Ақша қаражаттары және олардың баламаларының түсінігі мен мәні, оның түрлері



жүктеу 125.67 Kb.
Дата14.10.2017
өлшемі125.67 Kb.

Ақша қаражаттары және олардың баламаларының түсінігі мен мәні, оның түрлері

Искабулова Айгерим, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Есеп және аудит мамандығының3 курс студенті
Қаржы нарығының күрделенуіне байланысты ақша қаражаттарын басқарудың маңыздылығы арта түсуде. Қатаң бәсекелестік жағдайында өндірістік жаңалықтарды енгізу және шаруашылық процестерін ары қарай дамыту үшін кәсіпорындардың ақша қаражатттары болуы тиіс. Себебі, ақша қаражаттары мен олардың баламаларын дұрыс ашып көрсету және оларды жіктеу кәсіпорынның өтімділік деңгейін дәл бағалау үшін қажет. Бухгалтерлік есептің №7 «Ақшалай қаражаттардың қозғалысы туралы есеп беру» деп аталатын халықаралық стандартына сәйкес ақшалай қаражаттарына компанияның кассасындағы және ағымдағы шотындағы ақша кіреді. Ал ақша қаражаттарының баламаларына – алдын ала белгілі ақша қаражаттары сомасына тез айналатын және олардың құны шамалы тәуекелге ұшырайтын қысқа мерзімді, жоғары өтімді салымдар жатады.

Оларға қазыналық вексельдер, коммерциялық қағаздар және депозиттік сертификаттар жатады. Түрлі ұсталымдар мен айыппұлдар ұйымның ақшалары қатарына жатқызылмайды. Сондықтан да оларды кассадағы ақшалар шотында есептемейді.

Қазыналық вексельдер - үкіметтің айналымға шыққан кезінен бастағанда кемінде бір жылдан соң өтелетін мерзімі бар пайызсыз міндеттемелері. Олар жеңілдікпен сатылады және мерзімінде өтеледі.

Коммерциялық қағаздар – (қысқа мерзімді вексельдер) қысқа мерзімді ақшалай қажеттіліктерді қаржыландыру құралы ретінде корпорациялар шығарады шығарады.

Депозиттік сертификаттар немесе банктік депозиттер – тез талап етуге болмайтын депозиттер, дегенмен олар өтеледі.

Қосымша ақшалай қаражат тарту үшін кәсіпорын қарыздарға(овердрафтқа) сүйенеді. Кейбір елдерде олар кәсіпорынның ақшалай қаражатын басқарудың ажырамас бөлігін құрайды. Мұндай жағдайларда олар ақшалай қаражат пен оның баламаларының құралы ретінде кіреді. 7 «Ақша қаражаты қозғалысы туралы есеп» ХҚЕС- қа сәйкес банк овердрафты - төлем атқаруда пайда болған, оң (дебеттік) сальдодан асатын және қысқа мерзімді міндеттеме ретінде есептелетін клиенттің банктік шотындағы теріс (кредиттік) қалдық.

Ақша баламаларын кәсіпорынның есеп айырысу құралдары ретінде қарастырмай, көп жағдайларда оларды қысқа мерзімді инвестициялар шотында есептейді.

Ақша қаражаттарының баламалары инвестициялар және басқа да мақсаттардан гөрі, ең алдымен қысқа мерзімді міндеттемелерді өтеуге арналған. Ақша қаражаттарының баламалары ретінде жіктелетін инвестиция ақша қаражаттарының белгілі бір сомасы оңай айналысқа түсуі және құн өзгерісінің шамалы тәуекеліне ұшырауы тиіс. Осылайша, әдетте инвестиция ақша қаражаттарының баламасы ретінде, оның қысқа мерзімі, айталық, үш ай немесе сатып алу күнінен бастап одан аз өтеу мерзімі болған кезде ғана жіктеледі.

Ақша қаражаттары транзитті экономикадағы ең дефицитті ресурстар болып табылады және кәсіпорынның жеңісі көп жағдайда басшылардың қаражаттарын жинақтап оларды тиімді пайдалануында.

Кәсіпорынның ақша қаражаттарын басқару қарекетінің басты бөлігін қамтиды. Олардың қатарына айналым және айналымнан тыс активтерді, меншікті және қарыз капиталын басқару кіреді.

Соның ішіндегі «Қаржылық есептілік пен бухгалтерлік есеп туралы» заңның 13 тармағына сәйкес активтер- бұлар мүлік, субъектінің құндық бағасы бар мүліктік және мүліктік емес игіліктері мен құқықтары. Сондай ақ бұл дара кәсіпкер немесе ұйымның өткен оқиғалар нәтижесі болатын, бақылауда болатын, болашақта экономикалық пайда алу күтілетін ресурстар. Активке айналған болашақ экономикалық пайда – субъектінің ақшалай қаражат ағымының тікелей немесе жанама салымы.

Болашақ экономикалық пайда егер актив:



  • Ұйым өткізетін дайын өнім (тауар, жұмыс, қызмет көрсету) өндірісінде басқа активтермен қосылып немесе жеке қолданылса;

  • Басқа активтеге айырбасталса;

  • Міндеттемелерді өтеу үшін пайдаланылса;

  • Ұйымның меншік иелері арасында бөлінсе алынуы мүмкін.

«Қаржылық есепті дайындау және ұсыну» ХҚЕС 1 сәйкес активтер екі категорияға жіктеледі:

  1. Қысқа мерзімді активтер;

  2. Ұзақ мерзімді активтер;

Осы стандартқа сәйкес актив қысқа мерзімді болуы үшін төмендегі шарттардың бірін қанағаттандыруы керек:

  • Оны өткізу ойластырылған немесе ол кәсіпорынның қарапайым операциялық циклінің аясында сатуға немесе тұтынуға арналған;

  • Ол негізінен сауда мақсаттарына арналған;




  • Есепті кезеңнен кейінгі 12 ай ішінде өткізу қарастырылған.

Егер оны ауыстыруға шектеу жоқ болса, не есепті кезеңнен кейін 12 ай ішінде міндеттемелерді жабуға пайдалану қажет болмаса, ол ақша қаражаттары немесе ақша қаражаттарына бара бар активтер болып саналады. Қысқа мерзімділерді (ағымдағы) қолдану мерзімі - бір жылдан кем.

Жоғарыда келтірілген сипаттамалар ақша қаражаттары мен олардың баламалары айналымдық активтердің ажыратылмас құрамдас бөлігі екенін көрсетеді.

Бухгалтерлік есеп шоттарының үлгілік жоспарында ақша қаражаттары мынадай бөліктерге жіктеледі:


  • Кассадағы ақша қаражаты

  • Жолдағы ақша қаражаты

  • Ағымдағы банктік шоттардағы ақша қаражаты

  • Карт-шоттардағы ақша қаражаты

  • Жинақ шоттарындағы ақша қаражаты

  • Өзге ақша қаражаты

Кассадағы ақша қаражатының шоты – кассада деп саналатын ақшалай қаражаттың бар-жоғын айқындау және қатаң есептегі банкноттарды парақтау санап шығу жолымен түгендеу.

Ақша қаражаттарын сақтау үшін және заңды тұлғалар арасында есеп айырысу үшін Қазақстан Республикасының банк мекемелерінде банк шоттарын ашады.

Банк шоттары – бұл банк пен клиенттер арасындағы келісім – шарттың қатынастарын көрсететін әдіс. Банк шоттары теңгемен де, шетелдік валютамен де жүргізіледі және ол ағымдық, жинақтық және бухгалтерлік есеп шоттары болып бөлінеді.

Ағымдағы (есеп айырысу) және жинақ шоттары – бұл да банктік шоттар, бірақ олар жеке және заңды тұлғалар үшін, сондай-ақ заңды тұлғаның        оқшауланған бөлімшелері үшін де ашылады.

Өзге ақша қаражаты шоттар - бұлар үкіметтің жәрдемі ретінде алынған қаражат, жергілікті бюджеттен мақсатты қаржыландыру, мектепке дейінгі балалар мекемелерін қаржыландыратын кәсіподақ және басқа да ұйымдардың қаражаты, мәдени-ағарту мекемелерінің, демалыс лагерьлері, ата-аналардың балаларын балалар мекемесінде ұстауға жұмсайтын қаражаттары, кәсіпорынның өтініші бойынша жеке шоттан күрделі қаржыны қаржыландыруға шоғырландыратын және жұмсалатын қаражаттар.

Жинақ шоттардағы ақша қаражаттары  шотында субъектінің құрамына кіретін филиалдардың, құрылымдық бірліктердің ақша қаражаттары көрініс табады.

Қорыта келе, қай саладағы кәсіпорындар мен ұйымдар болмасын өз қызметі барысында басқа заңды және жеке тұлғалармен қарым-қатынас жасауда операциялардың барлығы дерлік ақшамен есеп айырысу арқылы жүргізілетіндігін атап өткен жөн. Осыған байланысты қазіргі кезде ақша қозғалысын басқару қаржы нарығының күрделілігіне байланысты маңызды мәселе болып саналып отыр.
Ақша қаражаттары қозғалысында қолданылатын есеп айырысу нысандары
Барлық шаруашылық жүргізуші субъектілер өз ақша қаражаттарын банкі мекемелерінің тиісті шоттарында сақтап және міндеттемелері бойынша төлемдерін, әдетте, осы мекемелер арқылы ақшасыз нысанда, ал қажет жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық банкісінің нормативтік құжаттарымен белгіленген шегінде нақты ақшамен есептеуді жүзеге асырады. Егер де заңды тұлғалардың арасындағы төлем сомасы 4000 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асып түссе, онда олар тек ақшасыз тәртіпке айырысуларды жүзеге асырады. Бұл келтірілген мәлімет заңды тұлғалардың арасындағы әрбір мәміле (контракт,келісімшарт) бойынша шартты түрде пайдаланылады. Егер де контракт сомасы көрсетілген лимиттен асатын болса, онда төлем ақшасыз тәртіпте орындалуы керек, тіптен олар жартылай орындалса да, әрбір төлемнің сомасы 4000 АЕК-тен аспауы керек.

Ақша қаражаттарын сақтау үшін және заңды тұлғалар арасында есеп айырысу үшін Қазақстан Республикасының банк мекемелерінде банк шоттарын ашады. Банк шоттары – бұл банк пен клиенттер арасындағы келісім- шарттың қатынастарын көрсететін әдіс. Банк шоттары теңгемен де, шетелдік валютамен де жүргізіледі және ол ағымдық, жинақтық және корреспонденттік болып бөлінеді.

Корреспондеттік шоттар – банк шоттары банктер мен ұйымдардың кейбір операция түрлерін жүзеге асырады.

Ағымдағы (есеп айырысу) және жинақ шоттары – бұл да банктік шоттар, бірақ олар жеке және заңды тұлғалар үшін, сондай-ақ заңды тұлғаның оқшаланған бөлімшелері үшін де ашылады.

Шетелдік валютадағы қаражаттардың қолда бары мен қозғалысын есептеу үшін субъектіге арнап ағымдағы шоттар ашылуы мүмкін. Ол сыртқы экономикалық қызметін жүзеге асыратын және өнімін валютаға сататын субъект үшін ашылады. Аккредитивтер, чек (аванс) кітапшаларының шоттарын және басқаларын субъектілер ақша қаражаттарын оқшаулап сақтау үшін және тиісті операцияларын жүргізу үшін ашады.

Субъект шоттарындағы қаражат олардың иелерінің әмірі бойынша есептен шығарылады. Субъектінің рұқсатынсыз шоттағы қаражатты есептен шығаруға соттың, мемлекеттік салық қызметінің рұқсатымен және қолданылып жүрген заңдарда көзделген басқа жағдайларда ғана жол берілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасының аймағында ақшаны төлеу мен аударуды жүзеге асырудың мынадай тәсілдері қолданылады:


  • қолма-қол ақшаны аударуды;

  • төлем тапсырманы ұсынуды;

  • чектерді беруді;

  • вексельдерді немесе олардың индоссаменттері арқылы беруді;

  • төлем карточкасын пайдалануды;

  • тікелей дебеттік банкі шоттарына аударуды; тапсырма-талап төлемдерін ұсынуды;

  • инкассалық жарлығын ұсынуды;

Қазақстан республиканың заң актілерімен белгіленген басқа да әдістерін пайдаланады.

Ақшасыз есеп айырысудың негізгі нысандары: төлем тапсырма; чек; вексель; тапсырма-талап төлемдері; кеден мен салық қызметінің органдарының инкассалық жарлықтары болып табылады.

Төлеуші мен алушылар өзара есеп айырысу нысандарын келісім-шарт негізінде анықтайды, сондай-ақ олардың арасында болатын талаптары мен міндеттемелерді зачетқа да жатқыза алады.

Төлем тапсырмаларымен есеп айырысу. Төлем тапсырмалары онда көрсетілген соманы бенефициардың пайдасына ақшаны жіберушіге қызмет көрсететін банкалушының ақшаны аударғаны туралы тапсырмасы болып табылады. Қызмет пен жұмысты және тауарлы-материалдық құндылықтарды өтеу үшін есеп айырысу кезінде, сондай-ақ қызмет пен тауарға алдын-ала төлем жасаған кезде, аванстық төлемдер жасаған кезде төлем тапсырмаларын пайдаланады.

Төлем жасаушы банкке белгіленген нысандағы бланкілердегі төлем тапсырманы ұсынады. Тапсырмаларға қоса төлем жасаушы банктің талап етуі бойынша салынатын салықтың шот-фактуралары және төлемдердің мақсатын растайтын басқа да құжаттары бірге тапсырылады. Төлем тапсырмалары жазылып берілген күннен бастап 10 күн бойы күшінде болады (жазылған күні есепке алынбайды). Төлем тапсырмалары төлем жасаушының шотында қаражат болғанда ғана орындауға қабылданады. Төлем құжаттарын электрондық түрінде де, қағаз ретінде де ұсынуы мүмкін. Бұл құжаттардың данасын әрбір банк өздері дербес анықтайды. Негізінен алғанда, олар екі данада толтырылады, біріншісі банкте қалдырылады да, оның электрондық көшірмесі бенефициарға жіберіледі, ал екіншісі иесіне , яғни ақшаны жіберушіге қол қойылып, штамп басылып қайтарылады.

Төлем тапсырмасын толтыру кезінде келесі реквизиттері (көрсеткіштері) көрсетіледі:


  • төлем тапсырмасының нөмірі;

  • төлем тапсырмасының жазылған күні;

  • жеке теңестірілген немесе теңдестірілген (идентификацияланған)

коды (ЖТК немесе ИИК)

  • жіберуші мен бенефициардың банкі шоттарының нөмірі;

  • бенефициардың коды (БК немесе КБе) және жіберушілердің коды (ЖК немесе КОд) – бұл кодтар екі символдан (белгіден) тұрады: біріншісі-резиденттік белгісін, ал екіншісі-экономиканың секторын көрсетеді;

  • бенефициар-аудару жасалған ақша кезде қаражатын алушы;

  • банк-алушы-банк атауы, аударылған ақшада, оның мекен-жайы көрсетіледі;

  • бенефициар банкісі-бенефициардың пайдасына келіп түскен ақша қаражатын қабылдайтын банк жіберушімен жасалған келісім-шарттың негізінде;

  • жіберушілердің теңестірілген немесе теңдестірілген (идентификацияланған) банктік коды (ЖТБК немесе ИИК) – филиаларалық айналымдарының коды (ФАК немесе МФО);

  • төлем арналымының коды – ҚР ҰБ нормативтік-құқықтық актісімен белгіленген және соның негізінде төлемдерді жүзеге асыратын кодтық белгілер, ал ол үш символдан (белгілерден) тұрады;

  • бюджеттік классификациясының (жіктемесінің) коды – салықтарды кері қайтаруда қойылатын код;

  • валюттелген күні – ақша қаражатын бенефициардың (алушының)

банктік шотына ақша қаражатын аударған күні төлем жасаушының нысанымен анықталады.

Төлем құжатына кез келген жөндеудің түрін жасауға рұқсат етілмейді.

Шаруашылық жүргізуші субъектілердің арасындағы жасалған келісімдері бойынша төлем тапсырмалары: жедел мерзімді, мерзімінен бұрын және мерзімі кейінге қалдырылған болып бөлінуі мүмкін.

Жедел мерзімді төлем мынадай нұсқалар бойынша жүзеге асырылады: аванстық төлем, яғни тауар тиелгенге дейін; тауар тиелгеннен кейін, яғни тауарлар үшін шоттарды тікелей акцептеу жолымен; ірі мәмілелер кезіндегі ішінара төлемдері.

Мерзімінен бұрын немесе мерзімі кейінге қалдырылған төлемдер шарттық қатынастар аясында тараптардың қаржылық жағдайына зиян келтірмейтіндей етіп жасалуы керек.

Субъектілер: жеке өздеріне тиесілі қаражатты (зейнетақы, алимент, жалақы, іс-сапар шығыстары, авторлық қаламақы) жекелеген азаматтардың атына; жалақы төлеуге арналған, банк мекемелерінде аударым алушының атын, оның нөмірін, сондай-ақ егер қаражат шотқа аударылуға тиіс болса, онда ол орналасқан банктің аты мен нөмірін көрсетеді. Тапсырмаға қаражат алушылардың тізбесі қоса беріледі, онда кім, қандай мақсаттарға ақша алатыны көрсетіледі. Байланыс кәсіпорындары кәсіпорындарға жолданған әрбір аударым алушы бойынша барлық аударымдардың жалпы сомасына төрт дана етіп жазылатын төлем құжатттары келіп түскеннен кейін төлейді.



Чектермен есеп айырысу. Чек беру төлемді жүзеге асырудың бір тәсілі болып табылады, онда төлем чек беруші аттас төлем құжатын ұстаушыға беру жолымен жасайды. Чек беру өз мәні бойынша чекті ұстаушының ақшалай міндеттемесін орындау болып табылмайды, бірақ ол соны орындау үшін жазылған болса да. Аталған міндеттемені орындау тек чек бойынша ақшаны алатын кезде ғана болады.

Чектер жабылатын және жабылмайтын болып бөлінеді. Біріншісі – депозитттермен қамтылған, ал екіншісі – қамтылмаған болып бөлінеді. Бұл кезде чектердің төленетіндігі жөнінде банктердің кепілдік беруі мүмкін, оның ішінде жабылмайтын чектер бойынша да. Чекті қолданумен байланысты банк пен чек берушінің міндеті мен құқығы, чекті қолдану туралы жасалған келісім-шарттың негізінен шығады, яғни бұл келісім-шартта, банк өз клиенттеріне чек берушіге (заңды және жеке тұлға) чегін төлеуді, яғни чек берушінің міндетін өзіне алады, ал клиенттер өз кезегінде банкі белгілеген (демек чектерді беру мен пайдалану) ережелерін сақтауға міндетті. Чек ұстаушылардың құқығы чек берушіден чекті алған кезінен бастап пайда болады. Чектерге, есеп айырысу шотының төлем құжаттарына қол қою құқығына ие тұлғалар қолдарын қояды және қолдарында кітапша иесінің нөмірінің таңбасы болуы керек. Чектер жарамсыз болып қалатындықтан чекте жазылғандарды түзету және өшіруге болмайды. Егер чекті толтыру кезінде қателіктер жіберілсе, онда чекте және чектің түбіртегінде қишағынан "бүлінген" деп жазу жазылады, мерзімі қойылады және кітапша иесінің қолы қойылады.

Чекті чек ұстаушы төлеуге чек жазылған күні қабылдайды және төлеуге қабылдаған күннің ертеңіне чек ұстаушы арқылы қызмет көрсететін банкке ұсынылуы тиіс. Чек кітапшасынан алынған чектің күшінде болу мерзімі, жазылған күнін есептемегенде, әдетте , 10 күннен аспайды.

Банк чек берушіден (немесе чек ұстаушыдан) чекті қабылдамауына болады, егер де мынадай жағдайлары анықталса:



  • егер де жазумен жазылған сомасы цифрмен көрсетілмеген болса;

  • чектің мерзімі өтіп кетсе;

  • төлем құжаттарында жасанды жазулардың белгілері бар болса;

  • чек әртүрлі қолмен және әртүрлі сиямен жазылған болса;

  • чектің қорғалу деңгейі оның талабына сай келмесе (қорғалу деңгейі бестен кем болмауы керек);

  • чекте көрсетілген реквизиттер қате болса;

  • чектегі қойылған қолда үлгі ретінде қабылданған құжаттардағы қолымен сәйкес келмесе;

  • чектің жабу сомалары жеткілікті болмаса;

  • чектің басқа да дефектілері бар болса.

Дефектісі бар чектер чек ұстаушыларға қолхат жазылып қайтарылады. Чектердің дефектілері табылса, банктің бас бухгалтері ол туралы Клирингтік палатаға хабарлайды, ал олар ондай чектердің өңделуін тез арада тоқтатады. Бұндай дефектісі бар чектерге акт жасалады, ол акт төрт данада болады:

біріншісі – банкте қалса;

екіншісі – көшірмесімен бірге ішкі істер органдарына беріледі;

үшіншісі – Клирингтік палатаға беріледі;

төртіншісі – чекті беруші банкке беріледі.

Мерзімі өтіп кеткен чек кітапшалары пайдаланбауына байланысты чекті беруші банкке қайтарылады.

Вексель – біржақты қатаң орындалатын ақша міндеттемесін қамтитын қатаң бекітілген нысандағы құжат. Жай және аударма вексельдер болады.

Жай вексель(соло) – талап ету бойынша немесе белгіленген мерзімде келешекте вексельде көрсетілген соманы вексель ұстаушыға төлейтіні туралы вексель берушінің ешбір шартсыз міндеттемесін қамтитын вексель.

Аударма вексель(тратта) – вексель берушінің (трассанттың) үшінші тұлғаға(трассатқа) бірінші вексель ұстаушыға (ремитентке) немесе оның бұйрығы бойынша келешекте белгілі бір уақытта, не ұсынған кезде вексельде көрсетілген ақшаны төлейтіні туралы ешбір шартсыз міндеттемені қамтитын вексель.

Төлем карточкасын оның ұстаушысы төлемді жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ оның эмитенті белгілеген шарттарда қолма-қол ақшаны алу, валюта айырбастау және басқа операциялар үшін қолданады.


Төлемдік талап- тапсырмалары бенефициардың құжаттармен расталған жіберілген өнім, орындалған жұмыс, көрсетілген қызмет үшін ақша жіберушіге төлеу талабы бар есептік құжат.

Инкассалық өкімдер - клиенттің банк шотындағы ақшасын оның келісімінсіз алп қою. Бастамашы ақша жөнелтушінің банкіне Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген нормалар негізінде осы өндіріп алудың негізділігін растайтын атқарушы құжаттардың түпнұсқаларын не олардың көшірмелерін қоса тіркей отырып, инкассалық өкім табыс етеді.


Алибекова Б.А. Бухгалтерлік есеп қағидалары: Оқулық –Астана:Сарыарқа баспасы, 2012, 264 б.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет