Жалқамыс ауылының тұрғындары көктем шыға сала лай кешіп жүр. Көлік жүретін жолдың жоқтығынан жедел жәрдем мен такси жүргізушілері ауылға келуден бас тартады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty TV арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Жүргінші жолмен жүруден қалған ауыл тұрғындары көліктерін де ауылдың шетіне тастап кетуге мәжбүр. Тұрғындардың айтуынша, жолдың саз балшыққа шыланып жатқаны әуелі балаларға қолайсыздық тудырады. Балалар мектепке аяқкиім ғана емес, ауыстыратын киімін де тасиды. 

“Киімді күнде жуамыз. Ал күздік, көктемдік аяқкиімді жиі ауыстыру керек. Ал аяқкиімнің бағасы, өздеріңіз білесіздер, 10 мыңнан жоғары. Балам мектепке жеткенше аяқкиімі жыртылып қалды. Мен – көпбалалы анамын. Мен төрт балама қашанғы аяқкиім сатып алып бере беремін? Ондайды қалтам көтермейді. Бала аяқкиімді кемінде бір маусым киюі керек. Ал біз көктем шыға сала ауыстырып жатырмыз. Бұл дұрыс па”, – дейді ауыл тұрғыны Гүлзира Калыбекова.

Ызаға буылққан халық ми батпақтың кесірінен ауылға жедел жәрдем мен таксидің де жете алмайтынын айтып, күйінді.

“Біз балшыққа батып жатырмыз. Көліктер жүре алмайды. Бұл қашанғы жалғасады? Адамдардың қалыпты өмір сүруі үшін аз да болса жағдай жасауға болмай ма? Жол жөндеуге қыруар қаржы бөлінеді. Олардың барлығы қайда кетіп жатыр”, – дейді тұрғындардың бірі Бота Сырғабаева.

Сондай-ақ ауыл тұрғындары көліктерін орталық көшеде қалдыруға мәжбүр.

“Бәріміз көліктерімізді жолға қалдырып, үйге жете алмай қаламыз. Балаларды көлікке бір-бірден тасып, балабақшаға апарамыз. Енді мамыр айына дейін жері құрғап, шаң шыққанша көрген күніміз осы болмақ. Ауылдағы бір ғана көшеге асфальт төселген, ол – орталық көше”, – дейді тұрғын Дінмұхамед Нусубахунов.

Жол мәселесінен бөлек, ауылда жарық та жоқ. Халық кешкі уақытта ауыл арасында жүру мүмкін емес екенін айтады.

“Жарық жоқ, суды да өзіміз жүргіздік. Осылай өмір сүріп жатқанымызға 10 жыл болды. Бұл мәселелерді әкім шешуі керек. Ал біздің әкім мұнда келмейді де. Мұнда тұру өте қиын”, – дейді балшыққа батудан шаршаған ауыл тұрғыны Нұркелді Тоқанұлы.

Қайнар ауылдық округінің әкімдігі жұртты ауылдағы жолдарды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр деп сендіреді. Биыл жолды қалыпқа келтіруге 280 миллион теңге бөлінген.

“Биыл 5 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Бұл шамамен сегіз көше. Жұмыс мамыр-маусым айларына жоспарланған. Қалған көшелерге де қаржы бөлуін сұрап жатырмыз. Әрі қарай не болатыны биліктің қаржыны қаншалықты тез бөлінетініне байланысты”, – деп жауап берді Алматы облысы, Қайнар ауылдың округінің әкімі Нұрбол Есенбаев.

Шенеунік көшені жарықтандыру мәселесін шешуге уәде берді. Биыл 15 көшені жарықтандыру жоспарланған.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.