Актер және сөЗ. «Данамысың, данышпан, Әлде сенде ақыл жоқ, Әлде жомарт боларсың, Не қалтаңда бақыр жоқ. Біле алмаймыз әзірге, Оны мен де ұққам жоқ, Себебі сенің өзіңнен Бір ауыз сөз шыққан жоқ» Сағди. Viiiғ.



жүктеу 62.24 Kb.
Дата18.05.2018
өлшемі62.24 Kb.

АКТЕР ЖӘНЕ СӨЗ.
«Данамысың, данышпан,

Әлде сенде ақыл жоқ,

Әлде жомарт боларсың,

Не қалтаңда бақыр жоқ.

Біле алмаймыз әзірге,

Оны мен де ұққам жоқ,

Себебі сенің өзіңнен

Бір ауыз сөз шыққан жоқ» Сағди.VIIIғ.
«Сөз» актердың психологиялық, физикалық әрекетінің қортындысын айқындаушы соңғы нүктесі.

«Сөз» – актердың кәсіби деңгейін, білімін, өресі мен өнегісін, мәдениетін көрсететін басты құрал.

В.Э.Мейерхольд орыс драматургтеріне қарата жазған мақаласында «Мен драматургтерге бастан-аяқ пантомимаға пьеса жазуды ұсынар едім. «Сөзді» тек қана өте қажет болғанда, тіпті сөйлемеу мүмкін емес жағдайда ғана, және де барлық іс-әрекетті қорытар кезде ғана қолдануды талап етер едім» - дейді. (В.Э.Мейерхольд. «Статьи, письма,речи,беседы» Издательство "Искусство" Москва 1968.792 С М42)

Демек, актер үнсіз, сахна сөзсіз болмайды. Ал, сөз өзінің қанық бояуымен, фонетикалық әсем ырғағымен, интонациясы мен психологиялық, логикалық паузаларымен сахнадағы актер өмірін байыта, толықтыра түсері хақ. «Сөз» - дауыссыз, дыбыссыз болмайды. Яғни, «сөзді» қолданатын актер өз даусына көңіл бөліп, ол дауысты әр түрлі көңіл-күй тебіренісіне, ой толғауына қарай пайдалана білуі шарт. Актер өз дауысын ноқталап, тіпті көмейден шыққан әрбір дыбысын ауыздықтап алғанда ғана көрікті сөздің көгені түзеледі.

Дауысты шынықтыру, дыбысты «тәрбиелеу» үш сатыдан тұрады. Бірінші; дұрыс дем алу жаттығулары, тіл, ерін мен жақ бұлшық еттерін шынықтыру. Бұл актердың өзіне де, сөзіне де еркіндік береді. Актер үлкен күш жұмсамай-ақ дауысын үлкен аудиторияларда меңгере алады. Жаттығулардың қортындысы сізге өзіңізге деген сенім мен көңіл-күй тұрақтылығын сыйға тартады.

Екінші; енді осы ие болған сенім мен еркіндік бірден көпшілік алдына келгенде, тәжрибеден практикаға өткенде біршама қиындыққа тап болады. Ол алдымен жоғарғы және төменгі резонанстарды қолдана алмау қиындығы. Біреу тек жоғары резонанспен сөйлеуді әдет қылуы мүмкін. Ол өзіне ұнап кететіні соншалық, ажырамас әдет болады. Жаңғырған дауыс жалықтырады. Сондықтан, дауыстың төменгі және жоғарғы ноталарын тең меңгеруді, алма-кезек ауыстыра пайдалануды үйренген жөн. Әр түрлі эмоциялық жағдайда дауыс ырғағын бақылауды, дыбыс кедергілерін «айналып өтуді» шебер меңгерген абзал.

Үшінші; жоғарыдағы екі сатының синтезі, оны актердың ендігі кезеңде, яғни көрермен алдында пайдалана алуы, жаттығулардың нәтижесін қолдану шеберлігі.

«Сөз» жұртпен тілдесу құралы ғана емес, ол сіздің өз-өзіңізбен сырласу құралыңыз екенін де ұмытпау керек. Ең алдымен өзіңізді тыңдап үйреніңіз, өзіңізбен сөйлесіп, тілдесіп үйреніңіз. «Сөйлемеймін!» - дегеннің де өзі «сөз», үндемеудің өзі бір дастан екенін естен шығармайық.

Ендігі кезек сахнадағы кейіпкер сөздерінің мінез-құлқы, мақсат, міндетіне келеді. Әдеби шығармаларда «аш масадай ызыңдаған дауысы», «қанден итше шәңкілдеп, алдымнан шықты», «мұрнының астынан міңгірлей сөйлеп келеді», «ащы айғайы құлақты жарды», «тілі тас жарады, тас жармаса бас жарады», «айтқан сөзі кесек-кесек» - деген сияқты кейіпкер сөзіне суреттеме беріліп жатады. Актер үшін бұл үлкен олжа. Демек ол өзі сомдайтын кейіпкерінің сөйлеу мәнерінен ақпарат алып тұр. Ендігі жерде актер «аш масадай ызыңдаған», «қанден итше шәңкілдеген» дауыстың неден, неге пайда болғанын іздейді. Ол кейіпкердің өмірін, әлеуметтік ортасын, тіршілік еткен қоғамын зерттейді. Сосын тағы да әдеби шығарма авторы «ашудан даусы булығып, кеңірдегінен қылғына шықты», «тістеніп сөйлеп, тіксініп тұр», «жеті қат жердің астынан шыққандай, даусы әзер естіледі» - деген сияқты кейіпкердің психологиялық әрекет әсерінен сөйлеген сөзіне мінездеме беріп жатады. Бұл да актер үшін кейіпкер мінезінің, күш-жігерінің, хал-ахуалының жаңа бір қырын ашады. Ендігі жерде актер меңгерген жаттығулар нәтижесін іске асырар, сөз сөйлеу шеберлігін, алған білімі мен біліктілігін пайдаланар сәтке келеді. Кітаптағы кейіпкер сөзі сіздің көмейіңізден төгіледі. Ол жаттанды сөз, өзгенің ойы емес, Сіздің ой, Сіздің сөз болып атылады. Түрлі эмоциялық жағдай көктен түспейді, өз басыңыздан, өзіңіздің көңіл қоржыныңыздан, ақыл қалтаңыздан, сезім сандығыңыздан шығады. Сахнадағы кейіпкер тіршілігі қарапайым өмірде өз басыңыздан да өтуі мүмкін. Кейіпкеріңізді нендей психологиялық әрекет осындай эмоцияны сырқа шығаруға итермеледі? Неліктен дауысыңыз «кеңірдектен қылғына шықты?» Неге кейіпкеріңіз «тістене сөйлеп, тіксініп тұр?»

Міне, осы сұрақтардың жауабын іздеп, сахнадағы психологиялық сосын одан туындағын физикалық әрекеттердің шындығына көз жеткізгенде ғана сахнадағы актер өнерінің ең соңғы және маңызды құралы - «Сөз» көрерменге нанымды, нақты, дәл жетеді.

Актердың ендігі бір үлкен мән беретін, ерекше көңіл бөліп, ден қояры – Сөйлеу сауаты, тіл мәдениеті. Әдеби лексика сөйлесу лексикасына, яғни, тұрмыстық қарым-қатынасқа көшкенде бейпіл сөйлеп, берекені ұшырмай, әдемі сөйлеп, әдептен озбау қағидасына ауысасыз.

«Сөз» - жүректің қылын шертер нәзік саусақ, құмарын қандырар хощ иіс, шөлін басар тәтті су болуы да, қарс айырыр өткір қанжар, өзекті жарар өксік, көмейді бітер тас болуы да сіздің қолыңызда.

«Сөз» - қуанышты, қайғына да, жақсына да, жаманды да, жылт еткен үміт отын жағатын да, қараңғы түнекке қамайтын да құрал. Орнымен пайдаланбаса орға жығады. Атам қазақ «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» - дейтін мұндайда.



Өзге елден өзегімізге дағды болған әдет-ғұрыпты былай қойғанда өзіміздің ата салтымыздың өзі көпірме сөзден аулақ болуға тәрбиелеген. Қазақ халқы ежелден сөз қадірін білген, сөзге тоқтаған. Ұрпағына «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деп үлкен міндет жүктеген. Аңдамай сөйлесең, ауырмай өлесің, қадір-қасиетің кетеді, елге күлкі боласың» деп ескертіп, сөз құдіретін асырып отырған. Себебі сөз біздің ата-бабамыз көтере алмаған үлкен жүкті ғасырлар бойы көтеріп, шашпай-төкпей бүгінгі күнге жеткізген. Сөзді қадірлеу, орнымен сөйлеу, сөз қадірін білу қазаққа тән қасиеттің бірі.«Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіру» деген әріден келе жатқан сөз бар. Екі ауыз сөз ұтымды, ұтқыр, қисынды айтылмаған жағдайда даулы екі руды елдің атысып,шабысып, тоз-тоз боп кететін жайлары тарихтан белгілі. Сол себепті сөз құдіретін, сөз өнерін дамытуға, сөздің күшімен құдіретін ортаға әсер,  ықпалын арттыруға бүкіл халық болып, арғы замандардан бері ат салысқан.  Халық аталы сөзді алты жасар бала айтса да, айтушысына қарап, айтқанына қарап бағалаған, тыңдаған. «Ақылы асса аға ғой» - деп құрметтеген, сөзге тоқтаған. «Сөзді ұққанға айт» - деген де аталы сөз бар. Ұлы Абай да:

«Қуаты оттай бұрқырап,

Уәзінге өлшеп тізілген.

Жаңбырлы жайдай сырқырап,

Көк бұлттан үзілген.

Қайран тіл, қайран сөз –

Наданға қадірсіз.

Тәуекел мен батыр ой

Өткір тілді найза етіп,

Сайысып-ақ бақты ғой,

Неше түрлі айла етіп.

Оянбай, қайран жұрт,

Ұялмай қал жым-жырт!

Ақылмен ойлап білген сөз

Бойыңа жұқпас, сырғанар.

Ынталы жүрек сезген сөз

Бар тамырды қуалар.

Ән салар, жатқа алар,

Түбінде құр қалар.» - деп, тыңдаушысыз жетім сөздің мұңын жоқтаған.

Актер үшін «шешен сөйлеу» дегеннің көсем сөздерді көпсітіп, жатқа айту емес екенін жадыңда ұстаған абзал. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтуды үлгі қылған ата дәстүр бізді осыған жетелемек еді. Өкінішке орай қазір ой әрекетін, көңіл толқынын,өзек жардысын жеткізбей сезімді суреттейтін құлаш-құлаш монологтар, күлмекке жақсы қысыр сөз қуалаған әріптестер шубыртпа сөздің шудасын есіп, малтасын езіп жүр.

«Сөз» - қарым-қатынас пен тілдесу аспабы.Кез-келген аспаптың ыстық-суықтан, күн мен желден қорғайтын тәсілі бар. Ал, сөзді қалай сақтаймыз? Оны тереңде сақтайтын зерде, сыртын қаптайтын сана. Шоғын үрлеп, қызуын үдетер көрігіңіз кеуде, көпке таратар керней көмейіңіз. «Көмейіне бұлбұлы ұя салған» қазақтың ұрпағымыз. Күпі киген қазақтың қара сөзін шекпен жабуып өзіне қайтаратын азаматтың бірі - мәртебелі Актер болуы шарт!

Бізге мәлім тілдесудің әдеби түрі мен тұрмыстық түріне енді міне заман талабына орай электронды тілдесу пайда болды. Әлеуметтік желілердегі орашолақ амандық сұрасудан бастап, қысқаша ғана хат алмасатын байланыс құралдарының тілі тірі сөзді өлі тіркеске айналдырып барады. Міне, осы тұста адамзат баласының басқа тірі жан-жануар, жәндіктен ерекше айрмасы, тәңірінің берген басты сыйы – Сөз сөйлеу қасиетін жоғалтпау, оны өз қадірімен қалпын бұзбай сақтау, қорғау,болашақ ұрпаққа аман жеткізу бүгінгі Сөз өнерінің сарбазы Актердың мойнындағы басты парызы болып қалмақ. Қалуы тиіс те!
«Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады, 
Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады. 
Су түбіңде жатқан тас – жел толқытса шығады, 
Ой түбінде жатқан сөз – шер толқытса шығады.» Асан қайғы.
Асқар Наймантаев.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Культура речи.Людмила Алексеевна Введенская. Ростов Н/Д: Феникс, 2005. — 544 с.

  2. Сисели Берри. Голос и актер. Московский фонд сохранения культуры 1996. Перевод Васильевой И. Ю.

  3. Абай. «Мөр» мемлекеттік шағын кәсіпорын. 1994 ж.

  4. В.Э.Мейерхольд.«Статьи,письма,речи,беседы» Издательство "Искусство" Москва 1968.792 С М42

  5. Иран – Тәжік поэзиясы (Рудаки, Хұсырау, Руми, Сағди, Жәми, Хафиз) 2005 ж. .  Кітап жанды адам.  Мақала және жарияланымдар

«Мәдени мұра» Ұлттық жобасынан.




Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет