«ҚАҢҒа жәдігерлері сыр шертеді»



жүктеу 253.42 Kb.
Дата21.01.2018
өлшемі253.42 Kb.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Маңғыстау облыстық Білім басқармасы

Түпқараған аудандық Білім беру бөлімі

З.О.Баймырзаев атындағы орта мектеп
Авторы: Құдайбергенов Дәулет. 10-сынып.

Тақырыбы:



«ҚАҢҒА ЖӘДІГЕРЛЕРІ СЫР ШЕРТЕДІ»

Бағыты: Оқушылардың туған өлке тарихына деген


қызығушылығын арттыру.

Секциясы: Өлкетану

Жетекшісі: Тулемагамбетов Нурлыбай

Ақтау – 2013 жыл

Түпқараған ауданы Қызылөзен ауылы

З.О.Баймырзаев атындағы орта мектептің

10-сынып оқушысы Құдайбергенов Дәулеттің

«Қаңға жәдігерлері сыр шертеді»

атты ғылыми жобасына


ПІКІР

Құдайбергенов дәулеттің «Қаңға жәдігерлері сыр шертеді»-атты ғылыми жобасын қарап, саралап шықтым.Жоба тақырыбы қазіргі кездегі тарихи ескерткіштерімізді қорғау жөніндегі өзекті тақырыптардың бірі деп есептеймін.

Маңғыстау өңірі ұлан-ғайыр ескерткіші көп аймақ. Маңғыстау жеріндегі әлі ашылмай жатқан елдермен қалаларды , көміліп жатқан обаларды зерттеп, қазақ елінің тарихына жаңа сын беттер қосылса нұр үстіне нұр болар еді.Бұл біздің сол жолдағы құтты қадамдарымыздың бірі.«Тарих толқынында»- айдарымен беріліп жатқан бағдарламада қазақ тарихына осы ғылыми жұмыс тақырыбы ең өзекті тақырып деп есептеймін.Ғылыми жұмыста Қаңға баба атауы тарихи жер-су атауларымен салыстыра сипаттама жасалған.Қаңға туралы Византия,Парсы,Қытай жазба деректерінен мәліметтер алынған. Сонау ұлы қоныс аудару кезінен 10- ғасырға дейінгі аралықты Түпқараған айлағындағы Қаңға қаласының болғандығын аңыздарды, тарихи деректерді алып Қаңға Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттық орталығы болғандығын дәлелдемек болған.Дегенмен кем тұстары да бар.Архиологиялық деректерді көбірек анықтап, жер асты қазба жұмысын жүргізу керек еді деп есептеймін.

Бұл жоба жоғалып кеткен қалалармен қоныстарды ашып кейінгі ұрпаққа жеткізу,зерттеу жолының бастамасы болмақ, біздің Қаңға жерін зерттеуіміз одан әрі жалғасын табады деп үміттенемін.


Ғылыми жетекшісі: Тулемагамбетов Н.



КІРІСПЕ
Түпқараған түбегі, оның ішінде Қаңға өңірінің тарихы әріде жатыр. Шежіреге толы тарихи оқиғаларға зер салсаңыз, сонау көне дәуірлерге жетелейді. Ескіден жеткен қолжазбалардың уақыт өте келе сарғайып кеткен беттерінде олардың көбінің аттары сақталмаған. Кейбір қалалардың атаулары халық аузындағы аңыз әңгімелерде ғана кездеседі. Ал көбінің аты тіпті белгісіз. Тек осы қалалардың қурай болып, бұта жапқан орамдары ғана бағзы заманда еңбек етіп, өмір сүрген, өркендеп, дамып, сарайлар мен шаһарлар тұрғызған, тағдырын жырға қосқан ондаған ғасырлық шежіресі бар ата-абабалар өмірін еске салады. Жазба жәдігерлердің тым аздығы немесе кейбір маңызды тарихи кезеңдер жайлы деректердің мүлдем жоқтығы ежелгі дәуірлер тарихын оқып білуге қиындық туғызады. Тарихымыздың терең қойнауын ақтарып, ежелгі дүниені танып білу аса маңызды мәселе болып табылады. Тарихы қағаз бетіне түспей қалған елдер үшін археология ғылымының маңызы тіпті зор. Бұл жағдай тамыры тереңде жатқан ата-бабаларымыз қалдырған ескерткіштер сыр шертетін Қазақстан тарихына да қатысты. «Маңғыстауды ашық аспан астында орналасқан мұражай» деп атауға болады. Мынау Қарағантүбек әр заманда бабаларымыздың қанымен, терімен суғарылған мына көпті көрген көне топырақ өзінің жаратылысынан бері кімдерге пана, қорған, құтты мекен болмады десеңші. Ықылым замандардан-ақ Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын арқаулы көпір болған осынау қасиетті өлкеде әр кезеңде арғы жаужүрек ата-тегіміз ғұндар, сақтар, түріктер, оғыздар, қыпшақтар тұрмыс кешіп, бүкіл дүниежүзілік өркениет пен мәдениетке елеулі ықпал жасап, сыбағалы үлес қосқан қазақ халқының тарихы мен тағдырында біздің Қарағантүбек өңірінің алар орны айрықша зор, оның әр уыс топырағы, әр бұтасы, әр тасы сан алуан ғибратты шежіре-сырға тұнып тұр. Олардан бізге жеткендері-топырақ астындағы қалған обалар мен төбелер, алыстан сағымданып көрінетін кесенелер мен қорымдар. Яғни Шақпақ ата, Сұлтан епе, Қарағашты әулие, Қаңба баба, Сағындық,Бесінбай қорымдары,БасынАйназар атадан алып, аяғы Шақпақ ата кесенесіне дейінгі аралықты алып жатқан археологиялық-мәдени ескерткіштер қаншама десеңші. Қаңға жерінде сонау оғыз заманында қалалардың болғандығы жайлы деректемелер, қытай, парсы саяхатшыларының жазбаларында, орта ғасыр тарихшыларының еңбектерінде және сол кезеңдегі тарихи оқиғаларға талдау және қорытынды жасай отырып, қала болғандығын және оның тарихты жойылып кеткендігін дәлелдей түседі. Қаңға бойындағы үйіктер, обалар, зираттар, кесенелер, жартастар, құздар, су асты бұлақтары, үйілген өрім-өрім тастары сыр шертеп тұрғандай көрінеді. Көмбені қашан ашасыңдар деп үн қатады. Ол да алыс емес деп білемін.

Жұмыстың мақсаты:

Мені Қаңға баба жеріндегі орасан көп мөлшердегі мемориалдық архитектуралық кешендер құрылысы күмбездер мен кесенелер тарих қойнауына тарта білді. Туған өлке тарихына үңіле отырып, оның ашылмай жатқан құпия шежіресін ашып, кейінгі ұрпаққа жеткізу білуді, тарихи сананы жаңаша зерделеуді мақсат еттім.

Жұмыстың міндеті:



  • Қаңға баба атауының шығуына жер-су аттарына қарап талдау арқылы сараптама жасау.

  • Қаңға туралы тарихи деректерді жинақтап, жүйелеу арқылы Византия, Қытай, Парсы жазба деректерінің негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.

  • Қаңға баба туралы жергілікті көне көз қариялардан ауызша жеткен аңыздардың мән-мағынасын ашуға ұмтылу.

  • Қаңға өңіріндегі жәдігерлердің тарихына үңіле отырып, отырықшылық қоныстың болғандығы-на тірі куә екеніне сараптама жасау.

  • Қаңға қаласының болғандығына ғылыми болжам жасау арқылы оқушылардың жергілікті өлке тарихына деген қызығушылығын, туған жерге, атамекенге деген сүйіспеншілігін оятуға күш салу.

АБСТРАКТ


Қаңға өңірін зерттеудегі негізгі мақсатымыз-туған өлке тарихына үңле отырып, оның ашылмай жатқан құпия шежіресін ашып, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу және тарихи сананы жаңаша зерделеу.Сол мақсатты негізге ала отырып, қасиетті Қаңға қорымына зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Зерттеу кезеңдері екі бөлімнен тұрады.Теориялық бөлім және зерттеу бөлімі. Зерттеудің алғашқы кезеңі теориялық бөлім.Ол бөлімде қолда бар кітап, журнал, газеттерден, саяхатшылар қолжазбаларыннан біршама мәлімет жинасақ, ауылымыздың көпті көрген көнекөз ақсақалдарымыздың әңгімелерін , аңыздарын тыңдап біршама қаңға жеріне байланысты мәліметтер алдық.Екінші бөлім зерттеу бөлімі.«Мың рет естігенше, бір рет көргенің артық »-демекші ол бөлімде біз Қаңға қалашығына саяхат жасадық. Саяхатымызда сол жердегі кесенелер,мешіттер,үйіктер,обаларды көріп баға беріп,өмір сүрген уақытын, не үшін салынғанын анықтадық.

Зерттей келе осы жердегі кесенелер, мешіттер,обаларға,қираған үгінділерге байланысты, осы жерде ертеректе елді мекен болған деген болжамға келдік.

Ықылым замандардан-ақ шығыспен батыстың арасындағы алтын арқаулы көпір болған осынау қасиетті өлкеде әр кезеңде арғы жаужүрек ата-тегіміз ғұндар, сақтар, оғыздар тұрмыс кешіп, бүкіл дүниежүзілік өркениет пен мәдениетке елеулі ықпал жасап, сыбағалы үлес қосқан қазақ халқының тарихымен тағдырында біздің Қарағантүбектің алар орны айрықша зор, оның әр уыс топырағы, әр бұтасы, әр тасы сан алуан ғибратты шежіреге тұнып тұр. Маңғыстау аспан асты мұражайы.Қаңға-киелі мекен.

МАЗМҰНЫ:


1.Кіріспе...........................................................................................

1.1.Абстракт................................................................................

1.2.Пікір.......................................................................................
2.Негізгі бөлім.

2.1.Қаңға баба атауы..................................................................

2.2.Тарихи деректер...................................................................

2.3.Аңыздар................................................................................

2.4.Қаңға өңіріндегі жәдігерлер...............................................

2.5.Қаңға қаласына саяхат........................................................


3.Қорытынды..................................................................................

3.1.Ұсыныстар мен күтетін нәтижелер...................................


4.Пайдаланылған әдебиеттер........................................................
5.Қосымшалар................................................................................


Қаңба баба атауы туралы
«Маңғыстау» деген жалпылама атауға ие үлкен түбектің өзі бірнеше түбектерден тұрады. Халық Каспий теңізіне ішкерілей еніп жатқан үш түбектің атын ерекшелейді, олар- Исантүп, Бозашы түп және Қараған түп. Қараған түпте Киелі Маңғыстаудың тарихи-мәдени ескерткіштерінің қомақты бөлігі шоғырланған. Түбектегі осындай нысандардың бірі – Қаңға баба сайында сол атқа ие орта ғасырлық белгісіз құрылыстың қираған орны мен құландысы. Осы ескерткішке әзірше шағын да болса сипаттама жалғыз кісі–М.Меңдіқұлов. Оның пікіріне қарағанда, бұл Маңғыстау түбегіне оғыз-түрікпендер келмеген дәуірлердің мұрағаты. Осы өлкеде шамамен 700 жыл тұрған оғыздар мен түрікпендер, 200 жыл тұрған қазақтардың есінен 900 жыл бойына шықпағанына қарағанда «Қаңға баба» деген кісінің заманында маңызды тұлға болғандығы айқын. Оның есімі бізге «Қаңғар», «Канлха», «Канлюй» ұғымдарын еске түсіреді. «Күңгірт заман» деп аталатын біздің заманымыздың алғашқы
Х ғасырында Маңғыстау тарихы бізге мүлдем белгісіз. Тарихтың жазба деректеріне ілінген «үлкен жолдан» жырақта қалып, жүздеген жылдар бойына қағаз бетіне аты түспеген Маңғыстаудың осы кезеңдеріндегі тарихын аздап да болса меңгеруге мүмкіндік беретіндер-тек осы өлкенің ежелгі жер-су атаулары ғана. «Қараған» сөзі мен «Алпамыс жырында» кездесетін «Қарақантаудың», «Қаңға баба» мен жырдағы «Қарақан таудағы бабамыздың» арасында біртекті бастау жатыр. Алайда бұл тұжырымдаманы Х ғасырға дейінгі Маңғыстау жерін мекендегендер, яғни Түпқараған-Таушық аймағының тұрғындары өздерін «Қаңға» деп атаған. Сондықтан өздерін билеген адамды «Бас әулие» деп есептеген. «Қаңға баба» немесе «Ата бабаның ежелгі жұрты», «Қара Қаңға», «Байырғы кеңестік Қараған» деп атаған. Оларды бағындырған оғыздар жер атауын сақтап қалған. Маңғыстау облысының топонимикалық сөздігінің ішінде Қаңға Бабадан шығысқа Таушық-Түбіжік аймағында Үдек (Көк Үдек) деген құдық бар. Үдек (Үдек-ыдук) көне түркі тілінде қасиетті дегенді білдіреді. Ал «Алпамыс жырына» байланыстырған топонимдердің өзі әңгіме етуге тұрарлық. Өйткені Алпамыстың зынданы мен «Тайшықтың ордасы» орналасқан жер белгісіз Қаңға бабасы бар Қарағантүбекке кіре беріс маңайда орналасқан. Міне жырдағы Қарақан таудағы қамал мен сол таудағы бабамыз осы Қаңға баба болып жүрмегей. Демек Қаңға баба да оғыздарға дейінгі Маңғыстаудың пірі, оның есіміне «ата» емес «баба» сөзінің жалғауына қарап та Қаңға бабаның арғы ата образы болғандығын да айтуға болады. Демек Қаңға Баба – Кетік қаласынан 30 км жердегі батыстан-шығысқа қарай 15 км-ге созылып аттас сай аңғарындағы мекен. Оғыз тайпалы келгенге дейін «Қаңғар» (Кандиз, Канха, Канхлюй) мәдени дүниесінің бір ошағы болуы керек.
Тарихи деректер не дейді?

Өткен заманнан қалған жазба ескерткіштердің ішінен бізге парсы патшалары Дарий мен Ксеркстің жарлықтары баяндалған жазбалар өте бағалы. Мұнда Орта Азия мен Қазақстанның кейбір тайпаларының аттары аталады. Ежелгі ирандықтардың қасиетті кітабы «Авестадан» көптеген құнды мәліметтер алуға боалы. Сондай-ақ грек, ішінара латын тілінде жазылған көне жазбалардың да маңызы зор. Олардың арасында Геродоттың, Страбонның, Птолемейдің және тағы басқалардың еңбектерін атауға болады. Бұл деректер бойынша Қазақстан жерінің негізгі бөлігін VІІ-ІV ғасырларда сақтардың құдыретті тайпаларының алып жатқаны белгілі.

Кезінде тарихтың атасы атанған Геродот Қазақстан жерін, оның ішінде Каспий теңізінің солтүстік шығыс жағалауын мекендеген сақтарды «Азиялық скифтер» деп атаған. Геродот сак тайпаларының бірі массагеттерді былай суреттеген: «Киген киімі мен тіршілігі жағынан скифтерге ұқсас. Атпен және жаяу жүріп соғысады. Соғысудың екі түрін де біледі. Садақпен, найзамен шайқасады, сондай-ақ айбалтамен де қаруланған». Сақтардың өзі үшке бөлінеді, оның теңіздің арғы жағындағы сақтарының бір тобы Маңғыстаудың Қаңға аймағын мекендеген. Осы жерді алан тайпалары алып өз мемлекетін құрған. 982 жылы парсы тілінде жазылған «Хұдұд Әл-Ғалам» (Әлем шекаралары) атты кітапта Алан мемлекеті және оның қалалары жайында тоқталып «Алан елінде қасаң деген ұлыс бар» дейді. Ғалым В.М.Массон өз еңбегінде «Сарматтар өлген адамның қабіріне қойдың мүшелерін, темір пышақ, балшықтан жасалған құмыраға ішетін зат құйып қою әдетін мол ұстаған» деп көрсеткен. Ғұндар Маңғыстау жеріне Орталық Азиядан б.з.бұрынғы 1 ғасырдың соңы мен б.з. 1 ғасырында келді. Ғұндар туралы деректер былай деді: «Балалар қой мініп, садақ керіп, құс, тышқан атуды үйренеді, біраз өскеннен кейін олар түлкі, қоян аулап, оны тамаққа пайдаланады. Қалыптасқан салт бойынша бейбіт күндері мал баға жүріп аң аулап, өздерін-өзі асырайды». Аммиан Марцеллин ғұндар туралы былай дейді: «Олар суыққа, аштық пен шөлге төзуге бесгінен бастап үйренеді, олар күндіз-түні аттан түспейді, сауда-сатттығында, ішіп-жеуінде, кеңесінде ат арқасында жүріп өткізеді» деп көрсеткен [14]. Оғыз тайпасы жайлы қызықты мәлімет қалдырған Ибн Әл-Факихтың (Хғ) географиялық еңбегінде оғыздар, қимақтар және тоғыз оғыздар сияқты түркі халықтары арасында ерекше құрметтеледі делінген. Шығыс тарихшысы Әл-Истархидің 930-333 жылдар шамасында жазылған «Китаб месалик Әл-Мемалик» атты ктабында мұсылман елдері мен хазарлар елі арасындағы сауда жолы өтетін Каспий теңізі маңындағы бірден-бір үлкен елді мекен Сиях-Кук (парсы ілінде «Қаратау» деген сөз). Түбек екендігі, онда бұлақтар, ағаш, ну шалғын өскен оазистер барын, соларға жуырда түрік тайпаларының бірі кеп қоныс тепкенін, олардың желге ығып кетіп, апатқа ұшыраған сауда кемелерін тонап кәсіп ететінін айтады. Византия императоры Константин Порфирордин (905-959) өз жазбаларында Кубаннан шығысқа қарай мекендеген елді «Қазақия» деп атаған. Ол кезде Х ғасырда Кубанның шығыс жағында саны көп ел қыпшақтар болғаны мәлім. Егер қыпшақ өздерін «қазақ» деп атамаған болса Константин Порфирордин оны қалай тапсын. Ал ол кезде орыс пен украин казачествосының аты да, заты да жоқ. [10].

Шығыс тарихшысы Мұхаммед Ибн Наджиб Бекрон Хорезмшах Текешке арнаған «Дәнехан-намә» кітабында Маңғыстауды жайлайтын түріктердің өз ханы бар екенін жазады. [5].

Көрнекті совет археологы С.П.Толстовтың «Ежелгі Хорезм цивилизациясы ізімен» атты кітабының 229-бетінде берілген «VІІІ ғасырдың ора шеніндегі Хазар-Хорезм метрополиясының орталықтары» деген картада Итиль-Үргеніш керуен жолы Маңғыстаудағы Қарағантүбек түбегінің үстімен өткендігі көрсетілген (С.П.Толстов. По следам древня хорезмской цивилизации, 268,274,275 беттер) Мұның бәрі Маңғыстаудың, В.В.Бартольд айтқандай, Х ғасырға дейін сауда жолыннан тысқары жатпағанын, қайта сонау VІІІ ғасырдың өзінде маңызды сауда пункті болғандығын айғақтайды. С.П.Толсовтың Хорезм өлкесіндегі археологиясы зерттеулерінің нәтижесінде, ежелгі Қаңға (Хорезм ерте кезде Каспийден Тянь-Шаньға дейін созылып жатқан Кангой (Қаңға) мемлекетінің қол астына қараған) мәдениеті сонау біздің заманымызға дейінгі екі аралықта Қара теңіз жағалауындағы елдерге де елеулі ықпал еткені айқындалып отыр, Маңғыстау ол тұстағы мәдени, сауда байланыстарынан да шеткері қалмапты. Бұл пікірді кейінгі жылдардағы зерттеулер де құптайды. Тарих ғылымдарының кандидаты А.Н.Заменскийдің жасаған схемасы бойынша «Ұлы Жібек жолының» далалық тармағы біздің дәуіріміздің бірінші ғасырында Маңғыстау арқылы өтіп жатқан. Ал, белгілі тарихшы Л.Н.Гумилев Каспий теңізі деңгейінің ауытқуларын зерттей отырып, ІІ-ІІІ ғасырдан ІХ ғасырға дейінгі аралықта Жайық өзенінің суы мен Еділ өзенінің суынан құралатын көлшіктер бір-бірімен қосылмай екі бөлек жатқан аралары кішкене бұғаз арқылы байланысып тұрған. Ол тұста шығыс керуенлері Хорезм, Маңғыстау арқылы қазіргі Бозашы түбегінің тұсындағы әлі кішкене бұғаздан өтіп, Еділ бойына көтерілетін болған, ол жол кейін Каспий теңізінің деңгейі көтеріліп бұрынғы екі көлшік бірігіп кеткен тұста су ішінде қалған» деген болжам айтады. (Л.Н.Гумилев. Открытие Хазари 64/07, 109 беттер)

Аңыздар.

Қаңға баба туралы аңыздарда Алан мемлекетінің бір тайпасының көсемі Түпқараған түбегіндегі қаңлы жерін мекендеген. Жер асты суы мол, шөбі шүйгін Хазар теңізіне сұғына еніп жатқан екі қапталы су аймақты таңдап қоныстанған. Ол кезде Хазар теңізінің суы көтеріліп Қаңға ойына дейін жеткен. Кейін бұл жерді әр түрлі тайпалар бірінен кейін бірі келіп қоныстанған, бірақ қаңлы атауы сақталып қалған. Қаңлы атауына баба сөзінің қосылуы көреген, ойшыл, өз тайпасының тұтастығын сақтап, үлкен елге дейін көтере білген данагер, халқына шипа, ел ағасы болған адам көрінеді деп атайды көнекөз қариялар. Аңыздарда «Қаракөз» тамы Қаңғаның басында тұр. Бұл байдың қызы болса керек. Елі өз ру-тайпасының малдары мен адамдары шөлден қырылар жағдай болған. Тасты ойып, астын қазып бұлақтың көзін ашып, мол тұщы суға тап болған. Өз тайпасы Қаңға бойына келіп, орналасқан дейді. Қаңға ойында Ақтас мешіті бар, жері борлы болып келеді. Мешіттің жанында бала оқытқан. Түпқараған жеріне оғыз-түрікпендер шабуыл жасап, балалар қырылған. Бір бала тірі қалып Үдектің басына дейін сағым болып жүгірген. Оғыз тайпасының көсемі бұл баланы «Әулиелі бала» деп атап әскерлеріне тимеуге бұйрық берген. Осы балаға жер жаннаты Қаңғаны сыйға тартқан екен дейді. Қаңға бекінісінің екінші бетінде Мерет деген жер бар. Мерет сайы екі бүйірлеп барып, Тамшалы жеріне одан әрі теңізге құяды. Мерет атауы қайдан шыққан? Аңыз бойынша Мерет жылқылы байдың қызы болған. Әкесінің жылқысы мен малы көп болған. Қашанда Маңғыстау жері суға тапшы. Мерет сайының ішінен мол су көзін тауып оған баратын жолды ойып салдырған. Жолдың ерекшелігі сонда ең төменгі қабаттарына күн көзі түспейді екен. Сайдың басында үйік белгі бар, қазақтар оны Дінілтас деп атайды. Соның қасындағы қорымда алтын кеніші болған дейді көнекөз қариялар.

Маңғыстауда әулиелер мен киелі орындар көп. Солардың көбі Қаңға өңірінде орналасқан. Соның бірі Қарағашты әулие қорымы туралы. Бұл қорымда «Руы Қыдырша Нияз» деген жазуы бар кірпіштен жасалған сағана там бар. Сол қыдырша Нияз ақсақал наурызда жер бетіне игілік дарытатын Қыдыр атаны өз көзімен көрген дейді, ал кейбір аңыз-әңгімелерде Няздың әйелі Ақтайлақ ана Қыдыр атаның қызы болған дейді. Енді бір аңыз Шақпақ ата туралы. Қаратауда Имеди тауының төбесінде Сахабия(бұлтты) атты жер бар деседі. Сол жерге Шақпақ ата бұлттар арасымен жетеді екен. Бір күні оған жаулары шабуыл ұйымдастырған. Намаздың уақыты болып қалғандықтан өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан Шақпақ ата бір биік тас үстіне шығып, намазын оқиды. Сол жерде ол уақытты ұмытып, тура екі жыл бойына дұға оқыған көрінеді. Сол таста осы күнге дейін аяқ, қол, маңдай, мұрын ізі қалған. Екі жыл өткенннен кейін жауы қайтып келіп, киелі атаның басын кесіп алыпты. Шақпақ ата болса, кесілген басын қолтығына қысып алып, көзден ғайып болған. Әрине, мұның бәрі аңыз, бірақ аңыздың да негізінде тарихи оқиға жататынын естен шығаруға болмайды.

Қаңға өңіріндегі жәдігерлер

Сақтар дәуірінен қалған ескерткіштердің бірі-көне үйіктер Түпқараған жеріндегі Арықша, Қорып тұран жұртының басындағы үйіктер мен обалар, Мереттің Қара тамы деп аталатын үйіктер мысал бола алады. Үйіктердің көпшілігі б.з.д. VІІ-ІV ғасырларға жататын скиф-сак көсемдерінің үстіне көтерілген ескерткіш. Бұл туралы академик Ә.Х.Марғұлан былай деп жазады: «Бұл үйіктердің астынан салт атты жауынгерлердің, ру басшыларының немесе қатардағы мүшелерінің сүйегін көптеп табуға болады. Әсіресе ру басшылары мен тайпа көсемдеріне орнатылған ескерткіш-қорғандар өздерінің әсемдігімен көзге түседі». [14].



Оғыз тайпасының тұрғанын дәлелдейтін көне ғимараттар бар. Кетік пен Таушық елді мекенінің арасында екі қауым бар, оны жергілікті халықтар Ақшора мен Белтора деп атайды. Үсті құлап, ашылып жатқан бір бейіттің диаметрі 3 метр 30 см, ішіне бірнеше адам жерленген. Қабірді жапқан қақпақ тас үстіне қой мүсінін қойған. Демек, оғыздардың тотемі-қой. Олар қойға табынған. Кетіктен 18 км жерде Қарамола ескерткіші тұр, оның бір қабырғасында қарулы жауынгердің бейнесі қашалған. Тағы бір қабырғасында әйел мүсіні бейнеленген. [12]. Қарағантүбек шаруашылығының территориясында орналасқан Қаңға бекінісі. Маңында қисапсыз қойымдықтар. Қамал Түпқараған пристанынан Орта Азияға тартылатын ұлы кереуен жолының бойында. Қамалдың биіктігі–3 метр, ұзындығы 60 метр, еңіс тұмсықты бойлай салынған. Қыр бетінде атпен кіргендей кең есік. Таудың құлау етегінде өңделмеген ұзын тастардан жасалған қосымша қамал-керуен сарай. Мерет сайынан бір шақырымдай жерде Асқармауыт қауымы бар. Мешіті бар, кезінде бала оқытылған қыраттың маңында иік төбелерде есеп-қисабы жоқ шошайған тастар көп. Жерленген адамдар мен олардың құралдары табылған. Бір рет қазып тастап кеткен. Мерет сайы мен Қаңға бекінісінің арасындағы үлкен жол жота қырлардың астында көміліп жатқан Қаңға қаласының орны бар деп білемін. Мерет сайының ішінен бастап Тамшалыға дейінгі сай ішіндегі қалың ну ағаштар гүлденген. Қаңлы қаласының болғанын дәлелдей түседі. Түпқарағанда Сұлтан епе ғимараты бар, ғимарат маңындағы 50 м туннель шың болып жағалай, тау қабатын бойлай, үңги қазылған. Биіктігі адам еңкейіп қана жүргендей. Үш жерден ауа келер саңылау шығарылған. Туннельдің әр жері таспен тірелген. Бағандар қаз-қатар тізіле барып, қонақжай бөлмесіне ұласады. Ғимараттардың есігі терістікке қарайды. Оның қақ төрінде тастан жасалған намазжай-жайнамаз. Қақ төрінде таңба тастардан диаметрі бес метрдей намаз оқитын қораша жасап, оның алдына Хорасан, Хорезм стилінде михраб (аса тас) қойған. Сұлтан епе ғимаратында үлкен үңгір бар. Содан жерасты жолы Үдек маңындағы «Ойран ауызы» жерінен барып шығады. Ара қашықтығы екі шақырымдай. Жаугершілік заманда жерасты жолы Шақпақ ата мешітімен байланыс қызметін атқарған және Қаңға қаласының ең шеткі бекінісі-қамалы болуы мүмкін. Түпқараған түбегінің басты ерекшелігі -әулиелі киелі орындардың көптігі. Сонау Айназар ата, Саназар ата, Бесімбай, Сағындық кесенелері, Қарағашты әулие қорымы, Сұлтан епе кесенесі, Шақпақ ата ғимараттары бір жоталы қыраттар бойында орналасқан. Ерте кездерде адамдарды жерлеу ел отырған аймаққа, қоныс шетіне жақын орналастырылған.

Қаңға қаласына саяхат.

Қаңға қаласының орны Қарағантүбек шаруашылығының территориясында орналасқан. Бір шеті Қошанайдан басталатын алып қырат жотасы сонау Үдекке дейін созылып жатыр. Кейбір деректерде қарағанда қаланың алғашқы шағын қонысы V ғасырда басталғандығын аңғаруға болады. Қытай жылнамаларында ІV ғасырда Қытайдан Византияға дейін созылып жатқан «Жібек жолының» бір тармағының сілемі Маңғыстау түбегінің осы Қаңға арқылы өткендігін айтады. [9]. Ұлы Жібек жолының бойында жатқандықтан, әуел баста шағын бекініс, керуен сарай ретінде салынған Қаңғаның бірте-бірте маңызы арта түседі. Оның үстіне қала табиғи қолайлы жерден бой көтерген. Айнала судың ортасында жатқан түбекке сұғына еніп жатқан аймақтағы қала қорғанды ІХ-ХІ ғасырда оғы тайпалары мекендеген. VІ-VІІ ғасырларда Қытайды батысқа баратын жолдың бір тармағы Үрімнен шығып, Дербент арқылы Каспий даласымен Маңғыстауға, Арал бойына, Оңтүстік Қазақстанға жетті. Қытайдың жібегі, Иранның күмістен жасаған бұйымдары, Үрімнің таза маталары, Афрасиабтың құмыралары және т.б. заттар керуен арқылы жеткізілді. Қаңға қаласында үлкен алаң болған, онда 500-ден астам түйе көлігі ұсталынған. Керуенге шығуға әдетте байлардың бірнешеуі бірігетін болған. Ондай керуендер 60-70 түйеден жасақталып, әрбір 5-6 түйенің бас жібін бір адам ұстаған. Керуенді керуен басы басқарған. Маңғыстаудан Бұхараға дейін баратын сауда керуені 25 күндік жол жүрген. Қажы Тарханнан келетін орыс тауарлары Қаңға қаласы арқылы Бұхара жеткізу үшін саудагерлер түйесі сайлы қазақтармен келісім жасаған. Маңғыстау-Хиуа-Хорезм сауда керуендерінің жолдары да өте маңызды болған. Қаңға қаласы Ресей, Орта Азия, Ауғанстан елдерінің аралығында тоғыз жолдың торабында жатқандықтан бір жылдың ішінде мыңға тарта түйе керуені өткен. Қала тұрғындары Көкжарға, Оралға, Хиуаға кіре тартқан. Олар Қаңға мемлекетінің аймағынан көптеген тұзды көлдерінен тұз қазып алып, оны түйемен парсы жеріне дейін тасып күнелткен. Қаңға тұрғындары жыл сайын Бесқала, Хорезм, Хиуа елдеріне керуен жіберіп, астық алған. Бертін келе Қаразым көненің ойынан, Қаратау бойынан жер алып егін салған. Қазіргі «Ауызды бас», «Терең орпа», «Сауысқан», «Тамды» және Қаратау етектерінен табылып отырған егіс алқаптарының құралдары мен атыздар мысал бола алады. Бидай, тары, арпа өсірген. Қаңға бойындағы тастар, қаланған бағаналар жолаушыларға жол көрсетіп, құдықтардың жақында екенін меңзеген. Қаңға іргесіндегі тастан қалап жасалған дөңгелек қора тәрізді құрылысты ертеректегі керуендердің демалыс жасайтын орны болғанын жергілікті тұрғындар Карутцке айтқан. [2]. Бұл жерді Б.Залесскийде өз альбомына түсірген.[3]. Мұндай көне құрылыс іздерінің көптен кездесетіндігін Р.Карутц те айтады. [2]. Украина ақыны сәулетші Т.Г.Шевченко «Ескі Хиуа жолы» деген сурет салған. Ол қазіргі Кетік қаласынан бастау алып, Қаратауды бойлап, Үстіртке шығып кетеді де Бәтжан жолына қосылады. Қаңға жеріндегі өсіп тұрған тұт ағаштары мен Мерет сайынан Тамшалыға дейінгі өсіп тұрған ағаштар кешегі Ұлы Жібек жолының керуен жолымен келген саудагерлер әкелген жеміс-жидек өнімдері еді. Маңғыстауда 20-ға тарта бұлақ көздері болған, бұлардың аса мол суы бар Мерет бұлағы мен Қаракөз, Баулы суларын атауға болады. Оларды тоғанға жинап, көлге айналдырып, егін шаруашылығының өнімдерін өсіруге пайдаланған. Бұл сауда-саттықтың өркендеуіне, жол бойындағы қалалардың көркеюіне игі ықпал жасады. Сол замандағы тарихшы Жұңғо деректемесінде: «Батыс өңірдің қалаларында саудагерлер мен көшпелі малшылар бірге тұрады» - деп сипаттайды. [1]. Көшпелі малшылар айырбас жасау үшін қырдан қалаға жақындап келіп, қонып отыратын. «Ұлы Жібек жолының» сауда керуендері осы қалаға келіп тоқтағанда, жібек, мақта, мата, алтын, күміс бұйымдар, хош иісті майлар, тәтті тағамдар, т.б. өзіне керекті заттарды малға айырбастап алып отырған. Қалаларда темірден құрал-жабдық жасайтын ұсталық кәсіп, қыш-құмыра өндірісі, тоқымашылық, ағащ шеберлері, тері өңдеу, зергерлік т.б. қолөнер кәсіптері болды. Хон Цзюнь «Юань патшалыктағы тарихының аударма материалдарына толықтырулар» деген еңбегінде «Хазар теңізінің жағалауында түріктерге бағынышты қаласы бар ел бар, қаласында халықтың бір бөлігі қолөнер кәсібімен, ал екінші бір бөлігі саудамен айналысады» - деп жазған. [6]. Міне Хазар теңізінің жағасындағы Қаңға қаласы деп білемін.

Шаруашылығы. Б.з. V-VІ ғасырда Маңғыстау түбегінің Түпқараған айлағында Қаңғалардың тайпалық бірлестігі құрылды. Олар Түпқараған түбегінен оңтүстігі Қаразымға дейінгі солтүстік шығыста Арал теңізіне дейінгі аймақты мекендеген. Қаңғалар Қытай, Парфия, Рим және Кавказ елдерімен саяси-экономикалық және мәдени байланыстар жасаған. Олар әскери одақ құрып, көрші тайпалармен, тайпалық одақтармен соғыстар жүргізген. Қаңғалар өз жерімен өтетін Ұлы Жібек жолын өз бақылауында ұстауға тырысқан. Тайпа халқы негізінен мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысты. Басты байлығы-мал болды. Көбінесе жылқы мен қой, оған қосымша түйе және ешкі өсірілді. Ал егіншілер дәнді дақылдар егіп және бау-бақша өсірумен де айналысқан. Жиналған өнім жерде қазылған ұраларда немесе қыш құмыраларда сақталды. Көптеген бөгендер мен тоғандар тұрғызылған. Аң аулау қосалқы кәсіп болды. Елік, арқар, киік және су құстары ауланды. Қолөнер де дамыды. Адамдар темір балқытып, одан қару, еңбек құралдарын жасады. Балшықтан әртүрлі ыдыстар істеді. Қолөнершілер өз өнімдерін мал өнімдері мен астыққа айырбастады. Бұл сыртқы сауданың дамуына және көрші тайпалармен қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етті.

Қаңғалардың қоғамдық құрылысы. Қаңға қоғамындағы мүлік теңсіздігі б.з. V ғасырында пайда бола бастады. Ірі ақсүйектердің қол астына аса мол байлық жинақталды. Бұқара халық ірі ақсүйектерге әскери көсемдер және ақсақалдар кеңесі өздеріне берілген билікті пайдаланып бұқараны бағынышты ұстады. Қаңға тайпаларында билік мұрагерлікпен әкеден балаға беріліп отырды. Үстем тап өкілдері соғысты тонау мақсатында пайдаланып, көптеген байлыққа ие болды. Қолға түскен тұтқындар құлға айналдырылды. Оларды егін егуге, қолөнер кәсібіне пайдаланды. Юй Тайшаньның «Сақтар тарихына зерттеулер» тектес кітабында қазақтың байырғы ру-тайпалары туралы зерттеу жүргізген. Осы еңбекте Хазар теңізінің жағасындағы Канли халқы жөніндегі айтқаны оларды тайпа көсемі-ел ақсақалы басқаратыны, әрі ол бас қолбасшы болатыны айтылған. Кейін қыпшақтар хандық орда құрған. Хан ру көсемдерімен ақылдаса отырып, сауда-саттықты, шаруашылықты, жайылым және жерді пайдаланды, соғыс мәселелерін бірігіп шешіп отырған. Хан туыстары хандық кеңеске жиналып даулы мәселелерді шешіп отырған. Бұқара халық шонжарларға алым-салық төлеп тұрды. Хандық Орда да мемлекетті бөліп басқару жүйесі болмады. Бүкіл ел ру-тайпа жіктері ойынша басқарылды. [7]. Орда да күшпен бағындырылған тайпаларда баршылық еді. Ордадағы ханның билігі әлсірегенде жергілікті ақсүйектер елде бүлік шығарып, үнемі соғыстар болып тұрды. VІ-Х ғасырда түркілердің өздері көршілес елдерге жорықтар жасап, көптеген құлдарды қолға түсіріп отырған. «Олар тағы да келіп, самдун мекен-жайын тонады, мұсылмандарды тұтқындап әкетті» десе Гардизм өз еңбегінде қырғыздардың гуздарға шабуыл жасап, тонап, кісілерін өлтіріп, ал аман қалғандарын құлдыққа сатып жібергенін хабарлайды. [1]. Жалпы құл саудасы ІХ ғасырға қарай күшейе түскен. Оған себеп араб қолбасшыларының түркі құлдарынан өздерінің ұланын құруы болды. Ірі транзиттік құл саудасының жолы Мауараннахр мен Хорезм болды. Бұл жерлерде түркілермен бірге славян, хазар құлдары сатылды. Демек Қаңға ордасының да ұл-қыздары да бұл елдерде сатылып отырды. Қаңға Ұлы жібек жолының маңызды бөлігінде орналасып, дүниежүзілік өркениетпен қарым-қатынаста болды.

Діні мен мәдениеті. Ежелгі қазақ жеріндегі түркі тектес тайпалардың ең алғаш христанизммен жақындасуы біздің заманымыздың VІ-VІІ ғасырлары, яғни Түркі қағанаты дәуірінде болған. Ежелгі Шығыс Рим тарихшыларының жазбаларында былай деп жазылған: «Рим тарихшысы Симукатанның жазуынша 591 жылы шығыс Рим императоры Маврик парсы шахы ІІ Хұсырауға көмекке әскер шығарып, Түрік қағанатына қарсы соғысады, алып барады. Сонда маңдайларына крест белгісі салынған түрік жасауылдарын көріп Рим императоры қатты таңданады. Сөйтсе тұтқындардың айтуынша олардың жас уақыттарында түрік елінде жұқпалы ауру тарап, христиандар түрік балаларының маңдайларына крест белгісін салыпты. Содан бастап олар христиан дініне кірген екен. Тұтқынға түскен түріктерді Хазар теңізінің жағасындағы Кэнли қалашығынан тиеген. [1]. Христиан дініндегілердің Канги қаласына орналасуы қала халқының отырықшылыққа көшуіне әсер еткен. Қаңғалар арасында табиғатқа, ата-баба аруағына табыну сияқты діни ұғымдар болған. Олар табиғаттан тыс күштерге сеніп, үй жануарларынан құрбандық шалған. Сонымен қатар олар күнге, айға, жұлдыздарға табынған. Аспан әлемі жыл санаудың негізі болды. Жұлдыздар арқылы көшкен кезде жол тауып және діни әдет-ғұрыптарды реттеп отырған. Канги мәдениетінің дамуында Маңғыстау жеріндегі ескі көне зираттар, күмбездер, кесенелер болып табылады. VІІ ғасырда Қазақстанның оңтүстігіне арабтардың келуімен ислам діні пайда болды. Маңғыстау жері тарихи ескерткіштерге бай. Орта ғасырлық оғыз-қыпшақ кезеңіндегі ескерткіштерді атауға болады. Қаңға қала бекініс қамалының құлауы 1065 жылы Сельжук билеушісі Алып Арслан Маңғыстаудағы жақсы бекініс қаласы бар қыпшақтарға қарсы жорыққа шықты. Қыпшақтар жеңіліп, қала қирап, үйіндіге айналды. Бізге жеткен үйіктер, обалар, көне қоныстар, кесене күмбездер. Тарих қойнауына үңілген сайын сонау ертедегі Қаңлы, Кэнли, Канги ордаларының орталығы болған қала тарихының дамуы өз жәдігерлері арқылы сыр шертеді. Оны асықпай бір-бірлеп ашып, болашақ кейінгі ұрпаққа жеткізіп беру біздің міндетіміз болып қала бермек.

Қорытынды

«Құлазыған сенің құла жүздерің,

Не білмеген, не көрмеген ізгі елім.

Жазылмаған тарихымның жолдарын

Ауыз екі аңызынан іздедім…»

«Бізге қажетті-жаны да, қаны да қазақы халықтың тілі мен дінін, тарихы мен салт-дәстүрін бойына сіңірген, туған жерін түлетуді, егемен елінің еңсесін көтеруді азаматтық парызым деп ұғатын ұрпақ тәрбиелеу»,- деді айқын жол көрсеткен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев. Өткенді білу - өркениет белгісі, ұлт тарихы, ел болмысы, ұрпақ тәрбиесі. Туған жерінің қадыр-қасиетін ұғындыру, туған жер тұлғаларына деген құрметтерін арттыру, туған ел тарихын тану мақсатында Қаңға жерінің тарихына ғылыми ізденіс жүргізіп келемін. Қаңға өңірі-ата тарихы әріден басталатын қасиетті мекен. Қазіргі жастардың өздері туған, қазір мекен етіп жатқан жері тұнып ұрған тарих екенін бірі білсе, бірі білмейді. Туған өлке тарихы мені ғылыми ізденіске жетелеп, өз жерімді, өз елімді, Отанымды сүюге тәрбиелейді. Өз өлкемнің тарихи ерекшелігін білуге жетелейді. Мен өзімнің «Қаңға жәдігерлері сыр шертеді» атты ғылыми-зерттеу жұмысымда жергілікті өлке шежіресінің маңызын білуге, Қаңға қаласының орнын, оның орта ғасырда Маңғыстау түбегінде өмір сүргендігін көрсетуге тырыстым. Олардың болғандығын ғылыми болжам жасауға қорымдар мен әулиелер тақырыбында бүктеме альбомдар жасадым. Қаңға жері жөнінде деректер жинақтадым. Туған жердің тарихын, шежіресін білу-әрбір ұрпақтың азаматтық борышы. Тарих арқылы біз өткенді зерттеп, болашаққа мақсат қоямыз. Елін, жерін сүю үшін, ең алдымен оның тарихын жақсы білу қажет. Ұлтарақтай болса да, атақоныс жер қымбат. Ат төбеліндей болса да, туып-өскен ел қымбат» деп жырлағандай, осы ғылыми–зерттеу еңбегімде Қарағантүбек шаруашылығын жерінде орналасуын жәдігерлерінің өткені мен бүгінгі тарихының тарих қойнауындағы сырлары жатыр.


ҰСЫНЫСТАР:


- Қаңға Баба өңірінің тарихи сырға толы мәдени ескерткіштерін келер ұрпаққа тірі мұражай ретінде жәдігерлік деңгейге көтеру.

- тарихи орындарды зерттеу экспедициясы ұйымдастырылған жағдайда археология ғылымына қызығушылығы басым оқушыларды да зерттеу жұмыстарына қатыстырса.

- тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау сақтау мақсатында мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлініп, кең көлемде зерттеу жұмыстары толығымен жүргізілсе және оларды келер ұрпаққа аманат етіп табыстау.

- мәдени мұра бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан осы тарихи орынға қазба жұмыстары жүргізілсе деп ғылымға өз ұсынысымды енгіземін.

- Тамшалы-Мерет-Қаңға аймағында облыстық мемориалдық туристік кешен ашу арқылы туризм саласын дамыту.

КҮТЕТІН НӘТИЖЕЛЕР:

-Болашақта Қаңа,Тамшалы,Саура,Мерет аймақтарынан туристік базалар салынса.

-Қаңға жеріндегі мәдени ескерткіштерді қайта қарап,жаңартып бүгінгі заманғы сәулет өнерінің әсем нақышымен жаңартса.

- Қазақстан Республикасының тарих және архиологияны дамыту институттарымен байланыса отырып, Қаңға өңірін зерттеу жұмысын одан әрі жалғастырса.

-Өлке тарихына деген оқушылардың сүйіспеншілігін арттыру үшін Қаңға жеріне тұтас архиологиялық экспедиция ұйымдастырылса.



Пайдаланған әдебиеттер:

1. С.П.Толстов « По следам древня хорезмской цивилизаций» 268-274-275-бет

2.Л.Н.Гумилев «Открытие хазари» 1964 жыл 109- бет

З.У.Толған «Жалпы түрік тарихына кіріспе» 1 том 1981 ж.

4.Р.Картуц. Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке. СБП 1910 48 бет

5.Б.Залесский. Жизнь киргизских степей. 1865 28 бет

6.Ф.Беарамберг. Краткие сведения о караванной дороге из Мангышлаке в Хиву «Записи по отделение этнографии»
1 т 1867 г 321-бет

7.Ф.И.Михайлов. Туземцы Закаспийской области и их жизнь» Ашхабад-1900г 248- бет

8.Цэнь Чжун Мэнь «Түрік тарихына топтамалар» 121- бет

9. Юй Тайшань «Сақтар тарихына зерттеулер» 49- бет

10.Ныгмет Мыңжан «Қазақтың қысқаша тарихы»
1987 ж 161-бет

11.Цэнь Чжун Мянь Ханьшу Батыс өңір баянына жағрапиялық түсініктеме. 1981 ж 128- бет.

12.М.Ақынжанов «Қазақтың тегі туралы» 104 бет

13.Ә.Кекілбаев «Ұйқыдағы арудың оянуы»

Алматы, Қазақстан баспасы 1979ж. 124- бет

14.Қ.Сыдиықов, Е.Өмірбаев «Маңғыстау» Алматы 1973 ж. 149- бет

15.Қазақ ССР тарихы. Алматы – 1980 ж. 1 том. 288- бет

16. Қазақтың ежелгі көне тарихынан – 1987 ж. 142- бет



17.Маңғыстау энциклопедиясы. Алматы 1977ж.

«Атамұра» баспасы169-170- бет


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет