Алпыс бірінші тарау: Бейне жасаушылар туралы



жүктеу 151.7 Kb.
Дата12.11.2017
өлшемі151.7 Kb.

АЛПЫС БІРІНШІ ТАРАУ:

Бейне жасаушылар туралы
Абу Хурайраның (Аллаһ оған разы болсын) сөздерінен ол Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын естігені жеткізіледі: “Аллаһ Тағала былай деді: «Ал Менің жаратылысыма ұқсас бірдеме жасауға тырысқан адамнан артық кім залым болмақ! Олар тым құрығанда бір дән жаратып көрсінші, олар (тым болмағанда) кішкентай құмырсқаны жаратып көрсінші!»” (әл-Бухари, 7559; Муслим, 2111).
Бейне жасау бірқұдайшылыққа қарама-қайшы келетін көпқұдайшылыққа апаратын себеп болып табылатындықтан, автор (Аллаһ оны рахым етсін) осы тарауды өзінің кітабында келтірді.
Хадисте бейне жасауға айқын тыйым және бұл ең үлкен әділетсіздік болып табылатындығына нұсқау келіп отыр.
Хадистен алынатын пайдалар:

1. Хадисте бейнелер жасауға, бұл қандай тәсілмен орындалса да, тыйым салынғанына, сондай-ақ бейне салушы адам ең әділетсіз болып табылатындығына нұсқау бар.

2. Хадисте Аллаһ Тағаланың сөйлеу сипатына нұсқау бар.

3. Хадисте бейне салу өзіңді Аллаһ Тағалаға ұқсату болып таылатындығына нұсқау бар, өйткені осынысымен адам Аллаһ Тағаланың іс-әрекеттерінде Оған ұқсауға тырысады.

4. Хадисте жарату құдіреті тек Қасиетті әрі Пәк Аллаһ Тағаланың ғана ерекше сипаты екеніне нұсқау бар.

-----------------------------------------------------------------------------------------------


Олар сондай-ақ Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған Айшаның (Аллаһ оған разы болсын) хадисін келтіреді: «Қиямет Күні ең ауыр жаза Аллаһтың жарату (ісінде) Оған ұқсауға тырысатындарды күтуде» (әл-Бухари, 5954; Муслим, 2106).
Бұл хадисте бейнелер жасайтын адамдарға қорқынышты жаза бар екені, сондай-ақ бейнелер салу үлкен қылмыс болып табылатындығы түсіндіріледі.

Хадистен алынатын пайдалар:

1. Хадисте кез-келген тәсілмен бейне жасауға, бұған қандай әдіс-тәсілдер қолданылса да, тыйым салынғанына, сондай-ақ бұл өзіңді Аллаһ Тағалаға ұқсату екеніне нұсқау бар.

2. Хадисте Қиямет Күні жазалардың жасалған күнәлардың дәрежелеріне байланысты әртүрлі болатынына нұсқау бар.

3. Хадисте бейне салу ең қорқынышты әрі ең үлкен күнәлардың бірі болып табылатындығына нұсқау бар.

-----------------------------------------------------------------------------------------------


Олар Ибн Аббастың мына хадисін де келтіреді: «Мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын естігенмін: “Әрбір бейне салушы Отта! Және оның жасаған әрбір бейнесіне оны Тозақта азаптайтын жан берілетін болады”» (әл-Бухари, 2225; Муслим, 2110).

Олар сондай-ақ Ибн Аббастың Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан басқа бір хадисін де келтіреді: «Өмірінде қандай да бір бейне салған адам соған жан бітіруіне күштеледі, ал ол мұны жасауға құдіретсіз болады» (әл-Бухари, 5963; Муслим, 2110).


Бұл хадисте бейнелер жасауға тыйым мен осыны жасайтын адамдарға қорқыту келген.
Хадистен алынатын пайдалар:

1. Хадисте бейнелер салуға тыйым салынғанына және бұл үлкен күнәлардың бірі болып табылатындығына нұсқау бар.

2. Кез-келген тәсілмен бейнелер жасауға, бұл мейлі ескерткіш болсын, ойылып немесе қашалып салынған бейнелер болсын, салынған суреттер немесе тірі жанды жаратылыстардың түсірілген бейнесуреттері болсын, тыйым салынғанына нұсқау бар. Тек қажеттіліктен туындаған жағдайдан басқа.

3. Хадисте қажеттіліктен тыс кез-келген мақсатқа арналған бейнелер жасауға тыйым салынғанына нұсқау бар.

4. Соңғы хадисте бейне жасаушының жазасы ұзаққа созылатынына әрі оның дәрменсіздігі әшкереленетініне нұсқау бар.

5. Хадисте әлдебір нәрсені жарату және оған жан бітіру тек Аллаһ Тағаланың ғана күш-құдіретінде екеніне нұсқау бар.

-----------------------------------------------------------------------------------------------
Муслим Абул-Хайяждің былай деп айтқан хадисін келтіреді: «Али маған былай деді: “Мен сені кезінде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мені жұмсаған нәрсесіне жұмсайын ба: кез-келген бейнені көргенде, оны сол сәтте жой, ал кез-келген төмпешік қабір көрсең, оны жермен бірдей тегістеп қой”» (Муслим, 969).
Абул-Хайяж – бұл Абул-Хайяж ибн Хусайн әл-Асади, сенімге лайықты табиғин, Аллаһ оны рахым етсін.
Бұл хадисте суреттерді немесе бейнелерді өшірудің әрі оларды жоюдың міндеттілігіне нұсқау бар.
Осы хадистен алынатын пайдалар:

1. Хадисте бейнелер жасауға тыйым салынғанына және оларды жоюға әрі олар қандай болса да, оларды өшірудің міндеттілігіне нұсқау.

2. Хадисте ақиқатты өсиет етудің, жақсылыққа бұйырудың, жамандықтан тыюдың әрі білімді жеткізудің қажеттілігіне нұсқау.

3. Хадисте қабірлерді жерден биік етіп көтеруге, олардың үстінен құрылыс немесе сол секілді нәрсе тұрғызуға тыйым салынғанына нұсқау бар, себебі бұның барлығы ширкке алып келеді.

4. Хадисте қабірлердің үстінен құрылатын кесенелерді жоюдың міндеттілігіне нұсқау бар.

5. Хадисте бейнелер қабірлердің үстінен тұрғызылатын құрылыстар секілді екеніне әрі ширкке апарар жолдардың бірі болып табылатындығына нұсқау бар.

-----------------------------------------------------------------------------------------------
АЛПЫС ЕКІНШІ ТАРАУ:

Көп ант ішу туралы
Аллаһ Тағала былай деді:

وَاحْفَظُوا أَيْمَانَكُمْ

«...Анттарыңды қорғаңдар...» («әл-Мәида» сүресі, 89-аят).

Абу Хурайра (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның былай деп айтқанын естігенін баяндайтын: «Ант ішу тауарды өтімді етеді, алайда оның (табысының) бекересін жойып жібереді» (әл-Бухари, 2087; Муслим, 1606)“.


Тараудың «Бірқұдайшылық кітабына» сәйкестілігі:

Аллаһ Тағаланың есіміне деген құрмет – бірқұдайшылықтың толықтығынан болып табылады, әрі адам (Аллаһтың есімімен жиі әрі орынсыз ант ете беруі арқылы) Оның есіміне немқұрайлылық танытпауы керек, себебі Аллаһтың атымен жиі ант ету адамның Оның есіміне әрі Оны ұлықтауға немқұрайлы қарайтынына нұсқайды.


Бұл хадисте тауарды сату мақсатында ант қолданудан сақтандыру және осының салдары қандай зиянды болатынының түсіндірмесі келді.
Хадистен алынатын пайдалар:

1. Хадисте тауарды сату мақсатында ант беруді қолданудан сақтандыру бар, себебі бұда Аллаһ Тағаланың есіміне немқұрайлылық таныту көрініс табады, ал бұл бірқұдайшылықтың толықтығын бұзатын нәрсе.

2. Хадисте өтірік ант ішудің артынан ілесетін зиянның түсіндірмесі келген.

3. Хадисте тыйым салынған табыста ешқандай береке де, ешқандай игілік те жоқ екеніне нұсқау бар, тіпті егер табыстың өзі үлкен болса да.

-----------------------------------------------------------------------------------------------
Сәлман (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын естігенін баяндайтын: «Аллаһ Қиямет Күні үш (түрлі) адаммен сөйлеспейді де, оларды [күнәлардан] тазартпайды да, әрі олардың басына азапты жаза түседі: бұл – бұзық шал, тәкаппар кедей әрі Аллаһты өзінің саудасына айналдырған адам: ол Аллаһтың атымен ант етпей, еш нәрсе сатып алмайды, әрі Аллаһтың атымен ант етпей, еш нәрсе сатпайды да» (әт-Табарани «Муғжам әл-Кабирде», 6111; әл-Бәйһақи «Шуғаб әл-Иманда», 4/220).
Сәлман – бұл Абу Абдуллаһ, яғни Сәлман әл-Фарси болуы көбірек ықтимал. Ол Асбаханнан немесе Рама Хармузадан шыққан, әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мединаға келгеннен кейін Ислам қабылдады. Хандак шайқасында әрі басқа да шайқастарда қатысқан. Һижра жыл санауы бойынша 36 жылы қайтыс болды, Аллаһ оған разы болсын.
Осы хадисте сауда-саттық жүргізген кезде көп ант ішуге тыйым салынған.
Хадистен алынатын пайдалар:

1. Хадисте тауарды сату және сатып алуда көп ант ішуден сақтандыру және Қасиетті әрі Ұлы Аллаһ Тағаланың есімдерін құрметтеуге ынталандыру бар.

2. Хадисте Аллаһ Тағаланы «сөйлеу» сипатымен сипаттау келген, әрі Ол Өзіне бағынған адамға құрмет танытып, онымен сөйлесетіндігіне нұсқау бар.

3. Хадисте зинақорлық күнәсінан, әсіресе, үлкен жастағы адамдарды сақтандыру келген.

4. Хадисте тәкаппарлықтан, әсіресе, оның кедей адам тарапынан танытылуынан сақтандыру келген.

-----------------------------------------------------------------------------------------------


Имран ибн Хусайннан Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Менің үмметімдегі ең жақсы адамдар – бұл менің замандастарым, сосын олардың соңынан келетіндер, ал сосын – солардың соңынан келетіндер». Имран былай деп жалғастырды: «Оның өзінің (замандастарынан) кейін қанша ұрпақтарды атағыны: екі немесе үшеуін бе - менің дәл есімде жоқ». «Олардан кейін өздерінен куәлік талап етілмей жатып куәлік ететіндер, өздеріне сенім артылғанда сатқындық жасайтындар, уәделер беріп, бірақ оларды орындамайтындар пайда болады. Әрі олардың арасында мес-семіз адамдар көп болады» (Муслим, 2535).
Осы хадисте куәлік беруге немқұрайлы қарайтын адамдарға сөгіс бар, себебі бұл ант берудің бірі болып табылады.
Хадистен алынатын пайдалар:

1. Хадисте сахабалардан, табиғиндерден әрі олардың ізбасарларынан болған алғашқы үш және төрт ұрпақтың артықшылықтарына нұсқау бар.

2. Хадисте куәлік беруде асығыстық таныту айыпталатынына нұсқау бар.

3. Хадисте уәделерге салғырт қараудың айыпталатынына және уәделерді орындаудың міндетті екеніне нұсқау бар.

4. Сеніп тапсырылғанға қатысты қиянат әрі сатқындық жасаудың айыпталатынына нұсқау, сондай-ақ сеніп тапсырылғанды әрі сенімді сақтауға ынталандыру бар.

5. Хадисте осы дүниенің рахатына ұмтылудың және Ақыреттің игіліктеріне ұмтылуды тәрк етудің айыпталатындығына нұсқау бар .

6. Хадисте Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хабарлаған нәрсесінің шындығында да орын алғанында көрініс тапқан оның мұғжизаларының бір мұғжизасына нұсқау бар.

-----------------------------------------------------------------------------------------------


Сондай-ақ Ибн Масғудтан (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Ең жақсы адамдар – бұл менің замандастарым, сосын олардың соңынан келетіндер, ал сосын – солардың соңынан келетіндер. Олардан кейін куәлік беруден бұрын ант ететін, және ант етуден бұрын куәлік беретін адамдар пайда болады». Ибраһим ән-Нәһаи былай деп баяндайтын: «Біз кішкентай болған кезімізде бізді куәлік еткеніміз немесе уәде бергеніміз үшін (немесе: куәлік немесе уәде беруіміз үшін) ұратын» (Муслим, 2533).
Ибраһим – бұл Абу Имран Ибраһим ибн Язид ән-Нәһаи әл-Куфи, табиғиндер арасындағы фақиһ ғалым, һижра жыл санауы бойынша 96 жылы қайтыс болды, Аллаһ оған разы болсын.
Бұл хадисте ант және куәлік беруге немқұрайлы қараудан сақтандыру бар.
Хадистен алынатын пайдалар:

1. Хадисте ұрпақтар ішіндегі ең жақсылары мұсылмандардың алғашқы үш ұрпағы екеніне нұсқау бар.

2. Хадисте куәлік беруде және ант етуде асығыстық танытудың айыпталатынына нұсқау бар.

3. Хадисте Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хабарлаған нәрсесінің шындығында да орын алғанында көрініс тапқан оның мұғжизаларының бір мұғжизасына нұсқау бар.

4. Хадисте сәләфтар балаларын дұрыс тәрбиелеуге өте мұқият қарағандығына нұсқау бар.

------------------------------------------------------------------------------------------------


АЛПЫС ҮШІНШІ ТАРАУ:

Аллаһ пен Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алдындағы міндеттіліктер мәселесі туралы
Аллаһ Тағала былай деді:

وَأَوْفُوا بِعَهْدِ اللَّهِ إِذَا عَاهَدْتُمْ وَلا تَنْقُضُوا الأيْمَانَ بَعْدَ تَوْكِيدِهَا وَقَدْ جَعَلْتُمُ اللَّهَ عَلَيْكُمْ كَفِيلا إِنَّ اللَّهَ يَعْلَمُ مَا تَفْعَلُونَ (٩١)



«Қашан серттессеңдер, Аллаһқа берген серттеріңді орындаңдар. Анттарыңды, Аллаһты өздеріңе кепіл етіп бекіткеннен кейін, бұзбаңдар. Күдіксіз, Аллаһ не істегендеріңді біледі» («ән-Нәхл» сүресі, 91-аят).
Келісімді сақтап-орындау Аллаһ Тағаланы ұлықтау болып табылатындығына, ал оны орындамау Аллаһ Тағаланы ұлықтауды бұзу болып табылатындығына нұсқау. Ал бұл өз кезегінде бірқұдайшылыққа қарама-қайшы келеді әрі осы аяттың үкіміне түседі.

Осы аятта келісім-шарттарды сақтап-орындаудың міндеттілігіне нұсқау бар. Бұл сондай-ақ әлдебіреу басқа бір адамға пана беретін жағдайға да қатысты, әрі осы келісім міндетті түрде орындалуы керек.


Осы аяттан алынатын пайдалар:

1. Аятта уәделерді және келісім-шарттарды орындаудың міндеттілігіне нұсқау бар.

2. Аятта берілген уәделер мен анттарды бұзуға тыйым салынғандығына нұсқау бар.

3. Аятта Аллаһ Тағаланы «білім» сипатымен сипаттау бар, әрі Одан еш нәрсе жасырын еместігіне нұсқалады.

4. Аятта келісімдер мен уәделерін бұзатын адамға қорқыту бар.
-----------------------------------------------------------------------------------------------
Бурайда (Аллаһ оған разы болсын) былай деп баяндайтын: «Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әскердің қолбасшысын немесе жасақ басшысын тағайындаған кезде, оған Аллаһтан қорқуды әрі өзінің қол астындағы мұсылмандарға жақсы қарауды тапсыратын. Ол оған былай дейтін: «Жорыққа Аллаһтың атымен шығыңдар, әрі Аллаһ үшін соғысыңдар. Жорыққа шығындар, бірақ олжа барлық адамдар арасында әділ бөлінбейінше оны иеленіп алмаңдар, келісімдерді бұзбаңдар, өлілердің мәйіттерін қорламаңдар әрі балаларды өлтірмеңдер.

Көпқұдайшылдардан болған қарсыластармен кездескенде, оларды үш нәрсеге шақыр, әрі егер олар сол нәрселердің біреуімен болса да келіссе, онда оларды тыныш қоя бер:

Ең алдымен оларды Исламға шақыр, әрі егер олар оны қабылдаса, оларды бейбітшілікпен қоя бер, ал сосын оларға мухажирлерге көшуді ұсынып көр, әрі олар осыны істесе, онда мухажирлер қолданатын барлық құқықтарға ие болатынын, әрі оларға да мухажирлерге жүктелген міндеттіліктер жүктелетінін хабарла. Егер олар көшуден бас тартса, онда олар шөл далада өмір сүретін қатардағы мұсылмандардың жағдайында болатынын, яғни оларға Аллаһ Тағаланың үкімі жүретінін хабарла. Ал олжадағы өз үлесін олар тек мұсылмандармен бірге жиһад жүргізетін жағдайда ғана алатын болады.

Ал егер олар (Ислам қабылдаудан) бас тартса, олардан жизия (жан басы немесе жер салығын) төлеулерін талап ет, әрі егер олар келіссе, оларды тыныш қоя бер.

Ал егер олар жизия төлеуден де бас тартса, онда Аллаһтан көмек сұрай отырып, оларға қарсы соғыс. Ал егер сен дұшпанды қамалда қоршауға алсаң, әрі олар (сенен) Аллаһтың атынан уәде және Оның Пайғамбары атынан уәде алғысы келсе, оларға Аллаһтың атынан уәде мен Оның Пайғамбары атынан уәде берме. Бірақ оларға өзіңнің атыңнан уәде және өз адамдарыңның атынан уәде бер. Өйткені егер сен және сенің адамдарың өз уәделеріңді орындамасаңдар, бұл Аллаһ пен Оның Пайғамбарының атынан берілген уәдені орындамау күнәсынан жеңілірек болады. Егер қамалда тұтқынға түскендер сенен өздеріне қатысты Аллаһтың үкіміне сай шара қолдануыңды өтінсе, оларға Аллаһтың үкіміне сәйкес шара қолдануға келіспе, алайда олардың үстінен өз үкіміңді орнат, өйткені сен олардың үстінен Аллаһтың үкімін орната алуың немесе орната алмауың белгісіз» (Муслим, 1731).
Бұл хадисте кәпірлерге Аллаһтың атынан және Оның Елшісінің атынан уәде беруге тыйым келеді, өйткені адамдар оны орындай алмайды, ал бұл орасан зор қылмыс болмақ, себебі адам сонысымен Аллаһтың атынан берілген келісімді немесе уәдені бұзған болады, ал бұл бірқұдайшылыққа қарама-қайшы.

Хадистен алынатын пайдалар:

1. Хадисте Аллаһ Тағаланың жолында жиһадқа әскер немесе кішігірім жасақ аттандырудың заңдылығына нұсқау бар.

2. Хадисте жиһад дүниелік бір нәрсеге қол жеткізу, немесе біреудің үстінен билік жүргізу, немесе өз қажеттілігіңді қанағаттандыру үшін емес, Аллаһ Тағаланың Сөзін ұлықтау үшін және жер бетінде күпірліктің іздерін өшіру үшін жүргізілуі керектігіне нұсқау бар .

3. Хадисте әскербасыларын тағайындаудың заңдылығына нұсқау бар.

4. Хадисте елбасшы осы әскерлердің әскербасыларына өсиет-насихат беруі керектігіне әрі оларға жиһад уақытысындағы іс-амалдар жоспарын түсіндіріп беруінің заңдылығына нұсқау бар .

5. Хадисте жиһад тек мұсылмандардың билеушісінің рұқсатымен әрі оның нұсқауымен ғана жүргізілетініне нұсқау бар.

6. Хадисте адамдармен соғысуды бастамас бұрын, әуелі оларды Исламға шақыру керектігіне нұсқау бар.

7. Хадисте жизияны барлық кәпірлерден алу керектігіне нұсқау бар.

8. Хадисте өлілерді (мәйіттерді) ұсқынсыздауға тыйым салынғандығына нұсқау бар .

9. Хадисте олжаларды тонауға және келісімді орындамай қоюға тыйым салынғанына нұсқау бар.

10. Хадисте Аллаһтың және Оның Пайғамбарының (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) атынан берілген уәделерді құрметтеуге, әрі Аллаһ пен Оның Пайғамбарының атынан берілген уәде мен мұсылмандардың атынан берілген уәденің арасында айырмашылық бар екеніне нұсқау бар.

11. Хадисте тыйым салынған нәрсеге түспес үшін, күмәнді нәрседен бас тартудың қажеттілігіне нұсқау бар.

12. Хадисте ыждағат жасаушы адам (мужтаһид) әлденені дұрыс істеуі де, қателесуі де мүмкін екеніне, әрі Аллаһтың үкімдері мен ғалымдардың үкімінің арасында айырмашылық бар екеніне нұсқау бар.

13. Хадисте егер адам екі жамандықтың бірін таңдауға мәжбүр болса, ол кішісін таңдауы керектігіне нұсқау бар.

14. Хадисте әлдебір қажеттілік қысқан жағдайда (ижтиһад) ыждағаттылық танытудың міндеттілігіне нұсқау бар.

------------------------------------------------------------------------------------------------
АЛПЫС ТӨРТІНШІ ТАРАУ:

Аллаһтың атымен ант ету туралы
Жундуб ибн Абдуллаһ (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндайтын: «Бір адам: «Аллаһтың атымен ант етемін, Ол пәленшені кешірмейді!», - деді. Сонда Ұлы әрі Құдіретті Аллаһ: «Кімнің Менің Атыммен пәленшені кешірмейтінім туралы ант ішуге дәті барды? Мен оны кешіріп қойдым, ал сенің барлық іс-амалдарыңды зая еттім», - деді (Муслим, 2621).

Абу Хурайраның (Аллаһ оған разы болсын) хадисінде: «Осыны айтқан адам ыждағатты түрде құлшылық етуші болатын», - делінеді. Сосын Абу Хурайра: «Ол өзінің дүниелік тіршілігін және Ақырғы өмірін опат еткен бар болғаны бір ғана сөз айтты», - деп қосты (Ахмад, 2/323; Абу Дауд, 4901; Ибн Хиббан, 5712).


Тараудың «Бірқұдайшылық кітабына» сәйкестілігі:

Аллаһтың атымен осылайша ант ету адамның Аллаһқа әлдебір нәрсе істеуіне тыйым салатынын білдіреді немесе Аллаһты әлдебір нәрсені істеу құқығынан айыратындай болып көрінеді, немесе Аллаһ олай істемеді (уажхи хажр) деп мәлімдейтінін білдіреді. Ал бұның барлығы таухидке қарама-қайшы келеді.


Бұл хадисте сен бейне бір өз-өзіңмен тамсанған күйде Аллаһ Тағалаға әлдебір нәрсені істеуге тыйым салатыныңдай (Аллаһ сақтасын) Аллаһ Тағаланың атымен ант ішуге тыйым салынатындығы туралы айтылады. Бұл бірқұдайшылыққа қарсы келетін нәрсе болып табылады.
Хадистен алынатын пайдалар:

1. Хадисте адам Аллаһ жайында жақсы оймен әрі Оның игілігін тілей отырып, Оның атымен ант ететін жағдайлардан бөлек, Аллаһ Тағаланың атымен ант етуге тыйым салынатынына нұсқау бар .

2. Хадисте Аллаһ Тағалаға қатысты жақсы әдептің міндеттілігіне нұсқау бар.

3. Хадисте тілдің қауіптілігіне әрі оны сақтаудың міндеттілігіне нұсқау бар.

------------------------------------------------------------------------------------------------
АЛПЫС БЕСІНШІ ТАРАУ:

Аллаһтан Ол Өз құлдарының алдында өтініш етуін тілеуге болмайтыны туралы
Жубайр ибн Мут’им (Аллаһ оған разы болсын) былай деп баяндайтын: “Бірде Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір бәдәуи келді де: «Уа, Аллаһтың елшісі! Жанымыз азып-тозды, адамдар аштық кешіп жатыр, мал-мүлкіміз құрыды. Раббыңнан біз үшін жаңбыр сұрашы. Біз Аллаһтан Ол сенің алдыңда (біз үшін) өтініш етуін сұраймыз, және сенен Аллаһтың алдында (біз үшін) өтініш етуіңді сұраймыз», - деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сүбхан-Аллаһ! Сүбхан-Аллаһ!», - деп дауыстап жіберді. Ол осы наразылықтың сахабаларының жүзінде шықпайынша мұны қайталауын жалғастыра берді. Сосын ол: «Қасірет болсын саған! Сен өзің Аллаһтың кім екенін білемісің?! Аллаһтың ұлылығы Оның Өз жаратылыстарының кез-келгенінің алдында өтініш етуін сұраудан әлдеқайда жоғары», - деді” (Абу Дауд, 4726).
Жубайр – бұл Жубайр ибн Мут'им ибн Ади ибн Науф ибн Абди Манаф әл-Қурайши, ол текті құрайштықтардың бірі болатын әрі Исламды Меккенің алынуына дейін қабылдады, хижраның 57 жылы қайтыс болды, Аллаһ оған разы болсын.
Тараудың «Бірқұдайшылық кітабына» сәйкестілігі:

Осы тарауда Аллаһтан Ол Өзінің жаратылыстарынан өтініш етіп, араша түсуін сұрауға тыйым салынғанына нұсқау келді, себебі бұл шын мәнінде Оның раббылығын қорлау әрі пенденің бірқұдайшылығының кемшілігі болып табылады. Себебі араға түсуші өзінен жоғары болғанның алдында араға түсіп, өтініш етеді. Пәк Аллаһ Тағала болса, Одан әлдебіреудің жоғары болуынан анағұрлым жоғары, себебі Одан жоғары ешкім жоқ.


Бұл хадисте Аллаһтан Ол Өз құлдарының алдында өтініш етуін сұрауға тыйым салынады, себебі бұл кемшілік, ал Аллаһ Тағаланы кез-келген кемшіліктен пәктеу қажет.
Осы хадистен алынатын пайдалар:

1. Хадисте Аллаһтан Ол Өз құлдарының қайсыбірінің алдында болса да өтініш етуін сұрауға тыйым салынғандығына нұсқау бар, себебі бұда Аллаһ Тағаланың мәртебесін қорлау бар.

2. Хадисте Аллаһ Тағаланы Оған лайықты емес нәрседен пәктеудің міндеттілігіне нұсқау бар.

3. Хадисте айыпталатын нәрсені айыптаудың және білімсізді үйретудің міндеттілігіне нұсқау бар.

4. Хадисте Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көзі тірісі кезінде, одан ол Аллаһ Тағаладан мұқтаждардың мұқтаждықтарын беруін сұрауын өтініш ету рұқсат етілген болғанына нұсқау бар, себебі Аллаһ Тағала Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дұға-тілектеріне жауап беретін. Ал ол қайтыс болғаннан кейін оның Аллаһтың алдында өтініш етуін сұрауға келер болсақ, бұлай істеуге болмайды, себебі мұндайды сахабалар (Аллаһ оларға разы болсын) істемеген болатын.

5. Хадисте сұрақ-жауап арқылы оқытып-үйретудің заңдылығына нұсқау бар, себебі осылай есте жақсы қалады.



------------------------------------------------------------------------------------------------


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет