Ауыл әкімдерінің сайланбалығын енгізу – жергілікті жерлерде мемлекеттік басқаруды сапалы түрде өзгертеді



жүктеу 131.41 Kb.
Дата23.02.2018
өлшемі131.41 Kb.

Ауыл әкімдерінің сайланбалығын енгізу – жергілікті жерлерде мемлекеттік басқаруды сапалы түрде өзгертеді


Сәрсенбі, 10 шілде 2013 2:16

Ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу – Қазақстан қоғамында көптен бері талқыланып келе жатқан мәселе. Мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру, Қазақстанның саяси жүйесі мен мемлекеттік құрылымының тиімділігін арттыру, елдегі басқару реформасын жалғастыру туралы Елбасы бірнеше рет атап өткен болатын.

Бірқатар жылдар бойы аталған реформа мақсатты және үдемелі түрде жүзеге асып келеді.

2012 жылдың қараша айында Ел­ба­сы Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы бекітілді, онда мемлекеттік функцияларды жүзеге асыруға жергілікті өзін өзі басқару органдарының қатысуын қамтамасыз ету қажеттілігі көзделді.

Мемлекет басшысы өзінің «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында қабылданған тұжырымдамада «ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді», деп атап көрсетті.

Президент 2013 жылдың қыркүйек айынан кешіктірмей жер-жерде басқару ше­шімдерін қабылдауға қоғамдық бақылауы мен азаматтардың ықпалын күшейту мақсатында елімізде тиісті мәслихаттар арқылы Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын ұйымдастырып, өткізуді тапсырды.

Ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу жергілікті халық үшін жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға нақты мүмкіндік берудің, мемлекеттік басқару жүйесін сапалы түрде өзгертудің тетігі болып табылады.

Бұл – біздің еліміздің саяси жүйесін демократияландыру және жетілдіру жолындағы жаңа қадам.

Сонымен қатар, бұл сайлау Қазақстан сайлау жүйесінің де дамуының маңызды кезеңі, ауқымды өңірлік электораттық науқандарды ұйымдастыруда және өткізуде жаңа практикалық тәжірибе жинау үшін негіз болып табылады.

Президент тапсырмасына сәйкес мемлекеттік органдар мен Орталық сайлау комиссиясы алдағы сайлау науқанына дайындық жұмыстарын уақтылы жүргізіп отыр, бұл мәселелер негізінен үш бағытта жүзеге асырылуда.

Біріншіден, жинақталған өз тәжірибе­мізді, сондай-ақ халықаралық тәжірибені зерделеудің негізінде алдағы сайлаудың нормативтік құқықтық базасының жобаларын әзірлеу іске асырылды, науқанның материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету мәселелерін шешу жолдары айқындалды.

Атап айтқанда, 2012 жылдың желтоқ­санында сайлау үдерісін ұйымдастыру мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылды, оның отырысында іске асыру мерзімдері көрсетілген нақты іс-шаралар жоспары пысықталды.

Жұмыс тобы отырысының хаттамалық шешімдеріне сәйкес, Ортсайлауком бюджеттік заңнамаға өзгеріс енгізуді көздейтін, әкімдер сайлауын жергілікті бюджеттер қаражатынан қаржыландыру жөнінде ұсыныс және әкімдер сайлауын өткізу қағидаларының жобасын әзірледі.

Сондай-ақ, жоғарыда айтылғандай Ор­тсайлауком 1999 жылдан бастап 2006 жыл­ға дейінгі мерзім аралығында республикада өткізілген аудандық, қалалық және кенттік деңгейдегі әкімдердің эксперименттік сайлауларына талдау жүргізді.

Осындай алғашқы сайлау 1999 жылдың 29 мамырында өткізілген болатын. Ол кезде эксперимент ретінде Алматы облысының Қарасай ауданы Шамалған ауылдық округінің әкімі сайланды. Сайлауға Шамалған ауылдық округінің 3366 сайлаушысы, немесе барлық сайлаушылардың жалпы санының 60,17 %-ы қатысты

2001 жылғы 20 қазанда 28 әкімшілік-аумақтық бірлікте эксперимент ретінде жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жағдайында ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер әкім­дерін сайлау өткізілді. Әкімдерді таң­даушылар сайлады, ол үшін тиісті аумақта жасы 18-ге толған, белсенді сайлау құқығы бар азаматтардың жиналыстары (жиындары) өткізілді. Бұл жиналыстарды елді мекендер аумақтары, көшелер, орамдар бойынша сайлау комиссиялары шақырды. Бұл сайлауға 486 таңдаушы қатысты.

2005 жылғы 12 тамызда эксперимент ретінде Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының 4 ауданында өткізілді. Бұл облыстарда аудан әкімдерін таңдаушылар – мәслихат депутаттары сайлаған болатын. Сайлауға 72901 сайлаушының мүддесін білдіретін 4 аудандық мәслихат депутаттарының 50 таңдаушысы қатысты.

2006 жылғы 20 қазанда облыстық маңызы бар 10 қала мен 49 аудан әкімдерін сайлау өткізілді. Бұл жолы да әкімдерді таңдаушылар – мәслихаттар депутаттары сайлады. Әкімдікке үміткерлерді баламалы негізде тиісті облыс әкімдері ұсынды. Сайлауға 788 таңдаушы қатысты.

Аталған сайлаулар әкімдер сайлауы механизмдерін сынап көру мүмкіндігін берді. Сондай-ақ, атап өтілген сайлау науқандары жалпымемлекеттік мүдделерді нақты елді мекендердегі халықтың мүдделерімен теңдестіруді қамтамасыз ету үшін кент, ауыл деңгейіндегі жергілікті әкімдіктер басшыларын сайлауды өткізу тәртібін реттейтін құқықтық негіздердің дамуын көрсетуімен қатар, басқару сапасы мен тиімді қоғамдық бақылау сапасын қамтамасыз етті.

Ал бұл мәселе басқа елдерде қалай шешіледі? Көптеген дамыған мемлекеттерде демократиялық институттар бірнеше ғасырлар бойы дамып, ұзақ та қиын жолдан өткені белгілі. Сондықтан біз Еуропа мен Солтүстік Америка, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция, ГФР сияқты «ескі демократиялы» деп аталатын 37 елде жергілікті басқару және өзін өзі басқару органдарының қалыптасуының құқықтық негізі мен тәжірибесін талдадық.

Осы талдаудың жалпы қорытындылары туралы төмендегі ақпаратқа көңіл бөлдік.

Жергілікті билік органдарының басшыларын тағайындау немесе сайлау 9 елде Конституцияның құқықтық ережелерімен, 12 елде жергілікті басқару (өзін өзі басқару) заңдарымен, 7 елде сайлау заңнамасымен реттеледі екен. Федеративтік мемлекеттердің (АҚШ, ГФР, Австрия, Канада, Ресей және басқа) басым көпшілігінде жергілікті өзін өзі басқару мәселелері өңірлік заңнамамен реттеледі.

Жергілікті әкімшілік басшыларын тағайындау 11 елде (Бельгияда, Босния және Герцеговинада, Ұлыбританияда, Ирландияда, Нидерландта, Ресейдің бірша­ма субъектілерінде, АҚШ штаттарының көп­шілігінде, Швейцария мен Финляндия кан­тондарының бірқатарында) қолданылады.

Төте сайлау 18 елде (Австрияның кейбір жерлерінде, Албанияда, Болгарияда, Венгрияда, Грекияда, Испанияда, Ита­лияда, Канаданың бірқатар провинция­ларында, Македонияда, Молдовада, Польшада, Румынияда, АҚШ-тың кейбір штаттарында, Украинада, ГФР-дың кейбір жерлерінде, Швейцарияның бірқатар кантондарында) қолданылады.

Жергілікті кеңестердің басшылары мен мэрлерді жергілікті кеңестер және муниципалитеттердің жанама сайлауы 19 елде (Австрияның кейбір жерлерінде, Данияда, Канаданың кейбір провинцияларында, Испанияда, Латвияда, Литвада, Мальтада, Норвегияда, Португалияда, Сербияда, АҚШ-тың бірқатар штаттарында, ГФР-дың бірқатар жерлерінде, Францияда, Хорватияда, Чехияда, Эстонияда ) қолданылады.

Жоғарыда айтылғандарға сүйенсек, демократиялы дамыған мемлекеттер­де жергілікті атқарушы органдар басшы­ларының қызметке орналасу әдісін анықтау тәсілі оның практикалық маңыздылығымен сипатталатынына көз жеткізуге болады.

Бұл тәсіл – бос лауазымдарға кәсіби менеджерлердің орналасу құралы.

Аталған менеджерлердің негізгі функциясы жекелеген әкімшілік-аумақтық бірлікте немесе елді мекенде халықтың тарапынан қоғамдық бақылау арқылы сапалы басқару болып табылады.

Тап осы идеяның негізінде жергі­лік­ті өзін өзі басқаруды дамыту тұжы­рымдамасының, сайлау туралы заңның және халықаралық стандарттардың негізгі қа­ғидаттарымен бірге жергілікті әкімдіктер басшыларының сайлауын өткізу тәртібінің жобасы әзірленді.

Ағымдағы жылдың 24 сәуірінде Елбасы әкімдерді қызметке сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату қағидаларын бекіткен «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын өткізудің кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды.

Қағидаларға сәйкес сайлау науқаны тұтастай сайлауды тағайындаудан бастап оның қорытындыларын анықтағанға дейін әрбір өңірде бір ай уақыт мерзім ішінде өтеді.

Барлығы 2457 әкім сайланатын болады, бұл елдегі барлық әкімдердің жалпы санының 91,5% -ын құрайды.

Әкімдер 4 жылға жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Осылайша, оларды төте сайлауда халық сайлаған, өз сайлаушыларының көзқарасын назарға алып, мүддесін сақтауға міндетті болып табылатын тиісті аудан (қала) мәслихаттары депутаттарының таңдаушылары сайлайды.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдарының әкімдерін облыс әкімінің келісімімен аудан әкімдері қызметке тағайындайтын. Енді кандидаттарды балама негізде ұсыну құқығы аудан әкімдеріне берілді, сондықтан кандидаттар саны екеуден кем болмауы керек. Бұл ретте аудан әкімі әкімдікке кандидаттарды жергілікті қоғамдастықпен консультациялар өткізгеннен кейін ұсынады.

Біздің ойымызша, аталған жағдайда ең тиімді әдіс аудан әкімінің тікелей ауылдарда, кенттерде және қалаларда халықпен жеке кездесулер өткізуі болып табылады. Дәл осындай кездесулер халықтың әкімді сайлауға қатыстылығын көрсетеді.

Қолданыстағы мемлекеттік басқару жүйесінде жалпы аудан бойынша, атап айтқанда, әрбір әкімшілік құрылымдағы ахуалға жеке жауапты болғандықтан, аудан әкіміне кандидаттар ұсыну құқығының берілуі дұрыс деп есептейміз.

Әкім лауазымына кандидаттарға нақты талаптардың қойылуы осы сайлаудың маңызды кезеңі және негізгі ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Қағидаларға сәйкес 25 жасқа толған, «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңында қойылған талаптарға сәйкес келетін, белсенді сайлау құқығына ие, жоғары білімі бар және тиісті облыстың аумағында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары әкімдікке кандидат бола алады.

Мұндай жоғары талаптар ауыл әкімдігіне кандидаттарға бірінші рет қойылып отыр. Олар халықпен тікелей жұмыс істейтін сайланған әкімдердің сапалық және кәсіби деңгейін қамтамасыз ететіндігіне күмәніміз жоқ. Ал бұл өз кезегінде жергілікті мемлекеттік басқарудың сапасын жақсартады.

Кандидаттың облыс аумағында тұруы туралы талап маңызды, өйткені, өзі жұмыс істеуге ниеттенген өңірдегі жағдайды нақты білетін әкімнің сайлануын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ бұрын әкімдердің міндетті түрде жоғары білімді болуы туралы талап жоқ болатын. Мәселен, осы уақытқа дейін 100-ден астам ауыл әкімдерінің орта және орташа арнайы білімдері ғана болғандығы мәлім болды.

Сайланбалы лауазымға кандидат пен оның жұбайының тіркеуге дейін өз табысы мен мүлкі туралы декларация тапсыруы – қазақстандық заңнамада қалыптасқан жағдай. Бұл мәліметтердің анықтығын салық органдары жеті күн ішінде тексеруі тиіс. Аудан (қала) әкімі мен әкімдікке кандидаттардан тіркеу үшін қажетті барлық құжаттар алынғаннан кейін, сайлау комиссияларының негізгі жұмысы кандидаттардың Конституцияның, Мемлекеттік қызмет туралы заңның және де Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату қағидаларының талаптарына сәйкестігін шұғыл түрде тексеруі болып табылады.

Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанының қысқа мерзімде өтетінін ескере отырып, салық, прокуратура органдарына, ішкі істер және басқа да органдарға сайлау комиссияларымен шұғыл түрде өзара ақпарат алмасуды ұсынды.

Тіркеу аяқталғаннан кейін жеті күннен кешіктірмей аудандық (қалалық) сайлау комиссиялары кандидаттардың тіркелгені жөнінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлауға міндетті.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары сайлау заңнамасының ережелеріне сәйкес, таңдаушылармен жиналыстар мен кездесулер өткізу, сондай-ақ баспа және өзге де үгіттеу материалдарын шығару және тарату арқылы өткізіледі.

Әкімдікке кандидаттарға үгіт науқанын жүргізуге сенім білдірілген адамдар көмектесетін болады. Әрбір кандидатқа кемінде бес сенім білдірілген адам көмектеседі. Олардың бәрі аудандық (қалалық) сайлау комиссиясында тіркеліп, өздеріне кандидат берген өкілеттіктер шегінде қатаң әрекет етулері қажет.

Сайлау науқаны өңірлік мәртебеге ие болғандықтан, жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.

Барлық аумақтарда сайлауға бөлінетін қаражат мөлшерін тиісті мәслихаттар уақтылы бекітті.

Бұл ретте бөлінетін қаражат мөлшерін облыстық сайлау комиссиялары өңірдегі бағаларға сүйене отырып анықтады.

Бөлінген қаражаттың нақты саны туралы айтатын болсақ, жалпы әкімдер сайлауы өтетін 14 облыста сайлау науқанын өткізуге 594 млн. теңге бөлу жоспарланып отыр.

Барлық кандидаттар үшін тең жағ­дай­лар­да бюджет қаражатынан бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланым­дар, сондай-ақ сайлау алдындағы жұртшы­лықпен өткізілетін іс-шаралар, үгіттік бас­па материалдарын шығару шығыстары және көліктік шығыстар өтелетін болады.

Бюджеттен бөлінетін қаражаттан басқа, әрбір кандидат өз сайлау қорын құрып, үгіт-насихат науқанын қаржыландыруға құқылы.

Кандидаттың сайлау қорының мөлшері қатаң реттелген және 1 399 500 теңгеден аспауы тиіс.

Дауыс беру, дауыстарды санау және сайлау қорытындыларын шығару рәсімдері Сайлау туралы заңның ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

Әкімді сайлау таңдаушылардың – тиісті аудандық немесе қалалық мәслихат депутаттарының отырысында өтеді. Бұл отырысқа депутаттардың кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда отырыс заңды болып саналады.

Таңдаушылар отырысында аудандық немесе қалалық мәслихат хатшысы төрағалық етеді.

Отырысқа тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері міндетті түрде қатысулары қажет.

Таңдаушылар отырысы өтетін үй-жайда сайлау комиссиясы әкімді сайлау үшін дауыс беру пунктін ұйымдастырады, сондай-ақ таңдаушылардың алдын ала дайындалған тізімін іледі.

Сайлау рәсімінің ерекшелігі ретінде аудандағы ауылдық округтердің сайланатын әкімдерінің санына байланысты әрбір таңдаушыға бірден бірнеше дауыс беру бюллетені берілетіндігін айта кетуге болады. Мысалы, Қарағанды облысының Бұхар жырау ауданында 30 ауыл және ауылдық округ әкімдері сайлануы қажет, сондықтан әрбір таңдаушы 30 бюллетеньнен алатын болады.

Сондай-ақ сайлау және бірқатар бюллетеньді толтыру рәсімі әрбір таңдаушының белгілі бір уақытын алатынын ескерген жөн. Өйткені, таңдаушы асықпауы керек, өз таңдауын тыныш жағдайда, саналы және жауапты түрде жасауы қажет. Және де дауыс беру құпиялығы қағидатының мүлтіксіз сақталуы маңызды.

Сондықтан сайлау комиссиялары осы үдерісті ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлгендері жөн.

Дауыстарды санау кезінде мажоритар­лық жүйе қолданылады. Яғни, басқа кандидаттармен салыстырғанда таңдаушылар дауысының көпшілігін алған кандидат сайланған болып есептеледі.

Әкімдерді сайлау бойынша дауыс беру аяқталғаннан кейін аумақтық сайлау комиссиясы оның қорытындылары бойынша хаттама жасап, оны жария етеді.

Сайлау жарамсыз деп танылған не екі кандидат дауысқа түскен кезде олар сайланбаған жағдайда, аумақтық сайлау комиссиясы қайта сайлау өткізу туралы шешім қабылдайды. Қайта сайлау екі ай мерзімнен кешіктірілмей өткізілуі қажет.

Аудандық немесе қалалық сайлау комиссиясы сайлау өткеннен кейін бес күн мерзімде сайланған әкімді тіркеуі тиіс. Тіркеу туралы шешімді сайлау комиссиясы аудан не қала әкіміне, сондай-ақ тиісті мәслихатқа ұсынады.

Алайда, арнайы тексеріс қорытынды­лары алынған күнге дейін сайланған кандидат әкім міндеттерін уақытша атқарады. Әкім лауазымына түбегейлі орналасу арнайы тексерістің оң нәтижелерін алғаннан кейін жүзеге асырылады.

Сайланған әкім ауданның (қаланың) лауазымды тұлғасы болғандықтан, сайланған әкімді қызметтен босату құқығы облыс әкімінің келісімімен аудандардың (қалалардың) әкімдеріне берілген.

Жергілікті тұрғындар жергілікті қоғам­дас­тықтың жиындарын не жиналыстарын шақыра алады, олар жергілікті мәселелерді шешуге қатысады, өз ұсыныстарын енгізеді, әкімдер мен мәслихаттар есептерін тыңдап, талқылайды, жергілікті бағдарламаларды қаржыландыру мәселелерін талқылайды.

Осылайша, жергілікті әкімдердің жергілікті өзін өзі басқару мәселелерін шешу жөніндегі іс-қимылдарын азаматтық бақылауды іске асырудың тиімді тетіктері заңнамада көзделген.

Сайлауды ұйымдастырушылар мен сайлау үдерісіне қатысушыларды оқыту дайындық кезеңі шеңберіндегі жұмыстың екінші маңызды бағыты болды.

Өткен кезеңде Орталық сайлау комиссиясы түрлі деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелерімен бағыт беретін бірқатар кеңестер өткізді.

Олардың негізгі мақсаты сайлауды ұйымдастырудың проблемалық мәселелерін анықтау, сонымен қатар, сайлау науқанына дайындық кезеңінде олардың алдын алу бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

Сонымен қатар, Ортсайлауком сайлау ұйымдастырушылар мен сайлау үдерісіне қатысушыларға құқықтық реттеу және сайлау рәсімдері қағидаларында көзделген практикалық іске асыру ерекшеліктерін оқытуға көмектесетін тиісті әдістемелік және анықтамалық материалдарды әзірлеп ұсынды.

Дайындық мерзімінің соңғы кезеңінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2013 жылғы 10 -14 маусым аралығында республика аумақтарында алдағы сайлауды ұйымдастыру, дайындау және өткізу мәселелері бойынша оқыту семинарлары өткізілді.

Олардың жұмысына облыстық, аудан­дық және қалалық аумақтық сайлау комис­сияларының төрағалары, хатшылары және мүшелері, сайлауды ұйымдастыруға және өткізуге тартылған облыс әкім­де­рі аппараттарының басшылары, қызмет­керлері және бас бухгалтерлері, аудан әкім­дері аппараттарының басшылары, мәс­лихат хатшылары, сайлауға қатысты басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Сайлауды ұйымдастыру, материалдық-техникалық және қаржымен қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ әкімдікке кандидаттарды ұсынуға, тіркеуге, олардың сайлау алдындағы үгіттеу жұмыстарын жүргізуіне, таңдаушылар отырысын, дауыс беру, дауыстарды санау және сайлау қорытындыларын шығаруды ұйымдастыруға байланысты рәсімдік кездер де талқыланды.

Жалпы республика бойынша аталған шараларға 1,5 мыңнан астам адам қатысты.

Дайындық кезеңіндегі біздің жұмысымыздың соңғы үшінші бағытын сайлау органдарының тікелей ұйымдастыру іс-шаралары ретінде қарастыруға болады.

Осы бағыт аясында, яғни ұйымдастыру іс-шаралары шеңберінде Ортсайлауком сайлауды тікелей ұйымдастырушы – аудандар мен қалалардың аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің сандық құрамына сараптама жүргізді.

Жалпы, аудандық және қалалық сайлау комиссиялары құрамында 79 бос орын болғандығы анықталды. Қазіргі уақытта оның барлығы толықтырылып, сайлаукомның жаңа мүшелері өздерінің міндеттерін орындауға кірісті.

Жалпы, алдағы сайлау науқанын қамтамасыз етуге, ұйымдастыруға және өткізуге 14 облыстық, 28 қалалық және 160 аудандық сайлаукомдар тартылады.

Алдағы сайлаудың жергілікті маңызы болғандықтан, таңдаушылардың – мәслихат депутаттарының отырыстарын өткізу күндерін аумақтық сайлау комиссиялары тиісті мәслихаттармен келісе отырып, белгіледі.

Осы отырыстар ел аумақтарында 5 – 9 тамыз аралығында өтетін болады.

Сайлауға 188 аудандық және қалалық мәслихаттардың 2602 депутаты қатысады.

Сайлау науқанының ерекшелігі – негізгі салмақтың аумақтық сайлау комиссияларына түсуінде. Атап айтқанда, аудандық және қалалық сайлау комиссияларына. Осы сайлаукомдардың алдына сайлау рәсімдерін кезеңмен өткізу жауапкершілігі тұр.

Облыстық сайлаукомдар, негізінде, қаржылық, материалдық-техникалық және ішінара әдістемелік қамтамасыз ету мәселелерімен айналысады.

Ортсайлауком сайлау заңнамасының бірыңғай қолданылуына жалпы бақылауды жүзеге асырып, әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді.

Байқаушылардың қатысуына қатысты айтар болсақ, сайлауды байқауға арнайы миссиялар қалыптастыруға құқығы бар халықаралық ұйымдар, әдетте, жанама сайлауға және өңірлік мәртебелі сайлауға өзінің сарапшыларын жібермейді.

Бұл тәжірибе барлық елдерде қолданылады, сондықтан Қазақстан бұл жағдайда ерекшеленбейді деген ойдамыз.

Ал қазақстандық байқаушылар алдағы әкімдер сайлауын байқауға қатысатын болады және өз өкілеттіктерін сайлау туралы заңға сәйкес толық көлемде іске асырады.

Сайлаудың ашықтығы және айқындығы сайлау органдарының бұқаралық ақпарат құралдарымен, байқаушылармен, кандидаттармен, олардың сенімді өкілдерімен және әкімшілік-аумақтық бірліктермен тиімді қарым-қатынас ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етіледі.

Бұл ретте сайлау органдарының негізгі міндеттері сайлау үдерісіне қатысушылардың барлық кезеңде сайлау заңнамасы нормаларын және сайлау өткізу қағидаларын, сондай-ақ сайлау рәсімдерін мүлтіксіз сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.



Сайлау үдерісіне қатысушылардың, сайлау комиссияларының, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және халықтың бірлескен күш-жігері арқасында ғана алдағы сайлау науқанын жоғары ұйымдасқан деңгейде өткізуге болатынына сеніміміз мол.

Қуандық ТҰРҒАНҚҰЛОВ,
Қазақстан Республикасы Орталық
сайлау комиссиясының төрағасы.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет