Ақын әмірқҰлдың шағын шумақтарының ерекшеліктері қалиева Ж., Баешова б м. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ



жүктеу 57.73 Kb.
Дата06.05.2019
өлшемі57.73 Kb.

ӘОЖ 854. 342
АҚЫН ӘМІРҚҰЛДЫҢ ШАҒЫН ШУМАҚТАРЫНЫҢ

ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қалиева Ж., Баешова Б

М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ.
Жамбыл өңірі суырып салма, төкпе, дарынды ақындарға кенде болған емес. Тараз топырағында туып өскен Балқыбек Тәжіұлы, Өзбек Ақжолұлы, Сыдықназар Керімбаев, Қожатай Ахамбаев сынды басқа да ақындар өз заманының өршіл мінезді, өжет те өткір сөзді талантты тумалары. Әлеуметтік, қоғамдық мәселелер төңірегінде кесекті ой айтып, саналы ғұмырларын елінің мұң-мұқтажын жырға қосуға арнаған ақындар арасында Әмірқұл Мырзақұлұлы (1924- 1998 ж.ж.) да болды.

Сұрапыл соғыс даласында жаумен алысқан майдангер ақын ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған, сондай-ақ, бақты баптар бағбандығы да бар еді. «Ол әсем ән мен отты өлең-жырға өте құмар еді. Орайы келгенде домбыраның күйін келтіріп, сазды ән салудан жалықпайтын» [1., 151 б]. Әмірқұл ақынның «Сүйген жар», «Өзің ойлан қарағым» секілді ән-өлеңдері бүгінде халық игілігіндегі жауһар жырлар. Зерттеу еңбектерінен ақынның Өзбек Ақжолұлы, Балқыбек Тәжіұлы, Өсер секілді ақындардың өлең-жырларын насихаттағаны мәлім.

Әмірқұл өзінен бұрын өткен жыраулар мен ақындардың, сал-серілердің шығармашылығына ден қойып, әрдайым әдебиет айдынында өзгерістер мен жаңалықтардан назарын тыс қалдырған емес, ол үнемі ізденіп, көп оқыған дүниетанымы сан тарау - білімді ақын. Ақынның қолжазбаларынан Ш.Айтматовтың, М.Әуезовтың, З.Қабдоловтың, Т.Молдағалиевтің шығармаларын көп оқып, өз пікірін қағаз бетіне түсіріп отыратындығын анғаруға болады. Ақын сонымен қатар, әдебиетке жаңа қадам басқан жас жазушылардың шығармаларына талдау жасап отырған.

Әмірқұл Мырзақұлұлы түрлі жанрларда қалам тербеген төкпе ақын. Оның «Ел-жұртым!...Келді көктемің», «Аршыңдап өссе арлылар...», «Аллаға жетсін үніміз» сынды тағы да басқа тақырыптардағы жыр-толғаулары, «Саналылар мен санасыздар хақындағы ғибрат» тақырыбында жазылған қос жолды өлеңдері, «Замана келе жатыр...», «Аңсаған армандарға қақтық қанат», «Ғибрат» секілді төрт жолды өлең шумақтары ерекше мәні бар дүниелер санатында.

Әмірқұл Мырзақұловтың шығармашылығының ауқымды бөлімі- толғаулары. Олардың тақырыбы сан алуан болып келеді:адамгершілік мәселесі, қоғамдағы болып жатқан саяси-экономикалық ахуалдар, халықтың тыныс-тіршілігі, өмірлік ой-толғамдары. Әсіресе, ақыл-кеңес болар тәлімдік тұстары ерекше назар аудартады.

Әмірқұл Мырзақұлұлының термелері тақырыбы жағына ауқымы өте кең, қазақ халқының болмыс-бітіміне, қадір-қасиетіне мінез-құлқына, кешкен ғұмырының бүгінгісі мен болашағы төңірегінде сан алуан құнды пікірлер айтып, жастарды имандылыққа, адал еңбек етуге, саналы білім алуға, сонау ежелден келе жатқан ата-бабамыздан асыл қазынасы – салт-дәстүрімізді қадірлеуге, ұлттық тәрбиемізді сақтауға шақырады. Бірлікке, татулыққа шақырған шумақтары да аз емес:

Шаттықпен жайнай түссін отбасымыз,

Бірлікке ақ ниетпен топтасыңыз.

Бір емес бәрімізге ортақ болар

Сыры мол, берері көп жоқты ашыңыз [1].

Әмірқұл Мырзақұлұлы эпикалық туындыларға да құлаш ұрған ақын. Ол поэма жанрының ішкі байлығын кең пайдалануға тырысқан ақындардың бірі. Қазақ поэзиясының түбегейлі бір саласы жыр – толғау болса, жазба ақындардың өкілі ретінде дәл осындай бағытпен поэмаларын дүниеге әкелген.

Өмірін өлеңмен гүлдендірген, бүкіл ғұмырын маңдай терді төгіп, еңбекті сүйген жалынды ақынды кез-келген адамға үлгі етерліктей. Жер ананың қасиетін түсініп бағалап, табиғаттың бар сыйын адамзатқа сыйлап, ауылды гүлдендіріп, көркейтуге үлес қосқан ардақты азаматтың бірі болғандығы ақынның мына шумақтарында көрініс тапқан:

О бастан бабаларың еткен мекен,

Жеріңнің асты да кен, үсті де кен.

Барлай біл қорғап әркез қазынаңды,

Байлығын төкпей-шашпай алам десең [1].

Қашанда “ақты ақ, қараны қара” деп бағалаған нағыз әділетті кісі болған. Оның тапқырлығын, көрегендігін, еңбекқорлығын, ақындығын, тіпті жай ғана адамдық қасиетін естен шығармай, жүректерінде сақтаған ауыл адамдары, онымен қызметтес болған кісілер ол кісінің есімін әрдайым үлгі тұтады.

Ақынның жан-жақтылығы, көрегенділігі әр жанрдағы өлең-жырларынан есіп тұрады. Толғағы тоқсан толғаулары мен нақылға толы ғибраттары келер ұрпаққа баға жетпес мұра. Әмірқұл ақынның шығармашылығындағы шағын шумақтар тақырыптық ерекшеліктерімен дараланады. Ол қос шумақтары мен төрттағандарында қиюы мол өмірдің түрлі қалтарыстарын қалт жібермей жырлай білген. Қос жолды өлеңдерінде саналы азаматтарға санасыздықтан аулақ болуын насихаттайды, екі қасиетті қатар қойып салыстырады:

Саналылар әрқашанда қатарынан озып жүр,

Санасыздар бір оңалмай жөргегінен тозып жүр.

* * *

Саналылар нәсіптің адалдығын талғайды,



Санасыздар құлқыны бәріңді түгел жалмайды.

* * *


Саналылар жақсылықтың тең ғой атар таңына,

Санасыздың жоламаңдар ешқашанда маңына.

Саналы ұрпағының жарқын болашағы үшін алаңдаған ақын жүректі азаматтың қаламынан туған осындай қос шумақты жырлар көптеп кездеседі.

Ақын нені жырласа да сезіммен, асқақ рухпен жырлайды. Оның лирикасы адамды жақсылыққа үміттендіріп, еңбек етіп, оның рахатын көруге шақыратын болашаққа деген жарқын көзқарасқа деген сезімін көкейде қалыптастырып, алға жетелейтін оптимистік бағыттағы өлеңдер. Ақынның осындай ішкі сезіммен жүрегінен жарып шыққан туындылары арқылы оны нағыз романтик ақын деп айтуға болады. Төрт жолмен жазылған ғибратты шумақтарында да ақын келер ұрпаққа ұранды үн тастайды. Оның мысалын мына шумақтардан аңғарамыз:

Жаманның қосылмағын мүддесіне,

Ұмытпа салып жүргің күнде есіне.

Тұрақсыз ойларыңның сенімі жоқ,

Кіле кепіл айран салып жүрмесіне.

* * *

Әр затты құру оңай, түзету қиын,



Жат істен қас-қағымда кетер саның.

Адамдық қасиетті жойып алма,

Аулақ жұр! Жат қылықтан болса миың.

* * *


Жан болмас қадірлесең сағынбаған,

Тірлік жоқ адамзатқа бағынбаған.

Сөйлессең тіл табысып әр пендемен,

Дәулетің баянды боп қолыңда қалған.

* * *

Қарама адамдардың түс-түріне,



Қарағың санасының үшкіріне.

Білімді ой-санамен мыңды жығар,

Жұмсасаң желкеңдегі күшті біле.

Ақынның шағын шумақтарындағы ерекшелік – көркемділігінде. Тілі орамды, жатық оқылатын туындыларды зердеге тоқу, санаға сіңіру қиын емес. Асқақ рух берер шумақтары оқырманды шарықтатып, шаттандырып әкетеді. Аталық бата іспеттес шумақтарының ерекшелігі - патриоттық рухқа жетелейтіндігі:

Төріңде көк байрақты төрің болсын,

Далаңда жасыл желі нуын болсын,

Дарытып адал жолды кәсіптерді,

Астасқан орны ауысқан буын болсын, - деген шумағында қанаттандырар сөздер үлкен пафоспен қолданылған.

Шағын шумақтардың өзіне тән қасиеті – бір ғана шумақпен үлкен мағына таныта біліп, сол төрт жолға ауқымы зор баталы ойды сыйғыза салатындығында. Бір ғана түйінмен орасан философиялық мән, мазмұн беретін өлең түрі төрт-ақ жолдан тұратын болғандықтан қазір тілімізде оны «төрттаған»деп атап жүр.Журналист Р.Құдайбайтегінің төрттағанға сипаттама беруі бойынша ол өзге өлеңдерге қарағанда табиғаты басқаша.Бұл тұрғыдын алғанда, оны көтере жүгі тым ауыр[2:,233б].Кез-келген адамға бір шумақтық жырдың тиегін ағыту оңай іс емес. Шағын шумақты айтары бар, аталы сөзі жетерлік ақындар дүниеге келтіре алады. Әмірқұл Мырзақұлұлының қаламынан туған толғақты ойлары шым-шымдап бір ғана шумақпен дестеленіп отырды. Оның әр шумағы қоғамда болып жатқан әлеуметтік өзгерістерде, өз жолын тауып, адал еңбек етуі үшін, халықтың ой-санасын түзетуге бағытталған, ұлттық қадір-қасиетіміздің айшығы ретінде салт-дәстүрімізді ұлықтауға арналған жолдар болғаны ақиқат. Ол шағын шумақ жырлаудың шебері.

Ақын Әмірқұл жүрек түбіндегі жұмбақ сырларын,ғұмырлық тәжірбиеден жинақталған саналы ойларын жауһар жырларымен өрнектей білді. Туған өлкенің тыныс-тіршілігі мен табиғаты, келер ұрпақтың тәрбиесі, бүгіні мен болашағы- ақын поэзиясындағы іргелі тақырыптары бірі еді. Айтары мол ақын насихат, ғибраттарын ұрпақтарына мұра етіп қалдырды. Әлі де айтары мол еді:

Замана келе жатыр Сана болып,

Қайтадан туар ма едім бала болып.

Қарашы бұл заманның жеткен жерін,

Сапарым таялғанда ада болып.



Ақын қашан да өмірге құштар, оптимист. Ақын бала болып туылады, бала болып өледі. Бұл – заңдылық.
Әдебиет


  1. Өнер деген өлке бар.Құрастырып баспаға әзірлеген К.Нүсіп.-Алматы, 2005ж.-338б.

  2. А.Бекбосын.Фәнилік драма.Астана.Елорда.2004ж.

  3. З.Қабдолов.Сөз өнері.Алматы: «Санат».2002ж.360бет.

Каталог: rus -> all.doc -> sovremennost20 -> 1-tom
1-tom -> ӘОЖ: 338. 24 АумақТЫҚ экономикалық ЖҮйелердің БӘсекеге қабілеттілігін дамыту шарттары мен факторлары
1-tom -> Хіх ғасырдың ІІ жартысындағы жетісу өҢіріндегі жер мәселесі рүстемова М. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ
1-tom -> Әож 936. Орыс билігінің Жетісуға енуі және жетісу қазақтарының азаттық қозғалысы
1-tom -> Әож 936. 1917 жылдағы ақпан төнкерісі және сыр бойындағы жергілікті халықТЫҢ саяси-әлеуметтік жағдайы
1-tom -> Экоцид қылмысының ТҮсінігі тұрсынбаев М. Б., Жадраев И. К. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ
1-tom -> ҚҰс атауларының СӨзжасамдық ҚҰрылымы, типтері мен үлгілері үсен Н. П. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ
1-tom -> МоңҒол тілді аңыздар мен ауызша деректер көне түріктер мен қазақтар жайында ақылбеков Р. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз
1-tom -> Интеллект психологиясы үсенова С. М., Абдыбаева Г. М. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ
1-tom -> Қазақ халқының материалдық МӘдениетінің даму ерекшеліктері тәжібекова А. Б. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ
1-tom -> Әож 801. 311(5 Каз): 81'373. 611 Қазақстан топонимдерінің ҚҰрылымдық ЖҮйесі


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет