Қаржы нарығы және қор биржасы рахимбаева Ұлпан., Мамырбекова Динара Самархановна



жүктеу 98.45 Kb.
Дата22.09.2017
өлшемі98.45 Kb.

ҚАРЖЫ НАРЫҒЫ ЖӘНЕ ҚОР БИРЖАСЫ
Рахимбаева Ұлпан., Мамырбекова Динара Самархановна

Қазақстан Республикасының қатаң түрде орталықтандырылған жоспарлы экономикадан қағидалы жаңа, мемлекет тарапынан реттелініп отыратын нарықтық экономикаға көшуі елімізде оған қызмет көрсететін барлық институттармен бірге қаржы нарығының құрылуын талап етті. Қазақстанда қаржы нарығы бұрын соңды болған емес.

Қаржы нарығы – бұл әр түрлі нысандардағы ақшалай капиталдың және бағалы қағаздардың қозғалысымен байланысты экономикалық қатынастар. Ол нарықтық қатынастар жүйесінің құрамды бөлігі болып табылады, тауар және басқа нарықтармен: табиғат ресурстары, жұмыс күші, тұрғын үй және басқа жылжымайтын, жер, алтын, сақтық нарықтарымен етене байланысты.

Шаруашылық жүргізудің қазіргі жағдайында қаржы нарығы қаржылық ресурстарды үздіксіз қалыптастырып отырудың, оларды неғұрлым тиімді пайдаланудың, ұлттық шаруашылықта ақша қозғалысын ұтымды ұйымдастырудың айрықша нысаны болып табылады және бағалы қағаздар нарығы сондай-ақ кредит нарығы түрінде де іс-әрекет етеді. Қаржы нарығы экномиканың түрлі шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында ақшаны қайта бөлуді барлық әр түрлі нысанда реттейтін нарықтық қатынастардың бүкіл жиынтығын біріктіретін неғұрлым жалпы (ортақ) ұғым болып табылады.

Соданда болар, экономикалық әдебиеттерде және шаруашылық практикасында қаржы нарығы ұғымы ақша, валюта, кредит, капитал нарықтарын кіріктіре отырып кеңінен түсіндіріледі. Бұл қаржыны жалпы ақшалай және құндық категорияларға бара-бар категория ретінде қарастыратын практикамен, негізінен әлемдік практикамен байланысы, өйткені экономикалық ресурстардың кез келген түрі меншіктің титулдары болып табылатын ақшамен немесе тиісті бағалы қағаздармен, басқа құжаттармен ортақтастырылуы мүмкін.

Ақша нарығы дегеніміз қолма-қол ақшалай ғана емес, сонымен бірге қолма-қолсыз төлемдік қаражаттарды да кіріктіретін төлемдік қаражаттардың нарығы.

Несие нарығы несиелер бойынша банктердің кредиттік операцияларымен байланысты; бұған сондай-ақ коммерциялық кредит те жатады.

Ақша мен несие нарықтары, әдеттегідей, айналым активтерінің қозғалысына қызмет етеді.

Капиталдар нарығында қоғамдық өндіріс қатысушыларының орта және ұзақ мерзімді қорланымдарының қозғалысы жүзеге асырылады.

Бағалы қағаздар нарығы – бағалы қағаздар сатып алынатын және сатылатын нарық. Бағалы қағаздар нарығы (банктер, арнаулы кредит институттары мен қор биржалары) арқылы кәсіпорындардың, банктердің, мемлекеттің және жеке адамдардың қордаланған ақшасы шоғырландырылып, капиталдардың өндірістік және өндірістік емес жұмсалымына салынады.

Қор биржасы, заңдарға сәйкес өзге ұйымдар бағалы қағаздармен сауда-саттықты ұйымдастырады.

Қор биржасы – акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, осы сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесін пайдалана отырып, оларды тікелей жүргізу арқылы сауда-саттықты ұйымдық және техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын заңи тұлға және акционерлік қоғам нысанындағы өзін-өзі реттейтін коммерциялық емес ұйым. Қор биржасының қызметі өзін-өзі өтеу қағидатына негізделеді және оның қызметінен түскен кірістер биржаны материалдық-техникалық дамытуға пайдаланылады.

Қор биржасы – бағалы қағаздармен сауда-саттық жасалатын ұйымдастырылған әмбебап қаржы нарығы.

Неліктен екені беймәлім, көп адамдар қор биржасы бағалы қағаздар сатады деп санайды. Іс жүзінде биржа онда сатылатын бағалы қағаздарға иелік етпейді. Қор биржасының өзі ешнәрсе сатпайды және сатып алмайды, эмитенттер (компаниялар) мен инвесторлар (жеке және заңи тұлғалар) брокерлер деп аталатын өзінің агенттері арқылы бағалы қағаздарды сатады және сатып алады, бұл брокерлер өз клиенттерінің тапсыруы бойынша әр түрлі эмитенттердің акциялары мен облигацияларын сатады және сатып алады.

Қазақстанда биржа ісі 1993 жылы 30 желтоқсанда Қазақ банкіаралық валюта биржасын тіркеуден бастап дами бастады. Бағалы қағаздармен алғашқы сауда-саттықтар биржада 1995 жылы 14 қарашада болды. Қазақстан қор биржасы (KASE) атауын ол 1996 жылдың сәуірінде алды. Биржада мынадай секторлар жұмыс істейді: шетелдік валюталар нарығы, мемлекеттік, соның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық бағалы қағаздар нарығы, акциялар (мемлекеттік емес) және корпоративтік облигациялар нарығы, деривативтер нарығы.

Қор биржасы:

1) сауда жүйелерін пайдалану және қолдау;

2) қор биржасының тізіміне бағалы қағаздарды енгізуге жорамалданып отырған немесе енгізілген эмитенттерге, сондай-ақ қор биржасында айналысқа жіберілетін (жіберілген) бағалы қағаздар мен өзгеде қаржылық құралдарға талап қою;

3) қор биржасында айналысқа жіберілген бағалы қағаздармен және өзге қаржылық құралдармен мәміле жасау мақсатында сауда жүйесіне кіруге өз мүшелеріне мүмкіндік беру, осы қаржылық құралдар бойынша тұрақты сауда-саттық ұйымдастыру және өткізу, қаржылық құралдармен мәмілелер бойынша есеп айырысуды ұйымдастыру және жүзеге асыру, не осындай есеп айырысуды жүзеге асыру үшін қажет ақпаратты әзірлеу;

4) өз мүшелеріне ұйымдық, консультациялық, ақпараттық және өзге қызметтер көрсету;

5) бағалы қағаздар нарығы және өзге қаржылық құралдар мәселелері бойынша талдамалық зерттеулер жүргізу;

6) банк заңнамасында белгіленген тәртіппен банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыру және қор биржасының ішкі құжаттарында көзделген өзге функцияларды жүзеге асырады.

Қор биржасы – бұл бірінші кезекте бағалы қағаздар сатушысы мен оларды сатып алушының бірін-бірі табатын алаңы. Делдалдар ретіндегі биржа мүшелері арқылы бағалы қағаздарды сатып алу-сату мәмілелері жасалады. Негізінде сұраным мен ұсынымның ара қатынасы жататын бағалы қағаздарға баға белгілейтін механизм барлық қор биржалары үшін жалпы сипаттама болып табылады.

KASE – әмбебап қаржы нарығы, оны шартты түрде төрт негізгі секторға бөлуге болады: шетелдік валюталар нарығы, мемлекеттік бағалы қағаздар, соның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық бағалы қағаздар нарығы, акциялар және корпоративтік облигациялар нарығы, деривативтер нарығы.

Қор биржасы бағалы қағаздардың қайталама нарығының ұйымдастырушысы болып табылады. Биржадан тыс нарық, әдеттегідей, тек бағалы қағаздардың жаңа шығарылымдарын қамтиды. Онда көбінесе облигациялар орналастырылады. Биржада, керісінше, бағалы қағаздардың ескі шығарылымдарының, негізінен акционерлік қоғамдардың акцияларының бағамы белгіленеді. Заңнамамен қор биржаларының ең төмен жарғылық капиталы белгіленеді. Қор биржасы инвестициялық институттар ретінде қызметпен айналыспайды, бірақ меншікті акциялар шығара алады және сата алады, бұл оның мүшелері болуға құқық береді.

Бағалы қағаздар нарығының кәсіпқой қатысушылары және заңдарға сәйкес бағалы қағаздардан басқа өзге қаржылық құралдармен өзге мәмілелерді жүзеге асыру құқығы бар өзге заңи тұлғалар қор биржаларының мүшелері болып табылады. Қор биржасында бағалы қағаздар нарығының кәсіпқой қатысушыларының кемінде он мүшесі болуы тиіс. Қор биржасының мүшелері мәмілелерді жасау осы мүшелер үшін қор биржасының ережелерінде жол берілетін қаржылық құралдардың түрлері бойынша сауда-саттыққа қатысуға құқылы. Олардың тапсырмасы бойынша бағалы қағаздарды тікелей сатып алу-сатуды брокер мен дилерлер жүзеге асырады.

Қор биржасы заңнамаға сәйкес тіркелінеді және бағалы қағаздармен биржалық қызмет жүргізуге Бағалы қағздар жөніндегі Ұлттық комиссиясында лицензия алады.

Биржа делдалдарының рөлін биржа мүшелері болып табылатын ұйымдар: бағалы қағаздар рыногының кәсіпқой қатысушылары, бағалы қағаздардан басқа, өзгедей қаржылық құралдармен мәмілелерді жүзеге асыруға құқығы бар заңи тұлғалар орындайды. Қазақстандық заңнаманың талаптарына сай келетін шетелдік заңи тұлғалар биржа мүшелері бола алады.

Биржалық мүшелік – биржа мүшесі сауда-саттыққа олармен қатысу құқығы болатын қаржылық құралдарға қарай бірнеше санатқа бөлінеді. Бір ұйымның биржада бірнеше санаттар бойынша мүшелігі болуы мүмкін. Санаттарға бөлініс былай көрінеді:

1) “P” – биржаның ресми тізіміне кіріктірілген мемлекеттік емес эмиссиялық (соның ішінде шетелдік) бағалы қағаздармен, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының бағал қағаздарымен және биржада айналысқа жіберілген шетелдік мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздармен сауда-саттыққа қатысу құқығы;

2) “H” – “Листингтік емес бағалы қағаздар” секторында айналысқа жіберілген мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздармен, сонымен бірге жекешелендірілетін кәсіпорындар акцияларының мемлекеттік пакеттерімен;

3) “K” – биржада айналыста жүрген Қазақстан Республикасының мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарымен, соның ішінде жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарымен;

4) “C” – биржада айналыста жүрген мерзімдік контракттармен;

5) “B” – шетелдік валюталармен.

KASE-дегі сауда-саттыққа ондағы белгіленген талаптарға, сондай-ақ Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі Қазақстан Республикасының агенттігі болып табылатын реттеуші органның талаптарына сай келетін бағалы қағаздар ғана жіберіледі.

Қор биржасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі агенттікпен келісе отырып, саудаға бағалы қағаздарға – листингке рұқсат ету ережелерін, сондай-ақ оларды – делистингті саудадан шығарып тастау ережелерін белгілейді.

Қажетті талаптарға жауап беретін бағалы қағаздарды іріктеуді биржаның листингтік комиссиясы орындайды. KASE-де бұл – биржаның құрылымынан тыс бөлімше. Бағалы қағаздарға қойылатын талаптарды анықтайтын нормативтік құжат листингтік ережелер болып табылады. Оларды қолдану нәтижесінде шешілетін негізгі мәселе – листингтік іріктеу рәсімінен өткен компаниялар қызметінің ашықтығын және олардың қаржылық жай-күйін қамтамасыз ету.

Клирингтік комиссия қор мәмілелерінің қатысушылары арасында есеп-қисаптарды ұйымдастыру нысанындағы сауда-саттықтан кейінгі операциялармен айналысады, сонымен бірге тауарды жаңа иеленушілерге жеткізуді ұйымдастырады. Төрелік комиссиясы қор биржасының атқарушы органы болып табылады және мәмілелер қатысушыларының арасында пайда болатын құқыққа сәйкестілігі мен операцияның заңдылығына қатысты дауларды шешумен айналысады.

Сауда-саттықтарға қатысуға жіберілетін өзге тұлғалар тек байқаушылар (қадағалаушылар) рөлінде бола алады.

Қор биржасындағы сауда-саттықтардың негізі – биржаның сауда жүйесі, ол тиісті үй-жайлардың, құрал-жабдықтың, бағдарламалық-техникалық құралдардың, сондай-ақ көмегімен бағалы қағаздармен мәмілелер жасасылатын ішкі құжаттар мен рәсімдердің жиынтығы болып табылады. Сауда-саттықтардың қатысушылары биржа залындағы өз орнынан тікелей және “интернеттрейдинг” жүйесі бойынша қашықтықтан қол жеткізу режімінде жұмыс істей алады. Биржада сауда-саттықтар күнде жүргізіледі. Бағалы қағаздың және шетелдік валютаның әрбір түрі үшін өзіндік регламент анықталған.

Сауда-саттықтарды өткізудің негізгі әдісі үздіксіз ыңғайласпа аукциондық әдіс болып табылады, бұл әдіс кезінде алдын ала өтінімдер беруге мүмкіндік болады. Бұл әдіспен биржаның ресми тізіміне кіріктірілген акцияларды сатуға және сатып алуға өтінімдер бағаларының тоқайласу немесе бұлтартпау, сондай-ақ сатуға және сатып алуға алдын ала ыңғайласпа өтінімдерде көрсетілген бағалардың тоқайласу немесе бұлтартпау мезеті айқындалады.

Қаржы нарығының жандануы корпоративтік бағалы қағаздарды экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының акциялары мен облигацияларын шығару және олардың айналысын жандандыру кезінде мүмкін. Қазақстанда соңғы уақытқа дейін қаржы нарығының бұл сегменті жақсы дамымады, бұл жалпы экономикалық әлеуетті тежейді.

Инвестициялық институттар, қор биржалары, биржадан тыс сауда, депозит мекемелері түріндегі құрамды элементтерді кіріктіретін ұлттық қор жүйесін қалыптастыру бір мезгілде басқа нарықтық құрылымдардың, ең алдымен, әр түрлі тұрпаттағы акционерлік қоғамдардың қалыптасуымен бұл жүйенің қызметін мемлекеттің экономикадағы оң құрылым жасаушы рөлі кезіндегі сенімді заңнамалық қамтамасыз ету жағдайында жүргізілуі тиіс.

«Дүниеқор – дүниенің құлы» деген мақал-мәтел бар. Кейбір адамдар ақшасын бағалы қағаздарға салатын тұлғаларды дәл осылай сипаттайды. Бірақ өзінің уақытша бос ақша қаражаттарын бағалы қағаздарға жұмсап, үстінен төленетін үстеме пайыз арқылы пайда табуды көздейтін адамдарды өз басым дүниеқор деп айта алмаймын. Бұлай дегеннен көрі, бұл – халықтың ертеңгі күнінің қамын ойлауымен түсіндіріледі деп айтқан дұрыс болар. Һәм, қартайғанда зәрулікке ұшырамау үшін; балаларына қалдыру үшін; жер, қозғалмайтын мүлік және қымбат, ұзақ мерзім пайдаланылатын заттар сатып алу үшін сияқты мақсаттарға бағытталған игі іс деп ойлаймын. Бұл жерде қаржы мен экономиканың психологиямен тығыз байланысын айта кеткен жөн болар, яғни бұл инвестицияларды жасаудың өзіне тән мотивтері туралы айтсақ: адамдардың өзіне-өзі жетілген болып сезінуі үшін. Яғни, егер халықтың қандай да бір бағалы қағаздар нысанында баламалы сақталған артық ақша салымдары болса, бұл оларға кез келген қаржылық қиындық, мәселе туындағанда оны шешуге мүмкіндік береді. Бұл жерде сондай-ақ көрегендік те, алдағы өмірге деген болжам жасау да, есептеулік жасау да бар.

Қазіргі кезде адамдар қосымша пайда табу үшін ақшасын бағалы қағаздарға салады, бұл – халықтың экономика жағынан сауаттылығы, білімі артқанын айқындайтын бір дәлел. Жақында Елбасы халықты ақша қаражаттарын бағалы қағаздарға құюға шақырды. Бірақ, халықтың жадында үрей сақталған. Еліміз тәуелсіздігін енді алып жатқан кезде халық ақшасын құнды қағаздарға салған болатын. Бұл салымдар күтілген нәтижені толықтай дәрежеде қанағаттандырған жоқ. Бағалы қағаздар туралы пікірлер сан алуан. Сондықтан қазіргі кезде бағалы қағаздар нарығы тақырыбы өте өзекті.

Салыстырмалы түрде Қазақстанда бағалы қағаздар нарығы мәселесі аз зерттелген. Бүгінгі күні бұл қызықты, маңызды, мәнді тақырыптардың бірі – өзектілік те осында. Дәл осы тақырыпты таңдауымның себебі жоғарыда аталғандарға байланысты. Қарастырылып отырған курстық жұмыстың тақырыбын ашу міндетіне мен, негізінен, біздің Қазақстан Республикамыздың ішкі жағдайымен байланыстыруға тырыстым. Яғни экономикамыздың өзекті әрі көптен бері басы ашылмай келе жатқан мәселесі болып табылатын бағалы қағаздар нарығы жайлы сөз қозғадық. Нарық жағдайы өте күрделі, ол жан-жақты қызмет атқаратын қоғамдық қатынастар жиынтығы.



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі



  1. Көшенова Б.А. Ақша. Несие. Банктер. Валюта қатынастары: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 1999 ж.

  2. Нормативные акты по финансам, налогам, бухгалтерскому учету, страхованию. Министерство финансов РК. Официальное издание. – Астана: Каржы-Каражат.

  3. «Қазақстан», Ұлттық энциклопедия, 2-том/Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 1999 ж.

  4. Көшенова Б.А. Бағалы қағаздар нарығы: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2010 ж.

  5. Жолдасова Г.А. Экономика негіздері: оқу құралы. – Астана: Фолиант, 2012 ж.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет