Қазақ міндеттеме қатынастарына шариаттың Әсері иманбаев Қ. С



жүктеу 87.71 Kb.
Дата29.04.2019
өлшемі87.71 Kb.

ӘОЖ 342.8
ҚАЗАҚ МІНДЕТТЕМЕ ҚАТЫНАСТАРЫНА ШАРИАТТЫҢ ӘСЕРІ
Иманбаев Қ.С.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, Тараз қ.
Қазақстанның тәуелсіздік алғанынан бастап-ақ ұлттық идеология мәселелері қалыптасу және даму үстінде. Оның негізгі бағыттары Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» даму стратегиясында баяндалды. «Еліміздің экономикалық және саяси дамуындағы түбегейлі жаңа кезең, Қазақстанды одан әрі жаңарту мен демократияландыру үрдісінде Қазақстандық идеология негізінен – мемлекеттілікті нығайтуға, Қазақстанды осы заманғы демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде дамытуға; еліміздегі және өңірдегі бекем тұрақтылықты нығайтуға; өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға; жаһандану талаптарына сәйкес экономиканы серпінді дамытуға және шикізаттық емес секторларды ілгерілетуге баса ден қоя отырып, жаңа технологияларды дамытуға; білім беруді, кәсіптік даярлық пен әлеуметтік саланы ХХІ ғасырдың деңгейіне көтеруге; азаматтық қоғамды дәйекті дамыта беруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге; қазақ халқының моральдық және рухани құндылықтарын одан әрі дамыта беруге; діни негіздегі жатсынбаушылық мен конфессияаралық келісімді қамтамасыз етуге бағытталады» [1], – деп атап көрсетті.

Қазақ қоғамы өзіне тән әлеуметтік-құқықтық қатынастарды қалыптастырды. Қазақ әдет құқығына шариаттың ықпалы анық болды. Шариат – барлық мұсылмандар орындалуы міндетті исламда көрсетілген адамгершілік, ізгілік ережелері, нормалары болып табылады. Қазақ әдет-ғұрып және шариат заңдарын танып-білу және оны бүгінгі күн талабына сай пайдалану тәуелсіздігімізді баянды етіп, мемлекет тұтастығын күшейтуге ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, қалыпты қазақ қоғамындағы міндеттемелік қатынастарды реттеген әдет – ғұрып құқықтық нормалар ғажап еді, себебі олар бір жағынан өзінің ішкі байланысы бойынша біртекті болса, екінші жағынан, басқа нормалармен сыртқы байланыста болып, қоғамдық қатынастардың басқа да аяларында қолданылуы әбден мүмкін еді (мыс. Қылмыстық не отбасылық). Осыған орай қазақ қоғамында шарттық қатынастарды реттеген құқықтық нормалардың ерекшеліктерін – олардың әмбебаптылығын бөліп қараған жөн болар.

Ислам құқығы нормаларының дәстүрлі қазақ қоғамындағы міндеттеме қатынастарына әсерін, іске асыру ерекшеліктерін, құрылымын және оның ұлттық-құқықтық жүйеміздің дамуына қосар үлестерін айқындап, ғылыми бағасын беруіміз қажет. Рухани-мәдени өркендеуімізде халықтың тұтастай ойлау жүйесінің жаңғыртуының алатын орны ерекше. Өз алдына айқын мақсат, мұраттар қойып, сол айқындалған мұраттар мен мақсаттарға жетудің басты негізі – имандылық пен әділеттілік.

Ислам міндеттеме құқығы көшпелілер қоғамындағы рухани өмірдің маңызды факторы болып, өзіндік қасиеттері мен мән-мазмұнға ие болып, механизмдері жетілген институттарынан анық көрініс тапты.

Қазақ қоғамының сан жылдық өткен тарихында ел бірлігін сақтауға, ынтымақтастығын арттыруға әрі адами қасиеттерді сақтауға шариат нормалары мұрындық болып, қоғам ішіндегі қатынастарды бірқалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, реттеп отырған.

Ислам міндеттеме құқығы өзінің бастауын бірнеше ғасырлардан бері алады. Қазақстанда ислам міндеттеме құқығының зерттелуі де ерте ортағасырларда арналанып, қалыптаса бастады. Оның ішінде шариат нормаларын жалпы ислам мәселелері ортағасырлық ойшылдар әл-Фараби, Ж. Баласағұн, М. Қашқари, А. Ясауи және т.б. еңбектерінде қозғалды. Кейінгі кезеңде қазақ ағартушылары мен алаш қайраткерлері де ислам құқығының көптеген қырлары туралы өз пайымдауларын білдірді.

Қазақ әдет-ғұрып құқығы жүйесіндегі келісім – шарт институты, оның басты құрамдас нормативті бөліктері – отбасы саласындағы, өзара көмек қатынастарындағы, міндеткерлік жауапкершілік аумағындағы, мұрагерлік төңірегіндегі келісім-шарттар және соларға байланысты орын алған билік шешімдер жүйесі, келісім-шарттардың орындалу ерекшіліктері қарастырылған.

Ислам міндеттеме құқығын жақсы түсіну үшін исламдық діни құқықтық жүйе – шариатты білу қажет. Өйткені, ислам діні десек – шариат, шариат – десек ислам діні көз алдымызға елестейді.

Шариат заңы ұзақ кезеңдерді бастан өткеріп, ислам пайда болып, әлемге таралғаннан кейін ІХ-Х ғасырларда жүйеленді. VIII ғасырдың басынан суннийлік 4 мектептін заңгер ғылымдары Әбу Ханифа, Мәлік Анас, Аш – Шафий, Ахмед ибн Ханбал және оның шәкірттері тарапынан бірнеше ғасыр бойы шариат жүйеге келтірілді.

Шариат – араб тілінде «тура жол», «хақ жол», «билік заңы», «нұсқау» деген мағынаны білдіреді. Шариат – мұсылмандардың иманын айқындап, адамгершілік мұраттары мен діни ожданын қалыптастыратын, сондай-ақ олардың мінез-құлқын реттеуші нақтылы өлшемдер бастауы болып табылатын, бәрінен бұрын Құран мен Сунналар арқылы пысықталған нұсқаулар жиынтығы [2, 149 б.]. Сонымен, шариат ілімі – мұсылмандардың діни және күнделікті қоғамдық, азаматтық қарым-қатынастарын реттеп отыратын заңдар жиынтығы. Шариат екіге: кәләм ілімі және фикһ іліміне бөлінеді. Кәләм ілімі ислам діні негіздерін зерттей отырып, мұсылмандарға оның дұрыс жолын түсіндіреді. Ал фикһ құқықтану, яғни адамаралық қоғамдық қатынастарды реттейтін заң-қағидаларды өз ішіне алып, өз міндетін бұзушыларды жазалау жолдарын көрсетіледі.

Мұсылман идеологиясында шариат ұғымының Алла белгілеп, Мұхаммед алейһис салам арқылы адамдарға таратқан, сондықтан орындалуға міндетті өлшемдер мен нұсқаулардың жиынтығы ретіндегі жалпылама терминдік анықтамасы орныққан. Осыдан келіп Құран мен Пайғамбар суннасы шариаттың бастауы болып табылады деген қорытынды шығады.

Құран мен суннада дінге сенушілердің діни міндеттерді орындау, яғни ғибадат ету (әл-ибадат) тәртібін реттейтін ғұрыптық өлшемдер бар. Алайда, оларда мұсылмандардың өзара қарым-қатынастарын айқындайтын (әл-муамалат) нақтылы және анық ережелер сирек. Мұның өзі былайша түсіндіріледі: болашақта кездесетін нақтылы өмірлік жағдайларды есепке алу мүмкін емес. Осыған орай олар Құран мен суннада егжей-тегжей қарастырылмайды. Сондықтан да белгілі бір мәселелер төңірегінде шариатта негізінен көп мәнді нұсқаулар, сондай-ақ жалпы бағдарламалар мен қағидаттар беріледі.

Шариаттың екінші бөлігі негізінен «илму фикһ», яғни азаматтық құқықтануға арналған. Мұсылмандық құқық кең шеңберде осы өмір мен арғы дүниеге қатысты мәселелерді қамтыса, фикһ адам құқықтарын, адам мен қоғам, адам мен мемлекет және халықаралық қатынастарға қатысты қағида-ережелерді өз ішіне алады.

Фикһ үш кітаптан: Ақудат, Айқаат және Ахкамнан тұрады.

Ақудатта міндеттеме, келісім-шарт және оның талаптары сөз етілсе, Айқаат кітабында азаматтық іс-әрекеттерге қатысты бір жақты мәміле, келісім-шарттарды талдайды. Ал, Ахкам кітабында сот процесінен бастап, қазылардың міндеттері, қылмыстық істер, куәлік ету, мұра мен мұрагерлік мәселелерін сараптайды.

Шариат кез келген даулы істі сала-салаға бөлмей, біргелікте қарастырады. «Мусульманское законоведение входит во все подробности гражданской жизни последователей ислама, как общественный, так и частной...

По сему самому все действия мусульман, занятия, ремесла, обязательства, даже выражения в иных случаях подлежат суждению шариатских судов.

Мұсылманның іс-әрекетін шариат адал-арамға, тыйым салынған, қолдамайтын, рұқсат етілген міндеттемені, дұрыс, заңсыз, пасық деп бөліп, орындауға жататындарын парыз, суннет, сауап дейді. Ал, құқықтарды Алла құқығы (табиғи құқық), адамдар тарапынан қабылдаған құқықтар (позитивтік) деп бөледі. Рұқсат етілмейтін іс-әрекеттерді харам (арам), мәкрух деп екіге бөледі. Харам іс-әрекеттерге қан төгу, жазықсыз ұрып-соғу, мертіктіру, зинақорлық, маскүнемдік, діннен безу, опасыздық, өтірік-өсек; ал затына нәжіс, арақ-шарап, азарттық ойындар жатқызылады. Тіпті, адам баласына зияны тиетін іс-әрекеттердің бәрі де арамға алып барады. Мұны істеушілер күнәға батып, кінәлі саналады.

Кәмелетке келгендердің бәрі мұндай іс-әрекеттері үшін жауапта болады.

Фикһ – түсінік, білім, ғылым, кейіннен құқықтану мағынасын иеленіп, мұсылмандардың азаматтық тұрмыс-тіршілігіне қатысты қағида-ережелерден тұрып, түрлі дау-дамайларды, талас-тартыстарды, қылмыстық іс-әрекеттерді шешеді.

Фикһ ілімі негізінен төрт бөліктен құралады:

1. Ғибадат – сенім, дін жайлы практикалық ілім. Олар: намаздың тысқы жол-жоралары, ораза, діни мерекелер, қажылық жасау шарттары, ислам дұшпандарына қарсы тұру.

2. Ақудат – азаматтық істерге қатысты қағида-ережелрді, міндеттеме құқығын және міндеттемелердің түрлері мен шарттарын, т. б. қамтиды.

3. Айқаат – азаматтық істерге қатысты қағида-ережелердің ішіндегі істер мен келісімдерді екі жақтың емес, бір жақтың келісімімен шешілетін іс-әрекеттерді қамтиды.

4. Ахкам – азаматтық тұрмыс-тіршілікте бүкіл мұсылман әлеміне қатысты әрі оны орындауды талап ететін қағида-ережелер. Атап айтқанда: ас-тағам, аң аулаудан бастап оны адал ішіп-жеулерден бастап, куәлік беру, қылмыстық заңдар, оған берілетін жазалар, құн-айыптар, т.б.

Шариат бойынша міндеттеме құқығын екіге бөледі. Бірі Алла міндеттеген құқықтар, екіншісі өмір сүру барысындағы міндеттеме құқықтары [5].

Алла міндеттеме құқықтарына: Алланы бір деп білу, бес уақыт намаз оқу, ораза ұстау, қажылық және зекет беру. Алайда мемлекет, қоғам тарапынан пайда болған міндеттеме құқықтарында да, Алла ол міндеттемелерді адал, толық орындауды міндеттейді.

Ислам азаматтық құқық жүйесі бойынша міндеттеме құқығы былайша түсіндіріледі: міндеттемеге сәйкес бір адам екінші бірінің пайдасына жұмыс орндау, ақша төлеу, мүлік беру т.б. азаматтық құқықтық қатынасты айтады. Міндеттеме екі жақты құқықтық қатынасқа жатады. Міндеттеменің субъектілері борышқормен несие беруші. Бұлар міндеттемеде көрсетілгенді толық атқарады. Міндеттеменің мазмұнын шариат бойынша оған қатысушылардың субъективтік құқықтары мен міндеттері құрайды. Міндеттеменің пайда болу негізінде нақты құқыққа қайшы әрекеттер жатады. Бұған біреудің мүлкін қаса қана немесе абайсызда залал келтіру арқылы өзгенің заңмен қорғалатын мүддесін бұзуды мысал етуге болады. Міндеттемеден туындайтын дау-дамайлардың шығуы, оған қолдану нысандары мен тәсілдері әр-алуан.

Дінге бас иіп, жалпы адамзат баласы тарапынан мойындалған мінез-құлық пен тәртіптілікті сақтауға арналған кодекстер жиынтығы екенін көреміз. Заң-қағидалар жеке адамнан бастап, қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамти отырып, олардың арасында туындайтын қарым-қатынастарды әділдікпен, заңдылықпен реттейтініне, қоғамдық тәртіпті сақтауға арналғанына куә боламыз. Олар жеке адамның өміріне, өмір сүруіне, жеке меншігіне, ар-ожданына өзгелердің қол сұқпауына, әдептілік пен моральдық биік дәрежеде болуына, қоғам мен мемлекет мүддесіне шынайы қызмет етуге арналған.

Қазақ қоғамындағы құқықтық жүйенің дамуы өзіндік ерекшеліктерге негізделе, өрбіген болатын. Қазақ әдет құқығы мен қазіргі кезеңдегі құқық теориясында қалыптасқан ұғым-түсініктерде нормалар жүйесінен кейде, асып та жататын кездері болған. Былайша айтқанда, қазақ әдет құқығы өзінің аясы, көлемі бойынша ауқымды қатынастардан, элементтерден тұрды. Қазақ әдет құқығы жүйесіндегі нормалар мен институттарды зерттеу ісінде біз мәселенің осы қырына көңіл бөліп отыруымыз қажет. Қазақ құқығында келісім-шарт қатынастарынан туындайтын міндеттеме аясы кең, көлемді мәселелерді қамтитын, масштабтық құбылыс болып табылады. Міндеттеме қатынастары, өзінің дамуы мен қалыптасуы жағынан ерекшеленеді. Оның басты ерекшеліктерінің қатарына, дәстүрлі қазақ құқығындағы міндеттеме қатынастарының қазіргі азаматтық құқық саласында қалыптасқан ұғым-түсініктерге негізделмейтіндігінде. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы міндеттеме қатынастары ежелгі дәуірлерден бастап, құқықтық нормативтік кейіпке ие бола бастады. Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі дала өмірінде, сонда өмір сүрген мемлекеттердің жарғыларында бекіп отырған болатын. Міндеттеме қатынастарының қазіргі негізде қалыптасқан сатып-алу, сату, айырбас, жалға беру т.б. барлығы қазақ даласына Ресей империясының келуімен қарқынды дами бастады.

Қазіргі кезеңдегі азаматтық құқық теориясында міндеттеме қатынастары көп жағдайда азаматтық айналысқа негізделген мәселелерге бағытталған болып табылады.

Міндеттеме орындау дегенді білдіреді. Міндеттемені тиісті дәрежеде орындау, оны сипаттайтын талаптар мен шарттар Шариат заңында нақты көрсетілген. Міндеттемеде көрсетілген шарттардың бәрі орындалмаса міндеттемені тиісті дәрежеде орындалған деуге болмайды. Міндеттемені орындау тәсілі Шариат заңымен немесе екі тараптың жасасқан келісім-шарттарымен айқындалады.

Міндеттеме орындалатын жер борыштық заттарды тапсыратын, жұмысты атқаратын орын. Мысалы үйді жөндеу, үй тұрған жерге ғана жүзеге асады. Шариат міндеттеме құқығы нормаларын сақтайтын қатысушылар көп ретте міндеттемені ерікті түрде орындайды.

Міндеттемені қамтамассыз ету оны орындатуға бағытталған арнайы шаралар болып табылады. Шараның әдістері: айып төлету, кепіл, борышқордың мүлкін алып қалу т.б. әдістер жатады.



Ешбір қоғам, оның экономикалық даму деңгейіне қарамастан тауар айырбастау, материалдық өнімді иемдену аясындағы қатынастарсыз және оларды реттеу әдістерінсіз өмір сүре алмайды. Қауым мүшелері арасында жасалып жатқан келісімдер оның тұрмысының әртүрлі тараптарына қатысты болып, жоғары руханият қағидасына негізделді. Билердің міндеттемені бұзуға байланысты даулар бойынша шығарған шешімдері әдет – ғұрып құқықтық және шариат нормалар негізінде жасалып, аса даналықпен, әділеттілікпен ерекшеленді.
Әдебиет


  1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы: Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. – Алматы. – 2002. – 96 б.

  2. Сейтахметова Н.Л. Философия человека в мусульманской культуре средневековая: автореф. ... д-ра философ. наук. – Алматы, 2001. – 52 с.

  3. Торнау Н. Особенности мусульманского права. – Дрезден, 1880. – 185 с.

  4. Өсерұлы Н. Шариат. – Алматы: Қайнар, 1996. – 352 б.

Каталог: rus -> all.doc -> konferencii -> 11-12
11-12 -> Дипломат пен консулдың жеке басына қол сұҚпаушылық иммунитеті кадралиева Н. А
11-12 -> Азаматтық ҚОҒам мен қҰҚЫҚТЫҚ мемлекеттің Қазақ жеріндегі қалыптасу жолдары көшербаев С. Б., Алимбетов А. В
11-12 -> Религиозная идеология в сознании человека
11-12 -> Әож 342: 314. 745. 22 Қазақстан республикасындағы босқындар мәселесін қҰҚЫҚТЫҚ реттеу жолдарын жетілдіру
11-12 -> Әож 940,5 (574) ТӘуелсіз қазақстан бейбітшіліктің, келісімнің ЖӘне жасампаздықТЫҢ 20 жылы
11-12 -> Әож 342. 52(574) ТӘуелсіздік жылдарындағы мемлекеттілік пен ұлттық заңнаманың Қалыптасуы
11-12 -> Кеден одағЫ: интеграция үрдісінің негізгі кезеңдерінің бірі ретінде нұрмағанбетов Е. С
11-12 -> Заңды жауапкершілік-жеке адамның,ҚОҒамның, мемлекеттің мақсат мүддесін қОРҒаудағЫ Өте күрделі, маңызды шара. Рзабай А. И. «Жамбыл гуманитарлық-техникалық»
11-12 -> Әож 343. 232 Сот төрелігіне және жазаның орындалу тәртібіне қарсы қылмыстарды дұрыс саралаудың маңыздылығЫ
11-12 -> Әож 347. 426. 42 МҮліктік емес өзіндік қҰҚЫҚтардың ҰҒымы мен түрлері


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет