Аќпан т¤Њкерісі т¦сындаѓы оњТ‡стік ќазаќстанныњ



жүктеу 81.43 Kb.
Дата06.05.2019
өлшемі81.43 Kb.



АҚПАН ТӨҢКЕРІСІ ТҰСЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАННЫҢ

ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ
Тобаджанов Р.Т.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз


ХІХ ғасырдың ІІ жартысының басында патшалық Ресейдің еуропалық мемлекеттермен болған соғыстарда жеңіліс табуы халықаралық қатынастарда оның беделін едәуір деңгейде төмендетіп, империясындағы дамып келе жатқан капиталистік қатынастарға үлкен соққы болып тиді. Осы соғыстың салдарынан өнеркәсібі мен саудасы аса қажет еткен рыноктары мен арзан шикізат көздерінің мол қоры бар Қара теңіз жағалаулары мен Таяу Шығыс елдеріне деген ұмтылысы тоқтап қалды. Сондықтан патша өкіметі экономикасы мен империялық мүддесі үшін Орталық Азияны тездетіп экспансиялауға көшеді.

Сол себептен патша өкіметі империя билігіне кірген қазақ жерлерінде отаршылдық саясатты күшейтіп, ерекше әскери және әкімшілік басқару тетіктерін енгізіп, Оңтүстік Қазақстанды толық жаулап алуды аяқтау және Орталық Азияға басып кіру үшін дайындық іс-шараларына кіріседі. «Капитализмнің дамуы,-деп жазады,- Г. Сафаров,- дүниежүзінің шикізатқа деген сұранысын күшейтіп және бәсекелестікті шиеленістіріп, отарлық иеліктер үшін қырғын соғыстарға алып келді» 1, с.60.

1867 жылдың 11 шілдесінде бекітілген «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару Ережесінің жобасы» негізінде, облыстар аумағындағы жергілікті басқарудың барлық сатысына тиесілі атқарылатын жұмыс мазмұны белгіленген еді. Жетісу облысында Ереже бойынша бес уез құрылды: олар – Сергиополь, Қапал, Верный, Ыстықкөл және Тоқмақ. Ал кейінгі қайта құрулардан кейін облыс 6 уезге – Верный, Қапал, Жаркент, Лепсі, Пішпек пен Пржевальск болып бөлінді. Әрбір уез рулық емес территориялық принцип бойынша құрылды.

Жетісу облысы Түркістан облысының солтүстік қанатынан және Семей облыстары аймақтары Алатау, Қапал, Сергиопольдан 1867 жылы құрылған. Жер бөлу бөлімінің есебі бойынша облыстың территориясы 353016 кв. шақырымды құрады.

1884 жылғы есеп бойынша, облыстың тұрғындарының саны 134937 киіз үйлі көшпенділерден (945 қалмақтар, 133992 қазақтар) және отырықшы тұрғындар - 22476 қазақтар, 1420 жоғары шендегілер тегі, 890 көпестер, 10594 мещандар, 21231 шаруалар, 4330 отставкідегі және запастағы төменгі шендегілермен олардың жанұясы, 9832 тұрақты әскери қызметтегілер, 17043 тараншылар, 9518 дұнғандар және 9372 басқа тектегілерден құралды. Барлығы, көшпенділер - 528928, отырықшы тұрғындар - 136706, қорыта айтқанда облыс тұрғындары 665634 жанды құрады.

Түркiстан Генерал-губернаторлығының құрамындағы Сырдария облысы патша үкiметiнiң шешiмiмен 1887 жылдың 1-i қаңтарында құрылды. Сырдария облысы әкiмшiлiк-территориялық тұрғыдан Ташкент, Черняев (Шымкент), Әулиеата, Перовск (Ақмешiт) және Қазалы уездерiне бөлiндi.

Сырдария облысы шығысында Шу өзенiнiң, батысында Арал теңiзiне дейiнгi, солтүстiгiнде Балқаш көлi мен Бетпақдаланың, оңтүстiгiнде Әмудария мен Каспий теңiзiнiң жағалауларына дейiнгi көлемi 459 мың шаршы км (верст) ұланғайыр территорияны алып жатты [2, 6 б.].

Бұл жер Бұхар мен Хиуа хандығын санамағанда Түркiстан өлкесi территориясының үштен бiрi едi. Облыс халқының саны 1914 жылғы есеп бойынша 1.930.878 адамға немесе Түркiстан өлкесi тұрғындарының үштен бiрiне тең болды (Түркiстан өлкесi халқының жалпы саны 5.943.790 адам едi). Облысты мекендеген халықтың 313.776-ы немесе барлық тұрғындардың 18,8 % қалаларда, ал 1.566.142-i ауыл, қыстақ және селоларда тұрды. Халық санын уездерге шаққанда Ташкент уезiнде - 415.452, Қазалы уезiнде - 232.577 және Перовск уезiнде - 176.703 адам болды. Ең үлкен қала - 247.023 халқы бар Ташкент едi. Қалған қалалардың тұрғындары саны 14 мыңнан 20 мыңның арасында болды: Қазалыда - 19.737 адам, Перовскiде – 14.581. Түркiстанда - 19.522, Әулиеатада - 20.327, Шымкентте - 19.586 кiсi өмiр сүрдi.

Облыстың ұлттық құрамын төмендегi көрсеткiштер белгiлейдi: қазақтар мен қырғыздар - 1.138.059 адам, өзбектер - 436.528, орыстар - 103.500, қарақалпақтар - 111.425, тәжiктер - 8.043, татарлар – 6.285, басқа ұлттар өкiлдерi – 12710 адам болды [2, 6 б.].

Отарлаушылар өздерiне қосып алған жерлердi әкiмшiлiк-территориялық бөлiске салғанда (өлкелерге, облыстарға, уездер мен болыстарға) өлкенi мекендеген әр халықтың тiл, дiн, әдет-ғұрып ерекшелiктерi тiптен де есепке алынбағаны былай тұрсын, олардың ондаған, жүздеген жылдар бойы ұлттық және экономикалық мүдделерiмен санаспады.

Бұл жөнiнде Мiржақып Дулатов “Қазағым менiң, елiм менiң” атты мақаласында былай деп ашына баяндаған едi. “…Ең алдымен қазақ халқы - Россияға тәуелдi… оның, ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады… Өздерiңiз көз жазбай байқап отырғаныңыздай… чиновниктер, урядниктер… қазақтарды ұрып-соғып, малдарын тартып алып, ойына не келсе соны iстедi.

Ендi чиновниктер бiздiң дiнiмiзге, атадан мұра болып келе жатқан әдеп-ғұрыптарымызға… араласа бастады… дiни кiтаптарды тұтқынға алды.

Ендi бұл чиновниктер қазақ даласына мыңдаған мұжықтарды жер аударып, қазақтардың суы мен шұрайлы жерлерiн тартып әперуде… “ [3, 221 б.].

Сырдария облысындағы қазақ жерлерiн тартып алу, Қазақстанның басқа аймақтарындағы сияқты, XIX ғасырдың 80-i жылдарынан бастап күшейе түстi. Зерделi зерттеушi Телжан Шонанұлының пайымдауынша XIX ғасырдың 80-ші жылдарының аяғына дейiн патша үкiметi қазақ жерiн казак-орыс әскерлерiн (казачество) орналастырумен қамалдар мен қалалар салу үшiн алып отырса, одан кейiнгi кезеңде орталық Ресейден орыс шаруаларын (немесе «қара шекпендi мұжықтарды») селдей қаптатып Қазақстанға көшiрдi. Бiрiншi кезеңде (әскерлердiң) көшiрiлуiн Телжан Шонанұлы “Сары орыстың” қазақ жерiне көшiп келуi деп атаса, екiншi кезеңде көшiп келушiлердi “қара орыстың қаптауы” деп анықтады. ”Қазақ даласында переселен мәселесi, - деп жазды Т. Шонанұлы, - 80-жылдардын аяғында – 90-жылдардың басында кенеттен көтерiлдi [4, 224 б.].

Қазақ жерiн тонаудың екiншi, қарқынды кезеңiнiң басталуы Сырдария облысы құрамына кiрген Түркiстан өлкесiнiң Ресей империясының отарына айналуымен тұспа-тұс келдi. XIX-ғасырдың соңына дейiн Сырдария облысында қара шекпендiлердiң 48 поселкесi пайда болып, олардың 20 мың тұрғыны болды. Одан кейiнгi жылдарда қазақ жерiн заңсыздықпен, әрi дөрекiлiк жолдармен тартып алу аса шапшаң түрде 1906-1916 жылдар аралығында тоқтаусыз жүргiзiлдi. Сырдария облысы күн өткен сайын көп ұлтты аймаққа айнала бастады. Сырдария облысына оның Ресей отарына айналуынан бұрын басталған өзбек халқы өкiлдерiнiң қоныс аударуы өзiнiң жалғасын тауып жатты. Мәселен, 1865-1885 жылдар аралығында облыстағы өзбектердiң саны 19.000 адамнан 48.500-ге жетiп, 17 жыл iшiнде екi жарым есеге көбейген. 1909 жылғы мәлiметтер бойынша өзбектердiң Әулие ата уезiнде 9028 қожалығы болған [5, 17 б.].

Жоғарыда айтылған ұлттардың өкiлдерiмен қатар Оңтүстiк Қазақстан өңiрiне сол кезде татар, тәжiк, немiс, еврей т.б. халықтардың өкiлдерi қоныс аударған [5, 17 б.].

Оңтүстiк Қазақстан территориясына әртүрлi ұлттардың (ең алдымен славян тектiлердiң) қоныс аударуына байланысты бұл өңiрдiң демографиялық хал-ахуалы да бiраз өзгерiстерге ұшырады. Аймақ тұрғындарының санының өсуi халықтың орналасу тығыздығының бiршама өсуiне алып келдi. Сырдария облысында 1870 жылы әрбiр шаршы километрге 2,2 адамнан келсе, 1914 жылы – 3,7-ге тең болды. Бұл көрсеткiш Жетiсу облысында 1870 жылы – 1,9-ға тең болса, 1914 жылы – 4,4-ке дәл келдi [5, 22 б.; 6, 70 б.].

Сырдария облысындағы заводтардың көпшiлiгi Ташкент-Орынбор темiр жолы ашылған 1906 жылға дейiн салынған едi. 183 заводтың 127-сi Ташкент уезiнде, олардың 111-i Ташкенттiң өзiнде, қалғандары: Шымкент уезiнде - 18, Әулиеата уезiнде – 25, Перовск уезiнде – 9, Қазалы уезiнде – 4 завод болды. Олардың жылдық тауар айналымы 15.165.420. сомға тең болды. Бұл ақша айналымының 90%-i Ташкент уезi мен қаласындағы кәсiпорындардың үлесiне тидi.

1914 жылғы көрсеткіштерге қарағанда Жаркент қаласы мен уезінде 595 адамдық жұмыс орны бар 420 өндіріс орындары болды. Бұл ұсақ өндіріс орындарының арасында тері илейтін, спирт, табак, кірпіш, сабын өндіретін өндіріс орындары бартын.

Алтай, Жетiсу және Риддер темiр жолдарының салынуы мен бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстың басталуына байланысты Орынбор-Ташкент, Сiбiр-Рязань-Орал және Троицк темiр жолдарындағы тасымал көлемiнiң өсуi нәтижесiнде 1917 жылы Қазақстандағы темiржолшылар саны 28 мыңнан асып, көтерме жұмыс атқаратындарды қосқанда 30 мыңдай болды [7, 519 б.].

Заводтар мен фабрикаларда ауыр қол жұмысы үстем болды. Түркiстан өлкесiнде 1914 жылы небәрi 507 механикалық қозғалтқыштар (двигатель) бар едi, олардың қуаты 21713 ат күшiне тең болды. Механикалық қозғалтқыштардың жартысынан астамы мақта тазалайтын заводтарға, т.б. кәсiпорындарда белгiлi дәрежеде қол күшi жұмыстарын жеңiлдетуге қызмет еттi.

Заводтар мен фабрикалардың иелерi жұмысшылардың әлеуметтiк, мәдени-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға мардымды қаражат жұмсамады. Сырдария облысының барлық заводтарының бiр жылдық жалпы өнiмi 15 миллион сомға тең болғанына қарамастан, жұмысшыларға дәрiгерлiк көмекке 2898 сом, баспана қажеттерiне 27 сом, әлеуметтiк қауiпсiздендiруге – 13.497 сом, басқа шығындарға 5655 сом немесе жоғарыда айтылған мұқтаждықтарға жұмсалған қаражат бiр жұмысшыға шаққанда 6 сом 10 тиынға тең болды [2, 13 б.].

XX ғасырдың алғашқы он жылдығында, басқа да көптеген елдер сияқты Ресей да дамудың индустриялдық кезеңiне нықтап аяқ басты. Ресей өнеркәсiптiк төңкерiсiн аяқтап, өзiнiң отарлы аймақтарын, олардың қатарында Түркiстан өлкесiнде, жаңа әлеуметтiк-экономикалық және қоғамдық-саяси қатынастардың аясына тартты [2, 13 б.].

1917 жылдың қарсаңында Оңтүстік Қазақстанда өнеркәсiптiң кейбiр салалары дамып, темiр жолдар үлкен маңызға ие болғанына қарамастан, оның экономикалық өмiрiнiң негiзi бұрынғыдай жер шаруашылығы (көшпелi және жартылай көшпелiлер үшiн) болып қала бердi.

Ташкент, Шымкент, Әулиеата уездерiнiң тау бөктерi мен таулы аудандарында оның тұрғындары мал шаруашылығымен қатар егiншiлiкпен де шұғылданды. Олар жартылай көшпелi өмiр сүргендерiмен отырықшы өмiр салтына мықтап бағыт алған едi.

Ташкент уезiнiң халқы түгелге дерлiк жер шаруашылығымен: мақта мен бау-бақша өсiрумен, күрiш егумен айналысты.

Қазалы уезiнiң тұрғындары мал шаруашылығымен қатар 6419 десятина жерге күрiш ектi, ал Перовск уезiнiң халқы негiзiнен мал шаруашылығымен шұғылданды, олардың иелiгiнде күрiш алқабы небәрi 50 десятинаға тең болды. 1912 жылы Сырдария облысындағы егiстiк жер көлемi 830.378 десятина болды. Олардың басым көпшiлiгi суармалы жазық алқаптар мен құнарлы, табиғи ылғалы мол тау етектерi мен таулы аймақтарға орналасқан едi. Барлық егiстiктiң жартысынан артығы немесе 453 мың десятинасы Ташкент уезi территориясында болды. Облыс жерiнде негiзiнен мақта, күрiш, бидай, арпа егiлiп, бау-бақша мен жоңышқа өсiрiлдi.

Жаркент уезінде біз қарап отырған мезгілде бау-бақша өндірісі біраз даму алды. Оған ұйғыр, дүнген, орыс және басқа егіншілік мәдениеті бар тұрғындардың мұнда көшіп келіп, орын тебу ықпал жасалғаны анық. Мәселен, осы мезгілде Жетісу асмасы Еуропалық Ресейге және Сібірге сатуға шығарылды. Жаркент уезінде жүзім-жидек өндірісі біршама етек алды.

Мал шараушылық саласымен басым түрде өңірдің жергілікті тұрғындары қазақтар айналысты. Өткен ғасыр басында Жетісу облысы, соның ішінде Жаркент уезінің шарауашылығын да ғылыми талдауға алған П.П. Румянцев бастаған топтың көрсетуіне сүйенсек, мәселен, 1910 жылы жергілікті қазақ жұртының 96,4 пайызы көшпелі мал шараушылығымен шұғылданған.

Сырдария облысы экономикасының да жетекшi саласы мал шаруашылығы болды. Мал шаруашылығымен барлық уездердiң халқы айналысты. 1912 жылғы көрсеткiштер бойынша облыста 677.263 бас жылқы, 640.094 бас iрi қара мал, 5.082366 бас қой, 922.044 бас ешкi, 455.936 бас түйе болды [2, 14 б.].

Патша үкiметiнiң отарлау езгiсiнiң күшеюi, қазақ және басқа да өлкенiң түпкiлiктi халықтарының шаруаға қолайлы атақоныстарының келiмсектерге тартып әперiлуi олардың отаршыларға деген өшпендiлiгiн тудырып, саяси, ұлттық, таптық сана сезiмiнiң оянуына әсер еттi.

Қорыта келгенде Сырдария облысының XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы патшалық Ресейдің отарлау саясатының күшеюімен күрделене түскеніне көз жеткіземіз. Патшалық үкіметтің қоныстандыру саясатының салдарларына аймақтың ұлттық құрамы өзгеріп, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайы күрт нашарлап кетті, олардың ұлттық мүддесі мүлде ескерілмеді. Капиталистік қатынастардың енуімен аймақта жұмысшылар, жартылай пролетарилер және қала халқының саны өсiп, Түркiстан өлкесiн жалпы Ресейлік және сол арқылы әлемдiк рыноктың аясына тартатын экономикалық және әлеуметтiк процестер де орын алды. Бірақ бұл процесердің барлығы қарабайыр әдістермен жүзеге асырылып, құқық бұзушылық, күштеу, зорлық-зомбылық арқылы өрістеді. Осынын барлығы Түркiстан мен Қазақстанды ұлт-азаттық және революциялық идея мен ұрандарды қабылдауға қабiлеттi өңiрге айналдырды.



Әдебиет


  1. Сафаров Г. Колониальная революция. (Опыт Туркестана). - Алматы: Жалын, 1996. - 272 с
  2. Тоқбергенова З.С. Сырдария облысының әлеуметтiк-экономикалық және қоғамдық-саяси өмiрi (ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың 20 – жылдары): монография. – Тараз: Тараз университеті, 2011. - 131б.


  3. Дулатов М. – Шығармалары. – Алматы: Жазушы. – 1991. – 384 б.

  4. Шонанұлы Телжан. Жер тағдыры – ел тағдыры. – Алматы: Санат, 1995. – 224 б.

  5. Динашева Л.С. Оңтүстік Қазақстандағы қоныс аударушылар тарихы мәселелері: жаңа көзқарас (1867-1917 жж.): тарих ғыл. канд. ... автореф. – Алматы, 1999. – 27 б.

  6. Утин А.А. Индустриальный Южный Казахстан. – Алма-Ата: Казахстан, 1972. – 192 с.

  7. Якунин А.Ф. Революция 1905-1907 гг. в национальных районах России. М.: Госполит. изд., 1949. – 260 с.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет