Ардаќты аєайын



жүктеу 36.37 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі36.37 Kb.

2016 жылдың 8 наурызындағы «Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне арналған БАЯНДАМА.

6 наурыз 2016 жыл

Ардақты әжелер, асыл аналар, ару қыздар!

Құрметті қонақтар!

Шырайлы өлке, шұғылалы Шыңғыстау бөктеріне көктемнің алғашқы мерекесі де келіп жетті. Бұл мейрам қашанда ең ізгі, ең ыстық, ең қастерлі сезімдерге толы. Өйткені, бұл күн – асыл жанды апа-аналар мен аяулы қарындастардың, жаны жайсаң жеңгелер мен инабатты келіндердің қуанышы. Олай болса, Сіздерді осынау 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

«Әйел - өмір тірегі ғана емес, әйел - өмірдің өзі». Бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сөзі, жар сүйіп, ана болған, еліне тұтқа, ұрпаққа пана болған аруларға деген жүрекжарды лебізі.

Бір ғана «әйел» ұғымына дөңгелеген дүниенің бар кереметі сыйғандай. Оған аймен таласқан әсемдік те, көреген көсемдік те, мейірім мен нәзіктік те мағыналы теңеу, мазмұнды балама болмақ. Ал солардың ең қасиетті де, қастерлісі – «АНА» сөзі. Одан асқан ұлылық, одан асқан құдірет жоқ.

Жаратылысынан жандары жырға, сезімдері сырға толы аналарымыз осы күні де шаңыраққа шырақ, еріне қуат, бала-шағасына шуақ болып отыр. Бүгінгі еліміздің тәуелсіздігі, жеріміздің әсемдігі мен сұлулығының өлшемі де – Сіздерсіздер, қадірлі әйелдер қауымы.

Ұлы аналарымыз Айпара мен Зеренің зерделілігі, Ұлжан ананың ұлағаты, ару Тоғжанның нәзіктігі мен Баян қыздың ерлігі дарыған Абай елінің ардақты аналары тарихи өңірдің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Біздің аналарымыз – жарқын істердің бастауы, ел бірлігінің ұйытқысы, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегі. Еңбекте, өнерде, білім беруде баршаға үлгі болуда. Кейінгі толқын осынау игі дәстүрді лайықты жалғастырып келеді.

Өткенге салауат болса, келешектің ғаламат болатыны белгілі. Аудан тарихында еңбегімен ел құрметіне бөленген тылда, еңбек армиясында маңдай терін ел үшін төккен абзал аналарымыз аз емес. Бүгінгі мерекеде ауданымыздың өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып, баршамызға ақылшы боп келе жатқан Күләш Жакупова, Бақытжамал Өмірзақова, Бағдаш Сақалова, Нағила Шаңбаева, Нағима Құмарова, Торғай Нұрғалиева, Майра Слятаева, Үміт Төкішева, Қарлығаш Исаханова сынды аналардың есімін, үлкен ілтипатпен атаймыз.

Халықтың демографиялық өсуіне өлшеусіз үлес қосқан алтын құрсақты аналар – ұлт байлығы. Ауданымыздағы сәби жүректерге әлемнің жарығын сыйлаған 700-ге тарта «Алтын алқалы», «Күміс алқалы» батыр аналарымызға басымызды иеміз.



Қымбатты өмірден түйгені мол ардагер аналар, асыл әжелер!

Сіздердің мейірім шуақтарыңыз, аялы алақандарыңыз балаларыңызға сая болуда. Ұл-қыздың тілеуші қорғаны, ұрпақтың жанашыры, бағбаны болған Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, немере, шөберелердің ортасындағы бақытты қарттық тілейміз.



Қадірлі замандастар, құрметті ханымдар!

Сіздер әр салада халық игілігі үшін жемісті еңбек етіп, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, ақыл-парасатпен ел құрметіне бөленіп келесіздер.

Ел келешегін тәрбиелеуші ұлағатты ұстаздарды, адам жанына араша, емі шипалы дәрігерлерді, кәсіпкер әйелдерді, мәдениет саласындағы және мемлекеттік қызметтегі әйелдер қауымына мықты денсаулық, отбасылық амандық, еңбектеріңізге жеміс, жанұяларыңызға жарасым, балаларыңызға бақытты болашақ тілейміз. Ажарларыңыздан нұр кетпей, асыл армандарыңыз орындалсын!

Аяулы қарындастар, арулар!

Халқымыз «Қыздың жолы жіңішке» дегенге еркеше мән берген. Сіздер болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшыларысыздар. «Қыз өссе – елдің көркі». Сіздер әлемге әдемілік, сұлулық, жылулық шашасыздар. Аңсаған армандарыңызға жетіп, ізгі мақсаттарыңыз орындалып, еңселі елдің үкілі үмітін ақтай беріңіздер!

Мерекелеріңіз құтты болсын!

Қымбатты қауым!

Бүгінгі Абай еліндегі қуанышты күн жағымды жаңалықтарымен толығып, мереке салтанатын арттыруда. Мейрам қарсаңында ауданымыздың тумасы, өзіміздің жерлесіміз, асылдың сынығы, Абай ауданының және Шығыс Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері, марқайып айтар мақтанышымызға айналған Сыдықов Ерлан Бәтташұлы елге келіп, ауылдағы ақжүрек ағайынмен қуана қауышуға тисіті еді. (Өкінішке орай ұшақтың кешігуіне байланысты кешігіп жатыр). Алайда республикаға белгілі ғалымдар Ғарифолла, Нәубат, ____________________________, сияқты ағаларымыз Ерлан Бәтташұлының аманаты ретінде аудан кітапханасының кітап қорын молайтып, шуақты мерекеге бір топ жұлдызды өнерпаздардың өнерін тарту етуде.

Ел атынан Ерлан Бәтташұлына ыстық ықыласпен рахмет айтып, биылғы жылғы асқаралы 60 жасқа келуімен құттықтауды осы ағаларымыз арқылы жеткізуге рұқсат етіңіздер! Ауылдағы ағайын-туыстар, Абай елі Ерлан Бәтташұлының барлық бағалы бастамаларын қолдайды!

Сондай-ақ, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, әлемдік деңгейдегі парасатты тұлға Тайыр Аймұхамедұлы Мансұров мырза Абай ауданына 7 мың дана құнды кітаптарды сыйлап, аудан халқын мол рухани қазынаға кенелтіп отыр. Осы аманатты ұлылар мекеніне табыстауға қасиетті елге қадам басып келген Республикалық Ұлттық академиялық кітапхананың Бас директоры Үмітхан Дәуренбекқызына ел атынан алғыс айтамыз.



Ардақты ағайын!

Баршаларыңызды мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, көтеріңкі көңіл-күй, мол қызық-қуаныш тілейміз!








Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет