Армысыздар, ардақты ағайын, қадірменді қонақтар!



жүктеу 133.78 Kb.
Дата05.01.2018
өлшемі133.78 Kb.


Аудан әкімі Д.М.Мусиннің

Көкпекті ауданының 80 жылдығына

арналған салтанатта сөйлеген сөзі

Выступление акима района Мусина Д.М. на торжественном собрании посвященной 80-летию Кокпектинского района




Армысыздар, ардақты ағайын,

қадірменді қонақтар!

Кез келген мемлекеттің тәуелсіздігінің тұғырлы, елдігінің еңселі болуы - азаматтарының Отан мүддесі десе өзегі күйетін өр рухы мен жоғары намысына байланысты. Ал оның негізі, түп-тамырымыз - өз тарихымызды терең біліп, даңқты дәстүрлерімізді, игі салтымызды бойға сіңіріп, өшпес өнеге, тамаша тағылымдарын бүгінмен байланыстырып, болашаққа жалғауда.

Өлкеміздің өткенін, оның жарқын беттерін жан-жақты таныту арқылы нағыз елжанды азаматтарды тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету – біздің үлкен азаматтық парызымыз.

Міне, Еуропадағы беделді ұйым төрағалығын қолға алып, Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде аса маңызды кеңес – Саммит ұйымдастырып, облыс орталығында Қазақстан – Ресей ынтымақтастық Форумын өткізу сияқты елеулі тарихи сәттерге орайлас, ауданымыздың 80 жылдығын атап өтіп, өткенімізді талдап, таразылап, жадымызда жаңғыртудың негізгі мақсаты, басты мұраты да осында.

Көкпектідей құнарлы, Самардай шұрайлы өңірлерді біріктіріп отырған іргелі ауданның сыры тұңғиық, болмысы бөлек, аңызға айналған Тау Толағайдан өріліп кететін қалың шежіресі, қатпарлы тарихы бар.

Жерлесіміз, арқалы айтыс ақыны Қалихан Алтынбаев айтқандай, жоңғар шапқыншылығы тұсында Абылай ханның шешуші ұрыс орнына айналған, дарабоз батырлардың ізі қалған «Толағай» - ұрпақтар үшін заңды мақтаныш.

Сол бір жаугершілік кезеңде Қасаболат, Сатыбалды, Бармақ сынды батырлар жалаулы найза ұстап, жауына жасындай тигені ел аузында.

Тана мырза, Қисық Тезеков, Мәметек бидей халық ардақтылары әділ билігімен, өткір тілімен, жомарт пейілімен еліне қамқор, жұртына жанашыр бола білді.

Негізі сонау 1763 жылы қаланған Көкпекті бекінісі, оның маңындағы елді мекендер небір қилы кезеңдерде тарих көшімен ілесіп, ілгері басты.

Талай тар жол, тайғақ кешулердің куәсі болған өлкеміз – ел мақтанышына айналған көптеген танымал тұлғалардың Отаны.

Көкпекті жері – геология-минерология ғылымдарының докторы, академик Халел Беспаев, техника ғылымдарының докторлары Ерзаян Артықбаев, Амантай Әубәкіров, филология ғылымдарының докторы, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, жазушы Аслан Жақсылықов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Төлеш Ахатов, ақын Сергей Комов, педагог ғалым Алексей Трунов, белгілі қоғам қайраткерлері, ардақты ағаларымыз Нәсен Сембаев, Мұрат Қалматаев, Мәркен Шайжүнісов сынды жүздеген ғылым, қоғам, өнер қайраткерлері түлеп ұшқан қасиетті өңір.

Көкпектіліктер Салық Халитов, Болат Иманбаев, Мұрат Раев, Тоқан Шайжүнісов, Сабыр Темірбеков, Сәбит Ахметов сияқты облыс, республика деңгейіндегі әр салада жауапты қызметтер атқарған, атқарып жүрген көптеген іскер де білімді жерлестерін мақтан тұтады.


Құрметті қауым!

1930 жылдың желтоқсан айында аудан жеке шаңырақ көтеріп, «Шегелек», «Большевик», «Коминтерн» сияқты ірі шаруашылықтардың іргетасы қаланды. Асыл тұқымды «Шұбарши» колхозының тірлігі Мұхтар Әуезов бастаған ірі жазушылардың қаламына ілігіп, даңқы республика көлеміне жайылды.

Қалба мен Алтай сілемдерінде орын тепкен Құлынжүн, Балажал, Жұмба, Лайлы, Ретивое сияқты кен ошақтарында өндіріс көлемі үдей түсті.

Әйгілі «Шығыс сақинасы» атанған айналма тас жол құрылысын жүргізуде мыңдаған жұмысшы қауым ғажайып ерліктің үлгісін танытты.


Рухани, ағарту саласында білім бөлімінің тұңғыш меңгерушілерінің бірі болған ақын, әдебиетші, қоғам қайраткері Тұрлыхан Хасеновтың ауатком төрағасы Хамит Балтабаевпен бірлесе еңбектеніп, әдеби жетекшілік етуімен алғашқы аудандық газет жарыққа шықты.

Осы кезеңде өңірде бірқатар білім-тәрбие ошақтары пайда болды. Олардың ішінде панасы здарды қамқорлыққа алған балалар үйінің орны айырықша. 1938 жылдан осы тәрбие ордасының тізгінін ұстаған Жақия Шайжүнісовтің ұрпақ тәрбиесіндегі үлгілі тәжірибесі бүкіл елге таралып, өзі Социалистік Еңбек Ері деген мәртебелі атаққа ие болды.


Отызыншы жылдардағы озбырлық саясаттың салдарынан халқымыздың ардақты ұлдары Шериаздан Фахрутдинов, Шәкір Ғабдуллин, Фатих Нұртазин, Рахымжан Кепешов, Ахат Құсманов, Ақметқали Жанболатов, Дмитрий Шаламов, Малгаждар Тайшенов, Серік Кенжин және басқа көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар жалған жаламен жазаға ұшырады.

Бірақ, осындай талай зауалды шақтарды бастан өткерсе де, ел еңсесін түсірмей, ертеңгі күніне үмітпен қарады.


Ауданда 1940 жылы он бір ауылдық кеңес, 41 ұжымшар, 3 кеңшар, бірнеше кеніш, кәсіпорындар жұмыс істеп, өндіріс пен шаруашылықты жолға қоюдың қадамдары жасалды.

Алайда, соғыстың қара бұлты елдің бейбіт тірлігінің шырқын бұзып, ауданымыздан 13 мыңға жуық азамат майданға аттанды. Айрықша қаһармандық танытқан жерлестеріміз Қойгелді Аухадиев, Николай Фонов, Николай Шарабарин, Сергей Седнев, Иван Яроцкий, Иван Сапалев, Федор Полынин, Лаврентий Константинов, Николай Авдеев Кеңестер Одағының Батыры деген жоғары атаққа ие болды.


Ел қорғаған ерлердің есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында, Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында бүкіл аудан халқының күшімен және демеушілік көмекпен Көкпекті ауылындағы Жеңіс саябағы жаңғыртылып, «Данқ» мемориалы мен жауынгер монументі орнатылды.

Бұл біздің бейбіт өмір сыйлаған майдангерлер мен тылда еңбек еткендердің ғажайып ерлігіне деген айырықша құрметіміздің белгісі болып табылады.

Ұлы Жеңістен кейін аудан экономикасы қайта өрлеп, зор қарқынмен, ерекше екпінмен ілгері басты. Қажырлы еңбектің арқасында 1948 жылы рекордтық түсімге қол жеткізген «Коминтерн» (Көкпекті) кеңшарынан Максим Цепура, Назарбек Саяхимов, Құмар Раев сынды үш бірдей Социалистік Еңбек Ері шығып, есімдері бүкіл республикаға әйгілі болды. Сол жылы осындай құрметті атақ «Ұзынбұлақ» кеңшарынан Михаил Самарскийге де берілді.

Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары «Ұзынбұлақ» сияқты ірі астықты шаруашылықтардың құрылуымен егіс көлемі анағұрлым кеңейді. Тың төсінде тынымсыз еңбек еткен «Большевиктік» тарлан комбайншы Анатолий Булгак Еңбек Ерлерінің қатарын толықтырды.

Самар өңіріндегі Ленин атындағы ұжымшар, Октябрь астық қабылдау пункті республиканың құрметті Алтын кітабына енгізілді.
1970-80 жылдары ауданның мықты аграрлық әлеуеті қалыптасып, ол сол кездегі Семей облысындағы ірі астықты өңірге айналды.
1979 жылы аудан мемлекетке 135 мың тонна астық өткізуге қол жеткізсе, төрт бірдей шаруашылық: «Буденный», «Большевик», «Үлгілі Малшы», «Ұзынбұлақ» совхоздары Отан қамбасына миллион пұттан алтын дән тапсырды.

Асыл тұқымды ешкі түліктерін өсіретін Аухадиев ұжымшары бірнеше рет халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің медальдарына ие болды.


Осы сан-саладағы қомақты көрсеткіштер мен толағай табыстардың барлығы да қалың жұртшылықтың жанқиярлық еңбегінің жемісі.

Біз ауданның 80 жылдығын атап өтудегі басты мақсат – сол еңбекпен жазылған тарихты сомдаған ұрпақтарды, нақты адамдарды құрметпен еске алу деп білеміз.


Қоғам мүддесі үшін уақытпен санаспай еңбек етіп, жоғары абырой-атаққа бөленгендер арасында Социалистік Еңбек Ерлері Дарья Парий, Мухаммади Төлегенов, Иван Ипатко, Ленин орденінің иегерлері Мария Паницкая, Садуақас Ахмеджанов, Қалиқан Қабидолданов, Тоқан Жақұпбаев, Тынышты Бәкімбаев, Баяхмет Байсеңгіров, Айдын Хасенов, Николай Пашковский, Республика Жоғары Кеңесінің депутаттары Владимир Пойдо, Рысхан Құсайынова, Нина Лютова, Еңбек Даңқы орденінің иегерлері Виктор Нарушин, Қадиша Солтаева, Бидахмет Сыдықов және басқа көптеген еңбек майталмандары бар.
Оқу-ағарту, тұрғындардың мәдени-рухани қажеттіліктерін өтеу бағытында да игі жұмыстар қолға алынды. «Русский сувенир», «Толағай» ансамблдері, Көкпекті және «Үлгілі малшы» халық театрлары, «Большевик» клубының өнерпаздары түрлі деңгейдегі байқауларда аудан мәртебесін асыра түсті.

Өнер саласында табысты еңбек етіп жүрген республиканың еңбек сіңірген әртістері Шайзат Бахтинованы, Бисара Мәкенованы құрметпен атап өткім келеді.

Сондай-ақ, Тілеухан Тағлиманов, Сәкен Көбелеков, Рәш Тұқышев, Шәймәнгүл Жұмалиева сияқты өнерпаз жерлестеріміздің есімдері де елге танымал.

Білім жүйесінде осы өлкедегі алғашқы ұстаздардың бірі, Мұғалімдердің одақтық бірінші съезіне қатысушы Шерияздан Бабайұлы Фахрутдинов, Заманғазы Қасымов, одақтық білім беру ісінің үздігі Биляш Искаков, республикаға еңбек сіңірген мұғалім Жанипа Құжамбетова, Ленин орденді ұстаздар Қаппас Махамбетов, Лидия Чернова, «Құрмет белгісі» орденді Хабиба Байболова, Раиса Яншина, «Еңбек Қызыл Ту» орденді Клавдия Ковалькова және басқа ардақты жандарды ізбасарлары, шәкірттері әрдайым құрметпен еске алады.

Денсаулық сақтау саласында Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Александра Питенева, Республика Жоғары Кеңесінің депутаты Мария Цыкалова, Ленин орденінің иегері Тамара Чистякова, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Аманжол Жүнісов, Жағыпар Кусебғалиев және басқалар үлкен атақ-абыройға ие болса, қызмет көрсету, көлік, жол-байланыс, қоғамдық тәртіп сақтау және басқа салаларда көптеген тамаша жандардың есімдері өлке тарихында алтын әріппен жазылған.

Баспасөз саласында әр жылдарда Нұрқұлжа Түсіпжанов, Тұрсын Жабаев, Николай Путинцев, Қажет Сатыбалдин, Виктор Тупицын, Ботагөз Жақсылықова және басқа редакторлардың жетекшілігімен Нәкен Серікбаев, Серік Ибрайұлы, Мұхамедсадық Әңкебаев, Сәбит Шөмшеков, Әбділпар Жайсан сынды журналистер ұжымы өңір тіршілігін өрнекті сөзбен қалың жұртшылыққа жеткізіп, рухани қолдау таныта білді.


Дене тәрбиесі мен спорт саласында жеңіл атлет Николай Вербицский, ағайынды палуандар Оңғарбаевтар, белгілі ат бапкері Жанабіл Шайырғазин сынды саңлақ спортшылардың есімі республикаға дейін танымал болса, бүгінде Бақыт Рахимов баптайтын жас таэквон-дошылар жақсы табыстарымен қуантуда.
Әлеуметтік-экономикалық дамудағы үздік жетістіктерге қол жеткізуде Рафик Хасенов, Юрий Ильяшенко, Владимир Горохов, Федор Фролов, Фрунзе Жақсылықов, Маймұрат Уәлиев, Едгар Шұқыжанов, Лихомяжев Виталий, Баянды Құжамбетов, Мендіғали Закиров, Виктор Антипин, Сәбен Мұхамедьяров, Қайырхан Маматов, Атымтай Әбенов, Тоқтар Бакраев, Владимир Ашаргин, Петр Евсеев, Алексей Поплавский сынды басшылар зор үлес қосып, ерекше іскерлігімен танылды.
Құрметті жерлестер!

Бүгінде қоғамдық қатынастар өзгергенмен, аға ұрпақтың ел игілігіне бағытталған ерен еңбегі, жалынды жігері, қажымас қайраты – ұрпақтар үшін өшпес өнеге үлгісі болып қала бермек.

Әрине, уақыт озған сайын өз кезеңінің барлық ауыртпалығын қайыспай көтерген ардагерлер қатары сиреп барады. Өткен 70 жылдық мерейтойдан бергі мерзім ішінде Тұранғазы Қобаев, Тұрсын Нұрғалиев, Иван Шведунов, Есен Кәрібаев, Михаил Шилов, Берікқали Бакиров, Шалқар Балғожин сынды және басқа да бірқатар ардагерлеріміз дүниеден озды.
Уважаемые кокпектинцы! Гости юбилейного торжества!

Каждый праздник, каждая календарная дата – по–своему значимы. И в их ряду 80-летие нашего района – событие особое.

Удивительные перемены произошли в нашем крае за этот период!

Сегодня совершенно новая социально-экономическая система, стало другим информационное пространство, но самое главное - изменилось мировоззрение людей.

Да, без прошлого нет настоящего. И какими бы не были сложными и запутанными исторические периоды – все это этапы нашего большого пути, нашей истории, нашей памяти.

Поэтому обеспечение преемственности поколений, продолжение лучших традиций – это наш человеческий долг, в этом и заключается главный смысл проведения юбилея.

Имена людей, внесших особый вклад в развитие района, золотыми буквами вписаны в историю родного края.

Сегодня в этом зале присутствуют бывшие руководители, ветераны труда, знатные люди района. Это Сулейменов Абайхан Сулейменович, Қарықболов Қайролла Айтказинович, Кабидолданов Каликан, Кемербаев Тоқан Бухарбаевич, Мақұлбаева Роза Орақбаевна, Жылқыбаев Төлеуғазы Жылкыбаевич, Жанузаков Мағзамбек Каратаевич, Тусупбеков Куан, Жунусов Аманжол Асетович, Жазнаев Токан Акримханович и другие.

В этот праздничный день, выражаю Вам, уважаемые земляки, заслуженные слова благодарности за Ваш бесценный труд, настойчивость и целеустремленность, за достойный вклад в социально-экономическое развитие района. Ведь это вы - главное достоянием нашей земли – добросовестные труженики, созидающие жизнь по законам долга и чести, это вы - наша гордость и достойный пример для подражания.

Сегодняшнее поколение уверенно продолжает начатые вами дела, внося свои дела и инновации в летопись района. Природное богатство, удачное географическое расположение, а самое главное, люди – талантливые и трудолюбивые, высокообразованные способствуют успешной реализации самых сложных задач.

И я уверен, что предстоящие годы и десятилетия станут для кокпектинцев временем свершений, дальнейшего подъема, развития и стабильности.
Қадірменді қонақтар!

Мерекелі жылы ауданымызда әр бағытта түрлі мазмұнды шаралар өткізілуде. Өткенімізді терең зерделеу, өлкеміздегі ізгі істерді насихаттап, ұрпақ жүрегіне ұялату мақсатымен кітап жазылып, фотоальбом мен телефильм жарық көрді. Кешегі күні халқымыздың төл өнері – ақындар айтысы болып өтті.


Елбасымыз ауқатты азаматтарды ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуға шақырып келеді. Бұл тұрғыда облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлының бастамасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым» акциясы аудан мерейтойына дайындықпен ұштастырылып, оның барысында көптеген игі істер атқарылды.

Осы акция шеңберінде жерлесіміз Тұрарбек Ракиш Көкпекті ауылында жаңа дәріхана ашса, Серік Уәлиев пен Болат Бекбердинов құны 1 млн. доллардан астам сомаға тұрмыстық қызмет көрсету кешенінің құрылысын аяқтауда.


Құрметті қонақтар!

Қазақстанның тәуелсіздік алуымен аудан тарихының жаңа кезеңі басталды. 1997 жылы Елбасы Жарлығымен Көкпекті және Самар аудандарының бірігуімен аудан экономикасы қуаттана түсіп, тың арнада дамуға мүмкіндік алды.

Қазіргі таңда көкпектіліктер бүкіл елмен бірге алғашқы кезеңдегі қиындықтарды еңсере отырып, Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған жаңа экономикалық өрлеуге бағытталған Жаңа онжылдық стратегияны іске асыруға жұмылуда.

Бүгінгі таңда ауданда түрлі кендерді геологиялық барлау, өндіру, өңдеу жұмыстарын жүргізетін «Каскад-Н», «Семгео», «STM» сияқты ірі кәсіпорындар жұмыс істейді.


Өңір экономикасында маңызды орын алатын ауыл шаруашылығы саласы үнемі даму үстінде. «Мәмбет» шаруа қожалығы, «Өрнек», «Самар-Астық» серіктестіктері сияқты ауданның ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорындары жаңа инновациялық технологиялар енгізіп, халықаралық стандарт сертификаттарымен еліміздің және шет елдің нарығына шығуда.

«Чистый Яр Агро» серіктестігі және «Калисаттар-ұлы» шаруа қожалығы жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысуда.

«Елімай», «Көктерек», «Қал-Мұх-Жом-Ахмет», «Теректі» шаруа қожалықтары мен «Өрнек» серіктестігінде асыл тұқымды мал өсіру ісі жолға қойылған.

Аудан экономикасының дамуына белсенді үлес қосып жүрген Төлепберді Хощанов, Ержан Дюсупов, Михаил Лопаткин, Александр Воротников, Мұрат Жакупов, Владимир Батраков сияқты ауылшаруашылық құрылымдарының іскер басшылары аз емес.


Республика Президенті ұсынған «Жол картасы» бағдарламасы ауылдық мекендердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге елеулі ықпал етті.

Екі жыл ішінде 2 мектеп, балабақша мен клуб үйі, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылықтың 3 нысаны, 200 километр жол мен көпір жөнделді, 19 километр көше жарықтандырылды, ауылдарды абаттандыруға бағытталған 8 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.

Елбасы Жолдауы аясында қабылданған «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аудандық аурухана құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп отыр.

Білім беру бөлімі жанынан биыл «Дарын» орталығы мен «Инновациялар мен ақпараттық технологиялар орталығы» іске қосылды.

Мәдениет саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, «Толағай» ансамблі, «Іңкәр» тобы, «Асыл мұра әжелер» клубы халықтық атағын лайықты қорғап шықты.

Аудан спортшылары биылғы облыс әкімінің жүлдесі үшін өткен халықтық спорт ойындарында жүлделі ІІ орынға қол жеткізді.

Аудан мақтанышы «Дархан» көкпаршылар клубының жұмысына елеулі қаражат бөлінді.

Өздеріңіз куә болғандай, Ата Заңымыздың 15 жылдығы мен аудан мерейтойы құрметіне Көкпекті ауылында Дәулет Тұрлыхановтың есімі берілген күрес кешені ашылды. Жасөспірімдер күресіне танытқан ағалық қамқорлығы мен азаматтық ісі үшін даңқты палуанға көпшілік атынан ризашылық білдіргім келеді.

Бүгін, ауданымыздың мерейтойына орай біз тарихи-өлкетану мұражайын ашып отырмыз. Өткенімізден сыр шертетін мұражай үйі енді жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін көрікті мәдени ошақтарының бірі болмақ.
Уважаемые земляки!

Президент страны Нурсултан Абишевич Назарбаев не устает повторять, что стабильность и согласие – это большая ежедневная работа, которую нужно проводить из года в год, из поколения в поколение. Сегодня у нас в районе в мире и согласии проживают представители более 20 национальностей. И все они живут как одна семья – воспитывают детей, строят дома и дороги, выращивают хлеб, славят свою родину достижениями в спорте и культуре.



Значимую роль в общественной жизни района играют филиал НДП «Нур Отан», общественные объединения молодежи, воинов – интернационалистов, предпринимателей и религиозных объединений. Вместе с районом выросло целое поколение ветеранов. Среди них хочу отметить сегодня активную гражданскую позицию Боранбаева Ахметкали, Бекенова Нурасыла, Бектасова Армии, Беккожина Кенеса, Лебеденко Виталия и многих других.

Уважаемые ветераны! Это вашим трудом приумножалась славная история района. И несмотря на свой преклонный возраст, вы сегодня умело ведете кропотливую работу по патриотическому, нравственному и духовному воспитанию молодежи. Низкий поклон вам за это, здоровья и благополучия.

Дружба народов Казахстана проверена временем, а мир и согласие в нашем общем доме давно стали нашим главным достоянием. Но согласие и единство надо беречь каждому из нас, к какому бы этносу он не принадлежал. Это нужно всем и каждому. Ибо от этого зависит благополучие нашей Родины, благополучие и будущее каждого казахстанца.
Құрметті халайық! Қадірменді қонақтар!

Өңірдің өткеніне көз жіберіп, бүгінгі жеткен биігін пайымдау, алдағы асуларын белгілеу – санасы таза, рухы биік ізбасар ұрпақ қалыптастыруда айырықша мол тағылым, үлкен тәрбие көзі деп білемін.

Бұл орайда, ұлттық құндылықтарымызды төрге оздырып, төрткүл дүниеге танытқан, егемен ел болғаннан бергі кезең – кейінгі ұрпақ айта жүретін, кеудені мақтаныш кернейтін, еңсені тік ұстайтын жарқын шежіре іспетті.

Бұла барыс жылы жасампаз бастамаларымен, батыл ұмтылыстарымен биік беделге ие болған Қазақ елі өзінің 20 жылдық айтулы белесіне қадам басқалы отыр.

«Тәуелсіз Қазақстан – біздің ең қымбат, ең асыл құндылығымыз», - деген еді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Нзарбаев.

Ендеше, бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісімнің үлгісіндей, татулық пен тұрақтылықтың ордасындай болып отырған мемлекетіміздің мерейлі мерекесін лайықты атап өтуге үлес қосу, қарышты қадаммен алға басуына барынша атсалысу – баршамызға ортақ міндет.

Бұл ретте, аудан мерейтойын келелі істермен қарсы алған аймақ тұрғындары ел игілігін еселей түсер қажырлы әрекеттерін жанды іс-қимылмен жалғастыра бермек.

Осылайша, жаңарған Қазақстанмен бірге өз дамуының келесі кезеңіне бет алып, көркейе түскен Көкпекті көгінде еңбек пен табыс күйі қалықтап, шаттық жыры шарықтай түсеріне сенім мол.



Құрметті жерлестер!

Аяқталып қалған 2010 жыл біз үшін берекелі, жемісті болды. Бірлігі жарасқан еліміз жаһандық сипаттағы үлкен сыннан сүрінбей өтті.

Келе жатқан 2011 жыл еліміз жылнамасының жарқын беттеріне жазылатын жаңа кезеңнің бастауы болады деп сенемін.

Жаңа жыл жақсылығымен келсін, ардақты ағайын! Әр отбасы үшін ырыс пен береке жылы болсын!

Әрдайым бірлігіміз бекем, татулығымыз баянды болып, еңселі биіктерге, шырқау шыңдарға қол жеткізе берейік!

Баршаңызды бүгінгі ауданымыздың 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Сіздерге жарқын көңіл-күй, жемісті еңбек, тың жетістіктер мен сәттілік тілеймін.

Дендеріңіз сау, аспандарыңыз ашық болсын!

Мерекелеріңізбен!



Назарларыңызға рахмет.



Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет