Астана ақшамы



жүктеу 22.04 Kb.
Дата25.03.2019
өлшемі22.04 Kb.

Астана ақшамы. – 2013. - № 60. – 30 мамыр

Сырлыбаев К.




ЗҰЛМАТ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ
Азат өмір, бостан тұрмыстың қашаннан құны қымбат. Ұлт ретінде ұйысып, ел санатында іргесін бекіткенге дейін «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқын дәстүрлі тіршілік қалыбынан ажыратып, саяси-қоғамдық формациясын ала бұлттай аунақшытқан зұлмат шақ - XX ғасыр басындағы әлеуметтік зобалаң аса ауыр тиіп, қисапсыз қырғынға ұшыратты. Әсіресе, 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшылығына келген Ф. И. Голощекиннің «Кіші Қазан төңкерісі» қазақ халқын жаппай ашаршылыққа жығып, үркіншілікке ұшыратып қана қоймай, сүт бетіне шыққан қаймақтарын - алғашқы зиялы қауым өкілдерін сыпырып әкетті.

Бұл - қасиетті топырақты көздің жасы мен жүрек қанына мелдектетіп, тарихқа «Голощекин геноциді» деген атпен таңбаланған саяси қуғьш-сүргін- нің бірінші толқыны еді. «Қужақ» шаянның орнын басып, 1993 жылы республика басшылығына келген Левон Мирзоян да «қызыл террор» отын өз қолымен көсеп, қазақ даласын зар илеткен жаппай қуғын-сүргіннің екінші толқынын жөңкілтті. НКВД- ның 1937 жылғы 30 шілдеде қабылданған бір ғана оперативтік бұйрығымен дауылды күнгі оттай өршіген қырып - жою науқанында Қазақстанда 118 мың адам жазықсыз репрессияланып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді.

Зұлмат жылдар, зобалаң қарекеттер бірнеше ұрпақ буынына зардабын тигізіп, тағдырына қара таңба салды. Сол кезде саны алты миллионнан енді асқан қазақ ұлтының тең жарымын қынадай қырып, айықпастай қасірет бұлтын үйірді. Оны ешқашан естен шығарып, елемей кетуге болмайды.

Міне, сондықтан, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев 1997 жылы арнайы жарлық шығарып, 31 мамырды ашаршылық пен саяси қуғын- сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде бекіткен еді.

Осы тарихи-рәсіми датаға орай жуырда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы солтүстік аймақ бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Алаш рухына тағзым» атты еске алу шарасы өтті.

Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, белгілі алаш танушы ғалымдар, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арыстардың ұрпақтары және осы оқу орнының студенттер қауымы қатысты. Өз қолымен орнатқан, идеясын жалаулатқан кеңестік-тоталитарлық жүйенің құрбанына айналған «қызыл сұңқар» Сәкен Сейфуллин өміріндегі қайшылықты да қайғылы шақты бейнелейтін «Емен – ұзақ жасайтын ағаш» атты шағын спектакль қойылды. Агроуниверситет студенттерінің күшімен сахналанған осы қойылым көрермен қауымымды толғамды ойларға жетелеп, «тарих деген - адыра қалған арман мен үзілген үміттердің, сетінеген сенім мен орындалмаған мақсаттардың моласы екенін» ұқтырғандай болды...



- Бүгінгі тәуелсіздігіміздің «малым - жанымның, жаным - арымның садағасы» деп, намысын жатқа таптатпаған ата-бабаларымыздың ерлігінің арқасында келгенін ұмытпауға тиіспіз! Еркін ел, байтақ жер үшін жан қиып, қан төккен арыстарымыздың аруағын ардақтап, атын еске алу арқылы жас буын, жеткіншек ұрпақты отаншылдыққа, елжандылыққа баули аламыз, - дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы аймақтық филиалының жетекшісі Қарлығаш Бекпатшақызы.

Шара соңында ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына ас беріліп, аят оқылды.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет