Арыс өзені мен Арал-Сырдария алабының су ресурстарын қазіргі уақытта пайдалану деңгейін бағалау Бақтыбаева А. С



жүктеу 34.41 Kb.
Дата20.12.2018
өлшемі34.41 Kb.

ӘОЖ 628.12: 591.9
Арыс өзені мен Арал-Сырдария алабының су ресурстарын

қазіргі уақытта пайдалану деңгейін бағалау
Бақтыбаева А.С.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.
Арыс өзені Сырдарияның оң жақ саласы болып табылады, Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Ұзындығы – 378 км, өзен алабының ауданы – 14900 км 2 құрайды. Арыс өзені өз бастауын Ақсу-Жабағылы қорығына жақын Шақпақ бұлағынан (Қаратау мен Талас Алатауының аралығында) алып, Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының Талапты ауылы маңында Сырдария өзеніне құяды [1]. Өзеннің басты салалары: Ақсу, Бадам, Қабылсай, Жабағылысу, Боралдай. Жоғарғы ағысы терең таулы аңғармен, орта және төмен ағыстарында жазықпен ағады. Төмен ағсының жайылмасы – 1,5-2,0 км, арнасы – 40-50 м шамасында болады. Арыс өзенінің алабында 11 шағын бөген және 3 су электр станциясы салынған. Негізінен көктемгі еріген қар және жаңбыр суымен толығады. Жылдың орташа су ағынының мөлшері 40,2 м3/с-ке жетеді.

Арыс өзенінің ағыны егістік, бау-бақша, шабындық суаруға пайдаланылады. Арыс өзенінен тікелей 37 канал бастау алады. Ең ірісі – Арыс-Түркістан каналы (су өтімінің мөлешрі – 13,4 м3/с). Өзен суы тұщы, минералдылығы – 200-400 мг/л (құйылысында) дейін өзгереді. Өзен өзінің географиялық орналасуы жағынан Арал-Сырдария алабының құрамына кіреді.

Арал-Сырдария алабы [2] шамамен 345 мың шаршы шақырымды алып жатыр және екі әкімшілік облыстан тұрады – Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары (сурет 1). Алаптағы халық саны шамамен 3,6 млн. адамды құрайды (республика халқы саныынң 22%-ы), олардың ішінде қала халқы 1,7 млн. адам (алаптағы халық санының 46%-ы) және ауылдық жерде 1,9 млн. адам (54%) тұрады.

Сырдария өзені алаптың негізгі өзені болып табылады, өз бастауын Қазақстан Республикасынан тыста, Қырғызстанның Нарын және Қарадария өзендері қосылатын жерден, Ферғана аңғарынан алады. Өзендер қосылған жерден жалпы ұзындығы 2212км, ал Нарын қайнар көзінен – 3019км құрайды. Қазақстан аумағында Шардара су қоймасынан Арал теңізіне дейін өзеннің ұзындығы 1627км. Сырдария өзенінің Қазақстан аумағындағы ең ірі салалары Келес, Арыс, Бадам, Боралдай, Бөген өзендері, және де Қаратау жотасының оңтүстік-батыс қыраттарынан ағып келетін шағын өзеншіктер.

Сырдария өзенінің алабы [3], бастауынан суайырық сызығы өтетін Төмен-Арық теміржол бекетіне дейін 21900 шаршы шақырымды құрайды. Ағынның қалыпатасу аймағында (алаптың таулы бөлігі) негізгі қорек көзі болып, маусымдық қар қабатының еріген жылы сулары табылады, мұздықтар мен «мәңгі қарлардың», және де жаңбыр суларының үлестік салмағы мардымсыз.

Сырдария өзенінің алабының су ресурстары орташа 37,9 текше км-ді құрайды. 70%-ды құрайтын негізгі су ағыны, алаптың жоғарғы жағында Ферғана аңғарынан шықпай тұрып қалыптасады. Шардара су қоймасынан жоғарыда оң жағалық салалардың ағыны, Қазақстанға түсетін жалпы су ресурстарының 21-23% құрайды. Қаратау жотасының оңтүстік-батыс бөктерінен ағатын Арыс және басқа өзендер ағынының үлесі Қазақстанда 7-9% шамасында.



Сурет 1. Арал-Сырдария су шаруашылық алабы
Арал-Сырдария алабының барлық өзендерінде су қоймалары бар, олардың жалпы саны 28 бірлікті құрайды. Олардың ішінде ірілеріне жататындар: Сырдария өзененідегі Шардара, Бөген өзеніндегі Бөген, Бадам өзеніндегі Бадам және Қараішік өзеніндегі Қошқорған су қоймалары.

Сырдария өзенінің алабында ҚР аумағында екі ірі су қоймасы, жобалық сыйымдылығы 5200 млн.м3 Шардара және сыйымдылығы 370 млн.м3 Бөген су қоймалары [2] орналасқан. Тасқын кезінде қирау қаупі дәрежесі жағынан қазіргі уақытта қиын жағдайда жатқаны Шардара су қоймасының бөгеті, су тастағыштардың жобалық 3960 м3/с-тен 2500 м3/с-қа дейін өткізу қабілеті төмендеуінен және Сырдария өзенінің өткізу қабілетінің төмендігінен. «Сырдария және Солтүстік Арал теңізінің арнасын реттеу» жобасымен, II-кезең, (РРССАМ - II), өткізу қабілеті 500 м3/с қосымша су тастағыштың құрылысы [4] қарастырылады.



Арыс өзені мен Арал-Сырдария алабының су ресурстарын қазіргі уақытта пайдалану деңгейін бағалау нәтижесінде төмендегі құраушыларды айта кету керек: бірінші, Арыс өзенінің су ресурстары жалпы алаптағы су үлесінің бар болғаны 7-9 пайызын құрайды, екіншіден Арал-Сырдария алабы су ресурстарының 70 пайызы, Қазақстаннан сыртта түзіледі. Екінші себептің тағы бір жағы, көршілес мемлекеттердің суды жіберуіне байланысты болса, Арыс өзенінің ағыны, өзіміздің территорияда түзілетіндігінен, қолдағы су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіншілік бар.
Әдебиет


    1. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Су шаруашылығы. – Алматы.: Мектеп, 2002. - 391 б.

    2. Алтунин С.Т. Водозаборные узлы и водохранилища. – М. «Колос» 1964. - 431с.

    3. Схема комплексного использования и охраны водных ресурсов бассейна р. Сырдарьи с притоками. Том IV, Книга 1.Предотвращение вредного воздействия вод. – Алматы. Производственный кооператив «Институт Казгипроводхоз», 2008. - 62 с.

    4. Проект «Безопасность плотин в Центральной Азии: создание потенциала и региональное сотрудничество». Вторая фаза. Доклад от Республики Казахстан. Алматы, 2010.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет