23 қаңтарға қараған түні Алматыда 5 балдық жер сілкінісі болып, көпшіліктің зәресін алған еді. Осы тұста тұрғындар үй жануарларының қауіпті алдын ала сезгенін аңғарған. Айтуларынша, сілкініс орын алар алдында мысықтар қайта-қайта иелеріне мияулап, иттер мазасыздана үріп, құстар да шырылдап түсініксіз әрекеттер жасаған. Stan.kz тілшісі маманнан жануарлардың не үшін мазасызданатынын сұрап көрді.

Cурет желі кадрларынан

Желі қолданушылары оқиғадан соң үй жануарларының мазасыздығы текке болмағанын айтады. 

“Мысығым жанымда ұйықтап жатты, тіпті қозғалмады. Ал итім болса жер сілкінуден бір минут бұрын бөлменің қақ ортасында басын төбеге көтеріп, үре бастады. Үріп кейін кідіріп біртүрлі әрекет жасады. Қоймаған соң тәпішкемді лақтырдым. Ол орнынан міз бақпады. Сол бойда жер сілкінісі сезілді. Итім отырған орнынан қозғалмады. Тек екінші дүмпуден кейін ғана ұйықтауға орнына кетті”, – деді Лора Весна атты Faceboock қолданушысы. 

Тағы бір алматылық тұрғын Тарлан атты итінің есік алдына тығылып үздіксіз үргенін айтады. 

“Жер сілкінісі болар 10-15 минут алдында итім үре бастады. Содан жер сілкінісі аяқталғанша мазасызданып, үрді. Кейін дүмпу аяқталған соң ғана тынышталды”, – деді тұрғын.

Сонымен қатар желіде пікір қалдырушылар ата-бабаларымыздың табиғат құбылыстарын жан-жануарлардың іс әрекетіне қарап алдын ала болжағанын еске салды.

“Таңғалдым. Тоты құсым жер сілкінісі алдында бір-екі минут бұрын шырылдап кетті. Қанатын қағып, шиқылдап, тордың ішін айналды. Анам “мынаған не болды” деп айтып үлгергенше, жер теңселіп кетті. Сонда бұл сезіп қойды ма, әлде кездейсоқтық па? Бұрын ондай әдеті жоқ еді”, – деді Faceboock қолданушысы Асхат Қасанғали.  

Тағы бір алматылық мысығының жер сілкінісіне 30 минут бұрын қалай белгі бергенін көрсетті. 

@lada.mamilyanova кот внезапно начал кричать перед землятресением! #алматы #землятресение #кот ♬ оригинальный звук — Лада

Алматылықтар сонымен қатар сырттағы құстардың да мазасыз ұшқанын көргендерін жарыса жазуда. Әсіресе иттер бірінен соң бірі үріп, әрі-бері шапқан екен. Кей желі қолданушысы “Мысығым алдын ала сезіп, үйге кіргізбей тұр екен ғой”, – деп жазды.

@berikkovaa.n Через секунду все и началось🤲🏽💔#жерсілкінісі #землитрисение #ушу #мысық #кошка #рекомендации ♬ Ты не такая как все — Nurik Barmakov

Осы тұста ветеринар Дархан Қалматайұлы жануарлардың табиғи апат алдында өздерін тынымсыз ұстауының бірнеше ғылыми тұжырымдамасы барын алға тартты. 

“Үй жануарлары, құстар, жалпы жануарлардың желіде қалай иелеріне қауіп туралы сигнал беріп жатқанын көріп отырмыз. Осыған байланысты бірнеше теориялар зерттелген. Солардың бірі ғалымдар жер сілкінісінің эпицентрінде ең бірінші жойқын дүмпуден бұрын кішігірім толқындар пайда болатынын айтады. Жай күйде бұл теңселулерді адам сезбейді. Ал жануарлар мұны бірден аңғарады. Сол кезде олар түсініксіз әрекеттер көрсете бастайды. Олар қауіпті 10-15 минут бұрын сезуі мүмкін. Ал кейде бір тәулік бұрын байқайды. Тағы бір жағдайда ғалымдар мынадай теорияны алға тартады. Зілзала болмас бұрын жердің беткі қабатында микрореакция жүреді. Бұл реакцияны жануарлар адамдардан бұрын сезеді. Бұл әрине ғылыми түрде дәлелденбесе де осындай маңызды тұжырымдамалар бар”, – деді маман. 

Маман Түркиядағы зілзалада да мұндай жағдайдың қайталанғанын еске салды және жануарлардың барлығы бірдей мұндай тылсым жайтты сезбейтінін жеткізді.

“Мұндай құбылыс күнде бола бермейтіндіктен бұл жануарлар үшін үлкен қорқыныш тудырады. Сондықтан олар өздерінің агрессия, қорқынышын сыртқа осылай шығарады”, – деп қосты маман. 

Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.