Қарауылда «Құнанбай» фильмінің түсірілімі басталды 10 шілде 2014



жүктеу 30.26 Kb.
Дата02.11.2017
өлшемі30.26 Kb.

Қарауылда «Құнанбай» фильмінің түсірілімі басталды

10 шілде 2014



Абай ауданында «Құнанбай» атты фильм түсіріліп жатқаны туралы жазылып та, айтылып та жатыр. Картина шынайы шығуы үшін арнайы аламан бәйге ұйымдастырылып, Құнанбай қажының аруағына бағышталып ас та берілді. Қарауыл маңына 200-ден астам ақ шаңқан киіз үй тігілді. Қазір бүкіл Абай өңірі аталмыш кино жолында ашылып алақан, жұмылып жұдырық болу үстінде. Түсірілім басталып кетті...

Басты рольді Досхан Жолжақсынов сомдайды

Осыдан екі жыл бұрын газетімізге сұхбат берген Қазақстанның Халық әртісі, жерлесіміз Досхан Жолжақсынов былай деген еді:

Қолымыздан келіп жатса, тарихтағы Құнанбайды қазаққа қайтарсақ дейміз. Өйткені, Құнанбайдың орны әлі үңірейіп тұр. Біз білетін Құнанбай – «Абай жолындағы» шынжырбалақ, шұбартөс, шонжар Құнанбай. Құнанбай ондай болса, дана Абай шығар ма еді?! Құнанбай – қазақ үшін Қарқаралыға медресе, Меккеге үй салған кемеңгер. Бүкіл қазақты отырықшылыққа баулып, еңбекке үйретсем деген мемлекетшіл Құнанбай. Міне, қолымыздан келіп жатса, сол Құнанбайды қазаққа қайтарсақ деген ниетіміз бар. Бәрі оңымен болса, келесі көктемде түсірілім жұмыстарын бастасақ па деген ойдамыз.

Иә, көктемде кино түсіру туралы шешім толығымен нақтыланып, 1-шілдеден бастап режиссерлер мен операторлар атқа қоныпты. Қазір Абай ауданындағы Қарауыл ауылының маңы кино түсірілу алаңқайына айналып кеткен. Алматыдан асай-мүсей аппаратураларын арқалап келген Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түгелімен осында. Фильмнің бас режиссері жерлесіміз Досхан Жолжақсынов екендігін есте-ріңізге сала кетейік. Құнанбай рөлін сомдайтын да – сол кісі.

Шілденің бесі күні бәйгеге көлік тігіліп, Қарауылда 25 шақырымдық аламан бәйге ұйымдастырылды. Бәйгенің бұл жолғы ерекшелігі – аттардың шеңберді айналып шаппай, әдеткі қазақ дәстүріндегідей түзу келуінде. Қысқасы, жүйріктер алысқа айдалып, көмбеден мәреге дейін түзу көсілді. Ондағы жүйріктер мен шабандоздар бәйгеге шауып қана қойған жоқ, кино кейіпкерлеріне айналды. Атқа шапқан балалар «Adidas» немесе «Nike» деген жазулары бар футболкаларын сыпырып тастап, кеуделеріне XIX ғасырға лайық киім киді. Айтпақшы, бұл бәйгеде ең соңғы келген шабандозға да сыйлық берілген.

Бұл туындыны қашан көреміз?

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қолдауымен түсіріліп жатқан көркем фильм-ге Абай ауданының 500-ден астам тұрғыны қатыспақшы екен. Біз түсірілім алаңында жүрген Досхан ағамызға телефон шалып, басталып кеткен берекелі істің мән-жайын сұрап білдік. Режиссердің айтуынша, фильм жаз-күз айларында түсіріледі екен. Туындының аяқталар мезгілі келесі жылдың еншісінде, көрермендерімен де сол кезде қауышпақ.

– Әзірге алдымызда тұрған ешқандай қиындық жоқ. Бәрі ойдағыдай, түсіру жұмыстарын бастап кеттік. Абай ауданы халқының мәдениетіне риза болдым. Көшеде өтіп бара жатқан қыздарына дейін кесе-көлденеңдемей, анандай жерде тұрып сәлем береді. Бұл сонау Құнанбай, Абай өмір сүрген кезеңдерден, Мұхаңның заманынан келе жатқан үрдіс болса керек. Бүкіл жұрт болып көмектесіп жатыр. Осы ретте фильмді түсіруге қолдау көрсетіп жатқан облыс басшылығына алғыс айтқым келеді, – дейді Досхан Жолжақсынов.

Айтпақшы, фильмнің сценарийін белгілі қаламгер Таласбек Әсемқұлов жазыпты, «Біржан сал» картинасының сценарийін жазған да – осы кісі. Досхан аға айтады:

– Фильм түсіруді қолға алғанда, мен сценарий жазатын адамды шарқ ұрып іздедім. Әлбетте сценарий жазуды меңгерген, тіпті, математикалық кестеге салғандай өлшеп-пісіп, белгілеген уақытында жазып, бітіріп беретін азаматтар бар. Бірақ мен ұлтқа жақын жазатын адамды іздедім. Алпыс екі тамырымен руханияттан сусындаған, қазақылықты бойына сіңірген, қазақтығын жоғалтпаған, қазақтың мәдениеті мен музыкасына деген тебіренісі бөлектеу жанды іздедім. Белгілі әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова апамызбен ақылдасып едім, Таласбек бауырымызды ұсынды. Таласбекпен шығармашылық, достық қарым-қатынасымызды Алла ажыратпаса, адам ажыратпас. Біздерді тоқайластырған ортақ мақсатқа ұмтылғыштығымыз, ұлтқа қажетті дүние жасауға талпынысымыз деуге болады.



– Әзірге алдымызда тұрған ешқандай қиындық жоқ. Бәрі ойдағыдай, түсіру жұмыстарын бастап кеттік. Абай ауданы халқының мәдениетіне риза болдым. Көшеде өтіп бара жатқан қыздарына дейін кесе-көлденеңдемей, анандай жерде тұрып сәлем береді. Бұл сонау Құнанбай, Абай өмір сүрген кезеңдерден, Мұхаңның заманынан келе жатқан үрдіс болса керек. Бүкіл жұрт болып көмектесіп жатыр. Осы ретте фильмді түсіруге қолдау көрсетіп жатқан облыс басшылығына алғыс айтқым келеді, – дейді Досхан Жолжақсынов.

Дарын Нұрсапаров

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет