Қалмұрзаев Қ. С., Қуатбекова А., Байхожаев Қ. Адам анатомиясы мен спорттық морфология негіздері 5В010800 –«Дене шынықтыру және спорт»



жүктеу 1.39 Mb.
бет1/6
Дата11.10.2018
өлшемі1.39 Mb.
  1   2   3   4   5   6


Қалмұрзаев Қ.С., Қуатбекова А., Байхожаев Қ.

АДАМ АНАТОМИЯСЫ МЕН СПОРТТЫҚ МОРФОЛОГИЯ НЕГІЗДЕРІ

5В010800 –«Дене шынықтыру және спорт» мамандығы студенттері үшін

оқу құралы

Шымкент 2017

ӘОЖ 611:796(075.8)

КБЖ 75.0 я7

Қ28


Халықаралық гуманитарлық – техникалық университетінің ғылыми кеңесінде қарастырылған (хаттама №7, «28» ақпан 2017ж.)

Қалмұрзаев Қ.С., Қуатбекова А., Байхожаев Қ.

Қ28 «Адам анатомиясы мен спорттық морфология негіздері» 5В010800 –«Дене шынықтыру және спорт» мамандығы студенттеріне арналған оқу құралы. Шымкент. 2017 ж. – 92 бет.

ISBN 978-9965-03-487-9


Оқу құралы «Адам анатомиясы мен спорттық морфология негіздері» пәнінің оқу жоспары талаптары негізінде құрастырылған. Жоғары және арнаулы білім беретін оқу құралдарының дене тәрбиесі және спорт мамандықтарында оқитын студенттерге арналған.
Пікір жазғандар: Мамбетов М.- «Дене тәрбиесі, спорт ілімі мен

әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к.

Алшынбаев К. АӘИУ «Дене тәрбиесі және спорт»

кафедрасы меңгерушісі


ӘОЖ 611:796(075.8)

КБЖ 75.0 я7

ISBN 978-9965-03-487-9

Қалмұрзаев Қ.С., Қуатбекова А., Байхожаев Қ.

АДАМ АНАТОМИЯСЫ МЕН СПОРТТЫҚ МОРФОЛОГИЯ НЕГІЗДЕРІ ПӘНІНІҢ МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
Адам денесінің пішінін, құрылысы мен атқаратын қызметін және оны қоршаған ортаға байланысты дамуын зерттейтін ғылымды анатомия деп атайды.

Ескі сипаттамалық анатомия өзінің алдына адам денесі қалай құрылған деген бір-ақ сұрақ қойды. Ол тек адам құрылымын сипаттаумен ғана, оларды атқаратын қызметіне байланыссыз зерттеді де, организмнің даму заңдарын ашуға ұмтылмады, яғни метафизикалық ғылым болды. Ескі сипаттамалық анатомия мақсаты тек сипаттау ғана болды. Қазірде анатомия үшін сипаттау құрылымды зерттеудегі әдістердің біріне айналып отыр.

Қазіргі анатомия фактілерді сипаттап қана қоймай, оларды қорытындылауға, организмнің қалай құрылғанын айтып қана қоймай, оның неліктен бұлай құрылғанын белгілеп организмнің, оның ағзалары мен жүйелерінің құрылысы мен даму заңдылықтары қандай екенін анықтауға тырысады. Онымен қатар ол организмнің ішкі, сондай-ақ сыртқы байланыстарын зерттейді.

Диалектика табиғаттағының барлығы өзгереді және дамиды деп үйретеді. Адам организмі де әлде бір қатып қалған, аяқталған бір қалыпқа құйылған нәрсе емес, ол пайда болғаннан бастап өлгенге дейін үнемі өзгеріп отырады. Сонымен қатар, адам түр ретінде жануар формаларымен туыстық белгілері байқалатын ұзақ эволюцияның өнімі болып табылады. Сондықтан, анатомия қазіргі ересек адамның құрылысын зерттеп қана қоймайды, сонымен бірге тарихи даму барысында адам организмі қалай қалыптасқанын да зерттейді. Демек, осы мақсатпен:

1. Жануарлар эволюциясының дамуына сәйкес адамзаттың өсіп жетілуі - филогенезі (рһуіоп - туыс, genesis - даму) зерттеледі. Филогенезді зерттеу үшін түрлі жануарлар мен адамның құрылыстарын салыстырып зерттейтін салыстырмалы анатомия деректері пайдаланылады. Бұл жағдайда эволюцияның қозғаушы күштерін және организмді қоршаған ортаның нақты жағдайларына бейімделудегі құрылымдық өзгерістерін ашатын эволюциялық морфология принциптері де ескеріледі.

2. Қоғамның дамуымен байланысты адамзаттың қалыптасуы және даму үрдісі - антропогенез (anthropos - адамзат) зерттеледі. Ол үшін салыстырмалы және эволюциялық морфологиямен қатар, көбіне антропологияның - адамзат туралы ғылымының деректері пайдаланылады.

3. Индивидтің жеке даму үрдісі - онтогенез (pnthos - особь) оның бүкіл өмірі бойы: жатырдағы (эмбриогенез) және жатырдан тыс, постэмбрионалдық немесе постнаталдық (post - кейін, natus - туған), яғни туғаннан өлгенге дейінгі кезеңдер қарастырылады. Осы мақсатта эмбриологиялық дамудағы мағлұматтарды (етгуоп - ұрық) пайдаланады. Онтогенездің соңғы кезеңі жас келіп қартаю-геронтология (грекше gerontos - қарт) ғылымының зерттеу объектісі болып табылады.

Сондай-ақ дене мен оны құраушы ағзалардың пішіні, құрылысы және жыныстық айырмашылықтары, сол сияқты олардың топографиялық өзара қатынасы ескеріледі. Анатомия адам денесін ішкі және сыртқы жағдайлардың әсерімен белгілі бір заңдылықтар негізінде эволюциялық тұтас тұлға ретінде зерттейді. Адам организмі құрылысын бұлай зерттеу анатомияның эволюциялық белгісі болып табылады.

Диалектикалық материализм құрылым мен атқаратын қызмет бірлікте әрі бірімен бірі байланысты болады деп үйретеді. Организмде белгілі бір қызмет атқармайтын құрылым болмайды, сол сияқты қайсыбір құрылыммен байланыссыз қызметте болмайды. Әрбір ағза едәуір дәрежеде өзі атқаратын жұмысының өнімі болып табылады. Сондықтан анатомия организмді және жеке бөліктерін, ағзаларды олардың жұмысымен ажырамас байланыста зерттейді, ал бұл оның функционалдық белгісін құрайды.

Адам анатомиясын зерттеудің барлығы өзіндік жеке мақсат емес, олар теория мен практиканың бірлігі принципіне негізделген медицина мен дене тәрбие ғылымдарына қызмет етеді.

Сипаттамалық, эволюциялық және функционалдық белгілер бірегей анатомияның әр түрлі жақтары болып табылады. Анатомияның ең басты белгісі оның әрекеттілігі, яғни жайбарақат көріп-қарау және организм құрылысын сипаттау емес, адамның қолайлы және үйлесімді дамуына қажетті бағытта әсер ету жолында осы заңдылықтарды меңгеру болып табылады.

Адам денесін зерттеудің қиындығынан, оны алдымен жүйелерге бөліп тексереді. Сондықтан жүйелік анатомия деп аталады. Организмді жүйелер бойынша қарастыра отырып, біз талдау әдісін пайдаланып, оны жасанды түрде бөлшектейміз. Алайда тірі организмде денені құрайтын жеке бөлшектер мен элементтер (жүйелер, ағзалар, тіндер т. б.) оқшау тұрмайды, өздерінің пайда болуы, дамуы және тіршілік әрекетінде бір-бірімен байланысып түр түзуге қатысады. Сондықтан организмді тұтас күйінде түсіну үшін синтез әдісін де пайдалану керек. Анатомиялық білімді синтездеу бүкіл анатомия курсын өту үрдісінде ағзаның функциямен байланысын ашу және құрылымды оның сыртқы және ішкі факторлардың әсерімен дамуы тұрғысынан зерттеу жолымен жүргізіледі. Бұл кезде олардың өзара қатынасына және әсіресе организмді біртұтас етіп біріктіретін нерв жүйесінің қызметіне назар аударылады.

Жүйелік анатомиядан басқа дененің түрлі жерлеріндегі ағзалардың кеңістіктегі ара қатынасын қарастыратын және клиника, әсіресе практикалық хирургия үшін тікелей қолданбалы маңызы бар (сондықтан, оны хирургиялық анатомия деп те атайды) топографиялық анатомия да бар.

Дене тәрбиесі институттарында қозғалыстың құрылысын ғана емес, оның динамикасын да зерттейтін тірек-қимыл аппаратының функционалдық анатомиясына ерекше назар аударылады, оны динамикалық анатомия деп атайды. Суретшілер мен мүсіншілер анатомиядан дененің сыртқы формалары мен пропорцияларын ғана зерттейді. Анатомияның аталған түрлері адам денесін әр тұрғыдан зерттейді, оны өлі және тірі организмде (тірі адам анатомиясы) зерттеуге болады. Тірі адам анатомиясы, әсіресе, адамды емдеумен айналысатын дәрігерге өте-мөте қажет. Оның жетістіктері тірі адам организмінің барлық ағзалары мен жүйелерін түгел дерлік көруге мүмкіндік беретін рентгенологиялық зерттеу әдістерінің қарқынды дамуына байланысты, ол қазіргі кездегі анатомияның рентгендік анатомия деп аталатын ажырамас бөлігі болып табылады. Анатомия ғылымының бұл салалары адам анатомиясының түрлі аспектілері болып табылады.

Адам тірі материя дамуының ең жоғарғы өнімі болып табылады. Сондықтан оның құрылысын түсіну үшін тірі табиғаттың пайда болуы және дамуы заңдылықтары туралы ғылым ретінде биологияның деректерін пайдалану қажет. Адам тірі табиғаттың бөлігі сияқты, оның құрылысын зерттейтін ғылым, яғни анатомия да биологияның бөлігі болып табылады.

Организмнің құрылымын түрі мен атқаратын қызметінің байланысы тұрғысынан түсіну үшін анатомия организмнің тіршілік әрекеті туралы ғылым - физиологияның деректерін пайдаланады. "Морфологиялық және физиологиялық құбылыстар, форма мен функция біріне-бірі байланысты" (Маркс К., Энгельс Ф., Шығ., 2-басылымы, 20-том, 620-бет). Анатомия мен физиология сол бір ғана объектіні - тірі жанның қүрылымын, әр тұрғыдан: анатомия - тірінің құрылысын, ал физиология - оның атқаратын қызметін қарастырады. Медициналық білімнің әліппесі болып табылатын бұл туыстас екі пәннің өзара қатынасы осындай.

Анатомияның өзі ағзалардың сыртқы ғана емес, ішкі пішіні мен құрылымын да микроскоптың көмегімен зерттейді (микроскопиялық анатомия). Анатомия тіндердің құрылысы мен даму заңдылықтарын зерттейтін ғылым - гистология (грекше hystos - тін), сондай-ақ тіндер мен ағзаларды қүрайтын әр түрлі жасушалардың құрылысы, дамуы және қызметі заңдылықтарын зерттейтін жасуша туралы ғылым -цитологиямен (грекше cytos - жасуша) тығыз байланысты.

Электрондық микроскоптың ойлап табылуымен байланысты тірі материяның субмикроскопиялық құрылымдарын және тіпті молекулаларын зерттеуге мүмкіндік туды.

Қазіргі кездегі анатомияда адам денесі құрылысын зерттеудің түрлі әдістері бар. Зерттеу әдісін таңдап алу зерттеу мақсатына байланысты.

Ең ескі, бірақ әлі де маңызын жоғалтпаған, ғылымға ат берген әдіс -+(грекше anatemno - кесу, бұтарлау), препараттау. Бұл әдіс ірі түзілістердің сыртқы құрылысы мен топографиясын зерттеуде қолданылады. 20-30 есе үлкейткенде көрінетін объектілерді макро және микропрепараттағаннан кейін сипаттап жазуға болады. Бұл әдістің бірнеше түрлері бар: су тамшысы астында, су қабаты астында препараттау. Оның түрлі қышқылдармен дәнекер тінді қопсытумен, зерттелетін құрылымдардың (нервтердің, бездердің) таңдап боялуымен, түтікті жүйелерді (қан тамырларды, өзектерді) боялған массалармен толтырумен (инъекциялаумен) толықтыруға болады.

Инъекция әдісі, егер инъекциялық масса рентген сәулелерін тұтатын болса, рентгенографиямен, егер арнайы өңдеуден кейін объект мөлдірленіп, ал инъекцияланған тамырлар мен өзектер контрасталып, лайланатын болса, сәулелендірумен ұштастыра колданылады. Кейіннен тіндерді қышқылдарда еріте отырып, тамыр, өзек, қуыстарды инъекциялау (коррозиялық әдіс) кеңінен қолданылады. Бұның нәтижесінде ағзаның (тамыр, нерв және т. б.) басқа анатомиялық түзілістерге қатысты орналасуын тоңазытып қатырылған дененің арамен кесілген жерінен зерттейді. Осы аралап кесу әдісін бірінші рет қолданған Н. И. Пирогов. Егер қалыңдығы микрометрмен өлшенетіндей кесінді даярлап, оны гистологиялық бояулармен өңдесек, онда мұндай кесінділерден алынған деректерді тіндік ара қатынастар туралы мағлұматтармен толықтыруға болады. Бұл әдіс гистотопографиялық деп аталады.

Гистологиялық кесінділер мен гистотопограммалар бойынша зерттелетін түзілістің суретін немесе көлемін алуға болады. Бұл амал графикалық немесе пластикалық реконструкция болып табылады. Бірқатар анатомиялық міндеттерді шешу үшін гистологиялық және гистохимиялық әдістер қолданылады. Бұл жағдайда зерттеу объектісі жарық микроскоп арқылы зерттеледі.

Жұқалығы соншалық, жарықтық микроскоптан көрінбейтін құрылымдарды көруге мүмкіндік беретін электрондық микроскопия анатомияға кеңінен енгізілуде. Аз және көп үлкейткенде де зерттеу объектісінің көлемдік кескінін беретіндей сканирлеуші электрондық микроскопия (объектіні толық біртіндеп бөлшектеп көрсететін) әдісінің болашағы зор.

Бұл аталған әдістердің барлығы елген адамның денесін тексергенде қолданылады. П. Ф. Лесгафт айтуынша, "анатомияны зерттегенде негізгі объект әр уақытта тірі организм болуы тиіс, ал елі препарат тірі организмді тексергендегі деректерге қосымша болуы керек".

Қазіргі кездегі техника тірі адам денесінің құрылымын терең зерттеуге әлі де болса мүмкіндік бермейді, мәйітті зерттеу анатомияда жетекші бағыт болып қалып отыр. Сонымен қатар мәйітті де, адамды да зерттеу үшін қолданылатын әдістер бар. Оларға: рентгенография (рентген сәулелерін қолданумен байланысты әдіс) және эндоскопия (арнаулы аспаптардың, мысалы, гастроскоптың, бронхоскоптың және т. б. кемегімен ішкі ағзаларды зерттеу әдіс жатады). Бұл әдістерді аурулардың диагнозын дәлдеп нақтылау қажет болғанда ғана қолданады.

Рентгенологиялық зерттеудің ең жаңа әдістері мыналар:

1. Жұмсақ тіндердің (терінің, сіңірлердің, шеміршектердің, паренхималық ағзалардың және т.б.) рентгендік кескіндерін алуға мүмкіндік беретін электрорентгенография. Бұл кескіндер әдеттегі рентгенограммаларда айқындалмайды, өйткені рентген сәулелерін ұстамайды.

2.Томография әдісінің көмегімен белгілі жазықтықта жатқан, рентген сәулелерін үстайтын кескіндерді алуға болады.

3.Компъютерлік гпомография әдісі кептеген томографиялық кескіндерден жинақталған кескінді теледидар экрандарында көруге мүмкіндік береді.

4. Ренгпгеноденсиметприя - сүйектердегі минерал тұздардың мөлшерін организмнің тірі кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Анатомияньщ көптеген мәселелері жануарларға тәжірибе жасау арқылы шешіледі. Мұндай эксперименттер жекелеген ағзалардың да, сондай-ақ тұтас организмнің де құрылысы мен қызметін танып-білуде қолқабыс тигізеді.

Анатомия тарихы адам организмі құрылымы мен дамуына көзқараста материализм мен идеализмнің күрес тарихы болып табылады. Бұл күрес кұл иеленушілік дәуірінде таптардың пайда болуынан басталады.

Ертедегі Грецияда Демокриттің материализмі мен әйгілі "барлығы ағады" (panta гһеІ) деген ережені айтқан Гераклдің диалектикасының әсерімен адам организмінің құрылысына материалистік көзқарас қалыптасады.

Мәселен, Грецияның атақты дәрігері Гиппократ (б.э.д. 460-377 жж.) организм құрылысының негізін төрт түрлі сұйықтық: қан (sanguis), сілекей (phlegma), өт (сһоіе) және қара өт (melaena chole) құрайды деп үйретті. Олардың біреуінің басым болуына адам темпераментінің түрі (сангвиник, флегматик, холерик және меланхолик) байланысты. Демек, жан қызметінің көрінісінің бірі ретінде адам темпераменті - дене "сөлдерінің" күйіне байланысты.

Гиппократ бойынша, аталған темперамент түрлері адам дене бітімінің түрлі типтерін де анықтайды, олар алуан түрлі және дененің сол "сөлдерінің" өзгеруіне сәйкес өзгере алады.

Организм туралы осындай түсінікке сүйене отырып, Гиппократ ауруларға да сұйықтардың дұрыс араласпау нәтижесі деп қарады да, содан келіп емдеу практикасына әр түрлі "сұйық айдағыш" заттарды енгізеді. Организм кұрылысының гуморалдық (humor - сұйықтың) теориясы осылай пайда болды, бұл теория белгілі бір дәрежеде осы кезге дейін өз маңызын сақтап отырды да, осыдан келіп Гиппократты медицинаның атасы деп есептейді. Гиппократ анатомияны медицинаның ірге тасы деп қарастырып оны зерттеуге үлкен мән берді.

Материализмнің қарсыласы және көне идеализмнің өкілі ақсүйектік реакцияның идеологы Платон (б.э.д. 427-347) бойынша, адам организмін материалдық ағза ми емес, дененің ең басты үш ағзасында -мида, жүректе және бауырда орналасқан "жанның" немесе "пневманын" үш түрі басқарады. Платонның шәкірті Аристотель (б.з.д. 384-323 жж.) өзінің ұстазы Платонның "жан" туралы идеалистік ілімін одан әрі дамытты, "жан" әрекетті, тіршілік бастамасы, табиғаттағы барлық нәрсе, адамды қоса, жоғары мақсатқа сәйкестілікке бағынады деп есептеді. Платоннан өзгеше ол "жан" жөнінде материалистік көзқарасты, яғни "жан" денемен бірлікте болады, өлетін қасиеті бар және денемен бірге өледі деп есептеді. Ол бірінші болып жануарлар денесін салыстыруға және ұрықты зерттеуге әрекет жасап, салыс-тырмалы анатомия мен эмбриологияның бастаушысы болды. Аристотель дінге қайшы келетін кез-келген жан-жануар тек жануарлардан шығады (omne animal ex animali) деген дұрыс пікір айтты.

Әл-Фараби Әбу-Насыр Мұхаммед бин Тархан ибн Узлағ (870-950) - ұлы ғалым-энциклопедист, ғылымдар тарихында ол "Екінші мұғалім" ретінде белгілі болды. "Бірінші мұғалім" деп көне дәуірдегі Платон, Аристотель сияқты оқымысты философтарды атаған.

Сондықтан да оны екінші Аристотель немесе "Шығыстың Аристотелі" деп атаған. Әл-Фараби Арыс және Сырдария өзендері қосылысындағы Түркістан қаласынан 40 км жердегі кене түрік қаласы Отырарда қазақтың қаңлы-қыпшақ руындағы жауынгер отбасында туылған. Қазіргі ғылымның, өнер саласының әр бөлімінде Әл-Фараби елеулі із қалдырды. Оның жүзден астам шығармалары астрология, астрономия, математика, логика, музыка, медицина, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия мәселелеріне байланысты.

Әл-Фараби "басты ағзалардын бірі - ми жүректің жұмысын, сезімталдығын, адамның темпераментін басқарады", - деп жазған. Адамның іш құрылысында бауыр мен көкбауыр денеде айналып жүретін сұйықтық шығарады деген данышпандық ой айтқан.

Абу-Али Ибн Сина немесе Авиценна (980-1037) "Медицина қағидалары" деген еңбегін жазды, онда Гиппократ, Аристотель және Галеннен алынған көптеген анатомиялық-физиологиялык деректер бар. "Медицина қағидалары" феодализм дәуірінің ең тәуір медициналық шығармасы болды, XVII ғасырға дейін Шығыс пен Батыстың дәрігерлері содан оқып, тәлім алды. Авиценна Әл-Фарабидің кейінгі оқушыларының бірі болған. Ол өзінің "өмір тарихында" былай деп жазған: "Маған Аристотельдің "Метафизикасы" өте ауыр болды, мен оны 40 рет оқысам да түсіне алмадым, бір күні Бүхарадағы кітап базарынан Әл-Фарабидің Аристотель шығармаларына жазған талқылауын тапқанымша...".

Дамаскілік Ибн-ан-Нафис (XIII ғ.) бірінші болып өкпелік қан айналымын ашты. "Қайта өрлеу дәуірі... алыптарға мұқтаж болған және ойлау күші..., жан-жақтылығы мен ғылым жағынан алыптарды тудырған" дәуір болды (Маркс К., Энгельс Ф. Шығ., 2-басылым, 20-том, 346-бет). Мұндай алыптар анатомияда да пайда болды. Олар Галеннің схоластикалық анатомиясын бұзып, ғылыми анатомияның негізін қалады. Бұл зор еңбектің бастаушысы Леонардо да Винчи, негізін қалаушысы - Везалий және аяқтаушысы - Гарвей болды.

Леонардо да Винчи (1452-1519) суретші -ретінде анатомияға қызығып, одан кейін оған ғылым ретінде әуестеніп, алғашқылардың бірі болып өлген адам денелерін сойып көріп, организм құрылысын зерттеуде нағыз жаңашыл болды. Леонардо да Винчи өз суреттерінде алғаш рет адам денесінің түрлі ағзаларын дұрыс бейнеледі, адам мен жануарлар анатомиясының дамуына үлкен үлес қосты, сондай-ақ пластикалық анатомияның негізін қалады. Леонардо да Винчидің шығармашылығы А. Везалийдің еңбектеріне де әсерін тигізді деп есептеледі.

Андрей Везалий (1514-1564) туып өсті. Орта ғасыр ғылымына тән схоластикалық түсіндіру әдісінін орнына, ол организмді зерттеуге материалистік тұрғыдан келіп, объективті бақылау әдісін қолданды. Мәйіттерді жарып ашуды кеңінен қолдана отырып, Везалий тұңғыш рет адам денесінің құрылысын жүйелі зерттеді. Бұл кезде ол Галеннің көптеген қателіктерін (200-ден астам) батыл әшкерелеп, түзетіп, осы арқылы сол кезде үстем болып тұрған галендік анатомияның беделін түсіреді. Энгельс атап көрсеткендей, ол кезде үрдістерді зерттеуге кіріспес бұрын алдымен заттарды зерттеуі керек еді. Анатомиядағы метафизикалық, аналитикалық дәуір осылай басталып, оның өн бойында сипаттамалық мәнде жаңалыктар ашылады. Сондықтан, Везалий де жаңа анатомиялық фактілерді ашып, сипаттауға баса назар аударды. Олар кең ауқымды және жақсы безендірілген "Адам денесінің құрылысы туралы жеті кітап" деген еңбегінде баяндалды.

Тек бүйректердің құрылысын зерттеген A. M. Шумлянский (1748-1795) ғана қиялдағы "арзлық кеңістіктердің" жоқ екенін және артериялық, веналық капиллярлардың арасында тікелей байланыс барын дәлелдеді. Сөйтіп, A. M. Шумлянский бірінші рет қантамырлар жүйесі тұйық екенін дәлелдеді, осы арқылы қанайналым шеңберін түбегейлі тұйықтады. Сонымен, қанайналым туралы түсінік бірқатар көрнекті ғалымдардың ұжымдық еңбегінің нәтижесі болды. Бұл қатардың басында тұрған Везалий, соңындағы - Гарвей. Ол екеуінің аралығындағы уақытта материалистердің идеалистермен күрес дәуірі жатыр, соның нәтижесінде медицинада схоластикалық галенизм үзілді-кесілді талқандалды.

Сондықтан, қан айналымының ашылуы анатомия мен физиология үшін ғана емес, бүкіл биология мен медицина үшін де маңызы зор болды. Ол жаңа дәуір феодализмінің схоластикалық медицинасының күні өтіп, капитализмдегі ғылыми медицинаның басталуына жол ашты.

Капитализм дәуірінде XVIII ғасырдағы француз материализмі қалыптасты. Француз материализмі идеализммен, дінмен күресе отырып, адам құдайдың жаратқан пендесі деген пікірді әшкерелей келе, адамды қоса бүкіл бейорганикалық және органикалық табиғат жалпы заңдылыққа бағынады деп дәлелдеді. Ол кезде бүкіл ғылымдардың ішіндегі ең дамығаны механика болғандықтан, жалпы заңдар механика заңдарымен теңестірілді де, ал француз материализмі механикалық материализм болды. Оның өкілдерінің арасында дәрігерлер де болды. XIX ғасырда метафизикалық көзқарасқа қарама-қарсы биология мен медицина төңкеріс жасаған және эволюциялық морфологияның бастамасын салған тұтас ілімге (дарвинизм) айналған диалектикалық даму идеясы қанат жая бастады.

Дарвинизм ғылымы бірнеше рет эмбриология мен салыстырмалы анатомияның дамуымен әзірленді. Мәселен, Ресей Ғылым Академиясының мүшесі Ф. Вольф (1733-1794) эмбриогенез үрдісінде ағзалар жаңадан пайда болып, дамитындығын көрсетті. Сондықтан, ол, барлық ағзалар кішірейген түрде жыныс жасушасында болады деп қарайтын идеалистік преформизм теориясына қарсы материалистік эпигенез теориясын ұсынды. Материалистік эмбриологияның пионері болып, осы көзқарасы үшін идеалист-ғылымдар тарапынан қуғындалды.

Француз табиғат зерттеушісі Ламарк (1774-1828) өзінің "Зоология философиясы" деген еңбегінде бірінші болып қоршаған ортаның әсерінен организмнің өзгеріске түсетінін жариялады.

Вольфтің эмбриологиялық зерттеулерін жалғастырушы орыс академигі К. М. Бэр (1792-1876) сүтқоректілер мен адамның тұқым жасушасын ашты. Ол қазіргі кездегі эмбриологияның негізін құрайтын организмдердің жеке дамуының басты заңдарын анықтап, ұрық жапырақшалары туралы ілімді жасады. Бұл зерттеулер оған эмбриологияның атасы деген даңқ әкелді. Бэр Дарвинге дейін оны тіршілік үшін күрес туралы қағидасы үшін сынаса да, түрлердің өзгеруі туралы идеяны ұсынып, "Дарвин ілімін әзірледім" деп есептеді.

Данышпан ағылшын ғалымы Чарльз Дарвин (1809-1882) өзінің атақты "Түрлердің шығуы" атты еңбегінде жануарлар дүниесінің бірлігін дәлелдеп, адамның қазіргі кездегі адам тәрізді маймылдармен бірге жоғары дамыған маймылдардың қазірде күрып кеткен түрлерінен шыққан деген қорытындыға келді.

Дарвин ашқан фактілердің жиыны мен оның теориясы дарвинизм деп аталды. Ол адамды қүдай жаратты деген діншіл аңызын әшкерелеп, дінге ойсырата соққы берді. Сондықтан шіркеу мен кері тартпа ғылым Батыс Европа мен Америка дарвинизмінің дамуына кедергі жасай бастады. Озат орыс ғылым-материалистерінің (ағайынды А. О. және В. О. Ковалевскийлер, И. М. Сеченов, И. И. Мечников, К. А. Тимирязев, А. Н. Северцев және т. б.) еңбектерінің арасында дарвинизм Ресейде тез таралып, өзінің екінші бір отанын тапқандай болды.

А. О. Ковалевскийдің, сондай-ақ К. М. Бэр, Мюллер, Ч. Дарвин және Геккельдің эмбриологиялық зерттеулері биогенетикалық заңда ("онтогенез филогенезді қайталайды") көрініс тапты. Бұл заңды А. Н. Северцев одан әрі тереңдетіп, түзетті. А. Н. Северцев сыртқы орта факторларының жануарлардың дене құрылысына әсерін көрсетіп, эволюциялық ілімді анатомияда қолданып, эволюциялык морфологияны жасаушы болды. Орыс морфологтары мен эмбриологтарының еңбектерінде дарвинизм осылай дамыды.

Марксизм классиктері, бір жағынан, дарвинизмді әдістемелік қателіктері үшін сынап, ал екінші жағынан оны XIX ғасырдағы жаратылыстанудың аса ірі үш жаңалықтарының бірі деп жоғары бағалады. Тіпті Энгельс қоғамдық ғылымдағы Маркстің рөлін табиғат туралы ғылымдағы Дарвиннің рөлімен салыстырды.

Адамның ертедегі маймылдан шыққандығын дәлелдей отырып, Дарвин оны биологиялық тұрғыдан ғана түсіндіріп, бұл мәселені біржақты шешті; оның адамның пайда болуын анықтаған факторларды көрсететін мүмкіндігі болмады. Бұл мәселені марксизмнің негізін қалаушылар К. Маркс пен Ф. Энгельс шешті. Ф. Энгельс өзінің "Маймылдың адамға айналу үрдісіндегі еңбектің рөлі" атты еңбегінде (1896) адамның калыптасуының шешуші шарты еңбек құралдарын пайдалану болғанын, соның арқасында маймылдар үйірі адамдар қоғамына айналғанын, "адамды адам еткен еңбек" екенін дәлелдеді. Адамның пайда болуы туралы еңбек теориясы деп аталған Энгельстің бұл теориясы қазіргі кездегі озат ғылымның негізін қалады.

Дарвин ілімі мен Энгельстің еңбек теориясы анатомияның алдын жарықтандырып, оған жаңа міндеттер қойды: мақсатты бағытта өзгерту үшін адам организмінің құрылысын сипаттап және түсіндіріп қана қоймай, оның қалыптасу заңдылықтарын зерттеп ашу. Отандық озат анатомияның ең тәуір дәстүрлерін дамытушы кейінгі оқымыстылар, бұл міндеттерді ойдағыдай шешуге белсенді ат салысуда..


Каталог: sites -> default -> files -> kitap
kitap -> «Тіршілік қауіпсіздігі негіздері» пәнінің Оқу-әдістемелік кешені Шымкент
kitap -> Естественные и педагогические науки
kitap -> Төлеген ұ. Ш., Жанысбеков м.Ә. ҚАзақстанның Қазіргі заман тарихы пәнінен студенттердің даярлығын жетілдіру
kitap -> Жумадуллаева А. А.,Өтеген Қ. О.,Сыдыкова З. Е. ҚАзақ этнопсихологиясы шымкент 2016
kitap -> Қалмұрзаев Қ. С., Қуатбекова А., Байхожаев Қ. Адам анатомиясы мен спорттық морфология негіздері 5В010800 –«Дене шынықтыру және спорт»
kitap -> Сейсенбаева Ж. М., Балабекова Д. Б. Банктердің есебі және аудиті оқУ ҚҰралы шымкент, 2017
kitap -> Таќырыбы: Гидросфера жјне јлемдік су ќоры


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет