Академик Ќ


Том қаласында ұлттар кеші



жүктеу 4.26 Mb.
бет10/16
Дата12.09.2017
өлшемі4.26 Mb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   16

Том қаласында ұлттар кеші

Осы жылдың 10-шы сәуірінде Том қаласында Сібір халықтарының ән-күй, салт-санасына арналған сауық кеші болып өтті.

Сауықты жасаушылар Том қаласында өтіп жатқан жергілікті халықтардың азаматтары мен «ғылым қайраткерлерінің» ұйымы. Сауық 3 пердеге жіктелді. Алғашқы екі пердеде тамашаға қазақ, бурят, яқұт, ойрат, шор, хакас, башқұрт және басқа ұлттардың әндері айтылып, күйлері ойналды. 3-пердеде ойрат бақсысы «Шаманның» науқас адамдардың бойына жабысқан «перілерін» қалай көшіретіндігі: шор жұртының кәрі ертекшілері қыстың ұзақ түндерінде домбырамен қосылып, тындаушыларға ескі ертегілерді қалайша айтатындығы және қазақ жұртындағы жаңа түскен жас келіншектерге жасайтын «шашу» беташар. Отқа май салар сияқты ырымдары жанды сүгірет түрінде көрсетіліп өтті. Қазақ өлеңдерінен: «Екі жирен», «Бір күн көшіп дүние» (айтушы Ғалымтай Сәтбайұлы). «Қара торғай», «Еркем» (айтушы Омар Төлбайұлы) әндері айтылды. Декламацияға Мағжанның «Тез барамы» айтылды (айтушы Қазали). Сауықта айтылған әндердің бәрін де нотаға салып, рояльға қосу жолында оларға үйлес болған лебіз үндестігі (гармония) тәртібін жасаушы Александров дейтін шебер профессор, әншілердің бәріде әндерін рояльға қосылып айтты (буряттардан басқасы). Өлеңнің ішіндегі сөздері тиісті әндерінің алдында жұртқа орыс тілінде ұқтырылып және оқылып отырды. Декламацияларға да осы жол қолданылды. Сауық алдында Сібірдің жергілікті халықтарының ән-күйлерінің өзгешелік жақтары туралы жалпы сынау түрінде профессор Александров баяндама жасап өтті.

Баяндаманың негізі төмендегілер:

Сібірдің жергілікті халықтары ән-күй өнеріне бай. Шебер ән лебіздерінің жасалу негізі Европаның лебіз жүйесінен өзгеше. Осы лебіз жүйесіне қарағанда оларды екі жікке бөлуге лайық: 1) Қиыр Шығыс бөлімінің жігі; бұған бурят, монғол әндері кіреді. Бұл жіктегі әндер жасалым негізі ырғақ, екпін және өлшеу жақтарынан қарағанда Европа музыкасының жүйесіне тіпті үйлесімсіз, одағай. Нота бетіне таңбалау үшін бұларға түбінде әдейі талданып, соны белгілер жасалмаса, қолданып жүрген таңбалар бүған қолдануға жарамсыз деуге болады. 2) Оңтүстік пен және Батыс жігі: бұған қазақ, ойрат, шор, башқұрт әндері кіреді. Бұл жіктің ішіндегі әндер Европаның қазіргі қолданып отырған «7 сатылы лебіз жүйесіне» өлшеу, екпін, ырғақ жақтарынан көп шалыс келсе де, оларды таңбалау жөнінде қолданып жүрген Европа нота белгілерін қиыстыруға мүмкіндігі бар. Бұл жіктегі әндердің күйі бұрынғы грек (юнан) жұртындағы дәуірлеген 5 яки 4 сатылы, жалпыша «толымсыз» деп аталатын «лебіз жүйесіне» үйлес келеді. Ән сарынының әдемілік, сүгіретшілік, толғау және нақыс жақтарынан қарағанда бұл жіктегі әндер (әсіресе қазақпен шор әндері) аса жоғарғы дәрежеде деуге болады.

Александровтан кейін, Сібір халықтарының ауыз әдебиеті туралы баяндаманы университет кітапханасының бастығы Наумба Широков және Сібір халықтарының жалпы салт-санасы туралы баяндаманы музейдің бастығы Иванов дейтін профессор сөйлеп өтті. Мұндай сауық кеші Том қаласында тұңғыш рет жасалғандығынан тамашаға жиналған жұрт аса көп болды.

Сауық көңілді болды. Шығындарын өтегенде сауықтан түскен таза пайда 300 теңгеден артық. Мұньң жартысы Том университетінің ішіндегі ескілік мәдениеттерді зерттейтін музейдің пайдасына, жартысы Томдағы Сібірдің жергілікті халықтарынан оқушы студенттерінің ашқан «Аймақ тану» ұйымының пайдасына берілді.

Қолына түскен ақшаға соңғы ұйым ұсақ ұлттардың өмірін зерттеу жолына түзелген өзінің «Аймақ тану» программасын бастырғалы жатыр.


Қазақстанның ұлт театры туралы

Қаңтардың 13 күні Қызылорданың ойын үйінде Қазақстанның мемлекеттік қазақ труппасы жасаған сауық кешінде болдық. Бұл күнгі сауық труппаның бір жылдық тойына арналған екен.

Бір жылдық өмір театр сияқты негізді жұмысқа көп уақыт емес, әйтсе де, сауық кешінен қазақ труппасының осы аз уақыттың ішінде, көп тәжірибе алып, ысылып, бойы өсіп, бұғанасы қату жолында түзу бет алғаны көрініп отыр.

Мұнан бір жыл бұрын Қазақстанда бірыңғай театр өнеріне арналған ешбір ұйым болған емес. Семей, Қызылжар сияқты қалаларда анда-санда қойылып отыратын сауық кештері көбінесе шәкірттер, мұғалімдер сияқты талапкерлерден құралушы еді де, олардың жасалу, өркендеу себептері театр негізінен шет, түрлі өзгерме шарттарға байланысты болатын. Сондықтан, ұлттық театр труппасын жасап шығару Қазақстан Оқу Қомиссариатының көптен келе жатқан борышы болушы еді. Қазір ол труппа жасалып, бір жастан екіншіге аяқ басқан шағында өзінің «қаз тұруға» жарап қалғандығын қойған соңғы сауық кешінде толық көрсетті деуге болады.

Сауықтың алғашқы бөлімінде «Малқамбай» дейтін үш перделік күлдіргі қойылды. Аз-маз кемшілігін сөз қылмай, жалпы алғанда, ойнаушылардың сахнаға үйреніп бойын саспай, кең ұстауға бет алғандығы сезіледі.

Соңғы екі бөлім концертке арналган. Мұнда: ән, хор, декламация айтылды.

Әміре бұл жолы «Қанапия», «Жанбота» сияқты шырқалып, шалқып салынатын қазақтың ескі, ескекті әндеріне молырақ көңіл бөлгендігін көрсетті. Бұл, әрине, сүйсінерлік нәрсе. Мұнан былай да Әміре сияқты әншілер осы бағыттан таймауы дұрыс болар еді. Өйткені: «Қанапия», «Жанбота», «Сырымбет», «Алты басар», «Топайкөк», «Шама» сияқты ескі әндер қазақ елінің саф әуе, сайын дала, сары қымызға емін-еркін өрістеп жүрген дәуіріндегі шығарған сарындары. Сондықтан, олардың нақысында іншілік, еркелік, өжеттік сезімдер күшті. Бұл жөнінде көрсетерлік аз кемшілік Әміренің «Қанапияның» аяғын тым шолағырақ қайыратындығы.

Қанапия өткен ғасырдың 60-шы жылдарында шыққан қазақтың ең соңғы батырларының бірі. Оның әкесі қыпшақ Басықара батыр бір көтерілісте «патша әскерінің құмалақтай қорғасыны кісі өлтіруші ме еді» деп, қамалға шауып, оққа ұшқан. Ол кезде Қанапия да әкесінің жолын куып, қолжиып, батырлық істеген. Біржағы Омбы мен Қызылжар, екінші жағы Сыр мен Шу өлкесінің арасындағы байтақ жерде Қанапия өз заманында ат ойнатқан. Бірақ кейінірек ел реңкі де, жер реңкі де өзгеріп, ауданы тарылған уақытта бір соғыста қуып жүрген патша отряды кездесіп, Қанапияның 16 жігітін ұстап, көгендей тізіп, Қара өткелдің абақтысына жабады. Тұтқындағы жолдастарын басқа жолмен босата алмайтындығына көзі жеткен соң, Қанапия өз еркімен келіп қолға түсіп, абақтыдағы жолдастарын шығарып, тұтқында өзі қалады.

Артынан елдегі қатын-баласы мен жолдастары амандасуға келгенде, абақты бастығы оларға Қанапияны жолықтырмайды. Сол кезде абақты терезесінің темір торына сүйеніп тұрып, ішін кернеген ыза мен шерін (Қанапия) жақындарына осы әнмен білдірген екен дейді. Сондықтан, бұл әннің сарыны да алғашқы шенінде қанбаған құшыр, сөнбеген құмарлықтың зарлы өксігі, соңына таман әсіресе кенет көтеріп әкелетін ащы айқайынан гөрі, арыстанның күрілі сияқты, өзгеше күшті долдану мен уытты, күшті зығырдың шалқыған жалыны елестейді. «Қанапияны» өз аузынан естідік деп салатын Арқадағы кәрі әншілер (әсіресе Баянауылы тауындағы Сапарбек дейтін шал) «Қанапияның» сарынын жоғарғы бейнеге дәл келтіруші еді.

Әміреде кейінгі айтуларында «Қанапияның» нақысын солардан түзеп алар деп сенеміз.

Иса туралы сөзді көп ұзартуға болмайды. Өйткені, оның бойындағы ақындық, толғану, қасиеттері өзі мен өзі болмаса, басқа «сыртқы» күштерге бас июге көп көне бермейтіндігі айқын көрініп тұр. Жалғыз-ақ айтатынымыз: 1) Иса қазақ труппасының ең көрнекті күштерінің бірі, 2) Исаның «Толғауларынан» сахна жүзінде көпшіліктің көзіне баяғы Асаңқайғы, Бұқар сияқты жыраудың бейнесін елестетуге мүмкін.

Дүйсенғалидың бастапқы айтқан «Қойшының қиялы» қандай көркем, көрнекті болса, артынан шақырғанда шығып айтқан «Шиқылдағы» соншама сиықсыз, сәйкессіз болып өтті.

Тегінде декламация, не әнмен айтылатын мело-декламация сияқты сахна көріністерінде әуелгі номер мен кейінгі шақырулардың арасында пішін мен мазмұн үйлесімдері (гармония) сақталуы керек. Сонда ғана көрушінің алатын әсері болмақшы, әрі күшеймекші.

Қонцерт бөліміндегі нашар шыққан Құрманбектің хоры. Ол шынында хор емес. Өйткені, шын хор тенор, альт, бас сияқты әр дауыстың үндестігінен құралуы керек. Құрманбектің хорына келсек, олай емес, бір-ақ дауыстан құралған (унисон). Бұған шынында Құрманбек кінәлі емес, Қазақстанның қазіргі мәдениеті, театр күштерінің лебіз жүйесіндегі жалпы жастығы кінәлі. Хор мен оркестр құру үшін алдымен лебіз жүйесінің жалпы зандарын жете білу керек, бұл гармония зандары. Бұл қазақ әншілерінің әуелі Европа музыкасының жалпы жүйе, техникасымен таныс болуын шарт қылмақшы.

Қалибектің мысқылдары мен Мұқамедидің биі айрықша көз салып, көңіл бөлерлік нәрселер, өткір, орынды, улы мысқыл көпшіліктің міндерін түзеу жолында ең күшті құралдың бірі екендігі дауыссыз. Өйткені, жабайы сөздер тек сүйектен өтетін болса, улы мысқыл оның аржағында бүйректен детесіп өтуі мүмкін. Қазақ елі мысқылды, кулықты бағалайды. Сондықтан, қазақ ұлт театрында келешекте осы күлдіргі сөз (Мысқыл бөлімі), жоғары сатыға қойылар деп сенуге болады.

Қазақ елінде билеу деген жоқ. Билеу бұрын бар болса да, қазірде ұмыт болған. Сондықтан зерттеу, байқау жөніне болса да, Мұқамедидің жасап келе жатқан «қазақша балетіне» айрықша назар салу керек. Оның өзіне бірер жыл болса да, Москвадагы балет студиясына жіберіп, үлгі көрсетсе, тіпті жақсы болар еді.

Қазақ труппасының жалпы бір кемшілігі ішінде күйшілердің, музыкаға шебер күштердің мүлде жоқтығы. Бұл зор кемшілік. Европаша болмаса да, қазақша домбыра мен мандолинаны қосып отырса, не скрипкаға қазақ әндері сахна жүзінде шебер ойналып отырса, тындаушыға көп әсер беруінде дау жоқ.

Қорытып келгенде, қазақ ұлт театрының келешектегі жолына төменгі 3 бағыт негіз болуы керек деп білеміз.

1.Театр ел өмірінің түзу айнасы.

2. Театр ел міндерінің құрлы тезі, төреші ұстазы.

3. Театр қазақтың салт-сана, күйі, сарындары сияқты мәдениет өнер кендерінің терең ошағы, ұйтқысы.

Бұл негіздерді жүзеге асыру жолында ұлт театрына әлі де болса келешекте көп қайрат, қажыр, қазына керек болады. Соңғы шарттар бірыңғай ұлт труппасындағы ойыншылардың ғана қолында емес, әлеуметтің түзу сыны мен Қазақстанның Оқу Комиссариатының көмегінде (әсіресе жалпы бағыт, үлгі, қаражат жақтарынан). Бұл жөніндегі кезекті мәселе труппаның ішіндегі шебер ойыншыларды іріктеп, Москвадағы түрлі сахна студияларына жіберіп, өнегелендіру жүйесі (қазіргі ең қажеті музыка, сурет, декорация мен драма студияларының үлгісі болуға керек).

Қазірде ұлт труппасының басында Жұмат сияқты театр жұмысын шын сүйетін, қалам өнеріне де шебер, қажырлы азаматымыз отыр. Бұл да ұлт театрының келешекте түзу жолмен жүріп, тез өркендеуіне сенім болуға жарайды.
Секция 4

Қ.И. Сәтбаев жайлы мақалалар мен еңбектер

Статьи и труды о К. И. Сатпаеве
Қазақ халқының зор ғалымы

Қай халық болса да өз ортасынан ғалым өсірген дәрежеге жеткенде, жалпы мәдениет тарихына өзінің елдігі мен өсуі туралы тың жаңалық мәлім еткен халық болады.

Қазақ тарихында қазақ ғалымдарының шыққандығы — тарихтық үлкен нышанның бірі. Барлық елдер сияқты, қазақ халқы да бұрынғы өткен дәуірінен өзінің елдігін қадірлейтін әр алуан асыл азаматын атай алады. Сол қатарда, ақын Абай, Жамбыл сияқты ел мақтаны болған азаматтарын айтады. Халық қамқоры, ер қайраткері Аманкелдіні айта алады. Орыс мәдениетінің қазақ сахарасына берген алғашқы жас балдырған жемісі — Шоқандай оқымыстыны, Ыбырайдай үлгілі еңбек иесі, білім, тәрбие қайраткерлерін айта алады.

Елдік қасиетті бойына жиған шешен-ділмар, ағыл-тегіл ақындар, бармағынан бал тамған күйшілер, әсем сазды әншілер болғанын ескі тарихымыз да баян етеді.



Советтік Қазақстанның бүгінгі өнерлі жұртшылығы, бұрынғы мұралардың ең асылдарын, пайдалыларын өзінің жарқын жолды социалистік мәдениетінің қоры-на қосып, бүгінгі керекке жаратады. Шын бағалы ардақтысын мақтан ете біледі. Бірақ сол бұрынғы иелер жақсы деген қадірлі ұлдарының қатарында қазақ халқы бұрын атай алмайтын топтар болушы еді. Әрбір сапалы тарих пен саналы елдіктің үлкен сыны болатын бір топтан құралақан болатын. Ол — өзінен шыққан үлкен оқымыстыны қатарға қосу, қадір тұту жайы. Баяғыдан бергі өткен сансыз көгі шөл ғасырлар қазақтан оқымысты тудыру түгіл, бастауыш оқу, шала сауаттың шамасынан да құр қалдырып, өгей етіп келді. Тек, Ұлы Октябрь берген, Лениндік ұлт саясаты жеткізген социалистік мәдениет, коммунистік жаңа тәрбие ғана халқымыздың тарихтарын өзгертті. Жетпегенін жеткізіп, тумағанын тудырды. Бұрынғы замандарда болмақ түгіл, болжауға батыл бармас жаңа болмыс келтірді. Бұл күнде Советтік Қазақстан саясаттық, әлеуметтік тірлікте, шаруашылық, өнер табыста, мәдениеттік жарыста қай өнерлі халықтардан да қалыспайтын боп, алдыңғы қатарға ілесті.

Ұлы орыс халқының туысқандық басшылығымен, қазақтың социалистік жаңа ұрпақтары сан биік тұрғылардың көп өмір саласындағы көрнекті шыңдарының басына самғады. Бабындағы қырандай шарықтап «Мені көр» дегендей танылып жатыр.

Данышпан Лениннің халықтар тарихына бас болған, бағыт айтқан ұлы пікірлерінің бірінде «қазақ сияқты мәдениеттен бұрын кенже қалған, патшалық Россияда теңсіздікте келген елдер, капиталистік даму дәуіріне соқпай, социализмге төте етеді» деп еді.



Осы ойдың өмір, тарихта толық орындалғанын Қазақстан тірлігі сан саласының өзі-ақ көрсетеді. Құм-шөлдерде туып, түрленген әлденеше калалар, одақтық, дүниелік даңқы бар алып өндірістер, сансыз көп заводтар, егін далалары, жоғары мектептер, үлкен өнерлі театрлар, гүлденген әдебиет, музыка — бәрі де зат байлығы мен интеллект байлығын танытатын айғақтарымыз. Бүгінгі Қазақстан картасына, кең көлеміне көз тастасаңыз, бірінен-бірі қызғылықты боп, шарықтап есіп жатқан табыстарымыз көп мұнарадай бой жасап тұрады.

Осы табыстар қатарында, бүгінгі гүлденген Қазақстанда ең алдымен аталатын анық асыл айғақ — соңғы жылдар туған Ғылым академиясы. Тездігімен тарихтың өзін таңырқатқандай кереметтей табыстар арасында, совет адамының өзі бір төбе. Оның өзгеше, жиын атының өзі «қасиет» деп аталғандай. Бар табыстың иесі — совет адамы жаңа тарихтың жаңа бетін ашты.

Кеше, қырық жыл ғана шамасында, алғашқы балалық шақтагы көшпелі ауылда, оқу-білімсіз, қараңғы ата-аиа қасында, мал соңында, бақташылар ортасында туып өскен бала, бұл күнде кім болып отыр? Сол бір адам, жеке адам (ұл болсын, қыз болсын) қазақ халқының жаңа нәсілінің үлгілі өкілі. Осындай білімді адамның шыққандығы — бақытты дәуірдің ең қызық, қымбат айғағы болды. Қазақтың советтік буындарының ең алдыңғы қатарында, жұртшылық мақтаны боп, толып өскен ғалым азаматтың ең алдыңғы сапында қадірлі орын алатын кісінің бірі — Қаныш Сәтбаев.

1926 жылдан санағанда, табандай 15 жыл бойында Жезқазған ауданының барлық кен байлығын зерттейді. Тәжірибесі өсіп, мемлекеттік ұлы шаруаны ойдағыдай басқаратын өнерпаз болумен катар, Қаныш сол жылдардың өзінде де қазақ халқынан шыққан жас инженер геологтарды баулып, өсіре жүреді.

Үлкен талантпен қанаттанған талабының жемісі өз республикасына да және Ұлы Отан көлемінде де таныла бастайды. Қызықты еңбегі өркештеніп, Қаныш атын мол жұртшылыққа даңқтандырады.

Жік салмай, желісін үзбей, 15 жыл бойы оның зер салғаны бір мұрат еді. Сол ұзақ 15 жыл бойында бар еңбек, қайратын, барлық жиған білім құралын, бар өмірін бір ғана жөнге жұмсады. Жұмсады да жеңіп шықты, жетіп шықты.

Бұрынғы көшпелі ел жайлаған далада, Сарыарқада, тек киіз үйді ауылдар ғана мезгіл-мезгіл кезіп өтіп жүрген бір түкпірге зер салған. Сол жерден әлем біл-меген байлық табамын деген еді.

Ол өлке туралы осыдан 2400 жыл бұрын грек тарихшысы Геродот бір сөз айтьш кетіпті: «Арал теңізінің алқабында сақ, массагет деген елдер бар. Қола мен жездің молы соларда. Әз жерлерінен қазып алады» деген. XIII ғасырда соғып өткен бір кезбе: «Мұнда байлық жатыр» деп кетіпті. Сол үлкен ата-қонысты мекен еткен өзіміздің Бағанаты жер атын — Жезқазған қойыпты. Қай атасы қазғанын кім білсін!

Қарсақбай, Жезқазғанды жалдамаға алып, өз меншігі өткен шетел байлары 1916-1917 жылдарда, жездің молдығын «пәлендей» деп, бір меже қойған жабыса жалмағаны жез еді. Бірақ алғаны аз, тапқаны тамтық екен. 1917 жылы өзі де кетті.

Сол Жезқазғанда 1926 жылы қызу жұмыс басталады. Сарыарқаның өз баласы, беті-жүзі келбетті, жас шырайда жарқыраған көркі бар, білім-сана нұры бар, жиырма жеті жасқа келген жігіт келді. Аз тобымен іске кірісті.

Еңсесін салған еңбекпен жыл өтті... Жігіт өсіп, жігіт ағасы бола бастады. Жым-жырт жатқан Жезқазған сол жаңа жылдардың ішінде қайта туа бастады. Жаңа жастық тапқандай. Оны көп жерде, көп жан білуге айналады. Бес жыл деген бір бел еді, ол еткен. Сол кезеңге келгенде, шетел байлары мен мамандары межелеген кен байлығы мұнда қалды. Жігіт еңбегі жеңіп келеді екен. Алдыңғылар айтқан мөлшерден отыз есе артық кен орын тауыпты. Тапқанын тығып жатқан жоқ, бар Одаққа даңқ етіп білдіре түсіп, іздеп жатты. Іздегенін ізерлеп, ғылымдық еңбек етіп жазып та жатты. Үздіксіз еңбек үстінде жігіт өсіп, ер-азамат болды. Тағы бес жыл кеткен еді. Енді, Жезқазған көп жұрт аузына ілінді, шетел мамандары тапқан межеден кен мөлшерін алпыс есе асырды.

Тағы бес жыл өтті. Жігіт жер ортасы жасқа қарай басты. Емдеп кеткен еңбегінің 15 жылға толған шағы еді. Жезқазған жаһанға мәлім ат алды.



Қаныш жалғыз жезді зерттеп келген жоқ, сол 15 жыл ішінде Арқаның Жезқазған, Қарсақбай атты атырабында талай да талай басқа қазына да ашты. Сол өлкеден Байқоңырдай, Қияқтыдай көмірді өзі тапты. Еспедей, елеусіз жерден есілген тағы талай қазына ошағын тапты. Қалың қатпар қорғасын мен күміс тап-ты. Болар заводқа мол қор болардай қара темір, марганец кенін ашты. Үй, дүкен салар тасты, топырақты заттың асылын, тағы талай бұйым тапты. Мыс қорытқанда қоспа боп, себі тиетін тағы бірнеше қосымша кен затын тапты. Алтын мен молибден де бұғып қалған жоқ. Оны да ашты.

1940 жылы Отаны ер еңбегін бағалап, Қанышқа Одақтың ең жоғарғы сыйы — Ленин орденін берді. 1942 жылы бүкіл Отандағы білгіштердің ғылымдық табыстарын бағалаған қорытынды болып еді. Сонда «Жезқазғанның мыс кендері» деген кітабы үшін Қанышқа мемлекеттік сыйлық бұйырылып, лауреат атағы берілді. 1943 жылы Совет Одағының зор ғылым ордасы — Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі деген үлкен ғылымды атақ тағы алды.

Бұл жылдарда Қаныш Алматыға ауысқан еді. Қөп тәжірибелі ғалым, мойымас қажыр, қайрат иесі, басшы қызметкер Қаныштың ендігі еңбегі өзінің сүйікті республикасының партия, үкімет басшылығы оны Алматыға ауыстырғанда, Бүкілодақтық Академияның Қазақстандық филиалына бастық етті. Сонымен қатар геология институтының директоры болып істеп тұрды.



Қазақ халқының абыройын асырып, совет елінің мақтаны болған асыл азамат Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жаңа орынға келісімен Қазақстан жеріндегі кен байлықтарының бәрін зерттеп, табысқа табыс жалғап, молайтумен болды. Әсіресе, ел-жұрттың жауыз-дұшпаны — неміс басқыншыларымен болған Ұлы Отан соғысы шағында, Қаныш бастаған ғылым орындарының көмегі аса зор болды. Майданға керек болған кен қазынаның бәрін тез тапқызып, мол алғызып отырды.

Самғағыш самолет, тозбас танк, мойымас мылтық, өрттей оқ жасауға керек заттың бәрін беруде Қаныштың әрі отаншыл басшылығы, әрі білгір мамандығы, жіті қырағылығы, қажымас еңбегі өзгеше орын алды. Осындай еңбектерінің халық үшін қадірі артқандықтан, 1945 жылы Одақтағы Ғылым академиясының тарихи ұлы мерекесі болған күндерде, Қаныш екінші рет Ленин орденін алды. Сол жылы Бүкілодақтық Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланады.

Әрі ғылым қызметкері есебінде, әрі сол ғылыми қызметін басқара білетін талантты ұйымдастырушы ретінде Қаныш еңбегі республикада және Одақ көле-мінде айқын көрініп, үлкен баға ала бастады.

Халқымыз өзінің сүйікті ұлы Қаныш Сәтбаевты 1946 жылы СССР Жоғарғы Советінің депутаттығына сайлады.

Қазақстанның Одақ көлеміндегі тарихи дамуы неше алуан еді. Шаруашылық жөніндегі ұлы есулер, ғылым, мәдениеттің өркендеуі және әсіресе, әр ғылымның саласында үлкен өріске жетіп піскен, өскен ғылым қайраткерлері қазақтың өзінен шығып, ғалым-мамандардың көбеюі байқалып еді. Осы жылдарда Одақтық Ғылым академиясы болсын, Қазақстан партия, совет басшылығы болсын енді қолда бар ғылымдық, мәдениеттік күш-куатты таяныш етіп отырып, Қазақстанның өзіне арналған зор ғылым ордасын орнатуды талап етті. Қазақстан Ғылым Академиясы орнап, өркендесе екен деген асыл мұрат алға қойылып еді. Тәжірибеге қарағанда, ондай академиялардың жасалуына негізгі шарт — кадрлар. Өзіне бөлек Академияны ойдағыдай жүргізіп кетуге жарайтын ұйымдастырушы керек, ғылымдық терең зерттеу ісіне тәжірибесі жеткілікті, ой шалымы, басшылық, білім, өнері жеткілікті, үлкен сенімді қайраткер керек еді. Әрі өзі ғалым, әрі ғылыми басшысы, сенімді, соқталы азамат керек болды.

Одақ Ғылым академиясының сол кездегі президенті академик Комаров, қазіргі президенті академик Вавилов сияқты адамдар Қазақстанда Ғылым академиясын ашу деген ойды қуаттап, Қазақстанда өз Академиясын ашарлық оқымыстылардың жалпы әзірлігі жеткілікті деді. Қазақстандағы Академияның жақсы бастап жүргізіп кете аларлық өнеріне де берік сенімді болысты.

Қазақстанның партия, совет басшылығы, барлық мәдениет қайраткерлері, соның ішінде, әсіресе, ғылым қызметкерлері, Қазақ академиясы ашылатын болса, оның бірден-бір сенімді басшысы Сәтбаев қана бола алатындығына толық сенімді болысты.

Сонымен, 1946 жылдың июнь айында Советтік Қазақстан тарихында мәңгілік орын алатын өзгеше дәуір белгісіндей, советтік буындардың, ұрпақтардың мақта-ны боларлық бір жаңа туыс пайда болды. Ол — Қазақстан Ғылым академиясының жасалуы еді. Бұрынғы еңбектерінің барлығы Қазақстан жұртшылығына үлкен сенім білдіріп, қадірлі болған Сәтбаев осы Академияның ең қалаулы, ең таңдаулы басшысы болып сайланды.

Содан бері Қаныш Сәтбаев Қазакстан Ғылым академиясының президенті болып істеп келеді. Сонымен, ғылымдағы үлкен еңбек нәтижесінде зор бедел, абырой, сенім тапқан Қаныш қазіргі күндерде Қазақстанның жас Академиясының қайраткері болып, талмай басшылық етіп келеді.

Қаныштың Қазақ Ғылым академиясындағы президенттік қасиеттерінің ең зоры — ол аса талантты және қажырлы, еңбекке төзімді ұйымдастырушы. Бұл жөнінде, Қаныш өзі, геология сияқты үлкен күрделі ғылымның терең білімді маманы болғандықтан, ұйымдастырушылық, басшылық істі үнемі ғылымдық жолмен жүргізеді. Сан ғылымның басы қосылған күрделі еңбек үстінде өсіп келе жатқан Академияның ісін, ғылымдық жолдармен, сан саламен өрбітіп, гүлдендіре білу — кімге де болсын оңай жұмыс емес. Аса жауапты жұмыс болуының үстіне, сан сала білімнен көп дерегі, білімі бар адам болуы керек. Қаныштың бір үлкен ерекшелігі — ол химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де және тарихшымен де, филологпен де өздерінің ғылыми тілінде сөйлесе біледі. Мамандық тілдерімен үндесіп, ұғыса біледі. Және сол әр ғылымның саласындағы әрбір кезеңде пісіп келген нақтылы, жауапты мәселелеріне қажет болған мәслихатын айтып, мықты басшылық ете біледі. Жұмысқа мойымайтын үлкен ісшілдік те бар. Әз басының білімін өсіруде жан-жақты, кең өрісті ғалым болуда тынымы жоқ ізденуші Қаныш Қазақстан Ғылым академиясының ауқымында қызмет ететін ғалымдардың барлығына да анық ұстаз, үлгі боларлық білгіш.

Ғылымдағы ұйымдастырушылық талантының тағы бір өзгешелігі — кадрларды өсіру жолындағы талап-қайратынан аса айқын көрінеді.

Әрбір ғылым саласында жаңа туып келе жатқан ғылымдық талап соңында жүрген азамат болса, оқып жүрген жақсы зейінді ұл-қыз болса — бұлардың Қазақ Ғылым академиясының президенті Сәтбаевтан ақыл алмай, достық көрмей, көмегіне сүйенбей жүргендері жоқ деуге болады. Жылдан жылға қанат жайып, өрлеп өсіп келе жатқан Қазақстандағы ғылым докторлары, кандидаттары, аспиранттары — барлығы да өздерінін өсіп, қалыптасу кезеңдерін алғанда, олардың ғылымдық еңбектерінің нәтижелі болып шығуы дәуіріндегі саты-саты ізденулерін алғанда Қаныштан басшылық көмектің қайсысы болса да алып отырады.

Ал ғылымдық дәрежелерін алып, Академияның арнаулы институттарында, секторларында, филиалы мен базаларында немесе ғылымдық экспедицияларында алған білім, мамандығын іс жүзінде сарапқа салатын болғанда Қаныштан олар алатын үлгі-өнегесі де көп.



Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанның соғысқа керек болатын көп қорларын кен іздеп, мол табуына басшылық еткен Академия қазірде де жылдан-жылға етек алып, ендеп, күрделі еңбек ордасы болып келе жатыр.

Қаныш басқарған Ғылым академиясы — Ұлы Отанның, соның ішінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы, өндіріс, ғылым, мәдениетті өркендеуіне ең алдымен қажет болатын жайларды зерттеп, ізденуші ойға үнемі басшылық ете білді. Бүкіл Академияның жиын еңбегі қадірлі Отанымызға арналған қасиетті еңбек болатын болса, көп тарамдары арқылы сол Отанмен нық қайнасып, берік байланысып өсіп келе жатқан советтік ғалымдардың бойындағы отаншылдық қасиетті Қазақ Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев әрдайым айнымастан биік көтеріп ұстап келе жатыр. Қадірлі еңбек туы, қасиетті азаматтық туы! Осы сипаттары арқылы Қаныштың Академия ішінде барлық үлкенді-кішілі қызметкерлерге кадірі, бедел, абыройы да зор. Ол өзі де Академияның барлық ірі қызметкерлерінен бастап, жас мамандарына дейін, жай қатардағы қызметкерлеріне дейін, маман емес адамдарына дейін — барлығының да қызмет жайын, еңбек бағасын орын-орнымен өте жете біледі. Қызметкерлердің ғылым жолында өсуіне көмектесуден басқа, олардың күнделікті жай, жеке тұрмысының өзі туралы да көп қамқорлық етеді. Бұл да, советтік басшы адамның адамгершілік, шынайы жақсылық қасиетін асыра түсіретін сыпат.

Міне, осындай ірі ғылымдық басшылықта, әрі адамгершілік істерінде озық біткен асыл сипаттары бар Қаныш Советтік Қазақстан ұрпақтарының ішінде Со-вет дәуірінің ардақты тәрбиесін алып, мемлекет қайраткері дәрежесіне жетті, ең үлгілі, ең асыл азаматының бірі болды. Жұртшылық оның елу жасқа толғанын шын еміреніп, аса бағалап, қадірлеп қарсы алды.

М. Әуезов


Каталог: fulltext -> buuk
buuk -> Ќазаќстан Республикасыныѕ Білім жјне єылым министрлігі
buuk -> С. Т. Дүзелбаев, Р. М. Алтыбасаров, А. Б. Бөбеев, Р. К. Омарбекова, Е. К. Сарымов, Ш. Н. Сарымова машина қҰрастыру негіздері павлодар
buuk -> Программа практики одд-31
buuk -> Т¦рышев айтм¦хамет
buuk -> Ќазаќстан Республикасыныѕ Білім жјне єылым министрлігі
buuk -> У. А. Ажіғалиева Болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын халық педагогикасы құралдары арқылы қалыптастыру
buuk -> Іскери – КӘсіби қазақ тілі
buuk -> Т¤леген хамет¦лы сматаев
buuk -> Лицензиялау және сертификаттау 050901 «Тасымалдау, жол қозғалысын ұйымдастыру және көлікті пайдалану»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   16


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет