Президент Ұлттық құрылтай қатысушыларына ауызашар берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: akorda.kz

Президент жиналған қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, оларға Ұлттық құрылтай жұмысына белсенді атсалысқаны үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Тоқаев оразаға тұспа-тұс келген биылғы жиынның мән-маңызы ерекше екенін атап өтті.

“Барша мұсылман қауымы Рамазан айын асыға күтеді, осы қасиетті айда ең асыл тілектерін тілеп, дұғаларын жасайды. Жұртшылық иманын күшейтіп, рухани тазарады. Азаматтарымыз мұқтаж жандарға көмектеседі, басқа да игі амалдар жасайды. Мұндай қадамдар, түптеп келгенде, әр адамға, әр шаңыраққа береке әкеледі. Сол арқылы еліміздің ынтымағы арта түседі”, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ислам дінін төл мәдениетіміздің ажырамас бөлігі екенін айтып, ата дініміздің адамзатты мейірімді, адал, білімпаз және еңбекқор болуға үндейтінін жеткізді.

Сонымен қатар ауызашарда Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Илья Жақанұлы, "Вайнах" Қазақстан шешендері мен ингуштары қауымдастығының тең төрағасы Ахмет Мурадов, Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов сөз сөйледі.

Еске салсақ, бұған дейін Атырауда Тоқаевтың басшылығымен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өткені туралы жазған едік. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.