Алматы №148 мектеп-гимназиясы



жүктеу 174.53 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі174.53 Kb.


«Біз бақытты баламыз!»


Алматы

148 мектеп-гимназиясы







Оркестр «Тепеңкөк» халық күйі

(Фанфар беріледі)

Сахнаға екі жүргізуші шығады

Ислам:

  • Ассалаумағалейкум, өнер десе ішкен асын жерге қоятын

арда қазақ!

Альмира:

  • Армысыздар, өнер сүйер қауым!

Ислам:

  • «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, мектебімізде тал бойына өнер тұнған жас өнерпаздарымыз қаншама, ендеше аталған жас балғындарымыздың қатысуымен, өнерлі ұстаздарымыздың атсалысуымен эстетика кафедрасының есеп беру қорытындысы ретінде ұйымдастырып отырылған «Біз бақытты баламыз!» атты шығармашылық кешке қош келдіңіздер!




Альмира:

  • Сіздердің алдарыңызда жаңа ғана өнер көрсеткен мектебіміздің домбырашылар оркестрі орындаған халық күйі – «Тепеңкөк». Жетекшісі –Қойлышов Серікқұл!



Ислам:

–Мен бақытты баламын

Жаңа бір әнге саламын.

Болашаққа қол созып,

Қыран құстай шаламын



Альмира:

–Мен бақытты баламын,

Асқар таудай талабым.

Өмірімнің сәулесін

Өнерден келіп табамын.



Альмира:

– Бал-бұл жанған балалық шақ.Өмірдің алғашқы табалдырығы.Қамсыз, күнәсіз, кінәсіз өткен күндер тізбегі.Өмір деген әлемнің құпияға толы кезеңі.

Ислам:


–Менің ойымша, Альмира, балалар армандауды ұнататын сияқты. Олар бақытты балалық шақтың бал өмірін кешу үшін жаралғандай . Бұл туралы сен не ойлайсың?

Альмира


–Дұрыс айтасың, Ислам, балалық шақ тәтті емес пе?!, «Мені кішкентай кезімде ,айналыным ,сен тәттісің , сенің тілің,сөзің , қылығың тәтті» деген ата-анамның талай сөздерін естіп, құлақ құрышын қандырғанмын.Қазір үйдегі інілерімді бақылап отырсам, расында солай екен. Олар кейде үлкен адамнан асып түсіп, күлкілі дүниелер айтып жатады, не айтса да жарасымды, қылықтары тәтті, қуаныш сыйлайды.


Ислам:

–Иә, әлбетте солай. Маған да ондай сөздер айтылған.Бәрі есімде!

Альмира

–Олай болса, бір әнге кезек берудің реті келіп тұрған сияқты,Ислам!

Ислам:

–Берсек, берейік.

Альмира

–Ендеше, өзінің жанымен де, сәнімен де, әнімен де тәтті. (Тәтті болғанда тәттілердің тәттісі... )

Ислам:

Рүстемова Назеркені «Тәтті» әнімен ортаға шақырамыз! Қарсы алыңыздар!


Альмира

–Туған елім,

Көрсеттің құрметіңді,

Өтей алар ма екенмін міндетімді?

Көңілімде көк байрақ желбіреуде,

Қыран болып сүйсем бе күн бетіңді?!
(С. Қамшыгер)


Ислам:

– Туған елім,

мәңгілік берік шынар,

Туған халқым өзіңе серік,сыңар.

Топырағың болсам, ел,арманым жоқ,

Өзегінен тіршілік өніп шығар…

(С. Қамшыгер)



Альмира

Құрманбаева Алиманың орындауында «Сәлем саған ,туған ел!»


Альмира

–Көресің осы балалар көгертеді,

Жастарменен гүлденер ел ертеңі.

Елімізде бірлік пен тірлік болып

Күніміз күнге ұласын берекелі.



Мөлдірің қоздырады делебені,

Әуелетіп өзінің әніменен

Болсыншы деп әр жылдар мерекелі.


Ислам:

–Ортада– Ерғали Мөлдір, «Мерекелі жыл» әнімен.



Альмира

«Шолпан жұлдыздары» би тобының орындауында «Джадо» жаңа үлгіде қазақ биін қабыл алыңыздар!

Ислам:


–Домбыра, сенде мін бар ма?

Мінсіз болсаң, тіл бар ма?

Тіл жоқ деуге бола ма,


Альмира

–Тілден анық үн барда?

Домбыраның күші мол

Көмейінде күй барда!

(І. Жансүгіров)


Ислам:


–Ортада – Домбырашылар ансамблі. Орындалатын күй – «Балбырауын» . Қабыл алыңыздар!

Ислам:



–Халқымның өлеңдерін сағынамын,

Өнерпаздың бойынан ағыл, ағын!

Көңілді тербетуге Әсет келер,

Асқақтап, арындатып халық әнін!

Ал, Әсетжан, өнерде тағыңа мін

Иелік ет осы жерде бес минутқа

Тізгінін тапсырамыз сахнаның.


Альмира

– Ендеше, Мұстафа Әсеттің орындауында халық әні – «Ой жайлау». Қабыл алыңыздар!


Альмира

– «Қыз» – ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді.Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді.

Ислам:


–Әлем таныған Шыңғыс Айтматов бір сөзінде: «Біздің қазақ пен қырғызда қыздарды ерекше ардақ тұтатын бір салт бар. Өмірдің ащы-тұщысын көріп, ысыла берсін, тұяғы тасқа салса кетілер, суға салса жетілер деген оймен ұлын жел өтінде ұстаса, ал қызын аз күндік қонағым, алтынның сынығы, шұғаның қиығы деп үлпілдетіп өсірген»дейді.

Альмира

Ислам:



–Бұдан бөлек Қыздарымыздың асыл қасиеті, жан-дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандығын, дәулетке, байлыққа, жиһазға қызықпағандығын жыр-дастандардан білеміз.

–Ендеше, бұл орайда,Алмира, Елданаға қазақтың қызы болғандығын мақтанышпен айтудың да реті келіп тұрған сияқты.



Альмира


–Иә,олай болса, «Мен қазақтың қызымын» әнімен Сардарбекова Елдананы қарсы алыңыздар!

Ислам:



«Шолпан жұлдыздары» би тобының орындауында «Вальс биі» Сіздерге тарту етеміз!


Альмира


–Ел халқына шат-шадыман күлкі мен тыныш өмір сыйлауда әскеріміздің атқарып жатқан қызметтері ұшан-теңіз. Әскеріміздің айбынын асқақтатып жүрген сардарлар мен сарбаздарымыз қандай да болсын мақтау мен мадақтауға, құрметке лайықты.


Ислам:



– Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін деген тілекпен Сіздердің алдарыңызға «Сарбаз» әнімен Жандарбекұлы Арнамысты шақырамыз.

Ислам:



–Кешегі кескілескен қан майданда сұрқай сұрапыл соғыста жүрегі Отаным деп соққан әр азамат барынша күресе білді. Олар өз Отанына деген адал антын орындап, болашақтың, бақыттың бұлыңыр тартып көзден бұл-бұл ұшпауын тіледі.

Альмира


–Қарсы шықты.Ерлік көрсетті.  Жеңіске  жету  жолында  олардың  асқан  ерлігі  мен  әскери  жанқиярлығы  Отан  соғысы  тарихындағы  жарқын  беттерге  айналды.  Олай болса,  кезекті соғыс әндерінен құралған попуриге береміз. Қарсы алыңыздар!



Альмира

- О, ата - анам,таянышым, тірегім!

Бар бақытты бір басыңа тіледім.

Бізді жақсы болса екен деп қашанда,

Лүпілдейді сенің қамқор жүрегің.




Ислам

–Алдымен сүй, ардақта ата - анаңды,
Үлгілі ұрпақ атадан бата алады.
Бар жақсылық балаға бұл ғаламда,
Мейірімінен ананың жасалады.

Олай болса, Мейірім Милананың орындауында «Әке-шеше» әні!



Альмира

–Теміргалиева Гаухардың орындауында «Ақ желең» күйі! Қабыл алыңыздар!

Ислам:


Сіздердің алдарыңызда «Шолпан жұлдыздары» тобының орындауында Рок-н-ролл, қабыл алыңыздар!


Ислам:


–Сен білесің бе, Альмира, әлемде талай қызықтар бар? Мен соларға қатты қызығамын. Шынымды айтсам, алдында оқығанда таңданысымды жасыра алмадым.


Альмира


–Қандай?


Ислам:

–Мысалға :
«Роденаның ойға шомуы» – даңқты итальяндық Дантенің портреті.

Шекспир пен Сервантес бір күнде қаза тапқан — 1616 жылдың сәуірінде.
Сара Бернар 13 жасар Джyльеттаны 70 жасында сомдаған.
Уолт Дисней бала кезінде бір жапалақтың әбден сілікпесін шығарып, содан бері жануарларды мyльтиктерде тірілтумен әуреленіп келеді екен.



Леонардо да Винчидің ойлап тапқан оятқышы аяқты қытықтайды екен.

Альмира

–Қызық екен! Мен білмейтін нәрселер көп екен!?


Ислам

–Ал сен неге мұны білмейсің? Мұны сенің алдыңғы аптада білуің қажет еді ғой!


Альмира


–Қалайша?


Ислам

–Бұл мақала мамыр айының өткен аптасындағы «Ұлан » газетіне шыққан.

Альмира

–Солай ма? Газет оқымаған көп нәрседен құрғалады деген осы екен .

Ислам

–Иә, сен жеңілдің ,Альмира, сенен бір кола!


Альмира

–Сен қызықсың,Ислам,біз екеуміз бәстескен жоқпыз ғой!


Ислам

–Айттым, бітті. Алып бересің!Коланы.

Альмира

–Коланы қайтесің қымыз ішші одан да.

Ислам

–Алып бересің дедім саған!


Альмира

–Жоқ. Ол сусыныңды алып бере алмаймын.Атай көрме!


Ислам

–Неге?


Альмира

–Жақсы жарайды. Басқа тәтті суын ішсең алып берейін тек кока-кола емес.


Ислам

–Неге ? Жауабыңды айтсаңшы адамды шаршатпай!


Альмира

–Себебі, кола жас балалар үшін қауіпті тіпті үлкендер үшін де.Неге екенін білесің бе?


Ислам

–Неге?


Альмира

Ислам

–Кока-коланы іше бастағанда алғашқы 10 минутта ағзаға 10 шай қасықтың мөлшеріндей қант құйылады. Осыншама тәттіден адамның жүрегі айнуы керек қой? Бірақ олай болмайды.

–Неге?


Себебі, коланың құрамындағы фосфор қышқылы тәттінің дәмін басып, білдірмей жібереді.
20 минут өткенде қандағы қант мөлшері көбейетіндіктен инсулин бөлінеді. Бұған жауап ретінде бауыр қантты майға айналдыра бастайды. 
Мұндайда адам бей-жай күйге түседі немесе сіркесі су көтермейтін болады.
Міне, бір ғана коланың зияны қандай екенін осыдан-ақ көре бер. Ал егер коланы күн сайын ішсе қалай болады.


Ислам

–Естімеген елде көп?! Сақтану керек екен онда.


Альмира

–Ал саған сұрақ,Ислам, неге мұны білмейсің?


Ислам

–Туу, бір-бірімізге елдің көзінше неге ананы, неге мына білмейсің деп бетімізге баса бергеніміз ұят болар.

Ол сөзіміз әнге айналып кетер.




Альмира

–Ол ендігі әнге айналып кетті .


Ислам

–Ендеше, Айтжан Назеркенің орындауында «Неге мұны білмейсің?!» Қабыл алыңыздар.


Альмира

–Тыңдағанған көңілдегі толғамымды,
Шыңдаған тәрбием мен талғамымды.
Өмірдің маған сыйы деп білемін,
Өзіңдей жанға шәкірт болғанымды.

Ислам

–Табылған балапан ем ұядағы,
Қырандай жетілдірдің қиядағы.
Ұстазға деген ыстық сағынышым,
Бір әнге қалай ғана сия алады.

Айбек Нұрланның «Ұстазым» әнін қабыл алыңыздар!


Альмира

–Қазақтың барлық жан дүниесі өзінің халықтың музыкасынан көрініс тауып жатқандай. Халық әндерінің қай-қайсысын алып қарасаңыз да бір бірін қайталамайтын өзіндік ерекшелігімен құлақ құрышын қандырады.


Ислам

–Ұлттық рухты бойына бала жасынан сіңіріп, халық әуеніне сусындап өскен әрбір жастың атадан балаға бұл әуендерді жеткізуі – табиғи заңдылық!

Альмира

–Ендеше, сондай бір әннің бірі Мейірім Милананың орындауында халық әні «Бипыл». Қарсы алыңыздар!

Ислам

–Домбыраның тербететін кезі бар,

Түйсігі бар жанға үні тез ұнар.

Домбыраның тілі нәзік білгенге

Домбыраның айтар ойы сөзі бар.




Альмира

–Неткен дыбыс сиқырлы да киелі,

Шымырлатар тербетер жан жүйені.

Қазақ елі қандай ел деп сұраса

Деген дұрыс Қазақ елі күй елі.




Ислам

«Домбырашылар» оркестрінің орындауында алдарыңызда – «Ерке сылқым» күйі!








Ислам

–Альмира,мен соңғы кезде шабытым ашылып өлең жазып кеттім.


Альмира

–Шынымен бе? Бұл қуанарлық жайт екен. Ендеше қадамыңа гүл бітсін, қаламың қуатты болсын.


Ислам

–Сен тілекті әзірше қоя тұр. Асықпай тыңда. Сосын бағасын бір-ақ бересің жарай ма? Профессорлар мен кандидаттар сияқты.


Альмира

–Жарайды, құлағым сенде?!.


Ислам

–Міне , қара.

Жүгіріп шықтым тауларға,

Таулар толы аңдарға.

Мен аңдарды қайтемін.

Қорамда толған мал барда-ей!


Альмира

–Мына өлеңді өзің шығардың ба,Ислам?


Ислам

–Иә! Қалай?


Альмира

–Өлеңіңнің ұйқасы келісті болғанмен мұнда біршама логикалық қателіктер бар.


Ислам

–Қалайша?


Альмира

–Біріншіден, сен тауда не ғып жүрсің?

Екіншіден, тау адам жүгіріп шыға салатын белес, дөңес жер емес қой.




Ислам

–Жоқ...неге, мен жүгіріп шыға аламын. Басқалар шыға алмаса да!


Альмира

–Сен жүгіріп тауға шығатын Қобыланды мен Алпамыс

не болмаса, Халк не еді әлгі, Темір адам емессің ғой! Ал мына өлеңің – плагиат!




Ислам

–Ол не тағы?


Альмира

–Көшірме! Ол бір өлеңді есіме салып тұр. Оны көрермендер анықтасын ендеше,

Ислам

–Сонымен ортада «Белеске» әнімен Айтжан Аружан. Қарсы алыңыздар!



Альмира

–Өлең-жырдың әлемін ашқаныңда,

Мұхтар аға тұрады бас жағында.

Үркерленіп барады, үлкенденіп,

Ақын аға туған ел аспанында.

Алдарыңызда заңғарлы тау тұлға Мұхтар Шахановтың «Достық өлкесінің заңы » атты шығармасы.


Альмира

–Сахналайтындар – 4 -сынып оқушылары!

Ислам

  • Әр ақын өз туған жерін өзінше толғайды, өзінше жырлайды. Себебі, әр өлең – ақынның жүрек дүрсілінің айшықты толғағы. Қазақтың маңдайына симай ерте кеткен Мағжан ақын:




Альмира


–Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,                                                             
Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер. 
Жастық - алтын, қайтып келмес күнімде 
Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер

Ислам


–Жаратылдым топырағыңнан, сен - түбім.                                            
Жалғаны жоқ, бәрі сенен жан-тәнім. 
Сенен басқа жерде маған қараңғы, 
Жарық болар Шолпан, Айым, сен – Күнім,–

дейді.



Альмира

–Олай болса, Айтынбекова Гауһардың орындауындағы «Туған жер» әні сіздерді толғандыра ала ма екен? Тыңдап көрелік!

Ислам

–Кетсек те шалғайға жырақтап.

Болсыншы әрқашан жолдарың,

Сендерге деген бір құрметпен

Тыңдаңдар Жанелдің бір әнін!



Альмира

–Сіздердің алдарыңызда Жанат Жанель «Достар» әнімен!


Ислам

«Шолпан жұлдыздары» би тобының орындауында «Тойға шашу» биі қарсы алыңыздар!


Альмира

–Күні бүгінге дейін қазақтың басынан қандай қиын кезеңдер өтпеді десеңізші! Олардың кейбірі тарихта таңбаланып бізге жетсе, кейбірі елеусіз қалып ескерілмей жатты.


Ислам

–Тағдырдың түрлі елегінен өтіп, осы уақытқа дейін тамырына балта шабылмай, екі асыл мұрамыз өлмей келеді. Оның бірі — бойымызға ана сүтімен дарыған құдіретті тіліміз болса, екіншісі, халықтың асыл қазынасы – халық әндері.

Альмира

– Өзге жұрттан ерекшелейтін ұлттық сазы қазақтың қандай дарқан көңілді халық екенін аңғартып тұрғандай. Ендеше, Ералы Мирастың орындауындағы халық әні «Ақ сисаға» құлақ түрелік!

Ислам

–Тосып ем тәтті сөзге құлағымды,

Шығарды сағынышты құрақ үнді.

Іңкәрің орындаса «Әриайдайды»

Тауысады ынтық көңіл шыдамыңды.




Альмира

Ендеше, Нүптеке Іңкәрдің орындауында халық әні «Әриайдай»!


Ислам

– Домбыраны қазақсыз, қазақты домбырасыз елестету мүмкін емес. Қадыр Мырза-Әлі ағамызша айтсақ:

«Екі шектің бірін қатты,

Бірін сәл-пәл кем бұра,

Нағыз қазақ қазақ емес,

Нағыз қазақ – домбыра!

«Әлқиса» күйі. Орындайтын –Ардақұлы Санжар !


Альмира

–Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке-отбасының асыраушысы,отбасы мүшелерінің тірегі,қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы,өзгелермен қарым-қатынасы,өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі,өнеге алатын,оған қарап өсетін нысанасы .

Ислам

–Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі — әке.Ендеше әкелер туралы сыр шертетін Айбек Нұрланның орындауындағы «Әкелер» әніне кезек берейік!Қабыл алыңыздар!



Альмира

–Ол тағы да әсем әнге салып әкеге деген ыстық ықыласты жариялаудан қалмайтын болды.Әрине ол біздің Әсет!Ендеше, Әсеттің орындауында «Әке» әні.


Ислам

–Алдарыңызда «Тек алға» әнімен біздің тәтті аруымыз Жанеркені сахна төріне шақырамыз!

Қарсы алыңыздар!



Альмира

–Сахнада «Шолпан жұлдыздары» би тобының орындауында «Андижанская полька» биі


Ислам

–Қазақстан – туған Отан, алтын бақ,
Ұлы жолға түсті келіп жарқылдап.
Қазақстан – көпті көрген қария,
Қазақстан – мейірім, ана, жер қымбат,



Альмира

–Атады әлі тағы да бір таң күліп,
Жүректерде арман отын жандырып.
Қазақстан бізді туған ұлы Отан,
Жайнай бер сен жайнай бер сен мәңгілік!

Мұстафа Әсеттің орындауындағы «Қазақстан» әнін қабыл алыңыздар!!!

Альмира

–Қазақстаным бөлек ел бүгін.

Тәуелсіздігім – Егемендігім...

Қаншама ұрпақ аңыз ғып айтар,

Есте жүр талай өрен ерлігің.




Ислам

–Ту қылып ұстап еркін теңдігін,

Сезініп мынау дүние кеңдігін.

Казағым, кашанда еркін көсілші

Ардақтар бәрін бүгін келді күн!!! (Ж.Меңдіғалиұлы)



Айтжан Назерке «Қазақстаным алға!»


Ислам

–ҚР Білім беру Ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төс белгісінің иегері, №148 мектеп-гимназиямыздың директоры Алиакбарова Фатима Маметқалиқызына сөз кезегін береміз.

Альмира

–Жас балғындарды өнер әлеміне баулып бағыттап,қанаттандырып, қатардан қалдырмай жүрген мектебіміздің оқушылардан құралған Домбырашылар оркестрдің жетекшісі Қойлышов Серікқұл ағайды,

Ислам

–Би үйірмесінің жетекшісі Шолпан апайды

Альмира

–Және ән үйірмесінің жетекшісі Чыкабаева Дана апайымызды ортаға шақырамыз!

Альмира

Ислам


–Құрметті ұстаздар, қонақтар !

Бүгінгі Ұстаздар мерекесіне арналған «Біз бақытты баламыз!» атты мерекелік жиынымызды жабық деп жариялаймыз.

Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп – көп рақмет!



Жеткеншек Меңдіғалиұлы,

148 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алматы қаласы.






Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет