Аса қамқор, ерекше мейрімді Аллаһтың атымен бастаймын



жүктеу 178.97 Kb.
Дата04.03.2018
өлшемі178.97 Kb.

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын.

Барша мақтау бүкіл әлемдердің Раббысы болған жалғыз ғана Аллаһ Тағалаға тән. Және Оның игілігі ен сәлемі құрметті пайғамбар Мухаммедке болсын. Аллаһ Тағаланың мейірімі барлық іс-амалдарында Құранды өздеріне басшылыққа алушылар мен Оның бүкіл әлемге рахмет ретінде жіберген соңғы пайғамбарының жолынан бекем ұстаушыларға жаусын.
Құдіретті Құдайдың қасиетті еткен қаласына қадам басып келген ата-ана,аға-іні,әпке-қарындастарымыз Аллаһ Тағала миллиондаған адамдардың ішінен Өзінің үйіне зиярат етуді тағдырларыңызға жазуы түсінгендер үшін үлкен нығмет.

Құранның алғашқы аяттары түскен бұл қасиетті Мекке қаласына Жалғыз ғана Жаратушының разылығын іздеген пенделердің қажылық ғибадатын орындау үшін келулері сонау Ибраһим ғалайһиссаләмның заманынан бері әлі толастаған емес. Осы жерде көптеген адамдардың таза ниеті мен тура амалдарының арқасында тілектерінің қабыл болып бақытқа бөленгендері ақиқат. Бұл қойнауынан зәм-зәм бұлағы ағып жатқан жерде Аллаһ үшін жасалатын ғибадаттардың нығметін есептеп шығуға бір қаламның сиясы жеткіліксіз.

Сапардың салмағына сабыр етіп,маңдай терімен табылған малды сарп етіп, бала-шаға,от-басы мен ағайындарды артта қалдырып келген соң барша ықыласымызбен күш жігерімізді Аллаһтың хұзырында қабыл болатын қажылыққа жету үшін жұмсауымыз қажет.

Ислам дінінің негізгі ірге тасын құрайтын бес парыздың бірі болған қажылық амалының көптеген фазилеттері¹ бар. Олардың кейбірін назарға алып өтелік.

Белгілі хадис жинаушы имам Бухаридің риуаят етуі бойынша бізге жеткен бер хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) "амалдардың қайсысы абзал?"-деп сұралған кезде,ол кісі:

- Аллаһқа және Оның елшісіне болған иман-деген. "Одан кейін қайсы амал абзал?"-дегенде,

- Аллаһ жолындағы күрес – деген." Ал одан кейін қайсысы абзал ?"-деген сұраққа,

- Күнә мен кемшіліктен таза, қабыл болған қажылық –деп жауап қайтарған .

Аллаһтың елшісі (Ол кісіге Аллаһтың игілігі сәлемі болсын)тағы бір сөзінде: « Кімде кім Аллаһтың үйіне келіп қажылық амалын орындаса және пасықтық істер мен күнәлі сөздерден алыс болған болса, онда ол адам анасынан жаңа туған сәбидей күнәдан пәк болып қайтады »-деген.

Бізге жеткен тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) : «Қабыл болған қажылықтың сыйлығы – жаннат -деп сүйіншіледі.

Жоғарыда қажыққа байланысты келтірілген бірер хадистерден бұл ғибадаттың ғажайып сырлар мен теңдесіз сауаптарға толы екенін байқадық . Және сол сауаптардың барлығы күнә мен кемшіліктен пәк болған,Аллаһ хұзырында қабыл болған қажылық үшін ғана. Сол қабыл болатын қажылыққа жетіп, Аллаһу тағаланың шексіз мейірімі мен қамқорлығына бөлену үшін өзімізге тиісті болған шариғаттың шарттарын білгеніміз дұрыс.Бұл кітапшада сол шарттар мүмкіндігінше баяндалып өтіледі.

Ғибадаттың негізгі шарттары:

Шариғатта кез-келген Аллаһтың разылығына жету үшін жасалатын ғибадат екі шартқа негізделмейінше қабыл болмайды. Біздерге дейінгі Аллаһ Тағаладан кітап түсіріліп және пайғамбарлар жіберілген кейбір қауымдардың адасушылықа түсіп, Раббыларының азабына душар болып, дүние мен ақыретте зиянға ұшырауларының себебі де осы екі шартты ұстанбағандықтарынан болған.

Ондай болса Аллаһ тағаладан тура жол,тұнық ой,жеңілдік пен берекет сұрай отырып, ғибадаттарымыздың қабыл болуына себеп болатын екі шартпен танысайық .

Ғибадаттың қыбыл болуының бірінші шарты: Шын ықыласпен болған ниет.

Ықыласты ниет дегеніміз пенденің бүкіл орындайтын амалдарында Аллаһ Тағаланың ғана разылығына жетуді мақсат тұтуы.

Міне бұл амалымыздың қабыл болуының бір жолы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)өзінің шарапатты хадистерінің бірінде былай деп айтқан:

- "Расында барлық амалдар ниетпен жасалады. Және әрбір кісі ниетіне қарай сауапқа жетеді немесе жазаға ұшырайды".(Имам Бухари Омар ибн әл-Хаттабтан риуаят еткен.)



Ықыласты, ниетті бұзатын нәрселер.

Ниеттің бұзылуына себеп болатын нәрселер:

1-Аллаһ Тағалаға серік, ортақ қосу.

2-Мақтангеншілік, атаққұмарлық.

3-Дүниені ғана мақсат тұту.

Аллаһ Тағалаға серік,ортақ қосуға байланысты тақырыпқа тоқталып өтелік. Серік қосу (ширк¹) күнәсі шариғатта ең ауыр күнә болып есептеледі. Оған дәлел Лұқман сүресінің он үшінші аяты."Аллаһ Тағалаға серік қосу – ең үлкен зұлымдық". ( Лұқман :13)

Және Аллаһ Тағала серік, ортақ қосу Оның адам баласына харам еткен істерінен. Оған Әнғам сүресінің жүз елу бірінші аяты дәлел: (Ей Мухаммед оларға) «Келіңдер, сендерге Раббыларыңның харам еткендерін оқиын: «Оған еш нәрсені серік, ортақ қоспаңдар-деп айт». ( Әнғам:151).

Және Аллаһ Тағалаға серік қосу одан шынайы тәубе етіп, толық бас тартпайынша кешірілмейтін күнә. Оған Ниса сүресінің қырық сегізінші аяты дәлел; "Расында Аллаһ Өзіне серік қосушылық күнәсін кешірмейді. Және иман келтірген құлдарының қалағанына басқа жіберген күнәларын кешіреді."

Және Аллаһ Тағалаға серік қосу бүкіл амал-ғибадаттардың жойылуына себеп. Оған Әнғам сүресінің сексен сегізінші аяты дәлел; "Егер олар Аллаһқа серік қосатын болса,онда олардың істеген амалдары жойылады."

Серік қосу үлкен зұлымдық болғаны үшін одан барынша сақтану қажет. "Лә иләһа иллаллаһ"-кәлимасының мағынасы да "Бір Аллаһтан басқа ғибадатқа лайықты ешбір тәңір жоқ"-деген ұғым береді. Яғни бір Аллаһтан басқа ешбір нәрселерге сиынбау қажеттігін түсіндіреді.

Ал ниеттің бұзылуына себеп болатын екінші нәрсе – (риа) кісі көрмекке амал қылу, атаққұмарлық. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір сөзінде; "Мен сендер үшін қорқатын нәрселердің ішіндегі ең қауіптісі – кіші серік қосушылық"-деп айтқан. Ол кісі "кіші серік қосушылық" дегеніміз не?-деп сұралғанда; "Ол–(рия) кісі көрмекке амал қылу, атаққұмарлық, мақтангершілік"-деп жауап берген.

Ал, мәшһүр Имам-Ағзам Әбу-Ханифа өзінің "Фиқһуль-Әкбәр" атты кітәбінда;

- "Егер Аллаһ үшін істелген бір амалға риа араласса, онда сол риа істелген амалдың сауабын жояды"-деген.

Сол себепті қажылық амалы қажы атағына жету үшін немесе адамдардың назарын өзіне аударып, олардың сый-құрметіне бөлену үшін жасалатын болса, онда егесі сауаптан ажырап, ақыретте жақсылыққа жолыға алмайды.

Ниетті бұзатын үшінші нәрсе–дүниенің қызығын ғана мақсат тұту. Ол жайында Аллаһ Тағала Құран Кәрім кітәбінда былай деп баяндады; "Адамдардың ішінен :Раббымыз бізге осы дүниеде ғана жақсылық бер деп-айтатындар бар. Оларға ақыретте ешбір несібе жоқ. Және олардан. Раббымыз дүниеде де жақсылық бер, ақыретте де жақсылық бер, және бізді тозақ отынан сақта –деп айтатындар бар. Міне соларға істеген амалдары үшін үлес бар"

Бұдан түсінеріміз намаз оқып, зекет беріп, ораза тұтып, қажылық амалын орындап немесе кез-келген ғибадатты атқарып жүргендегі мақсатымыз дүние қызықтырына жету үшін ғана болмауы керек. Ақыретте де Аллаһ уәде қылған игіліктерге жетіп, азаптардан құтылу үшін болуы да қажет.



Ғибадаттың қыбыл болуының екінші шарты:

Ол шарт-амалдарымыздың Құран мен сүннетке сәйкес болуы.

Пайғамбарымыз Мухаммад (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: "Кімде-кім біздің ісімізде (Аллаһтың кітабы менен оның пайғамбарының сүннетінде көрсетілмеген) бір амалды істесе, ол (амал) қайтарылады (қабылданбайды)". Бұхари, Муслим риуаятында.

Көпшілік мұсылмандар арасында кең таралған және бір хадисте : "Мен сендерге екі нәрсе қалдырдым. Егер сол екеуінен бекем ұстайтын болсаңдар еш уақытта адаспайсыңдар. Ол екі нәрсе Аллаһу Тағаланың кітабы-Құранменен Оның жіберген елшісінің сүннеті". Бухари,Муслим риуаятында.

Бұл хадисте жоғарыдағы хадистің мәнін ашықтай түседі. Яғни, амалдар Құран мен сүннеттен дәлел тапса қабыл болып, амал егесі адасушылықтан құтылады.

Аллаһ баршамыздың салихалы істерімізде қабыл етсін !

Хажылықтың парыз болуы.

Исламның бес парызының бірі болған қажылықты Аллаһу Тағала әрбір шамасы келген құлдарына парыз еткен. Оның парыздығына Әл-Ғимран сүресінің тоқсан жетінші аяты дәлел.



"Әрбір шамасы келген адамдарға Аллаһ үшін Қағбаға келіп, қажылықты орындау парыз."

Пайғамбарымыз Мухаммед (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір құтбасында былай деген:



"Әй, адамдар! Расында Аллаһ сендерге қажылықты парыз қылды. Сол әмірді орындаңдар"

Әр адамға қажылықты парыз ететін бес шарт бар. Олар;

бірінші-мұсылман болуы қажет,

екінші-балиғатқа толған болуы керек,

үшінші-ақыл есі дұрыс болуы керек,

төртінші- жеткілікті қаражаты болуы керек,

бесінші- азат адам болуы керек.

Егер осы бес шарттың бірі толық болмаса, онда ол адамға қажылық парыз емес. Қажылықты өмірінде бір жолы орындаған адамның мойынынан оның парыздығы түседі. Себебі пайғамбарымыздан (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен бір хадисте былай делінген: «Қажылық амалы адамға өмірінде бір жолы ғана парыз. Одан арттырғандар сауап үшін өз ықтиярларымен орындаған болады»


Қажылық түрлері.

Қажылық хаж және ғумра болып екіге бөлінеді. Немесе хажды үлкен қажылық, ал ғумраны кіші қажылық деп те атайды. Хаж–адамның өмірінде бір жолы ғана атқаратын мойынындағы парызы. Және ол Зул –Хижжа айының белгілі күндері ғана орындалады. Ал ғумраны жылдың кез келген уақытында, Меккеге келген мезгілдерде сауап үшін істей беруге болады. Хажылық амалы орындалуына қарай; таматтуғ, қиран, ифрад болып үшке бөлінеді.





  1. Таматтуғ қажылығы. Бұл түрдегі хаж амалын орындаушы кісі ихрам хәліне екі рет кіреді. Бірі ғумраны өтеу үшін, бірі Зул- хижжа айында хаж амалын өтеу үшін. Яғни, ғумра амалынан соң ол кісіге ихрам хәлінен шығу керек. Ғумра мен хаж амалдарына ниетті жеке-жеке жасайды. Ғумраға ниетті миқатта жасайды. Ал, хажға ниетті Мекке қаласында жасайды. Және ол кісіге сол жылы, хаж айларында Меккеден шықпастан хажылығын орындап қайтуы қажет. Және құрбандық шалады.

  2. Қиран қажылығы. Қиран қажылығын жасағысы келген адам, хаж айларының ішінде ғумра мен хаж амалдарын орындау үшін ихрам хәліне бір жолы ғана кіреді. Ғумра мен хаж амалдары біріктіріледі. Екеуіне ниетті миқатта бірге жасайды. Және қиран қажылығын орындаушы адамға Меккеге жеткен бойда Тауаф Қудум дап аталатын Қағбаға сәлем тауафын жасау абзал .Әрі Тауаф Қудумнан кейін Сафа мен Маруа арасында сағи (жүру) жасаса, онда Тауафул Ифада деп аталатын хаждың негізгі тауафында сол сағиды жасамаса да болады. Сонымен қатар ол ихрам хәлінен тас лақтаруға қоса, шаш алу, құрбандық шалу немесе тауаф жасау амалдарының бірі орындалмайынша шыға алмайды.

  3. Ифрад қажылығы. Бұл түрдегі хаж амалын атқарушы кісі ғумраны атқармайды. Яғни, миқатта ихрамға өтіп, ниетті тек хаж амалын орындау үшін ғана жасайды. Ифрад қажылығын орындаушы да Тауаф Қудумнан кейін Сафа мен Маруа арасында сағи жасаса, Тауафул Ифада деп аталатын хаж тауафында сағиды орындамайды. Және бұл түрдегі хаж амалын орындаушы құрбандық шалмайды.



Миқат орындары.

Миқат дегеніміз ғумра мен хаж амалын орындау үшін келгендердің ихрам хәліне кіретін орыны. Миқат мәселесінде өте мұқият болу қажет. Көп адамдар білмегендіктен ол жерден ихрам хәліне кіместен өтіп кетіп жатады. Ихрамсыз өтіп кеткен адамға ол жерге ихрамға кіру үшін қайта оралу міндет. Ал, кім білместіктен, не ұмытып Миқаттан өтіп кеткеннен кейін ихрам халіне кірсе, онда оған айыбын өтеу үшін бір қойды құрбандыққа шалып, Мекке қаласындағы оған мұқтаж адамдарға тарату керек болады. Сондықтан Миқат жайында білетін кісілерден пысықтап сұрап алу қажет. Егер ұшақ Миқаттан өтіп барып тоқтайтын болса, ұшаққа мінер алдын ихрамға оранған дұрыс. Ұшақтың ішінде мүмкіндік тауып ихрамға кіре алатын болса да жарайды. Кейін Миқат тұсынан өтіп бара жатқанда ғұмраға немесе қажылыққа ниет жасауға болады. Ұшақта Миқаттан өтетін тұс хабарланбайтын болса ниетті одан ертерек жасау керек.



Ихрам деп-ниет етіп, ғұмра амалдарына кіруді айтады. Ихрам халіне кіру үшін ихрам киімі киіледі. Ихрам киімі- дегеніміз екі бөлектен тұратын мата. Бірін белден төмен орайды(тізеден міндетті түрде түсіп тұруы қажет). Екінші бөлігін үстіне жамылады. Әйел кісілер ихрам киімін кимейді. Оларға әдеттегі әурет жерлерін толық жабатын, дене пошынын айшықтамайтын, кеңдеу киім киген дұрыс. Әйел кісінің беті және қолынан (білезігіне дейінгі аралық) басқа жерлері әурет болып есептеледі. Әйел кісілердің киімінде арнайы белгіленген түс жоқ. Ер кісілерге аяқтарына тобықтарын жаппайтын сүйретпе аяқ киім киген дұрыс. Әйел кісілерге өздерінің жүріп-тұруына ыңғайлы кез-келген аяқ киімді киюлеріне болады. Ихрам киімі Миқатта киіледі. Киер алдын ғұсылданып (толық жуынып) хош иіс суларын себіну сүннет. Ол екеуін істеуге мүмкіндік болмаса айып есептелмейді. Әйел кісілерге иіс су себінуге болмайды. Ихрамды тауып киуге ешбір шамасы жоқ адам үстіндегі киімін ихрам тапқанға дейін ихрамға есеп қылып, ниет жасауына болады. Және ихрам киер алдын мұртты басып, тырнақтарды алып, әурет және (кіндікпен тізе арасы) қолтықтағы түктерді алу қажет. Бұл істерді әрбір мұсылман қажылықтан тысқары уақыттарда да әрдайым атқарып тұруы тиіс. Ихрамға оранған соң дауыстап ниет жасайды. Умраны ниет етсе "Ләббәйкә ғумратан"-деп айтады. Мағынасы: "Ей, Аллаһ! Сенің разылығың үшін ғұмраны орындауға алдыңа келдім". Егер ниеті қажылық болса "Ләббәйкә хажжан"-деп айтады. Мағынасы:"Иә, Аллаһ! Сенің разылығың үшін парыз қылған қажылығымды орындауға алдыңа келдім"-деп айтады.

Ихрамға кіргендерге тиым етілетін істер.

  1. Ихрамға кірген соң ер кісіге де, әйел кісіге де шаштарын, тырнақтарын алуға да, жұлуға да болмайды.

  2. Ер кісіге шалбар, іш-киім, көйлек сияқты киімдер мен тобықты жауып тұратын аяқ киімдерді киуге болмайды.

  3. Әйел кісіге қолғап пен бет жапқыш киуге болмайды. Бөтен ер кісілерден бетін орамалының бір бұрышын жоғарыдан түсіріп көлегейлесе болады.

  4. Ер кісі басын тақия, сәлде және одан басқа кез-келген заттармен жабуға болмайды. Күннен қорғану үшін қолшатыр ұстауға, тал немесе үй, машина сияқты заттардың көлеңкесіне паналауға болады.

  5. Аңшылық жасап, аң-құстарды өлтіруге немесе көмек көрсетуге болмайды.

  6. Неке қиюға да, қидыруға да болмайды.

  7. Ерлі-зайыптыларға жыныстық қарым-қатынасқа түсуге немесе жыныстық қарым-қатынастың туындауына себеп болатын нәрселерді жасауға болмайды(сүю, аймалау т.б.).

  8. Иіс су, иіс сабын, шампунь сияқты нәрселерді пайдалануға болмайды.

Кім бұл істерді біле тұрып істесе айыпты болып есептеледі. Егер иіс су себінсе, шаш-тырнағын алып қойса ,үстіне не басына киім кисе айыбына бір қой союы қажет. Немесе үш күн ораза тұтады немесе алта міскінді тамақтандырады. Ал, кім ихрам халінде жыныстық қатынасқа түссе, оның жазасы ауыр. Ол адам айыбына бір түйе сойады. Қажылығы есепке кірмейді. Бірақ бастап қойған қажылығын толық тамамдауы тиіс. Және оған келер жылдары ол парыз болған қажылығын өтеу үшін қайта келу керек.

Ихрамдағы кісіге рұқсат етілетін істер.


  1. Басын, денесін жууға болады. Бас жуу кезінде шаштың кейбір талшықтарының еріксіз түсуі айып болып есептелмейді. Бірақ сабын, тағы соған ұқсаған иісі бар заттарды қолданбау керек.

  2. Ихрамы кірлесе басқа ихрам киюге не жуып алуына рұқсат .

  3. Көз-әйнек, қол сағат, сақина, ақша мен құжаттарға ұқсаған затттарды алып жүретін кішкене сөмке немесе қалталары бар белбеулерді қолдануға бола

Ғумраның сипаты.
Пайғамбарымыз Мухаммед (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ғумра және хаж амалдарыңды менің атқарған ғумра және хаж амалдарыма сәйкестендіріп атқарыңдар»- деген. Муслим, Абу Дауд риуаят еткен. Сондықтан, осы хадиске амал ете отырып, барша амалдарымызды пайғамбарымыздың сүннетіне сәйкестендіріп атқаруымыз керек.

Миқатта мүмкіндік табылса ихрамды киер алдын жуынып, жұпар иіс суларын себінген жақсы (Әйел кісі иіс су себінбейді). Ихрамды киген соң «Лаббайкә ғумратан» - деп, дауыстап ниет жасайды. Мағынасы: «Ей, Аллаһ ! Сенің разылығың үшін умраны орындауға алдыңа келдім». Меккеге жеткенше тәлбияны көбірек айтқан дұрыс. Тәлбияны ер кісілер дауыстап, ал, әйел кісілер дауыстамай айтады. Тәлбия дегеніміз мына сөздер:

-Ләббәйкә Аллаһумма ләббәйк.

Ләббәйкә лә шәрикә ләкә ләббәйк.

Иннал хамдә, уан –ниғматә ләкә уәл мулкә, лә шарика ләк.

Мағынасы: Ей, Раббым Аллаһ ! Разылығың үшін алдыңа келдім. Ешбір серігі, ортағы болмаған Аллаһ разылығың үшін алдыңа келдім. Расында барша мақтау, барша нығмет, барша билік Саған ғана тән.Сенің ешбір серігің , ортағың жоқ.

Меккеге жеткен соң Қағбаны жеті рет айналып тауаф жасау керек. Тауафты қара тастың тұсындағы арнайы сызықтан бастау керек. Оған жетпей басталған айналым есепке кірмейді . Әркез сол сызықтың тұсынан өткен сайын, оң қолды көтеріп «Бисмиллаһ, Аллаһу акбар» - деп айтады. Тауаф біткен соң «Мақам Ибраһим» - деп аталатын орынның арт жағынан, адамдарға кедергі болмайтын орын тауып , екі ракағат намаз оқу – сүннет. Білгендерге бірінші ракағатта « Кафирун » сүресін , ал , екінші ракағатта « Ықылас » сүресін оқу абзал . Білмегендерге білетін сүрелерін оқуларына болады .

Одан кейін Сафа мен Маруа араларында жеті мәрте жүріп өту керек . Ол жүруді « сағи » - деп атайды . Бірінші Сафадан бастайды . Сафа төбешігіне көтеріліп бара жатып мына аятты оқу – сүннет : « Расында Сафа мен Маруа Аллаһ Тағаланың белгілеген орындары . Кім хаж немесе ғумра орындаса оған ол екеуін тауаф етуінің ешбір оқасы жоқ . Кімде - кім артықша жақсылық жасаса , білсін , расында Аллаһ шүкірлікті қабыл етуші және барлық нәрсені толық білуші» . ( Бақара :158 ) .

Осы аят соңынан алақан жайып дұға –тілек жасайды . Және осы дұға – тілек Сафа мен Маруаға әрбір көтерілген сайын жасалады . Кейін Сафадан Маруаға қарай бет алып жүреді . Сафадан Маруаға дейінгі аралық бір айналым болып есептеледі . Қайта Сафаға оралса екінші айналым болады . Сол күйде айналымды жетіге жеткізіп бітіреді . Сафа мен Маруа арасында еденде екі жасыл сызықпен белгіленген жер бар . Немесе ол жерді қабырға тұсынан екі жасыл шырақтармен белгілеген . Ер кісілерге сол екі жасыл сызықпен белгіленген аралықты жүгіріп өтулері сүннет .Адам көптігінен жүгіре алмаса айып емес . Сафа мен Маруа арасындағы сағиды бітірген соң шашты ұстарамен толық алу абзал . Қысқартуға да болады .Ал, әйел кісілер шаштарын топтап ұстап , ұшынан бір елі қысқартады . Шаш алынған соң «Таматтуғ» қажылығын орындаушыларға ихрамнан шығуға болады . Ихрам кезінде тиым етілген істер рұқсат етіледі . Ихрамнан шыққанннан кейін хаж амалын толық орындап біткенше Мекке төңірегінен шықпау керек .
Хажы амалының орындалу сипаты.
Таматтуғ қажылығын орындаушы кісі Зул-Хижжа айының сегізінші жұлдызында Меккеде тұрған жерінен ихрам киімін киіп , ихрам хәліне кіреді. Мүмкіндік табылып жатса ихрамды киер алдын ғұсылданып (толық жуыну), жұпар иіс-сулардан себіну сүннет. Әйел кісілер иіс-суларды қолданбайды. Ихрамды киіп болған соң ниет етіп "Ләббәйкә хажжан"-деген сөзді тілмен айтады. Мағынасы :" Иә, Аллаһ! Сенің разылығың үшін парыз қылған қажылығыңды орындауға алдыңа келдім". Ғұмра үшін ихрам халіне кіргенде тиым етілген істер бұл жолы да тиым етіледі. Кейін ертемен "Мина" деп аталатын мекенге бару қажет. Жол бойында талбияны көбірек айтқан жақсы. Талбия сөздерін ер кісілер дауыстап, ал әйел кісілер іштерінен дауыс шығармай айтады. Минада барлық намаздар өз уақыттарында оқылады. Бесін, намаздыгер,құптан сияқты төрт ракағаттан тұратын парыз намаздар екі ракағат етіліп қысқартылып оқылады. Зул-Хижжа айының тоғызыншы жұлдызында таң намазынан кейін күн шыққан соң Минадан "Арафат" деп аталатын жерге талбияны айта отырып бару қажет. Арафатта тұру – қажылықтың негізгі парыздарының бірі. Арафатта тұрмаған кісінің қажылығы есептелмейді. Бұл жерде де бесінмен намаздыгер намаздары екі ракағаттан қысқартылып және біріктіріліп оқылады. Яғни, азан-тәкбірден соң бесін намазы оқылады, одан кейін тағы тәкбір айтылып намаздыгер намазы оқылады. Бұл жерде жасалатын істердің ең жақсысы Аллаһ Тағаланы көп-көп еске алып , дүние мен ақырет жақсылықтарын қамтитын дұға- тілектерді көбірек жасау.

Пайғамбарыздан риуаят етілген мынадай хадис бар:

" Тілектердің ең жақсысы Арафат күні жасалған тілек. Мен және менен бұрын өткен пайғамбарлардың айтқан сөздерінің ең абзалы "Лә иляһә иллаллаһу уахдаһу лә шәрикә ләһу, ләһуль-мулку уа ләһул-хамду иухи уа иумиту уа һуа ғала кулли шәй-иң қадир"-деген сөз.

Ол сөздердің мағынасы төмендегінше :

"Бір Аллаһтан басқа ғибадатқа лайықты ешбір тәңір жоқ. Ол жалғыз және оның ешбір серігі жоқ. Барлық билік және барша мақтау Аллаһу Тағалаға тән. Ол Тірілтуші және Өлтіруші. Және барлық нәрсеге құдіреті толық жетуші".

Міне осы жоғарыда айтылған сөздер мен екі дүние жақсылықтарын қамтитын тілектерді айтып , істеген күнә мен кемшіліктерден тәубе жасап, Аллаһтан шын ықыласпен кешірім өтінген дұрыс. Бос сөзбен бос амалдардан алыс болып, күн батқанша Арафатта әрбір уақытты ғанимет біліп, ғибадат-құлшылықпен өткізу қажет.

Күн батқан соң адамдар шам намазын оқымастан Муздалифаға барады. Шам мен құптан намазы Муздалифада біріктіріліп оқылады. Құптан намазы екі ракағатқа қысқартылады. Осы жерде таң намазына дейін болады. Ұйықтап , демалу сүннет амалдарынан. Келесі күні, яғни Зул-Хижжа айының оныншы жұлдызында таң намазын оқып болған соң күн шыққанға дейін тілек тілеу сүннет. Одан кейін тас лақтыру рәсімін орындау үшін "жамаратул-ақаба" деген жерге бару қажет. Жамаратул-ақаба – деп тас лақтыру үшін орнатылған үлкен бағанды айтады. Ол бағандар үлкен ақаба, орта баған, кіші баған болып үшке бөлінеді.

Лақтырылатын тастарды кез-келген жерден теруге болады. Қой құмалағының үлкендігіндей жеті тас теріледі. Ол жеті тасты күн батқанға дейін үлкен ақабаға лақтырып үлгеру абзал. Әр тасты лақтырғанда "Аллаһу акбәр"-деп айтады. Тастарды бір-бірлеп тастау керек. Және тастардың бағанаға тиуі шарт емес. Баған түбіне орналасқан қазандыққа түссе жеткілікті. Қазандыққа түспеген тас есепке кірмейді. Сол себепті бір-екі тасты артықша ала барудың ешбір айыбы жоқ. Бұл күн орта және кіші бағандарға тас лақтырылмайды.

Тас лақтыру рәсімі аяқталған соң таматтуғ және қиран қажылығын атқарушылар құрбандықтарын шалулары керек. Құрбан етінен өздерінің де ауыз тиулеріне болады. Шалуға құрбандық таппаған адамдар он күн ораза тұтады. Оның үш күнін қажылық уақытында, ал қалған жеті күнін үйлеріне оралған соң толықтырады. Құрбандықты өзі шала алмаса, оны шалуды сенімді орындарға тапсырса болады. Әрбір адам ер кісі мейлі әйел кісі немесе ерлі-зайыпты болсын әрқайсысы өз аттарынан жеке құрбандық шалулары қажет. Құрбандық шалынған соң ер кісілерге шаштарын ұстарамен толық алдырулары абзал. Қысқартуға да болады. Әйел кісілер шаштарын топтап ұстап, ұшынан ғана бір елі көлеміндей қысқартады.

Медине қаласындағы зиярат орындары.

Медине қаласында бес орынды зиярат ету сүннет амалдарынан.

Олар Пайғамбарымыздың мешіті, Пайғамбарымыздың қабыры, сахабалар жатқан «Бақиғ» деп аталатын қабірстан, Ухуд шәһидтері, Құба мешіті. Бұлардан басқа орындарды зиарат ету сүннет амалдарының қатарына жатпайды. Пайғамбарымыздың мешітіне зиярат.

Пайғамбарымыздан ( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын ) жеткен хадистердің бірінде былай деп айтылған: «Адамдарға жер бетінде үш мешітке ғана арнайы зиарат ету үшін сапарға шығуға болады. Олар Харам-мешіті (Меккедегі), менің мешітім (Мединадағы) және Ақса мешіті (Иурисалимдегі)». Бұхари, Муслим риуаяты.

Міне осы хадиске байланысты қажылық рәсімінен босаған адамдар уақыттары болса осы мешітке келіп ғибадаттарын жасап қайтады. Және хадисте : «Бұл мешітте оқыған намаздың сауабы ,басқа мешіттерде оқылған намаздардың сауабынан мың есе артық, ал Харам-мешітінде (Меккедегі) оқылған намаздың сауабы менің мешітімде оқыған намаздың сауабынан жүз есе артық»-делінген.

Әрбір мұсылман қайсы мешітке кірсе де оң аяқпен кіріп ,мына дұғаны айтуы сүннет: «Бисмилляһ, уассалату уассаламу ғала расулиллаһ. Аллаһумма ифтах ли абуаба рахматик». Мағынасы «Аллаһтың атымен кіремін . Және Оның игілігі мен сәлемі жіберген елшісі Мұхаммедке болсын! Иә, Аллаһ! Маған Өзіңнің рахмет есіктеріңді аша гөр!».

Әрбір зиарат етуші Пайғамбарымыздың мешітіндегі үлкен сауаптарға жету үшін бес уақыт намазына бекем болып, яғни сол мешітте оқуға тырысып және онда нәпіл намаздарды арттырғаны дұрыс. Осы мешіттің ішінде «рауда»деп аталатын орын бар. Хадисте ол орын жайлы былай делінген : «Менің үйім мен мінберімнің арасындағы жай – жаннаттың бақшаларынан бір бақша» . Сол жерде мүмкіндік тауып намаз оқи алса абзалырақ .

Пайғамбарымызбен (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын ) оның екі серігінің қабіріне зиарат .

Пайғамбарымыздың( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын ) қабырының қасынан өткенде ол кісіге « Ассаламу ғәләйкә ия , расулуллаһ » - деп сәлем беріледі . Сәлем артынан ол кісіге салауат айту қажет . Одан кейін ол кісімен қатарлас жатқан хазреті Әбу Бәкір менен хазреті Омарлардың қабырларының қасынан өткенде оларға да « Ассаламу ғәләйкә ия , Әбу Бәкір », «Ассаламу ғәләйкә ия, Омар» -деп сәлем беріледі . Ол жерлерден әдеппен , дауысты көтермей, өзгелерге қысымшылық туғызбай өту керек . Әйел кісілерге шариғат заңдылықтары бойынша ешбір қабырларды зиярат етуге болмайды .Және пайғамбарымыздың қабырының тұсынан өткенде , оның үйін ұстаймын ұмтылуға , сүйемін деп талпынуға болмайды . Және оның қабырына қарап алақан жайып , одан жәрдем , қолдау сұрау кешірілмейтін ширк күнәсінің қатарына кіреді ¹. Шариғатта қайтыс болған мұсылмандар үшін Аллаһтан дұға – тілек қылуға болады , бірақ өлгендердің өзінен тілеу шариғатта қатты тиым етілген күнәлардың қатарынан . Және Пайғамбарымыз ( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын ) Аллаһтан : «Иә, Жаратушы Аллаһ ! Менің қабырымның табынатын орынға айналып кетуінен сақта ,- деп дұға жасаған!» .Тағы бір сөзінде :« Сұрасаң Аллаһтан сұра , жалбарынсаң Аллаһ Тағалаға ғана жалбарын » - деп айтқан .

Бұл сөздерден әрбір ақыл егесіне түсінікті нәрсе ; егер Аллаһтың сүйікті құлы , әрі пайғамбарларының ішіндегі ең абзалы Мухаммед( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын ) қабырының басында тұрып , одан жәрдем , қолдау сұрау күнә болатын болса , онда басқа қабырстандардан ( әулиелерден , белгілі адамдардан және ата- бабалардан тілеу ) сұрау қаншалықты адасушылық екендігі .Сондықтан салихалы амалдардың жойылуына себеп болатын серік қосу күнәсінен сақтану керек . Аллаһтың рахметіне Оның көрсеткен жолымен ғана жетеміз .

«Бақиғ» қабырстанын және « Ухуд шаһидтерін » зиярат ету .

« Бақиғ » қабырстанында он мынға жуық сахабалар жатыр . Ал , « Ухуд шаһидтері»- деп , аталып кеткен жерде кәпір – мушриктермен болған соғыста шаһид болып кеткен жетпіске жуық сахабалардың денелері көмілген . Пайғамбарымыз ( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын ) осы жерлерді зиярат етіп , оларға Аллаһтан дұға- тілек қылатын . Және ол кісі қабырды зиярат етуді қалаған сахабаларына мына сөзді айтуды үйрететін : « Қабырстанда жатқан мұсылман ерлер мен әйелдерге Аллаһтың сәлемі болсын . Аллаһ қаласа біздер де бір күні сендер сияқты бұл дүниеден өтеміз . Біздер мен сіздерге Аллаһтан кешірім мен мәрхемет сұраймыз» .Және бір хадисте : « Қабырларды зиярат етіңдер , ол қабырлар сендерге ақыретті естеріңе салады »-делінген.

Бұл хадистерден түсінеріміз шариғат бойынша қабырларды зиярат етудегі мақсат ;ақыретті еске алып , дүниеден өткен мұсылмандарға дұға тілек жасау . Ал , кімде – кімнің қабырларды зиярат етудегі мақсаты ; осы жерде тілек тез қабыл болады ,- деп ойлап ұзақ тұрақтау, түнеу болса немесе олар, яғни қабырдағылар тілегімізді Аллаһқа жеткізеді, деп ойласа, не болмаса ауыруымызды емдейді, қажетімізді өтейді , - деп есептесе Аллаһ алдында үлкен күнәға батқан болады .
«Құба» мешітіне зиарат.

Хадисте былай –деп келген: «Кімде-кім үйінен дәрет алып келіп Құба мешітінде намаз оқыса бір ғұмра жасағанның сауабына жетеді». Омардың ұлы Абдуллаһтан жеткен және бір хадисте ол кісі (Аллаһ одан разы болсын) былай –деп хабарлайды : « Пайғамбарымыз( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын ) Құба мешітіне жаяу да , көлікпен де барып , екі ракағат намаз оқитын» . Сондықтан, Медина қаласына келгендер үшін ол мешітті зиярат етіп, онда намаз оқып сауабына жету - ол да бір нығмет .







Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет