі танымдық қызметпен, яғни адамның ойлау жүйесімен байланысты болады. Осымен байланысты затқа атау бергенде, яғни таңбалану процесіне байланысты зерттеуші "зат біздің танымымыздан, ұғымымыздан орын алғанда, атауға ие болғанда сол заттың барлық негізгі белгілері бірдей танылып, таңбаланбайды, тек негізгі - негізгі бөліктері мен ерекшелігі ғана бейнеленеді. Халықтың болмыс-тіршілігінің, мәдениетінің құпия сырлары ұлттық өмірдің айнасы болып табылатын тіл арқылы ашылады. Осымен байланысты, адамзат өркениетіндегі ұлттық мәдениеттің бір түрі - киім-кешек атауларын танымдық тұрғыдан талдау оның этнолингвистикалық табиғатын ашуға мүмкіндік береді.Тілді танымдық тұрғыда зерттеу қазіргі таңда тіл білімінде дамып келе жатқан соңғы бағыттардың бірі. Адамзат баласы өзін қоршаған дуниедегі әлем бейнесін қалай таниды, ұлттың дүниеге деген көзқарасы негізінде ментальдік танымдар қалай пайда болады деген сауалдар шешімі бүгінгі таңда когнитивті лингвистика ғылымы негізінде өз нәтижесін көрсетіп отыр. Нақтылап талдасақ, тымақ (қазақша), тұмақ (ұйғыр,дүнген) - әртүрлі аңдар мен мал терілерінен жасалатын ерлердің қысқы бас киімі. Осыған орай тымақтың жасалу үлгісі әр жердің ерекшелігіне қарай әртүрлі болады. Бұрын қай ұлтың адамы екенін осы тымағына қарап тани берген.

Мұнда зерттеу нысанасы тіл мен ұлт, тіл мен мәдениет, тіл мен этнос болып табылатын тіл білімінің этнолингвистика, лингвоелтаным, лингвомәдениеттану салаларына, сондай-ақ психология, өнертану, мәдениеттану, этнология, тарих, этнография ғылымдарына қатысты мәселелер тоғысып, бір-бірімен байланысып, қиысып жатады. Әлем бейнесінің небір құпия сырларын ұғынып түсінуге әрқашан қадам жасаған әрбір этностың ғасырлар бойындағы жеткен жетістіктері бүгінгі күнге жеткен мол қазынасы - тілдік бірліктердің этнолингвистикалық сипатын айқындаудың кейбір келелі мәселелері зерттеу аумағынан сырт қалып қойды, яғни казақ тіл білімінде этнолингвистикалық зерттеулердің қазіргі жағдайы, кейбір лексика-семантикалық топтар этномәдени семантикасының жүйелі ғылыми-теориялық тұжырымдамасын жасау қажеттігін дәлелдейді.Сондықтан да сөз қорының бұл құрамын саралап көрсетудің, мағынасы мен этимологиясын ашуға талпынудың өзі лексикология тарихынан да бірқатар мағлұматтар беруді талап етеді.

Тілдік бірліктердің этнолингвистикалық табиғатын зерттеудің тіл ғылымы үшін маңызды болуының ен басты себебі - ол этнос табиғатын танытатын дүниетанымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, діни психологиясы сияқты ұжымның болмыс-бітімінің ерекшелігін жан-жақты ашып көрсетуге бағыт-бағдар беріп отыратын негізгі салалардын бірі. Осыған орай тіл әлемі қоғамдағы мәдени, тарихи, әлеуметтік, рухани және материалдық құндылықтардың айнасы іспетті.

Пайдаланған әдебиеттер

1. Сепир Э. Положение лингвистики как науки // Звегинцев В.А. История языкознания XIX и XX в.в. Москва. 1960.

3. Гумбольт В. Избранные труды по языкознанию. - Москва, 1984.

4. Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. Москва. 1966.



5. Копыленко М.М. Основы этнолингвистики. Алматы. 1995.

6. Беляев А.И. Культурологические гипотезы // Этнолингвистические проблемы семантики. Москва. 1978.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет