«Қазақ аспанында – Қасым рухы»



Дата23.11.2017
өлшемі22 Kb.

«Қазақ аспанында – Қасым рухы»

Таяуда облыстың Н.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында дәл осындай атаумен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық және Қарағанды облысының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында әдеби кеш өткізілді. Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерекесін атап өту аясында ұйымдастырылған шараға мемлекеттік қызметшілер, ғалымдар мен ақын-жазушылар, студенттер қатысты.


Қазақ поэзиясын мазмұн мен форма жағынан байытып, жаңаша түр әкелген Қасымның поэзия әлемінде алар орны ерекше. Елге деген сүйіспеншіліктің, ұлтқа деген махаббаттың асқақ рухы сезілетін Қасым өлеңдерін бүгінгі ұрпақ жатқа айтып, қасиетті бойтұмарындай сақтап келеді. Қазақ әдебиетінде есімі алтын әріппен жазылған ақынның ғасырлық тойын мерекелеп, бүкіл ел болып дүбірлі думан өткіздік. Атап айтар болсақ, ақын ескерткіші бой көтеріп, жыр жинақтары қайта жарияланып, өмірі мен шығармашылығына қатысты екі деректі фильм түсірілді. 100 жылдық мерекені Қазақстан көлемінде атқарып, туған жері – қасиетті Қарқаралыдағы Кент тауларының баурайына 250-ден астам киіз үй тігіліп, мерекеледік. Жыл басынан өткізіліп келе жатқан шаралар легі әлі толастар емес. Соның айқын дәлелі Гоголь кітапханасында өткен әдеби кеш.

Кеш шымылдығын Қарағанды облысы мәдениет басқармасының бастығы Б.Байсағатов ашып, Қасым поэзиясындағы өршіл рух қашанда кейінгі ұрпақтың нәр алатын бастау бұлағы болатындығын, атап өтіп, «дүниеге келер әлі талай Қасым» деп, жастарға үміт артты. Одан кейін сөз алған ақын Серік Ақсұңқарұлы Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына арналған іс-шараларды тілге тиек етіп, қазіргі қазақ поэзиясының жай-күйі, Қасым өлеңдерінің тағылымдары турасында ой бөлісті. Сонымен қатар, кеш барысында Қ.Мақсұтов, Р.Нұрбай, М.Асан, Ж.Жаңқашұлы, Қ.Медеубаев, Ж.Әлиманов сынды ақындар жырдан жауһар төгіп, жиналған қауымның көңілін серпілтті.


Қасым ұлылығын, жырларының ерекше рухтылығын жас ұрпаққа айтып қана қоймай, Қасым мұрасын ғылыми түрде түбегейлі насихаттау мақсатында өткізілген кеш барысында облыс әкімінің қолдауымен жарыққа шығатын «Қасым» журналының, мәдениет басқармасының бастамасымен жарық көрген, Қ.Аманжоловтың өлеңдеріне жазылған «Көңілдің күйін төгейік...» атты әндер жинағының, «Болашақ» университетінің бастамасымен құрылған «Qasym.kz» сайт-порталының, қарағандылық жас ақындардың «Қасымнан – ғасырға» атты аудиоантологиясының, Н.Гоголь атындағы кітапхананың «Қыран қанатты ақын» топтамасының және «Қасым Аманжолов. 1911-1955» атты әдебиеттер көрсеткішінің тұсаукесері өтті.

Шара соңында қазыналы өңірдің жас ақындары Қасымға арнаулары мен үздік туындыларын оқыды.

Жаңа ғасырдың жалынды жастарының жүрегінен өлеңімен орын тапқан Қасымның мәңгі өшпес асыл қазынасы болашаққа жол тартқанын сездік. Осындай тамаша кешті ұйымдастырған шарапатты шаңыраққа, аймақтағы бас кітапханаға ұлтымыздың ұлық ақыны Қ.Аманжоловтың есімі берілсе екен деген ұсыныстардың айтылып жүргеніне біраз болды. Кривогуз көшесі енді ақын есімімен аталады дегенді облыс әкімі айтқан болатын. Бірақ, билік өкілдері Гоголь кітапханасының есімін Қасымға ауыстырамыз дей қойған жоқ. Көпшілік кітапхана Қасымның атымен аталуы әбден заңды дейді. Қорыта айтқанда, мәнді кештен жақсы әсермен, көтеріңкі көңіл-күймен, рухани байып тарқастық.

Жанат ТІЛЕГЕНОВ,


Ербол САРЫМЫРЗА.
Орталық Қазақстан. - 2011. - 18 қазан (№ 172). - 2 б.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет