Аудандық кітапхана



жүктеу 107.58 Kb.
Дата26.04.2019
өлшемі107.58 Kb.

Аудандық кітапхана
Шыңғырлау ауданында алғашқы аудандық кітапхананың ашылуы туралы нақты деректер болмағанымен аудандық мұрағаттағы жергілікті баспасөз мақалаларынан Шыңғырлау аудандық кітапханасы 1939 жылы көпшілік кітапхана болып ұйымдастырылғандығы туралы ақпаратты кездестіреміз.

1957 жылғы 7 қарашада шыққан «Социалистический путь» газетінде жарияланған «Развитие культуры в районе за 40 лет Советской власти» атты мақаладан ауданда көптеген мәдени-ағарту мекемелері ашылып, мәдениет саласының мамандары қызмет ете бастап, ауданда сол уақытта мәдениет үйі, аудандық кітапхана, аудандық балалар кітапханасы, сонымен бірге 11 ауылдық кітапхана, 4 кәсіподақ кітапханасы, 4 оқу үйі (избы читальны), 1 қызыл отау (красная юрта), аудандық партия кітапханасы халыққа қызмет еткендігі туралы және кітапханалардың кітап қорында 70 мыңға жуық кітап, оқырмандар саны 3 мың, кітапханалар ауданның мәдени-саяси өмірінде маңызды орын алғандығы туралы айтылған.

1977 жылы Шыңғырлау аудандық еңбекшілер Кеңесі депутаттары атқару комитетінің 29 шілдедегі «Аудандық мемлекеттік бұқаралық кітапхана жүйесін орталықтандыру туралы» қаулысына сәйкес, 1977 жылдың 1 тамызынан бастап ауданда орталықтандырылған кітапхана жүйесі құрылып, құрамына 18 кітапхана енді. Аудандық кітапхана Орталық аудандық кітапхана болып, оның бөлімдері құрылды. Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің алғашқы директоры болып В.М.Федорова тағайындалды. Орталық аудандық кітапхана мына бөлімдерден тұрды: Оқу залы, абонемент, кітапты өңдеу және толықтыру, бірыңғай қорды ұйымдастыру.

1977 жылы аудан бойынша 31 кітапхана тұрғындарға қызмет көрсетті. Орталық аудандық кітапхана әдістемелік орталығы болды. 1981 жылы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде 232002 дана кітап, 14400 оқырман болды. Кітапханада көптеген көпшілік шаралар: балалар кітабының апталығы, оқырман конференциясы, диспуттар, тақырыптық кештер ұйымдастырыла бастады.

Кітапханашы қызметін атқарған: Шоқтыбай ауылының кітапханасының меңгерушісі Н.Дюзикееваны, Лубен ауылдық кітапханасының кітапханашысы М.Жұмағалиеваны, Ново-Петровка ауылдық кітапханасының кітапханашысы А.Абуованы, Полтава ауылдық кітапханасының кітапханашысы Т.Батуринаны, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Р.У.Тикееваны, аудандық орталық кітапханасының толықтыру және сұрыптау бөлімінде қызмет атқарған Л.И.Астафьева мен К.Т.Искендированы, библиогроф қызметін атқарған А.Ж.Сагимбаеваны, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде кітапханашы болған Г.А.Чернованы кітапхана ісінің үздік мамандары болды деп атауға болады.

1996 жылдың шілде айынан бастап Шыңғырлау ОКЖ-нің директоры болып Қуанаева Гүлсім Фазылқызы қызмет етуде.





Аудандық орталық кітапхана. Оқу залы. 31 наурыз 1983 ж.



Аудандық орталық кітапхана. Кітапты өңдеу және толықтыру бөлімі .

31 наурыз 1983 ж.


Лубен кітапханасындағы семинарға қатысушылар. 4 маусым 1982 ж.


Федорова Валентина Михайловна

Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің алғашқы директоры Валентина Михайловна Федорова 1938 жылы 2 қыркүйекте Шыңғырлау ауданы Шилі кентінде туған. 1956 жылы мектепті бітіріп, аудандық кітапханаға кітапханашы болып орналасады. 1968 жылы Мәскеудегі Өнер институтына түсіп, 1973 жылы сырттай оқып бітіреді. Ол өзінің еңбек жолын зейнетті еңбек демалысына шыққанға дейін бір жерде 38 жыл жұмыс істеуімен, оның 17 жылын директорлық қызметпен ерекшелейді. Ауданымыздың мәдениет саласында кітапхана ісіне ұзақ жылдар табысты еңбек сіңіргені үшін «Еңбек ардагері», В.И.Лениннің 100 жылдығына орай мерекелік медалімен, көптеген грамоталар, алғыс хаттармен марапатталды. Қазіргі кезде құрметті еңбек демалысында.


Қуанаева Гүлсім Фазылқызы

Қуанаева Г.Ф. 1962 жылы дүниеге келген, қазақ,білімі жоғары. 1987 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін бітірген. 1988 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтына түсіп, 1993 жылы «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша бітірді.

Кітапханалық жүйедегі еңбек өтілі 29 жыл. 1996 жылдың шілде айынан бастап, Шыңғырлау орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры қызметін атқарып келеді. Жоғары дәрежелі іс-тәжірибесі мол, ел құрметіне бөленіп жүрген маман. 1985-1989 жылдар аралығында ауылдық кеңестерінің бірнеше дүркін депутаты болып сайланды. Кітапхана жүйесінің жұмысында өзінің өндірістік тәжірибесін және білімін қолдана отырып, қазіргі заман талабынан қалыспай, ұжымына жаңа озық жұмыс әдістерін енгізе біледі.

Оның еңбегінің еленгендігін аудан әкімдігінен сан мәрте алған алғыс хаттары, облыстық мәдениет басшыларының қолынан алған құрмет қағаздары және 2012 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының алғыс хаты дәлелдегендей.



Астафьева Любовь Ивановна

Любовь Ивановна еңбек жолын 1963 жылы Ақтөбе мәдени ағарту училищесін бітіргенен кейін Талдысай селолық кітапханасына кітапханашы болып қабылданып, көп жылдар бойы аудандық кітапханасының қорды өңдеу және толықтыру бөлімінде қызмет етті. 1970 жылы Ташкент қаласындағы Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының «Кітапхана ісі» факультетін бітірді. Іскерлік тәжірибесі мол, өз ісін жетік білетін маман ретінде таныта білді. Көп жылдар кітапханалық қызмет атқарудағы жемісті еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен, облыс мәдениет басқармасының «Алғыс хатымен» және көптеген грамоталармен марапатталған. Қазіргі кезде құрметті еңбек демалысында.



Чернова Галина Александровна.

1948 жылдың 1 мамырында Шыңғырлау ауылында дүниеге келген. 1966 жылы мектеп бітіргеннен кейін Орал қаласында облыстық кітапхана жанындағы кітапханашылар курсын бітіріп, 1967 жылы Шыңғырлау орта мектебіне кітапханашы болып орналасады. Мектепте жұмыс жасай жүріп Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде білім алады. Біраз жылдар «Знамя труда» газетінде және жергілікті радиохабарда диктор қызметін атқарып, 1972 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының «Орыс тілі және әдебиеті» факультетіне түседі. 16 жылдай Шыңғырлау аудандық партия комитетінің саяси ағарту кабинетінің кітапханашысы, 1992 жылдан бастап зейнеткерлікке дейін Шыңғырлау аудандық орталық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде қызмет етті. Қазіргі кезде құрметті еңбек демалысында.


Искендирова Күлян Тоқтарқызы

Күлян Тоқтарқызы Искендирова 1949 жылы 20 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Киров селолық советіне қарасты Егіншілер селосында дүниеге келген.1967 жылы Шилі орта мектебін бітіріп, Шыңғырлау аудандық комсомол комитетіне қызметке тұрады. 1968 жылы аудандық комсомол комитеті К. Искендироваға аудандық прокуратураға іс жүргізуші қызметіне жолдама береді. 1969 – 1971 жылдар аралығында Ақтөбе мәдени – ағарту училищесінің «Кітапхана ісі» бөлімін бітіреді. 1971 жылы Шыңғырлау ауданы Полтавка селолық кітапханасына кітапханашы қызметіне орналасады. 1977-1982 жылдары Шыңғырлау аудандық орталық кітапханасында оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде, 1982 жылдан бастап аудандық кітапханасының қорды өңдеу және толықтыру бөлімінде қызмет етіп, 2004-2009 жылдары осы бөлімнің бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Көп жылғы игілікті еңбегі өз нәтижесін беріп, Күлян Тоқтарқызы 1990 жылы Орал облыстық Халықтық депутаттар кеңесінің президиумының қаулысымен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылына» орай Облыстық мәдениет басқармасының шешімімен ақшалай сыйлықпен, сонымен қатар кітапхана жұмысына сіңірген еңбегі үшін көптеген грамоталар мен алғыс хаттармен марапатталды. Қазіргі кезде құрметті еңбек демалысында.


Сагимбаева Асылжан Жұмағалиқызы

Сагимбаева Асылжан 1954 жылы дүниеге келген. Білімі арнаулы орта, Ақтөбе мәдени ағарту училищесін сырттай аяқтаған. Еңбек жолын селолық кітапханашы, аудандық балалар кітапханасында кітапханашы болып бастап, көптеген жылдар бойы аудандық кітапханада библиогроф қызметін атқарды.

Ол өзіне жүктелген міндеттерді адал да абыроймен атқарып, аудандық кітапханасында атқарған еңбек жолында өзінің еңбексүйгіштігін, ізденгіштігін, жан-жақты, өмір талабына сай жұмыс істей алатынын көрсете білді және өмірінің 35 жылын кітапхана ісіне арнап, жұмыс барысында әріптестері мен оқырмандардың құрметі мен ыстық ықыласына бөленген жандардың бірі. Қазіргі кезде құрметті еңбек демалысында.

Верстюк Татьяна Ивановна

Татьяна Ивановна өмірінің 38 жылын кітапханаға арнаған адам. Еңбек жолы 1971 жылы Қаскелең мәдени-ағарту училищесін бітіргеннен басталады. Татьяна Ивановна өз ісін, өз мамандығын мақтан ететін жоғарғы деңгейдегі тәжірибелі маман болды. Оқырмандарға салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың бос уақытын ұйымдастыру бағытында көптеген жұмыстар жүргізді. 2002 жылы Республикалық «Евразийство – интеграция культур и библиотечных ресурсов» атты конференцияға, 2006 жылы облыстық кітапханашылардың Форумына қатысты. 2007 жылы аудандық кітапханада Татьяна Ивановнаның іс-тәжірибесін жинақтап «Кітап – жан азығы» атты брошюра шығарылып, аудандық кітапхана базасында өткізілген облыстық семинарға қатысқан делегаттарға ұсынылды.

Көп жылғы еңбегі мен өз ісіне адалдығы үшін, шығармашылық табысы үшін облыстық кітапхана және облыстық мәдениет басқармасының, аудандық мәдениет бөлімінің мақтау қағаздарымен марапатталды. Қазіргі кезде Татьяна Ивановна Верстюк құрметті еңбек демалысында.

Кітапхана құрылымы.

Қазіргі кезде аудан бойынша 25 кітапхана бар. Олардың кітап қоры республикалық, облыстық коллектордан келіп түскен, сонымен бірге жергілікті қаржыдан алынған кітаптармен толығуда. 2012 жылдың есебі бойынша кітап қоры – 285373, оның ішінде қазақ тілінде – 120356. Жыл сайын кітап қорына 3000 данадан артық басылым келіп түседі. Баспасөз ақпарат құралдарының 111 аталымды газет-журналдарын жаздырып алады. Жылдан жылға кітап қорының сапалық құрамы артып, кітапхананың материалдық базасы нығайып келеді. Шыңғырлау ОКЖ-і 11341 оқырманға қызмет көрсетеді. Кітапхана ісінің дамуы, оқырманға сапалы қызмет көрсету, жұмыс орындарының компьютерлендіру жағын айтар болсақ 12 компьютеріміз, 2 ксерокопия, факс, модем, түрлі-түсті принтер, 1 компьютер Интернет желісіне қосылған. 2006 жылдан бастап КАБИС бағдарламасымен жұмыс жүргізіліп, электронды каталог жасақталуда.




Аудандық орталық кітапхана.

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау аудандық кітапханасы 1936 жылы көпшілік кітапханасы болып құрылды. Қазіргі кезде аудандық кітапхана білім, ақпарат және мәдени орталық. Кітап қорында 30756 дана кітап бар. Соның ішінде қазақ тіліндегі басылымдар 15204. Кітапханада оқырмандардың кәсіби шеберліктерін жетілдіруде, өз беттерімен білім алуына, ізденістерін қанағаттандыруда, кітапханалық қызметті сапалы ұйымдастыруда кітапханада бөлек топтар мен оқырмандар категориясына жеке тұрғыдан қызмет көрсетіледі. Бүгінгі таңда аудандық орталық кітапхана 2700 жуық оқырманға ақпараттық қызмет көрсетуде.


Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі оқу залынан және абонементтен тұрады. Бөлімінің басты мақсаты оқырмандардың сұранысын қанағаттандыруда жаңа технологияларды игере отырып, өз жұмысының сапасын жақсарту, оқырмандардың санын арттыру және мәдени деңгейін көтеру, ел тарихындағы аса маңызды оқиғаларды, мәдени-әлеуметтік, саяси-экономикалық өзгерістерді баспасөз материалдарының желісімен оқырмандарға кеңінен насихаттап жеткізу.

Бөлімнің көп түрлі қызметі кітап арқылы ұлттық тарихи мұраларды, салт-дәстүрді сақтап одан әрі дамытуда мәдениет пен тарихқа деген құрметті тәрбиелеп, оқырмандардың рухани дүниесін кеңейтуге бағытталған. Бөлімде «Оқуға ұсынамыз», «Әсерлі әдебиеттер әлемі», «Барлық жаңалық сіздер үшін» атты кітап көрмелері безендіріліп, «Қызықты ақпараттар» атты лекциялар, «Сіз білесіз бе?» атты тақырыпта қызықты деректерден дайджесттер дайындалады. Сонымен қатар оқырмандардың түрлі сұранысын қанағаттандырып, кітап оқуына жетекшілік ету жұмыстарын ұйымдастырып, әдебиеттерді насихаттауда әртүрлі мәдени іс-шаралар өткізіліп тұрады. Іс-шаралар көпшіліктің назарын оқуға, кітапқа аудару және жастардың кітапқа деген сүйіспеншіліктерін арттыру және оқырмандарды қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіп, түрлі тәрбиелік мақсаттағы салалық оқу құралдарын тиімді пайдалануға, білім беру ісіне көмек, өлкетану, кітап қорына келіп түскен жаңа әдебиеттерді насихаттау бағытында ұйымдастырылды.

Кітапханада көркем шығармалар негізінде сана-сезім, ақыл-ой қызметінің дамуына, қалыптасуына ықпал жасай отырып, шығармашылық қабілеттерін дамыту және кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында «Әдебиет қонақжайы», «Шебер қолдар» қызығушылар клубы қызмет атқарады. «Шебер қолдар» клуб шараларына қатысушылар тоқуды, моншақтармен оюлар жасап тігуді, тұзды қамырдан түрлі биімдерді жасап үйренуге мүмкіншілік жасалды. Кітапхананың міндеттері мен оқырмандардың талабына қарай кітап қорын ұйымдастыру кітапханашының сапалы қызмет көрсетуіне көмектеседі. Осы мақсатта оқырмандардың жан-жақты ақпараттар алуына қолайлы жағдайлар жасап, абонемент, оқу залында өзекті мәселелер туралы баспасөз ақпарат құралдарын басқа да ақпарат көздері ұйымдастырылған. Оқырмандар құрамын ескере отырып, түрлі топтардың қызығушылықтарын анықтап, оларға әдебиеттер іріктеледі. Оқырмандарға сапалы қызмет көрсету барысында бөлім КАБИС бағдарламасымен жұмыс жасайды.
Оқу залы

Аудандық орталық кітапхана оқу залында білімнің барлық саласынан кітап қоры жинақталған. Оқу залында оқитын оқырмандар категориялары әр түрлі. Олар: мектеп және кәсіптік мектеп оқушылары, жұмысшылар, түрлі саладағы мамандар. Оқу залында 1420-ға жуық оқырманға қызмет көрсетіліп, 27437 дана кітап беріледі. Оқу залының басты ұстанымы қызмет көрсетуде сұранысты толық қанағаттандыру. Мұнда оқырмандардың кітаппен жұмыс жасауға қолайлы жағдайлар жасалған және оларға ақпарат құралдарын, әдебиеттерді пайдалануда кеңес беріліп, әңгімелер жүргізіледі. Келіп түскен жаңа басылымдарды таныстыру мақсатында «Жаңа кітаптар» атты тұрақты көрме жасақталады. Қордағы әдебиеттерді насихаттау жұмысы бұқаралық ақпарат құралдары, көрме, жарнамалық бетшелер, буклеттер арқылы жүзеге асырылып отырылады.


Абонемент
Абонемент бөлімінің оқырмандар құрамы әртүрлі. Олардың ішінде көпшілік бөлігі қоғамдық мекемелер қызметкерлері, мектеп оқушылары, зейнеткерлер. Абонементте 1210-ға жуық оқырманға қызмет көрсетіліп, 22536 дана кітап беріледі. Кітап қорында қазақ, ТМД елдері мен шетел әдебиеттері топтастырылған. Бөлім қызметкерлері мерекелер мен мерейтой күндерін, айтулы күндерді назарда ұстап, жедел көрме, кітап көрмелерін безендіріп, әңгіме, шолу, мәдени шаралар өткізеді. Өткізілген шаралар нәтижесінде бөлімінің қызмет көрсету сапасы жылдан-жылға артып келеді.
Әдістемелік-библиографиялық бөлім

ОКЖ-ң әдістемелік бөлім аудандағы селолық бөлімше кітапханаларына әдістемелік орталық болып саналады. Әдістемелік орталық селолық кітапханаларға көмек көрсетіп, оқырмандарға ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсетеді. Оқырман сұранысын тез қанағаттандыруда, әрбір тұрғынға ақпараттық ресурстарды пайдалану мақсатында жұмыс «КАБИС» программасы бойынша жүргізіліп отыр.

Бөлім қызметкерлері кітапхана мамандарының озық тәжірибиелерін анықтап, көмекші құралдар әзірлеп кітапханалар назарына ұсынады.

Бөлім мына бағытта қызмет етеді:

-кітапханалардың жұмыс сапасы мен нәтижесін арттыру;

-аудандық және селолық бөлімше кітапханалар жұмысын талдау;

-мамандардың кәсіби, шығармашылық қабілетін арттырып, дамыту;

-кітапхана ісін жүргізуде жаңа әдістерді енгізу.



Әдебиеттерді толықтыру және өңдеу бөлімі
Әдебиеттерді толықтыру және өңдеу бөлімінің басты міндеті ОКЖ-ң кітап қорын қоғамдық-саяси, экономикалық, мәдениет, ғылымның жетістіктер туралы басылымдармен толықтыру. Негізгі толықтыру көзі Ж. Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, Гайдар атындағы балалар кітапханасы, кітап дүкендері, мерзімді басылымдарға жазылу. Бұл бөлімде келіп түскен әр бір басылымды тіркеуге алынып, ОКЖ-ң барлық каталогтарында көрсетіледі.


Бірегей қорды ұйымдастыру және пайдалану бөлімі
Бұл бөлімнің кітап қорында ОКЖ бойынша құнды басылымдар жинақталған. Кітап қорындағы басылымдар туралы ақпараттар беріп, насихаттайды және қажет басылымның қай қорда екенін көрсетеді. Басылымдардын кітапханаралық пайдалануын ұйымдастырады. Мектептер мен мекемелерде көрме ұйымдастырады.



Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет