Алыс ауылдың 10 сұрағы: әлеуметтік-экономикалық проблемалар және оны шешудің жолдары



жүктеу 125.02 Kb.
Дата26.04.2019
өлшемі125.02 Kb.



АЛЫС АУЫЛДЫҢ 10 сұрағы:

әлеуметтік-экономикалық проблемалар және оны шешудің жолдары
Қалдыбаева Т.Ж.,cоц.ғ.д., профессор,

Магистратура және PhD докторантура институты

Саясаттану және әлеуметтікфилософиялық пәндер кафедрасы

Абай атындағы Қаз ұлттық педагогикалық университеті



.

2008 жылыдан бері «Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті» Қоғамдық қоры тарапынан жыл сайын өткізіліп әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрменкесі қатысып келе жатқан «Әлеумет» социологиялық, психологиялық зерттеулер және медико-психологиялық көмек Орталығының (құрылтайшы Т.Ж.Қалдыбаева) Президент қоры гранты шеңберінде «Азаматтық қоғам институттарының қатынасуымен әлеуметтік-экономикалық және мәдени-білім бағдарламаларға жасалған әлеуметтік аудит» атты тақырыпта социологиялық зерттеулерді іске асыруы бірқатар өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бетін аша түсіп, өзекті әлеуметтанулық бағалаулар мен тұжырымдар тудырды.
Социология ғылымының эмпирикалық (қолданбалы) зерттеулері барысында қолданылатын әдістердің бірі - типтік сипаттағы объектіні назарға алу. Оның «типтілігі» сонда, өмір шындығы туралы ақпараты мол зерттеушілер таңдаған объектіден осы тұрпатты басқа да ондаған объектілерге негізінен тән қасиеттер мен әлеуметтік құбылыстарды табуға болады және жасалатын тұжырымдар да сол ондаған басқа нысандарға тікелей қатысты бола алады. Сондай типтік сипатты нысан ретінде халқының 99 пайызы қазақ этносы болып табылатын, тіршілігі негізінен мал шаруашылығына бағынышты, облыс орталығынан және қаладағы ғылыми және технологиялық инфрақұрылымнан шеткері орналасқан Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы таңдалды.

Біздің (зерттеуілердің) алдын ала келіспей, бірден келіп қалғанымызға аудан әкімшілігі реніш білдірмеді. Керісінше, ауданның ғалымдар көмегіне зәрулігін білдіріп, барлық біздің ақпараттық сұраныстарымызды қанағаттандырылып, аудан шеңберіндегі танымдық қозғалысымызға жол ашты. Біз аралалап шыққан елді мекендерде зиялылар, билік, бизнес және қызмет көрсету саласы, жекелеген мемлекеттік емес ұйым өкілдерімен, тәжірибелі мамандармен кеңесу, сұхбаттасу мүмкіндігі болғандығын қанағаттанарлықпен атап айта аламыз. Социологиялық зерттеудің теориялық, методологиялық және ғылыми бақылау, тереңдетілген сұхбат, құжаттармен жұмыс, ресми статистика, бұқаралық ақпараттан әлеуметтік фактілер алу сияқты әдістері толыққанды пайдаланылды. Дегенмен, Жоба идеясына сай екі мәселеге ерекше назар аударылды. Олар төмендегідей.



Біріншіден, мемлекеттік емес ұйымдардың дамуы мен оның мүмкіндіктері. Онсыз азаматтардың өзінің әлеуметтік жауаптылығы, халықтың қоғамдық және әлеуметтік мәнді мәселеге өзінің белсене араласуы, жоғары деңгейдегі әлеуметтік-саяси сауаттылығы мен мәдениеті, әлеумет тарапынан билік пен бизнестің қызыметінің әлеуметтік бағдарлануына бақылау жасауы туралы сөз ету қиын. Әсіресе жақын болашақта өңірлерде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізу мәселесі қарастырылып талқылануы жағдайында.

Екіншіден, «үштіктің», яғни, билік, іскерлік (бизнес) пен мемлекеттік емес ұйымдардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-білімдік мәселелерді шешудегі өзарабайланысы мен бірлігі, олардың басын біріктіруге тиісті мүдделер мен тетіктер. Мүдде түйіспеген жерден бірлік іздеу қиын. Әлеумет мүддесі қаншалықты жеке меншіктер мүддесімен үйлескен және мемлекет саясатын жер-жерде іске асырушы биліктің өзінің үштіктің арабайланысын дамытудағы ұстанымдары қандай екен және осы мақсатта мемлекеттік емес ұйымдарды өзінің талпыныстары қандай екндігі.

Барлық кездесулер мен талқылаулар барысындағы әңгіме өзегінде осы екі әлеуметтік құбылыс жатты. Ауыл экономикасының өзекті саласы және субъектісі ретінде шаруа қожалықтарымен, осы салада еңбек етуші мамандармен көбірек кездесіп сұхбаттастық. Әртүрлі түсініктер мен танымдар, пікірлер мен пайымдаулар, ұсыныстар мен тұжырымдар, болжамдар мен бағдарлар. Зерттелуші әлеуметтік ортамен кездесу, пікірлесу барысы біздің өмірлік құбылысарды әлеуметтік сезінуімізді тереңдете түсті, әсіресе істете қолдан келетін, алайда істеле қоймаған әлеуметтік экономикалық тіршілік қырлары бізге терең ой салды. Әлеуметтік сезіну ішкі дүниемізге дүбірлі қозғау салып, санамызды ширықтырып, тезірек қолға қалам алып, мазаны алған сұрақтар мен олардың төңірегінде топтасқан пайымдауларды қағаз бетіне түсіруге асықтырды.



Арада бірер жыл өткенімен сол алыс ауылдың әлеуметтік және экономикалық келбеті өзгере қойған жоқ, біз түйсінген проблемалық мәселелер әліде негізінен сол қалпын сақтап келеді. Елдегі инновациялық индустрияландыру жұмыстары әліде алыс ауыл өндірісін айналып өтуін өзгерте қоймаған. Біз қозғаған әлеуметтік мәселелер өзінің өткірлігін сақтап қалуда. Сөз қандай өмірлік мәселелер туралы болып отыр және алыс ауыл әлеуметінің билік жүйесінің алдына тартар сұрақтары қандай? Олар төмендегідей.

  1. Алыс ауыл кәсіпкерлері мен басқа да мал өнімдерімен байланысты

өнім өндірушілер ғылымның озық үлгілеріне негізделген шикізатты өңдейтін шағын және орта технологияларға және шаруа қожалықтары өнімдерін ұқсатып өткізуге мүмкіндік беретін аралық экономикалық құрылымдар қызметіне сусап отыр. Оның үстіне, елдегі және шет елдердегі осы саладағы ғылыми және практикалық істер жөнінде ауыл халқының ақпараттануы төмен. Өзі білмейді, басқа жақтан озық тәжірибе іздемейді. Ауыл адамдарының басым көпшілігінің ақпараттық «аштығының» байқалып және әліде сақталып тұр. Мәселені шешудің шаралары қаншалықты ойластырылған?

  1. Ауыл шаруашылығы өнімдерін (сүт, ет, қымыз, қымыран (шұбат), сүйек,

жүн, тері, тб) жинақтау, ұқсату, өңдеп бәсекеге қаблетті тауарға айналдыру мемлекеттік стратегияның маңызды құрамды бөлігі екендігі, ауыл шаруашылығына байланысты ғылымыми жүйеге түбірлі реформалар жасалып жатқаны бізге белгілі. Алайда ғалымдар мен инженерлер, барды ұқсата алатын өнерлі және іскер орта ауыл өнімі мен ресурстарын сапалы тауарға айландырып, халық байлығының тиімді көзіне айналдыруға неге асықпайды? Өңдеуші озық технология жасап, пайдалануға ұсынуға қабілеті техникалық университеттер ғалымдары мен конструкторлық, технологиялық орталықтар бұл мәселеге неге бет неге соншалықты баяу?

  1. Мал басының санының елеулі артуына қарамастан, озық технологияны

енгізуге, оны шеттен сатып алуға, немесе ғылыми орталыққа тапсырыс беруге шаруа қожалықтары мен фермерлердің әліде қаржылық қуаты жеткіліксіз. Осындай жағдайда олардың ағымдағы тұтынысынан артылатын өнімдерін жинап, алғашқы өңдеуден өткізіп, одан әрі сұранысты тауарға айналдыруға, сөйте отырып, өзі де табысқа кенелуге тиісті отандық инвесторлар бұрынғысынша баяулық танытуда. Аяғынан тұрған отандық іскерлердің отаншылдығы мен әлеуметтік жауаптылығын шын мәнінде дәлелдейтін маңызды сала ауылдың дамуын көтеру емес пе? Ел іскерлерінің ұйымдық орталығы ретінде «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы назарына неге бұл мәселеге әлі өз мәнінде ілінбей келеді?

  1. Мемлекеттік емес ұйымдардың өзіндік бір ерекшелігі сонда, олар

жергілікті билікке тәуелсіз және мемлекеттік тапсырыс пен әртүрлі грант, тендерлерге төте жолмен қатынасып, өз идеясы мен жобасын мемлекеттік және мемлекеттік емес қаржылық қолдау арқылы іске асыра алады. Алайда алыс ауыл адамдары ондай мүмкіндіктерден дерлік хабарсыз болып қала беруде және бұл ауылдық аймақтарда мемлекеттік емес ұйымдардың дамуын тежеп отырған фактордың бірі болып шықты. Электронды үкіметті пайдалану мүмкіндігі де әр отбасының интернетке шығу мүмкіндігі мен қаблеттілігіне байланысты. Солай болғанымен жергілікті әкімшіліктер бұл мәселені технологиялық және ұйымдық тұрғыда шешуге мүдделілігі неге әлі төмен болып қала беруде?

  1. Үкіметтік емес ұйымдардың қазақстандық қоғамда жаман дамымағаны

белгелі. Негізінен азаматтық қоғам ұйымдары қалаларда жақсы дамыған. Алайда халықтың 47 пайызы қоныстанып отырған ауылдық елді мекендерде үкіметтік емес ұйымдар, экономикалық еңбектің ғылым мен технология жетістіктері жағынан қаладан көп артта қалып келе жатқан тіршілік етудің тиімді әдістері мен инновациялық өндіріске қатынасы , кең байтак территориялық-географиялық кеңістікті қоныс еткен әлеумет ортасы неге әлі күнге азаматтық қоғам институттары мен оның алдыңғы топтарының назарынан тысқары қалып қойған?

  1. Қаладағы сияқты ауылда да жекешелендірудің игілігін сол уақыттағы

көзі қырағы, билік пен өндіріс маңында болған, нарық процесінің қыр-сырын басқаларға қарағанда тезірек сезінгендердің көріп отырғаны байқалады. Алайда олардың да басымы шаруашылықты жүргізудің дәстүрлі әдістерінен аса алмапты. Олардың жанында нарық пен өндірістік қатынастардың жаңа, заманауи әдістерін меңгерген жастар жоқтың қасы. Білгір жас мамандарсыз шаруа болашағының тар екенін бұл азаматтар түсіне де бастаған сияқты. Білгір жас мамандарды жұмысқа шақыру, олаға лайықты жалақы төлеу ісі де өз түсінігін табуға тиісті мәселе болып көрінді. Ондай кадрлар қайда, ауылдың жаңа тынысы, жаңаша өндірісі үшін оларды кімдер және қалай даярлауда және бар болса олар неге өзінің орнын таба алмауда?

  1. Елең еткізген шындықтың бірі- ауылдың экономикалық-әлеуметтік және

мәдени-білімдік өміріндегі жастардың үлесінің жеткіліксіздігі. Соның бір себебін сұхбатқа тартылған ауыл жастары кредит алудың алғашарттарының қиындығымен, ауылды жерде жастар саясатының іске асырылуының салғырттығымен, білімді жастардың ауылға тұрақтамауымен түсіндірді. Қабілетті және білімді жастарды ауыл шаруашылығын өндіру мен өңдеу саласына тартудың жолдары қандай?

  1. Жас мамандар туралы сөз бола қалған жағдайда ауыл адамдары аузына

түсетіні тек мұғалім мен дәрігер. Оның өзінің біліктілігі мен саны сәйкес келе бермейді. Ал қазақстандық қоғамның, соның ішінде ауылының да инндустриялық-инновациялық дамуы үшін озық технологияны әр отбасы мен шаруа қожалықтары игілігіне асыра алатын білікті инженерлер, инженер-конструктор керек.

Елдің түпкілікті мүдделері кейбір батыс елдеріндегідей халықтың 80-90 пайызының қалаға шоғырлануын көтермейді. Қаладан, тіпті ауылдық орталықтардан шеткері, бірақ табиғаты қолайлы мекендерді халықтың тастап кетуі мемлекет болашағы үшін қолайсыз. Ондай елді мекендерде халық тіршілігін жалғастырады егер оның қолында шикізатын қала өндірісінен кем емес әдіспен өңдеуге мүмкіндік беретін шағын технологиясы боса. Кең байтақ территорияны игеріп және қоныстанып отыру үшін сүт, ет сияқты өнімді өңдеуші шағын технология жекелеген отбасының тиімді жабдығына айналуы қажеттілік. Шығармашылық ойы дамыған инженерсіз ауылдың өндірісі де дамымай, өндірілген өнім тек шикі зат болып қала береді. Төккен тері ақталмаған орында отырудың да мәні болмайды. Тіпті Катон-Қарағай, Мақакөл сияқты әлемді сұлу табиғатымен таңдандырар елді мекендерді де ауыл адамдарының тастап кетіп, қала төңірегін жағалап жүруінің де түпкі себебі осында. Ауыл бай шикізаттың үстінде, ауқаттылық ресурстарын ұстап отырғанымен, материалдық және технологиялық кедейшіліктен, басқалардың «жемі» болудан құтыла алмауда. Инженерлік ойлаудың ауылға кең таралуына не бөгет?



  1. Ақпарат, ақпарат! Ақпарттық және индустриялық-инновациялық даму.

Озық ойлы ақпарат алда жүрмейінше инновациялық дамуға негіз де, өріс те жоқ. Көптеген дамудағы тежелістарді осы тұстан іздеуге тура келеді. Мобильді байланыс, компьютер алыс ауылға жетіпті. Алайда интернет, электронды почта арқылы электрондық үкімет арқылы байланыс, қажетті сайттар арқылы толыққанды және жан-жақты ақпарат алу ауыл интеллигенциясы және көпшілік үшін әлі мүмкіндік емес. Телефон-интернет жүйесімен барлық елді мекендер отбасыларын қамту өзекті мәселе. Ақпараттық теңсіздік жағдайында ауыл қаншама уақыт қала бермек?

  1. Жастар, жас отбасылары ғана емес, тіпті ауыл әкімдері мен

интеллигенциясы, шаруашылық иелерінің өзі кредит алу мүмкіншілігінің ауыл тұрғындары үшін қиын шаруа екенін атап айтуы жиі қайталанды. Облыс орталығына даярлап апарған жобалар міндетті түрде жарамсыз болып шығады, орталықта қайта жасалады, әрине, ақысын төлеу арқылы. Ақыры қалаға әрлі–бері шақпылау екі түрлі жағдаймен аяқталады: бірі - кредит алғаныңмен оның жартысы шақпылау барысында жұмсалып кетіп, одан күткен нәтижеге қол жетпей қалады. Екіншісі – қаншама күш-қуат жұмсап, жолыңа қыруар қаржы шығындағаныңмен, бәрібір, сенің қолыңа үкімет нұсқап отырған кредит тимейді. Сонда, ауылдың шағын және орта бизнесін қолдауға бағытталған мекемелер қаланың төңірегімен шектелмей, қалың ауыл әлеуметінің жағдайын ойлауға, құжат даярлау жолын кең насихаттап және кредит мәселесін дұрыс шешуге қашан үйренеді?

Бір қарағанда өз тіршілігі өзінде, бейбіт өмірге оранып, жайбарақат жатқан ауылға қарап, «осыларға технологиялық жаңалықтар мен нарықтық қатынас әлегі керек пе?» деп ойлауға болады. Алайда үй шаруасындағы, іс басындағы адамдармен әңгімелесу, пікірлесу барысында ой-пікіріңді мүлдем өзгеріп, түйткілді мәселелер зерттеушінің де мазасын ала бастайды.

Қонақжай ауыл әйелдері алдыңа үлбіретіп қайнатқан ірімшігін, маңдай теріңді бір тістемде ақ бұрқ еткізген құртын қойғанда, «қашанғы қазақ әйелі күні бойы қазан қайнатып, отқа күйгеннен арылар екен», «ауыл шаруашылығы ғылыми орталықтары мен инженер ғалымдар (голланд фермерінің өз отбасында-ақ әлемге әйгілі сыр-тоспасын өндіре алатыны сияқты) қазақстандық шаруа қожалығы қолына қашан шағын технологияны ұстатып үйретер екен» деп бір сәт армандап аласың. Ал шаруашылық басындағы адамдардың «жүн шәшіліп жатыр, тіпті онымен мал қорасының төбе жабатын болдық», «сүт қабылдайтын жер жоқ, жүздеген сиырларды бұзуын емезіп қоя беруге мәжбүрміз», «мал басын алыстан келіп сатып алушыға арзанға беруге тура келетіндіктен, күткен пайданы көре алмаймыз», «теріні алатын мекеме болмағандықтан оны лақтырып тастаймыз» сияқты жүрекжарды пікірлерін естігенде не айтарға білмей, бәріне өзің кінәлі адамдай біршама тосылып та қаласың. Оларға өз тарапымыздан «Сіздер жеке меншік иесісіздер, неге бірлесіп бір ортақ қаржы қорын құру немесе ортақ мүддеге сай аралық жинаушы, өңдеуші, өткізуші жүйе жасап алмайсыздар?» деп қарсы сұрақ қоямыз. Олар да біраз тосылып қалып, «біздер жеке шаруа қожалықтары иелері болғанымызбен өңдеуші технология сатып алуға біздің ортақ қаржымыз да жетпес еді, біздің өндіргенімізді ұқсататын жүйе жасап беретін ірі қаржы иелері табылса ғой» деп жауап береді.

Біздің байқауымызша, инвестициялық қауқары өсе бастаған қаланың бірен-саран азаматтары алыс ауылға қаржы сала бастаған. Жатымдысы - олардың өздері де ауылдан өсіп шығып көтерілгендер, сол себепті ауылдың тыныс тіршілігін және ауыл адамдарының жан-дүниесін түсіне алатындар. Алайда олар әлі бірен-саран әрі аралық өндірістік инфрақұрылымды дамытуға әлі кірісе қоймағандар. Кейбір шаруа қожалықтарының «алпауыттар жерімізге ауыз салмас па екен, өктемдігін өткізбес пе екен?» деп, сезікті күй-жайларын да байқатып қалды. Біздің түсінігімізде, инвестициялық қабілетімен озық идея мен технологияларды, қолайлы аралық қызмет жүйесін жеткізіп, әлеумет игілігіне айналдыратын отандық қаблетті және әлеуметтік жауапты азаматтардың ауыл шаруашылығына келуі әбден пісіп жетіліп, күн тәртібіне енген мәселе. Ондай азаматттар өзінің әлеуметтік бағдарланған жобаларын іске асыру үшін ғылымды да, қажетті кадрларды да, озық және тиімді технологияларды да ала келер еді. Мұндай интеллектуалдық-қаржылық-әлеуметтік қозғалыс ауылды алыс және жақын елдер инвесторларына біржақты тәуелділіктен аман сақтап қалар еді.

Шаруа қожалықтарының ірілендірілген шаруашылыққа бірігуі немесе күш, қаржы біріктірудің жоғарыда қозғалған түрлері бірқатар әлеуметтік және экономикалық мәселені шешуге жатымды ықпал етері күмән тудырмайды. Алайда енді екінші жаққа біріжола «құлай салуға» болмас. Кезінде ұжымдық шаруашылықтарды жаппай таратуға қалай күш салынса, солайша біріктіруге күш салу орынды деп айту қиын. Әсіресе жер ыңғайына қарай бытырай және ел шекарасын жаба орналасқан елді мекендер мен шаруа қожалықтары үшін. Шаруа қожалықтары еркін және өзінше экономика жасауға дағдыланып қалған, тек барын ұқсата алмағандықтан қаржылық қоры таяз, инвестициялық мүмкіндігі шектеулі. Бұларға тек аралық қызмет көрсетуші жүйе жетпей тұр. Оны шешудің аса маңызды жолы сөзсіз, елдегі жеңіл және тамақ өнеркәсібін реттеп дамыту. Сонда ауыл шикізатына орталықтанған сұраныс артып, екіжаққа бірдей тиімді аралық жүйелер тезірек өмірге келген болар еді.

Байқалып тұрған құбылыстың бірі - басқаны қойып, ауыл бизнес құрылымының өзінің агрохолдинг, агрофинанс сияқты аграрлық сектормен арнайы шұғылданатын жүйелердің берер мүмкіндіктерінен хабарларының аздығы. Бұл тұста өзгені кіналау да қиын. Адамдардың тіпті теледидар, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары беттеріндегі қажетті материалдармен жүйелі түрде танысып отырмайтындығын байқалады. Ауылдарда халықты ақпараттандырушы орталықтар жасап, оның жұмысын қаблетті адамдардың қолына тапсырудың өзекті мәселе екені көрініп тұр. Сондай орталық үлгісі болуға аудандық кітапхана жағдайы келіп тұр. Кітапхана жаңа ақпарат жабдықтарымен, интернет байланыстармен қамтылған. Алайда, жаңа технологиялар, шаруашылықты жүргізудің озық үлгілері, ауыл бизнесі туралы әдебиеттер шектеулі. Ауыл қамын ойлайтын ғалымдар керек материалдарды жазып немесе электрондық пайдалы құрал етіп бере алмай жатыр ма, әлде қашықтан оқытып-үйрету, виртуалды байланысқа, бәріне ортақ порталдарды жабдықтауға ғылыми орта әліде әлсіз бе? Жаңаша жабдықталған кітахана барлық елді мекендер мен сол төңіректегі шаруа қожалықтары, мемлекеттік емес ұйымдар, басшылар үшін білімдену, білімін көтеру орны бола алар еді. Осындай тілек айтқан, айталық, Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданының «Қызыл-Кесік ауылдық округіне қарасты «Үштөбе» шағын ауылы іскерлері мен мұғалімдерінің талабы орынды. Мемлекеттік емес ұйымдардың қажеттілігі және бизнес құрылымның озық технологияға тартылысы туралы біз әңгіме көтергенімізде, олар бірден ақпараттандыру, компьютерлі отбасыларының телефоны болмағандықтан интернетке шыға алмай отырғанын біздің алдымызға тартты. Мал басы мол болғандықтан халқы негізінен ауқатты, бұрынғы пешпен жылытып келген ескісінің орнына 180 орындық екі қабатты тамаша жаңа мектеп жақын күндері пайдалануға берілген, медициналық орталығы мен шағын мәдениет үйі бар, береке –бірлігін көз қарашығындай сақтап отырған, Өкпеті тауы бөктеріндегі табиғаты қолайлы орынды қоныс еткен тұрғындардың ой-өрісі негізінен сергек.

Қалай болғанда да ауыл халқын ақпарттық жабдықтау, ғылыми жаңалықтармен кеңінен қамту және мамандандыру арқылы әлеуметтендіру, әлеуметтік сана мен белсенділікті көтеру, барды ұқсатуға жұмылдыру - күн тәртібіндегі қоғамдық мәселенің бірі екеніне көзіміз жете түсті. Әлеумет мүддесін бірлесе шешудегі мемлекеттік билік, бизнес пен мемлекеттік емес ұйымдар арақатынасын дамыту проблемасы да баршылық.

Жоғарыда қойылған сұрақтар әлеуметтанулық зерттеу нәтижесіне ең алдымен билік пен бизнес жүйесі және ғылыми орталықтар мен ғалымдар алдына алыс ауыл шындығын тартылған сұрақтар.


.

  1. Қалдыбаева Тыныштық. Іскерліктің әлеуметтік мәдениеті: Әлеуметтік аудит: отандық іскерліктің әлеуметтік мәдениеті – қоғамдық сана мәселесі. Үкіметтік емес ұйымдардың қатынасуымен жасалған әлеуметтанушылық талдау Өскемен: Либриус, 2010. - 188 б.

  2. Калдыбаева Т.Ж. Социальный аудит социально-экономических и культурно-образовательных программ с участием НПО.- ВКГТУ.-Усть-Каменогрск, 2009. - 48 с. Научное издание.

  3. Социальный аудит: технологии, стандарты, основные понятия.-Академия труда и социальных отношений. - Башкирский институт социальных технологии. - М., 2007.

  4. Концепция российской модели социального аудита // Труд и социальное отношение.- 2007 №1.




Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Беткі сулардың сапасын талдау: НҰра өзені алабының мысалында
publications -> Этносаралық Үйлесімділік жүйесіндегі саяси-мәдени механизмдердің орны әлеуметтік ғылым магистрі, аға оқытушы Сыздықова С. М
publications -> Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі Темірбай Мұқашев
publications -> Спортшылардың интеллектуалдық ой өрісі және оның спорттық Қызметтегі маңыздылығы абусейтов Бекахмет Зайнидинович
publications -> Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттары түйін Мақалада ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа жолы «Агробизнес 2020»
publications -> Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік: құқықтық реттеу
publications -> 1 қаңтар 2012, 12: 09 Бұл дағдарысты әлем экономикасының уақытша тежелуі деп түсіну қажет 49
publications -> Қазақстандағы корей тілін оқытуда интерактивті құралдарды қолдану әдісі
publications -> Әож 378-1а оқУ Үрдісінде мультимедиялық ҚҰрылғыларды қолданудың Қажеттілігі
publications -> Үндістан-Бангладеш қарым-қатынастарының кейбір астарлары


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет