Қазақ Әдебиетіндегі әжелер бейнесі



жүктеу 134.69 Kb.
Дата04.12.2018
өлшемі134.69 Kb.

ЖОК 894.342
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ӘЖЕЛЕР БЕЙНЕСІ
Л.К.Омарқұлова

Бұл мақалада қазақтың наным-сенімі мен аңыз әңгімелеріндегі әжелер, олардың қоғамдағы рөлі, тарихта алатын орны қарастырылған.

Қалың қазағымның қасиетін, өн бойында тұнып тұрған даналығын дариядай дархан әжелерімізден басқа кімнен көруге болады! Қасиетті қара шаңырақты, отбасының тыныштығын сақтап, бұралаң жолдан адастырмай жөн көрсету көнегөз қариялар мен әжелеріміздің қолынан ғана келеді. Әженің нәзік үні, жұмсақ та аялы алақаны, жан жылуымен аялауы бізді әлдилеп жұбатады, көңілімізді сергітеді. Бірақ «осы құдірет иесінің аты қайдан шықты, түп-төркіні қандай» деп бір сәт ойландық па?

«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (1976.580) бұл сөзге мынадай анықтама берген: Әже - 1 Әкесінің шешесі, үлкен шеше.2 Жасы ұлғайған кәрі әйел.

«Әже- баланың әкесінің не шешесінің шешесі. Одан арғылары – үлкен әже немесе ұлы әже аталады» /1/.

«Әже сөзі қазақ тілінде «әкенің шешесі» деген мағына білдіреді. Әже сөзінің басқа түркі тілдеріндегі мағынасында сәл де болса ауытқу байқалады. Мысалы, түркімен тілінде эще сөзі: 1) «ана», «апа»; 2) құрметтеу мағынасында жалпы есімнен кейін қолданылған сөз. Ал, эщемен «өгей ана» дегенді бідіреді. Сондай-ақ әже сөзі түркі тілдерінде бірнеше фонетикалық варианттарда қолданылады. Салыстырыңыз: С.Е. Малов äуі// аші,ісі сөздерінде «жас үлкен туыс , аға» (дядя, старшый брат, старшие предки) мағына барлығын көрсетеді. Тува тілінде ача (әке), ұйғыр тілінде ача (әпке, апа), хакас тілінде іче (апа, ана), ача (аға), ачы (немере аға), шор тілінде ача (аса), алтай тілінде ачы «әкесінің інісі», «ағасының қызы», «ұлы», «немересі» мағынасында қолданылады.

Монғол тілінде ээж, эчч сөздері «әже», «апа» мағынасын береді. Монғол тілінде адіе- «ата», аджіу- «аға», аджіз- «аға» мағынасында қолданылады» /2/.

Орхон-Енесей жазба нұсқаларында ерте заманнан тарихи даму барысында жасалып қалыптасқан сөздік құрамның ішінде «ечі» - әже /3/ сөзі кездеседі. Демек әже – түркі халықтарына ортақ түркі тілінің төл сөзі.

Қазақ «Әжім- әженің әрі» деп әженің аялы алақаны, мөлдір мейірі, жылы жүрегі мен кіршіксіз таза көңіліне бас иіп өткен.

Қандай қоғам болса да, тәртіпті қажет етеді, оған мүдделі болады. Сондықтан қайткенде де тәртіп орнатуға тиіс болады. Отбасын, қоғамды, мемлекетті олардың құраушы бөлшектерін тұтастыру арқылы ұстап тұратын нәрсе – тәртіп, егер тәртіп пен тәрбие болмаса, олар ыдырап кетеді, бүтіндік тұтастығынан айырылады. Тәртіп пен тәрбиенің қайнар көзі – біздің ардақты әжелеріміз емес пе? Сәбиді бесікке салып, бесік жырын салғаннан бастап әжелер баланың бойына халқының әдеп, инабаттылық дәстүрін дарытады. Әже ертегісін естіп ер жетпеген азаматтың бойында ұлттық құндылық пен рухани қажеттіліктердің болу-болмауы неғайбыл.

Бұл процестердің барлығы жанұяда жүріп жататындықтан, «жанұя тәрбиесінің қоғамдық және мемлекеттік тәрбиеге қарағанда артықшылығы басым» /4/.

Тарихта әйелдің табиғаты туралы қомақты мұра бар. Әйгілі Кирдің басын алып, патшалық құрған Тұмар ханым, Шығыс әйелдерінің патшайымы Тұтқан қатын, Шыңғысханды бұлтартпаған Қоңырат қызы Бөрте ханым, Низами ғашық болып жыр арнаған Қыпшақ қызы Әппақ сұлу, бүкіл ұлы жүздің ұлы анасы Домалақ ананың қасиетті есімдерін білмейтін қазақ жоқ.

Азияның бірқатар мұсылман елдерінде жер бетіндегі алғашқы әйел Хауа ана немесе Ұмай ана бейнесімен байланысты.

«Бізге ислам діні тарамай тұрған кезде даламызда Ұмай ана есіміне байланысты толып жатқан сенім-нанымдар да болған. Көне сенім-нанымдар бойынша, Ұмай ана жас нәресте мен екіқабат әйелдердің сиынар пірі болған.Ұмай анаға хакастар, алтайлықтар, туалықтар (тувалықтар), шорлар және қырғыздар табынған»,- дейді С. Ақатаев («Күн мен көлеңке». Жалын.1990.86) Ақырында «Ұмай қазіргі орыс тілі арқылы қайта орныққан «мама» сөзінің көне көзі. Ұмай - Қазақстанды мекендеген халықтардың Күн тәңірі, Ай тәңірі, Көк тәңірі секілді кереметтердің бірі»,- деген қорытынды жасайды.(92) Және, көне жырларда:


  • Бөрі, бөрі, бөрі ием,

Кел, жебеуші бөрі ием!

Ұмай ене, Шашты Әзіз.

Еміп өскен бөрі ием!-

деп айтылады.(85)

Қазақ бөбектерінің кіндік шешелері білектерін сыбанып жатып:


  • Менің қолым емес,

Бибі Бәтима, бибі Зуһра қолы,

Ұмай ана, Қамбар ата қолы,-

деп, нәрестенің кіндігін де кеседі, кіндік бауын да баулайды, жөргекке де орайды, тұсау жібін де қияды», -деп жазады.(90)

Иолығ-тегін жазған 8-ғасырдың тарихи ескерткіші Күлтегін мәтінінде «Ұмай текті анам қатынның Құтына інім Күлтегін ер атанды» (М. Жолдасбеков. Қ. Сартқожа ұлы. Астана. 2005. 188.), ал «Тоныкөк» деп аталатын ескерткіште:

«Тәңірі, Ұмай, киелі жер-су ықыласын берген екен»,-дейді.(Сонда,318). Бабаларымыздың Ұмай ененің атын тасқа жазып ардақтауымен шектелмей, Үш күмбез тауының жарасына оның екіқабат кезіндегі бейнесін сызып та салыпты.(185) Үш күмбез тауы Моңғолияда. Ғалымдар Ұмай ененің бейнесі салынған тас Талас өңірінде де табылғанын жазды.

Демек Ұмай енені ертедегі күллі түркі елі әулие тұтқан.

Сәбетқазы Ақатаев мысалға келтірген:

«Ұмай ене, Шашты Әзіз

Еміп өскен бөрі ием!»-

деген көне жырлардың куәлігіне қарағанда, Үйсін мемлекетінің ұлы күнбиі Елсауды бөрі емізген заманда, яғни б.з.д. 2 ғасырда не содан кейін өмір сүрген адам. Өйткенмен бұл екі аралықтың өзі 600-700 жыл.

Әлі де болса онша айқын болмай тұрған бұл жорамалды Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» кітабы нақты тарихи дерекке әкеліп түйіндейді: Ол кісі «Матай атамның айтқанына қарағанда» дей келіп, «Елсау атамыз әйелін арғыннан алған. Біздің шешеміз Ұмай бәйбіше Арғын Аспар деген кісінің қызы екен. Оның үстіне қытай патшалығы ол кісіге қыз берген.

Арғын қызы Ұмай - біздің шешеміз - он үш құрсақ көтеріпті. Жалпы Елсау атамыз бес әйелінен жиырма үш бала көріп, соның оны тіреп тұра қалыптасты»,- деп жазады.(1994.41-42)

Қалай болғанда да Ұмай ене әлдебір аспандағы аңыз бейне емес, нақты тарихи тұлға екендігін, жай әйел емес, ел- жұрттың басын біріктірген, артына мол ұрпақ қалдырған әулие ене екендігін біле жүрегендігіміз, аруағы алдында басымызды ие жүргеніміз – тәрбие»/5/.

Қазақтың наным-сеніміне анаға қатысты ислам дінінің әсері де жоқ емес.

«Мұхаммед пайғамбардың көп әйелі болған, сол әйелдерінен Қасым және Ибрахим атты екі ұл көріп, олар кішкене шағында өлген. Зейнеп, Рақия, Мүгүлсім, Фатима дейтін төрт қызы болып, Мүгүлсімі бала шағында өлген. Алғашқы екеуін төрт шаһариярының бірі - Ғұсманға (Оспан) өз қолынан берген. Фатиманы шадиярдың кішісі және исламдық әскер басы Ғалия алған. Бұл әйелді мұсылман әйелдері әулиеге санап сиынатын болған. Қазақ әйелдері де солай көріп, атына тілі келмегендер «Бибатима» қойған да, босанатын әйелдер жаны қиналғанда, «Бибатима пірім, жәрдем бер» деп жалбарынған. Өлген ерін жоқтаған әйелдер:

Хордың қызы Бибатпа,

Бибатпаға тіл қатпа,

Бибатпаға тіл қатсаң,

Қадірің кетер көп жатпа,-

деп Фатиманы «жұмақтағы» хор қызына айналдырған» /6/.

Ертедегі бабаларымыз бен аналарымыздың өмірлік өнегесі, қадір-қасиеті бізге аңыз күйінде жетті.16 ғасырдың аяғында әйгілі болған Әз Анамыз- Домалақ Анамыздың есімі аса қасиетті. Д.Дүйсенбаев жинаған естеліктерін оқып отырғанда бабаларымыздың Анаға деген ілтипаты айрықша екенін байқауға болады. Қатігез, зұлым адамдардың да сол заманға дәстүрді қатаң сақтап ақ сүтін берген Ана алдында өзін пәк ұстайды. Олардың тәкәппарлық танытпағаны және адал жүрегімен риясыз сыйлағаны ішкі дүниеңді еріксіз елжіретеді. Бүгінгі ұрпақ үшін мұның маңызы зор. Әулие әженің өмірі күрделі жағдайда оның іс-әрекетімен өріліп қалыптасқаны аңғарылады. Әсіресе, төзімділігі, сабырлығы, қиянатқа жоқ - кешірімді биязы мінезімен астасып жатқанын көреміз.

«Домалақ Ананың «Диһнат мама» атануы тарихына келсек, бұлақ басында қара лашықта қалған қарапайым әйел мәселені ақылға жеңдіріп, тапқыр шешіммен қарақшылардың теріс қылығына тосқауыл қояды. Бұл деректер бүгінгі ұрпақты ұлы әжеміздің адамгершілік өнегесін қастерлеуге, тәлім алып, оны көкірегіне орнықтыруға үндейді» /7/.

Жалпы қазақ әдебиетінде аналар бейнесінің биік шыңы - осы Домалақ ана. Д.Дүйсенбаевтың «Домалақ ана» жинағында берілген естеліктер арқылы Анамыздың сол заманның өзінде ел арасын бітістіруші, мейірбан, ақыл-парасатқа бай ел анасы болғанын көруге болады. Өзгені де өз баласындай көріп, төңірегіне аналық мейірім шашқан, барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап айтар сөзі ақиқатқа айналған болжампаз, көреген қасиетін құрметтеп ұрпақтары сол заманның өзінде-ақ атын атамай, жаратылысынан бойы шағын болғандығына қарай «Домалақ ана», «Домалақ ене» деп атап кетіпті.

Домалақ ана жайында тарихи деректер өте аз. «Домалақ ана (Шайхы Мизамбекқызы Нұрилә) (6-7ғ) Қазақстанның оңтүстік өңірінің біраз бөлігін алып жатқан Шапырашты, Ошақты, Ысты, Албан, Дулат тайпаларынан тараған ұрпақтың арғы атасы – Бәйдібек батырдың үшінші әйелі, Албан, Суан, Дулаттың анасы.» /8/.

Қоғамда әйелдер орны тек ынтымақтастыру, мейірбандық, сезімалдық, болжампаздық, шыдамдылықпен шектелмейді. Тарихқа үңілсек, өмір өзенінің ағысын өзге арнаға бұрып, тарихи оқғаларды жасаған тұлғаларға көзіміз түседі Ерлігімен әлемді мойындатқан Шыңғысхан, Юлий Цезарь, Абылайхан секілді ұлы тұлғалардың қатарында сақ патшасы Томиристе бар.

Томирис (Томерис,Тұмар қыз, Тама Ырыс) жайында алғашқы деректер Герадоттың жазба еңбектерінде кездеседі: «Массагеттердің жесір қалған патшайымы билеп тұрған-ды. Оны Томирис деп атайтын. Кир оған өзінің үйленгісі келетінін айтып, жаушы жібереді. Алайда, Томирис Кирдің ниеті үйлену емес, массагеттердің жерін иеленуде екенін түсінеді. Қулығынан түк өнбеген Кир массагеттерге анық шабуылға шықты. Әскерін дариядан өткізбек болып, Аракстың үстінен қалқыма көпірлер құруға, осы мақсатқа жегілетін кемелердің кермесінде мұнара қамалдар тұрғызуға қосты»./9.154-155/Осыдан кейін батыр ханша Кирге кейін қайтуын талап етеді. Кир болса сақ патшасының тілін алмай, баласын қақпанға түсіреді. Бұны естіген Томирис ашуына мініп: «Кир сені сусының қанғанша адам қанына бөктірмесем, Томирис атым өшсін» деп ант береді. Ерлік пен әділет, парасат пен ақылдың символына айналған Томирис өзіне берген сертін орындап, Кирді талқандап,басын қанға толған қапқа салып қояды.

Жазушы Болат Жандарбеков өзінің «Сақтар» деген тарихи диалогиясында Томирис тұлғасын өзгеше қырмен көрсете білген.

«Тұмар ханша есімінің тарихқа еніп, әлемге танылуы - Ахыман әулетінен шыққан, «төрт құбыланың тұтас билеушісі» атанған парсының әйгілі патшасы Кирдің (ж.ж.с.д.558-530) Орта Азияға басқыншылық жорықпен келген, «жеңілуді білмейді» деп дәріптелген әскерін ашық шайқаста тас-талқанын шығарып жеңуімен тікелей байланысты» /8/.

Махаббат символына айналған Айша бибі жайында сөз басқа.

«Айша бибі (11-12ғ) Қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Қараханның қалыңдығы қазіргі Тараз қаласының жанындағы, сонау сақтар заманынан бастап-ақ қазақтың қол өнеріне енген, күрделі архитектуралық әсем ескерткіштің иесі.

Айша бибінің кім екені жөнінде атадан балаға қалған аңыз болмаса, тарихи деректер жоқ. Ал аңыз оны төрт түліктің бірі - сиыр малының атасы деп есептелетін атақты Зеңгі бабаның қызы еді дейді.

Сол аңыздың айтуынша, «Айша бибі Түркістанда жас батыр Қараханмен кездесіп, бірін-бірі ұнатқан. Екі жас бас қосып, өмірлік серік болуға уағдаласады. Жаугершілік заман болса керек, тұс-тұстан анталаған жаумен арпалысып, елін, жерін қорғаумен жүргенде Қараханның уәделі мерзімінде Айша бибіге баруға мүмкіндігі болмайды. Арада біраз уақыт өтіп кетеді. Ақыры шыдамы таусылған Айша Қараханның мекені Тараз қаласына өзі іздеп бармақ болып, қасына күтушісі Баба-әже қатынды ертіп, жолға шығады» /8/. Бірнеше күн жол жүріп, Таразға жетеді. Таразда жылан шағып шейіт болады. Өлім алдында Қарахан келіп некесін қидырады.

«Сол Айша бибінің қайтыс болған жеріне мазар тұрғызып, қасына өзіне де бір мазар тұрғызып, орын қалдыртады. Содан кейін-ақ Қарахан ақ сәлде, ақ жейдемен жүріп, көз жұмар шағына дейін Айша бибі мазарын күзетіп, өмірін сонда өткізген деседі. Қараханның осындай іс-әрекетіне қарай, ел оны әулие деседі. Сол жерді ел «Әулиеата» атап кетіпті» /10/.

Түркі, оның ішінде қазақ даласында әлемді таңдандырған абзал аналар мен үкілі қыздар, қадірлі әжелер аз болған жоқ. Олардың бірсыпырасы қиын кезеңдерде ер азаматтармен бірге қолына қару алып, жауға аттанды. Ақын тілімен айқанда:

«...Намысты бермеу үшін жатқа қолдан,

Арулар аз болды ма атқа қонған».

«Гауһар батыр. Арғын Бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы, Қаракерей Қабанбай батырдың жары. 18 ғасыр басында қазақ-жоңғар соғысында қанды жорықтарға қатынасып айрықша ерлік көрсеткен. Соғыста түрлі тәсілдер жасаған. Мысалы түйелер өркешінен найза байлап, соғыс алаңына әкелгенде, жау жағы қазақтарға қосылуға әскер күші келіп қалды деп қаша жөнелген. Батыр қыз олардың шебін асау түйелермен бұздырып, дүние мүлкін тартып өткен.

Назым – Қабанбай батыр мен Гаухар батырдан туған қаһарман қыз. Әкесімен бірге 18 ғасырда қазақ-жоңғар соғысына қатынасып, отанын қорғаған. Назым қыз есімі және оның ерлігі жұртқа аңыз болып тараған.

Есенбике – үйсін Қаратай батырдың қызы, Сүйіндік Олжабай батырдың анасы, 18 ғасырда қазақ-жоңғар соғысына қатысқан жауынгер.

Айтолқын – Абылай ханның қызы, 18 ғасырдағы соғыстарға қатысып ерлік көрсеткен.

Жандәлі – Найман тайпасынан шыққан батыр қыз. Қазақ-жоңғар шайқасында ерлермен бірге майданға шыққан.

Айбике – 18 ғасырда өткен атақты Бұланбай батырдың жары, барлаушы сарбаздар қолын басқарған ержүрек әйел. Ол қазақтың бас батыры, ағасы Қабанбайға Алтай, Ертіс, Тарбағатайдағы жоңғар жасақтарының жорық жайын біліп, жеткізіп отырған.

Ақбикеш – 18 ғасырдағы жойқын соғыстарда алыстан көретін қырағы қыз екен. Руы Алшын. Ол соғыста жау жасағын бақылап, оның бағытын қазақтарға хабарлап отырған. Қаратау өңірінде «Ақбикеш мұнарасы» деген ескерткіш бар.

Ботакөз – Тама Көніұлы Есет батырдың қызы. 1742 жылы әкесі Орынбарға кеткенде елін қалмақ шауып, жылқысын қуып жетеді. Ботагөз 150 сарбазды бастап барып, жауын тұтқындап, жеңіспен оралған.

Сапар - әкесінің аты Мәтен, руы Табын. Кейде есімі Сапура деп те аталады. 18 ғасырдағы Е.Пугачев соғысында аты аңызға айналған батыр қыз. Аңызда «Көктемір», «Көрінбес» деген атпен дәріптелген қаһарман қыз өзін Е. Пугачев ізбасарымын деп жариялап, азаттық көтерілісті одан әрі жалғастыруға үндеген. Ғалым Н.Бекмаханова «Легенда о невидимке» деген (1968ж.) кітап жазған.

Бақты - әкесі батыр болған текті жердің қызы екен. Алаш көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқайдың әжесі, Торғай датқаның бәйбішесі. 19 ғасырдың орта кезінде Бақты қыз әкесімен бірге Түркістанды жаулаушы орыс отаршылдарына қарсы күресіп, барлаушылық қызмет атқарған.

Қойсана – (18-19 ғ) Тарақты Байғазы батырдың қызы. Сардар Шұбыртпалы Ағыбай батырдың анасы. Ер Ағыбайға екіқабат кезінде елінің жылқыларын қуып кеткен барымташыларға қуып жетіп, аттан түсіріп байлап әкелген. Ауылға келген соң қарақшылар басшысы «бізді аттан түсірген әйелдің күші емес, оның ішіндегі баласының күші» деген екен. Көп ұзамай Қойсана Ағыбай батырды туыпты.

Қыз Данай – Кіші жүз қызы, Таз руындағы Төремұрат батырдың әйелі.(19ғ) Сүймеген адамға еріксіз қосылған Данай сұлу өз еркімен Төремұртқа қосылады. Кейін батыр жігіт түркімендер қолына түсіп соғыста қаза табады. Қыз Данай тұтқыннан қашып шығып өз еліне жетеді. Атақты күйші Құрманғазының Қыз Данайға арнаған бірнеше күйі бар.

Ақбикеш ана (18 ғ) – Найман бағаналы елінің қызы, Арғын Әйдерке Солтанның әйелі, қазіргі Жылқыайдар Солтан руының анасы. Мырза Ақбикеш атаған, өзі перзент көтермеген соң, еліне төркіндеп барып, жақын сіңлісі Мақпалды ерлік, батылдық істерімен қалап алып, өз еріне әкеліп қосқан. Осы екі анадан тараған жеті ұрпақтан кейін бес жүзден астам шаңырақ тараған.

Бопай – Қасым ханның қызы, Кенесарының апасы.1837-1847 жылдары Кенесеры, Наурызбай бастаған азаттық көтерілісте ерекше топты басқарған батыр әйел.

Айғыз Көшкінбаева (1876-1918) – Азамат соғысына қатысқан, Аягөз ауданында туған. Сермопольдегі қорғанысқа қатысып, жаралы жауынгерлерге көмек көрсеткен, тамақ тасыған. Колчак әскерлері Айғызды азаптап өлтірген. Жазушы Қ. Исабаев «Айғыз» атты роман жазды» /11/.

«Алып анадан туады» демекші, қарап отырсақ тарихтағы батырлардың анасы, әжесі де батыр болғанын көреміз.

Әйел баласы өмір бойы дүниені өзінің ақыл-парасатымен, кемеңгер ойымен, кемел кеңестерімен нәрлендіріп отырады екен. Қыз құлпырып әсемдігімен, әдемілігімен, көрегендігімен үлгі боп, өзінің ел-жұртын әйгілі еткен. Сол кездің өзінде әке-шешесіне, бауырларына қамқорлық көрсетіп, шешесі жоқта ана орнына ана болады. Жанұядағы анадан кейінгі үлкен міндет қыздың мойнында болады. Бой жетіп ұзатылған соң да жарын жан-тәнімен құрметтеп, жердегі басын көкке сүйрейді. Ана болған соң, құрсағынан шыққан кұлындарын шыбын жаны қалғанша қорғап, әлпештеп, тәрбиелеп аналық абыройын асқақтатады.

Кейде анасының ақ сүтін ақтамай, қарттар үйіне өткізіп жатқан жандар да кездеседі. Сонда да сорлы ана баласына тек мейірім мен жанашырлық нұрын шашып тұрады. «Жақсылыққа жақсылық әр адамның қолынан келеді, жамандыққа жақсылық нар адамның қолынан келеді» деп дана халқымыз айтқан екен. Нағыз нар адам - әйел баласы дер едім.

Бала-шағасын тәрбиелеп, жетілдіріп, аяқтандырған соң, немерелері мен шөберелерін бағып, өрелі өнегесімен өнерін үйрету тағы да ақ әжелеріміздің алдындағы ақ борышы. Қарап отырсақ қасиетті қара шаңырақтың туырлығын осы әжелеріміз ұстап отырған секілді. Асыл әжелерімізден тәлім алған қыз, келін, ана, осы дүниенің төрт бұрышын ұстап отырған жоқ па.

Әжелеріміздің керемет құдіретін қазақ әдебиеті тарихында бейнелей білді ме? Егер бейнелесе кім бейнеледі? Әзірге ол құпия...


Әдебиет


  1. Қазақ совет энциклопедиясы. 2-том.1972.

  2. Қайдар Ә., Оразов М. Түркі тануға кіріспе. А: Арыс. 2004.

  3. Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. А: Мектеп. 1986

  4. Педагогика. А: Нұрлы әлем.2003.

  5. Ұмай ене. Б. Нұржекеұлы.// Жас Алаш 29 қыркүйек. 2005.

  6. Мұқанов С. Халық мұрасы. А: Жазушы. 2002.

  7. Дүйсенбаев Д. Домалақ ана. А: Мұраттас. 1991.

  8. Жолдасбеков М., Салғарыұлы Қ., Сейдімбек А. Елтұтқа. Астана: Күлтегін. 2001.

  9. Оспанұлы Ә. Геродот. Томирис. //Жұлдыз. 2000 №1

  10. Қазақтың мифтік әңгімелері. А: Ғылым. 2000.

  11. Кенжеахметұлы С. Жеті қазына. 1-2 кітап. А: Ана тілі. 2003.

Тараз Мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз




Образ бабушек в казахской литературе
Л.К.Омаркулова
В статье рассмотрена типология образа женщин и бабушек в казахской литературе, непрерывно развивавшегося в единстве с культурой, обычаями, традициями, мировозрением казахского народа. Здесь особое внимание уделено образу бабушек в казахских легендах, судьба исторического героя в литературных произведениях, посредством которого символизируются жизненные идеалы казахского народа.

Grandmother’s character in Kazakh literature
L.K.Omarkulova
Article is devoted to grandmother’s character in Kazakh literature, which developed in unity with culture, customs, traditions and Kazakh people’s ideology. Special attention was given to woman’s character in Kazakh legend, to the historical hero’s destiny in literature compositions, b means of which a Kazakh people’s life positions are confirmed.

Омарқұлова Ләззат Кенжебекқызы

Үй тел: 7-28-54

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты.

«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының магистранты


Рецензия
Мақалада зерттеуші қазақтың наным-сенімі мен аңыз-әңгімелеріндегі әжелер турасында мол мәліметтер берген. Қазақ әдебиетіндегі әжелер бейнесінің символы – Ұмай ана, Домалақ ана жайында толыққанды мағлұмат алуға болады.

Мақаланың зерттеу нысаны қазақ әдебиетіндегі әжелер бейнесі бола тұра жұмыста салт-дәстүрге байланысты әжелер мен аналардың рөлі де қамтылған.

Зерттеу еңбегінде қазақ әдебиетіндегі ақын-жазушылар шығармаларында әйелдер мен әжелер бейнесі толығымен қарастырылмаған. Бірақ бұл мақаланың көлемі мен мақсатына байланысты мазмұнына нұқсан келтірмейді.

Мақала әдебиет, тіл білімі, тарих салаларына қатыстылығымен құнды.



Ф.ғ.к. Қалшабеков А.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет