Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі Темірбай Мұқашев



жүктеу 61.31 Kb.
Дата09.09.2017
өлшемі61.31 Kb.

Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі

Темірбай Мұқашев

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты
Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі әдебиеттану ғылымының күрделі проблемаларының бірі. Әдебиеттің қалыптасу, даму тарихын білмей тұрып оның даму арнасын, дамуға үлес қосқан ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылық өсу жолын, қоғамдық – тарихи, әлеуметтік мәселелердің түп-төркінін т.б. анықтау мүмкін емес. Сонымен қатар әдебиет - қоғамның айнасы дейтін болсақ, кез-келген әдебиет сол өзі өмір сүріп отырған дәуірдің жаршысы, жылнамашысы, баға беретін бірден-бір рухани көзі. Демек, әдебиеттің дәуірлеу мәселесін сөз қылғанда әдебиетті ғасыр-ғасырға бөліп қою басты мақсат емес екен. Оның мақсаты әдебиеттің өмірге келген кезеңін анықтай отырып, оның тарихи даму арнасын да назарда ұстаған жөн.

Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі сыннның тар көзінен өтіп, әдебиетіміздің бірнеше кезеңдері назардан тыс қалғандығы мәлім. Соның салдарынан көпке дейін қазақ әдебиеті ХҮІІІ ғасырдан басталады деген байламға келіп, алғашқы ақынымыз Бұхар жырау дегенге де көніп келгеніміз тарихи шындық. Сонда табиғатынан өлеңге жүйрік, ақындық қабілеті аса дамыған, соншалықты бай ауыз әдебиеті бола тұра ХҮІІІ ғасырға дейін өз әдебиеті болмады дегенге сену тарихқа жасалған қиянат болатын. Бұл сөз жоқ отарлаушы елдің жымысқы саясатының бір көрінісі еді.

Жалпы қазақ әдебиетін дәуірлеуге қатысты бірнеше маңдай алды әдебиеттанушы ғалымдар өз тұжырымдарын ұсынған. Олар, М.Әуезов, Е.Ысмайылов, М.Қаратаев, Б.Кенжебаев т.б. Біздің бүгінгі таңда қолданылып жүрген бағытымыз Б.Кенжебаевтың ұсынған тұжырымдамасы. Ол төмендегі кезеңдер бойынша оқытылып келді:

1. Ежелгі дәуір әдебиеті. (Ол шамамен ҮІІ-ХҮ ғасыр аралығын қамтиды)

2. Хандық дәуір әдебиеті (ХҮ-ХІХ ғасыр аралығы)

3. ХІХ ғасыр әдебиеті

4. ХХ ғасыр басындағы әдебиет (шамамен 1900-1920)

5. Қазіргі қазақ әдебиеті

Әр кезең ішінара бірнеше кезеңдерге бөлінеді. Ежелгі дәуір әдебиеті Қарахан дәуіріндегі әдебиет, Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет т.б.

ХІХ ғасыр әдебиеті, Зар заман ақындар шығармашылығы, ағартушы-демократ ақындар шығармашылығы, әнші – ақындар шығармашылығы, айтыскер ақындар шығармашылығы.

ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті, ағартушы ақындар (кітаби ақындар), ағартушы-демократ ақындар және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты туған өлең-жырлар.

Қазіргі қазақ әдебиеті, Ұлы Отан соғысына дейінгі қазақ әдебиеті, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ әдебиеті, Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңдегі қазақ әдебиеті.

Әдебиет үнемі өсу үстінде болатын өнер түрі. Б.Кенжебаевтың жасаған тұжырымдамасынан бері бірнеше ондаған жылдар өтті. Осы уақыт аралығында жалпы адамзат әдебиетінде саяси-идеологиялық төңкеріс болды. Адам баласы рухани, саяси тұрғыда өзгерді. Сонымен қатар әдебиетке деген көзқарас та, ұлттардың дүниетанымы да өзгеріске ұшырап, жалпы әдебиетке деген талап-тілектер де жоғарлады.

Бүгінгі таңда ғылым мен техниканың қарқындап өскен тұсы. Осыдан небәрі он жыл бұрын ертегі саналатын нәрселер бүгін қолымызда жүр. Тіпті кейбір «дамыған» елдерде көркем шығарма оқу «модадан» түсіп қалған, ескіліктің сарқыншағы саналады. Әрине адам күлерлік нәрсе. Дегенмен, тарихи факт. Одан қашып құтыла алмайсың.

Жиырма жыл бұрын әлемді мойындатқан алып КСРО мемлекеті түбірімен қирап, оның орнына он бес тәуелсіз мемлекет өмірге келді. КСРО-ның құлауымен бірге жер бетінде бүтіндей бір саяси-идеолгоиялық жүйе келмеске кетті. КСРО-ның құлауымен бірге жер бетінде теке-тіресте тұрған екі жүйенің арасындағы (капиталистік және социалистік) қарама-қайшылық та жойылды. Бұрын тек социалистік қоғамның жетістігін жазуды үйренген КСРО әдебиеті дағдарысқа түсті. Соның ішінде қазақ әдебиеті де бар. «Социалистік реализм», «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» әдебиеттің тағдыры неғайбіл болды. Енді бұрындары әдебиетте қалыптасқан тұжырымдар өз бағытынан айырылды. Осының барлығы әдебиетті дағдарысқа алып келді.

Осы тұста әдебиетті тағы да бір сын елегінен өткізіп, бұрыннан бері қалыптасқан қағидаларды өзгерту қажеттілігі туындады. Себебі социалистік жүйе қалыптастарғын таным-түсініктер әдебиетті басқаруға, белгілі бір арнаға бұруға басшылық жасай алмайтыны түсінікті болатын. Оның үстіне социалистік бақылаудың тар қыспағынан әбден зардап шеккен қазақ қаламгерлері еркіндікті аңсағаны жасырын емес. Үнемі социалистік құрылыстың тапсырмасымен шығарма жазу қаламгерлердің шығармашылық арнасын тарылтып, олардың еркіндікте туынды жазуға мүмкіншілік бермеді. Мұның бәрі қазақ әдебиетіндегі өзгеріске ұмтылыс жасады.

Демек, осындай тарихи өзгеріс тұсында қазақ әдебиетін қайтадан дәуірлеу мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Өйткені тәуелсіз ой жаңа, тың арнаға жетелейтіні мәлім. Бұрындары айтуға болмайтын мәселелерді айту мүмкіншілігі туындады. Бұрындары әдебиетімізде орын берілмеген алашшыл әдебиет өкілдері қайта оралды. Әдебиетте жаңа тақырып, тың идеяларға орын берілді. «Азаттық», «тәуелсіздік», «алаш», «ұлт» т.б. ұғымдар әдебиетте табиғи шындық тұрғысында айтыла бастады. Осының барлығы әдебиетке деген жаңаша көзқарас қалыптастырды. Бір өкініштісі, маңдай алды қазақтың әдебиеттанушы ғалымдары әдебиетті дәуірлеу мәселесіне қатысты өз ойларын айтуды кешеуілдетіп отыр. Жаңалыққа жаны құмар, ұлттық әдебиеттану ғылымына орасан үлес қосып келе жатқан М.Мырзахметұлы тағы да өзге ғалымдардан қара озып, алғаш болып өз ойын ұсынды. Ғалымның ұсынып отырған тұжырымдамасы төмендегідей болмақ:

1. Біздің жыл санауымызға дейінгі әдебиет. (Шамамен б.д.д. Ү ғасырдан бері)

2. Түрік халықтарына ортақ әдеби мұра (ҮІІ-ХҮ ғ. аралығы)

3. Қазақ хандығы кезіндегі әдебиет. Қазақтың төл әдебиеті

4. ХІХ ғасыр әдебиеті. Оның өзі үш кезеңнен тұрады

А) Қоқан дәуіріндегі әдебиет;

Ә) Аға сұлтан дәуіріндегі әдебиет;

Б) Сұлтан правитель дәуріндегі әдебиет.

5. ХХ ғасыр басы, ояну дәуіріндегі әдебиет.

6. Кеңес дәуіріндегі әдебиет

7. Тәуелсіздік кезеңдегі әдебиет.

М.Мырзахметұлының ұсынып отырған тұжырымдамасы әлі ғылыми айналымға алына қойған жоқ. Сонымен қатар, ғалымның ұсынып отырған концепциясынан озық ұсыныс та жоқ. Демек, М.Мырзахметұлының концепциясы ерте ме кеш пе әйтеуір ғалымдардың назарына ілігіп, ғылыми айналымға алынатыны сөзсіз.

Кеңестік кезеңдегі әдебиеттің өзін ішінара бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Өйткені кеңестік кезеңде КСРО-ға қарасты кез-келген елдің әдебиеті кеңестік саясат төңірегінде қарастырылып, әдебит социалистік идеологияның басты қаруына алынғаны мәлім. Демек, социалистік қоғамда болып жатқан саяси өзгерістер әдебиеттің дамуына тікелей ықпалын тигізіп отырды. Осыған байланысты 1920-1991 жылдар аралығындағы қазақ әдебиетін шартты түрде мынандай кезеңдерге бөлгенді дұрыс деп ойлаймын:

1. Кеңес дәуірінің алғашқы кезіндегі қазақ әдебиеті (шамамен 1920-1941). Бұл кезеңде әлі де болса еркін ойдың сарыны басыла қойған жоқ. Алайда 1932-35 жылдардағы ұлы ашаршылық, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін алаш ұранды әдебит өкілдерінің соңғы тұяғын ұлт сахнасынан біржола алып кетті. Осы тақырыптағы көркем шығармалар мен әдебиет жасаушы ақын-жасаушылардың туындылары осы кезеңге жатады.

2. Ұлы Отан соғысы кезіндегі әдебиет (шамамен 1941-1945). Соғыс тақырыбы он бес ұлттан тұратын кеңестік одақтың барлық елдің әдебиетінде жеке тақырып болып қалыптасты. Екіншіден, екінші дүние жүзілік соғыс әлем халықтарының әдебиетіне үлкен өзгерістер алып келгені жасырын емес. Сондықтан бар жоғы бес жылдық әдебиеттің өз айтары мен жазары болды.

3. Қайта өрлеу кезіндегі әдебиет (шамамен 1946-1960). Соғыс салып кеткен жан жарасы, соғыс зардабынан қираған қала мен даланы қалпына келтіру, ел ахуалын жетілдіру т.б. мәселелер әдебиетте сайрап жатты. Алып елдің барлық қалмгерлері бір адамдай жұмылып осы мәселені жаза бастады. Осы кезеңге «хрущевтік жылымық» саналатын кез де енеді. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың елуінші жылдары ұлттық әдебиетке социалистік принцип тұрғысында қару туралы қабылданған түрлі қаулылардың салған лаңы да осы кезге жатады.

4. Социализмнің соңғы жылдарындағы әдебиет (1960-1990). «Кемелденген социализм» жетістіктері көрініс тапқан көркем туындылар осы кезде жазылды. Әдебиетте адами құндылықтар мейлінше кең құлашта насихатталып отырды. Мұның өзі сол заман тудырған қажеттілік болатын. Көркем шығармаларда ұлттық мәселелер көтеріле бастады. Ұлттың тарихын безбендеу мен ұлттың даралық болмысын дәріптеуге құрылған көркем шығармалар қайраткер қаламгерлердің қайсарлығы арқасында баспа беттерінде шығып жатты. 1986 жылғы тәуелсіздік жолдағы көтеріліс осының айғағы болды.

Әрине, ұсынылып отырған дәуірлеу мәселесі ең нақты және соңғы шешім деп айта алмаймыз. Дегенмен, кеңестік дәуірде болып өткен өзгерістер қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік ықпалын тигізгені жасырын емес.



Әдебиет пен саясатты байланыстырып қажеті жоқ дейтіндер де табылады. Бірақ Кеңес өкіметі тұсында әдебиет пен мәдениет саясаттың ықпалынсыз өмір сүрмегенін ешкім жоққа шығара алмайды. Социалистік қоғамда болып жатқан кез-келген өзгеріс бірден көркем сөзге өз ықпалын тигізіп отырды. Қаламгерлер өз туындылары арқылы социализмнің соны жетістіктерін марапаттап, оның келешегін насихаттауды дәстүрге айналдырды. Бұл үрдіс тек әдебиетте ғана емес қоғамның барлық саласында анық байқалып тұрды.

1991 жылдан бастап тәуелсіз ел ретінде өмір сүріп келеміз. Демек, жиырма жылдан аса әдебиетіміз де тәуелсіз өмір сүріп келеді. Осы уақыт аралығында әдебиет қандай жетістіктерге қол жеткізді деген заңды сұрақ туындайтыны мәлім. Бұл сұрақ төңірегінде әр түрлі, әр қисынды жауап беруге болады. Алайда 70 жыл тарихы бар кеңестік кезеңдегі биікке көтеріле алдық па? Осы сұрақ кім-кімді де бірінші кезекте мазалауы тиіс.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет