Алға ауданының 018 жылдың жартыжылдығы бойынша әлеуметтiк — экономикалық дамуының қорытындылары туралы анықтама



жүктеу 258.39 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі258.39 Kb.

Алға ауданының 2018 жылдың 1 жартыжылдығы бойынша әлеуметтiк — экономикалық дамуының қорытындылары туралы анықтама


2018 жылдың 1 жартыжылдығында ауданның әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіштері тұрақтылықпен сипатталады.
Аудан халқының саны ағымдағы жылдың 1 шілдесіне шұғыл мәліметтер бойынша 40 172 адамды құрады.

Бүгінгі таңда ауданның 21 елді мекені Ақтөбе агломерациясын дамытудың аймақаралық схемасына енгізіліп бекітілді (Алға қ, Бестамақ а, с.Есет батыр Көкіұлы, с.Бесқоспа, с.Қарақұдық, с.Көктогай, с.Тікқайың, с.Ақай, с.Үшқұдық, с.Жерұйық, с.Ақсазды, с.Самбай, с.Нұрбұлақ, с.Қарақобда, с.Ерназар, с.Маржанбұлақ, с.Қайыңдысай, с.Сарықобда, с.Тамды, с.Еркінкүш, с.Талдысай).


Салық саясаты

2018 жылдың 1 шілдесіне аудандық бюджетке түскен салық көлемі 475,3 млн. теңге немесе жоспардан 14,4 % жоғары түсімдер түсті. Салық базасын кеңейту аясында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қосымша 42,2 млн.теңге көлемінде салық түсіп, жоспар 25,7 пайызға артық орындалды.

1 шілдеге аудан бюджеті 99,8 пайызға игерілді немесе 3397,8 млн.тг.
Инвестиция.

Ауданға тартылған инвестиция көлемі 1 шілдеге 2024,9 млн.теңгені немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 75,0 пайызды құрады (2017 жылы 6 айда 2536,6 млн.тг, оның ішінде шілдеде: 600 орындық мектеп құрылысына -240,0 млн.тг; «Нитрохим»ЖШС құрал-жабдық алуға -496,2 млн.тг және жеке тұрғын үй құрылысына-150,0 млн.тг т.б). Облыс бойынша 9 орын.



Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің азаю себебі 2017 жылы «Нитрохим» ЖШС өндірістік құрылғы сатып алды; Алға қаласында мектеп құрылысына бюджеттік инвестицияның көп бөлігі тартылды. Ағымдағы жылы ірі инвестициялық жобалар аз.

Оның ішінде:

Республикалық бюджет – 603,6 млн.тг;

Жергілікті бюджет – 776,7 млн.тг;

Жеке қаражаттар – 615,1 млн.тг;

Банк несиелері – 18,5 млн.тг;

Басқа қарыз қаражаттары – 11,1 млн.тг.
Өнеркәсіп

Есепті жылдың 1 жартыжылдығына 4813,0 млн.теңге көлемінде өнеркәсіп өнімі шығарылды, немесе нақты көлем индексі 97,1 пайызды құрады (облыс бойынша 7 орын). Өндірілген өнім көлемінің азаю себебі ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет өндіру, этил спирті өнімінің көлемі азайды. Сонымен қатар, «Акросспищепром» ЖШС өнім шығару көлемін азайтуына байланысты «Алға-Жылу» КМК кәріз айдалу көлемі азайған.

Оның ішінде:

- өңдеу өнеркәсібі – 4218 млн.тг, НКИ 89,4 %;

- кен өндіру – 3,0 млн.тг; НКИ 93,1 %;

- электр, газ, бу жіберу – 522,0 млн.тг; НКИ 163,4 %;

- сумен жабдықтау, кәріз – 70,0 млн.тг. НКИ 95,8 %;
Ауыл шаруашылығы

Ауданда ауылшаруашылығы бағдарламаларын қолдау жұмыстары жүйелі түрде тиімді жүзеге асырылып келеді.

1 шілдеге ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 8967,2 млн.теңгені құрады немесе НКИ 106,0 пайыз.

Мал шаруашылығы

Ауданда былтырғы жылмен салыстырғанда мал өнімдерінің өндірісі бойынша жоғарылау байқалады, ағымдағы жылдың 6 айында 11,4 мың тонна ет (108,2%), 11,7 мың тонна сүт (100,0%), 1823 мың дана жұмыртқа (100,7%) өндірілген.

Ауданда ет өнімдерін өндірумен айналысатын 4 ірі АШТӨ жұмыс жасайды («АкТеп» ЖШС, «Парижская коммуна» ЖШС, «Ак құс» құс фабрикасы және «Реймқұл»ШҚ ).

Бестамақ мал шаруашылығы кешеніндегі «Парижская коммуна» ЖШС-ғы шошқа саны 45398 басты құрап, 8018,0 тонна ет өндірді (106,3%).

«Аққұс» құс фабрикасындағы ет өнімдері 1574,9 тоннаны құрап, өткен жылмен 92,9 %-ды құрады.

Қазіргі таңда мал басы санының өсуі байқалады: мүйізді ірі қара 40,8 мың бас (өсуі 107,8%), жылқы – 7,4 мың бас (116,7%), шошқа – 45,8 мың бас (124,0%), түйе- 149 бас (124,2%) құрады.

Қой және ешкі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 мың басқа кеміп 88,1 басты құрады, сонымен қатар құс басы 151,0 мың басқа кеміп 115,4 мың (43,3%) басты құрады.

Биыл «2018-2027 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы шеңберінде Алға ауданы бойынша «Райт» ш/қ, «Алдияр» ш/қ (Қарабұлақ а/о), «Ел ырысы» ш/қ (Маржанбұлақ а/о), «Мирас» ш/қ (Қарақұдық а/о), «Камшат» ш/қ (Қарағаш а/о), «Ақжайлау» (Үшқұдық а/о) шаруа қожалықтары ашылды.

Асыл тұқымды мал басына тоқталсақ, «Актеп» ЖШС-іне 514 бас асыл герефорд тұқымды шет елден қашар сатып алынды.

Сонымен қатар аудан бойынша асыл тұқымды малдарды: «Актеп» ЖШС 1564 бас , «Дильназ» шқ 62 бас, «Өтеғұл-1» ш/қ -27 бас, «Алағозы» шқ 62 бас асыл тұқымды ірі қара, «Актобе Агро 2016» ЖШС 12 бас, «Тоғай» шқ 2 бас, «Түрксиб» шқ 100 бас асыл тұқымды жылқы, «Маржанбұлақ-1» ЖШС 52 бас асыл тұқымды ешкі сатып алды.


Ағымдағы жылы «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 7400,0 млн.теңгеге 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда:

  1. «Ұлан» ЖШС 1100,0 млн.теңгеге құс фабрикасының құрылысы (2018 жылы 500,0 млн.теңге). Жобалық қуаты жылына 80 млн.дана жұмыртқа, 100,0 тонна құс етін өндіру. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталып, 300,0 млн.теңгеге құрылғылар алуға келісім шарт жасалуда;

  2. «Актеп» ЖШС Бестамақ ауылында 1000 га сурамалы егін салу. Құны 1500,0 млн.теңге. қазіргі таңда 300 га жерге құжаттар дайындалды. 700 га жерге құжат дайындау жұмыстары жүзеге асырылуда. Мердігермен құрылыс жұмыстары басталды.

Бұл нысандардың құрылысы барысында 70 уақытша және жоба іске қосылған соң 300 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы Бестамақ ауылдық округіндегі 42 разьездінде орналасқан «Есбол» шаруа қожалығы қуаты 500 бас жылқы малын бордақылау алаңын салуда.

Бордақылау алаңын ашу үшін 11 га бөлінді, 250 бас жабық қора жай, 250 басқа ашық алаң салынуда. Мал азық сақтайтын қойма, мал сою алаңы, жұмысшыларға қосымша жатақхана салынуда.
Егіс шаруашылығы бойынша:

Ағымдағы жылы 79,7 га жерге көктемгі далалық жұмыстары жүргізілді, оның ішінде 30,4 мың гектарға дәнді дақыл (8,1 мың бидай, 18,0мың арпа, 1,3 сұлы,1,4 тары, 0,3 құмай), 26,0 га екпе шөп, 6400 га майлы дақыл, 560 га картоп, 540 га көкөніс, 273 га бақша егу жұмыстары жүргізілді.

Келер жылғы егістікке жер дайындау мақсатында ауданға берілген 17000 гектардың қазіргі таңда 4500 гектары сүрге (парға) дайындалып жұмыстар жалғасуда

2018 жылға ірі сабақты мал азығын дайындау науқанына 1,5 жылдық 180,9 тонна шөп дайындау тапсырмасы берілді. Барлық селолық округтерге мал бас санына қарай бекітілді.

Биылғы мал азығын дайындау науқанына қазіргі таңда ауылдық округтердің ақпараты бойынша 60 шөп шабу бригадасы,150 техника 66 трактор,40 шөп шабу агрегаты, 15 шөп тайлағыш,10 шөп тиегіш және 30 тіркеме және алдағы уақытта шөп дайындау жұмыстарына техникалар қосылады деп күтілуде.

Шөп түсімі өткен жылмен салыстырғанда төмен немесе орташа есеппен 2,0-3,0 центнерден келеді. Бүгінгі таңда аудан бойынша 72,0 мың тонна шөп шабылып , 55 мың тоннасы тасымалданды, оның ішінде 37,0 мың тоннасы 67,3 пайызы қыстаққа , 18,0 мың тоннасы яғни 32,7 пайызы жұртшылыққа тасылды.



Ауыл шаруашылығы техникаларының жаңаруы: 2018 жылға техниканы жаңарту бойынша облыстан 11 дана трактор, 1 комбайн алу тапсырмасы берілді.

Бүгінгі таңда 9 трактор алынды және Ажар ШҚ – 1 комбайн алуды жоспарлап отыр.

Аудан бойынша 28 комбайын, 21 трактор техникалық есептен шығарылды.

85 трактор, 78 тіркеме және 3- комбайн техникалық байқаудан өткізілді.



Шағын және орта бизнес

Шағын және орта бизнесте ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 1871 субъект тіркелген,өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 99,6 % құрады. (01.07.17ж-1878 бірлік)

Жұмыс жасап тұрған субъектілер саны 1732, өткен жылмен салыстырғанда 98,9 пайыз. (01.07.17ж-1852 бірлік)

Тіркелген субъектілерден, жұмыс жасап тұрған субъектілердің үлесі 92,6%.

Бөлшек сауда айналымы 2018жылдың 1 шілдесіне 1107,7 млн.теңгені немесе 106,6 пайызды құрады.
«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында ішінара кепілдендіру бойынша: Жылкыбаева Жанна дүкен құрылысына 7,0 млн.теңге;

«Кең Дала» бағдарламасы арқылы жеке кәсіпкер Уразбаева Айша Маржанбұлақ ауылынан мейрамхана құрылысына 20,0 млн.теңге несие алды.Қазіргі таңда мейрамхана іске қосылды.

Жол бойы қызметін дамыту бойынша:

Алға ауданынан 2 бағытта республикалық маңызы бар автокөлік трассалары өтіп жатыр (Ақтөбе-Астрахань, Ақтөбе-Самара).

Актөбе-Астрахань тас жолы бойында қазіргі таңда 17- бөлшек сауда дүкендері , 6-қоғамдық тамақтану, автокөліктерге техникалық қызмет көрсететін 4 бекет, 1- авто көлік жуу бекеті жұмыс жасауда.

Сонымен қатар, Ақтөбе-Самара тас жолы бойына Кемпинг құрылысына 8 жер учаскесі, Ақтөбе-Астрахань тас жолы бойынан 3 жол учаскесі бөлінді.

Қазіргі таңда Қобда тас жолы бойында «Табын» ш/қ кемпинг құрылысын жургізілуде. Іске қосу уақыты 2019 жыл.

Бағаны тұрақтандыру бойынша:

Жыл басынан тұтыну нарығында бағаны тұрақтандыру бойынша облыстық штабтың хаттамаларында көрсетілген тапсырмаларды орындау мақсатында, Алға ауданы әкімдігінің қаулысымен құрылған тұрақты әрекет етуші аудандық штабтың 12 отырысы өткізілді. Штабтың бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес қала және селолық округ әкімдерінің есептері тыңдалып, шаралар қабылдануда.

Сонымен қатар, бағаны тұрақтандыру мақсатында облыстық тұрақтандыру қорынан 2,8 тонна картоп, 3,6 тонна сәбіз,1,1 тонна пияз, 0,1 тонна қырыққабат, 0,8 тонна күріш, 2,7 тонна күнбағыс майы аудан халқына арзан бағада сатылды.

1 шілдеге дейін 10 жәрмеңке өткізіліп, онда жылқы , ірі қара, қой, шошқа , балық еті,құс еттері және көкөністер сатылды. Мұндағы ет және сүт өнімдерінің бағасы нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен.

Ауданда халыққа қызмет көрсететін 168 азық түлік дүкені жұмыс істейді. Оның ішінде Алға қаласы бойынша 80 азық-түлік дүкені бар. Яғни сауда саттықта бәсекелестік болуына байланысты, бағаны тұрақтандыру мүмкіншілігі артады. Оның ішінде 5 әлеуметтік дүкен халыққа қызмет көрсетеді.

Негізгі азық-түлік тауарларына 10 пайыздан артық үстем ақы қоспау бойынша 82 меморандумға қол қойылды. Оның ішінде Алға қаласы бойынша 32, селолық округтер бойынша -50. Меморандум шарттарының орындалуы ұдайы бақылануда.

Ауданда 2 жанар- жағар май және 4 газ құю стансалары жұмыс жасайды. Жанар –жағармай бағасы АЗС «Меркурий» Аи92-148тг, Аи95-168тг,Дт-174тг, Газ -55тг/л. «Синойл» - Аи92-151тг, Дт-179тг, «ЛиманГаз»-55тг/л, «Рахат» Газ-55тг/л. Жанар- жағар майдың және газ бағалары тұрақты, жетіспеушілік байқалмайды.
Инфрақұрылымды дамыту

Инфрақұрылымды дамытуда ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша аудандағы 31 елді мекеннің 16-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған немесе жалпы халықтың 89,9 % құрайды, (Алға, Бестамақ, Есет батыр Көкіұлы, Тамды, Үшқұдық, Қарабұлақ, Амангелді, Қарақобда, Самбай, Қайнар, Сарықобда, Болгарка, Ақай, Маржанбұлақ, Бесқоспа және ст. Тоқмансай).

Биыл Қарақұдық ауылын сумен қамтылған соң (583,6 млн.теңге) бұл көрсеткіш 92,3% жоғарылап, 37074 адамды құрайды. Қазіргі таңда 187,8 млн.теңге көлемінде қаражат игерілді. Құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар Тоқмансай ауылының сумен жабдықтау жүйесінің құрылысына ЖСҚ дайындалуда (ОБ 3,9 млн.тг).

Сондай-ақ, "Президенттіӊ бес әлеуметтік бастамасының" 5-сі елдімекендерді газдандырумен қорытындыланды. Қазіргі таңда алғалықтардың 89,2% көгілдір отынмен қамтамасыз етілген немесе 35845 адам. Дегенмен аудан елді мекендерінің қарқынды дамуына байланысты жаңа бас жоспарларға сәйкес инженерлік инфрақұрылым желілерін кеңейту жобалары соңғы жылдары көбеюде:



  • Алға қаласының №2 тұрғын массивін газдандыруға биыл 155,0 млн.тг (жалпы сомасы 381,4 млн.теңге), сумен қамтамасыз етуге 192,5 млн.тг (жалпы 203,5 млн.теңге), жарықтандыруға 200,7 млн.тг бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бас жоспарға сәйкес инженерлік желілермен қамтамасыз етіліп жатқан жаңа тұрғын массивтен жеке тұрғын үй құрылысына биылғы жылы 300 жер учаскесі берілді;

  • Алға қ. «Подхоз» тұрғын массивін газдандыруға ағымдағы жылы респубилкалық және облыстық бюджеттен 126,1 млн.теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.

  • Маржанбұлақ ауылының «Батыс» жаңа тұрғын массивіндегі ауылішілік газ тарату желілерінің құрылысын аяқтауға 174,3 млн.теңге (РБ – 150,9 млн.теңге; ОБ-23,4 млн.теңге) бөлініп, қазіргі таңда 114,0 млн.теңге игерілді.

  • Маржанбұлақ ауылының «Шығыс» тұрғын массивін газдандыруға облыстық бюджеттен 77,0 млн.теңге бөлініп, 58,3 млн.теңге игерілді. Нәтижесінде, 1000-ға жуық жер учаскелері бар тұрғын массивтегі жеке тұрғын үйлер газбен қамтылады;

  • 5 ауылды (Ақай, Көлтабан -668,7 млн.теңге Көктоғай, Тікқайың, Қарақобда – 447,6 млн.теңге) газбен қамтамасыз етуге 1116,3 млн.теңгені құрайтын жобалық сметалық құжат даярланды. Соның ішінде, Ақай мен Көлтабан ауылдарын газдандыру жұмыстары биыл басталады, бұған облыстық бюджеттен 100,0 млн.теңге қаржы бөлінді. Ақай мен Көлтабан ауылдары газбен қамтылған соң 36678 адам көгілдір отынды қолданатын болады немесе 91,1 %.

  • Қарахобда, Көктоғай, Тікқайың ауылдарын газдандыру бойынша құжаттар облыстық энергетика басқармасымен республикалық бюджеттік комиссияға жолданды.

  • Сарыхобда, Болгарка ауылдарына газ жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама дайындауға облыстық бюджеттен 38,0 млн.теңге бөлініп, жұмыстар атқарылуда;

  • Қайыңдысай ауылының тұрғын массивін газдандыру мемлекеттік сараптамадан өткізуге ағымдағы жылы 763,0 мың тг бөлініп, игерілді. Жоба құны 133,3 млн.теңгені құрайды.

  • Бесқоспа ауылының тұрғын массивін газдандыру мемлекеттік сараптамадан өткізуге 1300,0 мың тг қарастырылып, сараптамаға конкурс жарияланды.

  • Алға қаласындағы ветеринариялық станциялық газ тартуға ЖСҚ дайындауға аудандық бюджеттен 300,0 мың тг бөлінді;

  • Алға қаласының кіреберіс және шығатын жолының бөлігін жарықтандыру жұмыстарына 50,0 млн.теңге бөлініп, мердігер «Наби Альянс ЛТД» ЖШС-мен құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде;

  • Бесқоспа ауылының жаңа тұрғын массив көшелерін жарықтандыруға 4,7 млн.тг бөлініп, жұмыстар жүргізілуде (жалпы 55,7 млн.тг);

  • Қайыңдысай ауылының жаңа тұрғын массивін жарықтандыруға 11,1 млн.тг бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.


Жол

Биылғы Жолдаудың 4-ші міндетіне сәйкес «Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» аясында ауданымызда бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Аудандық маңызы бар жолдарға келер болсақ:

- Алға-Қарабұлақ автожолын орташа жөндеуге (жалпы құны 938,0 млн.теңге, 2017ж-404,0 млн.теңге) - 250,0 млн.теңге;

- Есет батыр-Қайнар (жалпы құны 867,2 млн.теңге, 2017ж.-100,0млн.теңге) - 80,0 млн.теңге бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ұзындығы 76 км екі жоба жүзеге асырылған соң, аудандық маңызы бар асфальтты жол үлесі 8%-дан 37 %-ға жоғарылайды. Қазіргі уақытта жергілікті жолдардың жалпы ұзындығы 266 км құрап отыр, оның тек 22 км асфальтты жолы қанағаттанарлық жағдайда.

- Нұрбұлақ-Ақтөбе автомобиль жолының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындауға - 7,0 млн.теңге бөлініп, «ТенгриСтройИнвест» ЖШС-мен жобалық құжаттар дайындалуда;

- 16 км Ақай ауылына, 17 км Қарақұдық ауылына, 1,6 км Тамды ауылына, 2 км Талдысай ауылына, 3,5 км Еркінкүш ауылына кіреберіс жолдарын жөндеуге және Алға-Самбай-Нұрбұлақ учаскелерінің орташа жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама даярлауға 14,7 млн.теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.

Сонымен қатар Алға қаласының ішіндегі жолдар жөндеуден өткізілуде:

- Алға қаласының 4 көшесінің (Комсомольская, Овражная, Ағниязов, Водопроводная) жолын жөндеуге облыстық бюджеттен 50,0 млн.теңге бөлінді;

- Қосымша, ұзындығы 7км 6 көшені (Чапаев, Транспортный, Пионерская, Есет батыр, Наурыз, Желтоқсан) орташа жөндеуге 272,0 млн.теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалды, мұнда тротуар мен суағар (ливневый канал) салу қарастырылған.

Алға қаласы бойынша жалпы алғанда, ұзындығы 61 км 52 көше бар, олардың 23 км 18 көшесі яғни 34% асфальттанған.

2018 жылы Алға қаласының 10 көшесінің және Маржанбұлақ ауылының 2 көшесінің автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама даярлау үшін облыстық бюджеттен 26,0 млн.теңге бөлінді.

Алға қаласындағы Есет батыр көшесін қайта жаңғыртуға 200,0 мың теңгеге ЖСҚ дайындалды. Сонымен қатар, Есет батыр және Байтұрсынов көшелерін жарықтандыруға ЖСҚ дайындауға 1,0 млн.тг бөлінді. 2018-2019 жылдарға жоспарланды. Жоба құны 34,0 млн.теңге

Сондай-ақ, қаладағы суағар каналдарын қайта жаңғыртуға 111,6 млн.теңгеге бюджеттік өтінім берілді.

Тұрғын үй құрылысы

6 айдың ішінде 7698 ш.м. 75 тұрғын үйлер пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,6 пайызды құрайды.

Алға қаласында үй алу кезегінде 1519 адам, үй салу үшін жер телімін алу кезегінде- 3947 адам тіркелген.

Елбасының 5-наурыздағы Үндеуінің 1-ші бастамасын «халықты баспанамен қамтамасыз етуді» Жолдауда «Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологиялар енгізуді» 5-ші міндет етіп қойды. Оның ішінде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, құрылыс жүргізудің жаңа әдістері мен материалдарды, ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығы мен энергиялық тиіміділігн арттыру қажеттігін атап өткен болатын. Сондықтан алдағы уақытқа жоспарланған нысандардың құрылыс барысында бұл талаптардың сақталуы қамтамасыз етіледі.

Осы мақсатта биылғы жылы ауданға облыстан бөлінген қаражат есебінен 60 пәтерлік бес қабатты 6 тұрғын үй салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланды, оның ішінде 2-уінің құжаты даярлануда (ОБ 20,0 млн.тг).

2 үйдің құрылысына (инженерлік желілерімен қоса) ЖСҚ дайын. Республикалық бюджеттік комиссияға ұсынылды. Және 2 үйге ЖСҚ дайындауға 8,0 млн.тг бөлінді.

Құрылысы былтыр басталған екі 5 қабатты үйдің біреуі 60 отбасына табысталды. Екіншісінің құрылысы аяқталу үстінде (122,7 млн.теңге игерілді).

Сондай-ақ, биыл жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін Нұрбұлақ (4,0 млн.теңге) , Ақсазды (3,0 млн.тг) және Талдысай (3,0 млн.тг) ауылдарының бас жоспарлары жасалуда.



Халықты әлеуметтік қорғау

Ауданда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы кең ауқымда жүргізілуде. 2018 жылдың 1 шілдесіне жұмыспен қамту бөлiмiне жұмыс iздеп келушiлер саны 1227 адам, тiркелген жұмыссыздар саны 606 адам, яғни ресми тiркелген жұмыссыздар деңгейi 3,2 пайызды құрап, өткен жылдың осы мерзіміндегі деңгейден 2,3 пайызға көбейді.

Аудан бойынша жыл басынан 405 жаңа жұмыс орындары ашылып (101 пайыз), 805 адамды жұмысқа орналастыру шаралары жүргізілді.

«Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша жоғарғы және орта оқу орындарын бітіріп келген жас түлектер қатарынан 39 адам, жұмыссыздардың мақсатты тобына жататын азаматтарды жұмысқа орналастыру мақсатында әлеуметтік жұмыс орындарына 42 адам, ақылы қоғамдық жұмысқа 261 адам (оның ішінде «Жасыл ел» жасағына 88 адам орналастырылды.

Жыл басынан жұмыссыздар арасынан 156 адам кәсіптік оқуға жолданды.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жәрдемақылар туралы Заңын іске асыру мақсатында, бірінші жартыжылдықта аз қамтылған 340 отбасына құрамында 1663 адамға 35,1 млн.теңге көлемінде республикалық бюджеттен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді.



Жергілікті өкілді органдарының шешімдері бойынша әлеуметтік көмектер

Аудандық мәслихаттың 17.04.2014ж. № 152 шешімі бойынша, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне коммуналдық қызметтерді төлеу үшін сегіз мың теңге көлемінде ай сайын қаржылай әлеуметтік көмек белгіленді. 2018 жылдың 1 сәуіріне Ұлы Отан соғысының 1 мүгедегіне коммуналдық қызметтерге 24,0 мың теңге төленді. Алға аудандық мәслихатының 27.09.2016 ж. № 45 шешімі бойынша аз қамтылған 230 отбасыға 1594,5 мың теңге әлеуметтік төлем ретінде төленді.

Сонымен қатар, 2018 жылдың 6 ай мерзіміне Ұлы Отан соғысының мүгедегінің жеке шотына 48,0 мың тг. көлемінде аударылды. 9 мамыр Жеңіс күніне орай, 371 адамға 9695,0 мың тг. көлемінде жергілікті бюджеттен біржолдық әлеуметтік көмек көрсетілді.

Бірінші жартыжылдыққа үйде оқитын 26 мүгедек балалардың ата-аналарына оқу мерзіміне, бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде барлығы 243,4 мың тг. және онкологиялық аурулармен және туберкулездің әртүрлі ауруларымен ауыратын адамдарға барлығы 154 адамға 20232,6 мың тг. көлемінде әлеуметтік көмек жергілікті бюджеттен төленді.

6 ай қорытындысы бойынша 546 отбасы 1523 адамға 5142,9 мың теңге жергілікті бюджеттен тұрғын-үй көмегі тағайындалып, төленді.

Мүгедектерді оңалту шаралары бойынша

2018 жылы 41 мүгедекке 76 жеке жәрдемші және 15 мүгедекке 1 ымдау тіл маманы келісімшарт бойынша бекітілді.

Санаторлық-курорттық ем алу үшін Шымкент қаласында орналасқан «Денсаулық» санаториясына 33 мүгедек жолданды. 58 мүгедек тифлотехникалық (сағат, плеер, диктофон, тифломагнитолла) құралдарымен қамтамасыз етілді. Протездік-ортопедиялық (ортопедтік аяқ-киім, балдақ, таяқ, жетек-арба ходунки) көмекке 31 адам, тифлотехникалық (сағат, плеер, тифломагнитолла, диктофон) құралдарға 58 адам, жүріп-тұруы қиын 1 топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің қызметтеріне 70 адам, мүгедектер кресло-арбаға 39 адам, санаторий –курорттық ем алуға 33 адам, үйде күтім көрсету жағдайына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге 11, медициналық-әлеуметтік мекемелерде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге 3 адам өтініш жасаған. Жыл аяғына дейін барлық өтініш жасаған адамдар қажетті құралдармен толық қамтамасыз етіледі.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 2018 жылға 22 адамға шағын несие беру жоспарланды. 1 шілдеге дейін 17 адам 69,0 млн.теңге көлемінде несие алды оның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 14 адам 67,1 млн.теңге, реинвест арқылы 3 адам – 11,9 млн.тг).
Білім беру

Ауданда «Білім беруді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 6972 балаға білім беретін 30 жалпы білім беру мектептері (17 орта,10 негізгі және 3 бастауыш) жұмыс жасайды. Апаттық күйдегі мектептер тіркелген жоқ.

Елбасымыздың биылғы жолдауында «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп жас ұрпақтың біліміне маңызды көңіл бөлген. 7-ші міндетке сәйкес тапсырмалар бойынша ауданымыздың жұмыс жасап тұрған 30 мектебінің барлығының өз сайттары бар және оқушылар жетістігін мониторингілеу Kundelik.kz жүйесі мен «Bilim Land» жобасына қосылған. «E-Lerning» электронды оқыту жүйесіне 3 мектеп қосылған (№1 мектеп-бақша, №2, №3 орта мектептер). Қазіргі уақытта ауданның 11 елді мекені толыққанды интернетпен қамтылған, қалған 20-сы интернетке қосылғанымен, оның жылдамдығы секундына 512 кБит.

Ауданның 1089 педагог мамандарының ішінде, 51 мұғалім үштілділік бойынша, 486 мұғалім жаңартылған білім беру мазмұны бойынша курстан өткізілді.

Жаңартылған мазмұнда сабақ беретін 766 мұғалімге 30% үстемеақы тағайындалды. Оның көлемі 1 айда 8,1 млн.теңгені, ал 1 жылда 97,4 млн.теңгені құрап отыр.

Ауданда 2186 бала тәрбиеленетін 11 балабақша мен 7 мектеп-бақша және 558 бала тәрбиелейтін 13 шағын орталық «Балапан» бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыруда. 11 балабақшаның ішінде биыл Қарақұдық ауылында 25 балаға арналған «Еркетай» және Нұрбұлақта «Тәтті бала» жеке балабақшалары салынды. 3-6 жасар балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100 пайызды құрайды.

Сондай-ақ, қосымша білім беретін аудан бойынша 2921 баланы қамтып тұрған 4 мекеме бар («Жастық жігер»-1210 бала, «Нұр талап»- 1100 бала, балалардың өнер мектебі-321 бала, «Тамды» аула клубы-290 бала).

Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту да басты назарда. Ағымдағы жылы бұл мақсатта облыстық бюджеттен 26,2 млн.теңге бөлінді. Олар мектептерге мультимедиялық құралдар мен компьютерлер сатып алуға жұмсалды.

Биыл «Бақытты бала» жобасын жүзеге асыру мақсатында облыстық бюджеттен 3,4 млн.теңге бөлініп, Алға № 3 мектебіне интерактивті құралдар сатып алынды. Сонымен қатар робототехника мен ультракороткофокусты құралдар сатып алуға 3,0 млн.теңге бөлініп, ашық конкурс арқылы мердігерлері анықталды. Және 450,0 мың теңгеге 3Д принтер сатып алуға конкурс жарияланды.

Бестамақ орта мектебіне спорт құрылғысын (плоскостный) құруға облыстық бюджеттен 5,6 млн.теңге бөлініп, қазіргі таңда 420,0ш.м. жерге спорт алаңын орнатты.

Ағымдағы жылы бұл сала бойынша күрделі және орташа жөндеуге 248,1 млн.теңге бөлінді:

- Алға қаласындағы №1 бала бақшасы (ОБ – 75,7 млн.теңге) мен Көктоғай негізгі мектебінің шатырын (8.6 млн.теңге) күрделі жөндеуден өткізу;

- 4 мектепті (Тоқмансай НМ-17,8 млн.тг, Тамды ОМ-53,3 млн.тг, Байтұрсынов ОМ-52,6, «Нұр талап» шығармашылық орталығы-2,4 млн.тг) ағымдағы жөндеуге 120,8 млн.теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде;

Бұдан басқа облыстық бюджеттен қосымша 25,6 млн.теңгеге Алға № 4 орта мектебін ағымдағы жөндеуден өткізуге ашық конкурс жариялануда. Мердігер 28 шілдеде анықталады.

Сонымен қатар құрылысы былтыр басталған Алға қаласындағы 600 оқушы орынға арналған мектеп-интернат құрылысын ағымдағы жылы шілдеде аяқталады деп күтілуде.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша аудан мектептерін ағымдағы жөндеуге 2,0 млн.теңге көлемінде қаражат бөлінді.



Мемлекеттік – жекешелік әріптестік негізінде осы жылы «Жансая» шаруа қожалығы 120,0 млн.теңгеге Самбай ауылында 100 орындық бала бақша құрылысын салуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда ЖСҚ дайындалуда.

Сондай-ақ, биыл Байтұрсынов (2,1 млн.тг) және Ақай (1,8 млн.тг) орта мектептеріне аудандық бюджеттен 3,9 млн.теңге бөлініп, газ қазандықтарын орнатуға жобалық сметалық құжаттамалар дайындалуда.



Денсаулық сақтау

Бұл салада ауданда 70 кереуеттік тәуліктік және 90 кереуеттік күндізгі стационар, 1 емхана, 8 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП), 19 медициналық пункт (МП) халыққа үздіксіз қызмет жасайды. Барлық дәрігерлік амбулаториялар телефондармен, компьютермен, орг.техникалармен және автотранспортпен камтамасыз етілген.

Алға ауданы тұрғындарына медициналық көмекті 60 дәрігер, 2 провизор, 267орта буын медицина қызметкерлері көрсетеді. Олардың ішінде 10 дәрігер ауылда, 52 дәрігер қалада жұмыс жасайды. Жыл басынан 8 дәрігер білімдерін жетілдіру курстарынан өтті.

Халықты медицина мамандарымен қамтамасыз ету: дәрігерлер 10 мың халыққа– 15,7%0, орта буын қызметкерлері -67,6 %0.

Орта буын медицина қызметкерлері – 267, олардың ішінде – 57 ауылда.

Демографиялық көрсеткіштер: 6 ай 2017ж. 6 ай 2018ж.

Туу көрсеткіші 300 (7,6%0 ) 340 (8,6%0)

Өлім көрсеткіш 163(4,1%0 ) 132(3,4%0)

Табиғи өсім +3,5 +5,2

Туберкулез аурушаңдығы 7 (17,7%0) 9(22,8%0)

Туберкулезден өлім – жітім 0 1(2,5%0 )

Онкология аурушаңдығы 39 (98,8%0) 46 (116,4%0 )

Онкология ауруынан өлім – жітім 11(27,7%0 ) 9 (22,7%0 )

Бүгінгі күні дәрігер мамандарына қажеттілік 19 бірлікті құрайды: 1 дәрігер лаборант, 2 жедел жәрдем бөлімінің дәрігері , 4 педиатр, 1 фтизиатр, 2 терапевт, 1 акушер-гинеколог, 1 невропатолог, 1физиотерапевт, 6 жалпы тәжірибелі дәрігерлер керек.

Ана мен бала денсаулығын қорғау аясында 3 дәрігер гинеколог, 1 дәрігер неонатолог, 1 УЗИ дәрігер, 13 акушеркалар қызмет көрсетеді. Перзентхана бөлімінде 16 кереует жұмыс жасайды. Бүгінгі күнге туу көрсеткіші – 1,1-ге көбейген. Есептегі 6 айда ана өлімі тіркелген жоқ.

Жыл басынан бастап:



-Тоқ ішек обырын анықтау мақсатында тексеруді қажет еткендер -964 ,

тексерілгендер -583 , анықталған науқас - 0 .



-Қан айналымы ауруларын ерте анықтау мақсатында тексеруді қажет

еткендер -2034 , тексерілгендер -837 , сауықтырылғандар -48 .



-Глаукоманы анықтау мақсатында тексеруді қажет еткендер -2380 ,

тексерілгендер - 1046, анықталғандар - 1, сауықтырылғандар - 1.



-Қант диабетін анықтау мақсатында тексеруді қажет еткендер - 2034 ,

тексерілгендер -1015 , анықталғандар -0.



-Балаларды профилактикалық тексеру : тексеруді қажет еткендер – 6521, тексерілгендер -5590 , анықталғандар -183 , сауықтырылғандар - 183.

Иммунопрофилактика. Орталық ауруханада иммунопрофилактика ҚР Ұлттық профилактикалық екпе тізбесі бойынша жылдық жоспарға сәйкес жүргізіледі. Аудан бойынша 2018жылдың 6 айында профилактикалық екпелерден бас тартқан балалар саны -114 , барлығы– 47отбасы. Басты себебі – жеке көзқарас. Екпелерден бас тартқан ата –аналармен валеолог, жалпы тәжірибелі дәрігер және мейірбикелер түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Емханада, мектептерде, селолық жерлерде аудандық тұтынушылар құқығын қорғау, аудандық әкімшілік, мешіт имамының қатысуымен үй аралап түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бейнеролик көрсетіліп, сауаттандыру– ақпарат құралдары таратылып, ата-аналар сұрақтарына жауаптар берілді.

Аудан бойынша екпеден бас тартқан балалар :

Елді мекендер

Балалар

Отбасылар

2017ж.

2018ж.

2017ж.

2018ж.

Алға қ.

57

39

24

20

Тамды

3

4

2

3

Маржанбұлақ

8

8

4

4

Бесқоспа

9

7

3

2

Бестамақ

41

39

14

13

Үшқұдық

12

13

5

5

Барлығы

130

114

50

47


Туберкулез қызметі. Аудан бойынша 2018ж. туберкулез ауруымен ауыру біршама көтерілгендігі байқалады. Аурушаңдық көрсеткіші – 9 адам(22,8%0 ), 2017ж. - 7 (17,7%0 ). Биыл 6 айда ауырған балалар саны -1 , жасөспірімдер -.1

Туберкулездің асқынған түрімен науқастар жоқ. Жаңадан есепке алынған -8 науқас госпитализацияланған.

Ауданда 15 орындық күндіз – түні бала – бақша тобы жұмыс жасауда.

2018 жылдың 6 айында санаторлық топқа - 26 бала, «Шағала» санаторийына –17 бала, «Боровое» –2, «Берчигур»- 46, « Ақбөбек» -35 бала жолданды. Барлығы – 84 бала барды.
Мәдениет

Ауданның мәдениет саласы да жоспарлы түрде дамып келеді. Қазіргі таңда 27 мәдениет ошағы бар. (12 кітапхана,1 аудандық орталықтандырылған кітапхана желісі, 11 клуб пен мәдениет үйі, Алға музей, қалалық саңырау-сақау клубы және «Есет батыр мемориалдық кешені» МКК). Олардың 26-ы мемлекеттік жүйеде жұмыс жасайды. Аудан бойынша мәдениет қызметкерлерінің саны 112 адам.

Есепті мерзім ішінде 350 мәдени-көпшілік шаралар өткізілді.

Аудан бойынша кітап қоры – 300089 дана. Оның ішінде қазақ тілінде – 76466 дана. Аудан кітапханаларының 4-уіне интернет орнатылған. Бестамақ ауылдық кітапханасының жанынан «Со-Working» орталығы ашылып 2 штат іске қосылды.



Мәдениет саласын дамытуда биыл облыстық бюджеттен 3 жобаға 73,0 млн.теңге бөлінді. Олар:

  • аудандық мәдениет үйінің шатырын күрделі жөндеу – 24,3 млн.теңге;

  • Үшқұдық мәдениет үйін (300 орын) күрделі жөндеу – 30,0 млн.теңге;

  • Қарақобда селолық клубын (100 орын) ағымдағы жөндеу – 18,9 млн.теңге; Сонымен қатар, Үшқұдық селолық мәдениет үйіне автономды газ қазандығын орнатуға ЖСҚ дайындауға 2,8 млн.теңге бөлінді.

Аудандық бюджеттен Алға қаласында саябақ құрылысына ЖСҚ дайындауға 500,0 мың тг, Үшқұдық селолық мәдениет үйіне автономды газ қазандығын орнатуға 500,0 мың теңге бөлінді.

Дене шынықтыру және спорт

Ауданда 115 спорттық құрылым жұмыс жасайды. Дене шынықтыру мен спортпен айналысушылар саны 12310 адамды құрайды. (жалпы халықтың 30,7 пайызы). Жыл басынан 67 спорттық іс – шара өткізіп, 4753 адам қамтылды.

Ағымдағы жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Тимакс» ЖШС 1,2 млн.теңгеге Алға қаласындағы орталық стадионды жарықтандыру жұмыстарын жүргізді.

Тәртіп сақтау

2018 жылдың өткен мерзімінде ішкі істер бөлімінің жеке құрамымен өмірді қорғау, адамдар мен азаматтардың бостандығымен құқықтарымен қылмыстық қол сұғушылықты ескерту мен қылмыс пен құқық бұзушылықты ашу бағытында нақты жұмыстар жүргізілді.

2018 жылдың 6 айында автоматтандырылған сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне -133 арыздар мен хабарламалар тіркелген.

Талдау жасау кезеңінде 2 аса ауыр санаттағы қылмыстар тіркеліп, 100 пайыз ашылды (2017 ж–2 оқиға).

Ауыр санатты қылмыстар 7 тіркеліп (2017 ж.- 11), соның ішінде 5 қылмыстық іс аяқталып сотқа жолданды. Орта дәрежелі қылмыстардың 89 тіркелді, (2017 жылы - 89). Соның ішіндегі 51 қылмыстық іс аяқталды. Ауырлығы орташа санаттағы 15 (2017 жылы-15) қылмыс тіркелді. Есептік кезеңде қарақшылық оқиғалары тіркелмеген.

1 шілдеге дейін Алға ауданында 8 ЖКО тіркеліп, оның ішінде 15 адам дене жарақатын алған, 2 адам қаза болған. (2017 жылы 8 ЖКО тіркелді).

Алдағы уақытта жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысын жақсарту мақсатында орын алған кемшіліктерді жою, қылмыстың алдын алу, оны анықтап ашу, әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтау және аудандағы құқықтық ахуалдың жақсаруы үшін жоспарлар құрылып, іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Ішкі істер Органдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, тәртіпті нығайту және заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары күнделікті жұмыста қадағаланды.




Алға аудандық экономика және бюджеттік

жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Аскарова

орын: С.Байтакова

тел:4-19-65




Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет