Алматы соты ерекше қажеттіліктері бар балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған жазғы демалыс орнын ұйымдастырушыларға үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: nurgul_tau/Instagram

Былтыр жазда лагерьде демалып жатқан балалардың ата-анасы дабыл қақты. Балалар демалысы саунада, массаж үстелдері, душ және жататын бөлмелері бар жерде ұйымдастырылған болып шықты.

Бұл орын мемлекеттік сатып алудың ашық конкурсы арқылы тендерді жеңіп алғаны анықталды. Ал Алматы қаласы білім басқармасының мемлекеттік сатып алуды өткізу жөніндегі бас маманы Н.-нен пара алу үшін оған көмектескен.

“2023 жылғы жазда Н., "Ж” мемлекеттік кәсіпорнының 50 баласын өзінің жеке мектебіне орналастырған. Сол күні, ол балалар лагерін ұйымдастырдым деп "Д" фитнес-орталығы бар монша кешеніне 300 баланы орналастырған.

Балалардың ата-анасы және "Ж" мемлекеттік кәсіпорны қызметкерлері жеке мектеп пен фитнес-сауықтыру орны бар монша кешені балалардың демалыс орнына айналғанын біліп, балаларын үйлеріне алып кеткен”, – деп хабарлады Алматы соттарының баспасөз қызметі. 

Сот М. мен Н.-ның қылмыстық әрекеттері салдарынан балалардың және ерекше күтімді қажет ететін балалардың жазғы демалысы бұзылып, қолайсыз жағдайда, бейтаныс адамдардың арасында болғанын атап өтті.

“Сотталушы М. кінәсін мойындаған жоқ, соттан оны ақтауды сұрады. Сотталушы Н. кінәсін толық мойындап, соттан бас бостандығынан айырмай, басқа жаза тағайындауды сұрады. Прокурор сотталушы М.-ды 7 жыл, сотталушы Н.-ды 5 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады”, – деп жазды ведомство. 

Сот үкімімен М. өзінің қызмет бабын пайдаланып, аса ірі мөлшерде пара алуға әрекеттенгені үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы және мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ұлттық банкте және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салу жазасы тағайындалды.

Н. алдау және сенімге қиянат жасау арқылы алаяқтық әрекетке барғаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, былтыр алматылық оқушылардың демалуға жазғы лагерьге емес, саунаға жіберілгенін хабарлағанбыз.

Алматы қаласының прокуратурасы "Сауна ғимаратында балалар лагерін" ұйымдастыру кезінде лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану (ҚР ҚК 361-бабы) және кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау (ҚР ҚК 140-бабы) фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.