annotation7783.doc [Айгүл Қосанова]



жүктеу 145.43 Kb.
Дата19.10.2017
өлшемі145.43 Kb.

Дара өнер иесі

Алматыдағы Абай атындағы университет ғимаратының кіре берісіндегі күзетшілердің нұсқауымен бірінші қабаттың, оң жақ қанатындағы дәлізбен аяңдап келем. Көңілім біртүрлі қобалжулы. Үлкен әрі күрделі аманат арқалап келем. Кілең өнер майталмандарының өздері «хас шебердің өзі, оқ бойы озық тұрған өнер иесі» деп бағалаған ірі қолөнер шеберімен сұқпаттасу өте жауапты сәт екенін осы ұсынысты қабыл алған кезден-ақ түйсінгенмін. Нар тәуекел. Шағын шеберхана табалдырығын аттай салысымен мұрныма қарағайдың иісі келді. Кәдімгі бал қарағайдың ғажап иісі. Қаз-қатар тізбектеліп ілінген домбыралардан көз ала алар емеспін. Біреуін қолыма алып шертіп көргім келді бірақ, мені қарсы алған аққұба өңді орта бойлы жігіттен қымсынып, сыпайы амандастым. Кейіпкерімді сұрап едім, «жоғары шығының» деп төр жақты нұсқады. Көлденең қойылған үстелдің үстінде ағаш қиындылары, сызғыш, қарандаш тағы басқа да заттар жатыр, солардың бәрін бір шетіне ысырып қойып менің кейіпкерім бірдеңе жазып отыр, қалам оның тамырлары тарамдалған, ұзын салалы саусақтарының ұшына ғана ілініп тұрғандай көрінді. Мені көре салысымен, орнынан тұрып амандасып, терезе жақтағы орындықты нұсқады. Келе жатқандағы қобалжуымнан жұрнақ да қалмады. Бидай өңді, қыр мұрынды кейіпкерімнің шашы ағарғаны болмаса, алпысқа қимас едіңіз. Менің қобалжуымды жаңбырдан кейін ашылған күндей сейілткен оның нұрлы, жылылыққа толы жанары болды. Адамға қарағанда сондай мейіріммен қарайды екен. Сірә, адамның жанары оның жүрегінің айнасы деп кім айтса да тауып айтқан екен деп ойладым. Мен кейіпкерімнің қарапайымдығына таң қалдым. Күлімсіреп отырып айтқан әңгімесін тыңдай отырып, ҚР Халық әртісі Тұяқберді Шәмеловтің «Шеберлердің ішінде туа бітті жартылысынан шебер болып туған табиғи таланттар бар. Оларға өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды. Мен Жолаушы Тұрдығұловты нағыз табиғи шеберлер қатарына қосар едім. Азаматтығы бір төбе» деп жазған жүрекжарды, ақжарма ойлары көңілімде орала берді.

Иә, әңгімеміздің арқауы Абай атындағы Ұлттық педагогика университеті көркемсурет факультеті қолөнер кафедрасының профессоры,ҚР суретшілер одағының мүшесі, ҚР «Мәдениет қайраткері», домбыра, қобыз, сырнай, сазсырнай, жетіген аспаптарын жасаудың шебері Тұрдығұлов Жолаушы Әбілғазыұлы ұлттық өнердің көсегесін көгертуде орасан еңбек етіп жүрген бірегей азамат.
Сегіз қырлы
Өнер – әсемдіктің ең жоғарғы түрі, өйткені ол табиғаттың әсемдігін де, адам еңбегімен жасалған заттардың әсемдігінде, сол адамның ұлылығы мен сұлулығын да, оның ой-арманын да өз бойына жинақтап, жан-жақты бейнелей алады. Қолөнер – өресі биік, өрісі кең өнер. Қолөнер – халық қолөнерімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатыр.

Қазақ халқының жан сезімі, жан серігі-домбыра. Домбыра-халық даналығы. Ол халқымыздың өмір тәжірибесі мен табиғат, адам, әлем туралы білімдерін, ескі діни наным - сенімдері мен философиялық көзқарасын бейнелеп, оларды атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырды. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі. Киелі домбырадан қоңыр сазды күмбірлеген күй тартылғанда «құлақтан кіріп бойды алған» әуенге қазақ халқы ғана емес өзге халықтар да тебіреніп, тамсанады. Оның негізі ұлттық аспабтың киесінде жатыр. «Домбыра – ән мен күйді тудырушы музкалық аспап болса, күй мен ән-жыр ата-бабамыздан қалған  қазына. Ал халықтық дәстүрлі өнер – қазіргінің бұрынғы көзі. Ғасырдан ғасырға өзгерместен қаз-қалпында ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан тірі дәстүр. Ол ешқандай ғасырдың ағымына қарай ешқандай экологиялық, экономикалық, ғылыми-техникалық қиындыққа ұшырамауы керек. Халықтық қолөнер – халықтың жан дүниесінен пайда болған, көркем ойлар әлемі», – дейді Жолаушы Тұрдығұлов. Шебер ұстаз киелі аспапта ойнау және оны жасау өнеріне бала кезден ынтық болыпты. Ол Қазақстан облысы, Марқақөл ауданы Теректі ауылында 1950 жылдың көктемінде дүниеге келген. Балалық шағы Марқа өңірінде өтті. Балдәурен балалықтың жазы Тоғыз жайлауда, Ақтайлақ, Балуантас жайлауында өткен. Әкесі Әбілғазы Мұстапаұлы мен шешесі Шәмшия Еңсеқызы екі ұл, сегіз қыз өсірген өнегелі жандар. Жолаушы Тұрдығұловтың іні-қарындастарының барлығы домбыра тартып, ән салатын, өнерге жақын болып өсіпті. «Таудағы сыңсыған қарағайлы орман, су жағасындағы сәмбі талдар, барлығы да бала Жолаудың қиялында ерекше болушы еді. Сол сәмбі талдардан иіп садақ жасап, ағаштан ойыншық машиналардың түр-түрін жасап, шеше – жеңгелерімізге ұршық жасап, әкемізбен отыра қалып қамшы өріп, қызыл тобылғыдан қамшының сабын қиып, ертелі кеш жалықпайтын» деп шебердің тай құлындай ойнақтаған бал дәурен, бала күндерін еске алады қарындасы Тоты Әбілғазықызы. Табиғаты сұлу Марқакөл өңірі талай талантты азаматты тәрбиелеп өсірген өлке .1968 жылы Теректі орта мектебін бітірген шәкірт Жолаушы Тұрдығұловты ұстаздары еңбекқор, білімге құштар, алғыр болып өскенін айтады. Әсіресе сурет салуға өте құштар болғандығын, сурет сабағынан дәріс берген соғыс ардагері Саяков Александр Емельянович «келешегінен үлкен үміт күтетін шәкірт» деп тұлпарды тай кезінен аңғарғарғандай.

Шебер алғашқы домбырасын Қиыр шығыста әскерде жүргенде жасаған. Тұған жерге деген сағыныш Қиырда жүрген өнерпазға домбыра жасатып, ән салдырмай, күй тартқызбай қоймаса керек. Әрине бұл қазақтың қанында, тегінде бар ұлы қасиет. Шебердің қиырда жүріп домбыра жасауы, өнерге деген құштарлығы әрі еліне, жеріне деген сағынышы мен шексіз сүйіспеншілігі болса керек. Шебердің әскерде жасаған алғашқы домбырасы жайлы тебірене әңгімелегенде, оның жанарынан бір ұшқын жалт-жұлт етіп, жат елде жүріп жасаған алғашқы туындысын жан-жүрегі елжірей еске алады. Әскерден келген соң Жолаушы Тұрдығұлов Марқакөл аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа орналасады. Жас жігіт Жолаушы Тұрдықұлов Ораз Кәкеев, Зейнолла Омаров, Марат Сақатов, Көшен Марқабаев, Әнуарбек Отарбаев, Қарагөз Болатова сынды аймақтық мәдениет саласын дамытқан, жас таланттарды шыңдаған өнерпаз-қайраткерлердің ортасына түсті. «Жанам деген жүрекке от беретін»ортада Жолаушы Тұрдығұлов таланты жан-жақты ашылып, ширай түсті. «Ақтолқын» ән-би ансамблінің, «Сәуле» үгіт театрының әртісі, суретші-жарнамашы, домбырашы, музыкалық аспаптарға реставрация жасаушы сынды бірнеше қызметті қатар атқарды. 1974-1977 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің жолдамасымен Алматыдағы көркем сурет училищесінде оқып, халықтық және кәсіби театр суретші-қоюшы маманы болып шығады. Осы мамандығы бойынша талант иесі драма театрының, «сәуле» үгіт театрының сахналық көріністерін, деклорацияларын жасап, жемісті еңбек етеді. Осындай өнер түрлерін меңгерген шебер жайлы әріптесі Қарагөз Болатова былай еске алады: «Жолаушының сол жылдары марқа өнерпаздарының атақ-абыройына қосқан үлесі зор. Домбырада ойнауды шеберлікпен меңгерді, ал дауысы қандай еді. Жыр дүлдүлі Кенен атамыздың «Базар-Назарын», Балуан Шолақтық «Ғалиясын», халық әндерін беріле, сырлы сезіммен орындайтын».1980 жылы Ұлы жеңістің 35 жылдығына арналған патриоттық әндердің бірінші Бүкілодақтық сайысына қатысып, лауереат атанды.

Ұстаның шеберлігі құралда емес – жүректе ......

Қазіргі кезде  домбыраның 20-дан астам түрлері бар. Олардың ішінде  - ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар, кең шанақты (екі нұсқасы), балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер, оркестр домбыралары: қоңыр дауысты (альт), жіңішке дауысты (прима), ащы дауысты (секунда) бас домбыралар (екі нұсқасы) бар», – дейді ҚР мәдениет қайраткері Ж. Тұрдығұлов. Шебер-ұстаздың  айтуынша,   домбыра жасаудың қыр-сыры ғасырлар бойында атадан балаға, ұстаздан шәкіртке беріліп келе жатқан асыл мұра. Бейнет түбі-береке демекші, табанды ізденістер мен қажырлы жұмыстар домбыра жасаушыны шеберліктің шыңына жетелейді. 1985-1992 жылдар аралығында Алматы қаласының «Қазмузреставрациясында» суретші-реставратор болып жұмыс істеді. Осында домбыра жасаумен айналыса бастады. Қазақ ұлттық саз өнерін зерттей келе аспаптарды қайта өңдеу мен дайындау өнерінің сырларына терең үңіле түсті. Аспаптың бүлінген сыртқы қаптамасын күрделі жөндеуден өткізе отырып, қалпына келтіріп, оларға өмір сыйлап, мың құбылған , сан түрлі әуез төгуге қайта бейімдеді. Халық әндерін жақсы білетін ол өзінің орындаушылық шеберлігін де шыңдай түсті. Фабрикадан шыққан домбыраларға көңілі толмады. Шебер ұлттық аспаптарды жетілдіремін деп алдына ірі мақсат қойды, таудай талабы қанат бітірді, ыстық қайраты мен жігері шабыттандырды. Осынау киелі өнерге бар ынтасымен ден қойды. Шығармашылыққа деген құштарлық Жолаушы Тұрдығұловқа осы жеткен межесінде тоқтап қалуға жол бермеді, білімін кеңейтуге деген ынтасы алға жетеледі. Іс- тәжірибесін жастарға жеткізу тәсілдерін таба білуге деген ықыласы суретші –педагогтің соқпақты жолды таңдап алуға себеп болды. Шебердің болашақ өмір жолы мен негізгі ұстанымдарын айқындап берген кезең- оның Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетіне түсіп, білім алуы еді. Аталған білім ордасын1992 жылы аяқтап, өзі оқыған факультетке оқытушылыққа тартылды.

Ұстаздық ете жүріп, ұзақ жылдар бойы қажымай айналысып, ағаштың үн шығару, әуездік қасиетін әбден зерттеп, үні – сазды, тілі шешен домбыралар жасады. Шебердің қолынан шыққан домбыралар бәйгенің алдын бермей келеді. ҚР халық әртісі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев өнер иесінің шеберлігіне «Жолаушы хас шебердің ішінде көзге ең көп көрініп, жұрт аузына ең көп ілігіп жүрген тума талант иесі. Домбырасын әр түрлі ағаштан жасайды. Оның ішінде өрік, алма ағашы, жаңғақ ағашы, үйеңкі, қайың, бұйра қайың сияқты ағаштарды іздеп тауып, жинап жүреді. Жолаушының артық жері ғылыми ізденіспен жасайды. Өз ісіне атүтті қарамайды. Өте көр ізденеді. Қанша домбыра жасап жүргенін білмеймін, бірақ қақпағынан шанағына дейін ғылыми жолмен зерттеуді әдетке айналдырған. Қандай ағаштан, қандай әдемі үн шығатынын жақсы біледі» деп тамсана баға береді. Болатбек Төлепберген деген журналистке берген сұқпатында шебер: «Әр ағаштың өз қасиеті бар. Айталық, шыршаның музыкалық акустикасы жоғары. Қайың мен шетеннен жасаған шана мықты болса, теректен жасаған астау тозбайды екен. Мойыл, аршадан ыдыстар жасалынған, оған құйылған судың иісі өзгермеуі өз алдына, ағаш тіпті судың микробтарын өлтіретіндігі жөнінде дерек бар» деп ағаштардың ерекшелігін зерттеп, зерделеп жүретінінен хабардар етеді. Жолаушы Тұрдығұловты ағаштардың акустикалық қасиетін анықтап жүрген еліміздегі тұңғыш ғалым десек те артық айтқандық болмас.

Жүзден жүйрік...

Ұлттық қолданбалы өнер көшпенділердің рухани байлықтарының ұмыт болған құндылықтарын қайта жаңғырту Жолаушы Тұрдығұловтың негізгі мақсатына айналған, өйткені саз аспабының сырт көрінісі әдемі болғанымен, өз бетінше адамға қызмет ете алмайды, тек адам қолында ғана тіріліп, әрбір дыбысы жинақтала келе жүрек қылын шертіп, жан дүниең әсем сазға бөленеді. Жасалу тәсілі мен ою –өрнегінің философиялық ерекшелігімен дараланған Жолаушы Тұрдығұловтың қылқобызы мен домбыралары жоғары деңгейлі байқаулардан Гран-Приді иеленуі, шебердің өз ісінің майталманы екенін айғақтап берді.

1992 жылы ұлттық аспаптар дайындаудан «Үкілі домбыра» халықаралық конкурсының лауреаты атанып, үшінші орынды иеленді. 1993жылдан бастап қазірге дейін Абай атындағы ҚазҰПУ қолданбалы өнер факультетінде ұстаздық қызметін атқаруда. «Композиция», «Жобалау», «Ағаш өңдеу», «Дәстүрлі материалдар», «Өндірістің білім беру», «Тәжірибелік білім беру» пәндерінен дәріс береді. Дәстүрлі өнерді заманауи шығармашылық ізденістерімен ұштастырып, жетілдіріп отырады .

1994 жылы «Үкілі домбыра»республикалық байқауының лауреаты атанып, бірінші орынды иеленді. Ал, 1996 жылы Үшінші Республикалық «Үкілі домбыра» байқауының бас жүлдесін қанжығасына байлап, «Алтын домбыра» арнайы жүлдені қанжығасына байлады.

1998 жылдың маусым айында Австрияның Мольне қаласында өткен ІІІ Халықаралық конгресінде мамандар тарапынан Жолаушы Тұрдықұлов жасаған нарқобыз халықаралық деңгейдегі жоғары бағаланды. Шебер жасаған музыкалық аспаптар халықаралық дәрежеде бағалана бастады. 2000 жылы ердің жасына толған Жолаушы Тұрдығұлов шығармашылық кеші және музыкалық аспар көрмесін өткізді.

Шебер қолынан шыққан домбыралармен жас күйшілер, әншілер бірінен кейін бірі халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атанды.

2001 жылы ҚР Суретшілер Одағының мүшесі болды. Член Союза Художников РК.

Жолаушы Әбілғазыұлының ұлттық өнерді дамытудағы ерен еңбегі ескеріліп ҚР Мәдениет министрлігі 2005 жылы «Мәдениет қайраткері» жоғары атағын алды. Құрманғазы атындағы Академиялық халық аспаптар оркестріне домбыра жасау үшін 2007 жылы байқау жарияланып, байқау нәтижесінде республикадағы саз аспаптарын жасаушы шеберлердің ішінен Жолаушы Тұрдығұловтың жасаған домбырасы лайық деп танылып, арнайы тапсырыспен 20 домбыра жасалды. Аталған домбыралардың сапасының жоғарылығымен оркестр өнерпаздары биіктерді бағындыруда. Сол жылы қолөнер шебері «Әлем-арт»республикалық сайысына арнайы тапсырыспен Гран-при жүлдесіне арналған домбыралар жасады. Дыбысы мен безендірілуі ерекше домбыралар аталған байқау жеңімпаздарына тапсылырды.

2007 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің шығармашылық және педагогикалық жолының дәрежесінде профессор академиялық атағы берілді. Ғалым ұстазға 2008 жылы осы университеттің «Құрметті қызметкері» медалін тапсырды. Ж.А. Тұрдығұловтың жасаған саз аспаптары Қазақстанның өнер қайраткерлерінің қолынан табылып қана қоймай, Германия, Жапония, Қытай, Монголия, ТМД елдерінен кездестіруге болады. Америкада ашылған Әлем музыка аспаптарының мұражайынан шебердің екі домбырасы орын алды.

Жолаушы Тұрдығұлов жасаған аспаптармен Қазақстан өнер қайраткерлері дүниежүзілік өнер байқауларында үлкен жетістіктерге жетуде. Еліміздегі танымал өнер тарландары мен ҚР халық әртістері: Қайрат |Байболсынов, Алтынбек Қоразбаев, Бекболат Тілеухан еңбегі сіңген әртістері: Секен Тұрысбеков, Мақпал Жүнісова, Майра Ілиясова, Айгул Қосанова. У. Бекенов, Құдайбергеновтар, А. Еңсепов, Сәуле Жанпейісова, Жанар Айжанова, Айгүл Үлкенбаева, Қарақат Әбілдина «ДосМұқасан» ансамблі, «НұрМұқасан» тобы, «Мұзарт» тобы және республикамыздың өңірлік ұлттық оркестрлерінде Жолаушы Тұрдығұлов аспаптары туынды иесінің хас шебер екенін дәлелдеп келеді.

Жолаушы Тұрдығұловты «Қобыздың дамуына үлкен үлес қосқан шебер» дейді білім беру ісінің үздігі, қылқобызшы Әбдіманат Жұмабеков. Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің балаларына арнап жасаған қылқобыздарында мін жоқ. Өнерге енді ғана қадам басым келе жатқан кішкентай бүлдіршіндерді баулуда шебер туындылары қалтқысыз қызмет етіп келеді. Қобызшы Саян Ақмолда «Қандай аспабы болсын қобызын, нарқобызын сахнаға алып шығып жүрмін. Жолаушы ағаның нар қобызымен ұлкен-үлкен сахналарға шықтық. Жыраулар фестивалін нар қобызбен ашып жүрміз. Жалпы маған Жолаушы ағамен жұмыс істеген өте жеңіл» дейді. Үлкеннің де кішінің де қас-қабағына қарап, көңілін тауып жұмыс істейтін кішіпейіл шебер жайлы толғаныстар мен тебіреністер, ақжарма көңілден шыққан тілектер ұшан-теңіз. Өнер қайраткері қазақ халқының үздік қылқобыз жасау шеберлерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Дана қобыз» байқау-бәйгесінің бас жүлдесі «Алтын қобыз» сыйлығының тұңғыш иегері атанды. Жолаушы Тұрдығұлов жасаған аспаптар- ежелгі қазақ қолөнер дәстүрлерінің өміршеңдігі мен жан-жақтылығының, оларды заман талаптарына сай дәріптеудің айшықты үлгісі.

«Ол жай ғана домбыра жасамайды, акустикалық ерекшелігіне мән береді. Көне аспаптарды жөндей отырып, астарына үңіледі. Домбыралардың дыбысын молайтуға күш салады. Сазын қалай қалпына келтіруге болатынын бағамдайды. Қандай ағашты пайдалану керектігіне дейін іздейтін. Тіпті, қандай ішек жақсы шығады, қандай ішек нашар шығады, соған да ден қояды» деп жазады мәдениет қайраткері Абдулхамит Райымбергенов. Жолаушы Тұрдығұлов соңғы кезде сүйектен жасаудың жаңа технологияларын ойлап тапты. Сүйекті ұнтақтап, оны қайта қатырып, домбыраның дыбысына әсер етпейтіндей етіп, бұрын-соңды ешкім, еш жерде қолданбаған технологияны пайдаланып жүр.



Әрқайсысы өз ерекшелігімен дараланған екі мыңнан аса домбыраны, жүз шақты қобызды, жиырмадан астам қылқобыз бен жетігенді дүниеге әкелген Ж. Тұрдығұловтың бағындыратын шығармашылық шыңдары әлі де алда деп ойлаймын. Аспаптарының барлығы мұражай экспонатына айналмай, толыққанды «өмір сүріп», саз әлемінің қайнаған тіршілігінің куәсі болып жүр. Домбыра оркестрлеріндегі көпдауысты әуенді әшекейлеп құлағымызға жеткізіп, күмбірлетіп күй төгіп жүректі толқытып, көңілді шалқытатын «құлақтан кіріп бойды алған» Жолаушы Тұрдығұловтың аспаптары, ұлттық саз өнерін жалғастырып, дамытуда.






Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы



























Көркемдік әлемі шынайы дарын иелерін ғана қабылдайды. Бұл әлемнен өз орнын табу үшін табиғат дарытқан талант пен адал еңбек қажет. Өнердің құндылығы субъективті бағалаумен өлшенбейді. Нағыз өнер – тұнық көркемдік әлемі, оған тазалық пен шынайылық тән. Ұлт өнері кез келген адам көтере алмайтын ауыр жүк. Құ­пиясы көп, сыры мол көркемдік әлеміне бір үміт жетелеп келген жеткіншектің қабілетін шыңдап, өнер өлкесінен өз орнын табуына мұрындық болатын да осы орта және Жолаушы Тұрдығұловтай ұлағатты ұстаздар. Ондаған жылдар бойы қазақ өнерінің көкжиегін кеңейту мақсатында талантты талапкерлердің шеберлік қабілетін дамытып, өресін кеңейтіп, өнер биігіне қанаттандыру жолында зор үлес қосқан өнер- ұстаз Жолаушы Тұрдығұлов. Ол дәріс беретін факультет ұлт өне­рінің өресін биіктетіп келе жатқан бірегей білім ордасы. Көркем сурет педагогикасына, графи­каға, кескіндемеге, сәнді қолданбалы өнерге, ұлттық музыка мен би өнерінің кәсіби мамандарын даярлауда ұстаздар тер төгіп келеді. Жансыз томардан көркем мүсін ою үшін шеберханада қанша уақыт отыру керек? Музыкалық аспап жасауға ше? Бұл сұрақты өнердің өмір­шеңдігін шәкірттеріне ұқтыра білген факуль­теттің ұлағаты мол ұстаз-шеберлеріне қою керек. Өнер туындысы оның авторын ғана емес, бүкіл ұлтты танытады. Күншығыс елінен Алматыға келген талантты жігіт Такахаши Наоки қазақтың сек­сен дәстүрлі әні мен он күйін нақышына кел­тіріп орындайды. Еліне кетерінде «Қазақконцерт» залында дүрілдетіп концерт берген. Такахаши бір сұхбатында: «Қасиетті домбыраны қолыма алып, әнді бастағанда арқаланып кетемін», – деген еді. Такахаши Наокиге бұл домбыраны ұстатқан музыка аспаптарын жасаудың бірегей шебері, ұлағатты ұстаз Жолаушы Тұрдығұлов болатын. Жапон жігіті осы домбырамен Әміре Қашаубаев атындағы Республикалық әншілер байқауының жеңімпазы болды. Такахаши сан сол домбырамен Азияның көптеген елінде қазақ әнін әуелет­ті. Әншінің бағы жанса, ең алдымен Жолаушы Тұрдығұловтай шебер ұстаздардың арқасы.
Жолаушы Тұрдықұловтай ұстаз­дармен олардың шәкірттерінің қолынан шыққан өнер туындылары Швеция, Түркия, Франция, Корея, АҚШ, Ресей, Чехия, Канада, Мысыр, т.б. шет мемлекеттердің мұражайларынан орын алған. Ұстаз Жолаушы Тұрдығұловтың бәйгенің алдын бермей келе жатқан шәкірттері өте көп. Сондай шәкіртерінің бірі Тежекенов Айтмұхамбет 1998 жылы «Үкілі домбыра» байқауында 1 орынды, 2005 жылы осы байқауда тағы да бірінші орынды ала отырып, 2008 жылы болған «Үкілі домбыра» байқау- бәйгесінде бас жүлдені жеңіп алды. Аталмыш бәйгенің 2008 жылғы байқауында шебер-ұстаз шәкірттері Жұмабаев Ғани 1 орынды, Жанасылов талғат ІІІ орынды жеңіп алып ұстаздары Жолаушы Тұрдығұловтың есімін асқақтатып, даңқа бөледі. Домбыра жасаудың әліпбиінен бастап, күрделі кезеңдеріне дейін тәптіштеп, жалықпай үйреткен ұзтаз еңбегі жанып, шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленіп, мерейі тасып, даңқы шарықтап жүрген жайы бар. 2010 жылы ұстаз Жолаушы Тұрдығұловқа Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеттің «Үздік ұстаз» медалі табысталды. Ал 2011 жылы «Шебер- 2011» ІІІ Республикалық байқауының «Асыл ұстаз» номинациясын жеңіп алды.

Ұстаз өз шәкірттеріне шеберлігінің құпияларын ашып қана қоймай,оның қыр-сырын терең меңгертіп, санасына сіңіретін мұрагерлік қағидасына сәйкес дәстүрлі ұлттық қолөнердің де өрісін кеңейтіп, жандандырып, жетілдіріп келеді. Шеберлікті ұрпақтан – ұрпаққа жеткізу үрдісі туралы сөз қозғағанда алдымен шәкірттің ұлттық сезімін ояту, қазақтың төл өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыру тұрғысынан келгенде, Жолаушы Тұрдығұловтай ұстаздың өмірі-үлгі, жолы –мектеп. Ішкі және сыртқы үйлесімділікке қол жеткізген ұстаз, өнер мен шығармашылық қиялдың шынайы қасиетін шәкірттеріне ұғындырудан жалыққан емес. «Ақырын жүріп, анық басқан» нағыз ұстаздан сабақ алған шәкірттер де бақытты.















Жігіттің жайсаңы, азаматтың асылы....

Әңгімеміздің басында осында халықаралық деңгейдегі шебер, ғалым-ұстазды алғаш көргендегі әсерімізбен бөліскен едік. Енді ол жайлы ірі өнер тұлғаларының пікіріне тоқталып өткім келеді. ҚР еңбек сіңірген әртісі, күйші композитор Секен Тұрысбеков: «Жалпы екеуміздің шығармашылық қарым-қатнас орнатқанымызға жиырма жылдан асыпты. Көп дүниенің парқын білетін жігіт. Барды да, жоқты да көрген. Ақ пен қараны ажырата алады. Жақсы мен жаманды таниды. Ащы мен тәттінің дәмін татқан. Жылы мен суықты көтере алады. Достықтың қадірін біледі» дейді. Жолаушы Тұрдығұлов туындыларына риза болған өнер қайраткерлерінің қай- қайсысы болмасын, оның шеберлігімен қатар азаматтық қадір- қасиетін жоғары бағалайды. Кішіпейілділік пен қарапайымдылық оның өнер иесіне тән өр тұлғасына ерекше сән беріп, дамгершілігі мен азаматтығын айшықтай түседі. «Ойыңның дәл үстінен түсіп, көзіңдегіні көріп, тани білетін тұлға. Ақшаға, атаққа емес, абыройға жұмыс істейтін кісі. Адамгершілігі мол» дейді қазақтың қара көз әнші қызы Қарақат Әбілдина. Ал «Ұлытау» тобының домбырашысы Ержан Әлімбетов: «біздің қандай да бір жеткен жетістігіміз, жинаған беделіміз, ел алдында жинаған абыройымыз болса, кімде-кімге біздің домбырамыздың үні, күйі ұнап жатса, ол Жолаушы Тұрдығұловтың еңбегі» деп ағынан жарылады. Шебер алдына келген күйшінің, әншінің, өнерпаздың қас қабағына қарап, көңіліндегісін дөп басып, ыстық ықыласына бөленсе, оның жаны таза, жайсаң жан екендігінің айғағы. Мына өмірге адам болып келіп, адам боп кетуден асқан бақыт бар ма...... Атақ, даңқ, мансап, байлық та Жолаушыдай тұлғаның азаматтық бейнесіне қылдай да дақ түсіре алмаған. Демек, шебер рухы биік, намысы асқақ, тұғырлы тұлға болғаны.

Ол ірі талант қана емес, өз елінің патриоты. Оның ұлттық аспаптарға деген құштарлығы, ұлтына деген сүйіспеншілігі. Ұлтымыздың атадан-балаға мирас болып кел жатқан асыл мұрасын көзінің қарашығындай күтіп, баптап, сылап-сипап, қастерлейді. Азаматтың ұлтына деген шексіз махаббаты мен сүйіспеншілігінен асқан ғаламат жоқ –ау сірә...

«Домбыра – ән мен күйді тудырушы музыкалық аспап болса, күй мен ән-жыр ата-бабамыздан қалған  қазына. Ал халықтық дәстүрлі өнер – қазіргінің бұрынғы көзі. Ғасырдан ғасырға өзгерместен қаз-қалпында ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан тірі дәстүр. Ол ешқандай ғасырдың ағымына қарай ешқандай экологиялық, экономикалық, ғылыми-техникалық қиындыққа ұшырамауы керек. Халықтық қолөнер – халықтың жан дүниесінен пайда болған, көркем ойлар әлемі», – деген ойларымен Жолаушы Тұрдығұлов Ұлттың өнер жанашыры ретінде даңқы асқақтай бермек.



Мәрия Жұмақожақызы
Каталог: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> Біз – ниеті ғарыштағы елміз
Annotations -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
Annotations -> Ақын, ғалым, әлде малшы болармын
Annotations -> Білім және ғылым министрлігі
Annotations -> Наурыз – ирандық-зороастрлықтардың төл мерекесі
Annotations -> «Ќырєи-ќабаќ соєысы» кезеѕіндегі АЌШ-тыѕ сыртќы саяси стратегиясындаєы Жапонияныѕ рґлі
Annotations -> Бижанова Айгүл Рабханқызы Қазақстан республикасы заңындағы бағалы қАҒаздарға жанама байланысты қылмыстар алматы, 2012
Annotations -> 2013 жыл «Қазақ» газетіне: Қазақ жолы
Annotations -> Өткен сенбіде үйде демалып жатқанымда, есіктің сыртынан тықыр естілді. Іле қоңырау шырылдады. Сұрамастан аша салдым. Екі балаң жігіт тұр екен. «Аға, жарапазан ғой» деді де, домбыраны қағып-қағып жіберіп, әнге басты


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет