«Айқап» және Ғұмар Қараш «Айқап» журналындағы мақалалары, соның ішінде «Тіл — әдебиет»



жүктеу 27.22 Kb.
Дата02.05.2019
өлшемі27.22 Kb.

«Айқап» және Ғұмар Қараш
«Айқап» журналындағы мақалалары, соның ішінде «Тіл — әдебиет» (1912) мақаласы Ғұмардың милләтшілдік ұстанымын танытумен қатар, ұлттың ұлт болып қалуы үшін ана тілінің, әдебиетінің маңызын терең талдауымен және осы істерде атқарылар, қолға алынуы тиісті мәселелерді нақты қарастыруымен құнды.

ХХ ғасыр басындағы ұлт руханиятында тіл мәселесі өткір қойылып, қандай да болмасын халықтың жасампаздығының басты өлшемі деп қаралды. Қазақ зиялылары отарланған елінің ертеңгі тағдырын азаттық-бостандық ұғымдарымен байланыстырғанда тіл мен әдебиеттің ұлттық болмысты сақтаудағы және өзгелермен теңелудегі маңызын айрықша сезінді. Сондықтан да осы мәселеде ұлт зиялылары қатарында алғаш қоғамдық пікірді оятып, әлеумет санасына тіл құдіретінің маңызын сіңіруде Ғұмар ерекше ыждахат танытты.

«Бір кеуде — пенденің дүниеде жасауы, бар болып тұруы үшін жан — рух керек. Бір халық, бір елдің де дүниеде бір милләт, ел болып жасауы, тірлік етуі үшін тіл керек, әдебиет керек. Жансыз кеуде дүниеде жасай алмас, шіріп, топыраққа айналып жоқ болар! Тілі, әдебиеті болмаған милләттің де тап сол жансыз кеудеден айырмасы болмас, өзіне айырым әдебиеті болмаған милләттер де дүниеде жасай алмас» (67,115) деп ұлт пен ұлттық рух жасампаздығын тілді сақтау тұрғысынан түсіндіреді. Ал, өзінің ана тілін ұмытып, өзге тілге құл болған елдің болашағы қараң және де басқа халыққа сіңісіп ұлттық сипатынан айырылатынын, тіптен жоқ болып кететінін тереңнен зерделейді.

Әсіресе, ұлттық тәлім — тәрбиеде жас ұрпақты ана тілін ардақтауға, өз тілінің қасиетін бойына сіңіріп өсуге және тіл басты қасиет болып табылатынын ата — ананың қашан да ескеруіне ой салады. «Балаларына жастан өз тілін жақсы үйретпеген, олардың көңілдеріне құры өгей ана сияқты тәрбие еткен милләт те келешекте балаларынан өзінің қылған жақсылығы, берген тәрбиесі дәрежесінде ғана хақы алар, жақсылықты көрер. Балалары да оған өгей анаға қараған көзбен қарар. Милләт пен балалары арасындағы бұл алакөздік, шафеғатсыздық милләттің… ақырында бітуіне себеп болар» деп ұғындырады. Бұл ретте жәдитшілдіктің негізін қалаған татар халқының перзенті Маржанидің «Өзінің дінін, тілін, елін білгендер ғана орысша оқыса, ол жақсы. Оны білмей орысша оқыса, онан қайыр күту қиын» (66,20) деген ұлттық санаға қозғау салар пікірімен үндес өрілген Ғұмар мақсаты да туған халқын сондай қасіреттен сақтандыру болып табылады.

Ақын отаршыл елдер саясатының баста мақсаттарының бірі — өзіне бодан халықты тілінен, әдебиетінен айыру екенін «… Бұл заманда бір милләт өзінен күшсіз болған екінші милләттің милләттігін тіліне, оған кетік жасайын десе ең алдымен ол бейшара милләттің тіліне, әдебиетіне балта шабады» деген толғанысымен түсіндіріп, тіл мен әдебиетті сақтау жолында рухы мықты ұлт «тіл уа әдебиетін жоғалтпас үшін жанын да пида етер» деп зерделеді..

Тіл — әдебиет — ғаламдағы барлық ғылым — білімнің, дін мен мәдениеттің асыл қазынасы, адамзат дамуының тетігі екенін саралай келіп, қазақ халқының да ана тілін, әдебиетін сақтауы баршаның борышы және міндеті деп түйеді.

Ғұмар түркі тілдес елдердің ішіндегі қазақ тілінің ерекшелігін «ескі һәм сөздікке бай, ескі болғандығы үшін де бек саф, нағыз тіл екендігі жұртқа мағлұм» дей келе, ендігі кезекте әдеби тілімізді дамыту мәселесіне қатысты «әдеби жағынан қарағанда тіліміздің олардың тілдерінен артта екендігінде іңкәр айтып болмайды» деген сындарлы пікір айтады.

Ақын «Айқап» журналындағы мақалаларында («Ахмет Жанталинге жауап» «Әрине, күнелту турасында») құнарлы жерге ие болып қалу үшін отырықшы болу, қала салып мәдениет көшіне ілігу сияқты ілгершіл бағытты қолдады.



Мысалы, «Ахмет Жанталинге жауап» мақаласында «… Көшпелі халінде жүріп қазақ жұрты ешбір уақытта, өнерлі, білімді ел болмайды, білімсіз ел теңдік таппайды. Өз халқын өзі сақтай алмайды — оған итте жау, құста жау, оның еншісіне душар өзара бөлінгендік, бәсеке, аралас отырған білімді жұртқа құл болу — жұтылу, ақыры діні, күнінен бірдей айырылып, сымпиып, құру, жоқ болудан басқа нәрсе тимейді» деп өз мақсатын айқын жеткізіп, ұлт ретінде жойылып кетпеуден сақтандырды.

Сағынбай ЖҰМАҒҰЛ,

Қарағанды қаласы


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет