Қазақстанда бірінші сыныпқа беру үшін құжаттарды қабылдау мерзімі 31 тамызға дейін ұзартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: freepik.com

Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың өтініші бойынша білім беру ұйымдарына қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізген.

“Егер бұрын бірінші сыныпқа қабылдау мерзімі сәуірдің 1-нен тамыздың 1-не дейін жүзеге асырылса, енді баланың ата-анасынан немесе өзге де заңды өкілдерінен бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау сәуірдің 1-і мен тамыздың 31-і аралығында өтеді”, – делінген министрлік хабарламасында. 

Сонымен қатар, тек демалыс кезінде ғана мектептен мектепке ауысуға қатысты шектеу алынды. Осылайша жаңа ережеге сәйкес, балаларды тұрғылықты жері бойынша оқу жылы ішінде де мектептен мектепке ауыстыру мүмкіндігі бар.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау кезеңі тамыздың 25-і аяқталуына байланысты білім алушылардың өтініштерін оныншы сыныпқа қабылдау мерзімі тамыздың 15-нен тамыздың 31-не өзгертілді. Осылайша енді колледжге қабылданбаған білім алушылар мектептің 10-11 сыныптарында оқуын кедергісіз жалғастыра алады.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.