Ауданыныѕ јлеуметтік-экономикалыќ



жүктеу 247.6 Kb.
Дата26.08.2018
өлшемі247.6 Kb.


Жамбыл ауданының әкімі

Н.С.Календеровтың

аудан тұрғындары алдындағы

2013 жылғы 11 ақпандағы есебі

Құрметті аудан жұртшылығы!

Биылғы жылға Елбасымыз айтқандай «шамшырақ сияқты біздің жолымызға сәуле шашқан» 2050 – ші жылға дейін белгіленген жаңа Стратегиямен қадам бастық. Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы баршамызға жаңа серпін берді. Еліміздің бас құжаты Қазақстанның келешегін айқындай түсті, жаңа өмірге бағыт берді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы  - болашақ ұрпақтың қамы екенін баршамыз ұғынуымыз қажет.

Биылғы Жолдау мазмұны мен бағыты жағынан ерекшеленді. Алдыңғы 2 бөлім негізінен «Қазақстан-2030» даму стратегиясының қорытындысы мен ХХІ-ші ғасырдың жаһандық он сын-қатерінін сипаттады. Ал үшінші бөлім 7 бағыттан құралған алдағы міндеттер мен мақсаттарды белгіледі.

Бұл жетуге болатын мақсат екеніне сеніммен қарауымыз қажет. Өйткені, біз «Қазақстан-2030» стратегиясының жемісін көрдік. 1997 жылы қабылданған Стратегиялық құжаттан бастау алған Елбасының дәстүрлі Жолдаулары әр жылы жаңа бағдарламаларды дүниеге әкелді. Бұндай бағдарламалар тек мемлекет мүддесі мен елдің қамы үшін жұмыс істеді. Солардың нәтижесінде өңірлер дамып, алыс-жақын ауылдарға дейін қайта түледі. Оны алыстан іздемей-ақ, өз ауданымызға көз жүгіртсек жеткілікті. Соңғы 10 жылдың өзінде бірнеше жаңа мектептер, емдеу мекемелері салынды, ауылдарға газ, ауыз су тартыла бастады, жолдары жөнделіп, көшелер жарықтандырылды, жаңа тұрғын үй массивтері пайда болды. Мұның барлығы экономикамыздың өскені, елдің әл-ауқатының жақсарғанының дәлелі.

Өткен жыл да аудан үшін табысты болды деуге толық негіз бар. Экономикалық көрсеткіштер біршама жұмыстардың алға жылжығанын көрсетеді.

2012 жылы барлық сала бойынша шығарылған өнім көлемі 24 млрд. 442 млн. теңгені құрап, 2011 жылмен салыстырғанда 50,7 пайызға артты. Оның 60 пайызы өнеркәсіп саласына, 40 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі. Орташа айлық жалақы көлемі 72 мың 933 теңгеге жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5 млрд. 248 млн. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 104,1 пайызды құрады.



Бюджет түсімі.

2012 жылғы аудандық бюджеттің кіріс бөлігі 7 млрд. 716 млн. теңгеге орындалып, 100,5 пайызды құрады.

Аудан бойынша 2 млрд. 509 млн. теңге салық жиналып, жоспар 100,7 пайызға орындалып, өткен жылмен салыстырғанда 141 пайызға өсті. Жалпы салықтық түсімдердің 69 пайызы ірі өндіріс орындарының үлесінде. Бұл субъектілерден 1 млрд. 732 млн. 334 мың теңге түсті.

Өнеркәсіп.

Экономиканың өрістеуі - индустрияландыру бағдарламасы бойынша іске асырылған жобалардың нәтижесі.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 121,2 пайызға өсіп, 14 млрд. 568 млн. теңгені құрады.

Бұл салада өндірілген өнімнің 94,2 пайызы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобалардың үлесінде. (Амангелдинский ГПЗ» ЖШС-нің Тараз филиалы – 74,2%, «Super Pharm» ЖШС – 17,2%, «БиномСтрой-Деталь» ЖШС – 2,8%).

Осы бағдарлама бойынша іске қосылған «Амангелдинский ГПЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Тараз филиалы 205 300 тонна мұнай өнімдерін шығарып, 10 млрд. 815 млн. теңгенің өнімін өндірді.

«БиномСтрой-Деталь» құрылыс материалдары комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 395 млн. теңгенің темір - бетон конструкцияларын шығарды.

Сондай-ақ, «Super Pharm» фармацевтикалық бұйымдар шығаратын зауыты 2 млрд. 505 млн теңгенің өнімін өндірді.

Орта кәсіпорындар санатына қосылатан «Кнауф Гипс Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіріс көлемін 22,3 пайызға, «Компания инвест МК» 77 пайызға арттырған.

Жоғарыда айтылғандай, жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы бюджет қоржынына қомақты кіріс әкелді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруымыз қажет.

2013-2015 жылдары 3 индустриялық- инновациялық жобаны іске асыру жоспарымызда бар. Нақты айтар болсақ, Бектөбе ауылында «БиномСтройДеталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің панельді үйлер шығаратын үй-құрылыс комбинатын іске қосу жоспарлануда. Жобаның құны 700 млн. теңге. Оның 600 млн. теңгесі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несиелендіріледі. Аталған нысан іске қосылса 100 жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.

Сол сияқты, осы ауылда «Оңтүстік Халал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ет өнімдері комбинатын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жобаның құны 23 млн. АҚШ долларын құрайды. Оның 16 млн. АҚШ доллары «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы несиеге беріледі. Ет комбинатының құрылысы аяқталған соң жаңа 200 жұмыс орыны ашылатын болады.

«Амангельдинский ГПЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ЕУРО-4 стандарттарына сай келетін бензин шығаратын жаңа өндіріс орынын ашуды жоспарлауда. Жобаның құны 2 млрд. теңге, қаржыландыру өз қаражаттары есебінен жүргізіліп, қосымша 100 жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.



Кәсіпкерлік.

Барлық шағын кәсіпкерілік секторы бойынша өнім көлемі 2 млрд. 428 млн теңгені құрап, 2011 жылғыдан 48 млн. теңгеге артып отыр.

2013 жылдың 1 қаңтарына, шаруашылықтарды қоса алғанда, 3220 кәсіпкерлік субъектілер тіркеліп, 126 нысанға көбейген. Дегенмен, тіркеуде бар 120 шағын кәсіпкерлік нысанының тек 66 – сы белсенділік танытуда. Сондықтан, тиісті органдар осыған терең талдау жасап, статистикалық көрсеткіштерді реттеуі тиіс.

Аудан кәсіпкерлерімен 2012 жылы 216 млн. теңге несие алынды.

Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған, жаңа бастамаларды ынталандыратын, жұмыс орындарын ашуды көздеген «Бизнестің жол картасы 2020», «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламалары нәтижелі жұмыс істеуде.

Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы бойынша жаңадан тіркелген 15 кәсіпкерге жалпы құны 34 млн. теңге пайызсыз несиелер берілді. Оның 12-сі мал шаруашылығын дамытуға алса, 1 – уі техникалық жөндеу шеберханасын, 2 азамат тігін ательесін ашып алды. Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында 7 кәсіпкерге жалпы құны 12 млн. 500 мың теңгеге 3 фазалық электр желілері тартылып берілді.

Биылғы жылға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Жамбыл облысына жалпы 407 млн. теңге жеңілдетілген несие мен 2 млрд. 373 млн. теңге өндірістік инфрақұрылымды дамытуға бөлініп отыр.

Ал, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде ауданға өз ісін ашу ниеті бар 80 субъектіні пайызсыз несиелендіруге 160 млн. теңге, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға 44 млн. теңге бөлінді.

Осы қаржылар мақсатты игерілуі үшін кәсіпкерлер мен аудан азаматтары алға қарай ұмтылуы қажет. Облысқа бөлінген қаржыдан біздің де кәсіпкерлер құралақан қалмауы тиіс. Бизнес бастамаларға әрқашан қолдау болған және ол саясат тұрақты жүргізіледі.

Айта кету қажет, ауданның кәсіпкерлері тек өнім өндіріп қоймай, оның сапасымен байқау жеңімпаздары атануда. Өздеріңізге белгілі, шілде айында өткізілген «Қазақстанның үздік тауары - 2012» өңірлік көрме-конкурста «Амангелді» өндірістік кооперативі «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Ал «Супер Фарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымы бойынша екінші орынды, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша «Айналайын» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бірлестігі үшінші орынды иеленді. Бұл да ауданның жетістігі.

Байқасаңыздар, Ел Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар, қабылданып жатқан бағдарламалар негізінен халықты жұмыспен қамтуға, бизнесті дамытуға бағытталып жатыр. Өйткені, бизнес дамыса инвестиция тартылады, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Елбасымыз «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында масылдықтан арылу қажеттігін ашық айтты. Сондықтан, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерге қарап отырмай, әсіресе жастарымыз өз ісін ашуға жасалып жатқан жағдай мен мүмкіндіктерді пайдаланулары қажет.



Ауыл шаруашылығы.

Ауылда өз ісін өрге дөңгелетуге мүмкіндіктер мол. Егістік жерлер бар, мал басы бар. Бұларды тек көзін тауып, дамыту қажет.

Қазіргі уақытта аудан бойынша 2 042 агроқұрылымдар тіркелген, оның ішінде 1-мемлекеттік мекеме, 4-өндірістік кооператив, 2-жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 2 035-шаруа қожалықтары. Бірақ, бұл шаруа қожалықтарының дені «аты бар да, заты жоқ» екені жасырын емес.

Есепті жылы 9747 гектар масақты дәнді дақылдар ораққа түсіп, 8763 тонна өнім жиналды. Түсім әр гектардан орта есеппен 8,6 центнерді құрады.

3 411 тонна майлы дақылдар, 108 913 тонна көкөніс, 9 851 тонна бақша дақылдары, 8 718 тонна картоп жиналды. 518 гектардан 6 765 тонна қант қызылшасы қазылды.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында 9 млрд. 874 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, 2,5 пайызға артқан. Бұл өндірілген өнімнің 55,5 пайызы егін шаруашылығына, 44,5 пайызы мал шаруашылығына тиесілі.

Мемлекет тарапынан 322 шаруашылықтарға 123 млн. теңге көлемінде субсидия төленді. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 3 210 тонна жанар-жағар май берілсе, 48 шаруашылық 1 344 тонна арзандатылған тыңайтқыш сатып алды.

Құны 29 млн. теңгеге 11 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынды. Оның 3 данасы лизингтік жүйе арқылы алынған.

Агротехнологиялардың озық үлгілері мол өнімнің кепілі. Қазіргі уақытта аудан бойынша 6 шаруашылық жаңбырлатып және тамшылатып суғару әдісін енгізді. Барлығы 158 гектар алқап. 6 шаруашылықты келесі жылы 60 деп атасақ жарасар еді. Ол үшін осы шаруалардың тәжірибесін басқаларға көрсетіп, жолдарын үйрету қажет. Ауыл шаруашылығы бөлімі осы бағытта ауданаралық, шаруашылық басындағы семинарларды көптеп өткізуді жоспарласын.

Құрметті қауым!

Елбасы кешегі Жолдауында атап өткен ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатерінің қатарына судың тым тапшылығын, энергетикалық қауіпсіздікті, табиғи ресурстардың сарқылуын жатқызды. Бұл жай айтылған ой емес. Барша әлем бұған ғылыми тұрғыдан қарауда.

16 округте өткізілген есептік кездесулерде көтерілген мәселелер негізінен ағын су айналасында болды. «Кезінде барлық алқапқа жететін су қайда? – деген сұрақтар да болды. Бұның жауабы ретінде кезінде 20 мыңға ұсақталып кеткен 20 ірі шаруашылық жүргізген егістерді жоспарлау саясатының жоғалғанының салдарын алуға болады. Сондықтан, су үнемдейтін және өнімділікті арттыратын әдістерді барынша пайдалануымыз қажет.

Есепті жылы ірі қара мал саны 31596, қой-ешкі 159909, шошқа 4371, жылқы 9470, түйе 44 және үй құстары 91390 басқа жетті.

Мал қыстату науқанына келсек, мұнда да әзірге еш қиындықтар болған жоқ. Жоспарланған 58000 тонна шөптің орнына 93158 тонна дайындалды немесе жоспар 60 пайызға артығымен орындалды. Былтырғы қыс барлығымызға сабақ болды деп ойлаймын. Сондықтан биыл оған тыңғылықты дайындалдық.

Ет өндіруді және ірі қара малын өсіру үшін «Сыбаға» бағдарламасына сәйкес ауданымыздағы 15 шаруашылық 123 млн. теңге несие алып 724 ірі қара малын сатып алды. Дегенмен, ет өндіру көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда төмендегені байқалады.

Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық мәртебесін алған шаруашылықтар 111 млн. теңге дотация алды. Оның ішінде, асыл тұқымды мал сатып алғаны үшін 74 млн. теңге, селексиялық және асылдандыру жұмыстарын жүргізу үшін 14 млн. теңге, мал өнімдерін сатқаны үшін 15 млн. теңге төленді. Ірі қараға мал азығын сатып алғаны үшін 8 млн. теңге көлемінде мемлекет тарапынан өтемақы берілді.

Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар перспективалы жобалар бар. Бұларды несиелендіруге немесе «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша өндірістік инфрақұрылымдарын жүргізуге қолдау көрсетіп, іске асыруымыз қажет.

Атап айтқанда, Қызылқайнар ауылдық округіндегі «Эреке» шаруа қожалығының тамшылатып суғару технологиясын енгізу жобасы, Жамбыл ауылдық округіндегі «Тараз-Тарту» жауапкершілі шектеулі серіктестігінің және Көлқайнар ауылдық округіндегі «Бүркіт» жауапкершілі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау алаңдарын салу, Ақбастау ауылдық округіндегі «Заң» шаруа қожалығының қымыз өнімін шығару өндірістерінің жобалары бар.

Эпизоотияға қарсы іс шаралар.

2012 жылы эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізу үшін республикалық бюджеттен 82 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді.

Аудандағы төрт түлік малдардан сарып (бруцеллез) індетіне қарсы қан алу және жұқпалы аурулардың алдын-алу мақсатында вакцинациялау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 120 бас мүйізді ірі қарадан, 1142 бас уақ малдан сарып ауруы анықталды. Сарып ауруы шыққан аулалардың қора жайларына глютекс препаратымен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Ауруға шалдыққан уақ малдар иелерінен алынып, жойылды.

Облыстық бюджеттен бөлінген 38 млн. теңгеге Өрнек, Қызылқайнар, Ақбастау, Айшабибі ауылдық округтерінде мал өлекселерін тастайтын биотермиялық шұңқыр салынды.

Осы жұмыстарды алдағы уақытта жалғастыру үшін 8 млн. 032 мың теңгеге Ақбұлым, Көлқайнар, Жамбыл, Бесағаш ауылдық округтерінен мал өлекселерін тастайтын биотермиялық шұңқырларының және Аса, Қаракемер, Қызылқайнар ауылдық округтерінен мал емдейтін арнайы жабдықталған орынның құрылысын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттары әзірленді.

Биыл мемлекеттік шекараға жақын жатқан Жасөркен және Қаратау ауылдарында контрабандалық жолмен өткен малдарды қамайтын қора салу үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалатын болады. Өйткені, елімізге заңсыз кіргізілген малдарды уақытша ұстау мәселесін шешуіміз қажет.



Құрылыс.

Былтыр ауданымызға құрылыс жұмыстарына жоғары тұрған бюджеттен қомақты қаржылар бөлініп, бірқатар жаңа нысандар бой көтерді. Ол үшін, облыс басшылығына, депутаттарына, облыстан сайланған Парламент депутаттарына рахмет айтамыз.

Білім беру объектілерін салуға республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд. 056 млн. теңгеге Аса ауылында 600 орындық Ю.Гагарин атындағы орта мектебі және Жасөркен ауылында 300 орындық Әуезов атындағы орта мектептерінің құрылысы жүргізілді.

Жаңа жыл қарсаңында асалық балалардың арманы орындалып, Гагарин орта мектебінің замануи ғимаратында оқуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен бөлінген 100 млн. теңгеге Қаратау ауылындағы 120 орындық Рысқұлов орта мектебінің құрылысы жүріп жатыр.

Жасөркен және Қаратау ауылдарында салынып жатқан мектептерді жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беру жоспарымызда бар.

Білеміз, әлі жаңа ғимарат қажет ететін білім беру ошақтары көп. Дегенмен, бірінші кезекте Елбасы Үкіметпен өткізген кеңесте айтқандай: «апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешіп алуымыз қажет».

Ауданда бүгінгі күнге дейін осындай 3 мектеп болған. Олардың 2-уі жоғарыда аталған Ауэзов және Рысқұлов орта мектептері. Биыл осындай апатты жағдайдағы Еңбек орта мектебіне жаңа ғимараттың жобалау-сметалық құжатын әзірлеуге бюджеттен 4 млн. 500 мың теңге бөлінді. Еңбек мектебінің құрылысы алдағы жылы қаржыландырылса, апатты жағдайдағы мектептердің проблемасы толық шешіледі. Одан соң ыңғайластырылған ғимараттардағы мектептерге көшеміз.

Желтоқсан айының бірінші күні - Тұңғыш Президент мерекесіне орай Жасөркен ауылында жобалық құны 40 млн. теңге болатын 10 келушіге арналған заманауи медициналық пункт пайдалануға берілді.

Үстіміздегі жылы республикалық және облыстық бюджет есебінен Айшабибі және Қызылқайнар ауылдарынан 40 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияларының құрылысын жүргізуге жалпы 218 млн. теңге бөлінді (Айшабибі ауылы – 85971 мың теңге, Қызылқайнар ауылы – 131 702 мың теңге).

Түрксіб ауылынан сметалық құны 514 млн. теңге болатын 280 орындық балабақша ғимаратының құрылысын жүргізу үшін республикалық және облыстық бюджеттен биылғы жылға 274 млн. теңге бөлініп отыр. Құрылыс жұмыстары 2014 жылы аяқталады.

Аудандық бюджеттен Жалпақтөбе ауылынан 280 орындық балабақша ғимаратының жобалау-сметалық құжатын әзірлеуге 4 млн. теңге бөлінді.



Ауыз су бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2012 жылы Пионер, Шайдана, Бесжылдық, Аса, Рахат, Құмтиын ауылдарын сумен жабдықтауға барлығы 1 млрд. 002 млн. 456 мың теңге бөлініп, толығымен игерілді.

Жаңа жыл қарсаңында Пионер, Шайдана, Бесжылдық ауылдарына сапалы ауыз су берілді.

Аса, Рахат, Құмтиын ауылдарына ауыз құбырын тарту жұмыстары биыл аяқталады. Жыл соңына дейін, құдай қаласа, үш ауылдың тұрғындары үшін тамаша тарту болмақ.

Ал биылғы жылы республикалық және облыстық бюджет есебінен Айшабибі ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғыртуға 156 млн. теңге, Гродеково ауылына 200 млн. теңге және Тастөбе ауылына 100 млн. теңге бөлінді. Бұл жұмыстар осы жылы басталып, 2014 жылы аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар, Шайқорық, Танты, Қапал, Қоңыртөбе ауылдарына және Шайқорық станциясына, Басағаш, Түрксіб, Пригородный Жалпақтөбе сияқты 9 елді мекендердің тұрғындарын ауыз сумен қамту дайын жобалау-сметалық құжаттар бар. Бұларды келесі жылдары қаржыландыру үшін жұмыстар жүргіземіз.

Бұдан бөлек, 2013 жылы облыстық бюджеттен Қаракемер ауылының ауыз су жүйесін жаңғыртуға, Бектөбе, Қызылшарық ауылдарының ауыз су жүйесі құрылысының ЖСҚ дайындауға және мемлекеттік сараптамадан өткізуге тиісінше 8,0 млн. теңге және 12 млн. теңге бөлініп отыр.

Бұл аталған нысандарға қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары 2016 жылға дейін аяқталатын болса, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген елді мекендер саны 66,7 пайызды құрайды.

Өздеріңізге белгілі болар, Президентіміз 2050 жылға қарай Қазақстан сумен қамтамасыз ету проблемасын түбегейлі шешуге тиіс екенін айтып, соның ішінде Үкіметке бірінші кезеңде 2020 жылға қарай – тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша бағдарлама жасауды тапсырды. Яғни, ауыз су проблемасының соңы да алыс емес екенін білуіміз қажет.

Есепті жылы Қостөбе, Октябрь - Жеміс, Жамбыл, Шайқорық, Бесжылдық, Танты, Қапал, Түрксіб ауылдары, Аса ауылының темір жол бекеті жағындағы тұрғындар елді мекендерді газдандыру бағдарламасына сәйкес 2011 жылы тартылған орта қысымды газ құбыры арқылы өз қаржылары есебінен үйлеріне көгілдір отынды тартып алды.

Алдағы уақытта елді мекендерді газдандыру жұмыстары өз жалғасын табатын болады. 2012 жылы осы мақсатта 13 елді мекенге (Өрнек, Ерназар, Жұма, Қаракемер, Құмтиін, Пионер, Шайдана, Тастөбе, Еңбек, Рахат, Көлқайнар, Қаратау, Қызылтаң) орта қысымдағы газ құбырын тартудың техника-экономикалық негіздемесі дайындалды. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен (2893,7 млн.теңге) қаржы бөлуге өтінім ұсынылды.



«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде ауылдық округтердегі жайластыру мәселелерін шешу үшін 2012 жылы 12 млн. теңге бөлініп Аса ауылында балалардың ойын алаңы, Бесағаш және Жамбыл округінде көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

Ал биыл, осы бағдарламаны қаржыландыру 6 есе артып, барлығы 67 млн. теңге қаралды. Бұл қаржы барлық ауылдық округтерге, адам санына қарай, пропорционалды бөлінеді. Осы қаржы есебінен ауылдардың ішкі жолдары орта жөндеуден, бірқатар мектептер мен кітапханалар ағымдағы жөндеуден өтіп, балалардың ойын алаңдары, шағын футбол алаңдары салынады.

Есепті жылы аудандық мәндегі автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге 171 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді. Оның ішінде, облыстық бюджетінен бөлінген 140 млн. теңгеге Өрнек – Ерназар бағытындағы жол жөнделді.

Биылғы жылға облыстық бюджеттен аудандық мәндегі автомобиль жолдарын орта жөндеуге жалпы 203 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржыға Пионер-Сеңгірбай, Еңбек, Жамбыл, Октябрь-Жеміс ауылдарына кіре беріс жолдар мен Аса ауылының айналма автомобиль жолдары жөнделетін болады.

Аудандық бюджет есебінен бөлінген 29 млн. теңгеге Октябрь-Жеміс ауылына кіре берістегі көпір, Ақбастау ауылдық округінен гипс кеніне барар жол, Құмтиын, Қоңыртөбе ауылына кіре беріс жол, Пионер-Ақмола бағытындағы жол жөндеуден өтеді.

Бұған қосымша, ауылдардың ішкі жолдарына 98 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға Аса ауылындағы жолдар, Қаратау ауылындағы орталық көше, Ақбұлым ауылындағы Дербіс болыс, Қарасай батыр, Органов көшелері, Шайқорық ауылындағы Молдағұлова, Рысқұлбеков көшелері және Бесжылдық, Қостөбе, Пионер, Шайдана ауылдарының орталық көшелері мен Өрнек ауылындағы Сарыбай көшесінен мал сою алаңына дейінгі жолдар жөнделеді.



Тұрғын үй құрылысы.

2012 жылы жалпы алаңы 22962 шаршы метрді құрайтын 234 жеке меншік тұрғын үй қабылданды. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 2,7 пайызға артып отыр.

Аса ауылының бас жоспарын топографиялық геологиялық түсірілімі аудандық бюджеті есебінен 10 млн. теңгеге жасалып, облыстық бюджеттен бөлінген 13 млн. теңгеге бас жоспары әзірленді.

Биыл Айшабибі, Жалпақтөбе, Гродеково, Қызылдихан, Қаратау ауылдарының бас жоспары мен топографиялық-геологиялық түсірілімін жасауға 25 млн. теңге бөлінді.

Өйткені бұл құжаттар болмаса, бөлінетін учаскелерде жолдар салынып, инфрақұрылымы тартылмаса тұрғын үй құрылысына жер беруге болмайды. Сондықтан, ауданның перспективалық даму жоспарында біз ауылдардың бас жоспарларын жасауға қаржы бөліп, 3 жылда осы мәселені реттеп алуды жоспарлап отырмыз.

Әлеуметтік сала.

Бүгінде аудан халқының саны 82 398 адамды құрайды. 2012 жылдың 12 айында 1893 нәресте дүниеге келді.

Жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз. Еңбек нарығында 2012 жылы 4134 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Оның ішінде, 209 адам жаңадан ашылған жұмысқа, 206 адам қоғамдық жұмысқа, 3000 адам маусымдық жұмысқа, 719 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Әлеуметтік төлемдер мен халықты қамсыздандыру шараларына 218 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді.

82 отбасындағы 430 адамға 7 млн. теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек берілді. 890 отбасына 11 млн. теңге тұрғын үй жәрдемақысы, 18 жасқа дейінгі балалары бар 2435 отбасына 115,8 млн. теңге төленді.

Үйде оқытылатын және тәрбиеленетін мүгедек 134 балаға 4 млн. 356 мың теңге көмек берілді.

Мүгедектерді оңалту жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектерге міндетті гигиеналық құралдар алуға және тіл үйрететін, жеке көмекші мамандардың қызметіне 13 млн. 642 мың теңге бөлініп толығымен игерілді.

Жергілікті өкілетті органның шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына әлеуметтік көмек көрсетуге 13 млн. 329 мың теңге жұмсалды.

Ауылдық жерлерде тұратын денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, ветеринария және спорт мамандарына отын сатып алу үшін 3 млн. 590 мың теңге берілді.

«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы шеңберінде жалақыны ішнара субсидиялауға республикалық бюджеттен бөлінген 6 млн. 780 мың теңгеге, 46 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама алды.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 11 млн. теңгеге 77 азамат жұмыс тәжірибесінен өтті.

«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының 4-ші бағыты шеңберінде ауылдық елді мекендерді дамыту бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында жалпы 71 млн. теңге бөлінген болатын. Бұл қаржыға Б.Момышұлы, Шайқорық, Макаренко мектептері, Бірлесу-Еңбек және Ерназар ауылдық клубтары жөндеуден өткізілді. Жөндеу жұмыстарына жалпы 32 адам тартылды.

Осы бағдарлама аясында биылға республикалық және облыстық бюджеттерден 122 млн. теңге бөлініп отыр. Осы қаржы есебінен Жеңістің 30 жылдығы, Тайшапов, Айшабибі орта мектептері мен жаңадан ашылатын Өрнек ауылындағы балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өткізілетін болады.

Сондай-ақ, Пионер ауылдық клубын күрделі жөндеуден өткізуге 49 млн. теңгеге бағытталып отыр. Ал, Бектөбе ауылдық клубының жөндеу жұмыстары 48 млн. теңге көлемінде облыстық бюджеттің шартты түрде қаржыландыратын шығыстар есебіне жатқызылды. Яғни, нысанды қаржыландыру ауданның әлеуметтік-экономикалық даму болжамының және бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы мен қаражаттардың игерілуіне қарай жыл ішінде шешіледі.

2014-2015 жылдары осы бағдарлама бойынша қаржыландыру үшін Чкалов, Жасөркен, Әкім Тарази, Абай, Шайқорық, Ысмайылов, Кейкиев, Б.Момышұлы орта мектептерінің жөндеу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге 27 млн. теңге қаралды.



Денсаулық сақтау.

Құрметті жиынға қатысушылар!

  Ел Президенті желтоқсан айындағы Жолдауында «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» екенін, «Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту аясында біз елдің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, сондай-ақ медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыруға тиіспіз» - деп атап өтті.

«Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» дегендей әрқайсымыз бұл жағдайға қарсы тұруымыз қажет. Бірінші кезекте, өз денсаулығымызға, отбасымыздың амандығына жауапкершілікті сезінуіміз тиіс.

Денсаулық сақтау саласында 82 дәрігер, 335 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс атқаруда.

2012 жылы аудандық денсаулық сақтау мекемелерінің қызметін қамтамасыз етуге 916 млн. 019 мың теңге бөлініп, толығымен игерілді.

Емдеу мекемелерін қалыпты жағдайда ұстап тұру мақсатында жалпы 14 млн. теңгеге Пионер ауылындағы дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жұмыстары, Ерназар және Ақбұлым ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториясы мен Бәйтерек және Қостөбе ауылдарындағы медициналық пункттеріне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Аудандық туберкулезге қарсы диспансерде 1305 адам тіркеуге алынған. Бұл 2011 жылғыдан 245 адамға кемігенін көрсетеді.

2012 жылдың 12 айында қайтыс болғандардың жалпы саны 509 (2011ж - 553), 1000 адамға шаққанда өлім көрсеткіші – 6,3 (2011ж –4,7).



Білім.

Аудандағы 36 білім беру ұйымдарында оқитын 12995 балаға 1663 ұстаз білім беруде.

2012 жылғы оқу жылында жалпы білім саласына бөлінген 4 млрд. 704 млн. теңге мақсатты игерілді.

2012 жылға ыстық тамаққа 14 млн. теңге, киім алу және әр түрлі іс-шараларға 7,5 млн. теңге және сауықтыру жәрдемақысына 5 млн. теңге қаржы жұмсалды.

Аудандық бюджеттен мектептердің материалдық техникалық базасын нығайтуға 74 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді.

Осы қаржыға Айшабибі, Беспаев, Шайқорық, Жеңістің 30 жылдығы орта мектептеріне автобус, 21 мектепке 53 дана компьютер мен 31 мектепке 58 дана сынып-комплектісі алынды. Ысмайылов және Макаренко мектептерінің лингофондық және мультимедиялық кабинеттері, Амангелді, Сартбаев, Абай және Әйтиев мектебінің биология кабинеттеріне құралдар алынды. 7 мектепте бейнебақылау қондырғылары орнатылды.

Республикалық бюджеттен бөлінген 12 млн. теңгеге Чкалов, Төле би, Сартбаев мектептерінде химия кабинеттері жабдықтады.

Сонымен қатар, 18 млн. теңгеге Қоңыртөбе бастауыш мектебіне ғимарат сатып алынып, пайдалануға берілді.

Аудандағы 36 білім беру мекемесі толығымен интернет желісіне қосылған. Компьютермен қамтылу көрсеткіші 1 компьютерге 18 оқушыдан келеді.

11797 оқушының 9250-і немесе 78,4 пайызы жазғы демалыс және мектеп жанындағы лагерлермен қамтылды.

2011-2012 оқу жылы Ұлттық біріңғай тестілеуге 616 оқушы қатысты. Бұл мектеп бітірушілердің 65,8 пайызын құрайды. Ұлттық біріңғай тестілеудің қорытындысы бойынша аудан оқушыларының орташа баллы 65,58 болып, былтырғы жылдан 20,4 пайызға кеміді (2011ж-82,47%). ҰБТ-ға қатысқан 78 мектеп бітіруші 2 деген баға алған. Сөйтіп, облыс бойынша 8-ші орынға тұрақтадық.

Сондықтан, бала оқыту тәрбиесіне тек педагогтар емес, әр ата-ана көңіл бөлуі тиіс.

Балалардың интелектуалдық қабілетін, ой ойлау, сөз сөйлеу мәдениетін дамытуға, білімін шыңдауға бағытталған түрлі форматтағы шараларды көптеп ұйымдастыру қажет.

Жастар тәрбиесі, олардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасау басты мәселенің бірі. Биылдан бастап барлық ауылдық округтерге жастар ісі жөніндегі маман жібердік. Аса, Шайқорық, Айшабибі, Бесағаш, Ерназар ауылдарында аула клубтарын аштық. Ендігі кезекте олардың материалдық базасын толықтырып береміз.

Жастар саясаты аясында үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын қолдауға 3,5 млн теңге бөлдік. Бұл шаралар жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, оларды өнерге, спортқа тарту үшін жасалып жатқан жағдайлар.

Бүгінде аудан бойынша 12 балабақша мен 16 мектеп базасында шағын орталықтар жұмыс істеуде. Оларда барлығы 2515 бүлдіршіндер тәрбиеленуде (балабақша 1565 бала, шағын орталық 950 бала).

Облыстық бюджеттен бөлінген 148 млн. теңге есебінен Айшабибі ауылындағы 140 орындық «Қарлығаш» және Аса ауылындағы 280 орындық «Балдырған» балабақшалары күрделі жөндеуден өткізіліп, ашылды.

Қазіргі уақытта ауданда балабақшаға деген сұраныс 46 пайызға қанағаттандырылып отыр.

Елбасы «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзартуға шешім қабылдап, Үкімет пен әкімдердің алдына балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен 100 пайыз қамту міндетін қойды. Бұл 2020 жылға дейін балабақша мәселесі толық шешімін табуы тиіс дегенді білдіреді.

Биыл мектептерге 94 млн. теңге, балабақшаларға 67 млн. теңге ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бөлінді.

Сондай-ақ, мектептердің материалдық техникалық базасын нығайтуға 105 млн. теңге бағытталды. Бұл қаржының 16 млн. теңгесіне 125 дана компьютер, 7,5 млн. теңгесіне класс-комплект және 35 млн. теңгесіне оқулықтар алынады. Химия, биология кабинеттері 38 млн. теңгеге жабдықталады.

Балабақшалардың материалдық техникалық базасын нығайтуға 20 млн. теңге бөлініп отыр.


Мәдениет.

2012 жылы әр түрлі 550 мәдени көпшілік іс-шаралар өткізілді. Республикалық, халықаралық конкурстарда ауданның мәдениет қызметкерлері мен тәрбиеленушілері жақсы жетістіктерге қол жеткізді.

Атап айтсақ, облыстық «Үздік көрнекі ақпарат-2012» конкурсында ауданымыз жүлделі бірінші орынды иеленіп, «Үздік деректемелік ақпарат» номинациясымен марапатталды. Облыстық «Мемлекеттік тіл-мемлекеттік қызметте» атты байқауында аудан әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлерінен құралған команда жүлделі екінші орын мен «Үздік қобдиша» номинациясымен марапатталды. Облыстық «Тілдарын» байқауынан жерлестеріміз жүлдегер атанды.

Алматы қаласында өткен республикалық «Күн шуақ» ән конкурсына қатысқан ауданымыздың жас әншісі Нұргүл Мұсалы бас жүлдені иеленді. Облыста өткен «Дельфилік» ойындар фестиваліне ауданымыздың «Аса сазы» бишілер тобы үшінші орынды иеленіп қайтты.

Өнерде мұндай табыстарға қол жеткізу үшін жағдай жасауымыз қажет.

Мәдениет ұйымдарының ғимараттарын, жылу жүйелерін, едендері мен қоршауларын жөндеу, абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттар әзірлеуге 30 млн 529 мың теңге жұмсалды.

Осы құжаттар бойынша Айшабибі, Бірлесу-Еңбек, Бектөбе ауылдық клубтарының шатыры, жылу жүйесі, көрермендер залы сияқты ағымды жөндеу жүргізілді. Тастөбе ауылдық клубы абаттандырылды.

Гродеково, Бектөбе, Пионер ауылдық клубтарына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттар дайындалды.

Аудандағы кітапханалардың саны 28, оның ішінде 1-орталық, 1-балалар және 26-ауылдық кітапхана.

Спорт.

Бұхаралық спортты дамыту, халықтың ой-санасын саламатты өмір сүруге қалыптастыру, дені сау ұлт осының барлығы қазақтың келешегі үшін қажеттілік екенін Мемлекет басшысы үнемі айтуда.

Биылғы Жолдауда да Үкімет пен жергілікті органдарға дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау керектігін тапсырды.

Былтыр демеушілердің көмегімен Аса, Бірлесу-Еңбек, Октябрь-Жеміс және Шайдана ауылдарында шағын футбол алаңдары салынды.

Ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін дамытуға, спорттық жарыстар өткiзуге және әртүрлi спорт түрлерi бойынша аудан құрама командасы мүшелерiн жарыстарға қатыстыру мақсатында 7 млн теңге бөлініп, толығымен игерілді.

Бұл бөлінген қаржының қайырымын спортшыларымыз үлкен додаларды топ жарып қайтарды.

Пионер ауылынынан Сағатілда Пернежан қазақтың қайсарлығын танытып, қол күресінен Европа біріншілігін мойындатты. Жалпақтөбелік Паншаев Муслим кикбоксингтен Әлем біріншілігінің жүлдегері атанды, Абдіғазиев Бекболат қазақ күресінен Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Айтбек Айбол самбо күресінен жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, өрнектік Әбішев Жасұлан белбеу күресінен әлем біріншілігінің қола жүлдесін иеленді.

Жалпы, өткен жылы спорттық іс-шаралар, саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған 26 іс-шаралар өткізіліп, 22 мың адам қамтылды.



Әлеуметтік салаларға кадрларды тарту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.

Өткен жылы 20 маман, оның ішінде білім саласына-10, денсаулық саласына-8, мәдениет саласына-1, спорт саласы-1 маманнан келді. Оларға республикалық бюджеттен 3 млн 765 мың теңге көтерме жәрдем ақы төленді. 10 маманға (6 денсаулық, 4 білім) 0,1 пайызбен мерзімі 15 жылға дейін тұрғын-үй алуға 24 млн 270 мың теңге несие берілді.

Бұған қосымша аудан бюджетінен аз қамтылған отбасыларынан шыққан, үлгерімі жақсы мектеп бітірушілерін медициналық жоғары оқу орындарында грантта оқитын 6 адамға 2 млн 350 мың теңге көлемінде қаржы төленді.

Дегенмен, қазіргі уақытта дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 84,5 пайыз. 28 дәрігер мамандарының жетіспеушілігі бар.



Қысқа дайындық шаралары.

«Қыс киеріңді жазда ойла» дегендей, әлеуметтік сала нысандарының қазандығы, есік терезелерін түгендеу, отын тасымалы сияқты мәселелер жаз бойы бақылауда болды.

Осының нәтижесінде, құдайға шүкіршілік дейміз, қыс қаһары мен табиғат құбылыстарын қалыпты жағдайда өткеріп келеміз.

Бюджеттік мекемелерді 2012-2013 жылу беру маусымына дайындау мақсатында болжанған 3245 тонна көмір тасымалданып алынды. Қажетті дизел отыны алынып, электрстанциялар дайындалды.

Аудан орталығындағы көппәтерлі үйдің ағымды жөндеу жұмыстарына 10 млн. 643 мың теңге бөлініп, подъездері, подвалдары жөндеуден өтті, 1 дана жалпы үйлік (ортақ) жылу есептегіш құралы орнатылды. Қазіргі уақытта аудан бойынша бюджеттік мекемелерге 82 пайыз жылу есептегіш құралы, 77 пайыз су есептегіш құралдары орнатылды.

Жолдарды күтіп ұстауға 4,1 млн теңге бөлгенбіз. «Компания СК и Б», деген мердігер келісім-шартқа сай уақытылы тазалап, арнайы қоспалар шашылып тұр. Бұл жұмыстарда кешеуілдеп қалған тұстары болған жоқ.



Абаттандыру және тазалық жұмыстары.

Ауданның абаты мен тазалығын деңгейіне келтіру үшін қолға алатын істер көп. Жоғарыда айтылғандай, бұл мақсаттарға түрлі бағдарламалар аясында біршама қаржылар бөлініп отыр.

Бірақ, бұл жұмыстарды ауыл тұрғындарысыз жүзеге асыру мүмкін емес. Себебі тазалық, абаттандыру әр азаматтың ауласынан басталады. Осы жұмысты белсенді атқаруға шақырамын. Ал, ауыл ақсақалдарын осыған ұйытқы болуын сұранамын.

Абаттандыру жұмыстарына 2012 жылы 58 млн. теңге бөлініп, толығымен мақсатты жұмсалды. Елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету үшін 3 млн. 112 мың теңге игерілді.

Елді мекен көшелерін жарықтандыруға, электр энергиясының төлемі мен трансформатор орнату және оның қызмет көрсетуіне жалпы 65 млн. теңге жұмсалды.

2013 жылға 49 млн. теңгеге 6 ауылдық округтің, нақты айтар болсақ Аса, Қаратөбе, Ерназар, Жамбыл, Гродеково, Ақбастау көшелерін жарықтандыруға және темірбетон бағаналарын орнатуға бөлінді.

Көше жарығы ұрыға «біз шыққанда ай жарық» секілді әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан ауыл абаты мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бұл жұмыстар жалғасатын болады.

Қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

Есепті жылы аудан көлемінде жалпы әр түрлі 438 қылмыстық істер тіркеліп, өткен жылға қарағанда 63,4 пайызға артқан (2011ж–268). Бірақ, бұған азаматтардан түскен өтініштерді есепке алу тәртібінде енгізілген кейбір өзгерістердің әсері бар.

Тіркелген қылмыстардың ішінде қоғамдық орындарында жасалағаны 68,4%, көшелерде жасалғаны 93,3%, кәмелеттік жасқа толмағандармен жасалған қылмыс 11,1% артып отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жалғасын табады және күшейтілетін болады.

Құқықтық статистика органының мәліметіне сәйкес 2012 жылы мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілгендер лауазымды тұлғаларға қатысты 15 қылмыстық іс қозғалды.

6 қызметкер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілкке тартылды.

Мемлекет пен қоғамның арасында байланыс көпірінің орнықты болуы шарт. Жеке қабылдауға келген азаматтардың тілегін орындау, заң мүмкіндік берсе олардың мәселесін шешу атқарушы органның міндеті.

Өткен жылы аудан әкімінің аппаратына жеке және заңды тұлғалардан барлығы 1418 өтініш түскен. Өтініштердің басым бөлігі материалдық көмек, жер бөлу мазмұнында. Негізінен бұл өтініштер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, қанағаттандырылды.

Аудан әкімінің 2012 жылғы есептік кездесуінде әр түрлі мәселе бойынша 23 ұсыныс іс-шаралар жоспарына енгізілген болатын. Бүгінгі күнге олардың 22-і өздерінің шешімін тауып жатыр.

Аудан әкімінің бақылауына алынған ұсыныстардың орындалу барысы туралы хабарлама жергілікті баспасөз беттерінде тоқсан сайын жарияланып тұрды.

Қалған 1 ұсыныстың, яғни Аса ауылындағы аудандық мәдениет үйінің қазандығын табиғи газға қосу мәселесі қаржы тапшылығына байланысты биылғы жылы шешілмеді.

Қадірменді аудан халқы!

Өткен жылы осындай біршама жұмыстар атқарылды. Алдағы жоспарлармен бөлістік. Енді, Елбасы белгілеп берген жаңа стратегиялық бағытпен осы шараларды іске асыруымыз қажет.

Ескі жыл есіркеді, жаңа жыл жарылқасын деймін. Жаңа жыл ауданымыз үшін табысты, әр - бір отбасы үшін берекелі болсын.

Ауызбіршілігіміз айнымасын, ағайын. Еліміз аман болсын. Сонда ғана алға қойған мақсаттарға қол жеткізетін боламыз деп есептік баяндамамды аяқтаймын.



Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет.



Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет